banner-top12

Алыстағы ағайын fJe5hsxIHLlJ3Yyl9Ov1AE5miV9Lrw

Қосқан уақыты Желтоқсан 5, 2014 | 887 рет оқылды | сайтқа қосқан shalqar

0

Моңғолия қазақтары 1990 жылдары атажұртқа оралған қазақ көшінің бастауында

Зардыхан Қинаятұлы
Халықаралық көш табиғи туынды емес. Ол көбінде дүние жүзін қамтыған қақтығыс, төңкеріс, әлеуметтік толқыныстар, империялардың ыдырауы сияқты саяси әлеуметтік оқиғалардан туындайды. Гректер империясының құлдырауы шығыс европалық Славяндар тобын қалыптастырды. Ром империясының құлдырауының әсерінен Түркілердің бір тобы европаға қоныс аударуға мүмкіндік алды. Дүние жүзі бірінші соғысының салдарынан әлем екі тарапқа бөлініп, Ресейдегі қазан төңкерісін өмірге әкелді. Бұл төңкерістің салдарынан бұрын Ресей патшалығының құрамында болған ұлт халықтарының бір тобы ата жұртынан ығысуға мәжбүр болды. Дүниежүзілік екінші соғыс европа ұлттарының ұйқы тұйқысын шығарды.
Ал 1990-жылдары Моңғолиядан бастау алған қазақ көшіне келсек-ол Кеңестер империясы ыдырап оның қарамағында болып келген ұлт елдері, соның ішінде Қазақстан тәуелсіз мемлекет болып қалыптаса бастауынан туындаған құбылыс. Кеңестер одағы ыдырауы нәтижесінде одақ территориясында ұлт ұлтымен қауышу арқылы ұлт өмірінің қайта жаңаруы басталды. Бірақ аталмыш оқиға бұрынғы Кеңес одағы территориясындағы барлық ұлт өкілдерін қамтыған жоқ. Мысалы өзбекстан, Украйна, Қырғызстан, Кавказ республикаларында жаппай көшу болмады. 1990 жылдардағы көш әуелі Ресейдің өзін, сосын Қазақстанды қамтыды. Орыстардың Ресейге қайта көшуі Ресей империясының жүздеген жылдар бойы жүргізіп келген бөгдені отарлау саясатының қарымтасы болса, қазақтардың көшуі қазақтар Кеңес үкіметінің тұсында аса қатаң саяси геноцидке ұшырауының салдарынан еді.
Ресей империясы кейін кеңестер одағы тұсында жүргізіп келген миграциялық отарлау саясаты шеңберінде 1690-1990 жылдар аралығында Ресейден Қазақ жеріне 7 млн. 600 мың адам қоныс аударды (1). Осының салдарынан аталған кезеңде қазақтардың саны 5 млн. 950 мың адамға азайды (2). Айталық 1897 жылы Ресей империясы көлемінде жүргізілген жалпыхалықтық алғашқы жан санағының мәліметтері бойынша Қазақстанның кәзіргі шекарасы аумағындағы қазақтардың үлес салмағы 81% болса, 1962 жылы бұл көрсеткіш 29% ке дейін құлдыраған немесе 65 жыл ішінде 52 орынға төмендеген (3).
Белгілі саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлы 2004 жылдың 10 қыркүйегінде оралман өкілдерімен болған кездесуінде “1931-33 жылғы ашаршылықты былай қойғанда, 1937-38 жылдардағы репрессияларды былай қойғанда, соғыста жоғалтқан азаматтарды былай қойғанда, 50-жылдардағы қиыншылықты былай қойғанда “Бейбіт, жасқы” деген Брежневтің заманында да Қазақ ұлтының потенциалы күн санап кеміп бара жатты” (4) деп қабарлаған еді.
1991 жылы егемендікке қол жеткізген кезде Қазақстанда қазақтардың саны 38%, ал Астана, Алматыда 30% тен аспайтын. Егемендік алған кезде Қазақ ұлты ұлттық демографиялық және ұлттық рухани дағдарыста тұрды.
¦лт деген аса нәзік күрделі құбылыс, кейде демократия өркендеген деген елдің өзінде заңдар ұлттың қорғаушы, жебеушісі бола алмай ұлтын ұлты ғана қорғайтын жағдайлар дүниеде аз кездеспейді. 1990-жылдар бұл төңірегінде ұлттарға естен қалғысыз сабақ берді. 1986 жылғы желтоқсанның берген ащы сабағы да осы еді.
Тәуелсіздік жалпы қазақ үшін ұлт ретінде қайта өрлеудің бастауы болды. Бірақ мемлекет құраушы ұлт өз жерінде азшылық (38%) бола тұра мемлекеттіліктің қандай формасын таңдау керек деген мәселе күн тәртібіне қойылды. Әлем тәжірибесінде мұндай жағдайда конфедерациялық немесе унитарлық мемлекет формасын таңдайтын жағдай да кездеседі. Бірақ Қазақстан басшылығы традициональдық Қазақ мемлекеттігінің тәжірибесіне сүйеніп қазақ ұлтына сүйенген унитарлық мемлекеттілік жолын таңдады. Қазақ көші осынау таңдаудың қажеттілігінен туған туынды, бірақ ол аяқ асты, ат үсті басталған құбылыс емес. Бұл қазақ халқының ежелден келе жатқан жүрек жарды арманы болатын. Егерде көші-қон идеологиясы халықтың жүрегінде сайрап жатпаған болса көші-қон жарылысы тумаған болар еді. Мұндай идеологияның қалыптасуына қазақтың әр кездегі ұлтжанды зиялылары елеулі рөл атқарды. Қазақстан тәуелсіздігін жариялаған күні-ақ көші-қон идеологиясы жарыққа шықты.
1991 жылдың басында әуелі “Қайт қазақ отаныңа” деген Қазақстанның ақын, жазушылары, ғалымдардың үні естіле бастады да, іле-шала президент Н.Назарбаевтың “Алыстағы ағайындарға ақ тілек” атты әйгілі хаты жарияланды. Хатта: “Атамекенге келемін деушілерге жол ашық, ата-баба аруағы алдарыңнан жарылқасын!” деген ақ тілек айтылған.
