banner-top12

Әдебиет Европа 2017 123

Қосқан уақыты Қараша 26, 2018 | 278 рет оқылды | сайтқа қосқан shalqar

0

Мияу, мияу, мияу…

 

Түсімде өлген екенмін. Мүрдемді жанақымның ішіне жайымен жатқызып, тұс-тұсымнан алуан махаммен құранды жіберіп тартқан көп жұмысты ілезімге пітірді де ауылға қайтты.

«Өлінің беті ары, тірінің беті бері»дегендей мынау, тіршілік дүниедегі қимас жарым, бауырет-балаларым,туыс-туған, дос-жарандар зар еңіреп, егіле есінен танып, беттерін жыртып, көңіл жара, жүздерін сора етіп, қайғы қазанында қайнасада, мен мізбағар емеспін. Сезімі селт етпеген,жүрегі желіп етпеген ішті-тісті бірқалыпты түнеріңкі күйдемін. Тірідегі қалпымнан тек тілден ғана айырылыппын. Басқа ақыл-ес, есту, көру, ой қорыту дегендер қаз-қалпында.

Қасымнан қабыршылар қырық қадамдай алыстады. Мен жан ақымның ішінде жалғыз жатырмын. Арғы дүниенің әмірінен әлі аян жоқ. Құла топырақ құшағындағы жалғызсыраған көңілім сондай құлазулы. Осы кезде анау бір жылдары «Қызыл қорғаушылардың»(өз ағайындарым ғой) таяғының таптауында кеткен әжемнің ақырғы дүние жайлы айтқандары күні қазіргідей елестеуде…

– Адамды қойып, қабыршылар қырық қадам шегінгеннен кейін, жан ақымның қабырғасы ашылып, Мәңкүр-мүңкір жетеді.Балам! Ол әуелі кімсің? Қашаннан мұсылмансың? Ұлы тауға шықтың ба? Ұлар етін жедің бе? -деп сұрайды. Бұған атым бәлен, түгенбайдың баласымын, әлмисақтан бері мұсылманмын. Құдайдың құлы, Мұхамметтің үмбетімін. Ұлы тауға шықтым, ұлар етін жедім деп жаңылмай жауап беру керек. Одан кейін күнәлілер тозаққа,күнәсіз имандылар ұжымаққа барады. Мұсылман баласына тозақ жазылмаған. Тозақтан тиісті ғазабын көрген соң түгелімен ұжымақтан орын алады. Ал діні жаттар түгелімен тозаққа түседі. Тек әділ патшасы мен сәби баласы қоңыр деген жерде тұрады…

Міне, күн екені, түн екені белгісіз уақыт дегеніңіз зымырап өтіп жатыр.Бәлкім, жеті нәзірі, қырқым , жылдығым түгел беріліп те болған щығар. Мені керек еткен Мәңкүр-мүңкір жоқ. Бір аруақ үшін бұдан өткен қорлық болсын ба? Жалғыздық, құлазу, алаңдау, иесіз қалу, іштей азаптану дегендердің бәр-бәрі менің бір басымнан қора-қорасымен табылады.Бірақ қанша азаптансаң да қолыңнан келері не? Тілден айырылғанмын, көкіректің сайрап тұруының өзі менің басымдағы бар азаптың бастауы.Бұдан құтылу үшін өліп алуда, өліп қалған менің қолымнан енді келген қайда, әттең, десеңші…

 

Екі көзім төрт болып, Маңкүр-мүңкірді тосқаныма жылдан асты. Әлі хабар жоқ. Оң жамбасым тесілермен болған соң, сол жамбасыма зорға аунап жаттым. Әбден қалжырадым.Үлкен ми,сара көкірек қызметін тоқтатып, беймаза дел-сал 3-4 жылдық ұзақ хал кешкенге ұқсаймын, әлде ненің сыбдырымен жан дәрменмен оң жамбасыма аунап түссем, жан ақымның құбыла тұсынан есік айқара ашылыпты.Құла топырақтың қуысында құндақталудың көкесін көзімен көрген мен үшін бұдан өткен бақыт болсын ба?! Көктен іздегенім жерден табылған көсеу басты көсе мен байқұс кебінімді сүйретіп тысқа щықтым.

