banner-top12

Айтарым бар 590ef741f1321_1494153025

Қосқан уақыты Қазан 3, 2017 | 429 рет оқылды | сайтқа қосқан shalqar

0

МЫЛТЫҚСЫЗ МАЙДАН

Былтырғы жылдың наурыз айында сыныптас қызымыз «дүниеден өтті» деген хабарды естіп, Алматыдағы біраз сыныптастар жиналып отбасына көңіл айтуға бардық. «Қызымыз» дегенмен сыныптастардың бәрі пайғамбар жасынан асқан, балалары ер жетіп, немере сүйіп отырған зейнеткерлер. Бұл сыныптасымыздың жұбайы, екі ұлы, олардан немерелері бар. Бірақ өте жақын, күнбе-күн араласып жүрген жоқ едік. Ұлкен тойларда, өлім-жітімде көрісіп жүретінбіз. Отбасына көңіл айтып, сыртқа шыққанда бажайлап қарасақ, біраз басқа ұлттың да адамдары бар екенін көрдік. Бұларды сыныптастың және жұбайының бірге жұмыс істеген жұмыстастары, балаларының достары шығар деп ойладық.

Келген сыныптастар мектептегі өмірді еске алып, біраз әңгімелесіп тұрғанда, мәйітті сыртқа алып шықты. Ерлер жағы жаназаға тұруға ыңғайлана бастағанда, молда «тұра тұрыңдар» дегендей ишара жасады. Молданың қасында поп та бірге жүр екен. Молда: «Қадірлі жамағат!  Біздегі «Діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер туралы» Заң бойынша кім қандай дінді қабылдайды өз еріктерінде. Бұл кісі Иса Мәсіхтің сенімін қабылдаған екен. Сондықтан әркімнің сенімін құрметтейік. Мұсылман баласы басқа дінді қабылдаса, басқа дінге өткен күні оның жаназасы сол кезде шығарылып қояды. Бұл кісі Иса Мәсіхті қабылдағанда жаназасы шығарылып қойылған. Сондықтан бүгін жаназа шығарылмайды», – деді. Бұны естіп бәріміз аңтарылып қалдық. Осыдан кейін поп Иса Мәсіхтің діни расмиятын жасады. Бұдан кейін мәйітті Боралдай зиратындағы сыныптасымыздың әке-шешесі жатқан жерге апарып, сол кісілердің қасына қойды. Онда да қойылып болған соң, молда бағанағы айтқанын қысқаша қайталып, құран оқылмайтынын айтты. Сөйтіп бейіт басында да құран оқылмады. Бұдан шығып асын беретін кафеге келдік. Ауылдан келген туыстары бірдеме деді ме екен, кафеде, молда төрде емес, аяқ жақта отырып қысқа ғана аят оқыды. Сыныптасымызға бұйырған құран осы ғана болды.

Астан кейін сыныптасымызбен жақын араласып жүрген бір құрбысынан басқа дінге қалай өтіп кеткенін сұрадық. Оның айтуы бойынша, үлкен ұл басқа ұлттың қызына үйленіпті. Ал ол қыздың өзі де, ата-аналары да Иса Мәсіхтің сеніміндегілер екен. Үлкен ұлды өз қатарларына қосып алған. Артынан үлкен ұл бауырын да Иса Мәсіхке кіргізген. Біраздан кейін шешелерін, біздің сыныптасты да өз діндеріне өткізіпті. Ал әкелері көнбей Ислам дінінде қалған екен. Енді ұлдардың балаларының бәрі мәсіхшілер болатын болды. 20-25 жылдан кейін сыныптасымыздың немерелері отбасын құрып көбейеді. Сонда сыныптасымыздың шөберелері де мәсіхшылер болады. Сөйтіп, келешекте қаншама қазақ басқа дінге кіріп, көбейіп шығады деген сөз.

Егемендігіміздің елең-алаңында біраз заңдар қабылданды. Соның бірі «Діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер туралы» Заң болатын. 1991 жылы 16-шы желтоқсанда егемендігімізді жариялай салып, бір айға толмайтын уақыт аралығында, атап айтқанда, 1992 жылдың қаңтарында қабылданған бұл заңның осал тұстары көп еді. Ол кезде Егеменді ел ретінде заң шығаруға тәжірибеміз жоқ, әрі алды-артымызды бағамдап үлгермеген кез болатын. Сондықтан бұны басқа ұлттың өкілдері жазып берген. Онда, әрине, қазақ ұлтының мүддесі көзделмеді. Әрі ол кезде Кеңес Одағы ыдырай бастап, зауыт, фабрикалар тоқтай бастаған, ескі жүйедегі байланыстар үзіліп, экономика құлдырай бастаған кез еді. Сол себепті алдымен экономикаға көңіл бөлініп, рухани жағы ақсап қалды. Осындай әлсіз заңды кейін әртүрлі секталар өз пайдасына асырып кетті.

Бүгінгі таңға дейін ақсап тұрған тұсымыздың бірі – ұлттық идеямыздың жоқтығы болып тұр. Қазір осы бос кеңістікті түрлі секталар иемденіп алды. Олар өздерінің идеясын жастар арасында пәрменді таратты, әлі де таратуда. Тек жастар ғана емес, орта буын өкілдерін, тіпті зейнеткерлерді де қосып алып жатыр. Қазіргі уақытта Қазақстан тек экономикалық қана емес, рухани дағдарысты да басынан өткізуде.

Бұл күндері жарты миллиондай қазақстандықтар түрлі секталарға кіріп кеткен деген сөз бар. Және олар күннен күнге көбеюде. Біз секталардың Ислам бағытындағы түрімен ғана күрес жүргізіп жатырмыз. Олардың жұмысын тоқтатамыз, соттаймыз. Алматы қаласында Ислам бағытындағы 14 ұйымға тыйым салынды. Ал, Қазақстан бойынша 21 ұйым экстремистік және лаңкестік деп танылды. Бұл бір жағынан Ислам бағытындағы секталардың агрессивті іс-әрекетінен болса, екінші жағынан АҚШ-тың Исламды әлемдік лаңкестіктің қолдаушысы етіп көрсетуіне байланысты болып отыр. Ал, «бетегеден биік, жусаннан аласа» болып, мүләйімсіп ішімізге кіріп алып, елді жегі құрттай жеп жатқан христиан, буддизм бағытындағы секталарды еркін жіберіп қойдық. Олар діни сенім арқылы санамызды улап, ұлттық тұтастығымызға іріткі салып, іргемізді біртіндеп сөгу үстінде. Алматыдағы діни бірлестіктермен жұмыс істейтін орындардың мәліметі бойынша, 2006 жылы Алматының өзінде ғана 42 конфессия,  275 діни бірлестік жұмыс істеген еді. Олардың ғибадатханалары 200-дей болатын. Сол жылдары дүйсенбіден жұмаға дейін, аптасына бес күн үзбей, бұрынғы «Рахат» телеарнасынан жарты сағат, «Таң» телеарнасынан он бес минут, Алматы кабельді телеарнасынан күні-түні уағыздарын жүргізген еді. Ал, бүкіл Қазақстан бойынша 3 340 діни бірлестік болған. 1991 жылдары бұл сан он еседей аз еді. Биылғы жылы, халыққа есеп беру жиынында «Дін істері және азаматтық қоғам министрі» Н.Ермекбаев мырза: «…Қазіргі күнде елімізде 18 конфессия тіркелген. Қазақстандықтардың 15 пайызы діндар адамдар болса, 75 пайызы Құдайға сенеді…», – деді. Конфессия туралы мәлімет шындыққа жанасса, ол да Ислам бағытындағы конфессиялардың есебінен қысқарған сияқты. Себебі, христиан, буддизм  бағытындағы «Вайшнавтар», «Бахай» сенімі, «Бірлестік шіркеуі», «Кришнаны тану қоғамы», «Жаңа өмір шіркеуі», «Мормондар», «Сахаджа йога», «Жаңа аспан», «Соңғы өсиет шіркеуі», «Ехоба (Иегова) куәгерлері», т.б. діни ұймдардың мұрты қисаймай   Қазақстанда   жұмыс  істеуде.    Тіпті,  кейбір  діни  бірлестіктер ешқайда заңды түрде тіркелмей-ақ өз жұмыстарын астыртын жүргізуде. Бұлардың үгіт-насихат құралы да, материалдық-техникалық базалары да мықты. Бәрі шет елден қаржыландырылады.

Осылардың ішіндегі ең еркін, қымсынбай, ата-бабаларының елінде тайраңдағандай әрекет етіп жүргендері – Ехоба Куәгерлері. Бұлар Қазақстанның кез келген қалаларында бар. Әрі конгрестерін ашық өткізеді. Бір өкініштісі, «Ехоба куәгерлерін» ұйымдастыруға бастамашы болып жүрген қазақтар әр қалада бар. Мысалы, Оңтүстік Қазақстан облысындағы «Ехоба куәгерлері» діни бірлестігінің  бастамашы болған 56 азаматтың 25-і қазақ болса, Жамбыл облысында (Шу қаласы) 57 адамның 22-сі, ал Алматы қаласында діни бірлестіктің негізін қалаған 60 ехобалықтардың 19-ы қазақ болған.

 

Ехобаның құрылу тарихы

Бұлар – «Ехобаны» Құдайдың аты деп уағыздайды. Ал, Иса Ехобаның рухани ұлы деп түсіндіріледі. Сондықтан Ехоба ілімінің шыққанына 3,5 мың жыл деп айтады. Бірақ та өздерінің «Ехоба Куәгерлері жиырмасыншы ғасырда» («Свидетели Иеговы в двадцатом веке») деген орысша кітапшада қазіргі Ехоба Куәгерлерінің тарихын 1870 жылдың басында Аллегейни қаласында белгісіз топтың Библияны зерттей бастағанынан бастау алатынын айтады. Оның бастаушысы Чарлз Тейз Расселл деген адам болған. Ал 1880 жылдары бұлар оншақты топ болып көбейген. 1881 жылы «Zions Watch Tract Society» («Сион сағаты қоғамының трактаты») деген қоғам болып құрылады. Бұл қоғам 1884 жылы заңды түрде тіркеледі. Қоғамның президенті болып Ч.Т.Расселл сайланады. Кейінірек бұл қоғам – «Watch Tower Bible and Tract Society») («Библия мұнарасының сағаты және қоғамның трактаты») деп атын өзгертеді. 1909 жылға қарай қоғам халықаралық сипат алып Бруклинге (Нью-Йорк) көшеді және содан бері осында тұрып келеді. Қоғамның тұңғыш президенті Ч.Т.Расселл 1916 жылы дүние салады. Оның орнын Джозеф Ф.Рутерфорд деген адам басады. Бұлар өздерін дәстүрлі христиандардан ажырату үшін 1931 жылы аттарын – «Ехоба Куәгерлері» деп өзгертеді. Содан бері осы атпен әлемге жайылып келеді. Дж.Ф.Рутерфорд 1942 жылы қайтыс болады. Оның орнына Н.Х.Норр деген келеді. 1943 жылы, бес айлық «Галаад Күзет Мұнарасының Библи мектебі» деген миссионерлер дайындайтын мектеп ашады. Содан бері осы мектепті бітіргендерді әлемнің барлық елдеріне жіберіп отыр. Н.Х.Норр 1977 жылы қайтыс болады. Бұдан кейін Басқарушы кеңес құрылып, қоғамды комитеттер басқаратын болады. Ал комитеттерге Басқарушы кеңестің мүшелері кіреді. Ехоба куәгерлерінің дүниежүзілік Бас басқармасы Нью-Йоркте орналасқан. Міне, Ехоба куәгерлерінің қысқаша құрылу тарихы осылай.