Хат онсыз да ата жұртына елеңдеп құлақ түріп отырған қазақ қауымын дүр сілкіндіріп, көкірегіне үміт отын жақты. Бұл кезде әлемнің 30 ға жуық елінде 4 млн.-нан астам: ҚХР (2 млн.), өзбекстанда (1,3 млн.), РФ (800 мың), Моңғолияда (132 мың), Ауғанстан, Алемания, Туркия, АҚШ, Канада, ¦лыбритания Швецарияда (70 мыңға жуық) қазақ тұрып жатқан болатын. Бұларды әлемдік демография ғылымы бойынша екі топқа бөліп қарауға болады. ҚХР, өзбекстан, РФ-дағы қазақтар өздерінің тарихи ата мекенінде тұрған ежелгі тұрғындар (ирреденттер), қалғандары жаттың жерінде тұрған ұлт бөлшектері (diaspora) болып табылады. Қазақ бөлімдері өмір сүріп жатқан мемлекеттердің қоғамдық құрылымы, мемлекеттерінің сипаты, ахуал тіршілігімен тіл мәдениеті әр қилы болғандықтан ондағы қазақтар да қилы-қилы тағдыр кешіп жатты. Қытайдағы қазақ зиялылары 1950-жылдардан бері осы елде үздіксіз жалғасып келе жатқан саяси науқандардан қасырет тартып, қуғын, сүргінге ұшырап келді. Иран, Ауғанстанда тұратын қазақтардың көпшілігі тұрған елдерінде азаматтық құқыққа ие бола алмады. Мұндай көрініс Туркияда да кездеседі. Алемания, АҚШ, Ұлыбритания, швецарияда тұратын қазақтардың интеллектуальдық мүмкіндігі осалдау болғанымен тұрмыс деңгейі айтарлықтай болатын. Бұрынғы КСРО империясында тұратын қазақ топтарының тұрмыс салты бір-біріне жақын және интеллектуальдық болмыс, мүмкіндігі жоғарылау еді. Олар басында бір-бірінен қалай ажырасып жатқанын аңғармай да қалды, сондықтан 1990 жылдардың басында өздерін әлі де бір елде тұрып жатқандай сезінетін.
Сөйтіп 1990 жылдары шет мемлекеттерден атажұртқа оралған көш қазақтың көлемді тобы тұратын Қытай немесе өзбекстаннан емес, сонау елеусіздеу жатқан Моңғолиядан басталып кетті. Оның да өзіндік сыры бар. Айталық көш Қытай немесе Еуропа елдерінен басталмауының себебі бұл кезде Кеңестер одағы аталған елдер үшін беймәлім, тіптен жабық дүние болатын. Аталған елдерде кеңестер одағының тек жағымсыз тұстары ғана нәсихатталатын. Бұқаралық ақпарат көздері мүлдем жабық еді. Сондықтан аталған елдерде тұратын қазақтар үшін бұрынғы Кеңес одағы, оның құрамында болған Қазақстанды танып білу үшін уақыт қажет болды. Ал бұрынғы Кеңестер одағы аумағында тұрып жатқан қазақтар үшін Қазақстан тіптен де таңсық емес болса керек. Ал Моңғолияға келсек: 1) Олар үшін бұрынғы Кеңестер одағы танымал ашық жүйе. 1990-жылдарға дейін МХР Кеңестер одағымен тек экономикалық қана емес, идеологиялық бір кеңістікте өмір сүріп келді. Сол кездегі Ресейліктер арасында “Моңғолия шет ел емес, тауық құс емес” деген қанатты сөз айтылатын. 2) Моңғолдар үшін Кеңестер одағы саяси, экономикалық, идеологиялық бірлігімен жақын болса, ондағы қазақтар үшін Кеңестер одағы құрамында Қазақстанның болуымен жақын еді. Моңғолиядағы қазақ зиялылары қазақы барлық мүмкіндіктермен көптен бері таныс. Қазақстанда қазақ тілінде шығатын барлық кітап, баспа құралдар бөгетсіз келіп тұратын, қазақ радио қабарын тыңдайтын, моңғолиялық қазақ зиялыларының бір тобы Қазақстанның жоғарғы оқу орындарында білім алды. Сондықтан Моңғолиядағы қазақ зиялылары Қазақстанның мүмкіндігін жоғары бағалап, оның жетістіктерін пір тұтатын. 3) Моңғолияны сүйеп тұрған Кеңестер одағының ішкі мүмкіндігі сарқыла бастауының салдарынан 1990 жылдары елдің экономикасы тығырыққа тіреле бастады. Жұмыссыздардың саны өсті. Оның үстіне елде қарқын ала бастаған демократиялық қозғалыстар елдің бұрынғы саяси жүйесін әлсіретіп кетті. Нәтижесінде Моңғолияда өздерінің түп-тамыры және буддалық шығысқа бет бұрған түрлі ұлтшыл қозғалыстар пайда бола бастады. Сөйтіп Моңғолиядағы қазақ қауымы бір жағынан “Моңғолым, көк тәңірім, дінім” деген моңғолдардың жан айқайы, екінші жағынан “Қайран елім, қазағым, ана тілім” деген қазақтық екі сезім отының ортасында қалды.
Моңғолия саясаты шығысқа бет бұрды, буддизмге сүйенген бұрынғы ахуал салт қайтадан жаңғыра бастады, моңғолдардың демократиялық жан айқайынан ондағы аз ұлт өкілдерінің үні естілмей қалды. Бірақ Моңғолияның қиыр батысында жатқан қазақ қауымының құлағына Қазақстандағы қазақ өмірінің жаңғырығы Моңғолияның шығысындағы үнінен гөрі тез және жылы естілді. Осынау үн және қазағым деген ащы арманнан Моңғолиядағы қазақ қауымы, оның зиялы тобының арасында көшу идеологиясы қалыптасты. Мұны бір күнде, 2-3 адамның ойлап тапқан бастамасы деп қарамау керек. Көш туралы ой пікір халықтың санасында пісіп жетілген идеология болатын. Моңғолиядағы қазақтардың арасында көш туралы алып қашпа сөз 1989 жылдан басталды. Кейбір қазақ азаматтары 1988 жылдың басында Қазақстанның кейбір көпшілік ұйымдарына хат түсірді. Бұл мәселе осы жылдары Алматыны асып, Москва-Кремль қожайындарына жетті. Сол жылдың аяғында Кеңес одағы Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің бас хатшысы Михайл Горбачев Кеңестер одағының Моңғолдағы елшілігі арқылы Моңғолиядағы қазақ қауымының жай-күйін білуді сол кездегі Кеңестер одағының сыртқы істер министрі Э.Шеварнадзеге тапсырды. Э.Шеварнадзе бұл жағдайды Моңғолияға барған сапары кезінде біріншіден, Моңғол үкіметіне ресми түрде баян етсе, екіншіден, бұл мәселе төңірегінде тиянақты қабарлама тағайындауды бұрынғы Кеңестер одағының Моңғолиядағы өкілетті елшісі В.Н.Ситниковқа тапсырған. Мәселе кезінде елшіліктің басқармасында қаралып, жергілікті қазақтардың жай-күйімен танысу үшін елшіліктің сол кездегі кеңесшісі, қазақ азаматы Омаров Қайыр Рахметжанович бастаған шағын топты 1990 жылы жазғытұрым Баян-өлгий аймағына аттандырады. Қ.Омаров ұлтжанды, сегіз қырлы, бір сырлы азамат. Бірақ Баян-өлгийде болған сапарында қаншама адамдармен жолығысып, қаншама сыр шертіскенімен халық ішінде қайнап піскен ой пікірдің терең сырын аша алмады. Ақыры Моңғолия қазақтарының арасында көші-қон және ұлттық елегізу мәселесі жоқ, ол тек біре жарым адамдардың құр дүрлігуінен туындаған жаңсақ хабар деген сыңаржақтау қорытынды жасалып, бұрынғы Кеңес одағының сыртқы істер министрлігіне жолданады. Мәселе кешікпей Кеңес одағының сыртқы істер министрлігінің жылдық есеп беру кезекті кеңесінде қаралып, “Моңғол қазақтарының арасында көші-қон және ұлт мәселесіне байланысты ешбір дағдарыс байқалмайды” деген тұжырым жасалып СОКП Орталық Комитеті арқылы кезінде Қазақстанның басшыларына ескертіледі. Қазақстан Республикасының президенті Н.Назарбаев 1993 жылы 21 мамырда “Комсомольская правда” газетіне берген сұхбатында: “Сонау Кеңестер Одағының тұсында Моңғолдағы қазақтар мал-жанымен шекара асып келіп, Қазақстанда қалып отырған. Бұл мәселе Горбачевқа жететін еді. Шеварнадзе кезінде бұл мәселені Моңғолия үкіметіне қойған болатын” деп жазады (5).
