banner-top12

Сұхбат 3

Қосқан уақыты Қараша 11, 2009 | 937 рет оқылды | сайтқа қосқан shalqar

0

Отанына оралған ағайындарға рухани демеу көрсетуіміз керек

       Сағаділда ХАСЕНОВ,

Алматы облысы Көші-қон департаментінің директоры:

 «Отанына оралған ағайындарға рухани демеу көрсетуіміз керек»

 

     Үстіміздегі жылы шілде айында Елбасының тікелей тапсырмасына сәйкес әзірленген«Нұрлы көш» ұлттық жобасының тұсауын Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев мырза кескені баршаға белгілі. Осы жақсы бастамаға орай Алматы облысы Көші-қон департаменті мен Тілдерді дамыту басқармасы тәуелсіздік мерекесі қарсаңында «Нұрлы көш» ұлттық жобасын қолдау мақсатында тарихи Отанына оралған ағайындарға рухани демеу көрсету және қандастарымыздың бойындағы тіліміз бен мәдениетіміздің қаймағы бұзылмаған қалпын жұрттшылыққа насихаттау үшін «Нұрлы көш» және нұрлы тіл» атты облыстық фестиваль өткізген болатын. Аталмыш   фестивальге барған сапарымызда Алматы облыстық Көші-қон департаментінің директоры Сағаділда Сарыұлы Хасенов мырзаға жолығып әңгімелескен едік.

      – Сағаділда Сарыұлы, әңгімені өзіңіздің өмір-тарихыңыздан бастасаңыз.

    – Менің туып өскен жерім Жамбыл облысы Шу ауданының орталығындағы Төле би ауылы. Бірінші сыныптан оныншы сыныпқа дейін ауылымыздағы Мұхтар Әуезов атындағы қазақ орта мектебінде оқып, алтын медальмен бітіргеннен кейін, 1967 жылы Алматыдағы  политехникалық институтының (қазіргі Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық техникалық университетіне) кибернетика-автоматика факультетіне оқуға түстім…

–        Бұл институтқа өз қалауыңызбен түстіңіз бе?

–        Иә, бәрі өз қалауыммен болды. Өйткені мен мектепте жүргенде математика, физика пәндерінен  аудандық, облыстық және республикалық олимпиадаларға қатысып, талай мәрте жүлделі оралғаным бар. Оның сыртында мен мектепте жүргенде музыка пәнінен арнайы білім алған адаммын. Бір қызығы, мен жоғары оқу орнына құжат тапсырар кезде консерваторияға емтихан тапсырсам ба екен, жоқ политехникалық институтқа ма? – деген екі ойда боғаным бар. Бірақ математика, физикамен көбірек шұғылданғанымнан болар, мені бір күш политехникалық институтқа жетелеп алып кетті. Әйтпесе, консерваторияға түсуге де мүмкіндігім бар еді.  Мамандығым басқа бола тұра, музыканы бірге алып жүрдім. Өйткені біздің институтта эстрадалық симфониялық оркестр бар еді. Мен осы оркестрде трубада ойнадым.

–   Сіз “Дос-Мұқасан” атын қазақ өнерінің тарихында алтын әріппен жазып қалдырған топтың құрамында болдыңыз. Аталмыш ансамбльге қалай келдіңіз?

