banner-top12

Әдебиет CyTsBU-icI0

Қосқан уақыты Сәуір 19, 2016 | 1  455 рет оқылды | сайтқа қосқан shalqar

0

Мөңке бидің шапағаты

Мұхтар Құл-Мұхаммед,
заң ғылымының докторы,
профессор
Қазақ тарихында есімі жиі ауызға алынатын тарихи тұлғалардың бірі – Мөңке би. Ол туралы өз заманында М-Ж. Көпеев, А.Байтұрсынов, Ж.Аймауытовтардан бастап, А.Жұбанов, Ә.Кекілбайұлы, Т.Кәкішев, Б.Адамбайұлы, Н.Төреқұл, С.Негимовтарға дейін қалам тартып, деректер қалдырып, өз зерттеулеріне арқау етті. Мөңке бейнесі Нұржан Наушабаев, Нұрпейіс Байғанин сияқты халық ақындары шығармаларында да ақылгөй әулие, жойдалы жырау ретінде сомдалды. Мөңкенің болашақты болжап айтқан толғауы Халық жазушысы, депутат Шерхан Мұртазаның Парламентте сөйлеген сөзіне арқау болды.
Дүниеден озғанына екі жарым ғасырға жуық уақыт өтсе де қазақ әдебиеті мен ғылымының алуан қоғамда (патша заманы, кеңестік кезең, тәуелсіздік дәуірі) өмір сүрген сан буыны мұрасына жиі-жиі жүгініп, сол алуан қоғамдағы сан буын өкілдері өз қажеттіліктерін тапқан болашақты болжаған әулие Мөңке, жойқын жыр төккен жырау Мөңке, келісті, кесімді билік айтқан би Мөңке, тапқыр, тұрлаулы сөз айтқан шешен Мөңке кім? Абайша айтқанда осы жұрт Мөңке бидің шынайы бейнесін біле ме екен? Енді осы мәселені таратып, тарқатып айтсақ дейміз.
Қазақтың би-шешендері тарихын індете зерттеген ғалымдарымыздың бірі – филология ғылымдарының докторы, профессор Нысанбек Төреқұл. Нықаңның әбден толықтырылып, өңделген, көлемі 50 баспа табақтан асатын “Даланың дара ділмарлары” атты жинағында екі Мөңке бидің аты аталады. Соның әуелгісі Шыңғыс ханның немересі – Мөңке Төлеұлы.
Әлем әміршісі болуға ұмтылған Шыңғыс хан төрт ұлына өзі жаулаған дүниенің төрт бұрышын: үлкен ұлы Жошыға – бүкіл Дешті Қыпшақ даласын, екінші ұлы Шағатайға – Орталық Азияны, үшінші ұлы Үгедейге – Алтай мен Тарбағатай аймағын, кіші ұлы Төлеге – ата жұрт – Монғолияны қалдырады. Төрт ұлдың ішінде Шыңғыс ханның алтын тағы әуелі Үгедейге, ол қайтыс болғаннан кейінгі бес жылғы бұлғақтан соң 1246 жылы ұлы хан тағына Үгедейдің үлкен ұлы Құйыққа бұйырды. Небәрі екі жыл билік жүргізген Құйық опат болған соң алтын тақ 1251 жылы Бату ханның батыл қолдауымен Төленің үлкен ұлы Мөңке ханның қолына көшеді.
Рашид ад-Диннің жазбалары бойынша Шыңғыс ханның бес жүзден астам әйел-кәнизактары болғанымен, заңды бәйбішелері (хатун-и-бузург) бесеу еді. Осы бес бәйбішенің ішінде (Бөрте, Құлан, Есуқат, Күнжі, Есулан) ұлы ханның төрт құбыласын түгендеп, даңқын асырған төрт көкжал Жошы, Шағатай, Үгедей, Төле – төртеуін де тапқан Қоңыраттан шыққан Дат шешеннің (монғолша сечен – дана, данышпан деген мағынаны білдіреді) қызы асыл жатырлы алтын ханым Бөрте еді. Рашид ад-Дин “Шыңғыс ханның бұл төрт ұлы шетінен ақылды, парасатты, неге болмасын жетік, жаужүрек, қаһарман болды, сондықтан әкесі мен әскердің һәм халықтың шексіз ықыласына бөленді. Олар Шыңғыс хан мемлекетіне төрт негізгі тірек ретінде қызмет етті”, – деп айтса айтқандай-ақ өздері ғана емес, олардың ұрпақтары Азия халықтары тарихында ұлы билеушілер ретінде қалды (Рашид ад-Дин, сборник летописей. М-Л.,1952, т. 1. кн.2, с. 68-69). Реті келгенде айта кетуіміз керек, Бөрте апамыздың бес қызы – Құджын, Жетіген, Алағай, Тұмалын, Алталын бегімдер де талай хандар мен ханзадаларға жар болып қана қоймай, ұлы бабасының жорықты жолын жалғастырған жаужүрек батырлардың да анасы болды.
Сонымен 1251 жылы күллі әлемді дірілдеткен ұлы Шыңғыс ханның алтын тағына Мөңке хан (түрлі дерек көздерінде Мункэ, Менгу) отырып қана қойған жоқ, “жарты әлемнің әміршісі” атағына барабар “ұлы хан” титулына ие болды. Бұл оқиға Рашид ад-Диннің жазуынша 1251 жылдың 4 шілдесі күні Шыңғыс хан ұрпақтарының ұлы құрылтайында болған еді. Мөңке 8 жыл хандық құрды.
Жалпы қазақ тарихында көбінесе Жошы, Шағатай әулетінен шыққан хандар тарихы бүге-шігесіне дейін тарқатылып жазылғанымен, Төле әулеті көп таратылмайды. Шынтуайтқа келгенде Төленің (төле монғол тілінде “айна” деген мағынаны береді, сондықтан хан дүние салғаннан кейін оны монғолдардың қастерлегені соншалық, бұл сөзді пайдалануға тыйым салынып, “төле” түркінің “құзғу” – “айна” сөзімен алмастырылады) кіндігінен тарағандардың үшеуі де өз есімдерін Азия тарихына өшпестей етіп жазды. Мөңке ұлы хан тағына отырса, Құбылай Қытайды билеген Юань династиясының негізін салды (қазіргі Қытай астанасы Пекин – Ханбалықты салған осы хан), ал Хулагу болса бірнеше ғасыр бойы парсы жұртын билеген хандар әулеті – хулагидтердің негізін салды.
Мөңке хан тарихын тереңірек қаузауымыздың сыры – Мөңке би мен Мөңке ханның өмір сүрген ортасы, уақыты, тарихтағы рөлі, ата-тек шежіресі әр алуан, тіпті бір-бірімен мүлде жуыспайтындығына оқырман назарын аудару.
Біріншіден, Мөңке жай хан емес ұлы хан болды. Ендеше жарты әлемнің тізгінін ұстаған әміршінің әңгіме-дүкен құрып, дүниәуи пәлсафа соғып, жыр-толғаған деу мүлде қисынға келмейтін тұжырым.
Екіншіден, монғолдарда билер институты, жалпы “би” деген ұғым болмаған. Билер институты бертін келе Ноғайлы дәуірінде шыққан. Жалпы би – ноғайлы дәуірінің әміршісі, әмір – Ақсақ Темір заманының билеушісі, халиф – араб патшалары, сұлтан – салжұқтар мен Осман империясының билеушілеріне қатысты лауазымдар. Оның үстіне монғолдар өз билерін “сечен” атаған (біздіңше шешен, мәселен, Жиренше шешен). Монғол қоғамында хан мен шешеннің әлеуметтік иерархиядағы орны жер мен көктей.
Үшіншіден, Мөңке қаншалықты ұлы хан болғанымен Жошыдай жолбарыс, Батудай баһадүр, Беркедей берекет хандар билеген Дешті Қыпшақта соншалықты танымал болмады. Сондықтан исі түркі жұртында “Мөңке хан айтыпты” деген жыр-толғауларды былай қойғанда, Мөңке ханға байланысты аңыз-әңгімелер де мүлдем кездеспейді. Байқауымызша, Мөңке айтыпты дейтін жыр-толғаулар монғол әдебиетінде де жоқтың қасы көрінеді.
Міне, осы себепті Мөңке биге қатысты мұраны Мөңке ханға телудің еш қисыны жоқ деген батыл тұжырым жасауға әбден болады деп есептеймін.
Жоғарыда аталған жинақтағы екінші Мөңке шынымен-ақ Мөңке би деп аталады. Автор: “Мөңке би Аманұлы (1763-1836ж.ж.) Кіші жүздің Шекті атасынан шыққан атақты, шешен би. Ол Сырым шешеннің аяғын ала қатарға қосылған би еді. Мөңке би қайтыс болғанда, оның ақын баласы Мұрат Мөңкеұлы (1843-1906) жеті жаста болатын, – дейді қариялар”, – деген деректерді алға тартады. Жалпы Шекті Мөңке биді Мұрат Мөңкеұлының әкесімен өзге де зерттеушілер жиі шатастырады. Сондықтан осы мәселенің де басын аша кеткеніміз жөн сияқты.
Қара қылды қақ жарып кесіп айтатын алдаспан жырдың иесі Мұрат Мөңкұлы беріректе 1846 жылы дүниеге келіп, 1906 жылы қайтыс болған.
Жалпы Мұраттың өмірі мен шығармашылығы кеңес заманы тұсында Х.Досмұхамедовтен бастап, М.Әуезов, С.Сейфуллин, С.Мұқанов, Е.Исмайылов, Қ.Жұмалиев, З.Қабдолов сияқты дуалы ауыз ғалымдарымыз бен қаламгерлеріміз тарапынан жан-жақты зерттеліп, тіпті 1949-жылға дейін мектеп оқулықтары төрінен де орын алып келді. Кейін алдаспан ақынның орыс отаршылдығының текеметін тіліп айтқан отты жырлары коммунистік құлақкесті идеологияның “қисынына” келмейтін болғандықтан барлық оқулықтардан алынып тасталып, ақынға Шортанбай, Дулаттармен қатар “зар заманның заржақтары” деген айдар тағылып, әлдеқашан дүниеден озған ақындардың әдеби мұралары саяси қуғынға ұшыратылды.
Атырау өңірінің тірі энциклопедиясы саналатын Берік Қорқытов ағамыздың бұлтартпас деректері бойынша Мұрат Мөңкеұлының атасы – Беріш. Автор: “Мұрат осы атадан шығып, ертеде ел ішінде Беріш – Мұрат ақын атанған. Беріштен Байсейіт, Байбақты болып бөлінеді. Мұрат Байсейітке жатады. Байсейіт Тілес, Қитас болып бөлінеді. Мұрат Тілеске жатады. Тілестен Қаратоқай, Бөкен болып бөлінеді. Ағайынды осы екі атадан тарағандар өздерін Қаратоқай-Берішпіз деп атайды. Мұрат осы Қаратоқайдан шығады. Жеті баулы Беріштің арасында Қаратоқай Мұрат атанған. Бер жағы былай болып келеді: Қаратоқайдан Сасыған, одан Аққұлы, одан Байбоз, одан Жиенбай, одан Рапхан, одан Аман, одан Мөңке. Осы Мөңкеден Мұрат туады”, – деп соқырға таяқ ұстатқандай дәлме-дәл, нақпа-нақ жазады (Мұрат, А., 201, 7-8 беттер). Ендеше ежелден Беріш-Мұрат ақын атанған Мұрат Мөңкеұлының әкесі Мөңке Аманұлын Шекті Мөңкемен шатастырудың еш қисыны жоқ.
Мұрат жастайынан жетім қалғандықтан оның әкесі туралы дерек тым мардымсыз және сол аз деректің өзінде Мөңке Аманұлы би болған еді деген мағлұмат мүлде кездеспейді.