Атажұртқа көшу мүмкіндігі туа бастаған кезде Моңғолиядағы қазақ зиялылары бұл мақсатты іске асырудың екі түрлі жолын ойластыра бастаған еді. 1) Парламентке заң жобасын ұсыну арқылы көшіп-қонуға заңды түрде жол ашу 2) Моңғолия қазақ қауымының атынан Б¦¦ және бұл мәселеге қатысты мемлекеттердің президенттеріне хат жолдап атажұртқа көшуге жол ашу және халықаралық ұйымдардың қаржылық көмегіне қол жеткізу міне осылар еді. Кезінде қазақстандық зиялы қауым өкілдерінің көмегімен мұндай хат жазылып дайын болып хатты (6) ағылшын және орыс тілдеріне аудару мәселесін қолға алып жатқанбыз. Бірақ 1990 жылдары басталған дүниежүзілік саяси-әлеуметтік процесстің шапшаң өрбігені соншалық уақыт көштің арғы-бергісін ойланып, толғанып жатуға мүмкіндік бермей аяқ асты, басталып кетті. Көшушілер де, көшті қабылдаушылар да “Неде болса көш басталсын арғысын көре жатармыз” деген Наполеондық ұлы қисынға ерік берілді. Қазақтардың атажұртымызға жетсек деген ұлттық арман мұрады, ұлттық идеологияны былай қойғанда көштің бұлайша жедел басталып кетуіне түрткі болған басты мәселе жұмыссыздық және басқадай әлеуметтік мәселелерден туған “қара қазан, сары баланың қамы” еді. Осы мәселеге қатысты автор жинаған сол кездің статистикалық мәліметтеріне жүгініп көрелік.
1989 жылғы санақ бойынша моңғолдардың жалпы адам саны 2,116 мың, оның ішінде жетпістен жоғарғы жастағылар 46,5 мың, 80-89 жастағы адам 11,1 мың, 90-99 жастағы адам 969, ал 100 ден көп жасағандар 31 адам, еңбек жасынан озған адамдардың саны 150 мың және олардың 2,6 мыңы ешбір ұжымнан қандай бір зейнетақы алмайды екен. Осы кезде жұмыссыздардың саны 26 мыңға жетеді екен де, олардың үштен бірі тек қана Баян-өлгий аймағында тұрады. Осыдан болып жалпы қазақтың санына мән беруге тура келеді. Ол кезде Моңғолияда 120500 қазақ болған, олардың 82750 Баян-өлгийде, қалған 37750 қазақ басқа аймақтарда тұрады екен. Мысалы: Уланбааторда – 9863, Хэнтийде – 3655, Қобдада – 12814, Сэлэнгэде – 3229, Эрдэнэтде -1336, Дарханда – 3116, Төв аймағында- 2167, Дорноговьда- 872, Увс аймағында – 950, Дорнодта – 220, Завханда – 68, Архангайда – 90, өвөрхангайда – 65, Хөвөсгөлде – 24. Сөйтіп, қазақ қоныстанбаған аймақ жоқ, қазағы ең аз деген Дундговь аймағының өзінде үш қазақ тұрады екен. Моңғол елінде жылына әрбір 10 мың адамнан 27,5 адам туылып, 8,5 адам қайтыс болса, қазақ туылуы жағынан орташа есеппен 1,5% жоғары. Моңғолдың жалпы адамының жылдық өсімі 2,9% болса, қазақ жылына 3,4% ке өседі екен. Сондықтан ба екен 1927 жылы 27 мыңға әрең ілінетін қазақтың саны 1989 жылы 120500, ал 1992 жылдың басында 136 мыңға, немесе Моңғолияның адамсанының 6,1%- не жеткен. өсіміне байланысты болар жұмыссыз қазақтың саны 1990 жылы 10 мыңнан асқан. Бұл Моңғол елі көлемінде ресми тізімделген жұмыссыздардың 44% еді. Моңғолия үкіметі бұл жағдайға қарамай қойған жоқ. Баян-өлгийге арнап “Бямбасүрэннің қаулысы” (7) деп аталатын қаулы да қабылданды, қолынан келген мүмкіндікті аяған жоқ. Бірақ жоғарыда атағанымыздай, “қысқа жіп күрмеуге келмей” жатты.
өстіп жүргенде Моңғолия тарихында алғаш рет Еңбек министрлігі құрылып, еңбек биржасы деген жаңа ұғым пайда болып, шет елдерге жұмыс күшін шығару туралы бұрын-соңды болмаған жаңа мәселе көтеріліп, “Қазақ адамдарды Қазақстан еңбекке шақырады” деген байлаусыз әңгіме құлаққа шалына бастады. Бұл басында қаншама шешімін таппаған мәселе болмағанымен бір жағынан жұмыссыздықтан жүйкесі шаршаған, екішіден, қазағын, қара шаңырағын аңсаған қазақты елең еткізгені сөзсіз. Қазақ деген ежелден жылқы мінезді елегізгіш, елеңдегіш халық, “көңіліне толқу кіріп” бір дүрлігіп алса, бұл халықты қайтару оңайға түспейді.
Осы кезде қазақ жұмыссыздарын еңбек шартымен Қазақстанға шығару туралы мәселе көтеріліп, Моңғол үкіметінің қолдауына ие болды. Бұл оқиғаның тұрақты бастауында қазақ зиялылары Зақанқызы Сағат, Тұрысбекұлы Аятхан, Уатханқызы Ботагөздер болды. Бұл мәселелердің жай-күйімен танысып қайту үшін Моңғолияның еңбек министрлігінің жолдамасымен Қазақстанға іс сапармен келіп қайтқан төрт адамның құрамында Жапарұлы Зуқа, Тоқтамұратұлы Шегебектер болыпты, ал Зақанұлы Сайт те бастапқы кезеңде бірер мәселелердің басы қасында болғанын атап өткен жөн.
Зақанқызы Сағат. 1948 жылы Моңғолияда туған. 1971 жылы Москваның Халық шаруашылығы институтін экономика мамандығы бойынша бітірген. Институтты бітіргесін көп жылдар бойы Моңғолияның Баға және стандарттау мемлекеттік комитетінде мамандығы бойынша қызмет атқарған. Төрт баланың анасы. Жұбайы Дөрбетхан Тотилаұлы Моңғолия қазақтарынан шыққан игі жақсылардың бірі. Экономика ғылымдарының докторы, кезінде Моңғолияның премьер министрінің кеңесшісі болған білікті экономист. 1987 жылы ауыр науқастан дүние салды. Сағаттың әйел басымен мұндай үлкен істі бастауына жолдасының көзі тірісінде берген ақыл кеңесінің әсері де болған шығар.