–        Ол кезде бір жақсы дәстүр бар тұғын. Елімізде студент жастарының құрлыс отрядтарының дәурендеп тұрған кезі еді. Біздің институт Венгрияның Будапешт университетімен қарым-қатынас орнатып, олардың біраз студенттері жыл сайын жазда екі ай Павлодар облысы Баянауыл ауданына құрлыс бригадасына келіп, үй жасайтын, малға қора салатын. Ал, біздің біраз студенттер Венгрияның Балотон деген көлінің жағасына барып темір жол төсейтін. Сөйтіп олардың студенттері бізге келіп, біздің студентер оларға барып өмірде де, өнерде де қоян-қолтық араласып кеттік. Күн бойы құрылыста жұмыс істеген балалар, кешкісін ұйықтаушы ма еді. Көңілдері алақызып ана жерде бір, мына жерде бір шоғыр болып от жағып, музыкалық аспаптарды ойнап, бір-екеуі ән айтып, қалжыңдасып отыру әдетке айналған еді. Оның үстіне бәріміз бірігіп отырып гитарамен қосылып ән айтып, ауыл жастарымен бас қосатынды шығардық. Будапешттік студенттер сол кезде аты шулы «Битлздің» пластинкаларын, өлеңдерін өздерімен бірге ала келіпті. Және Кеңестік  кеңістігінде «Песняры», «Веселые ребята» тағы басқа да вокальді-инструментальді ансамблдер шыға бастаған кез болатын. Біз олардың әндерін, музыкаларын тыңдай жүріп, неге біз осылардың музыка аспаптарын, өзіміздің қазақы әуендерімізге ауыстырып алмаймыз деген ой біздің санамызға сап ете түсті. Ол үшін ансамбль құру керек болды да, «Дос-Мұқасан» вокальді аспапты ансамблі дәл сол кезде дүниеге келді. Бірақ бұл “қазақ халқының тыңдармандарын қанағаттандыра  ала ма” деген алып қашпа әңгімелер де көп болды. Соған байланысты заман талабына сәйкестендіріп, репертуарды халық әндерінің негізінде жасау керек деген қорытындыға келдік. Осылайша мен «Дос-Мұқасанның» алғашқы мүшелерінің бірі болып кіріп саксафон, трубада ойнадым.

–        Ансамбльдің құрамында неше жыл

болдыңыз?

–        Институт бітіріп кеткенше  4 жылдай болдым. Институт бітіргеннен кейін біреуіміз құрылысқа, біреуіміз өндіріске, енді біреуіміз ғылымға, ал Шәріп Омаров секілді достарымыз комсомол жұмысына жолдама алып кетті дегендей, жан-жаққа кетіп қалдық…

–        Аталмыш ансамбльде Политехтің студентерінің көп болуының сыры неде?

–        Ол кездегі студент жастардың романтикасы өте күшті болды. КВН-ге қатысатынбыз, жаңағыдай оркестрлерде болатынбыз және күзгі, жазғы әр түрлі фестивальдарға қалмай баратынбыз. Жалпы, ол кезде бойында жылт еткен өнері бар жастардың мүмкіншілігі мол еді. Анығын айтқанда «бұлақ көрсең көзін аш» деп атамыз қазақ айтқандай, біз сияқты жастардың өнердегі бағы ашылған кезі болатын. Сөйтіп, қоғамдық жұмыстарға ерте араласып кеттік. Тіпті, ансамбль құрғаннан кейін ән мәтінін жазатын ақынымыз да,  музыка жазатын композиторымыз да өзімізден шықты. Ондай қолайлы ортадан әрине, көп өнерпаздар шығады да…

–        Алғаш қызмет жолыңызды қай жерден бастадыңыз?

–        Мен ғылыми зертеу институтына жолдамамен жұмысқа тұрдым. Сол жерде тәжірибеханада бір жылдай істегеннен кейін, отбасын құрап, балалы болдық. Отбасын құрағаннан кейін баспана болмаса және қиын, директорға барып:

–        Көке, ғылыммен айналысып жатырмын, оның үстіне жас баламыз бар, үйдің реті бола ма? – деп сұрап едім, ол кісі:

–        Он бес жылға дейін үй ала алмайсың, – деді.