Мұрат қайтыс болғаннан кейін қазіргі Индер ауданының Жарсуат ауылында жерленеді. Осы заманда жерлестері басына тамаша күмбез тұрғызды. Өткен жылы Атырау облысында болған сапарымда Индерге арнайы соғып, ел ағаларымен бірге Мұрат бабамыздың басына құран оқыдым. Ондағы көнекөз қариялар да Б.Қорқытов келтірген шежіре деректерін түгелдей қуаттап, ақынның нағашы жұрты – Адай, қайын жұрты – Есен-Беріш екендігін, Сары, Дәулетқали деген екі ұлының болғандығы туралы деректер берді.
Бұл деректерден шығатын түйін: Мұраттың әкесінің шекті Мөңке биге еш қатысы жоқ; Мөңке Аманұлы шектіден емес, беріштен шыққан; Мөңке Аманұлы би болыпты деген дерек еш жерде кездеспейді.
Мөңке би туралы мағлұматтардың басым көпшілігінде оған “Ноғайлы Мөңке би” деген тіркес қосақталып жүреді. Мәселен, Мәшһүр-Жүсіп Көпеев оның “Азарсың жұртым, азарсың”, – дейтін толғауын “Ноғайлыдан шыққан Мөңке бидің тақпақтап айтқан сөзі”,- деген атаумен берген (Алматы, “Ғылым”, 1992. 2-том, 55-58-беттер).
Өз заманының ғұламасы атанған Мәшекең Шекті Мөңке би айтқан толғауды Ноғайлы Мөңке бидің аузына тегін салып отырған жоқ. Шынтуайтқа келгенде екеуі бір адам. Енді осы тезистің қисынына көшейік.
1992 жылы “Рауан” баспасынан “Алты ата Әлім” атты жинақ шықты (құрастырушылары: Ж.Дәуренбекұлы, С.Құттыбайұлы). Онда Шекті (шын аты – Жаманақ) шежіресіне қатысты төмендегідей деректер бар: “Жаманақтың үлкен ұлы Шыңғыс (енді бір деректерде бұл Шыңғыстың інісі Өріс – М. Қ.-М.) жылқы қайырып жүріп, өлім халінде талықысып жатқан балаң жігіттің үстінен шығады. Аузына су тамызып, ауылына алып келеді. Шыңғыс бала тауып алғанын хабарлап, оны сүтке шомылдырып, асықты жілік ұстатып, өзіне бала қылып жеке үй тігіпті. Балаң жігіт өзінің аты-жөнін, шыққан тегін айтпапты да араларында Мәку атала бастапты. Оған Зеріп атты ақылды қыз алып береді, бірақ көп ұзамай жігіт дертке ұшырап, қатты науқастанады. Жігіт өзін ауру меңдей бастаған соң өлерін біліп, Шыңғысқа бар шындығын айтады. Өзінің атының Қалу екендігін жасырмайды. Әкесінің аты Сирақ екен. Сирақтың әкесі атақты ноғайлының Мұса ханы екен. Оның бәйбішесінен Сирақтан басқа Орақ, Мамай, Алшағыр туған. Тоқалдан Мұсаханның жеті баласы болады, үлкені Ысмайыл екен… Өз басынан кешкенді айтып берген Қалу өлім алдында жатып, әйелінің жүкті екенін, одан ұл туса атын Бөлек деп қоюды аманат етеді. Сөйтіп, Қалу Зеріпке үйленген соң алты айдан кейін қайтыс болады. Зеріп босанғаннан кейін баланың атын Бөлек қояды, өзіне тең көріп Жаманақтың бір ұрпағы деп қабылдайды” (21-бет). Бөлек шежіресі ары қарай былай өрбиді. Бөлектен Айт және Бұжыр деген екі ұл, ал Айттан Тілеу мен Қабақ тарайды. Тілеу Әз Тәуке заманында қол бастаған батыр ретінде атағы шығып, 1684 жылы Сайрам соғысында шейіт болады. Сүйегі Түркістанда қасиетті Қожа Ахмет Яссауи кесенесінде жерленген. Мөңке би осы Тілеу батырдың бел баласы. Атақты Есет, Бекет батырлар осы Тілеу мен Қабақтан шыққан.
Ендеше Мөңке бидің ата шежіресі әуелі Мөңке – Тілеу – Айт – Бөлек – Қалу болып өкіл әкесі Шектіге тіреледі де, ары қарай Қалу – Сирақ – Мұса хан болып ноғайлы ұлысының негізін салған ел қамын жеген Едігеден бір-ақ шығады. Мөңке атамызды “Ноғайлы Мөңке би, Шекті Мөңке би” десек те қателеспейміз дейтініміз осыдан.
Алтын Орда, Ақ Орда, Көк Ордалардан кейінгі көшпенділердің ұлы мемлекеті – Ноғай Ордасының тарихы бүгінде көмескі тарта бастады. Бір кездері ноғай-қазақ бір атаның баласы, бір ұлыстың азаматы болғанын бүгінде біреу біліп, біреу біле бермейді. Ендеше осы мәселенің де ара-жігін ажырата кеткен жөн сияқты.
“Ноғай” сөзінің этимологиясы туралы әр түрлі пікір бар. Соның бірі – ұлыс атауы Жошы ханның 1300 жылы қайтыс болған немересі Ноғай есімді түменбасының (орыс энциклопедиясында – “темник Золотой Орды”) атына байланысты шыққандығы. Ноғай баһадүр Берке ханның қолын бастап талай рет шайқасқа шыққан, сол сан соғыстардың нәтижесінде Алтын Орданың шекарасын Дон мен Дунайдың бойына дейін кеңейтіп, Берке ханның атынан ұлан-байтақ өлкеге әмірін жүргізді. Әйгілі шығыстанушы Н.И.Веселовскийдің деректері бойынша Ноғайдың бет-беделінің күштілігі сондай, ол 1273 жылы әйгілі Византия императоры Михаил Палеологтың қызы Ефросиньяға үйленеді. Өз заманында Польша, Венгрия, Болгария, Сербиялармен қатар, көптеген орыс князьдықтары абыройы асқақтаған Ноғаймен одақ болғанын өздеріне зор құрмет санаған (Веселовский Н.И., Хан из темников Золотой Орды Ногай и его время, “Записи Российской АН”, 1922. Сер.8, т.13, №6). Біздіңше Шыңғыс хан заманынан келе жатқан: Жошы ұлысы, Шағатай ұлысы, Өзбек ұлысы, Хулагу әулеті деп ұлыс атын билеушілер атына қарата қою үрдісі бойынша Ноғай хан негізін салған мемлекет атауы Ноғай ордасы делініп, ал ұлыс аты ноғай болып қалыптасқан сияқты. Мұның тағы бір дәлелі Шыңғыс хан дәуірі мен оның шежіресіне қатысты дерек көздерінде “ноғай” деген ру, тайпа атауы мүлде кездеспейді. Бұл ұлыс аты Ноғай хан заманынан кейін ғана хатқа түсе бастаған.
Ноғай тарихын жете зерттеген тарихшы ғалым Б.-А.Кочекаев: “Такую версию трудно допустить, так как сразу возникает вопрос: почему же подданные Ногая никогда не называли себя ногайцами. Известно, что Ногай погиб в 1300г., сыновья его 1301г. и только спустя почти два века появились понятия “Ногай”, “Ногайская орда”, – деген уәж айтады (Кочекаев Б.-А., Ногайско-русские отношения в ХV – XVIIIвв. А., 1988, с.21-22). “Ноғай” этнонимінің шығу төркіні туралы қалыптасқан көзқараспен келіспеген автор, оны “Ноғай ордасының” негізін Едіге хан салды, сондықтан оның есімі ел аузындағы көптеген жыр-аңыздарда қалды, ал Ноғай есімі ел жадында сақталмады деген пікірін де көлденең тартады.
Бұл тұжырыммен келісу қиын. Ноғай есімі мен оның жеңісті жорықтары толып жатқан орта ғасырлық араб, парсы, орыс, византия жылнамаларында кездеседі. Екіншіден, шын мәнінде “ноғай”, “ноғайлы” этнонимдері Кочекаев жазғандай Ноғай өлген соң екі ғасырдан кейін емес, бір ғасырға жетпейтін уақыт өткен соң хатқа түсе бастады. Орда даңқын асырған Едіге би 1352 жылы туып, 1396 жылы таққа отырды. Сөз жоқ, Ноғай ордасының атағын аспандатып, асығын алшысынан түсірген Едіге би. Бұл пікірге біз толық келісеміз, ал автордың “ноғай” атауы Ноғай ханның есіміне байланысты болмады деген пікірі “Едіге Шыңғыс әулетінен, тіпті монғол жұртынан емес, көшпелілердің өз ортасынан – маңғыт руынан тараған” деген әсіреқызыл тезисті дәлелдеуден шыққан жадағай тұжырым деп есептейміз (Едігенің маңғыт әулетінен шықпағандығына біз төменде арнайы тоқталамыз).
Зерттеушілердің тағы бір тобы (М.Ғ.Сафаргалиев) “ноғай” монғолдың “нохай” – “ит” деген сөзінен шыққан деген деректі алға тартады (Распад Золотой Орды. Ученые записи Мордовского гос.университета, Саранск, 1960, вып.11, с226). Автор мұнда түркі тайпаларының арғы атасы бөрі, қасқыр екендігін, ал сол қасқыр тұқымдас иттің бірқатар монғол тайпаларында тотемдік маңызы болғандығын меңзесе керек. Шындығында ноғай тарихын зерттеген өзге ғалымдар да ноғайлар арасында олар “самыр” атты қанатты иттен шыққан дейтін аңыз әңгімелердің көп кездесетінін алға тартады. Сондықтан бұл версиямен келісе отырып, біз бұл тұста “ноғай” – “ит” сөзі ноғай этнониміне емес, Ноғай ханның есіміне қатысты шыққандығына оқырман назарын аударғымыз келеді. Мұндай есімдер түркі-монғол халықтарында көптеп кездеседі (Барақ хан, Көкжал Барақтан Итбайға дейін).
Ноғай ордасы ел қамын жеген Едіге би тұсында қанатын кеңге жайып, ағаш уықты, киіз туырлықты көшпенділер даңқын Еуропа мен Азияның ұланғайыр даласында шарықтатқан қуатты мемлекет болды.
Едіге (орыс-татар жылнамаларында – Едигей, Идигу, Идику) 1396 жылы таққа отырғанымен билікке бұдан ерте араласты. Ол әуелгіде Еділ мен Жайық бойындағы қосөзен аралығында билік құрды. Кейін Темір-Құтлықпен одақтасып, 1399 жылы Ворскла өзені бойында бірлескен поляк-литван қолын тас-талқан етіп жеңеді.
Темір Құтлық өлген соң Алтын Орданың бірден бір билеушісіне айналған Едіге қанішер Темірдің қанды жорықтарымен тоз-тозы шыққан Жошы ханның Дешті Қыпшақ ұлысын өз туының астына жинайды.
Едіге 1409 жылы Россияны тізе бүктірді. Мәскеуді ала алмаса да, Серпухов, Дмитров, Переяславль, Ростов, Нижний Новгород т.б. толып жатқан орыс қалаларын басып алып, дәргейіне бас ұрғызады. Едіге есімі көшпенділердің Алтын Орда аясында дәуірлеген ең соңғы серпіліс кезеңі ретінде қазақ, ноғай, татар, башқұрт, қарақалпақ, өзбек халықтарының көптеген жыр-дастандарында қалды. Едіге туралы Шоқан Уәлихановтан бастап, М.Әуезов, Ә.Марғұлан, тіпті Қ.Сәтбаевқа дейінгі қазақтың әдебиетші, тарихшы ғалымдарының қалам тартпағандары сирек. “Ер Едіге” дастаны қазақ тарихи жырларының керемет үлгісі ретінде 1950 жылдарға дейін мектеп оқулықтарына да енгізілді. Осыдан екі-үш жыл бұрын талантты жас ғалым Едіге Мағауин ол бойынша арнайы диссертация да қорғады.
Едіге есімі неге ел жадында осыншама ұзақ уақыт сақталды. Неге оның өзін қойып, ұрпақтары: Орақ, Мамай, Қарасай, Қазиларға дейін қазақ эпостарының басты кейіпкерлеріне айналды. Енді осыған тоқтала кетейік.