З.Сағат ұлтжанды, көзі қарақты, ақынжанды адам. Сағат Зақанқызының “¦рпақтар тоғысы” атты деректемелік шығармасы 2001 жылы “Елорда” баспасында жарық көрді.
Аятхан Тұрысбекұлы Хамит немересі. 1941 жылы Моңғолияда туған. Орта мектепті бітіргесін 1969 жылы бұрынғы КСРО-ның Киев қаласында Технологиялық институттың Автоматика Факультетінде өндірістік технологияларды автоматтандыру мамандығы бойынша инженерлік білім алады. Уланбатор қаласындағы түрлі өндірістерде инженер, бас инженер, цех, өндіріс директоры қызметтерін атқарады. өндірісті автоматтандыру, басқару, технологиялық мүмкіндіктерді толық пайдалануға байланысты бірнеше жаңа бастамаларға мұрындық болады. Ол техникалық санасы жетік, өнертапқыш азамат. Осы жаңалықтарына байланысты үкімет оған Моңғолияның монет сарайын құру ісін сеніп тапсырады. Осы тапсырмаға байланысты Берлин, Будапешт, Варшава, Ленинград, Москваның монет (ақша жасау) сарайларында болып тәжірибе жинақтаған ол Уланбаторда ақша, алтын, күміс, асыл тастан бағалы бұйымдар, орден медальдар жасайтын монет сарайын құру ісіне тікелей араласып, инженерлік терең білімі, өндірістік тәжірибесі арқасында аталмыш сарайды іске қосады.
Ол ұлтжанды азамат. Қазақстан егемендігін алып, қазақ көші басталатын мүмкіндік туғанда бұл істен тыс қала алмай көші-қон мәселесіне араласады. Т.Аятхан Моңғолиядан басталған қазақ көшінің басы қасында болып, алғашқы көштің тауқыметін көтеріскен азаматтардың бірі. Көш басында болғандардың атқарған жұмысы осы мақала аясында кеңінен сөз болады.
Уатхан Ботагөз. 1956 жылы Моңғолияда туған 1973-1978 жылдары Әл-Фараби атындағы Қаз¦У-нің филология факультетін бітірген. 1978-1980 жылдары Баян-өлгий аймағында мектеп мұғалімі, 1980-1991 жылдары Моңғолияның Революцияшыл жастар одағы Орталық комитетінде нұсқаушы, әдістеме кабинетінің меңгерушісі қызметін атқарған. МХРП Орталық комитеті жанындағы Партия жоғарғы мектебін бітіріп саяси жоғарғы білім алған.
1991 жылдан Моңғолияның Еңбек министрлігі жанындағы еңбекпен қамту биржасында, кейін оның Алматыдағы өкілдігінде ұйымдастырушы қызметін атқара жүріп, Моңғолия, Ауғанстан, Иран, Қытайдан атажұртқа қоныс аударған ағайындардың мұнда орналасу ісіне белсене араласады. Сол кезден бері көші-қон және Дүниежүзі қазақтары қауымдастығында үзбей қызмет етіп келеді. Кәзір де ДҚҚ-ның ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі болып қызмет атқарады. Уатхан Ботагөздің еліне сіңірген еңбегі ескеріліп ҚР тәуелсіздігінің 15 жылдық мерекесіне орай ІІ дәрежелі достық орденімен марапатталды. Ол 1990 жылдардан бері атажұртқа оралған қазақ арасынан мұндай сый құрметке ие болған алғашқы қазақ.
Атажұртқа оралу жайлы Моңғолиядағы қазақ зиялыларының жүрегінде талай жылдар бойы пісіп жетілген көкейкесті ізгі арман идеологиясын практика жүзінде іске асыруға мұрындық болған осы азаматтар. Шет елдерден оралған қазақ көші Қазақстанның тәуелсіздігінің арқасында іске асқан, нар тәуекелшілдігі мен у-шуы мол, ХХ ғасыр соңында қазақтың ұлт өмірінде болған ірі оқиғалардың бірі. 1990-жылдары Моңғолиядан бастау алған көштің өзіндік тарихы бар. Енді осы мәселеге тоқталып көрелік.
Моңғолия үшін Баян-өлгий аймағында етек алған жұмыссыздықты азайтудың бір жолы Қазақстанға жұмыс күшін шығару деп танылып, тиісті ағымдар арқылы Қазақстанның бұл төңірегіндегі мүмкіндіктері зерттеле басталды. Бұған Қазақстан жағы да ынталы еді.
Қазақстанда алдын ала жүргізілген кейбір ауызша келісімдер, зерттеулерді негізге ала отырып Моңғолияның Еңбек министрлігі жанындағы халықты еңбекпен қамтамасыз етуді үйлестіру бюросы 1990 жылы желтоқсанның 19 күні қабылдаған №01 шешімі бойынша қолдарына өкілеттілік куәлік хат беріп З.Сағат бастаған жұмыс тобын Қазақстанға аттандырады. Жұмыс тобы Қазақстанға келгесін ол кездегі “Отан” қоғамының төрағасы Шәңгерей Жәнібековтың көмегімен Талдықорған облысының Кербұлақ ауданына келіп Кербұлақ ауданының атқару комитеті төрағасының орынбасары В.М.Колупаев және Ауылшаруашылық бірлестігінің төрағасы Н.Жантілеуовпен келісім шартқа отырады. 1990 жылы желтоқсан айының 27 күні екі жақ Сарыөзекте қол қойған №01 үшбу келісім шартта: Қазақстан жағы 1991 жылы 1 наурыздан бастап Моңғолиядан мал бағуға бейімді 80 адам, көгеніс өсіру, құрылыс салу және инженер, техникалық қызметке икемді (әр қайсысы 10 адамнан) барлығы 110 адамды (қазақтарды) еңбек шарты бойынша қабылдауға келісім береді.
Еңбекке қабылданатын адамдардың жол қаражатын көтерумен қатар еңбекшартымен келген әрбір адамға 1000 рубль ақшалай және 15 қой, бір бас сиыр енші бөліп беруді Қазақстан жағы өз мойнына алады. Келісім шарт қол қойылған күннен бастап 4 жыл уақыт бойы өз күшінде қалады деп танылады. Келісім қарапайым ғана болғанымен іс жүзінде 1990-жылдары басталған қазақ көшіне сара жол ашылуына түрткі болған құжат. Құжатқа Қазақстан жағынан жоғарыда аты аталған В.М.Колупаев, Н.Жантілеуов, Моңғолия жағынан МХР Еңбек министрлігінің өкілдері З.Сағат, Ж.Зуха қол қойып, мөр басылып, бес дана хатталыпты.
Келісім шарт бойынша 1991 жылы 17 наурызда З.Сағат, Т.Аятхан алғашқы 96 адамды Талдықорған облысы Кербұлақ ауданына әкеліп жұмысқа орналастырады. Іле-шала бұларға Ж.Зуха бастаған құрылысшылар тобы келіп қосылады.