–        Онда үй алатын жерге барып  істесем жібересіз бе? – деп едім:

–        Кеткісі келіп тұрған адамды қалай ұстамақпын,- деген соң, «Кітап» деген өндіріске барып жұмысшы болып істедім. Екі жылдан кейін баспаналы болдым, партияға кірдім. Сөйтіп шебер, аға шебер, техникалық бөлімнің бастығы, бас инженерге дейін көтерілдім. Кейін келе қалалық партия ұйымына жұмысқа тартылып, атқару органдарында партия комитетінің нұсқаушысы болып жұмыс жасадым. Октябрь ауданында (қазіргі Турбсиб ауданы) бөлім бастығы болдым, Халық бақылау комитетін басқардым және Атқару комитетінің төрағасы да болдым. Кейін келе аталмыш ауданның бірінші хатшысы болып тағайындалдым. Соңында ауданның бірінші әкімі болдым.

–        Қанша жасыңызда бірінші хатшы болдыңыз?

–        37 жасымда.

–        1994 жылдан 1998 жылға дейін Алматы қаласы Әкімінің орынбасары болып жұмыс істепсіз?

–        Храпуновтың командасы келгенде, біз орнымызды босатып кетіп қалғанбыз.

–        Кейін қайда болдыңыз?

–        Бизнеспен айналыстым. Шалбай Құлмаханов Алматы облысының әкімі болып облыс орталығын Талдықорғанға көшіргенде, мен 2001 жылы Көксу ауданының әкімі  болып тағайындалдым.

–        Сіз Көші-қон департаментіне келгенге дейін бірнеше орында әкім болып істедіңіз. Әкім лауазымын қалай бағалайсыз?

–        Әкімшіліктің жұмысын кейбіреулер «қосымша пайда табу» деп ойлайды. Ол дұрыс көзқарас емес. Әкім болғаннан кейін халықтың жағдайын, әл-ауқатын жақсарту үшін бар ақыл-парасатын аянбай жұмсап, елдің көңілінен шығуға тырысу керек. «Әкім» деген сөз ауданның ел ағасы деген сөз. Аудандағы азаматтардың әкімнен басқа барар жері жоқ. Өйткені жергілікті билік әкімнің қолында. Менің бір досым: «Әкім болу, адамның туғанынан бастап, сонау алыс сапарға шағарып салғанға дейінгі өмірдің ортасы» деп айтатын. Ол не деген сөз, ол – халқы мен еліне бүкіл өмірі мен ақыл-парасатын арнау деген сөз. Осы бір салмақты да сын сәтте әкім өз міндетін оброймен атқара алса, ол азамат ұзаққа бара алады. Болмаса рельстен тайып кеткен пойыз секілді, жол ортада қала береді. Демек, кез кеген мемлекет қызметкері «халық – теңіз, билік – қайық» деген нақыл сөзді бір сәт естен шығармаулары керек…

–    Сіз әкім болып жүрген кезіңізде халқыңызға жақын болдыңыз ба? 

–        Қолымның келгенінше жақын болуға тырыстым. Өкінішке орай, жергілікті әкімнің қолында ешнәрсе жоқ қой. Әкім құрғақ әңгімемен ешнәрсе шеше алмайды. Бәрі қаржыға келіп тіреледі. Ұйымдастыруды білген күннің өзінде, қаржыны қалай табу керек екенін, қайдан алуға болатынын білу тиіс. Жалпы әкімнің жұмысы Қазақстанның  экономикасының жақсаруына байланысты. Жергілікті бюджетпен барлық жұмысты тындырамын деу бос сөз. Ондайда жалғыз әкімнің қолынан ештеңе келмей қалады. Қазақта «жалғыз ағаш орман болмас» деген мақал бар ғой. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» болатынын естен шығармау тиіс. Сонда ғана «құда да тыныш, құдағи да тыныш» болады.

–        Әкім болуға қарағанда оралмандармен жұмыс жасау қиын шығар?

–        Сұрақты дұрыс қоймай отырған жоқсыз ба?!

