banner-top12

Әдебиет no image

Қосқан уақыты Қараша 18, 2010 | 898 рет оқылды | сайтқа қосқан shalqar

0

МЫҢ ӨЛІП, МЫҢ ТІРІЛГЕН ҚАЙРАН ҚАЗАҚ

    (2010 жыл 15 қыркүйек Қазақстан Жазушылар Одағында өткен «Қаралы көш» романының талқысында оқылған баяндама)   Жазушы Жәди Шәкеннің «Қаралы көш» аталатын романы қазақ көркем әдебиетіне келіп қосылған үлкен олжа деуге болады. Мұндағы оқиға жайлы бұрын аздап қалам тартылып жүргенмен дәл мұндай егжей-тегжейлі көркем шежіре шертілмеген-ді. Айтса айтқандай-ақ қазақтың басына түскен қаралы көш оқиғасы овтордың көп тер төгіп еңбектенуі арқасында терең қамтылған. Баркөлден басталып Гансу, Чиңхай, Тибет, Үндістан, Пәкістан жерлерін көктей өткен бұл көштің не бір қанды қырғындардан аман қалған тамтығы Түркияға жетіп жығылады. Бір кереметі солардың жұрнағы бүгінгі Еуропа қазақтарын қалыптастырып отырғанын ауыз толтырып айтуға әбден болады. Қазақ ұлты үшін осындай қомақты тарих жатқан бұл ғажайып оқиға жайлы қай-қай оқырман оқыса да тұшынарлықтай терең тамыр тартқан романды жазудың үлесі Жәди Шәкенұлының маңдайына бұйырған екен. Және кім оқыса да ізі жосылған тарихи шындыққа әрі роман тілінің әшекейіне мін таға алмастай. Мұндай романды қоя тұрғанның өзінде қайран қазақ ұлты басынан кешкен бұл қанды оқиға сол көштің сілемін, жалпы көрінісін баяндап өткен Халифа Алтайдың жазбасы арқылы да тұтас қазақ елі үшін ерекше құнды болған. Көзбен көріп, қолмен ұстаған оқиға болғандықтан қай жерде қаншасы қалай қырылғаны сол Халифа Алтайдың жазбасынан және автордың өз тарапынан зерттеуінің арқасында тарихи нақты дәлелдерімен алынған. Олай болса қанды қырғын, қаралы көштің жұрт білмейтін терең қатпарларына үңіліп, қансырап жатқан тарихи шындығымызды дәп баса отырып, еңірегенде етегі жасқа толған елдің қасіретті тағдырын айрықша көрсетіп, осындайлық көркем шежіре шерткен бұл кітаптың өзі ерекше дей аламыз. Таңырқауға болады. Ағылшын жазушысы Жюль Веріннің «Он бес жасар капитанында» құлдық дәуірдегі Африка негірлерінің көретін азап-қырғыны Жақсылық Сәмитұлы жазған Алтай қазақтарының қырғыны мен Жәди Шәкенұлы жазған «Қаралы көштегі» қазақ қырғынының ширегіне келмейді. Мақұл, Жюль Верін сәттілік толқынына тұс келіп, тарих сахнасында аталмыш негір қасіретін жарыққа шығарып, түрткіл әлемге танытқан екен. Сынаптай сырғитын кеңестік сайқал саясат «жығылғанның басында, жылағанның қасында» табылғысы келетін қашаннан бергі үйреншікті қитұрқы әдетімен Үндіқытай, Ветнам бар ма, немесе сонау қара үйек түбектегі негірлерге ме, қай-қайдағы қолайыма келеді-ау деген елдерге әке болып қамқорситын әдетімен «Он бес жасар капитанды» әлемдік деңгейдегі классик шығарма дәресжесінде уағыздап өтті. Жарайды, талас жоқ, құлдық дәуірдегі Африканың сол нәубеттегі жағдайымен танысып, бәріміз де жағамызды ұстағанбыз. Билеуші елдердің өз қарамағындағы бағынушы елдерге көрсететін зомбылығын сол кітаптан тани түскенбіз. Езілген ұлттың құдайға зары жеткені абзал. Бірақ, негірлер азап тартады, оған күллі әлем үн қатады. Жоқтаушы болады. Ал, қазақ қырғын табады. Оны жазушыларымыз жақсылап жазады. Оған: «Е, солай болған екен ғой» дей салуға бетіміз шыдамауы керек. Ар-ұжданымызға қарып басқан қарғыс таңба болып батуы керек. Намысымызды қорлауы керек. Бұл тұрмақ «көсеумен түрткеннің кегі бітпейді» дегенді айтқан қазақ, қайдасың? Иә, біздің елдік білдірер қапы қалмас ұрымтал тұсымыз осындай орайда көрінуі керек. Қан жылап өткен қайран қарындастарымызды, намысы