Көштің осылайша басталып кетуі Моңғолияның түкпір-түкпіріндегі қазақ қауымын елең еткізіп, халықтың көкейіне үміт отын жақты. “Моңғолия қазақтарының атажұртқа оралған 1990- жылдардағы көші” атты тарихи құбылыс “Еңбек шарты” арқылы ойламаған жерден осылайша өмірге келді. Сөйтіп Моңғолия қазақтары еңбек шартымен Қазақстанның облыс, аудандарына ауыл-ауылымен, топ-тобымен жаппай көшіп келу басталды. Алдыңғы ілекте Нұртазаұлы Сатей, Зақанұлы Сайт, Сауытханұлы Қуат қатарлы бір топ азаматтар бастаған ауылдар Алматы облысына, Бұрханұлы Шаяхмет бастаған көш Қостанай және Батыс қазақстан облысына, Қырқынбайұлы Қабылбай бастаған көш Павлодарға, Қуанбайұлы Қабдолда бастаған көш Ақтөбе облысына келіп түсті. Бір топ ауыл Семей облысына келді.
Нәтижесінде көш мемлекет аралық құбылысқа айналды. Еңбек министрліктері арқылы екі мемлекет те қазақ көшіне ынталық таныта бастады. Қазақстанның еңбек министрлігінің шақыруымен Моңғолияның Еңбек министрі Ц.Цолмон бастаған делегация 1991 жылы 19 маусымда Қазақстанға келіп келіссөз жүргізді. Екі жақты делегация бұл жолы басқадай мәселелермен қатар Алматы қаласында Моңғолияның еңбек министрлігінің тұрақты өкілдігін ашу туралы протоколға қол қойды. Моңғолияның еңбек министрлігінің тұрақты өкілі болып Зақанқызы Сағат тағайындалып, өкілдік үш адамның құрамында (З.Сағат, Т.Аятхан, У.Ботагөз) өз жұмысын бастайды.
1992 жылы Қазақстанда шет мемлекет елшілігінің алғашқыларының бірі болып Алматыда Моңғолияның елшілігі ашылады. Моңғолияның бұл саяси қадамы қазақ көшінің барысына жаңа екпін берді. Елшілік еңбек министрлігінің Алматыдағы тұрақты өкілдерімен бірлесіп қоян қолтық жүмыс істей бастайды.
Моңғолиядан Қазақстанға көшуге ниет білдірушілердің саны арта түсті. өз бетімен көшіп келушілердің де саны артты. Барысында көш төңірегінде шешімін күткен мәселелер жинақталып қалды. 1991 жылы мамыр айында жүргізген статистикалық пікір сұрау бойынша тек Баян-өлгий аймағынан көшуге пікір білдірушілердің саны 4 мың нан асып кетті. Осыған байланысты Баян-өлгий, Қобда қазақтарын Ташанты арқылы көшірсе деген ұсыныстар түсті. Бұл мәселені Моңғол үкіметі нота арқылы Кеңестер одағының сыртқы істер министрлігіне қойды. Осы мәселенің шешу жолын бірлесе қарастыру үшін Қазақ ССР еңбек министрі С.Бейсенов бастаған делегация Моңғолияға келді. С.Бейсенов бастаған делегация (құрамында КазССР сыртқы істерминистрінің орынбасары Сайлау Батыршаұлы, КазССР ауыл шаруашылығы және азық-түлік министрінің орынбасары Ғазиз Есмұқанов бар) Моңғолияның еңбек министрі делагациясымен келіссөз жүргізді, келіссөзді тығырыққа тіреген өткір мәселелердің бірі көшкен қазаққа өзінің маңдайына біткен малынан үлес беру болды. Бұл мәселеге ол кезде Моңғолияның тұрақты парламенті спикерінің орынбасары болған осы жолдардың авторы араласқан еді. Бұл туралы бұрынғы кейбір еңбектерде жазылды (8). Бұл мәселе тығырыққа тірелген аса қиын жағдайда өз шешімін тапты. Қазақстан атынан келіссөз жүргізген С.Бейсеновтың айтуынша (келісім шартта солай көрсетілген) “Қазақстанға көшіп келетін бір отбасының мүшесі өзімен бірге 8 бас ұсақ мал (қой, ешкі), не болмаса екі жылқы алып келуіне құқылы. Мәселен бір отбасында алты адам бар дейік. Енді алтыны сегізге көбейтіңіз. Яғни отбасы өзімен бірге 48 бас қой алып келе алады, немесе қой басына шағып жылқы алып келе алады” деп көрсеткен (9).
С.Бейсенов бастаған өкіл қайтқан жолында Баян-өлгийге аялдап, халықпен ұшырасып, одан әрі шекара өткізу бекетіне байланысты келіссөз жүргізуінің нәтижесінде Ташанты өткеру бекетін бір айға ашық деп жариялады. Сол жылы Моңғол елінен Иркутск және Ташанты арқылы 12 мың қазақ өзінің тарихи отаны Қазақстанға оралды. Бірақ басқадай көптеген себептерге байланысты мал асыру туралы жоғарыдағы келісім шарт толықтай орындалған жоқ. Қазақстан жағының бас Ветнадзоры Моңғол малын асыруға рұхсат бермеді, ал малын шекарада етке тапсырғандардың көпшілігі мұнда асып келгесін малының ақы-пұлын ала алмай қалды.
Осы жылы Моңғолия мен Қазақстан арасында жасалған және бір ірі қадам Алматы – Баян-өлгий аралық әуе жолының ашылуы. Бұл шынымен ел мен елді, ұлт пен ұлтты қауыштырып, Моңғолиядағы қазақтардың келешегіне ұлы мүмкіндік тудырған жаңа бір белгілі оқиға Қазақ елінің дербес ел болғандығының алғашқы мүмкіндіктерінің бірі еді.
Қазақстан Республикасы 1992 жылы шынымен ерлік қадам жасады. өзінің әлеуметтік жағдайының қиыншылықтарына қарамастан қолда бар барлық мүмкіндіктерін сарп етіп, тек осы жылдың жаз, күз айларында Моңғол елінен 32 мың қазақты атамекенге көшіріп алды.