Ехобаның конгресі

Бұлардың когресіне мен екі рет, 2006 және 2008 жылдары қатысып көрген едім. Жәнеде 16.07.2017 жылы барсам, орыс тобының ехобашылары жиналыстарын өткізіп жатыр екен. Оған да қатысып қайттым.

2006 жылдың 25-26-шы наурыз күндері, Мұратбаев, 23-те орналасқан «Дарын» – әлеуметтік-гуманитарлық институт пен «Дарын» – қазақ ұлттық гимназияның мәжіліс және спорт залында Ехобалардың қазақ топтары өздерінің конгресін өткізген болатын. Бұны олар: «Ехоба Куәгерлерінің аудандық конгресі» деп атаған еді. Талқылаған жалпы тақырыбын: «Жаңа ізгі болмысқа ие болыңдар» деп атаған. Конгрестерін бағдарламалары бойынша тура 9:40-та әуенмен бастап: «Шаршаған, езілгендер, Ауырлық сезінгендер, … Қамытым да ыңғайлы, Жүгім жеңіл тым жайлы, …» деген сөздері бар «Қамытым ыңғайлы» деген әнмен жалғастырған. Ән айтылып болған соң дұға оқылды. Дұға оқығанда барлығы бастарын салбыратып үнсіз тұрды. Таңертеңгі конгрестері 12:05-те аяқталды. Аяқталарда тағы да ән айтылды. Бірақ бұл жолы басқа ән айтты. Әннен кейін тағы дұға оқылып бастарын салбыратып тұрды. Бұл көрініс түстен кейінгі жиналыстырында да, ертесі күні де жиын басталғанда және аяқталғанда қайталанды. Бірақ әр жолы басқа әндер айтылып отырды. Бастауын да, аяқтауын да және ортадағы баяндамаларын да бағдарламада жазылған уақыттан ауытқымай дәлме-дәл бастап, әрі аяқтап отырды. Баяндамаларын қысқа, нұсқа, тұжырымды жүргізіп отырды. Ең ұзағы бір сағаттық болды. Оның өзінің жартысын әр түрлі сахналық көріністер араластырып, елді еліктіріп отырды. Конгресте 5-6 жастағы баладан зейнет жасындағы қарияға дейін болды. Қарағанды, Өскемен, Семей, Ақтөба, Астана, Жезқазған, Шымкент, т.б. Қазақстанның қалалары мен облыстарынан делегаттар қатысты. Жиналыс басқарушының хабарлауынша конгреске 697 адам қатысқан еді. Конгрес негізінен «Дарынның» мәжіліс залында болып, симағандарын спорт залға отырғызды. Спорт залға төрт жерден монитор қойылып, олар жиналысты монитор арқылы көріп отырған болатын.

Бұл Ехоба Куәгерлерінің Қазақстандағы қазақ қауымының конгресі еді. «Аудандық конгресс» деп аталғанмен бүкіл Қазақстанды қамтыған. Бұлар дүниежүзіне тарап жатқандықтан Қазақстандағы Ехобаларды өз ішінде бір ауданның куәгерлері деп атайды екен. Әр ауданға (әр елдегі Ехоба Куәгерлер деп түсіну керек – Н.Қ) шифр берілген. Қазақстандағы шифрлері – 1:1:1. Бірақ бұл шифрдің нені білдіретінін ашып айтпады. Ехоба Куәгерлерінің  бастауыш ұйымдары – топ. Әр топта 20-25 адам бар. 6-7 топ бірігіп қауым құрады. Әр қауымда 120-150 адам бар. Қауымды ақсақалдар, немесе бақылаушылар басқарады. Мысалы, Алматыда қазақ тілінде төрт қауым бар. Олар – «Жаңа дүние», «Мұрагер», «Достық», «Медеу» деп аталады. Ал, орыс тілді қауымның саны 20 шақты. Сондай-ақ, бір-екіден ұйғыр, татар, неміс, т.б.  қауымдар  бар.  Әр  облыстағы  қауым бірігіп бір облыстың куәгерлерін құрайды. Ал, облыс бірігіп аудандық куәгерлерді құрайды. Бұндағы «аудандық» деп отырғандары бүкіл елдік, демек бүкіл қазақстандық Ехоба Куәгерлері. Бұлар өз атауларын орысша – Иегова, қытайша – Иехохуа, ағылшынша – Жаһова, қазақша – Ехоба куәгерлері деп атайды. Сондықтан әр халықтың тіліне байланысты атауларын ептеп өзгертіп атай береді. Біз кейде қазақ БАҚ-тарында «Иегова» дегенде орысшасын атайды екенбіз.

Қазақстандағы Ехоба Куәгерлерінің басшысы – Гиглер Вернер деген Германиядан келген 55-тер шамасындағы неміс жігіті. Ехобалар басшыларын «бақылаушы» (надзиратель) деп атайды. Алматы мен Алматы облысының бақылаушысы – Алексей Белявцев деген орыс жігіті. Аудандық (қазақстандық) бақылаушының міндеті Нью-Йорктегі орталықпен байланыс жасап, іс-әрекетті үйлестіріп отыру, уақытылы кітаптарды, аудиотаспаларды, т.б. керек заттарды жеткізіп тұру, оларды облыстық бақылаушыларға табыстап, олардың жұмыстарын бақылап отыру. Әрине, ең негізгі жұмысы өздерінің идеяларын халық арасына таратып, неғұрлым көп мүше жинау. Әр айда, қандай тақырыпта діни баяндама жасалады, оны айдың қай күні жасау керек, т.б. қандай іс-әрекет жүргізу керек, бәрін Нью-Йорктегі орталық нұсқап отырады. Ол үшін ай сайын 27 миллион данамен, 200 тілде шығып, 230 елде таратылатын «Күзет Мұнарасы» деген 30 беттік жұрналдары бар. Ехоба Құдайды әлемнің Жоғары Билеушісі ретінде даңқтайтын бұл жұрнал 1879 жылдан бастап үздіксіз шығып келеді. Осы жұрналда әр айдың әр жетісінде қандай тақырыпта діни баяндама жасау, қандай ән айту керек екені басылып, тақырыпқа байланысты мақала жарияланып отырады. Жұрнал ай басталмай жатып куәгерлердің қолына табыс етіледі, әрі жаңа мүшелер тарту үшін елге тегін таратылады. Әнді айту үшін «Ехобаны мадақтап ән шырқаңдар» деген қазақшасы Германияда басылып шыққан ән кітаптары бар. Онда 29 ән сөзімен, нотасымен берілген.

Гиглер Вернер – Германиядан келген неміс жігіті дедік. Ол – Қазақстан бойынша бақылаушы. Қазақстанға әйелі Дианамен 2003 жылы келген екен. Ол кезде Вернердің өзі қазақша білмейтін. Баяндамаларын орысша жасаған. Оны қазақшаға қазақ жігіттері аударып тұрған. Келешекте қазақша үйрену ойында бар болатын. Ал, әйелі Диана үш жылда қазақша үйреніп алыпты. Қазақша сөйлей де, жаза да алады. Кейбір баяндамашылар қазақша шала біледі екен. Бірақ, бәрібір қазақша жасаған болатын. Жиынның екінші күні Дианамен қатар отырған едім. Қазақ тілін нашар білетін баяндамашылардың «Ң»-ды «Н» деп, «Ө»-ні «О» деп айтқанын ол өз жазбасында дүзетіп дұрыс жазып отырды. Осыларды көргенде, Қазақстанда туып, өмір бойы осы елде тұрып жатса да бір ауыз қазақша білмейтіндердің мемлекеттік тілді үйренгісі келмей, неше түрлі сылтау айтатындары, ниеттерінің жоқтығынан екені белгілі болады. Конгрестің алғашқы күні жиындарын да, баяндамаларын да бағдарламада көрсетілген уақыттан ауытқымай дәл бастап, дәл аяқтап отырғандарына таңданып едім.  Екінші  күні  Вернер  және  Дианамен  танысып,  олардың

Германиядан келген неміс азаматтары екенін білген соң түсінікті болды. «Неміс дәлдігін» қазақтарға да үйретіпті. Әйтпесе қазекеңдер белгілі ғой. Жиналысын да, тойын да бір, жоқ дегенде жарты сағат кешігіп бастап, артынан үлгермей жатады. Тоқпағы келіссе қазақтар да бірдемені дәл уақытында істеуге үйрене алады екен-ау деген ой келді. «Тоқпағы келіссе киіз қазық жерге кіреді» деген ғой. Сонымен Қазақстандағы Ехоба Куәгерлерін басқарып отырған – Гиглер Вернер деген Германия азаматы болып шықты.

Сырттай қарағанда басқалардан өзгешелігі жоқ. Киім киісінде, шаш қоюларында ерекшеленбейді. Айқыш (крест) тақпайды. Сондықтан жайшылықта басқалардан ажырата алмайсың. Конгреске қатысқандардың көбі жастар, әрі әйелдер. Бірді-екілі ел ағасы елуге келген еркектер де, 70-тен асқан оншақты кемпірлер де болды. Шалдар көріне қоймады. Екінші күні байқап жүріп осы кемпірлердің ең үлкені-ау деген кейуанамен сөйлестім. Жасы 84-те екен. «Қалай апасы, жиналыс ұнап жатыр ма?» десем, «ұнап жатыр» деді. «Мешітке бармадыңыз ба?» десем, «бардым ғой. Ондағылар мыналар сияқты дұрыстап түсіндіріп, жылы қабылдамайды. Садақа берсең бір-екі ауыз құранын оқиды да қояды. Дұрыстап сөйлеспейді. Мыналар сияқты қиыншылығыңды қалай жеңуге болатыны туралы айтып, сарайыңды ашпайды. Бұлар жақсы, асты-үстіңе түсіп апалап тұрады» деді. «Кітаптарын оқып тұрасыз ба?» десем, «көзім жеткен үлкен харіптермен жазылғанын оқимын, әрі таратамын. Есік алдына шығып балаларға берсем «апа кітап берді» деп мәз болып алып кетеді» деп қарап отыр. Немерелері мен шөберелеріне шежіре мен ертек айтып, ұрпағына ұлттық тәрбие береді деген кейуанамыздың түрі осылай. Басқа дінсымақтың жымысқы жылы сөзіне алданып ұрпағын соларға жығып беріп жүр. Бұндай әжелерінен бата алған немерелерінің мешітке бара қоюы екіталай-ау.