бір қандас бауырларымыздың қызыл қырғынын осы кітап арқылы күні бүгінгідей жоқтау айтып алдымызға тартқан авторға жүрегімізбен қуана білуіміз керек. Ол ғана емес, шығармасына да адал баға беруіміз керек. Мұнан бұрын қазақтың көрнекті жазушысы Жақсылық Сәмитұлының «Сергелдеңіндегі» Ырысхан, Есімхан, Ақтекелердің 1940 жылдан басталатын көтерілісінің қырғынынынан жүрегі бір шайлыққан оқырман енді одан бұрын Баркөл өңірінде бас көтерген Әліп үкірдай және оның баласы Елсіхан батыр бастаған елдің жан түршінерлік қанды қырғынына куә болады. Куә болу аз, неше жерде кеңсірігің қақ жарыла дуылдап ашып, күлгенің де, жылағаның да белгісіз кеңкілдеп жібересің. Көзіңе жас үйіріліп, алқымыңа түйілген түйіншек не ары, не бері кетпей кептеліп қалатын сәттер жиі қайталайды. Жай ғана білуге, ермеккке оқитын шығарма бұл емес. Романның желі-арқауы, ондағы қасірет жалпылама мақтауды, жәй дүрмекті көтермейді. Мұнда мыңдаған аруақ рухының шамшыл киесі бар. Ол салғырттықты, сүлесоқ немқұрайдылықты көтермейтін кие. «Тәуіптің ең жақсысы ауруға ауру қоспай кеткені» дегендей бұл кітапты ықылассыз, немкетті оқырманның оқымағаны жақсы. Баға бермей-ақ, зиянын тигізбей жүргені жақсы. Жоңғар қалмағы заманын айтпағанда өзге қазақ рулары басынан кешпеген қырғынды жауынгер керей елі кешкен. Және қасық қаны қалғанша күресе білген. Жауының жағасынан алып өлген. Намысын таптатпай өлген. Елсіхан бастаған Қожақын, Адубайлар сияқты көптеген жаужүрек батырлар елін қорғау да қытайдан, моңғұлдан, ұйғырдан – сан тараптан тиіскен қанды қол қас жауларымен бастарын бәй тіге шайқасқан. Елсіханның әкесі Әліп үкірдайдың жаман түс көруімен бірден басталатын бұл оқиға қазақ халқының көрмеген қырғыны қалмағанын әйгілеп, жаныңды жаралап отырады. Әліптің әйелі Мәмила бәйбіше сыр білгі күйеуі айтқан жаман түсті естігенде жүрегі шошып, іштей үркіп отырса да: «ой, сабазым-ай, түс түлкінің боғы емес пе, –  деп қинала жымыиды. Онысы Әліпке жымиғаннан көрі жылауға бейім тұрғандай көрінді» дейді автор. Оқырман сол кезде-ақ бір сұмдықтың болғалы тұрғанын «жылауға бейім» Мәмиланың қалпынан сезе бастайды. Өйткені ел басына мұнан бұрын да қара бұлт үйіріліп жүрген. Заман райынан жұрт түршігіп, үркіп отырған. Мемлекет армиясы 36 двизиясының бастығы, дүңген генаралы алаяқ Ма Жұңйың өз мүддесі үшін Елсіханға хат жолдап, әкесіне көңіл айтады. Елсіханның көзсіз батырлығын білетіндіктен оған үкіметті аударып, бірлескен мұсылман мемлекетін құрайық дейді. Бұның барлығы да тарихи шындықтан алынған. Яғный Ма Жұңйың өз қолымен жазған хат ұзақ жылдар бойы қолдан-қолға сақталып жанды архип болған. Тегінде жазушы атаулының көз майын тауыса, сабырын сарқа жылдап зерттеп жазғанын оқырман бірер тәулікте ғана оқи салады емес пе. Автордың еңбек еткені, оның қанша қиналғаны есепке алынбайды. Жұмсаған күшіңді сұрамайды, бірірген ісіңді сұрайды. Тынысың таусылғанша, жұмысың таусылмайтын әбігер өмірде кімде-кім үшін де міне, бітірген ісінің бағаланғаны абзал. «Қаралы көш» романы тәрізді соқпалы шығармалар көзі қарақты оқырман алдында өз орнын тапқаны жақсы. Аталары Алтайдан Баркөлге ауып келгеніне жарты ғасыр уақыт болған әліп үкірдайдың еліне Шынжаңды билеп тұрған Жин Шурынның өзі тісін басуда болатын. «Жау жағадан алғанда, бөрі етенктен» болып, Әліп үкірдай Дихуадағы (Үрімжідегі) өлке басшысы сол Жин Шурынмен түс шайысып келе жатқанда ұйғырдан шыққан Қожанияз оны жарым жолда тосып алып: «қытаймен достасуға