Моңғолияның ресми ұйымдарының 1993 жылы дайындаған статистикасы бойынша еңбек шартымен 1991-93 жылдары Моңғолиядан Қазақстанға 10461 түтін, 54201 жан қоныс аударды. Олардың арсында еңбек жасындағылар 23346, зейнет жасындағылар 3183, мектеп жасындағы балалар 12947, жас өспірімдер 14725 жан болған. Халқының 93 пайызын қазақтар құрайтын немесе 82 мың қазақ тұратын Баян-өлгий аймағы саны жағынан көштің алдыңғы қатарында болды. Көш көлікті болып тұрған 1991-1993 жылдары Баян-өлгий аймағынан Қазақстанға 6951 түтін, 36635 жан қоныс аударса Улаанбатар қатарлы орталық аймақтардан 2631 түтін, 12962 жан, Қобда аймағынан 834 түтін, 4574 жан қоныс аударған. Жоғарыда көрсетілгендер тек ресми сан тізімге іліккендер. Ал ешбір ресми ұйымдарға тіркелмей өз бетімен келгендердің саны 2 мың ға жуық түтін, 10 мың нан аса жанды құрайды. Сонымен 1994 жылдың аяғында Моңғолияның Қазақстандағы елшілігі жүргізген ресми емес сан тізім бойынша Қазақстанда Моңғолиядан көшіп келген 12 мың ға жуық түтін, 60 мың ға жуық жан өмір сүріп жатты. Моңғолиядан қоныс аударған қазақтар әрбір облысқа келген түтін, жан санына қарай: Шығыс Қазақстан, Семей, Павлодар, Көкшетау, Жезқазған, Талдықорған, Ақмола, Алматы, Қостанай, Ақтөбе, Орал, Қарағанды, Батыс Қазақстан облыстарына орналасты. Осыған байланысты кейбір облыстарда көші-қон басқармасы құрылды. Бұл жұмыстарға көшіп келген зиялылар тартылды. Олардың ішінде: Қабылбай Қырқынбайұлы, Әлхан Амантай, Мұхит Жақсылықұлы, Құрметбек Сансызбайұлы қатарлы азаматтар бар.
Әлхан Амантай 1956 жылы Моңғолияда туған. 1976-1981жылдары Уланбатарда педагогикалық институттың тарих, география факультетін бітіреді. 1989-1992 жылдар аралығында Баян-өлгий аймағы жастар комитетініңң бірінші хатшысы болып қызмет атқарады.
1991 жылы Баян-өлгий аймақ әкімшілігі шешімімен еңбек шартымен Қазақстанға көшетін отбасыларын көшіру, қоныс таңдау, орналастыру жөніндегі арнайы комиссияны басқарып, Қазақстан Республикасының 6 облысын аралап, зерттеу, сараптау жұмыстарын жүргізіп, нәтижесінде нақты ұсыныстар әзірлеп, халыққа осы тарихи шараның мағанасын түсіндіру, насихаттау тұрғысында көп жұмыстар атқарған азамат.
1992 жылы Павлодар облысына 170 отбасын көшіріп әкеледі. 1992-1994 жылдары Ақтоғай ауданы Шідерті орта мектебінде мұғалім, 1994-1996 жылдары Ақтоғай аудандық әкімшілігінде, 1996-2004 жылдарда облыстық көші-қон басқармасында бас маман қызметін атқарады. 2004 жылдан бері Республикалық оралмандардың “Асар” қоғамдық бірлестігінің Павлодар филиалының төрағасы. Жеке кәсіпкер.
Әлхан Амантай-ақын. Оның өлеңдері оралман ақын, жазушылардың “Атажұрт алтын бесігім”, “Теңізге тамған тамшылар” атты жинақтарында және республикалық, жергілікті басылымдарда жарық көрді.
Мұхит Жақсылықұлы. Көші-қонды ұйымдастыруға ат салысып келе жатқан азаматтардың бірі. Ол 1956 жылы туған. 1980 жылы Екатеринбург қаласында Уралдың политехникалық институтын жылу газ инженері, 1989 жылы Моңғолияның саяси жоғарғы мектебін саясаттанушы-экономист мамандықтары бойынша бітірген. Ол өндіріс, құрылыс салаларында жәнеУланбатар қалалық Партия комитетінде жауапты қызметтер атқарған азамат.
1991 жылдың жазында (Қабылбай екеуі) Павлодар облысына алғашқы көшті бастап келіп, 1991-1995 жылдары Баянауыл ауданының Жаяу Муса ауылында шопан, кеңшарда диспетчер, 1996-1998 жылдары аудандық кәсіптік-техникалық училище директорының орынбасары, “Баянтау” газетінің жауапты хатшысы, 1999-2001 жылдары облыстық көші-қон полициясы басқармасында қызметкер, 2001 жылдан Көші-қон комитетінің Павлодар облысы бойынша басқармасының оралмандарды бейімдеу орталығының меңгерушісі, 2004 жылдан бас маман болып қызмет атқарып келеді.
Мұхит Жақсылықұлы 1998 жылдан Еларалық “Қазақ елі”, 2001 жылдан Республикалық “Көш” газеттерінің Павлодар облысындағы меншікті тілшісі. Оның әрқилы тақырыпта жазған өлеңдері мен мақалалары республикалық, облыстық басылымдарда тұрақты жарияланып келеді.
Оның өлеңдері мен “Сарыарқаны бетке алып көш келеді”, “Атажұрттағы алғашқы жыл” атты эссе-дастаны 2001 және 2006 жылдары Павлодар әкімшілігінің қолдауымен жарық көрген оралман ақын, жазушыларының “Атажұрт-алтын бесігім” және “Теңізге тамған тамшылар” атты жинақтарына енді.
Құрметбек Сансызбайұлы Көші-қонның көлігін түзеуге үлес қосып жүрген азаматтардың бірі. Экономист, заңгер. 1992 жылы атажұртқа оралады. 2001 жылдан бері Алматы облыстық көші-қон басқармасында жауапты қызмет атқарды. Дүниежүзі қазақтарының ІІ, ІІІ құрылтайының делегаты. Ол көші-қон процессін ұйымдастырумен қатар осы мәселені жан-жақты зерттеуге ат салысып, 2006 жылы “Тәуелсіздікпен кіндіктес көш керуен” атты кітап шығарды.
Қазақ көші басында “Еңбек шарты” делінетін, іс жүзінде халықаралық заңдық негізі жоқ, тек қазақтың-қазағына деген ағайындық мейірімінен туған ілтипат хат арқылы іске асып келді. Қалай дегенмен бұл бастама өз міндетін орындады.
1990 жылдары Моңғолиядан бастау алған қазақ көшін халықаралық деңгейге көтерілді. 1992 жылдан бастап атажұртқа оралған қазақ көші ҚХР, Туркия, Иран, Ауғанстан, РФ, өзбекстанда тұратын қазақтарды қамтыды.
1992-93 жылдары көшіп келушілердің саны көбейіп көш төңірегінде шешімін таппаған мәселелер қорланып қалуына байланысты бұл құбылысты құқықтық жолға қою қажеттілігі туды. Бірақ бастапқы кезде ҚР-да көші-қонды реттейтін заң болған жоқ. Келелі мәселелер ҚР президентінің жарлықтары, жоғарғы кеңестің заңдық құқығы бар қарарлары, Қазақстан үкіметінің қаулылары негізінде шешімін тауып отырды.
1997 жылы 13 желтоқсанда “Халықтың көші-қоны туралы” заң қабылдануы көші-қон мәселесін құқықтық жаңа белеске көтерді. Оралмандардың (10) құқықтық жай-күйі туралы осы еңбектің бесінші бөлімінде жеке әңгімелейтін боламыз.