Жалпы қазақ тарихын Қазақ хандығы құрылуынан ғана бастаудың тек томаға-тұйықтыққа, ұлт тарихының, ұлыс даңқының құйрық-жалын күзеуге ғана әкеп соғатыны туралы бүгінде аз жазылып жүрген жоқ.. Едіге мен Ноғайлы тарихын зерттеуде де біз осы принципті басшылыққа алғанымыз жөн.
Ноғай ұлысы Азау теңізінен бастап Арал теңізіне дейінгі аралықты, Дон, Дунай дариясынан бастап, Есіл мен Ертіске дейінгі ұлан-байтақ аумақты қамтыды. “Ноғай” деген ұлыс ру, тайпаны былай қойып, жалпы этноним атауы 14 ғасырда ғана хатқа түсе бастағандығын біз жоғарыда атап өттік. Ендеше көшпелі түркілердің ең соңғы империясының құрамында қандай ұлттар мен ұлыстар болған?
Көптеген зерттеушілер Дешті Қыпшақ тағының билеушісі Едіге бидің ұлысындағы “ноғайлы” халқының қыпшақтар болғандығын атап көрсетеді. А.И.Мусин-Пушкин ноғайлар монғолдар мен түркілердің араласуынан шыққан десе, П.Бутков оны “Едіге би бір тудың астына жинаған қыпшақтар” деп жазады. Л. Люлье ноғайларды “монғол ордасынан қалған қыпшақтар” десе, С.А.Плетнева: “По существу Ногайская Орда состояла в основном из потомков половецкого населения, включенного в середине ХІІІ века в состав Золотой Орды”, – деп жоғарыдағы пікірлерді одан әрі нақтылай түседі (Плетнева С.А., Кочевники Средневековья: поиски исторических закономерностей. М., 1982, с.140).
Орта ғасырлардағы “қыпшақ” атауы осы күнгі қазақ халқының құрамына кірген рулардың түгелге жуығына таңылғаны бүгінде дәлелдеуді көп қажет етпейтін шындық. Ал Ноғайлы ордасына келер болсақ онда маңғыттармен қатар тоқсан баулы қыпшақтың “алшын” ортақ этнонимімен белгілі болған Кіші жүз рулары түгелге дерлік, бұған қосымша арғын, найман, қаңлы, үйсін, қыпшақ, керей руларының басым көпшілігі болғандығын көптеген зерттеушілер атап көрсетеді.
Бір өкініштісі кеңес заманындағы қазақстандық тарих ғылымында Ноғайлы дәуірі терең зерттелмеді. Тіпті осыдан бес жыл бұрын ғана шыққан, толықтырылған “Қазақстан тарихында” Ноғай ордасына небәрі 1,5 бет қана орын берілген. Міне, біздің тарихшылар қауымының осы осалдығын татар ағайындар шебер пайдаланып, Ноғай ордасының тарихын өз мемлекеттерінің, Ноғайлы батырларын өз батырлары, ноғайлы дәуірі дастандарын өз ауыз әдебиетінің үлгілері ретінде ашықтан ашық жаза бастады. Ол ол ма әйгілі Қадырғали Жалайри жазған “Шежірелер жинағына” ХІХ ғасырдың ортасында-ақ қазақтың ұлы ағартушы ғалымы Шоқан Уәлиханов: “которая замечательна уже тем, что написана киргиз-кайсаком”, – деп баға беріп қана қоймай, кейбір тарауларын орыс тіліне аударғанына қарамастан, осы заманға татар ғалымы М.А.Усманов “Шежірелер жинағы” авторын да, жинақтағы тарихты да татар ағайындарға телиді (Усманов М.А., Татарские исторические источники XVII – XVIII вв. Казан, 1972). Ал Р.Фахрудинов атты тағы бір ғалым бұдан ары барып: “Золотая Орда была общим и единым средневековым государством всего татарского народа, всех этнографических групп, окончательно сформировавшихся как народность на той обширной территории, которая исторически была золотордынской. Естественно, она имела свои отдельные регионы с локальными вариантами этноса, его языка и культуры. Однако это было например не казахским, (астын сызған біз – М.Қ-М.) не узбекским, хотя эти народы занимали его периферийные восточные районы, а прежде всего татарским государством. История этого государства, язык, материальная и духовная культура его населения – это татарская история, татарский язык, татарская культура”, – деп айды аспанға бір-ақ шығарған (Золотая Орда и татары. Набережные Челны. 1993, с. 16).
Татар ғалымының бұл сорақы пікірі қазақ тарихшыларының көзіне түспеген болар. Түскен күннің өзінде кейінгі кездерде бел ала бастаған осы тектес “зерттеулерге” әзірше қазақ ғалымдары тарапынан тиісті тойтарыс бола қойған жоқ.
Қанша дегенмен де Ер Доспамбеттің ұрпағы емес пе, Р.Фахрудиновтың бұл пікіріне белгілі ноғай жазушысы Иса Қапаев қатты қапаланып: “Хотелось бы сказать и о вопросе периферийности казахов, которые поднимают некоторые ученые. Для Золотой Орды периферийным было, скорее, место расселения казанских татар, нежели земли, занятые казахами: они примыкали к территории древнего ногайского государства. В вышеупомянутом тексте явно прослеживается главная мысль: после отделения Казахстана и Узбекистана в Российском государстве остается только один народ, который должен присвоить культурное наследие Золотой Орды – это современные казанские татары. Иначе, чем культурным грабежом, мародерством, такую позицию не назовешь”, – деп татар ағайындардың шымбайына бататын шындықты шырылдата жайып салды (Капаев И., Уплывающие тени, Ставрополь, 1999, с.172). Ащы да болса ақиқатты Иса бауырымыздың осы сөзінен асырып айту қиын-ақ.
Алтын Орда мен оның мұрагерлеріне байланысты тарихтың ең алдымен қазақтарға тікелей қатысы бар. Оның үстіне Ноғай ордасына тоқсан баулы қыпшақтың қарға тамырлы қалың рулары қосылғанда монғол нәсілінен шыққан маңғыттар біртіндеп қыпшақтанып кеткен. Оны башқұрт ғалымы Р.Г.Кузеевтың мына бір пікірі толық қуаттайды. “Племя мангыт, из которого происходил Ногай, смешалось с тюрками и полностью кыпчакизировалось” (Происхождение башкирского народа. М., 1974, с.484).
Алтын Орда тарихы ғана емес, оның ескі жұртында дүниеге келген Ноғай ордасы мен ноғайлы ұлысының Дешті Қыпшақ мемлекеті мен осы мемлекеттің негізгі халқы қыпшақтардың бірден бір заңды мұрагері екендігі тарихшылардың басым көпшілігі мойындайтын шындық.
Ендеше ноғайлардың шығу тегіне байланысты деректерді ноғай ғалымы Би-Арслан Кочекаевтың мына бір пікірімен қорытқан жөн сияқты: “Мы полагаем, что ногайцы монголо-кыпчакского происхождения, но не монголо-татарского. У татар не было родового деления, как у ногайцев, тем более сходных родов по происхождению с ногайскими. Зато ногайцы имели общее с казахами” (Б-А.Кочекаев, Аталған еңбек, 24-бет).
Ноғайлардың «қыпшақтануына» (қазақтануы деп түсінуге де болады) әйгілі Хақназар ханның әуелі 1569 жылы, кейін 1577 жылғы жорықтары нәтижесінде қазақтар шекарасын Жайықтан асырып, Еділдің орта тұсына дейін жеткізуі де өз әсерін тигізді. Тарихи құжаттарда Хақназар қазақтардың ғана емес, ноғайлардың ханы ретінде аталады. Бұл туралы П.П.Иванов: «Массовое организованное передвижение в Среднюю Азию ногайских улусов должно было смениться разрушительными переходами отдельных незначительных групп, присоединившихся к казахским родам и действовавшим заодно с ними. Этот процесс перехода к казахам носил, по видимому, весьма значительные размеры, особенно усилившиеся после гибели одного из важнейших ногайских князей Ормамбета в конце XVI века» (Иванов П.П., Очерки истории каракалпаков. С.30-31).
Мұндағы Иванов айтып отырған Ормамбет Исмайыл бидің немересі. Бұл оқиға қазақ шежіресінде «Ормамбет би өлгенде, он сан ноғай бүлінгенде» деген тіркеспен түскен.
Бір кездегі ұлан байтақ жерде билік құрған ноғайлы халқы Ормамбет би өліп, он сан ноғай бүлінгенде Кіші жүз рулары өздерінің ата қонысында отырып-ақ ру-румен, ауыл-ауылымен ата жүрт – Дешті Қыпшақта жортуылға жаңа шыққан жас жолбарыс – Қазақ хандығына қараған. Бұл туралы ұлы түрколог ғалым, академик В.М.Жирмунский: «Восточная группа ногайских улусов… растворились, по-видимому, в составе казахов так называемого «Младшего жуза», владения которого простирались впоследствии от Яика и Эмбы до Иргиза и Аральского моря, охватывая земли, когда-то населенные ногайцами», – деп жазады (Тюркский героический эпос. С.489-490).
Орыс жылнамаларындағы деректер бойынша Ормамбет би 1597 жылы опат болғанын ескерсек, Ноғайлы ұлысында болып келген Кіші жүз қазақтарының Қазақ хандығы құрамына қайтадан қосылуы 17 ғасырдың алғашқы ширегінде жүзеге асты деп пайымдауға толық негіз бар.
Сонымен оқырманға Ноғай хан, Ноғай Ордасы, ноғайлы халқы туралы жеткілікті деректер берген соң Едігенің өз басына оралайық.
Революцияға дейінгі ең үлкен орыс энциклопедиялары “Брокгауз-Ефрон”, “Гранаттардан” бастап, кеңес дәуіріндегі Үлкен Совет энциклопедиясының үш басылымында дерлік Едіге би туралы мақалада оның шығу тегі туралы үнемі бір ғана дефиниция қайталанып: “маңғыт тайпасынан шыққан әмір”, – деген анықтама береді, бірақ оның ата-тегі түгел тізбеленбейді. Дерек көздері бір нәрсені анық көрсетеді, ол Едігенің Шыңғыс хан әулетінен шықпағандығы. Мұсылман билеушілерінің тарихын терең зерттеген ағылшын ғалымы Клиффорд Эдмун Босфорт ол туралы: “Когда Тохтамыш умер, реальная власть в Золотой Орде перешла к энергичному “управителю дворца” Эдигю (Едигею). Однако после смерти последнего в 822/1419г. в связи с нескончаемыми внутренними смутами начался распад Золотой Орды”, – деп жаза тұра өзі құрастырған Алтын Орда хандары тізбесінен Едігеге орын бермейді (Мусульманские династии. М., 1971, с.206). Шынтуайтқа келгенде Едіге Алтын Орда тағына өмір бойы Ақсақ Темірмен жағаласып өткен Тоқтамыс өлмей тұрып-ақ отырған еді.
Әуелде Жошы ұлысы ретінде дүниеге келген Алтын Орда Бату хан (1227-1255), кейін Берке хан (1257-1266) тұсында дәуірлеп, Мөңке Темір (1266-1280), Өзбек хан (1312-1342) мен Жәнібек хан (1342-1357) тұсында Еуразияның апайтөс даласында билік құрған қаһарлы мемлекетке айналды. Көшпелілердің үш ғасырға созылған қуатты күшіне, жалпы түркі тамырластығына балта шауып, түркі халықтарының дәуірлеуін кемінде жарты ғасырға тоқтатқан қанішер Темір болды. Ол Шыңғыс хан әулетінен шыққан құла дүздің соңғы қабыландарының бірі атанып, күллі Русьті табанына салып таптап, Мәскеуді жағып жіберген Тоқтамысқа үш рет қансырата соққы беріп, ақыры 1391 жылы 200 мың қолмен Жайық бойында Тоқтамыс қолын тас-талқан етіп жеңеді. Жалпы Алтын Орданың әлсіреп, оның Ноғай ордасы, Әбілқайыр ұлысы, Моғолстан болып бет-бетіне бөлініп кетуіне бірден бір себепкер осы қанішер Темір еді.
