banner-top12

Сұхбат mqdefault

Қосқан уақыты Мамыр 12, 2016 | 1  256 рет оқылды | сайтқа қосқан shalqar

0

Мұхамеджан ТАЗАБЕК: Әлемнің қай түкпірінде жүрсе де, қазақтың ауызбіршілігі қажет

Осы аптаның аяғында Германияның Кельн қаласында Еуропа қазақтарының құрылтайы өтеді. Қазақстаннан да жиырмаға тарта азамат неміс жеріндегі басқосуға қатысу үшін Халықаралық “Жанашыр” қоғамдық қорының ұйымдастыруымен  сапарға аттанбақ.. Арасында қазақтың белгілі айтыскер ақыны, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Мұхамеджан Тазабек те бар. Сапар алдында бірнеше сұрақ қоюға мүмкіндік алдық.

  – Мұхамеджан Оразбайұлы, бұл сапардың мәнісі қандай, мақсаты нендей?

– Өздеріңіз де білетіндей, құрылтайдың мақсаты – кәрі құрлықтың әр жерінде жүрген қандастардың бір басын қосу, жастарды бір-бірімен таныстыру, ұйыстыру және қазақ мәдениеті мен өнерінен қол үзбеуге шақыру ғой. Шетелде жүрген отандастарын атамекенге қайтуға арнайы шақырған әлемде үш-ақ мемлекет болатын болса, соның бірі – Қазақстан. Осыдан-ақ аңғаруға болатын шығар, әлемнің қай түкпірінде жүрсе де, бізге қазір жалпы қазақтың біртұтастығы, ауызбіршілігі, айрандай ұйыған берекелілігі аса қажет. Әлбетте, қазіргідей жаһандану заманында дүниедегі күллі қазақты Қазақстанға жинап алу мүмкін емес шығар. Бірақ бір анығы – кім қай жерде жүрсе де, атажұрттағы ағайынмен қан мен жанның, дәстүр мен салт-сананың рухани байланысы үзілмегені дұрыс. Ол үшін әлбетте осындай басқосулар, жүздесулер, барыс-келістер жиі болып тұруы керек. Сондықтан осы құрылтайдың маңызы зор, сапарды ұйымдастырып жатқан «Жанашыр» қорынікі де нағыз елге, жұртқа деген жанашырлық.
– Айтыскер ретінде ғана емес, ұлттық айтыс өнерін насихаттаушы және жаңа буынның тәрбиешісі ретінде де төл өнерге қомақты үлес қосып келесіз. Осы жолы Сізбен бірге Германияға ізіңізден ерген інілеріңіз – арынды айтыс ақындары Жандарбек Бұлғақов пен Сырым Әуезхан да бара жатыр екен?
– Еуропа қазақтарың басқосуы – бұл да бір қазақтың тойы деп ойлаймын. Ал қазақтың қай тойын қарасаңыз да, балуаны, ақыны, жалпы өнерпазы сол тойдың төңірегінен табылады. Ақындарымыздың жыры арқылы Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығын тойлағаны жатқан еліміздегі қуанышты көңіл-күйді де алыстағы ағайынға сезіргіміз келеді. Осы жылдардағы мемлекетіміз жеткен жетістіктер мен Елбасымыздың ерен еңбектерін жас та болса көшелі сөз айтып жүрген ақындарымыздың жырлары арқылы жеткізгіміз келеді. Негізі Сырым мен Жандарбек – сол шетелдегі бауырлардың, қала берді осы сапарды ұйымдастырып жүрген «Жанашыр» қоғамдық қорының қалауы. Әйтепесе, мен онда менеджер боп айтыс ұйымдастыруға бара жатқан жоқпын ғой. Былай қарасаңыздар, мен де тойға шақырылған көп өнерпаздың бірімін. Рас, осы жасымызға дейін әртүрлі деңгейде бірнеше айтыс өткізіп көрдік. Бірақ қазақ десе, айтыс еске түсетіні сияқты, айтыс десе – аяулы ағамыз Жүрсін Ерман ойға оралады. Осы шараға арнайы бара жатқан әнші, айтыскер ақын Төреғали Төреәлі інім де, қазақтың аяулы ұлдарының бірі, композитор Ұлықпан Жолдасов бауырым да осы шараның шырайын келтіре түсері анық.
– Әртүрлі тақырыптарда айтыскер ақындарға арналған шеберлік тренингтердің авторы екеніңізді білеміз, отбасы тақырыбында да лекция оқып тұрасыз. Еуропа қазақтары арасында да қандай да бір тренинг немесе лекция өткізу жоспарда бар ма?
– Ия, ақындық тәжірибеміз болғаннан кейін кейінгі буынмен білгенімізді бөлісіп жатамыз. Өйткені, айтыскерлерге қоғамның тамыр бүлкілін, тыныс-тіршілігін дөп басып айту маңызды. Бұл бір ақылымыздың тасып бара жатқанынан емес, біздің буынға тән болған кейбір кемшіліктерді інілеріміз қайталамаса екен деген жанашырлықтан туған іс болатын. Бұл да өзімбілермендікпен емес, Жүрсін ағамызбен ақылдаса атқарылған шаруалар. Ал республикалық «Асыл арна» телеарнасының басшысы ретінде қоғаммен тығыp байланыста болғандықтан, рухани, отбасылық мәселелерден де хабарымыз жоқ емес. Рас, әртүрлі сұрақтарға орай жауап беріп, университеттерде кездесулер де өткізіп жатамыз. Ақын болғаннан кейін, «қалағандарың сөз болса…» дегендей бізге үндемей отырғаннан сөйлеп, қажетті ойды саптап отырған абзалырақ қой. Сондықтан, сағынысқан ағайынмен кездесулерде сауалдар қойылып жатса, қадари-халімізге қарай жауап берерміз. Ұйымдастырушылардың сөз ауанына қарағанда да иманнан бастау алатын руханиятымыз жайлы, мемлекетшілдік, қоғам мен бүгінгі заман талабы жайлы санқилы салиқалы әңгімеге өзек болатын ғибратты жиын болатын сынды. Салиқалы басқосу, берекелі жиынның өз деңгейінде өтуіне әрқашан тілектестік ниеттеміз.
 – Уақыт бөлгеніңізге рахмет!




Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to Top ↑