Моңғолия үкіметі басында қазақ көшін сол кезде ел басына түскен тығырыққа тірелушіліктен шығатын бір жол тұрғысынан қарап келді. Олар істің мәнін басталатын көш басталып, қазақтың алдыңғы тобы тарихи отанына келіп орналасып, көшіп келгендердің көпшілігі “Моңғолия азаматтығынан шығу” туралы мәселе қозғалғанда ғана ойға қалды және осы күннен бастап Моңғолиядағы қазақ көшінің тізгінін жия бастауға бағытталған саясат жүргізе бастады. Моңғолия үкіметінің бұл саясаты ондағы жылы орынын суытпаған қазақтар және оның ішіндегі зиялы тобының қолдауына ие болды. 1994-1995 жылдардан бастап Моңғолиядан басталған қазақ көшінің тізгіні жиылып көш тоқырауға ұшырауының бір сыры міне осында жатыр. 1994-1995 жылдары Моңғолиядан ресми түрде көш келген жоқ. 1996 жылы 48, 1997 жылы тек 68 отбасы ғана Қазақстанға оралды. Бұл әрине көш дүркіреп басталған 1991-1992 жылдармен салыстырғанда жоқтың қасы деуге болады. Керісінше 1993-1996 жылдары Моңғолиядан Қазақстанға қоныс аударған 500-ге жуық отбасы Моңғолияға қайтып көшіп кетті. Бұл кері көш Моңғолиядағы қазақтардың Қазақстанға көшу процессінің тізгінін жиюға әрекеттенген саясаттың отына май тастағандай әсер етті. Осынау кері көшудің салдарынан көшуге ат, түйесін қомдап отырған көптеген отбасын бұл қадамынан бас тартуға мәжбүр етті.
Көші-қон тоқырауға ұшырау, көшу тізгінін кері бұруға әсерін тигізген және бір белгілі жағдай Қазақстанда 1993 жылдардан басталған экономикалық дағдарыс болды. Аталмыш жағдай әсіресе шет елдерден келген қазақ көшін қабылдап отырған негізгі объект-ауылға ауыр тиді. Ауылда колхоз, совхоздардың таратылуы, жұмыссыздық орын алуы, қаржы тапшылығы, көшпенділерді былай қойғанда жергіліктілерге оңай тиген жоқ. Ауылдағы ағайындардың өз қолдары өз ауыздарына жетпей жатқанда сырттан “қозғалар қол емес, жейтін ауыз” қосылу қайдан да жеңіл болсын. өмірде қайда да кездесетін қайсы бір орта шарқы басшылар, мұндағы кейбір бөгде ұлт өкілдерінің қызғанышы болғанын айтпағанда жалпы мұндағы қазақ ағайындар шет елден келген қазақ көшін жылы шыраймен қабылдағанын, “барымен базар” болып әлі де қабылдай беруге дайын отырғанын аңғару қиын емес.
Көшіп келушілердің де өз проблемасы өзіне жеткілікті еді. 1) Қаншама тегі бір қазақ дегенмен әр елде, бөгде ұлт өкілдерінің ортасында өмір сүрген ондаған, жүздеген жылдар барыснда жергілікті қазақпен шет елдегі қазақ қауымының өмір салтымен жан дүниесінде менталитеттік айшықты өзгешеліктер пайда болғаны байқалды. Аталмыш жағдай күнделікті өмірде кейде бірін бірі жете түсінбеушілікке, бір біріне қырын қарауға әкеліп соққан кездер аз болмағаны рас. Жергіліктілер үшін кейде “күткенімен жолықпағандай” пікір тудырса, көшіп келгендер үшін ата мекеннен іздегенін таппағандай әсер етті. 2). Батыс елдерден көшіп келіп жатқан ағайындар “Бұрынғы Кеңес одағының болмашы жақтарына құлақ үйренген дайындықпен келсе, Моңғолиядан келгендер “Совет одағы деген әлем өркениетінің асқар шыңы, дүниенің жұмағы” делінетін Кеңестік идеологияның қызуымен келді. Мұнда келгесін олардың қайсы бірі “Байлығы көл болып аққан Қазақстан” туралы идеологиямен 1994-1996 жылдары өздері куә болған Қазақстандағы қысылтаяң өмірдің ара жібін ажырата алмай дал болды. Әрине уақыт талабы, өмір қысымшылығына біреулер көнді, қайсы бірі төзе алмай үйреншікті еліне қайтты.
Көш басталған алғашқы кезеңде ондағы барлық қазақ ата мекенге оралады-ау деген үміт бар еді. Бірақ 1995 жылдардан бастап Қазақстанның экономикалық мүмкіндігіне байланысты көштің алғашқы қарқыны саябырси бастады. Сөйтіп Моңғолиядағы қазақ диаспорасының көлемді тобы сонда түбегейлі қала беретін жағдай қалыптасып отыр. Егер қазақ тобы Моңғолияда бұдан әрі түбегейлі тұра беретін болса олардың келешек тағдырында қандай өзгерістер болмақ, олар үшін Қазақстан үкіметі қандай бағыт ұстанып, қандай саясат жүргізбек деген сауал туындайды.
Моңғолдиядағы қазақ жерден жетімдік көре қоймайды. өйткені онда жер жеткілікті. Кәзір қазақтар мекенденіп отырған Баян-өлгий өлкесі көшпенді мал шаруашылығына қолайлы өлке. Жер қойнауы да кен байлыққа кенде емес. Ал саясатқа келсек Моңғолдар келешекте үкімет билігінен қазақтарға мінеки деп орын ұсына қоймағанымен қазақ Моңғол саясатынан орасан зәбір көре қоймас. өйткені Моңғолия, біріншіден 1990-91 жылдан бастап жалпы демократиялық бағытқа бет бұрса, екіншіден Моңғолия деген халық аз, экономикалық және адамдар потенциалы шағын бұратана ел. Сондықтан олар да тарихта басқыншылық (электораттық) рөл атқарудан гөрі өзін бөгдеден сақтандырып тұратын иммунитеті басым. Моңғолия деген кіші-гірім ұлт, бұратана ел бола тұра тайпа, аймақ аралық күндестік қақтығысынан әр қашан ада болып көрмеген. Моңғолия аймақ, тайпа аралық құрылым тұрғысынан Батыс Моңғолия немесе бұрынғы Жоңғар ұрпақтары, Орталық Моңғолия немесе Моңғол халқының 82 пайызын құрайтын Халхалар, Шығыс Моңғолия немесе Буряд, Зурчид, Хамнигандар деп үшке бөлінеді. Моңғолдардың осынау аймақ аралық ішкі қақтығысы қашанда басқамен қақтығысуға мүмкіндік бермеген.
Моңғолия жағрафиялық орналасуы жағынан аса күрделі мемлекет. Ол дүниенің екі алыбы ұлы Қытай және Ресеймен шекараласады. 1990 жылдардан бастап шығысқа бет бұрды.
Моңғолия үшін шығыс дегеніміз- ұлы Қытай, Үндістан, Жапония және дүйім буддизм. Буддалық алып дүниенің шеңберінде Моңғолия деген дәрияның бір тамшысы іспетті. Сөйте тұра олар 1991 жылдан соңғы уақыттарда “Русь ықпал билігі” және Евро өркениет ықпалынан бас тартып буддизмді фундаментальдық тұрғыдан қабылдады.