Ақсақ Темір дүниеден озғаннан кейінгі көшпелілердің азуын айға білеген арыстан билеушісі болған Едігенің ата-тегі “маңғыт руынан шыққан” деген дерек шындыққа сәйкес келмейді. Едіге өзін монғол-түрік ыңғайында хан деп те, Темір үрдісінде әмір деп те жарияламай би титулын иеленуі де біршама жайды аңғартқандай.
Едіге бидің ата-тегі туралы ең толық әрі дәлме-дәл деректі “Шежірелер жинағының” “Едіге би дастаны” бөлімінде Қадырғали Жалайри келтіреді. Енді осыған үңілейік. Онда: “Әуелгі бабасы Әмір Әл-Момын Әбу Бакр әл-Садық (осы тұста және бұдан кейін де астын сызған біз – М.М-Қ.) разы алланың төрт ұлы бар еді. екеуінің кішісі – ұлысы, оның аты – Мұхаммед атты еді. Шамда патша еді. Оның ұлы Сұлтан Каиб атты еді, ол да Шамда патша болды, оның ұлы Сұлтан Хамид еді, ол Сарсарда патша болды. Оның ұлы Сұлтан Қайдар еді, ол да Сарсарда патша болды. Оның ұлы Әбу-л-фана еді, ол Антақияда патша болды. Оның ұлы Сұлтан Махмед еді, ол Антақияда патша болды. Оның ұлы Сұлтан Сәлім еді, ол да Антақияда патша болды. Оның ұлы Сұлтан Садық еді, ол да Антақияда патша болды. Оның ұлы Сұлтан Әбу-л-хақ еді, ол ұлы Мадинада патша болды. Оның ұлы Жалаладдин еді, ол Константинеде (Константинополь) патша болды. Оның екі ұлы бар еді, бірінің аты Баба Туклас еді. Баба Туклас Қағбада патша болды. Баба Тукластың белгілі үш ұлы бар еді. Бірінің аты Аббас, Қағбаның оң жағында, бірінің аты Абдрахман қожа еді. Ол да Қағбада жатыр. Үшінші ұлының есімі Тырма атты еді. Бұл Тырма (Терме) Еділ-Жайықта (Хасил) қаза болды. Оның ұлы Қарачи атты еді. Ол да Еділ-Жайықта қаза болды. Оның ұлы Ислам Қия еді, ол да Еділ-Жайықта қаза болды. Оның ұлы Құтлу Қия еді, Құмкентте қаза болды. Оның ұлы Едіге би (алла оған рахим етсін)”, – деп таратылады Едіге би шежіресі (Қадырғали Жалайыр “Шежірелер жинағы”. А., 1997, 117-бет). Біздіңше Едіге бидің ең толық, әрі нақ шежіресі осы.
Бұл шежіреден шығар қорытынды: Едігенің ата-тегі көптеген зерттеушілер жаңылыс жазып жүргендей ешқандай да “маңғыт” емес, 632 жылы Мұхаммед пайғамбарымыз қайтыс болғаннан кейін “тура жолды халифтер” (ал-хулафа ар-рашидун) әулетінің негізін салған, пайғамбарымыздың сүйікті жары Айша хазреттің әкесі, Мұхамедтің сенімді серігі Әбубәкір халиф болып шықты (“халиф” араб тілінен аударғанда мұрагер, соның жолымен жүруші деген мағынаны білдіреді).
Осы шежіредегі тағы бір ерекше назар аударатын тұлға – Баба Туклас. Бұл кәдімгі қазақ эпостарында жиі аталатын Баба Түкті Шашты Әзиз. Оның мазары қазіргі Оңтүстік Қазақстан облысы Созақ ауданы Құмкент ауылының іргесінде әлі күнге дейін сақталған. Ноғай жазушысы Иса Қапаковтың деректерінде Баба Түкті Шашты Әзиздің зираты Астраханның іргесінде болған, кейін судоверфь салған кезде оның мүрдесі Мошайық қаласына көшірілген. Біздіңше оның зиратының Құмкентте болуы заңды сияқты. Себебі Едіге осы Құмкентте туған. Қ.Жалайыр шежіресінде Едіге мен Баба Тукластың арасы бес-ақ ата, бұл шамамен 150-200 жыл. Егер Едігенің 1352 жылы туғандығын ескерсек, Баба Тукластың өмір сүрген кезеңі 12 ғасыр деп мөлшерлеуге болады. Бұл 9 ғасырда іргесі қаланған Құмкенттің дәуірлеп тұрған кезі.
Баба Түкті Шашты Әзиз нақты тарихи тұлға болса да батырлар жырында оның өміріне түрлі аңыз оқиғалар қосылып, біртендіп мифтік кейіпкерге айналып кеткен. Бабаның есімі «Алпамыс батыр» жырында да ұшырасады. Бір перзентке зар болған Байбөрі әулиенің басына түнегенде, оған аян беретін осы – Шашты Әзиз. Жырдағы:
«Менің атым Шашты Әзиз
Қыламын десең ықылас,
Жарылқады жаратқан,
Ей, бишара, көзіңді аш», – деген жолдар осының дәлелі.
«Едіге» жырында Баба Түкті Шашты Әзиз Едігенің бабасы ретінде суреттеледі. Онда Едіге өзін таныстыра келіп:
«Атам менің сұрасаң,
Ала тайлы Аңшыбай.
Баба Түкті Шашты Әзиз
Аңшыбайдың баласы.
Шашты Әзиздің баласы
Парпария сұлтан хан еді.
Өз әкемді сұрасаң,
Құттықия бек еді,
Өз атым Едіге», – деп өзінің Баба Түкті Шашты Әзизден тарайтынын атап көрсетеді.
«Қырымның қырық батыры» циклындағы «Парпария» жыры: «Парпарияның әкесі Баба Түкті Шашты Әзиз әулие болған кісі екен. Өзінің мешіті бар, тақуа», – деген сөздерден басталады. Соңғы сөйлем Баба Түкті Шашты Әзиздің өміріндегі тағы бір деректі нақтылай түседі. Ол әулие ғана емес, мешіт ұстаған дін қайраткері. Қ.Жалайыр шежіресінде оны «Қағбада патша болды» дейді.
Бұл дерек «Қазақ Совет Энциклопедиясындағы» Баба Түкті Шашты Әзизге арналған мақаладағы мағлұматтармен ұштасады. Онда былай делінген:
«Бір деректерге қарағанда оның шын есімі – Баба Туклас. Оның әкесі – Керемет Әзіз. Баба Тукластың өзі Меккеде патша болған. Енді бір деректер бойынша Б.Т.Ш.Ә. – Ахмет Яссауидің арғы бабалары, ислам діні Орта Азияға тарай бастаған кезде жасаған кісі, Қорқыттың замандасы (8-9 ғ.). Үшінші мәлімет бойынша Баба Тукластың баласы Еділ-Жайыққа дейін жеткен, оның Құтлубек атты ұлынан Едіге батыр туған». (ҚСЭ, А., 1973, 2-том, 64-бет).
ҚСЭ-дегі мақаланың авторы көрсетілмеген, бірақ оны Ә.Марғұлан деп жорамалдауға әбден болады. Себебі Ә.Марғұлан Құмкент қаласына 1946 жылы археологиялық экспедиция шығарып, арнайы зерттеген. Сол кезде осы төңіректегі өзге мазарлар мен оларға қатысты аңыз-әңгімелерді қоса зерттеуі де мүмкін. Оның үстіне Шоқан шығармашылығының асқан білгірі саналатын Ә.Марғұлан үзінділерін Шоқан аударған Қ.Жалайыр шежіресімен де өте жақсы таныс. Сондықтан ол Баба Тукластың қазақ эпостарындағы Баба Түкті Шашты Әзиз екендігін нақтылап, оның Жалайыр шежіресінде көрсетілгендей Меккеде патша болғандығы туралы дерегін қоса келтіреді.
Баба Түкті Шашты Әзиз ноғай эпостарының да басты қаһарманы. Бұл туралы ноғай жазушысы И.Қапаев:
«От Баба Тукли Шашлы-аса происходили все ногайские богатыри. Знаменитый Эдиге,основатель ногайского государства, тоже является его потомком. Известные русской истории потомки Эдиге, князья Юсуповы, в своих родословных книгах тоже ссылаются на этого патриарха», – деп жазады (Капаев И., Уплываюшие тени, Ставрополь, 1999, с.225).
«Қырымның қырық батырындағы» Аңшыбай, Парпариялар ойдан шығарылған, тарихи дерек көздерінде кездеспейтін кейіпкерлер, ал Баба Туклас пен Құттықия эпостық жырлар мен тарихи шежірелерде қатар аты аталатын Едігенің ата-бабалары.
Егер Мөңкені Едігеден тарайды десек, оның әулиелігі Баба Түкті Шашты Әзиз бабасынан жұғысқан деп шамалауға толық негіз бар деп санаймын.
Араб, парсы, түркі, орыс тілдерін жетік білген (“Шежірелер жинағының” біраз бөлігі парсы тілінде жазылған), өз заманының үлкен ғұламасы әрі Едіге өмірін өткізген өңірден шыққан, би қайтыс болғаннан кейін араға небәрі бір ғасырдан астам ғана уақыт салып дүниеге келген, Едіге туралы ақиқат әлі аңызға айнала қоймаған заманда өмір сүрген Қадырғали Жалайридің бұл деректеріне күмән келтіру қиын.
Қадырғали би одан әрі Едіге тұқымдарын былайша өрбітеді. Едігеден бес бала туған, екеуі жас кезінде опат болған соң есімдері беймәлім. Белгілісі Нұр-ад-дин, Қасым, Саид-Али мырзалар. Нұраддин 37 жасында опат болды. Одан кейін Мансұр би болды. Одан кейін Қази би болды. Нұр-ад-диннің Афас, Уақас, Хоразми атты үш ұлы болған. Қазиден соң әуелі Афас, кейін Уақас би болды. Ол 47 жасында қайтыс болды. Уақастың ұлы Мұса, Ямғұршы (Жаңбыршы) еді. Уақастан соң Мұса би болды. Одан кейін билік араға азғана уақыт салып әуелі Жаңбыршының ұлы Ағышқа (қазақта – Телағыс), кейін Хасанға (қазақта – Асан), одан кейін Алшағырға өтті. Бұлардан соң билік Шидақ, Шейх Мамай, Юсуфке көшіп, соңында Мұса бидің ұлы Исмайыл би болады. Тура осы арада сәл тыныс алып, бастапқы Шекті шежіресіне қайтып оралайық.
Жалпы менің бір таң қалатыным, жазу-сызуы жоқ көшпелілердің жүрекке, ұрпақ жадына жазылатын шежіресінің ешбір жазба дерек көзінен кем түспейтіні. Шекті шежіресінде Қалудың әкесі – Сирақ, оның әкесі Ноғайлының ханы Мұса хан еді. Мұсаның ұлы Ысмайыл екен деген деректер Қадырғали шежіресімен толық сәйкес келеді. «Қырымның қырық батыры» жырында «Мұса хан» атты жыр бар. Осы және Мұса ханның ұрпақтарына арналған өзге де жырларда оның 30 ұлы болғандығы айтылады. Соның ішінде «Қарғабойлы, Қазтуған» жырында: «Мұсаның отыз баласы, Расын оның сұрасаң, Қалу менен Сары еді», – деген жолдар бар. Мұны кездейсоқтық деу қиын. Себебі «Жаңбыршыұлы Телағыс» жырында осы деректер: «Мұсаның отыз баласы, Белгілі құдай ұрыпты, Ең кенжесін сұрасаң, Қалу менен Сары еді», – деп қайталанады. Демек, Қалу өмірде болған, нақты тарихи тұлға. Қалу Мұсаның ұлы емес, немересі болуы да ғажап емес. Себебі осы циклда Қазидан Мұса туады, ал шындығында Мұса Уақастың ұлы еді. Циклда Уақас түсіп қалған. Ендеше Мөңке би мен Едігенің арасын төмендегідей желімен жалғауға болады. Мөңке би – Тілеу – Айт – Бөлек – Қалу – Сирақ – Мұса хан – Уақас би – Нұр-ад-дин мырза – Едіге би. Бұдан арғы Әбубәкір халифке дейінгі шежіре жоғарыда келтірілгендіктен қайталаудың реті жоқ деп есептейміз.