Конгресте баяндамаларды негізінен қазақша жасауға тырысты. Баяндамашылардың ішінде қазақ тіліне ағып тұрған, шешен сөйлейтін де, қазақшаны жаңадан үйреніп жүрген, тілдерін бұрап сөйлейтін де қазақтар болды. Сонымен бірге орыс, корей, татар, еврей және Торьстан деген Германиядан келген азамат та болды. Бұл, басқа ұлт азаматтарының бәрі баяндаманы қазақша жасады. Кейбіреуі қазақша тәп тәуір сөйлесе, кейбірі әрең сөйлейді. Бірақ бәрібір баяндамалырын қазақша жасады. Облыстық бақылаушы Алексей Белявцев үш  баяндамасының біреуін қазақша жасады. Орысша жасаған баяндамасын қазақ жігіттері тікелей аударып тұрды. Сол сияқты Гиглер Вернер де 3-4 рет баяндама жасады. Бірақ ол бәрін орысша жасады. Оның баяндамаларын сол кезде біреуі 20-лар, екіншісі 22-лер шамасындағы екі қазақ баласы тікелей, ештемеге қарамай аударып тұрды. Бір баяндаманы біреуі, екінші баяндаманы екіншісі аударған бұл екі жігіт ағайынды сияқты. Себебі, түрлері де, дауыстары да ұқсас екен. Дикциялары да ашық, сөздерді нақ, анық айтады. Нағыз диктор болуға лайық азаматтар. Сөйлемдерді де жатық, түсінікті аударады. Мысалы, «не рыба, не мясо» деген сөзді, «не ары емес, не бері емес» деп әдемі аударып жіберді. Осындай ұтымды аударған сөйлемдер көп болды. Осы сияқты балаларды Үкімет тауып, мемлекеттік жұмыстың аударма бөліміне пайдаланса еліне пайдасы әлдеқайда көбірек болар еді-ау деген ой келеді. Қазақтың осындай талантты балаларын секталардың өздеріне тартып, пайдаланып жатқанын көргенде ішің удай ашиды.

25 наурыздағы  түске дейінгі жиынның соңында алдыңғы қатарда отырған 14 адамды «суға шомылу рәсімінен өтуге шешім қабылдағандар» деп елге хабарлап басқа бөлмеге алып кетті. Оларды жиындағылар қол шапалақтап, қошеметтеп шығарып салды. Бұл адамдардың ішінде жасы да, жасамысы да, әйелі де, еркегі де бар болатын. Барлығы қазақтар. Бұлар әдейі дайындалған бөлмедегі ваннаға бір-бір сүңгіп шығады екен. Осыдан кейін олар Ехоба Куәгерлігіне өткен болып есептеледі. Бұрынғы дінінен бас тартады. Бұдан былай тек Ехобаның заңымен жүріп, солардың «істе» дегенін істейді, «же» дегенін жейді. Ехоба христиан бағытындағы секта болғандықтан бұдан кейін жылқы етінің орнына шошқа етін жейтін болады. «Суға шомылу рәсімі» деген қазақша айтқанда шоқыну рәсімі. Демек  25 наурыз күні 14 қазақ шоқынып кетті. Жоғарыда біз, бұл қазақ қауымының конгресі дедік. Ал, 2005 жылдың қараша айында есту қабілеті нашар адамдардың конгресі болыпты. Оған 180 адам қатысып, онда 4 адам «суға шомылу рәсімінен» өтіпті. Одан кейін 2006 жылдың 14-15-қаңтар күндері орыс қауымдастығының конгресі болған екен. Оған 3 191 адам қатысыпты. Онда 39 адам «суға шомылу рәсімінен» өткен екен. Демек, 39 адам шоқынған. Оның да көбі қазақтар сияқты. Себебі, қазақша нашар білетін 2-3 қазақпен сөйлесіп: «Қазақша нашар біледі екенсіз. Қиналмай орыс қаумдастығына бармадыңыз ба?» дегенімде, өздерінің бақылаушыларының нұсқауымен орыс қауымдастығынан ауысып келгендерін айтты. Олардың айтуы бойынша орыс қауымдастығындағылардың 60-70 пайызы қазақтар екен.

Конгрестің соңында есеп комиссиясы есеп берді. Бұған дейін кассаларында 210 мың теңге ақшалары болыпты. (ол кезде 1$-147 теңге шамасында еді). Конгресті өткізуге 54 мың теңге жұмсалған. Конгресс кезінде садақадан 131 мың теңге жиналыпты.

Конгресс жабыларда «Киелі үйді айналып, Қалғандай жаны байланып, …» деп басталатын «Ехобаның керемет үйі» деген әнді айтып, артынан дұға оқып аяқтады. Дұға оқығанда бұрынғыдай тағы да бастарын салбыратып, құлдық кейіпте мөлиіп тұрды. Қайран, Көкбөрінің ұрпақтары-ай! Шынымен Ехобаға жандарың байланып қалар ма екен?!

Ал, 2008 жылдың 16-17-ақпаны күні Алматының  Қалқамандағы  діни орталықтарында, Алматы мен Алматы облысының Ехоба куәгерлерінің қазақ қауымы өздерінің конгрестерін өткізген болатын. Конгрестің тақырыбын: «Бәрін Құдайды дәріптеу үшін істеңдер» деп атаған. Жиналысты басқарушының хабарлауы бойынша 358 адам қатысқан еді. Осы жолы да, 2006 жылғыдай конгрестерін дұға оқып, артынан: «Шаршаған, езілгендер, Ауырлық сезінгендер, … Қамытым да ыңғайлы, Жүгім жеңіл тым жайлы, …» деген сөздері бар «Қамытым ыңғайлы» деген әнмен жалғастырып бастаған болатын. Бұл жолғы конгрестерін де, негізінен, 2006 жылғы жүргізген жүйемен жүргізіп отырды.

Қазақстандағы Ехоба куәгерлерінің басшысы – Гиглер Вернер мырзаны өткен жолы түріне қарап 55-тер шамасындағы адам шығар деп топшылаған едім. Осы жолы жақынырақ танысып жасын сұрағанда 54-те екенін айқан еді. «Бір көрген біліс, екі көрген таныс» деген ғой. Осы жолы ашығырақ әңгімелесті. Г.Вернер 2006 жылы қазақша білмесе, осы жолы қазақша үйреніп алыпты. Баяндамалырын қазақша жасады. Ал, әйелі Диана анау-мынау қазақтың өзін сүріндіретіндей жетік меңгеріп алыпты.

Бұлардың іс-әрекеттерін бұрынғыша Нью-Йорктегі орталық үйлестіріп отырады. Ол үшін ай сайын 2006 жылы 27 миллион данамен шықса, 2008 жылдан бастап 37,1 миллион данамен шығып келе жатқан «Күзет Мұнарасы» деп аталатын жұрналда нұсқау беріледі.

Осы жолы да біраз басқа ұлт өкілдері қазақша баяндама жасады. Олардың ішінде Житников деген орыс жігіті, Асан Вазир деген курд жігіті де болды.

2008 жылы алдыңғы қатарда отырған 9 адамды «суға шомылу рәсімінен өтуге шешім қабылдағандар» деп елге хабарлап, басқа бөлмеге алып кетті. Олар кетерінде: «Ехоба, өмірімді саған арнаймын. Саған қызмет етемін» деп ант берді. Оларды бұл жолы да қол шапалақтап, қошеметтеп шығарып салды. Бұл адамдардың ішінде жасы да, жасамысы да, әйелі де, еркегі де болды. Барлығы қазақтар. Осылардың ішінде өрімдей жап-жас үш қазақ қызы бірге кетті. Шамасы мектептің жоғарғы сынып оқушылары сияқты. Сөйтіп, тағы да 9 қазақ шоқынып кетті.

Конгресс жабыларда 2006 жылғыдай, «Киелі үйді айналып, Қалғандай жаны байланып, …» деп басталатын «Ехобаның керемет үйі» деген әнді айтып, артынан дұға оқып аяқтады. Дұға оқығанда бұрынғыдай тағы да бастарын салбыратып, құлдық кейіпте мөлиіп тұрды.

Ехобаның идеологиясы

      Ехоба Куәгерлерінің рухани идеялары «Киелі кітаптарында» жазылған. Бұл кітапты ірі әріптермен үлкен етіп те, қалтаға салып жүруге ыңғайлы майда әріптермен де шығарады. «Киелі кітап» тарауға, тарау баптарға бөлінеді. Бұл кітаптың баптарын «Інжілден», «Құраннан», т.б. діни кітаптар мен теологтардың ұрымтал сөздерінен алып құрастырған. Мысалы, буддалықтар: «Адамның барлығы да тек тіршілік иесі, сондықтан адамдар басқа тіршілік иесіне зиянкестік жасауға тиісті емес» деп есептеп Буддизмді ұстаған жалпы діндарларға арнап бес моральдық заң белгілеген. Соның бірі: «Ешбір тірі жанды өлтірмеу». Осы қағиданы ехобалықтар: «Адам өлтіретін қару ұстамау керек» деп, қазіргі заманға лайықтап алған. Бірақ өздері керісінше түсіндіреді. Інжіл мен Құран Киелі кітаптың негізінде жазылған деп уағыздайды.

«Ехоба» деген – Иудейлердің Құдайы – «Яхвенің» өзгертілген аты. Түпнұсқада  –  «Яһуә»    деп    аталады.     Ол  –  «(Мәңгі)   Бар   Болушы», «Жаратушы» немесе «Сендерге Жар Болушы» деген мағына береді. Иудейлердің сенімі бойынша Құдайдың атын атауға болмайды. Құдайдың атын атау – өлімге алып келеді деп уағыздалады. Сондықтан Яхвенің орнына – Яху, Яго, Ехоба немесе Адонай («менің әміршім») сөздері қолданылады. Ертедегі еврей құдайлар пантеонында Яхве жерді түзетуші, жай атқыш, жаңбыр жаудырушы ретінде көрінген. Ұзаққа созылған күрестің арқасында Яхве – жалғыз құдай ретінде орнығып, еврейлердің басты Құдайы атанды. Ал «Иудаизм» термині еврейлердің Иуда тайпа бірлестігінің атынан шыққан. Иуда – Израильдің ең ірі тайпасы болатын. Давид патша Иуда тайпасынан шыққан. «Иудаизм» термині ХІХ ғасырдың соңынан бастап кең тарала бастады. Сөйтіп, Ехобаға кірген қазақтар еврейдің Құдайын насихаттап жүргенін өздері де түсінбей жүр.