бардың» деп жазықсыз Әліпті байлап әкететіні тірі қорлық еді. Дінім бір деп арқа сүйегісі келген дүңген Ма Жұңйың, ұйғыр Қожанияз да қазақтың өзіне жау болып тигені жан төбестей қаскөйлік болатын. Бұлар ғана емес, бастарына күн туған қазаққа тағы бір жағынан моңғолдар да жау боп тиіп жатады. Осылай іші-сыртты бола келіп, Әліп ауылын қытай әскері басып қалып, еркек-әйел, бала-шаға, шал-кемпір демей тып-типыл етіп қырып кетеді. Басқа әрекетпен жүрген Елсіхан, Қожақындар келгенде жұрттағы қызыл қырғынның үстінен түседі. Елсіханның әке-шешесі, әйелі Зүбайда, екі баласы Өнерхан, Әнуархандар да бүкіл ауылымен тігерге тұяқ қалмай қырғынға ұшырағанын оқығанда жаның түршігеді. Жазушы бұны ойынан шығармай, нақты тарихи оқиға бойынша уақыт – күнімен, қоныстанып отырған жерімен көз алдыңа тартады. Баласын алдырған барыстай жаралы болған Елсіхан жанпида айқасқа бір жола бел шешіп шығады. Енді дүңгендер жайлаған өлкелер Гансу, Чиңхай жаққа ығысуға мәжбүр болады. Амалсыздан мұсылман ғой деп пана іздеп соларды арқа тұтпақ. Бірақ қанқұйлы Ма Буфаң алғашында өз мүддесіне бола емексіткенмен, Елсіханның еліне зұлымдық тигізгеннің бірі осы дүңген генаралы болады. Оқырманға түсінікті болу үшін Ма Буфаң өзі гоминдаң үкіметінен шыққан генарал бола тұра қытай үкіметіне қарсы шыққан екі жаққада опасыз адам екенін де айтуымыз керек. Елсіханға: «бәріміз мұсылманбыз, біздің қарамағымызда болғыңыз келсе қаруларыыңзды тапсырып, бейбіт-қатар өмір сүріңіздер» деп қару-жарақтарын тапсырып алған соң қазақтың жас балаларын оқытамыз деген болып күшпен жинап әкетіп ауыр еңбекке салып, олардың алды өле бастайды. Жұрт адам айтса нанғысыз күйзеліске түседі. Сол әрекет жалғаса барып, Елсіханға өштескен Ма Буфаң қазақты иесіз тастайды. Әскер басы Хан Жиңбау арқылы қыра бастайды. Жерден жерге ауған жауынгер керей елінің ең көп қанды қырғыны осы Хан Жиңбау әскерімен соғысқан тұста болады. Бір тәуірі Елсіхан қай жерде бағынышты болған адамына қару-жарақ тапсыруда жарамсыздауларын жинап тапсырып, іске жарай­тындарын жасырып қалып отырған. Оның үстіне соғыста түскен мылтықтар да олқысын толтырып отырған. Сопа басы қалған Елсіханға алғашқы кезде ағасы Қожақын мен жеңгесі Ташбала ес болады. Кейіннен тіршіліктің талабымен қайтыс болған інісі Шәріпханға атастырған Зәйіппен бас құрауға мәжбүр болған. Романға қатысатын адам аттары, айтпаса болмайтын қажетті кейіпкерлер шығарманың шындығын арттырып, суреткерлікпен беріледі. Санап алғысыз адам аттары қай жерде қаншасы қалай қырылғаны бәрі орын-орнында. Барлығы да өзді-өзінің қажетті жүгін арқалап тұр. Көптігі сонша мысалға келтірейін десең, қайсысын айтарыңды білмейсің. Дүңген көтерісіл бастаған Ма Жұңйың Жин Шурыннан кейін таққа отырған әйгілі аяр Шың Шысайдан өле таяқ жейді. Елінің тоз-тозы шығады. Бұл романдағы ең ғажап кейіпкердің біреуі – Абай образы. Негізі Іледе – Қорғас шекарасындағы біздің өңірден шыққан Абай Шарапат деген келіншекті алып қашып, бүкіл елді шулатып, Қазақстанға өтіп кеткені біздің бала күнімізден құлағымызда бар әңгіме болатын. Мына романда соның әрекеті табылғанына қайран қаласың. Асқан сығаяқ, пысық Абайды Кеңес үкіметі қолбала ретінде пайдаланып, алдымен моңғолияға жібергенін, одан кейін Шың Шысайға жұмсағанын Жәди Шәкенұлы тарихи шындық бойынша тауып, дәп басып жазып отыр. Романда жоқ бір үзікті қоса кетуге тура келеді. Қорғастағы керей мен уақтың ортасында бір үлкен дау шығып, керей Ордахан зәңгі