Қалыптасқан жағдай Моңғолияның мемлекет стратегиясына экономикалық, әлеуметтік және рухани өміріне тікелей әсер етпей қоймайды. Кәзірдің өзінде бұл елдің діни рухани өміріне Үндістан дін арқылы, ұлы Қытай экономика арқылы өз ықпалын жүргізе бастады. Аталмыш жайлар Моңғолияның келешегіне үлкен ықпал етері сөзсіз. Бұл жағдай келешекте ондағы қазақтардың діни және этно-мәдени жағдайына да әсер етуі мүмкін.
Әрине Моңғолия үшін бүгіндер сырттан айқын төніп тұрған жау жоқ. Бірақ ұлы Қытай деген жауынгер Ресей, алып Америка сияқты басқадай ұлт елдеріне көз алдында айқын басқыншылық жасамай басқаның өміріне іштей жылжып кіруге дағдыланған ел. Моңғолия Қытайдың осынау жылжыма саясатының нысанасына әлде қашан іліккен және өмірден оның қасыретін тартқан халық. Моңғолияға байланысты Қытайдың бұл саясатының іске асуына бұрын Ресей ықпалы бөгет болып келді. 1991 жылы бұрынғы Кеңес империясы ыдырағаннан кейін Ресей үшін мұрад мүдденің жаңа нысаналары пайда болып, Ресей Моңғолия үшін Қытаймен айқын бақталасуды тоқтатты. Ресейдің бүгінгі мұрад, мүдде нысанасы өзіне жетеді. Аталмыш жағдай күндердің күнінде Қытайдың өзіндегі және оның ықпал нысанасында өмір сүріп отырған елдердегі ұлт топтарының басына бақыт әпермесі белгілі.
¦лттықтың негізгі белгісі оның нағыз жұлын тұтасы ұлттың рухани өмірі. Айналаға қарап отырсаңыз бүгіндер бөгде елдерде, бөгде ұлт арасында өмір сүріп отырған этно топтар үшін аш жалаңаштықтан тозғындап жүргені көрінбейді. Тозғындаған тобы тек қана рухани өмірінде азып-тозып отыр. ¦лттың рухани өмірінің негізгі тірегі оның дінімен тілі, өнер мәдениетімен салт дәстүрі. Рухына сызат түссе ұлттың ұлт жүзінде әлсірей бастағаны сол. Мұндай тағдырды Кеңес империясы тұсында атажұрттағы дүйім қазақ басынан кешірді. Бірақ бүгінгі дербес Қазақстан үшін ол қауіптің алды алынды, қазақ өз шаңырағы, өз рухына өзі ие бола бастады. Ресей, Қытай, Моңғолия және басқадай елдерде өмір сүріп жатқан қазақтар үшін бұл қауіптің бұлты қалыңдай түспесе еш сейілген жоқ.
Ал енді Моңғолиядағы қазақтардың рухани жағдайына келсек ойландыратын мәселелер көп-ақ. Әрине қанша дегенмен Баян-өлгийде қазақы рухани орта бар. Бірақ 30 мыңға жуық қазақ Баян-өлгийден тысқары моңғолдық ортада өмір сүріп отыр. Сөйте тұра Қобда аймағындағы қазақ тілінде білім беретін екі орта мектептен өзге қазақша білім беретін ешбір оқу орыны жоқ.
Орталық Моңғолиядағы қазақтар қазақ өнері, қазақ баспасөзінен тіптен тысқары жатыр. Қазақстан теле, радио хабарын былай қойғанда Баян-өлгийде қазақ тілінде күніне 1 сағат уақыт эфирге шығатын радио хабарды тыңдауға техникалық мүмкіндігі жоқ. Қазақстан баспасөзі, қазақ тіліндегі кітаптар жете бермейді. Ол үшін Моңғолия үкіметін кіналауға болмайды. өйткені бүгінгі Моңғолияда 30 мың қазақты қойып, теледидарды моңғол тілінде ауылға жеткізуге экономикалық мүмкіндігі жоқ. Моңғолия инфраструктура жағынан бүгінгі өмірде бірден бір артта қалған елдердің бірі.
Енді Моңғолиядағы қазақтардың тіл жайына келейік. Моңғолияның жағрафиялық, экономикалық, адам ресурсы және басқадай жағдайларына байланысты онда қазақ тілінің моңғолға бейімдеу процессі біршама баяу жүріліп келді.
Бірақ Моңғолиядағы қазақтардың тілі ғылыми-техникалық және саяси реформациядан өткен жоқ. Сондықтан атажұрттағы немесе қазақтың қара шаңырағындағы іргелі қазақ тілімен салыстырғанда тілдік қоры аз, сөйлем құру, айтылым (говор) жағынан белгілі ерекшеліктері бар және жергілікті іргелі әдеби тіл қалыптаспағанын ашып айтқан жөн. Бүгін бұл жайды ашықтан ашық мойындап ізденіс, талпыныс жасамаса қара шаңырақта қазақ тілінің аруағы артқан сайын шет елдердегі қазақтардың тілімен мәдениеті сүреңсіздікке ұшырауы мүмкін.
Моңғолиядағы қазақтардың өмірінде бұл жағдайды бүгінгі күннің өзінде аңғаруға болады. Қазақтар сирек тұратын Налайхан, Шарын гол, Қобда, Хэнтий аймағының елді мекеніндегі қазақтардың тіл, өнер білімінің бүгінгі халін былай қойғанда қазақ шоғырланған Баян-өлгийдің бүгінгі өмірінде қазақы рухани ортаның өз болмыс мүмкіндігі көңіл толтырарлықтай емес. Қалыптасқан жағдай бұдан әрі күрделене түспесе жуық арада шешімін табатын түрі жоқ. Және бұл тек Моңғолиядағы қазақтарға тән құбылыс емес, Қытай, Ресей, Иран, өзбекстан, Түркменстандағы қазақтардың рухани жағдайы мұнан да күрделілеу.
Қазақстан шет елдердегі қазақтар тұратын аймақтармен экономикалық, әлеуметтік, инвестициялық, мәдени тікелей байланысқа шығуы қажет. Мысалы Моңғолиядағы қазақтар Қазақстанмен жан-жақты мәдени байланысты қалыпқа келтіруді талап етіп отыр. Қазақстанның газет баспалары, оқу құралдары, басқадай кітаптар қазақ тұратын аймақтарда еркін айналымға шыққаны жөн-ақ. Бұл мүмкіндік Моңғолиямен әлі күнге заңдастырылмай отыр.
Шет елдердегі қазақ жастарын оқытуға бейімделген университет, институт ашу, діни және басқадай рухани орталықтардың ара байланысын нығайту қажет.
Дүние өркениетінің үлкен бір құбылысы, тіл мәдениетінің айнымас бөлегі- қазақ мәдениетін, қазақтардың тағдырын әркімнің өз басына тапсырып тастауға біздің қақымыз жоқ. Әр жерде жүрген қазақтар өз басын және тілін, мәдениетін қорғай білу, ал атажұртымыз мұндағы Қазақ үкіметі дүниедегі қазақтың қорғаушысы, қамқоршысы бола білсе сонда ғана біз “Қазақ” деген құбылыстың мәңгі жасауына мүмкіндік тудыра аламыз.

“Моңғолия қазақтары” кітабынан




Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to Top ↑