Оқырманның ойына: “Мөңке бидің ата-тегін тарату үшін осыншама ұзақ-шұбақ шежіренің не қажеті болды екен?” деген сұрақ оралуы әбден мүмкін екендігін шамалаймын. Бұған айтар жауабым: біріншіден, Ноғайлы тарихы біздің ата тарихымыздың бөлінбес бөлшегі. Ол бүгінде жалпы саны 70 мыңға да жетпейтін ноғай бауырларымыздың ғана емес, он екі миллионнан асатын қараорман қазақ халқының да тарихы; екіншіден, Едіге би сияқты баһадүр билеушілеріміздің өмірі ертедегі ғұндардың ұлы әміршісі Атилладан бастап, кешегі хан Кенеге дейінгі киіз туырлықты көшпелілер рухын күллі әлемге танытқан батыр бабаларымыздың тарихы. Ендеше сол асыл текті аталарымыздың тарихын теңізден маржан сүзгендей теріп, бүгінгі ұрпаққа табыстау әр ғалымның абзал борышы болмақ. Үшіншіден, қазақ қанша түбі бір түркіден тараса да өз тарихы өзіне жетіп артылатын халық. Ендеше талыстай тарихымыз бар деп талтайып жата бермей және оны ел-аман, жұрт-тынышта сол өгіз терісіндей шежірені түбі бір бауырларға жырымдатпай өзіміздің рухани игілімізге жаратқанымыз жөн. Міне, осы себепті және не туралы айтсам да, жазсам да көмескілемей, күлбілтелемей шама келгенше жеріне жеткізе ашық, айқын жазуды ұнататындықтан оқырманға ел қамын жеген Едіге бидің бел баласы Мөңке бидің тарихын тұтас күйінде жеткізуді мақсат еттім. Жалпы Едіге биге қатысты жыр-дастандар бір ғана шектінің немесе Кіші жүздің ғана емес, бүкіл қазақтың ұланғайыр рухани байлығы. Енді осы туралы бірер пікір айта кетейік.
Ұлы Мұхтар Әуезовтың айтуымен хатқа түскен Мұрын жырау Сеңгірбаев жырлаған “Қырымның қырық батыры” (әуелгі нұсқасы– “Ноғайлының қырық батыры”) тарихи жырлар циклының басты кейіпкерлері Ноғай ордасының қаһармандары.
Өкінішке орай, қазақтың батырлық эпосының қалың да құйқалы қабатын құрайтын осы бір тарихи жырлар жүйесін Мұхаңның шәкірті профессор Сұлтанғали Садырбаевтан басқа ешкім арнайы зерттеудің объектісіне айналдырмады десе де болғандай. (Садырбаев С., Вопросы циклизации казахского эпоса. Автореферат кандидатской диссертации. А-А., 1965). Одан бері қырық жылға жуық уақыт өтіпті. Тіпті “Қырымның қырық батырының” бір парасы ғана күзеліп-түзеліп, таптық тұрғыдан “тазаланып” “Батырлар жырында” жарияланды. Жырлардың аттары айтып тұрғандай-ақ “Құттықия” (Едігенің өмірде болған әкесі), “Едіге” (өзі), “Нұрадын” (Едігенің ұлы), “Мұсахан” (Едігенің немересі), “Орақ-Мамай” (Мұса ханның немерелері), “Қарасай-Қази” (Орақ бидің екі ұлы), “Жаңбыршы ұлы Телағыс” (Жаңбыршы Мұса ханның бауыры. Жаңбыршының ұлы Ағыш – қазақта Телағыс би болған) тарихи жырлары Ноғайлы дәуірінің жыраулары шаңырағына болат қалқан көтеріп, уығына ақ найза шанышқан, керегесін жыр-жебемен керіп, төріне төбе билерді отырғызған еңсесі биік Жыр-орда емес пе. Өкінішке орай зерттеушілеріміздің осы Жыр-орданың есігіне енгенімен, төріне шығуға әлі-күнге дейін жүрегі дауаламай келе жатқандығы Ер Едіге тұқымына жараспай-ақ тұрғанын жасырып қайтеміз.
Қазақтың көрнекті фольклорист ғалымы Сейіт Қасқабасов “Қырымның қырық батыры” туралы: “Бұл эпос тұтастанудың барлық түрінен өткен, мұнда сюжеттік циклдену де, ғұмырнамалық циклдену де, шежірелік циклдену де, тарихи циклдену де бар”. “Қырымның қырық батырында” Алтын Орда, Ноғай ордасы, Қазақ хандығы тұстарындағы билеушілердің қаһармандық шежіресі тұтастанудың барлық үлгісі арқылы жыр түрінде баяндалған да, үлкен эпопеяға айналған. Ал, эпопеяның алтын діңгегі “Едіге туралы жыр”, – деген пікіріне алып қосарымыз жоқ. Тек қарым-қабілеті зор Секеңнің осы тақырыпты терең қаузамай: “Бұл мәселені кезінде В.М.Жирмунский егжей-тегжейлі зерттегендіктен біз оған тоқталмаймыз”, – деп тақырыпты бір мақаланың шеңберінде ғана тым келте қайырғаны өкінішті-ақ (Қасқабасов С., Жаназық, А., 2001, 493-бет).
Жалпы ұлы Мұхаң мен Қанекеңді қоспағанда қазақ ғалымдары: С.Садырбаев, Р.Бердібаев, С.Қасқабасов, Е.Мағауин, Д.Есенжановалар “Едіге” тақырыбына арнайы зерттеулерін арнағанымен В.Жирмунскийдің “Тюркский героический эпосындай” кең қамтыған кесек туынды әлі дүниеге келе қоймағаны да шындық екенін тағы бір айтып өткен артық емес.
Біз жоғарыда осыдан бір ғасырға да жетпейтін уақыт бұрын дүние салған Мұрат Мөңкеұлын да еске алдық. Бір ғажабы Қазақ хандығы құрылмай тұрып дүниеге келген “Едіге” эпосының кейіпкерлері – Ноғайлының билері мен батырлары Мұрат ақынның өзінше толғаған “Қарасай – Қази” жырына да арқау болған. Міне, тереңнен тартқан тарихтың алтын арқауының бүгінгі күнге дейін ел жадында, жыраулар жырында үзілмей жетуінің тамаша үлгісі осы емес пе?!
Сонымен Ноғайлы Мөңке би мен Шекті Мөңке бір адам болып шықты. Ендеше Шекті Мөңке туралы қазақ ғалымдары мен әдебиетшілері не дейді? Солардың да бір парасын қарастырып көрейік.
Алаш ардақтысы Ахаң – Ахмет Байтұрсынов “Мүңке би” деген айдармен 1926 жылы жарық көрген “Сауат ашқыш” атты оқу құралында Мөңке бидің жеті жасындағы кісі құны дауын бітіріп айтқан билігі туралы ел аузындағы әңгімені келтіріп, оны: “Сол бала үш жүзге белгілі Мүңке би атанып, аты аспанға шығады”, – деп аяқтайды. Ахаң биді Шектіұлы Мүңке деп атайды.
Ахаңнан басқа Алаштың тағы бір арысы Жүсіпбек Аймауытов екі бірдей шығармасында: “Ақбілек” романында және “Ел қорғаны” пьесасында Едіге, Мөңке тақырыбына соғады.
1927 жылы жазылған “Ақбілекте” автор “Едіге” жырындағы:
“Кім баласын сүймейді?
Сен туғанда Нұралым,
Төбел бие сойдырдым,
Төрт қырлап ошақ ойдырдым…
Қара кеске бөлеттім,
Ақ, қара кес батад деп,
Бала кеске бөлеттім.
Алтыннан шүмек ойдырттым,
Күмістен түбек қойдырттым…,” – деген тамаша үзіндіні келтіреді. Ал “Ел қорғаны” атты шағын пьесасында, кейіпкер-ақсақалдың аузына: “Жарықтық Мөңке би болжап кетті ғой.
Жас баладан биің болар,
Жас балшықтан үйің болар.
Ат жақсысы арбада болар,
Жігіт жақсысы саудада болар, – депті ғой өтерінде”, – деген сөздерді салады.
Мұның бәрі Мөңке би шығармаларының төңкеріске дейін жеке жинақ болып шықпаса да ХХ ғасыр басында қазақтар арасына кең танымал болғандығын көрсетсе керек.
Мөңке бидің өмірі мен шығармашылық мұрасы туралы әр жылдары академик А.Жұбанов, Ұлттық Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, профессор Т.Кәкішев, филология ғылымдарының докторы, профессор С.Негимов, Ш.Керімдер, профессор, ғылым кандидаттары Б.Адамбаев, Қ.Сыдықұлы, М.Тілеужанов, С.Байменше, Б.Омарұлылар қалам тартты. Баба мұрасын тірнектеп жинап, оның жарық көруіне ақтөбелік зерттеушілер Жұбаназар Асанов пен Кемейдулла Төлеубайұлылардың да зор еңбек сіңіргенін атап өткен жөн.
Мөңке бейнесі Қазақстанның халық жазушысы Әбіш Кекілбайұлының “Үркер” романынан да көрініс тапты.
Академик Ахмет Жұбанов өзінің қазақ музыкасының арғы-бергі тарихына арналған “Замана бұлбұлдары” атты іргелі монографиясында Ақтөбе өңірінен шыққан Батақтың Сарысы атты әйгілі әншінің өмірі мен шығармашылығына арналған мақаласында: “Сарының… аталары Мөңке би өз заманында аса тапқыр, ердің құнын екі ауыз сөзбен шешкен адам болған. Кердері Әбубәкір сияқты Мөңкенің жаңа заманның бірқатар көріністеріне “бәленің басы” деп қарауы да болған. Бірақ Мөңкеден басталған тапқыр сөз дәстүрі ол өреде үлкен орын алады”, – деп жазады (Жұбанов А., Замана бұлбұлдары. А., 1975, 222-бет).
Ахаң Мөңке биге “өз заманында аса тапқыр, ердің құнын екі ауыз сөзбен шешкен адам” деп зор баға бере отырып, жыраудың жаңа заманның бұзылуға айналған бетінен түңілген толғаулары да болғанын оқырман есіне арнайы салып өтеді. Ілгері буынның қадам басқанын аңдып, артық-ауыс пікірлері үшін “халық жауы”, “ескішіл-байшыл” деген айдар тағуға әуес заманда Әбубәкір, Мөңке сияқты ақын-жыраулар шығармашылығы туралы Ахаңның басқаша айтуы да мүмкін емес еді.
Осыдан оншақты жыл бұрын белгілі ғалым Тұрсынбек Кәкішев шәкірттерін ұлт мұрасының ұлық туындыларын жинауға жұмылдырып, бірнеше жинақтар шығарды. Солардың бірі 1992 жылы “Билер сөзі” деген атпен “Қазақ университеті” баспасынан жарық көрді. Онда ғалым Мөңке бидің “Кермиық кеңесінен қалды” деген жұмбақ түрінде сұраулы толғауы мен оған өзінің берген жауабын келтірген.
Осы тақырыптас “Шешендік өнер” атты оқу құралында профессор С.Негимов та Мөңке бидің Халық жазушысы, депутат Шерхан Мұртаза Парламент отырысында сөйлеген сөзінде келтірген әйгілі “Құрамалы, қорғанды үйің болады”, – дейтін толғауын енгізіп, соңынан: “Мөңке бидің бұл тақпақтап айтылған толғамы келер заманның кейпін кемел көрегендікпен сипаттауымен ерекшеленеді. Кесек ойлар кестелі, ұйқасты тілмен өрнектелген. Болжаудың әрбір сөзінде суреткерлік сипат бар. Түйінді тұжырым, бейнелі ой, сұлу сурет, эмоциялы-экспрессивтік қуат бар”, – деген баға береді (Негимов С., Шешендік өнер. А., 1997, 125-бет).