Ехоба Куәгерлері христиандардың протестанттық бағытының сектасы болып табылады. Бұлармен бірге ХІХ-ХХ ғасырда протестантизмнің аясында «Христиандық ғылым», «Исаның шәкірттері», «7-ші күннің адвентистері», т.б. секталар пайда болған.

Барлық дәстүрлі діндер сияқты Ехоба Куәгерлері де жамандық істеме, есірткі қолданба, арақ-шарап ішпе деп т.б. жақсылықтарды уағыздайды. Бірақ кейде іс-әрекеттері уағыздарына кереғар шығып жатады. Мысалы, бұларда «Исаны еске алу күні» деген бар. Бұл күн туралы: «Өлер алдындағы кеште Иса Мәсіх ашытқысыз пісірілген нан мен қызыл шарабы бар тостағанды елшілеріне беріп, шараптан ішіп, нанды жеу керектігін» айтады. Сонымен қатар оларға: «Мені естеріңе түсіру үшін осылай істей беріңдер!» – деді (Лұқа 22:19)», – деп шарап ішуді уағыздайды. (Бұлар қазақ тілінде «Христос», «христиан» деген терминді қолданбайды. Христосты – Мәсіх, хриситиандарды – мәсіхшілер деп аударып алған. Бұл қазақтарды өз дініне кіргізу үшін, әрі христиан бағытында екенін жасыру үшін істеп отырған аярлықтары болса керек. Еврей сөзінен шыққан «Мәсіх» және грек сөзінен шыққан «Христос» деген лауазымдар «май жағу рәсімі жасалған кісі» дегенді білдіреді.). «Еске алу күні» тұрақты емес. Жыл сайын өз ыңғайларына қарай өзгертіп отырады. Бұл күннің ендірілуі туралы: «Пауылдың айтуынша, Иса Иеміздің кешкі асын Яһуда Исқариот оны ұстап беріп, яһуди дінбасылары римдіктерге өлтірткен түні ендірілді. Сол кешкі ас б.з. 33 жылы 31-наурызында, бейсенбіде күн батқанда өтті» десе, бұл күнді 2004 жылы – 4-сәуірде,  2006 жылы – 12-сәуірде атап өткен.

Ехобалықтарда қазақ менталитетін бұзуға арналған идеялар мен уағыздар жетіп артылады. Олар бірін-бірі «бауырластар» деп атайды. Уағыздарында: «Бауырластар, үлкен-кішіңе қарамастан бір-біріңе «Сіз» деп емес, «Сен» деп сөйлеңдер» деп насихаттайды. Бұл, үлкенге «Сіз» деп сөйлейтін қазақ табиғатына жат. Үлкенді сыйлайтын қазақ менталитетіне қарама-қарсы екені белгілі.

Ехоба тек өзіне ғана бас иіп, өзін барлығынан биік қоюға уағыздайды. Ехоба үшін бала-шаға, отбасыңнан бас тарта біл деген насихат   жүргізеді.   Олар:  «Отбасында   Ехобаға  кіргендерге  қарсылық болады. Ата-анаңның, туыстарыңның, бала-шағаңның қарсылығына қарамай Киелі кітапты оқы, зертте. Ехобаны бірінші кезекке қой. Отбасыңдағы қарсылықты жеңе біл», – деп үгіттейді. Осыған байланысты «Верные в испытании: Свидетели Иеговы в Советском Союзе» деген бейнетаспалары бар. Онда Украина, Молдавия, Прибалтикадағы Ехоба Куәгерлерін 1951 жылы осы сенімде болғандары үшін соттап, Сібірге жер аударылғандығы туралы айтылады. Артынан бала-шағалары, туған-туысқандары іздеп барғанда құқық қорғау органдағылар: «Ехобаға сенімдеріңнен бас тартсаңдар туған-туысқандарыңмен кедесуге рұқсат етеміз» дейді. Сонда олар керісінше, бала-шаға, туған-туыстарынан бас тартты деп дәріптейді. «Ехоба бізге тек өзіне ғана бас июге міндетті екенімізді айтады. Ол өзінің даңқын тағы біреумен немесе бір нәрсемен бөліспейді (Забур 113:12-16; Ишая 42:8)», – деп уағыз жүргізеді. Сөйтіп олар, Ехоба үшін барлық  жұрағаттарыңды тәркі етіңдер деп үгіттейді. Бұл да «у ішсең руыңмен» дейтін қазақ халқының менталитетіне жат.

Ехоба Куәгерлері сөз жүзінде басқа діндерге қарсылығы жоқ екенін айтады. Бірақ дәстүрлі діндерді «жалған діндер» деп ғайбаттайды. «Иса 25-желтоқсанда туылған жоқ. Ол шамамен 1-қазанда, яғни малшылар малдарын түнде ашық ауада күзете алатын мезгілде туылған (Лұқа 2:8-12)» деп Исаның туған күнін дәл айта алмай, шамалап қана айтып католиктерге қарсы шығады. Христиандардың айқышқа (крестке) табынуын да жоққа шығаруға тырысады. «Иса айқышқа емес, бөренеге немесе діңгек ағашқа шегеленіп өлтірілді. Көптеген Киелі кітап аудармаларындағы «айқыш» деп аударылған грек сөзі жай бөренені білдіреді. «Айқыш» рәмізі ежелгі жалған діндерден шыққан. Алғашқы мәсіхшілер ғибадат еткенде айқышты қолданбаған және оған табынбаған. Сол себепті сіз қалай ойлайсыз, ғибадат еткенде айқышты қолданған дұрыс па? (Заңды қайталау 7:26; 1 қорынтықтарға 10:14)» деп айқышқа табынатын дәстүрлі христиан дініне қарсы шығады. Өздері де айқыш тағынбайды. Осы жерде, «айқыш рәмізі ежелгі жалған діндерден шыққан» деп, дәстүрлі діндердің өздерінен бұрын шыққанын мойындап отырғанын байқамай қалыды. Сөз жүзінде өздерін 3,5 мың жылдық тарихымыз бар. Інжіл мен Құран Киелі кітаптан алынған деп уағыздайды. Ехобалықтар Исламға тисе кетуді де ұмытпайды. «Мәсіхтің туған күні мен соған қатысты әдет-ғұрыптар байырғы жалған діндерден бастау алған. Бұл жеті нан және  мал шалу секілді ерекше белгісі бар айт әдет-ғұрыптарына да қатысты. Алғашқы мәсіхшілер Мәсіхтің туған күні мен айтты тойламаған, қазіргі шынайы мәсіхшілер де тойламайды», – деп  Исламнан да бас тартуға шақырады. Бұл жерде де Исламды «байырғы» деп өздерінен бұрын шыққанын мойындап отыр. Әйтпесе, өзінен кейін шыққан діндерде қандай әдет-ғұрып болатынын қайдан біледі? Осыларды айта келіп: «Мүмкін аталып шыққан діни нанымдар мен әдет-ғұрыптардың кейбіреулерінен бас тартуға өте қиын шығар. Бәлкім, туыстарыңыз бен достарыңыз сізді бұрынғы діни нанымдарды өзгертпеуге көндіру үшін әрекет жасауда болар. Бірақ адамдарға  емес,  Құдайға  жағу  әлдеқайда  маңыздырақ  (Нақыл  сөздер 29:25; Матай 10:36, 37)», – деп туыстар мен достарды тыңдамауға уағыз айтады.

Ехобалықтар анда-санда елді қорқытып қоюды да естерінен шығармайды. «Сөзімді қабылдағандарыңа қарай мақталасыңдар не жазаланасыңдар», – деп сөздерін қабылдамағандарды қорқытпақ болады. Ал енді тағы бір сөздерінде: «Сендер соңғы күннің соңында өмір сүріп жатырсыңдар», – деп қорқытады. Демек, «таяу арада өмір бітеді, сондықтан алдыға талпынудың керегі жоқ» деген мағынада елді пессимистік рухта тәрбиелеуге тырысады. Бұлар пессимист адамның рухсыз, жігерсіз болатынын жақсы біледі. Ал рухсыз, жігерсіз адам кім не айтса соған ергіш, көнгіш, өз ойы жоқ болатынын жақсы меңгерген. Ондай адам ешкімге қарсылық жасай алмайды. Құл болуға бейім келеді. Сондықтан ондай адамды өз қатарларына тартып, идеяларына бас идіруге тырысады. Гиглер Вернер мырза да бір баяндамасын: «Сендер соңғы күннің соңында өмір сүріп жатырсыңдар. Сондықтан Ехобадан басқаның керегі жоқ», – деп аяқтаған болатын. Үзілісте бұл мырзадан: «Соңғы күннің соңы дегенді қалай түсінуге болады? Ол қай уақытта келеді? Бір жыл, бес жыл, он жыл әлде жүз жылдан кейін бе?» – деп сұраған едім. Ол: «Інжілде солай жазылған», – деп жалтарып жауап берген. Бірақ «Киелі кітапта солай жазылған» деген жоқ. Басқа да өздері жауап бере алмайтын сұрақтарға «діни кітаптарда солай жазылған» деп сырғытпа жауап береді екен. Құдайға шүкір, бұлар айтқандай өмір бүгін-ертең бітейін деп тұрған жоқ.  Болжамдарының 95 пайыздайы дәл келіп жатқан Мишель Нострадамус Жер бетіндегі тіршілікті 3 797-ші жылға дейін болжап айтып кеткен. Өмірі жетсе одан да арғыны болжап айтарма еді. 1503-1566 жылдар аралығында өмір сүрген М.Нострадамус ХХ ғасыр туралы: «Адамзат темір ойыншықтардың құлына айналады, мұндай ойыншықтар көп болған сайын соғыс та көп болады, адамдар бір-бірінен алшақтай бастайды, деспотизмге тәуелділік артады, адамдар табиғаттан алыстай береді, ал табиғат олардан кек алады, жер мен көк уланады, кейбір теңіздер жойылып, көлдер батпаққа айналады», – деген екен. Осы ХХ ғасыр туралы 3-4 болжамын айта кетсек: «Суға сүңгитін темір амфибиялар пайда болады» деген. Алғашқы атом сүңгуір қайығы 1902 жылы жасалды. «Темір құстар көкке самғап, ұшқырлығымен қашықтықты қысқартады» деген. 1903 жылы алғашқа ұшақ жасалды. «Антихрист» келіп ұлы империя құрады, шіркеу мен діндарларды қудалайды, бұрын-соңды болмаған ұлы революция бұрық етеді. Жер еркін дамудан қалып, қараңғылық  құшағына енеді» депті. 1917 жылы Ақпан мен Қазан төңкерістері болды. «Европа кіндігіндегі варварлар бұтағы өсіп шығады. Билік дүлей, қорқынышты адамдардың қолына өтеді» дегені, 1933 жылы Гитлердің билікке келуіне дәл келіп түр. «Аштыққа ешкім сенбеген, азығын қамдап, жимаған» дегені, 1931-1933 жылдардағы Қазақстан, Ресей, Украинадағы ашаршылық. «Құдай жарлық шығарды, ғарыш жолын Жерге жақындатты» депті. 1961 жылы Ю.Гагарин алғаш рет ғарышқа сапар шекті. «Арыстанның табанынан Ай сілкінер» дегені   1969   жылы   Ленс   Армстронгтың   Айға   қонуы   (Армстронгтың шоқжұлдызы – Арыстан). ХХ ғасырдың ең соңғы болжамында: «Қайырымды одақ ойыны аяқталыды», – деген екен. 1991 жылы Кеңес Одағы ыдырады. Осы сияқты Лениннің мавзолейі болатыны, теледидар шығатыны, КСРО-дағы қуғын-сүргін, Фашистік Германияның соғысты бастауы әрі жеңілуі, Джон Кеннедидің өлімі, Чернобыль апаты туралы да айтып кеткен. Ал ХХІ ғасырдың оқиғаларын болжай келе: «2043-2046 жылдары адамзат дамуының «алтын ғасыры» басталады», – депті. Айтқаны келсін! Демек, жоқ дегенде 3 797 жылға дейін Жер бетінде, Ехобалар айтып жүрген «соңғы күн» болмайды деген сөз.