Мен тумысымда көрмеген құлазыған құба-құба жонамдар, терісінен соққан ызғырық желемік өңменіңнен өтеді. Айнала қу медиен, құлазиды. Етік басы көмілер шаңбай ауыз күл топырақ, байтақ жапанда бетке қадалар қылтан жоқ, құлаққа ұрған танадай. Елбең еткен ебелек көзге шалығар емес.Құла топырақтың қуысы қуырып, мейілінше жалғыздықпен жетімдікті көрген көсеу көсе басым борбастақ болып белең-белең безбүйрек бұйратты құртша қуалап желіп келемін. Бағдарда, байламда бұйдасыз. Міне, осындай аш аруақтың албарынды әрекетінен дәнеңе жоқ болды. Ұжымақты қойшы, әлгі қоңырың  мен тозағың қанша салбуырынды болсам да теке мүйізін көрсетпеді, бір кез бүйрегі бітеу неше сөткелік жүрістен кейін екен деймін, аяқтан дәрмен, бойдан хал кетіп, жығылғанға ұқсаймын.  Мейілінше қалжырап, шаршауда, ұйқыда, естен тануда емес бір халде жатып қалыппын. Қанша жатқанымды кім білсін, ұлар-шу, сыңсыған әлде ненің топты ортасынан жаным түршігіп ояндым. Міне , ғажап екі бетіммен жер сүзе жатқан екенмін,басымды ақырын сақсына көтеріп (тіршілік ортам қалыптастырған дағдым осылай еді) көзқиығыммен айналама қарасам, төрт төңірегім қаптаған өңшең қара мысық. Бірі барылдап, бірі щарылдап, сыңсып, ыңырсып мазақтағандай, өшіге, кейі мүкіс, кейі көмекеймен бей-берекет қалыпта «Миау, миау, миаулап » жабыла маған төнеді.

О, дүние! Сенен пенденің көргенінен көрмегені расында көп екен. Мынау, көсеу көсе басыңды қаумалаған қалың қара пәленің дауысы, сыртқы тұлғасы мысық демесең, мұндай құбыжықты кім көрген . Қып-қызыл екі көзі ежірейе қарағанда өңменіңнен өтеді. Аузын арандай ашқанда, екі азуы қанды қолдың қанжарындай жалаңдайды.  Жаңа ғана қан соқтаға аузын малып шыққаны жоқ, жаралымымда осылай екендігі белгісіз сала құлаш тілі, екі езуі қып-қызыл қан. Жұдырықтай басы, жарты кез қылдай мойын мен денесіне тұтасып, имие солаң біткен төрт аяқтың тұяқтары мен мұндалай көзге шалығып, зәреңді зәр түбіне жібергендей, пәле қайдасың деп жаланып тұрғаны. Іші -бауыры мүлдем жоқ дерлік. Қуыс кеуде құйымшаққа бір кезге жетер-жетпес қара қыл арқанның үзігімен жалғана салғандай. Имең –имең етеді. Маған жан-жағымнан төне төңіректеп, көздерін көзімнен тайдырмай тақай қарайды. Тегі ашыққандықтарынан жем етпек түрі бар. Мен жамбасымды жерден алмай, екі қолымды жерге тіреп, мойнымды бар шамамша соза мысықтар шоғырының артына қарадым. Атамаңыз жер қайысады, неше қабат қоршағанын біліп болар емессің. Арғы ойым қоршаудың андыздау әредігі болса, зыта жөнелмек едім, одан да тақырға отырдым. Амалсыз көкірегімді басып, айналамдағы қаумалаған пәлелерге нақтап қарасам бағанадан дірілдеп, қалтырап отырып, байқамаппын, кейбір мысықтар ауыздарына өлген күшіктерін салақтатып, тістеп алыпты. Өрісім орылып, тағдырым тарылған мен де амалсызлықтан  айналамдағыларға жіти қараудан басқа шара болмады. Мына ғажапқа қараңыз, не жан иесінің болмасын өзгеруі, өсу барысында басқа барлық мүшелерінде өзгеріс болса да, қос жанары мәңгі әуелгі қалпын сақтап өзгермейді ғой. Айналамдағы қоршаудың мені бір кез аралықтан баспалап жатқан алдыңғы шебі қырық жылдық тірлігімде қолымда баққан, бір үйде тірлік кешірген , дәм-тұздас болған, маймөңке мияуға басатын өз мысықтарым. Ал анау мысықтардың аузындағы өлі күшіктерді енді білдім, енесі тоғыз тапқан, сегіз тапқан кезде мен шаншып тастаған күшіктері. Дәл осы араға келгенде, аш мысықтардың торуылдауының сырын түптеп түсіндім. Бұрағай бұлтағы жоқ. Бұлар менен қарыз-қақын алмақшы, басқа дәнеңе емес. Амал не шаншып, шаншып…жоқ. Олай істеуге болмайды. Біздің ортамызда мысық қызыл кітапқа енген бірінші дәрежелі қорғалатын хайуан. Мысық қуаласаң, өлтірсең жазаға тап боласың. Одан құдай сақтасын, сонда менде не қарыз- қақы бар? Қабағынан қақпадым, тамағынан тартпадым. Түнде көрпеме кіріп жатты. Ажалдан өлді, қартайып өлді, бірін-бірі талап өлтірді, өз аяғымен қаңғып өлді. Ал анау күшіктерді шаншып тастаған кезде, ондай пале жоқ еді…