Мөңке творчествосына арнайы қалам тартқандардың бірі жас ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Ш.Керім. Ол бидің өзге зерттеушілер назарына түспеген “Ақырзаман болғанда” деген толғауын Ұлттық Ғылым Академиясы Орталық ғылыми кітапханасының қолжазба қорынан тауып, өз түсіндірмесімен “Ана тілі” газетінің бетінде жариялады.
Мөңке бидің мұрасын ғана емес, бүкіл өмірін қазақтың би-шешендері шығармашылығын зерттеуге арнаған фольклорист-ғалым Балтабай Адамбаев өзі құрастырған бірнеше жинақтарда Мөңке бидің Сырым батырға қойған философиялық астарлы сұрақтары мен оған Сырымның қайтарған жауабы, сондай-ақ Мөңкенің шеркеш Түрке би, тана Нұрке билермен кеңесіп отырып айтты дейтін “Бұл, бұл үйрек, бұл үйрек” дейтін толғауларын енгізген. Ғалым соңғы толғауды “Сәуле” журналының 1924 жылдың 1-санында жарияланған нұсқасынан алған. Кейін бұл толғауды дәл осы жарияланымнан алып, С.Сейфуллин өзінің “Қазақ әдебиеті” атты еңбегіне енгізген.
Мөңке туралы сүбелі мақала жазған ғалымдарымыздың бірі – Серікқали Байменше. Оның осыдан үш жыл бұрын “Егемен Қазақстан” газетінің бетінде жарияланған “Мөңке бидің Нострадамустан несі кем?” атты мақаласы ол туралы тәуелсіздік жылдары жинақталған жарияланымдар мен зерттеулерді қорытып түйіндеген тиянақты туынды болып шықты.
Міне, байқап отырған боларсыздар Мөңке бидің есімі ескі заманда да, кеңес кезеңінде де, еліміз тәуелсіздік алған жылдарда да ел жадынан, халық есінен шыққан емес. Әр заманда да халық оның шығармашылық мұрасынан өз жоғын тауып, хал-қадірінше рухани қажетіне жаратып отырған. Мөңке есімі Ә.Кекілбайдың Республика Мемлекеттік сыйлығын алған тарихи полотносы “Үркер” романында да аталды. Жалпы жазушы туындысындағы оқиға өмірде нақты болған, тіпті тарихи құжат ретінде хатқа да түскен.
Қазақ руханиятының үш ғасыр бойы тарихынан ойып орын алған Мөңке би кім еді, оның өмірі несімен өнегелі? Осы сұрақтарға да жауап іздеп көрелік.
Мөңкенің туған, өлген жылдары туралы мәліметтер бір жүйеге түспеген. Ол туралы “Қазақ әдебиеті”, “Ақтөбе” энциклопедияларындағы деректер де ала-құла. Кейінгі басылымда оның өмір сүрген заманын жаңсақтықпен бір ғасырға дейін шегерген.
Мөңке, ең алдымен, Әбілқайырдың замандасы. Ханның жақын кеңесшілерінің бірі, ақылгөй абызы болған.
Әбілқайыр туралы қазақ әдебиеті мен ғылымында аз жазылмаса да осы бір қазақ тарихындағы күрделі тұлғаның бар болмыс-бітімі, өмірінің қалтарыс, бұрылыстары, ішкі сырының иірімдері мен түпкі мақсаты түгел ашып көрсетілді деу қиын. Барлық күш-қуаты бойында, билеуші үшін шау тартты деуге келмейтін 56 жасында дүние салған Әбілқайыр ханның ақыл қосар кеңесші биі болған, ол дүние салған соң Кіші жүз бен Орта жүздің игі жақсылары атынан орыс патшайымына Нұралы ханның билігін тану туралы хатқа қол қою құрметіне ие болған Мөңке қайткен күнде де Әбілқайырдан жасы үлкен болғаны анық.
Мөңкенің жасын анықтауға оның әкесі Тілеудің 1684 жылы Сайрам соғысында опат болғаны да өз жарығын түсіргендей. Шежіре деректері бойынша бұл кезде Мөңке тоғыз жасар бала екен. Егер А.Байтұрсынов келтірген деректе Мөңке 7 жасынан бастап ділмарлығымен көзге түскен дана бала болса, оның жасының әкесі қайтыс болғанда ел жадында қалуы ақылға әбден қонымды. Осы тұрғыдан тұжырым жасар болсақ Мөңке 1675 жылы дүниеге келген болып шығады. Сонда ол Әбілқайырдан 18 жас үлкен болып шығады. Бұл да қисынға келетін есеп.
Әбілқайырды 1748 жылдың 12-қыркүйегінде Қабырға өзенінің бойында кездескен жерінде Орта жүздің сұлтаны Барақ қастандықпен өлтіреді. Хан өлгенде соңында Нұралы, Ералы, Қожахмет, Айшуақ, Шыңғыс және Әділ атты алты ұлы қалды. Әкесінен кейін хан тағына отырған Нұралы Әбілқайыр мен Бопай ханшаның тұла бойы тұңғышы еді.
Әбілқайыр көзі тірісінде-ақ Нұралыны мұрагер ретінде хан тағына дайындай бастағанға ұқсайды. Сондықтан ол 1741 жылы сол кездері формальды болса да Иран шахы Нәдірдің билігіндегі Хиуа тағына Нұралыны отырғызады. Нұралының Хиуа билеушісі болғаны жөнінде тарих ғылымында әртүрлі алыпқашпа әңгімелер бар. Нұралының азғана уақыт болса да Хиуа тағына отырғаны ақиқат. Бұл туралы сол оқиғалардың куәгері П.И.Рычков: “Шах кеткен соң, хиуалықтар бұл ханды өлтіріп, өздеріне хандыққа Әбілқайырдың баласы Нұралы сұлтанды сайлап алды”, – деп жазады (П.И.Рычков, Н.П Рычков, Капитан жазбалары. А., 2002, 40-бет).
Мөңкенің есімі орыс мұрағатына Әбілқайыр өлімінен кейін Кіші жүздегі жағдай әбден шиеленіскен 1748 жылы хатқа түскен. Ол әуелі Әбілқайыр өлімінің себеп-салдарын анықтауға жіберген аударма Юмағұл Гуляевтің жазбасында аталады. Онда: “И того же числа все знатные бии и батыры, согласясь, четырех биев: а имянно: Чюмекейского роду – Джалгана; Чиктенского – Сырлыбая, да Бабия и Мунка”, – деген жолдар бар (Архив внешней политики России, ф.122, 9-8, пл.27-29). Құжат 1748 жылы қыркүйектің аяғында жазылған. Зерттеуіміздің мақсаты Әбілқайырдың өлімі болмағандықтан біз құжаттағы бұл мәселеге қатысты деректерді талдаудың қажеті шамалы деп есептейміз. Бұл құжаттың бізге беретін мағлұматы отаршыл аппараттың саққұлақ шенеунігі Мөңкені Кіші жүздегі атақты төрт бидің қатарына қосатыны. Құжат хатқа түскен жылы бидің жасы – 73-те.
Мөңкеге қатысты екінші бір құжат 1748 жылдың 5-қазанында жазылған. Ол Россия императрицасы Елизавета Петровнаға Кіші жүз бен Орта жүздің ең беделді 32 би мен батыры қол қойған Нұралыны хандық билікке бекіту жөніндегі өтініші.
Құжаттың қазақ тарихы үшін мән-маңызы ерекше болды. Себебі Ресейге бодан боларда Әбілқайыр Кіші жүздің заңды ханы ретінде Ресей империясымен дипломатиялық байланысқа түскен. Демек ол кезде Әбілқайырдың хандық құзыретін Ресейдің тануының қажеті болмаған. Сондықтан Нұралыны хандық билікте бекіту туралы өтініш орыс-қазақ дипломатиясында бұрын-соңды орын алмаған жаңа прецеденттің негізін салды. Оның өзіндік себеп-салдары да болды.
Әбілқайыр дүние салған соң Орта жүздің Бөгенбай батыр бастаған бірқатар игі жақсыларының қатысуымен Кіші жүз халқы хан сайлаудың Шыңғыс хан заманынан келе жатқан барлық дәстүрлерді сақтай отырып Нұралыны хан тағына отырғызды. Дәл осы кезде қайтыс боларының алдында Әбілқайырға қырын қарай бастаған Кіші жүздің шөмекей, шекті, төртқара, қарасақал сияқты рулары Қайып ханның ұлы Батыр сұлтанды хан көтеріп үлгерген еді. Сондықтан Кіші жүздің басым көпшілік руларының қолдауына ие болған Нұралы өз билігін Ресей империясы тарапынан заңды түрде бекіту арқылы Батыр сұлтанның хандық құзіретінің заңсыз екендігін дәлелдеп, оның билігіндегі аталастарын біржолата өзіне қаратуды мақсат етті.
Нұралы жағында Ресей императорынан ең алғаш “тархан” лауазымын алған Орта жүздің белгілі қайраткері Шақшақ Жәнібек те болды, болып қана қоймай оның есімі патшайымға өтініш жазған 32-нің басында тұрды.
Осы тұста мына бір фактіге де ерекше назар аудара кеткен жөн сияқты. Әбілқайыр Кіші жүздің ханы бола тұра өмірінің соңына дейін өз билігін қазақтың өзге аумағына да жүргізуді мақсат еткен амбициялық жоспарын тастаған жоқ. Оның ұлы Нұралыны Хиуа тағына отырғызуы, Ресей империясынан жасырып парсы патшасы Нәдір шаһпен келіссөз жүргізуі, Ортажүздің бірқатар рубасылары, батыр, билерін өзіне жақындатып, қанатының астына алуы осының айқын айғағы болса керек, Бірақ оның кенеттен қайтыс болуы бұл жоспарлардың орындалуына мүмкіндік туғызбады.
Енді Орта жүз бен Кіші жүздің игі жақсылары қол қойған құжатқа келейік. Өтініштің негізгі мазмұны екі пунктпен белгіленген: “1-е. Вашего и.в. вернопаданный Абулхаир хан от сего света отшел, а наместно ево наследству выбрали мы в ханы сына ево Нурали-солтана.
2-е. И хотя мы ево, Нурали-солтана, по своему обыкновению, в ханы и выбрали, токмо без особливаго Вашего и.в. высочайшаго указа главным ханом учинить мы ево не в состоянии. Того ради Вашего и.в. всеподаннейше просим, дабы высочайшим Вашего и.в. указом повелено было одному Нурали-солтану наместно отца ево, Абулхаир-хана, быть главным ханом и на что ханство наградить ево Вашего и.в. высочайшею за золотой печатью грамотою.
Всемилостивейшая государыня, просим Вашего и.в. на сие наше всеподаннейшее доношение милостливую резолюцию учинить” (АВПР, ф.122, д.8,л.л.15-16).
Құжатқа Орта жүздің екі беделді адамы Шақшақ Жәнібек тархан мен Керей Наурыз би бастап, Кіші жүздің 30 би, батырлары қол қойған. Сол қол қойып, ру таңбаларын басқан игі жақсылардың жуан ортасында Мөңке бидің есімі бар.
Белгілі тарихшы ғалым, тарих ғылымдарының докторы, профессор Жанұзақ Қасымбаев Нұралы хан өміріне қатысты мұрағат ақтарысып жүріп, дәл осы жылдың осы күні (1748 жылдың 5-қарашасы) Әбілқайырдың жесірі Бопай ханшаның Елизавета Петровнаға тура осындай мазмұндағы жолдаған хатын тапқан. Онда : “И хотя народ наш оного сына моего Нуралы солтана в ханы выбрали, того ради Вашего императорского величества Всеподанейше прошу оному сыну моему Нуралы солтану в место отца его Абулхаир хана главным и настоящим ханом быть повелеть, и на что ево ханство наградить его Вашего и высочайшего за золотою печатью грамотою”, – делінген (Касымбаев Ж., Государственные деятели казахских ханств (XVIIIв). А., 1999, с.145).