Ал ехобалықтар керісінше келешекті болжап ештеме айта алмайды. Оның есесіне тарихта болып өткен мемлекеттердің дамуы мен құлдырауын «Ехоба айтып еді» деп өздеріне иемденіп алуға әуес. Мысалы, тарихтағы Египет, Ассирия, Вавилон мемлекеттерінің өрлеуі мен құлдырауы туралы «Библия: точность истории, достоверность пророчеств» деген бейнетаспа шығарып, бұл мемлекеттердің тарихы Библияда айтылған. Ал Библияға жазған Ехоба деп уағыздайды. Сөйтіп Ехобаның көріпкелдігін, пайғамбарлығын дәлелдемек болады.

Ехобалықтар кейбір ғылымның жетістігіне өздерінің үлесі бар деп уағыздайды. Ота жасау кезінде қан құюға байланысты «Никакой крови – медицина идет навстречу» деген бейнетаспалыры бар. Онда ехобалықтардың ота жасау кезінде басқа адамның қанын құйғызудан бас тартатынын дәріптейді. Басқа адамның қанынан әр түрлі жұқпалы ауру жұқтырып алуы мүмкін дейді. Ехобалықтар: «Біз қан құйғызудан бас тартқандықтан медиктер ізденіп, бөтен қан құймай ота жасауды үйренді», – деп өздерін көтермелейді. Қанды жүрек бүкіл организмге айдайды. Қанның ішінде оттегі (кислород) болуы керек. Қанның ішіндегі қызыл түйіршіктер оттегін бүкіл организмге жеткізетіні белгілі. Денеге барған қан оттегімен әр тканды қамтамасыз етіп, оттегінсіз қайтады. Қайтқан қанды өкпе оттегімен қайта байытып отырады. Қан көп кеткенде организмге оттегі жетіспей адам өлім жағдайына келеді. Сондықтан дәрігерлер кесетін жерді неғұрлым аз кесуге тырысады. Ол қанның неғұрлым аз ағуына алып келеді. Бұл – ота жасау кезінде қанның аз ағуының бірінші тәсілі. Екіншісі, қарапайым тілмен айтқанда, кескен жердің тілігін әдейі жасалған желіммен желімдеп отыру. Ол да қанның аз ағуына әсер етеді. Үшінші тәсіл, ота жасау алдында әдейі жасалған сұйықты қанға жіберіп қанның көлемін көбейту. Ота жасау кезінде қанмен бірге сұйық та ағып, қанның аз ағуына алып келеді. Отадан кейін қандағы сұйықты бөліп алып шығарып тастайды. Салыстырмалы түрде айтқанда, бір литр сүтке 10 литр су қосып, бір бөлігін төксе, белгілі бір уақыт аралығында сүтпен бірге су да төгіліп, жалпы сүт аз ағады. Соңынан, сүтті судан ажыратып алумен тең. Егерде осы уақыт аралығында тек сүттің өзін төксе, сүт не аз, тіпті қалмауы да мүмкін. Медицинаның осы тәсілдерін олар, «ехобалықтар қан құйғызудан бас тартқандықтан дәрігерлер ойлап тапты» дегілері келеді. Сөйтіп, медицинаның бұл жаңалығына өздерінің үлесі бар деп уағыздайды. Гиглер Вернер мырза баяндамасында бойдақтарға ақыл айтуды да ұмытқан жоқ. Ол: «Сен суға шомылып (шоқынып) шыққан соң саған біреу «отбасын құрайық» деп ұсыныс жасаса, сен жауап беруге асықпа. Оның шомылуын күт. Ол шомылса ғана келісіміңді бер», – деп ақыл айтып қояды. Демек, «сүйгеніңді де Ехобаға кіргіз» деп тұр ғой. Жастардың махаббатын да өздерінің мақсаттарына пайдалануға тырысады. Әрі ерлі-зайыптылардың екеуі де Ехобаға кірсе, олардың балалары басыбайлы ехобалықтар болатынын жақсы пайымдайды. Бұл – мылтықсыз майданның бір тәсілі.

2008 жылғы конгресте мектеп оқушылары біршама болған еді. Соларға арнап: «Сендер мектепті бітіресіңдер. Сендер мектеп бітіруші нағыз мәсіхші болып шықтыңдар ма?» деп сұрақ қойып алып, «қазір Ехобаны жамандап жүргендер бар. Сендер оларға тойтарыс беріңдер», – деп үгіттеп қойды.

Ехобалықтардың келесі идеологиялары – «адам өлтіретін қару ұстамау». Әрине, жазықсыз адамды өлтіру күнә. Оны ешкім де қолдамайды. Бірақ олардан: «Сырттан жау шабуылдаса да жеріңді, еліңді, Отаныңды, отбасыңды қорғау үшін де қару алмайсыңдар ма?» – десең, «иә, қару ұстамау керек» дейді. «Онда жау қырып салмай ма?» – деген сұраққа, «олардың жазасын кейін Ехоба береді», – деп жауап береді. Ехобаға кірген жастар әскерге бармауға тырысады. Бұл тұрғыдағы идеологиялары бойынша кеудеңді оққа, мойныңды қылышқа тосып отыра беруің керек. Қарсылық көрсетпеуің керек. Олай болғанда Жоңғар сияқты жойылып кетпейміз бе? Бұл идеологияның түп төркіні қайдан шығып жатқанын аңғару қиын емес сияқты. Жоғарыда біз бұлардың 1909 жылы Бруклинге көшіп келгенін, қазір Ехоба Куәгерлерінің дүниежүзілік Бас басқармасы Нью-Йоркте орналасқанын айттық. Демек бұл – АҚШ-тың жасап берген идеологиясы. Америка Ехобаларды қолдап, қаржылай көмек беріп отыр. Ал ехобалықтар әлем халқын қару ұстамайтын, Отанын қорғамайтын, АҚШ-тың шабуылына қарсылық көрсетпейтін момақан елге айналдырмақшы. Сөйтіп, Америка дүниежүзіне үстемдік ету мақсатында Ехобаны да пайдалануда. Бұл да – мылтықсыз майданның бір түрі.

Баяндамада қалай уағыз айту керегін де үйретіп қоюды ұмытқан жоқ. Мысалы, «Қала көлігінде келе жатқанда сол бағытпен көбірек жүретін адамды байқап ал. Ол келесі жолы көлікке отырғанда орын бер. Одан кейін кезіккенде тағы орын бер. Сонда ол сені кішпейіл, мәдениетті адам екен деп ойлайды. Кішпейілділік қызметімізде кездестірген адамдармен сөйлесуге көмектеседі. Сен оның қасында тұрып әңгімеге тарт. Мәсіхке сендіру ұшін, сөзіңді екеуіңе де ортақ жайттен бастауға тырыс. Әңгімені жай, тұрмыстық жағдайдан бастап бірте-бірте Киелі кітапты уағыздай баста», – деп үйретіп қояды. Ехобалықтар уағыздарын жүргізгенде адамдардың ой-қалпына ықпал еткен мәдениеті мен тәрбиесінің ерекшеліктерін есепке алып отырады. Адамдармен атүсті сөйлесе салмауға күш салады. Олардың қажеттіліктері мен мазалап жүрген сұрақтарын, нені ұнатып, нені ұнатпайтындарын, неден қорқатындары мен теріс ұғымдарын біліп алуға тырысады. Осылардың бәрін біліп алған соң әр адаммен әр түрлі сөйлеседі. Бұл туралы Киелі кітаптарында: «Құдайға санетін, бірақ Киелі кітапқа сенім артпайтын адамдармен басқаша, ал Құдайға мүлде сенбейтіндермен басқаша сөйлесеміз. Діни әдебиеттің бәрін насихаттау құралы деп қарастыратындарға Киелі кітап ілімдерін құрметтейтіндерге қарағанда басқа ұсыныс қолданамыз. Адамдардың білім деңгейі де әр түрлі болатындықтан, бізге бейімделе білу қажет. Шебер оқытушылар жағдайға байланысты лайықты болатын дәлелдер мен көрнекі мысалдарды қолданады (Жоханның 1-хаты 5:20)», – деп айтылған. Сондай-ақ бұлар түскен ортасына хамелеон сияқты бейімделгіш. Әрі Киелі кітаптары бейімделгіш болыңдар деп үйретеді. Онда: «Қызметімізді орындау («толықтай орындау», ЖД) үшін, алдымен өзіміз бейімделе білуді үйрене түсіп, кейін мұны жаңа жариялаушыларға да үйреткіміз келеді (Тімотеге 2-хат 4:5; Қорынтықтарға1-хат 9:22)», – деп жазады. Сондықтан ехобалықтар кез келген жерге жылмыңдап кіріп кетеді.

Ехобалықтардың «Киелі кітабында» қарама-қарсы тұжырымдар көп-ақ. Исаны Құдайдың ең алғашқы жаратылысы деп уағыздайды да, «Оны ерекше ететін тағы бір нәрсе, ол – Құдайдың жалғыз Ұлы (Жохан 3:16)», – деп дәріптейді. Ал келесі бір жерінде Исаның Құдайға адал боламын деп көп қасірет шеккенін айта келіп, «Тіпті туыстарының өзі «жынданып кеткен» деп оған сенбеген кез болған (Марқа 3:21)», – дейді. Иса Құдайдың алғашқы жаратылысы, әрі жалғыз Ұлы болса, туыстары қайдан жүр?

Ехобалықтардың материалдық-техникалық базасы

       Ехоба Куәгерлері өздерінің материалдық-техникалық қуаты туралы «Иеһова Куәгерлері: жиырмасыншы ғасырда» деген кітапшасында және «Свидетели Иеговы. Организация, стоящая за названием» деген бейнетаспаларында біраз мағлұмат береді.