деген кісі Абайдың ауылына аяусыз салық салса керек. Соған қатты кектеніп кеткен Абай Кеңес үкіметінің тапсырмасымен оңтүстік Шынжаңға барпы, Құмыл аймағында әскер басы болғанда қасына қорғаушы бес әскер алып Сайрам жағасында отырған Ордахан зәңгінінің ауылын іздеп келеді. Жұрт көзінше Ордаханға: «бізге істегеніңді білесің бе» деп өліміші қып сабайды. Ордахан ақыры сол таяқ зардабынан өледі. Ордаханның тұқымдары күні бүгін Алматы облысындағы керей руы жайғасқан Қарашоқы деген ауылда. Ал, Кеңес үкіметі жұмсап, Шынжаңда гоминдаың үкіметі қолбала ретінде пайдаланған Абайдың қазаққа салған лаңы аз емес. Автор оны нақты тарихи дәлелдерге сүйеніп жазған. Осыдан елу жыл бұрын құлағымыз шалған Абайдың сол әңгімесі енді мына жерден шыға келуі ғажап-ақ. Сатқын Абайдың Елсіхандарға істемеген әрекеті қалмайды. Тарих ешкімнің ақысын жемейді екен. Қызыл қанға бөккен елдің есесін бүгін Жәди Шәкенұлы деген жазушы жоқтап отыр. Қытай әскер басылары Чың Пищудың жымысқылығымен Хан Жиңбаудың қанды қырғыны тұтас қазақ баласының баласына табыстап кетерліктей жағдайға душар етеді. Қысқартып айтқанда «Қаралы көш» жорығын Жәди Шәкенұлы ұмытпастай етіп жаза білген. Әлемдегі ең ұзақ көш бойында қазақ деген елдің көрмегені қалмаған. Тағы бір ғажабы – қазақ әйелдері солнау жоңғар заманынан бері жаугершіліктің қай-қайсысында да ерлері жаумен арпалысып жатқанда мына жақта үйін жығып, жүгін артып, дем арада қуған жауға көшкен жұрттарын сипатып кетіп отырған. Бала-шаға қасында еркектің жоқтығын білдірмей, мен-мен деген азамат атқарар істі мойынына алған. Мұзарттарға тіреліп қалғанда көліктердің аяғына киіз төсеп, қарсы алдыдағы керме тастарға маңдай тіреп тоқтап қалған жердерде түйелерінің беліне арқан байлап, өздері ер-әйел демей үстіңгі жағынан жабылып тартып шығарып отырған. (шығара алмағандарын жүк-мүгімен құз-шатқалға жіберуіне тура келген). Адам жаны қысылғанда құдайшыл болатынындай, бұл кітапта «Аллаһуакбар, Аллаһуакбар» деп азан шақырылып, өлім мен өмір ортасында жандарын аузына тістеген халықтың қорқынышты күйін автор дәл баса білген. Роман арқауында бүгінгі жаппай уағыздап жатқан «Асыл арна» телеканалындағы исламдық идеямен үндесу бар. Хаққа жалбарыну сол көштегі адамдардың халінен артық бола қоймас. Оқыр көз, ұғар құлақ болса Аллаға жылау осы кітаптан артық қай көркем шығармада барын білмеймін. Бұл да бізді тәубемізге келтірерлік нәрсе. Ал, енді, баяндама мақаламыздың көлеміне орай ұшы-қыиырсыз қаралы көштің тартқан қасіретін, қайғылы қаза-қырғын­дары мен көрген жол азабы туралы тәптіштеп жатуды артық көрдік. Ол оқырман үлесінде қалсын. Сөз соңында ешқайдан, ешкімнен опа көрмей өгей өмір соқ­қысынан зарыққан бауырларымызды өз қанымыз деп ішке тартып, бас қалға болған ұлы Түркия еліне шексіз алғыс-рахыметімізді арнауымыз керек. Олар діндес, қандастығын ақтаған. Қорған болған. «Соңына сор ергеннің де бір бақыты болады» демекші сорға батқан қаралы көш адамдары Түркия үкіметінен пана тауып, бүгінгі Еуропа қазақтарын қалыптастырып отырғанымыз ұлтымыз­дың маңдайына біткен Елсіхандардай жүрегі түкті баһадүр перзенттеріміздің арқасы екенін мақтанышпен айтуымыз керек. Нағыз ер шешім деп Елсіхан бастаған қаралы көштің шешімін жар салуымыз керек. Осынша мол дүниені әдебиетімізге, тарихымызға алып келген Жәдиге Рахмет!   Жанат Ахмади, жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері        




Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to Top ↑