Бопай ханша Әбілқайырдың өз билігін қазақтың өзге рулары есебінен кеңейте түсу жоспарынан хабардар болған. Тіпті бұл жоспарды екеуі бірлесіп жасауы да мүмкін. Сондықтан патшайымға жазылған екі хаттың екеуінің де инициаторы Бопай болған сияқты. Және бұл құжаттардың бірде бірінде өтініш айтушылар Нұралыны Кіші жүздің ханы болсын деп анықтап көрсетпейді. Бопай ханшаның хатында “главным и настоящим ханом” деген тіркес ханшаның Нұралыны үш жүздің ханы ретінде бекітіп жіберсе деген үмітінен хабар берсе керек.
Мөңке би қол қойған бұл өтінішке императрица 1749 жылдың 26-ақпанында жауап беріп, Нұралы Кіші жүз ханы ретінде бекітіледі, бірақ ханға “жалованная грамотаның” түпнұсқасы берілмейді. Осында біраз гәп бар.
Профессор Ж.Қасымбаев Нұралының немересі Жәңгір хан “жалованная грамотаның” түпнұсқасын Ресей архивтерінен індете жүріп, әрең тапқаны жөнінде қызғылықты фактіні алға тартады. Түпнұсқада: “всемилостливейше подтверждаем избрание означенных киргис-кайсаков и утверждаем его сим Высочайшим указом”,- деген жолдар бар. Бұл императрица қазақтың игі жақсылары хан көтеріп, 32 адам қол қойған халық жиналысының хаттамасы іспеттес құжатты бекіткендігін дәлелдейтін факт. “Жалованная грамотаның” өн-бойында Нұралының тек Кіші жүз ханы ретінде бекітілгені туралы бір ауыз сөз жоқ.
Нұралы хан туралы пікірімді мен бұрынғы зерттеулерімде айтқанмын. Сондықтан оның бәрін қайталамастан орыс отаршылдары, жалпы осы отаршыл саясатты жүргізушілер Қазақ даласындағы хандық билікті әлсіретуге қолдан келгеннің бәрін істеп бақты. Олар үш жүздің басын біріктірмеуге бар күшін салды. Кейін үш жүздің игі жақсылары жиылып хан көтерген қазақтың ұлы ханы Абылайдың да бүкілқазақ ханы ретінде құзіретін танымауға тырысуы осының айғағы болса керек. Нұралы ханның да хандық билігін бекітуде олар сол баяғы құйтырқы әрекеттеріне басқан. Оны жүзеге асыруға қазақ даласына келгенше Ресей империясының Стамбулдағы өкілі болған әккі И.И.Неплюевтың қолынан келген амал-айласын жасап баққаны көрініп-ақ тұр.
Сонымен Мөңке би Әбілқайырдың ақылгөй биі ғана болып қоймай, оның ұлы Нұралыны хан тағына отырғызу үшін Ресеймен дипломатиялық байланысқа түсіп, өзін 18-ғасырдағы қазақ қоғамының беделді қайраткері ретінде де көрсете білді. Ендеше біздің ғалымдарымыз Мөңке өмірін зерттегенде оны би, шешен, жырау болды деген анықтамалар аясынан да шығып, өз заманының көрнекті мемлекет қайраткері болғандығына ерекше назар аударуы керек деп білеміз. Жоғарыдағы қос құжат оның осы қырын зерттеймін деп құлшынған зерделі жастарға әлі талай ашылмаған мүмкіндіктердің бар екендігін анық аңғартса керек.
Мөңке – би, сондықтан оның аты аталғанда үнемі “би” сөзі тіркесе жүреді. “Ортағасырлық қазақ қоғамының бүкіл құқықтық әлемінде негізгі билік “дала заңының” билігі болды. Ал оның қорының сақтаушысы, реформаторы және жүзеге асырушы күші – билер болды. Би, ең алдымен, сот (судья). Бидің өзі де, билігі де түп-тамырымен халықтың тарихына байланысты болды. Сол себепті ол беделді, дәстүрлі билік қатарында болды. Би халықтың сана-сезімінде ақиқаттың ақ туын көтеруші ретінде сипатталады”, – деп жазады қазақ заң ғылымының патриархы, академик Салық Зиманов (Қазақтың ата заңдары, А., 2001, 17-18 беттер).
Би көшпелі қоғамда қашанда билік басынан ажырамаған тұлға, хан кеңесшісі қызметін атқарды. Бұл “түгел сөздің түбі бір, түп атасы – Майқы би” деп аталатын есте жоқ ескі замандарда (біздің дәуірімізге дейінгі 2 ғасыр шамасы) өмір сүрген Майқы биден бері үзілмей келе жатқан көшпелі қоғамның көп өзгеріске ұшырамаған құқықтық дәстүрлі институты. Бұған қазақтың ұлы ағартушы ғалымы Ш.Уәлихановтың: “Билер соты, 50 жыл бойғы орыс саясатының әсеріне қарамастан, бізге дейінгі жүздеген, бәлкім, мыңдаған жылдар бұрын қандай болса, сол қалпында қалды”, – деген сөздері дәлел.
Қазақ қоғамында дау шешу, билік айту, бір сөзбен айтқанда, сот функциясын атқару қашанда оңай шаруа болмаған. Еуропалықтар дәстүрлі қазақ құқығын: жауапкершілікке тарту, жаза кесу, айып салу, құн төлеуге көбінесе “жабайылық нормалар” деп мұрын шүйіре қараған, бірақ бәрі емес. Поляктың бекзат ортасынан шыққан Адольф Янушкевичтің күнделіктеріндегі билер сотын бақылау барысында жазылған мына бір жолдарға назар аударайықшы: “Бұл даулы іс бізді бірнеше күнге аялдатты. Өйткені бір-бірімен жауласқан екі жақ, егеске түскен. Бұл дау әбден ұшығып шегіне жеткен. Минут сайын сөзге жаңа шешендер араласады. Осындай дала Демосфендерінің кейбіреулерінің сөздері мәнерлігімен, жігерлігімен мені барынша қызықтыра түсті. Тоқымбай старшина мен Бейсекенің өзі егер ертедегі Грекия мен Римде өмір сүрсе, даңқтан белі бүгіліп кеткен болар еді” (Янушкевич А., Қазақ даласына сапар туралы жазбалар, А., 2003, 27-бет). Қазақтың кез келген ауылында кездесе беретін қатардағы билердің іс-әрекетіне осынша таң-тамаша қалған поляк зиялысы Мөңке билердің шешкен дауына қатысса Демосфенді қойып, оны Цицеронның өзімен қатар қоятынына менің күмәнім жоқ.
Қазақ билерінің данышпандығы туралы А.Янушкевич қана жазып қойған жоқ. Шоқан Уәлихановтың “Суд в древней народной форме” атты еңбегінен кейін белгілі шығыстанушылар И.Крафт, А.Е.Алекторов, Д’ Андре, Л.Баллюзек, И.Козлов, А.И.Крахалев, т.б. билер соты, дала құқығының ерекшеліктері туралы тамсана жазды. Бұл тақырыпқа данышпан Абайдан бастап, Шәкәрім, Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов, Жақып Ақбаевтар да қалам тартты. Әсіресе императорлық Санкт-Петербург университетінің заң факультетін бітіріп, қазақтың дәстүрлі отбасылық заңынан магистрлік диссертация қорғаған Жақып Ақбаев бұл тақырыпты тереңдете зерттеп, соңына мол ғылыми мұра қалдырды.
Дала демократиясының өзіндік нормативті-құқықтық негіздері болды. Ол әдетке, ғұрыпқа, ережеге негізделді. Билер сотында қаралатын жер дауы, жесір дауы, ер дауы, мүлік дауы осындай заңдарға негізделіп шешілді. Тіпті билер ең жиі қолданатын жаза – айып салудың өзі күрделі құқықтық институт болды. Зерттеуші Н.Айтқұлованың пайымдауынша айыптың құрамында хандық (хан не сұлтан алымы), билік (би ақысы), жасауыл ақы (бітісуші жақтарды билікке әкелушінің ақысы), кепіл ақы (кепілдікке жүрушінің ақысы), қалам ақы (іс жүргізушінің төлемі) төлемдерінен бастап сүйіншіге дейін қарастырылған. Айып құрамының мұндай күрделілігі екі ортаға сыналап кіріп, пайда табу, пара алуды мүлде болдырмаған. Міне, сондықтан И.Козлов: “Киргизский суд – гласный, публичный, совестный и мировой”, – деп қазақ билер сотына өте әділ баға берген (Материалы по обычному праву казахов. Сб.1. А., 1998, с.225). Ендеше Мөңке бидің билік қызметі де қазақстандық заңгер ғалымдар тарапынан болашақта арнайы зерттеледі деген сенімдемін.
Мөңке – философ. Философ болғанда қадым замандағы Қорқыт, беріде Асан Қайғы дәстүрін жалғастырған дала данышпаны.
Жеті жасынан бастап-ақ сөзіне тыңдаған жұртты ұйытқан дала биінің философиялық толғауларының бүгінгі күнге жеткені асылдың сынығындай аз ғана дүние. Соның өзі Мөңке бидің бүкіл болмыс-бітімінен әжептәуір мағлұмат бергендей. Оның риторикалық сұрақ-жауап, болжау, билік, кесім, шешім түріндегі бізге там-тұмдап жеткен мұрасы философ ғалымдарымыз тарапынан арнайы зерттеуді қажет етіп тұрғаны анық.
Мөңкенің философиялық толғауларында көшпелі қоғамның отырықшы елдің институттарына іштей қарсылығы айқын сезіліп тұрады. Бұл қарсылық қарапайым тұрмыс-тіршіліктегі ерекшеліктерден бастап, мемлекеттік саяси билік институттарының қызметіне дейін – хан билігі, батыр беделі, би шешімі, әлеуметтік өмірдің алуан саласынан бастап, дәстүрлі көшпелі мәдениеттің кескін-келбетінің өзгеруіне дейінгі қазақ қоғамының бүкіл палитрасын қамтиды. Мөңкеге дейін солай болған, Мөңкеден кейін де біз қанша отырықшы болсақ та бабалар сайрандаған киіз туырлықты көшпелі тірлікті идеалдандыруымыз әлі қала қойған жоқ. Бұл тәрбиемен емес, қанмен бойға сіңетін феноменальды құбылыс. Осы тұрғыдан алғанда еврей ғалымы А.М.Хазановтың: “Номады никогда не смогли существовать сами по себе, без внешнего мира, представленного некочевыми обществами с иными системами хозяйства. Напротив, кочевое общество могло функционировать лишь до тех пор, пока этот внешний мир не только существовал, но и допускал возможность его реакции – социальной, политической, культурной, словом, всесторонней, при которой номады оставались номадами”, – деген сөздері көкейге әбден қонады (Хазанов А.М., Кочевники и внешний мир. А.,2002, с.69). Мөңке философиясы көшпелі қазақтар қандай мықты өркениеттің әсері болса да көшпелі болып қалуы керек дейтін кредоны ұстанудан туған философия. Оны жатсыну оңай, түсіну қиын. Ендеше біз осы қиыннан қиыстырып жол табуымыз керек.
Мөңке – сәуегей. Ол туралы қалам тартқандар Мөңкені болашақ келбетін тап басқан болжампаз ретінде бейнелейді, кейбірі тіпті Нострадамуспен де теңейді.
Ғылым мен техника, медицина қаншалықты қарыштап дамыса да әлі күнге дейін адам мүмкіндігінен асқан емес. Адам қабілет-қарымының жұмбағын шешкен де әлі ешкім жоқ. Төрт ғасыр бойына адамзат қоғамын таң қалдырып келе жатқан сондай жұмбақ жандардың бірі өзіміз жиі-жиі Мөңкемен салыстыратын осыдан тура 500 жыл шамасы бұрын дүниеге келген француз сәуегейі Мишель де Нострадам немесе батыс әдебиетіндегі Нострадамус. Ол туралы жазылған кітаптардың өзі бір кітапхана болатын шығар-ау, сірә.