Ехоба Куәгерлері бұрын кітаптарын аз данамен жеке баспаханаларда бастырып жүрген. Кейін, 1927 жылы Бруклинде (Нью-Йорк) сегіз қабатты ғимаратта өз баспаханаларын ашады. Ал қазір баспаханаларын кеңейтіп жеті ғимаратқа және кеңселері үлкен комплекске орналасқан.

Жоғарыда Ехоба Куәгерлері дүниежүзінің 200 тілінде, 230 елде үгіт жүргізеді дедік. Негізгі базасы Нью-Йоркте орналасқан «Күзет Мұнарасы» қоғамының «Бруклин» баспаханасында 3 мың адам жұмыс істейді. Бұдан басқа Нью-Йорк штатында «Уолкилл» деген және Германияда т.б. жерлерде баспаханалары бар. Қазақша кітаптар негізінен Германияда басылып шығады. Тіпті, алақандай қағазға басылған 2006 және 2008 жылдардағы конгрестің бағдарламасы да Германияда басылған еді. Баспаханалары соңғы техникамен жабдықталған. Көп тілде шығаратын компьютерлік бағдарламалары бар. «Бруклинде» жұмасына 3 000 негатив дайындап оны филиалдарға жіберіп отырады. Бұл баспаханаларда айына бір тілде үлкенді-кішілі 60 мың кітап басып,әлемнің 120 тілінде 30 миллиондай кітап шығарады екен. Соңғы 70 жылда 11 миллиард дана кітап шығарыпты. Баспаханалары 540 килограмдық рулонды 32 минутта өңдейді. Бір күнде 160 рулон басады. Бұл дегеніңіз – 1 600 км. қағаз, 61 миллион бет кітап деген сөз екен. Кітаптардың сыртқы қабының әсем, көркем, сапалы болуына көңіл бөледі. Кейбір кітаптарының сыртын алтындап, кейбірін тері қаппен қаптап шығарады. Ол елдің назарын аудару үшін керек деп есептейді. Бұлар зағиптарға да арнап кітап шығарады. Әрі дүниежүзінің барлық қаріптері бар. Кітаптарын миллион даналап шығарады. Мысалы, ай сайын шығып тұратын «Күзет Мұнарасы» деген жұрнал 2006 жылдарда 27 миллион данамен басылса, 2008 жылдары 37,1 миллион даға дейін өскен болатын. Ал, 446 беттен тұратын «Тарихтағы ең ұлы адам» деген кітапта: «Бұл кітап 111 тілде басылып шыққан. Жалпы таралымы – 36 479 000 дана» деп тұр. Келесі 192 беттен тұратын «Мәңгілік өмірге алып баратын білім» деген кітабында: «Бұл кітап 161 тілде шыққан. Жалпы таралымы – 93 508 000 дана» деп жазылыпты. Ал 32 беттен тұратын «Құдай бізден нені талап етед?» деген кітапшада: «Бұл брошюра 254 тілде басылып шығады. Брошюраның жалпы таралымы – 135 287 000» деп тұр. Әрі мұның бәрін тегін таратады. Бұндай көп данамен кітап, жұрнал шығару біздің ақын, жазушылардың өңі түгілі түсіне де кірмейтін шығар.

Бұларда тек баспахана емес, жазу студиялары да бар. Онда күніне 30 мың аудиотаспа жазып таратады. Осылардың бәрін тарату үшін 2 миллион адам жұмыс істейтін «Эймак» тарату тобы бар. Осының бәрін іске асыру үшін әр елде филиалдар құрып алған. 2006 жылға дейін Қазақстандағы филиалы Алматы облысы, Есік қаласы, Гастелла көшесі, 90-үйде орналасқан еді. Бірақ бұл жерде ғимаратты жалдап, уақытша тұрған. 2007 жылы Алматының түбіндегі Қалқаманнан жер алып бетелдерін (Құдай үйін) салып, көшіп келді. Ол бетелдері Қалқаманның Бәйкен Әшімов көшесі (бұрынғы М.Әуезов көшесі), 187-үйде орналасқан. Оның қақпасына 2007 жылы «Иеһова Куәгерлерінің Патшалық Сарайы» деп қазақша, «Зал Царства Свидетелей Иоговы» деп орысша жазған еді. Ал 2008 жылы «Қазақстан Республикасындағы ИЕҺОВА КУӘГЕРЛЕРІНІҢ діни орталығы» деп қазақша, орысша жазған еді. Ал қазір атын «ЕХОБА КУӘГЕРЛЕРІНІҢ МӘСІХШІЛІК ОРТАЛЫҒЫ» деп жоғары жағына үлкен әріппен қазақша және астына кіші әріппен «Christian Center ob Jehovahs Witnesses» ағылшынша, «Христианский центр Свидетелей Иеговы» деп орысша жазып қойды. Алып жатқан жері 7-8 гектардай болады. Бұнда бір ғана ғимарат емес, 3-4 үйден тұратын тұтас комплекс салып жатыр. Қазір көше жағына 500 адамдық мәжіліс залы және шоқынғанда шомылатын ванна салып қойды. 2008 жылғы конгрестері осы залда өткен болатын. Ал, ауланың түп жағында екі қабатты, екі үлкен ғимарат салынған. Онда офис, асхана, қойма, жатақхана орналасқан. Отбасынан, бала-шағасынан, туған-туысқандарынан, дос-жарандарынан бас тартып, Ехобаға бас ұрғандар осы жатақханада жатып, асханадан тамақ ішеді. Баспанадан қысылған қазақтар да жатақхана үшін Ехобаға кіріп шоқынып кетуі ғажап емес. Әрі қасында шарбағы ортақ «Америка мектебі» жұмыс істеп жатыр. Онда да талай   қазақ   балалары   оқып   жатыр.   Ол  балаларды  ехобалықтар  өз діндеріне тартпасына кім кепіл. Әлі талай жерлері бос жатыр. Тағы қанша ғимарат салары белгісіз. Енді Қалқаманның қазақтарын Ехобаға кіргізіп, «шомылдыра» бастайтын шығар. Қалқамандағылардың басым көпшілігі қазақтар екенін ескерсек, тағы қанша қазақ шоқынып кетер екен?!

Осыншама кітап пен жұрналдарын жазатын өздерінің жазушылары, әр тілге аударатын аударма, суретін салатын суретші топтары бар. Қазақ тілінде БАҚ-тарда шыққан кейбір заңдар мен қаулыларды оқып түкке түсінбей қаласың. Жаңылтпаш сияқты. Олардың орысшасын оқып барып мағынасына әрең түсінесің. Ал Ехобаның қазақ тіліндегі кітаптарын жатық, көркем, түсінікті аударуларына қарағанда қазақ тіліндегі аударма тобындағылар тілге жетік, қазақ тілінің қыр-сырын жақсы білетіндер сияқты. Әрі сөздерді қазақ ұғымына, дыбысталуына, тіл заңдылығына  мән беріп аударады. Мысалы, бұрын өздерін «Иеһова» деп атаса, қазір «Ехоба» деп тілдің үндестігін қазақ ұғымыа бейімдеп аударып жүр. Сәбит Мұқановтың: «Орыс сөзін алғанда қазақ тіліне бағындырып алу керек», – деген сөзін жақсы меңгерген. Соған қарап тіл мамандары  ма екен деп ойлайсың. Қазақ тіліндегі кітаптарды кімдер аударғандығы туралы аудармашылардың аты-жөні жазылмайды. Олар кімдер екен десеңші?!

Нью-Йорктегі орталық әр елдегі филиалдарымен телефон, бейнетелефон (видеотелефон) арқылы байланыс жасайды. «Бруклин» баспаханасындағы 3 мың адамды арзан тамақпен тамақтандырады. Бұл үшін көкөніс өсіріп, мал ұстайтын фермалары бар. Мүшелеріне ақша беріп тұрады. Бұлар құрылыс инженерлерін де өздері дайындайды. Инженерлері дүниежүзіндегі филиалдар ашып, үй салады. Қазір дүниежүзі бойынша 96 құрылыс филиалдары бар. Сонымен бірге киім жуып, тазалайтын орын ұйымдастырған. Өз адамдарының киімдерін осында тазалап, киіндіріп отырады. Адамдарының киімдерінің де таза, жарасымды болуына көңіл бөледі. Ол «мәдениетті адамдар екен» деп елдің үйірілуіне септігін тигізеді деп санайды. Сондай-ақ оркестр ұстайды. Олар концерттер беріп, Ехоба Куәгерлерін дәріптейді.

Түйін

   Қазір біз: «Қазақстанда 40-тан астам діни конфессия, төрт мыңға жуық ағым мен секта  жұмыс істейді» деп мақтанамыз. Бұл мақтанарлық іс пе, әлде жыларлық па? Түптің түбінде 40 діни конфессияның басы бір қазанға сия қояр ма екен? Қырық конфессия қырық пышақ болып қырылыспай ма? Екеуі де «Мұхаммедтің үмбетіміз» дейтін шейіттер мен сүнниттер бір-бірімен сиыса алмай жүр ғой. Алысқа бармай-ақ, ХХ ғасырдың аяғында шейіт бағытын ұстайтын ирандықтар мен сүннит бағытын ұстайтын ирактықтар соғысқан жоқ па? Сол сияқты дәстүрлі христиандар да тату-тәтті өмір сүріп жатқан жоқ. Тарихтан білетініміздей, Христостың «балалары» католиктер мен православиеліктер болып 1054 жылы бөлінген. Осыдан кейін шығыс христиандығының, демек православиенің    орталығы     Византия     болып     тұрды.      Ал     батыс христиандығының, демек католиктердің орталығы Рим болды. Бөлінген соң католиктер Византияға крест жорығын жасап, православиеліктерді әлсіретті. Бұдан кейін екеуінің өштесіп кеткені сондай, бір-бірінің «үйіне» он ғасыр өткен соң ғана «кіріп-шықты». Оның өзі Иоанн Павел ІІ-нің сындарлы саясатының арқасында іске асты. Иоанн Павел ІІ Рим Папасы болып тұрғанда, 2001 жылы бірінші рет православие дініндегі Грекияға барды. Ал Орыс православиесі әлі күнге дейін католиктерден теріс айналуда. Иоанн Павел ІІ-ні Орыс православиесі жолатпай кетті. Папаның Ресейге келуіне Орыс православие басшыларын В.Путиннің өзі де көндіре алмады. Рим Папасы 2001 жылы Украинаға келгенде Орыс православие дін басылары «православиенің канондық территориясына қол сұқты» деп шу көтерді. Ал Иоанн Павел ІІ 2001 жылы Астанаға келгенде, Қазақстандағы барлық дін басылары қасында қоғадай жапырылып жүргенде, біздегі архиепископ ештеме естімегендей болып Алматыдан шықпай қойды.