Атамыз қазақтың тәңірден аспан ашық, жер жазықта: «Сұқтының сұғынан, тілдінің тілінен сақта» деп тіленуі бекер емес екен. Неше жүз мың аш мысықтың сұқтанған көзі мен ұлар-шу «Мияу, миаяу, мияуы » жанымды түршіктіріп жіберді. Тағат таппаған құрсүлдермен орнымнан дірілдеп-қалтыраған қалыпта атып тұрдым. Бұлай етпесіме шарам да жоқ еді. Менің атып тұрыуым – ақ мұң екен, мысық қоршауы жарым кез тарайды. Мен радиусы жарым кезге жетер-жетпес дөңгелек территорияның ішінде селк-селк етемін.

Адамның басына аса бір бақытты шақ не сұмдық трагедиялық хал туғанда, өмірдегі ең қимас, ең қамқорың жеті қараңғы түндегі темір қазықтай жылт беретіні бар емес пе!? Дәл осылай қамауда қалып, қалш-қалш қара терге түсіп, тұрған тұсымда, әжемнің тағыда ақырғы дүние жайында айтқан:

– Балам,  бұрынғылардың мына «мысықша көзіңді жұмба»  деген сөзі бекер айтылмаған ғой. Мысық асырамайтын нәрсе, бұның жолы қатты,тілеуі жаман, адыра қалғырдың көзін тарс жұмып мияулайтынына қарамайсың ба? Тілеуің құрып қане қалғыр, бір қойдың етін жесе де қарыны шықпай мияулап қана жүргені. Ол дүниеге барғанда тірлікте еткен бар жақсылығыңа опа қылмай, иманыңа таласады екен… дейтін. Көш бастаған әженің көсем ойлы өсиеттері көкейіме оралған сайын көсеу бас көсеңіз бармағын шайнай берді.