Қайта өрлеу дәуірінде дүниеге келген Нострадамус кейбіреулер айтқандай көп шарлатандардың бірі емес, өз заманына сай классикалық білім алып, медицина докторы атанған оқымысты адам болған. Ол соңына мол мұра: қысқаша катрен түрінде берілген он томдық “Центурийлер” аталатын болжамдарын қалдырып кетті. Ақыры Мөңкемен салыстырып қалған екенбіз, оқырманға түсініктірек болу үшін Нострадамустың өміріне қатысты бірді-екілі деректерді келтіре кетейік.
Француздың әйгілі королі Генрих ІІ дәуірлеп тұрған кезінде қайтыс боларынан үш жыл бұрын Нострадамустан мынандай болжам алады. Онда былай делінген: “Молодой лев победит старого на поле битвы в поединке. Он пронзит его глаза через золотую клетку. Две раны, нанесенные одним, а затем он умрет страшной смертью”. Осы ескертуден үш жыл өткен соң Генрих ІІ рыцарлық турнир кезінде жас капитан граф Монтгомеримен жекпе-жекке шығады. Жекпе-жек үстінде Монтгомеридің найзасы корольдің алтын қалқанын тесіп өтіп сол көзіне қадалады. Найзаның ұшы корольдің көзін ағыза миына жетіп әрең тоқтайды. Тоғыз күн қиналып, король жантәсілім етеді. Бұл сәуегейлік Нострадамустың атағын бүкіл Европаға жайды.
Жалпы өз басым болжау біткеннің бәріне онша көп сене бермеймін. Бірақ осыдан бірнеше жыл бұрын қолыма 1996 жылы Мәскеуден орыс тіліне аударылып басылған Джон Хоугтың “Нострадамус. Новые откровения” деген кітабы түсті. Кітаптың шыққан жылына назар аударып отырғаным, оның Нью-Йорктегі 2001 жылдың 11-қыркүйегіндегі әйгілі трагедиядан бес жыл бұрын басылғандығына оқырман назарын аудару. Сонда Нострадамустың жүзеге аспаған болашаққа арналған болжамдары ішінен мынандай жолдарды оқыдым: “Великий город на берегу океана, окруженный хрустальным болотом, в зимнее солнцестояние и весной пострадает от ужасного ветра”. Байқайсыз ба, Нострадамус нақты кісінің атын, оқиға болатын жылды, мемлекетті не қаланың атын атамайды. Жоруды әркімнің өзіне қалдырады. Жоғарыдағы болжамдағы “великий город на берегу океана” деп Нью-Йоркті, “хрустальное болото” деп сырты әйнекпен қапталған Әлемдік сауда орталығын, “ужасный ветер” деп дыбыстан жылдам ұшатын ұшақтарды шамалауға әбден болатын сияқты.
Тағы бір мысал. Нострадамус өлерінен екі апта бұрын: “По его возвращении из Посольства дар короля положен на место. Он больше ничего не совершит. Он уйдет к Господу. Близкие родственники, друзья, братья по крови найдут его мертвым у постели и скамьи”, – деген болжам айтады. Шындығында ол бұдан кейін ешқайда шықпай, өз үйінде қайтыс болады. Отбасы мен достары оның өлі денесін өзі айтқандай төсек пен сәкінің ортасынан (у постели и скамьи) табады.
Мөңке бидің де қайтыс болуы осыған ұқсас. Би демі таусыла бастағанда: “Мен өлгесін ақ бура мініп Жақайым Сартай деген кісі келер, жаназамды сол оқыр”, – депті. Сол күні би дүние салып, ағайындары жаназасын кімге шығарарын білмей дал болады. Себебі Сартай молданың ауылы бірнеше күншілік жерде екен. Сөйткенше болмай сырттан шөккен түйенің “бақ” еткен даусы естіледі. Мөңкенің ағайындары киіз үйден сыртқа атып шықса, асыға басып Сартай молда келе жатыр екен дейді.
Әрине, Мөңке би өз болжамдарын жүйелеп, хатқа түсіре алған жоқ. Дегенмен көшпелі тірліктің тіні бұзылмаған қоғамда өмір сүрген ол заман аңысын аңдап, оның кескін-кейпін дәл болжай білген. Бұл туралы ұлы Мұхтар Әуезовтың “Абылай дәуірінде зар заман ақындары екі алуан болған. Мұның бірі – елге келер күннің жұмбағын шешіп беріп, үлгі өсиет сөйлейтін, болжау айтқан қария; екіншісі – толғау айтқан жырау”, – деген бағасы тура Мөңкеге қаратып айтылғандай (Әуезов М., Әдебиет тарихы. А.1991, 240-бет). Мұхаң айтқан екі қасиеттің екеуі де, әсіресе “келер күннің жұмбағын” шешкен болжау айту Мөңке шығармашылығының басты белгісі деп білген жөн.
Мөңкенің:
“Түрлі-түрлі халық болады,
Күндіз-түні жарық болады…
Дүниенің жүзіне
Өре мен темірден жол тартылады…
Адам ақысыз жұмыс істемейді
Дүниені түрлеп кестелейді”, – деген болжамдарының, шындығында, Нострадамус катрендерінен несі кем? Қазіргі Қазақстандағы көп ұлтты халық, күндіз-түні жанған жарық, айқыш-ұйқыш тартылған темір жол, жалақылы жұмыс – бәрі-бәрі келіп-ақ тұрған жоқ па?
Сәуегей бидің тағы бір толғауы:
“Қу моладан үйің болады,
Қу баладан биің болады.
Кебір жерге теңеледі.
Әйел ерге теңеледі.
Сиыр өгізге теңеледі.
Көл теңізге теңеледі.
Ащыны ащы демейді.
Сағынып тамақ жемейді.
Тапқанын олжа демейді
Алһам білгенін молда дейді.
Бір-біріне қарыз бермейді,
Шақырмаса, көрші көршіге кірмейді”, – бүгінгі заман келбетін көз алдыңа әкеледі. Осы бір шағын толғауда әлеуметтік теңдік, эмансипация, ащы суға әуестік, қаптап кеткен дүмше молдалардың көбеюі, адамдардың арасында алыс-берістің азаюы, т.б. Мөңке қайтыс болғаннан кейін бір жарым ғасырдан астам уақыт өткен соң өмірге келген өзгерістер. Ендеше мұны сәуегейлік демегенде не дейміз.
Мөңкенің ел арасында кеңінен тараған мына бір толғауы да замана бүгінгі заман келбетін дәл-ақ берген емес пе?
“Құрамалы –қорғанды үйің болады,
Айнымалы, төкпелі биің болады.
Халыққа бір тиын пайдасы жоқ
Ай сайын басқан жиын болады.
Домалақ-домалақ түймедей дәрің болады.
Жастарға билігі жүрмес кәрің болады.
Алашұбар тілің болады,
Дүдәмалдау дінің болады.
Әйелің базаршы болады,
Еркегің қазаншы болады.
Сарылып көлік тосасың,
Құны жоқ қағазды судай шашасың”.
Қалалық жердегі құрамалы-қорғанды үйлер, айнымалы-төкпелі соттар, халыққа пайдасы жоқ жиындар, алашұбар тіл, дүдәмалдау дін, базаршы болған әйелдер, қазаншы болған еркектер, көлік тосқан жұрт, құны жоқ құнды қағаздар – екі ғасыр бұрын Мөңке болжаған бүгінгі күннің шынайы шындығы емес пе?
Нострадамус та ешбір болжауын қолмен қойғандай нақпа-нақ айтпаған, көбінесе тұспал, ишарамен жеткізіп отырған. Осы тұрғыдан келгенде Мөңке бидің де толғауларынан біз көзі ашық, көкірегі ояу, болашақтың беталысын, бағытын, бағдарын болжай білген сұңғыла адам болғандығын айқын аңғарамыз.
Мөңкенің сәуегейлігі ел арасында кеңінен тарап, ол көзі тірісінде-ақ әулие атана бастаған. Содан болар атақты халық ақыны Нұрпейіс Байғанин:
«Тілеуімнің ішінде, Әулие өткен Мөңке би», – десе, әйгілі Сарышолақ ақын:
«Тілеудің ұлы Мөңке еді,
Алты Алашқа бас болған.
Қара мойын серке еді,
Ақылы зерек әулие,
Қиянға көңіл сілтеді», – деп Мөңкені әулие тұтқан.
Мөңке – жырау. Жырау болғанда өзінен бір-екі ғасыр ғана бұрын өмір сүрген Қазтуған мен Доспамбет дәстүрін дамытқан жырау. Тіпті Доспамбет, Шалкиіз бен Махамбеттер арасын жалғастырып тұрған поэтикалық көпір сияқты.
Шалкиіз “Ор, ор қоян, ор қоян”, – десе, Мөңке “Бұл, бұл үйрек, бұл үйрек” деп толғайды. Немесе Мөңке
“Қырға боран бораса,
Нуға боран борар ма” десе, Махамбет оны өзінше іліп әкетіп: “Орай да борай қар жауса,
Қалыңға боран борар ма”, – деп жалғастырады. Тағы да салыстырып көрейік:
Қазтуғанда:
“Бұдырайған екі шекелі
Мұздай үлкен көбелі”,
Мөңкеде:
“Тегеуріні төрт елі
Аспаннан түскен тас-түлек”,
Махамбетте:
“Еңселігім екі елі,
Егіз қоян шекелі”, – болып келеді.
Мұндай құйма алтындай кесек тіркестер, тапқыр теңеу, терең ой, әр алуан мағына, сөзбен салынған сурет, риторикалық сұрақ-жауап жыраулар поэзиясының жалғасы саналатын Мөңкенің де поэтикалық мұрасына тән сипаттар.
Мөңке би араға үш ғасырға жуық уақыт салып, өзінің бүкіл ұлықтық болмыс-бітімімен туған халқымен қайта табысты. Сағынған жұрты да бабасына лайық құрмет көрсетіп, туған жері Ақтөбе облысы Шалқар ауданындағы Қайнар ауылына Мөңке бидің есімін берді, облыс орталығында бидің тас мүсіні орнатылды.
Мөңке бізге несімен қымбат? Мол мұрасынан тағылым, тәрбие алу үшін қымбат. Мөңке бидің рухани ұстаздарының бірі Шалкиіздің ноғай бауырларда сақталған толғауларының бірінде:
«Сіз де өлерсіз, өлерміз біз өзіміз,
Өлген соң жұмылар екі көзіміз.
Біз өлген соң қалғандармен,
Сөйлер біздің сөзіміз», деген екен.
Шалкиіз айтқандай бабалардың өзі дүниеден өтсе де, соңында ұрпақтарының талай буынымен тілдесетін мәңгі өлмес сөзі қалды.
Осы орайда тура он жыл бұрын – 1993 жылы Ордабасының биігінде тұрып, қазақтың үш ұлы биі – Төле, Қазыбек, Әйтеке туралы толғаған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың мына бір сөздері Мөңкеге де қатысты көрінеді маған: “Барша қазақ баласы аттарын ардақтап, айтқандарын жаттаған осы үш бабамыздың ел алдындағы еңбегіне, халық қамын жеген қасиетті ісіне сөз жеткізіп баға беру қиын-ақ. Халық болып сақталғанымыз, міне бүгін егемен ел атанып, тәуелсіздік туын тігіп отырғанымыз, тіпті басқасын былай қойғанда, ата-баба жерінде басымыз аман, бауырымыз бүтін жүріп жатқанымыз үшін бүгінгі ұрпақ осы аталарымыздың аруағы алдында бас иеді”. Біз де өз заманының дара қайраткері, дана философы, ер құнын екі ауыз сөзбен шешкен сұңғыла биі, болашақты болжаған сәуегей абызы, тағылымды жыр толғаған кемеңгер жырауы Мөңке бидің биік рухы алдында басымызды иеміз.

2003ж.




Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to Top ↑