Міне, бір діндегі бауырлас екі саланың бір-біріне қарым-қатынасы осындай. Сондықтан көп діннің келешекте бейбіт өмір сүре қоюы екі талай-ау. Өздеріңіз ойлап қараңыздар. Бір баламыз Ехобаға кірдім деп оның кітабын жаттап бір бұрышта, екінші баламыз Кришнаға кірдім деп тақырбастанып екінші бұрышта барабанын қағып отырса, өзіміз Ислам дініндеміз деп Құран оқып отырсақ, ертеңгі күні отбасымызда қандай береке-бірлік  болмақ? Әрқайсысы өз кірген дінін мадақтап қырқыспай ма? Қазірше бұлар аз, әлсіздеу. Соның өзінде әлден Өкіметке де азуларын көрсете бастады. Қазір, кейбір жерлерде заңсыз жер иеленіп, үй салды деп қазақтың бала-шағасының көз жасына қарамай үйлерін бұзады. «Үйімді бұзғызбаймын» деп өзін-өзі өртеп жатқандар да кездесіп жатыр. Ал, Алматы облысы Қарасай ауданында заңсыз жер иеленіп, діндерін таратып жүрген Кришна ұйымының үйлерін бұзып еді, дүниежүзіне «біздің дінімізге қысым жасап жатыр» деп шулап, олардың шет елдегі кейбір ұйымдары біздің елшілік алдында митингі ұйымдастырды. Жерін алуға сот үкім шығарса да оны іске асыруға сот орындаушыларының жүректері дауаламады. Әрі осы ұйымның бір өкілі: «Бізді шетелдіктер қолдап отыр», – деп Америка бастатқан бірнеше шет елдерді атап теледидардан сес көрсетті. Секталар көбейіп, күшейсе қазақтың басына қандай әңгіртаяқ ойнатарын бір Құдайдың өзі біледі.

Ехобаның қорғаушысы да, қолдаушысы да, демеушісі де Америка екені белгілі. Нью-Йорктен ойып тұрып орын беріп отыр. Өркендеуіне жағдай жасап жатыр. Қаржылай көмегін де аямай төгуде. Әйтпесе осыншама  кітап, аудиотаспа шығарып, құрылыс салуға, адамдарға жалақы төлеуге садақадан түскен қаржылары жетпес еді. Өздерінен: «Қаржыны қайдан аласыңдар?» – деп сұрасаң, «садақадан түскен қаржы» деп жауап береді. Оған сене қою қиын. 2006-2008 жылдардағы, «Рахат» телеарнасынан  өткізген уағыздарының шығынын есептеп қарасақ, айтқандарының шындыққа жанаспайтынына көз жеткізуге болады. Мәселен, сол жылдары «Рахат» телеарнасында бір минуттық хабар 32 мың  теңге  тұратын  еді.  (ол  кезде  1$ – 147  теңге  болатын).  Сонда,  30  минутта – 960 мың, бес күнде – 4,8 миллион, бір айда – 19,2 миллион теңге төлеген. Бұл сол кездегі есеппен 160 мың АҚШ доллары болатын. Бұл қаржыға сол жылдары Алматыдан үш бөлмелі қатқан пәтер алуға болатын еді. Ал бір жылда 1,92 миллион АҚШ долларын шығындаған. Бұл бір ғана Алматыдағы, бір ғана телеарнаға кеткен шығындары. Оған қосымша сол жылдары «Таңнан» күніне 15 минут, кабельді телеарнадан күні-түні уағыз жүргізді. Қазақстанның басқа қалаларының телеарналарынан да уағыз таратты. Ехобалықтардың дүниенің 230 елінде әрекет ететінін ескерсек, қыруар ақша екені белгілі. Гиглер Вернер мырза баяндамасында: «Дүниежүзіндегі Ехобалардың саны 6,5 миллион», – деген еді. Ал Қазақстанда 20 мыңдай екен. Осыншалық  жұмыс жүргізуге бұлардың садақадан түскен қаржылары жетпес еді. Сондықтан бұларға АҚШ «садақаны» аямай төгуде. АҚШ-тың бұл көмегіне ехобалықтар өздері жүрген елдің халқын құлдық психологияға дайындап жүр. «Сырттан жау шапса да қолыңа қару алма», – деп  дәрменсіздікті уағыздайды. Әлемге үстемдік орнатуға тырысып жүрген АҚШ-қа керегі де осы емес пе? Айта берсең бұл – АҚШ-тың идеологиясы! Ехоба – Американың қолшоқпары!

Паразиттер денеге түскенде, сол жері жайлы болса өрбіп, дамиды. Түскен клеткасын бүлдіріп, ірітіп, шірітіп келесі клеткаға ауыз салады. Ол жерді тезірек алып тастамаса бүкіл денеге жайылады. Дер кезінде шара қолданып емдемесе бүкіл организмді улап, соңы өлімге алып келуі де мүмкін. Орта Азия бойынша Ехобаларға Қазақстан жайлы орын болып тұрған сияқты. Сондықтан Қазақстанды негізгі база қылып Орта Азияға жайылу ойларында бар. Бұны конгрестерінде айтып та өткен болатын. Ай сайын шығып тұратын «Күзет Мұнарасы» деген жұрналдарында қай елде филиалдары бар екен, оның мекенжайы жарияланып отырады. Сол тізімде Орта Азия бойынша Қазақстан мен Қырғызстан ғана бар. Оның өзінде Қырғызстанда біздегі сияқты белгілі мекенжайы жоқ. Тек хат-хабар алып тұратын «Бишкек а/я-80» деп жазылған пошта жәшігінің номері ғана көрсетілген. Ал Өзбекстан, Түркіменстан, Тәжікстандар тізімде мүлде жоқ. Демек олар Ехобаны өздеріне мүлде жолатпай отыр. Сондықтан Қазақстанды негізгі база қылып осы елдерге біртіндеп таралмақшы. Бұлардың зиянды екенін түсінген Ресей де, осы жылдың сәуірінен бастап Ехобаның жұмысын өз елдерінде тоқтатты. Қазір Ресей Өкіметі ехобалықтардың дүние-мүліктерін тәркілеп жатыр. Ал біз таяуда бұларды «зиянсыз» деп қабылдап, жұмысын жалғастыруға жағдай жасадық. Қазақстан бұларды тайраңдатып, конгрестерін өткізуге рұқсат беріп, бетелдерін салуға қазақтар шоғырланған  аймақтан жер беріп отыр. Паразиттерді ішімізге кіргізіп, оның уына уланып қалмайық!

Ехобалардың қармағына көбінесе өмірде жолдары болмай, өздерінің «Қамытым ыңғайлы» деген әндерінде айтатын шаршағандар, езілгендер, ауырлық сезінгендер түсіп қалады. Бұндайларға жылы сөздерімен, жылмыңдаған істерімен Ехобаның қамытын кигізіп жібереді. Олар қамытты бір киген соң шешуі қиын болады. Кейбіреуі, тіпті, өмір бойы Ехобаның қамытын шеше алмай өтетін шығар.

Гиглер Вернер мырза бір баяндамасында: «Рухани деңгейіміз бірде өседі, бірде төмен түседі. Сендердікі өсіп жатыр. Бұл жақсы», – деп қазақтарды мақтап алып, «Ехоба қазақстандықтарды жақсы көреді. Қазақша білетіндерге қазақша, басқаларға білетін тілінде уағыздаңдар. Қазақ қазақша білмесе орысша уағыздаңдар. Маңыздысы – бізге бауырлас болу. Біз қазақша сөйлейтін адамдарды іздейміз», – деп негізгі мақсатын айтты. Олар қалың қазақ ортасына кіруге әрекет етуде. Сол үшін қазақша уағыз жүргізетін куәгерлерді көбейту үстінде. Қазақша үйренуде. Орыс қауымындағы қазақшаға бейімі бар қазақ және басқа ұлт өкілдерін қазақ қауымына ауыстырып жатыр. Бетелдерін қазақ шоғырланған аймаққа салып, қазақтың дарынды балалары оқитын «Дарын» сияқты қазақ ұлттық  гимназияға бір қауымын орналастырып қойған. Ауылды жерге де барып уағыздарын жүргізіп жүр. Асты-үстіне түсіп, жылмыңдап, жымысқы майда күлкісімен күлімсіреп жетіп барған Ехобаларды «ой айналайын, түстері жылы балалар екен» деп ауылдың аңқау қазақтары қабылдап жүр. Олардың кімдер екенін, қандай мақсатпен жүргендерін ауыл адамдары түсініп жатқан жоқ. Кейбір тұрмысы төмендерге азын-аулақ тиын-тебен беріп қойса соған мәз. Сөйтіп Ехобаның қармағын қауып жатыр.

Қазақстандағы секталардың қаптап кетуіне «Діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер туралы» Заңымыздың алғашқы кездегі осалдығы жақсы жағдай жасап берді. Бұл Заң егемендік алғаннан кейінгі алғашқылардың бірі болып қабылданған еді. Атап айтқанда 1991 жылдың 16-желтоқсанында егемендігімізді жаряладық. Ал, бір айдың ішінде, 1992 жылдың қаңтарында «Діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер туралы» Заңды қабылдадық. Ол кезде алды-артымызды бағамдап үлгермеген кез. Әрі заң шығаруға да тәжірибеміз жоқ еді. Сондықтан бұны басқа ұлттың өкілдері жазып берген. Онда, әрине, қазақ ұлтының мүддесі көзделмеген. Әрі ол кезде Кеңес Одағы ыдырай бастап, зауыт, фабрикалар тоқтай бастаған, ескі жүйедегі байланыстар үзіліп, экономика құлдырай бастаған кез еді. Сол себепті алдымен экономикаға көңіл бөлініп, рухани жағы баяу, әрі жүйесіз дамып, ақсап қалды.

Өкінішке қарай Ата Заңымызда да шетелдік діни бірлестікке қатысты солқылдақ тұстары бар. 1995 жылы қабылдаған Конституциямыздың 5-баптың,  5-тармағында: «Шетелдік діни бірлестіктердің Республика аумағындағы қызметі, сондай-ақ шетелдік діни орталықтардың Республикадағы діни бірлестіктер басшыларын тағайындауы республиканың тиісті мемлекеттік органдары мен келісу арқылы жүзеге асырылады», – деп жазылған. Осы жердегі «келісу арқылы» деген сөзді жергілікті мемлекеттік органдар өз пайдалырына «келісіп» жүрген сияқты. Себебі, шетелдік миссионерлер Қазақстанның қай бұрышына барса да діни бірлестігін қиналмай тіркетіп алады. Сондықтан бұл бапты қайта қараған дұрыс болар еді.