«Өзекті жанға бір өлім» қара мысықтардың қоршауында қашанғы тұра беремін, бұлардың ерте ме, кеш пе мені қаужақ етері кіндік бауы кесілген дүние ғой. Енді амалын тауып құтылуым керек. Оның жолы – қашу деген ойға келдім.Ал сонда қайда қашамын. Ұжымаққа, тозаққа, қоңырына…жоқ. Бұлардан бұлт жуық. Өмешегіңді қанша үзгеніммен мен бұларға қабылданбайтын көсеу бас көсемін. Басқа барар жер, басар тауым жоқ. Тек құла топрақты көріме қашуым керек. Зәндемі мысықтар мен осы байламға байыздаған заман, арғы ойымды айынытпай білді білем, шу-шұрқан «мияуға» басып тап берді. Ытқи жөнелдім. Жолымдағы бұрылуға мұршасы келмеген мысықтарды басып-жаншып ұшып келемін.Аяғымның астында қалған мысықтардың түгі тебендей ұшты тікенектері табаныма кірш-кірш қадалып , удай ашытады. Балтырыма, аш қабырғама,білегіме атыла келіп жармасқан аш мысықтарды сілкіп лақтырып келем. Денеме тұяғы, аузы іліккен жердің етінен қанын судай ағызып,орнасымен жұлып алып қалып жатыр. Жан дәрмен әрекетім жаман болмады. Әуелгі бұнда келген ізімнің сорабын таптым. Мысықтар қоршуынан шықтым.Әлде неше белегір асқан соң, артыма қарасам, алды боран, арты шаң өкшелей қуған мысықтар щоғыры «мияу,  мияу, мияу» сұмдық, сүркейлі,  сұңқылдаған шу-шұрқан. Көрімді таппай құтылмаспын деп және де зыттым.

Өлдім-талдым дегенде көріме де жеттім-ау,әйтеу. Бір азынаған боран көр топырағымды ұшырып, жер бетіндегі томпайған белгімнен жұда етіпті. Құлап түскен аты-жөнім жазылған сайғақ төрт бөлініп анадай жерде жатыр. Жапан түз, жып-жылмағай, кірер көр де, тығылар жер де жоқ. Енді қашуға менде дәрмен де қалмаған еді. Маған әбден өшіккен мысықтар шоғыры ауыздарын арандай ашып, тілін салақтатып, үйірімен жетті де аузын салды. Көсеу бас көсеңіз мысықтар үйіндісінің астында қалды. Бүкіл денем таланып,тынысым тарылып, «Алла» деп басымды жұлып алсам түсім екен. Бұрын, әсіресе бала күнімде бұндай қорқынышты түс көріп оянғанда қуанып қалушы едім. Бұл жолы қуанбадым. Бәлкім, жасым қырықтың қырына таяп, ойланатын жасқа жеткендігімнен болар. Шырт ұйқыда жатқан балаларым мен жарыма сыбдырымды білдірмей киіндім де, түпкі үйге кіріп, шырақ жағып, сағатқа қарасам түнгі екіден қырық минут өткен екен. Қолыма қалам алып,он алты форматты, айналасы үлкен қара сызықпен тік төртбұрыштап қоршалған мақала қағазына түнімен түсімді түгелдей түсіріп болдым. Міндетім орындалды,ойлағаныма жеттім. Міне, ағарып тағы бір таңым атты. Отын жағып, балаларын киіндіріп жүрген жарым :

-«Таптық туыс» ораза ашатын шығарсыз. Қамыңыз үшін мазаңызды алмадық, кешіре жатарсыз, -деді таңертеңгі асқа щақырып.

Мен қалам, қағаздарымды жиыстырып, беті-қолымды жудым. Айнаға қарадым. Рухым көтеріңкі, жүзім жайдары, қайынынан қалыңдығын жаңа әкелген той үстіндегі бозбаладай екенмін. Ұйқысы қашқандық, мазасы кетіп дығыдыры құрығандық байқалмайды.

Таңертеңгілік асымды рахаттана ішіп болған соң, жарымды жазу үстелінің басына щақырып, «мияу,мияу, мияуымды» оқып бердім. Тыңдап отырған ол аз-кем үнсіздіктен кейін, арғы ойын айтты:

– Жаным, бұлай өлмеу керек екен.

– Солай, расында бұлай өлмеу керек.

 

Әбділ ТӘУЕКЕЛ,  жазушы

 




Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to Top ↑