Секталардың негізгі мақсаты – елдің бірлігін бұзу. Елдің бірлігі мен тірлігін бұзып барып, көксеген армандарына – арандатуға, тыныштықты бұзуға  ниетті.   Сондықтан,   шетелдік   діни   бірлестіктерді   алдымен, өздерінің бағытына қарай, Қазақстандағы дәстүрлі діндердің басшыларынан қолдаухат (ходотайство) алып, одан кейін ҰҚК-ті олардың шығу тегін, әр елдегі іс-әрекетін тексеріп, қазақ халқының мүддесіне қаншалықты сай келетінін анықтап барып тіркеген дұрыс болар еді. Егер Қазақстандағы дәстүрлі діндер басшылары қолдаухат бермесе, не іс-әрекеттері, идеялары қазақ халқының мүддесіне сай келмесе бізде жұмыс істеуге рұқсат етпеу керек. Себебі, өздері шыққан елде тиым салынған кейбір секталар бізде еркін әрекет етуде.

Қазақтардың басқа дінге кетіп жатқанына Қазақстан Мұсылман дін басқармасының да кінәсі бар сияқты. Кейде адамдар қысылған кезде ақыл сұрап, рухани қолдау табу үшін діни орындарға барады. Сол кезде молдалар оларға ақыл-кеңес беріп, рухани қолдау көрсетуге қауқарсыз болып шығады. Көбі садақасын алып, құранын оқып, бетін сипап отыра береді. Олармен ашылып сөйлесіп, сырласпайды. Бұны басқа дінге кетіп жатқандардың көбі айтады. Ал басқа дін өкілдері барлық жағдайын сұрап, рухани қолдау көрсетіп, керек болса үйлеріне дейін барып жақсы сөздерін айтады. Атам қазақ «жақсы сөз – жарым ырыс»  деп бекер айтпаған ғой. Сөйтіп шаршағандарды, езілгендерді, ауырлық сезінгендерді өздеріне тартып алады. Мешіттерде де қиыншылық көрген адамдармен сөйлесіп, олардың жан дүниесіне қолдау көрсете алатын адамдардан кеңесшілер құрса дұрыс болар еді. Қиыншылық көрген адамдарды бір қалыпқа түсіру үшін молдалар психолог та болулары керек. Діни оқу орындарында психологияны оқыта ма жоқ па білмеймін. Оқытпаса психология пәнін кіргізген дұрыс болар еді. Ал, жалпы, мешіттерде психолог ұстаған пайдалы болмақ.

Алексей Белявцев мырза баяндамасының бірінде: «Қазір рухани соғыс жүріп жатыр», – деген еді. Иә, дұрыс айтады!  Ехоба қазақтарға қарсы мылтықсыз майдан ашып, рухани соғыс жүргізіп жатыр. Тек қана Ехоба емес, Қазақстандағы барлық секталар қазақтарға қарсы мылтықсыз майдан ашып, рухани соғыс жүргізуде. Қазақ халқы «мың өліп, мың тіріліп» ХХІ ғасырға жетті. Енді келесі ғасырға жетеміз бе, жоқ па? Осы бағытымызбен кете берсек келесі ғасырға биологиялық тұрғыда жеткенмен, рухани тұрғыда жетпей қалуымыз ғажап емес. Қазір базарларда сатылып жатқан қытай алмаларының сырты әп-әдемі. Жеп көрсең не алма дәмі, не алма исі жоқ. «Алма» деген аты мен сыртқы көрінісі ғана бар. Көрінген дінсымақты тайраңдатып қойсақ, келесі ғасырда біздің де «қазақ» деген атымыз бен сыртқы көрнісіміз ғана қалады. Ішкі жандүниеміз, рухымыз жойылады. Келесі ғасырға рухы күшті халық қана жетеді.

Ехобалықтар жымысқы саясатқа шебер-ақ.  Өздерінің бірлестіктерін айтқан болып қазақтың қай жеріне қанжар салуды да белгілеп қойған сияқты. Гиглер Вернер мырза өзінің баяндамасының бір жерінде: «Қазақстанда, әсіресе оңтүстікте топқа: Ұлы, Орта, Кіші жүзге бөліну бар. Қазақтардың ішінде арабтардан шыққандар (қожаларды айтқан болуы керек – Н.Қ.) бар.  Ехоба бұлай бөлінбеуі керек»,  –  деп  өтті.  Демек  олар  қазақтарды әбден зерттеп, біліп алған ғой. Уақыты келгенде қалай іріткі салуды бағамдап қойған. Кезінде Американың авияциясын кіргізген Өзбекстанды Әндижандықтар деп, алақандай Қырғыз елін оңтүстік, солтүстік деп бөліп ойран салдырған бұлардың, Қазақстанды үш-төртке бөліп ойрандау ойларында жүрген жоқ па? Осылардың үстіне әлемдік жаһандану келе жатыр. Сондықтан қазақтар: «БАРЛЫҚ ҚАЗАҚ – БІР ҚАЗАҚ», – деп жұдырықтай жұмылып жүрмесе көрінгеннің жемтігі болып кету оп-оңай. Сақ болайық, ағайын!

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» деген мақаласында «Әжептәуір жаңғырған қоғамның өзінің тамыры тарихының тереңінен бастау алатын рухани коды болады. Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодты сақтай білу. Онсыз жаңғыру дегеніміз құр жаңғырыққа айналуы оп-оңай», – деді. Ұлттық код дегеніміз – ұлттық құндылықтар. Бір халықты екінші халықтан ажыратып тұратын ерекшелігі оның – тілі, діні, ділі, салт-дәстүрі, мінез-құлқы, менталитеті, т.б. болмыстары. Бұлардың бәрі ұлттық құндылыққа жатады. Егер біз ұлттық құндылықтарымызды сақтамасақ, қазіргі жаһандану кезеңінде, әрі секталардың секіріп тұрғанында, заманауи ғаламдық бәсекелестікке төтеп бере алмаймыз. Сондықтан ұлттық жадымыз бен кодымызды, демек ұлттық  құндылықтарымызды көздің қарашығындай қорғап, дамыта білуіміз керек.

Ылғида құйысқанға қыстырылып жүретін АҚШ-тың мемлекеттік департаменті баяндамалар жасауға әуес-ақ. 2005 жылдың 8-қарашасында олар «Әлемдегі діни бостандықтар» туралы сараптамасын жария етті. Онда: «Қазақстан бұрынғы Кеңестік мемлекеттер ішінде діни сенімге еркіндік беру жағынан көш басында тұр», – деп мақтап, арқамыздан қағып қойды. Діни қауымдардың мемлекет тарапынан «еш кедергі көрмей» дамып жатқанына, олардың көпшілігінің Үкіметпен жақсы қарым-қатынаста екеніне департамент жоғары баға беріпті. Айтары жоқ! Қазақстанның діни ахуалы АҚШ-қа жағып-ақ тұр. Жақпағанда ше! Америкаға ұнамайтын Ислам бағытындағы секталардың жұмысын тоқтатып, Христиан мен Буддизм бағытындағы секталарды еркінсітіп қойсақ … «Мәз болады болысың, Арқаға ұлық қаққанға» деп ұлы Абай айтқандай, АҚШ-тың бұл бағасына бөркімізді аспанға атып қуанымыз керек пе? Кезінде М.Горбачевті де: «Қайта құруды бастадың, азаматсың!» – деп арқасынан қағып, Кеңес Одағын шалқасынан түсірген ең алдымен АҚШ болатын. Америка мақтағанға «қарқ» етіп ауыздағы ірімшігінен айрылған қарғадай болып, шалқамыздан түсіп жүрмейік. Департаменттің бұл бағасын, кезінде біздің Үкіметтің ерекше ілтипәтпен қабылдағаны қынжылтады.

Шет елдің Қазақстандағы секталарды қолдап, қаржыландырып отырғанының түпкі мақсаты – бізді қырқыстырып, кең даламыз бен мол байлығымызды тегін иемденудің амалы емес пе? Текке тиын шашпайтын шетелдіктердің түпкі мақсаты түсінгеніміз абзал. Әйтпесе Қазақстанда қаржы құятын іс аз ба? Жандары ашып бара жатса Семей полигонынан, Арал теңізінен,  т.б.  апатты  аймақтардан  зардап  шеккендерді  емдеуге қаржы бөлмей ме. Не жетім балалар үйіне көмектеспей ме. Бірақ бұл олардың түпкі арам пиғылдарына сәйкес келмейді. Сондықтан Ислам бағытындағы секталарды ғана емес, дәстүрлі діндерден басқа, барлық секталардың жұмысын тоқтататын уақыт жетті.

Қазақ БАҚ-тарда секталардың өршіп бара жатқандығы, олардың қазақ қауымына зияндылығы туралы ылғи да жазылып жатады. Қазақстанда діни ахуалдың ұшыққанынан дін мәселесімен айналысатын жеке «Дін істері және азаматтық қоғам министрлігін» құруға мәжбүр болдық. Бірақ бұл министрлік те, Қазақстан Мұсылман дін басқармасы да, жайшылықта «қазақ үшін жан қиямыз» дейтін партиялар мен мемлекеттік емес ұйымдар да, жалпы зиялы қауым секталар туралы айтылғандарға немқұрайлылық  танытады. «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» демекші, секталардың ауруына ұшырап ем іздегенше, ертерек ауырмайтын жол іздеп, секталардың жұмысына тосқауыл қою керек.

Әрина, соңғы кезде «Діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер туралы» Заңға түзетулер енгіздік. Соның арқасында біраз секталардың белсенділігі кеміді. Мысалы, осы Ехоба Куәгерлері бұрын діни кітаптарын көшеде, үйлерге апарып тарататын. Өзгертілген заңда бұған тосқауыл қойылғаннан бері көшелерде, т.б. жерлерде кітаптарын таратпайтын болды. Бірақ та секталардың қызметін толық тоқтатпағандықтан ғимараттарда уағыздарын жүргізуде. Енді дін саласындағы заңнамаға түзетулер енгізіледі деп күтілуде. Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев Электронды ақпарат құралдарына берген сұхбатында: «Біз заңнаманы әзірлеу кезінде қоғамның пікіріне жүгінеміз және түзетулерді қоғамның барлық өкілдерімен ашық түрде талқылау қағидасын ұстанамыз. Осы заң жобасын дайындау кезінде, жоба сарапшылардың, діни бірлестік өкілдерінің, ҮЕҰ өкілдерінің көптеген талқылауынан өтті. Барлық пікірлер мен ұсыныстар ескеріліп, ауқымды және көп еңбекті талап ететін жұмыс жүргізілді. Бұл жұмыс әлі де жалғасатын болады. Қараша-желтоқсан айларында оны Мәжіліске жолдауды жоспарлап отырмыз», – деді. Енді бұл заңнама тезірек Мәжіліске жіберіліп, депутаттар жалтақтамай, жасқанбай, мемлекет мүддесін қатаң сақтап, секталардың жұмысын тоқтатады деп сенеміз. Әйтпесе мылтықсыз майдан тоқтамайды.

Назрахмет  ҚАЛИ,

Алматы қаласы




Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to Top ↑