–        Кешіріңіз?! Бұлай сұрақ қойғаным өзіміздің қандасымсыз демесек, саясаты, заңы басқа, тілі басқа әр елден келген ағайындардың проблемалары көп болады, оны шешу сізге қиын соғып отырған жоқ па дегенім ғой.

–        Маған  оның ешқандай қиындығы жоқ. Мен бұл мекемеге келудің алдында оралмандардың кім екенін, қандай проблемалары бар екенін біліп келген адаммын. Көксу ауданының әкімі болып жүрген кезімде бірталай оралман ақсақалдар менің қабылдауымда болып: «айналайын қарағым, тарихи Отанымызға болашақ ұрпақтарымызды тілін, дінін, ділін, салт-санасын, тегін ұмытпасын, өзінің еліне еңбек сіңірсін, Отанының дамуы мен гүлденуіне тер төксін, өз ұлтының күшеюіне есе қоссын деп алып келіп жатырмыз» деп айтқаны әлі есімде. Оралмандарды қинап жүрген басты проблема – баспаналы болу, жұмысқа тұру және жер алу мәселесі болып отыр. Оралмандардың көбі қарапайым шаруа адамдары болғанымен, олардың араларында жоғары оқу орнын бітірген мұғалім, дәрігер, инженер, өнер адамдары бар. Ал қазір ауылдарда қарапайым шаруа адамдары үшін үй саламын десе жер учаскелерін беру, егін саламын десе суғармалы жер, мал өсіремін десе жайылым бөліп беру деген секілділер қиындап барады. Әр адам басына жүз қырық мың теңгедей көмек беріледі. Он адам болатын болса бір миллион төрт жүз мың теңге деген сөз. Былай қарасаң оларға аз да болса көмек. Бірақ бұл қайсы бір оралманның жыртығын жамар дейсің. Сол себептен де Елбасымыз бір сөзінде «Өз қазағымызды өзіміз сыйламасақ, кім сыйлайды? Келген қандастарымызды қаңғырпай, дұрыстап қарсы алуымыз керек, ел болып жағдайларын жасауымыз керек» деген еді. Шынымен де алыстан арып-шаршап келген ағайындарға қол ұшын бере алмасақ елдігімізге сын емес пе?! Болмаса келіп жатқан қандастарымыз «осы біз өз елімізге келдік пе, жоқ бөтен елге келдік пе?!» – деп ойлайтын болады.

–        Сол үшін де «Нұрлы көш» ұлттық бағдарламасы  жасалған жоқ па?

–        Дұрыс айтасыз. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың тікелей тапсырмасымен «Нұрлы көш» ұлттық бағдарламасы дүниеге келіп, оның тұсауын министріміз Бердібек Сапарбаев мырза кесіп те үлгірді. Аталмыш жобаның мақсаты – шетелде тұратын этникалық қазақтарды және еліміздің тоқырау өңірлерінде мекендейтін Қазақстан азаматтарын шарт-жағдайы қолайлы, шұрайлы аймақтарға қоныстандыру болып табылады. Бағдарламада ішкі және сыртқы көші-қонды бір арнаға түсіру көзделіп отыр. Бұл жоба 2010 жылан бастап жүзеге асатын болады. Оған дейін шетелден көшіп келетін қандастарымыз бен ел ішіндегі отандастарымыздың  көшіп барып қоныстанатын жері және бір ауылға қанша отбасын қоныстандыруға болады, соның бәрі алдын-ала  жоспарланатын болады. Алла бұйырса, әр отбасына 15 жылға 4 пайыздық несиеге баспана тұрғызылып беріледі. Одан сырт, шаруа қожалығын құрамын және кәсіпкерлікпен айналысамын дейтіндерге Үкімет жылына бір пайыздық несие береді. Мысалы, үш жылға 3-ақ пайыз деген сөз. Мұндай ақшамен көп тіршілік бастауға болады. Ол ауылдың суы, электрі тартылып, жолы асфальтталады. Мектеп, мәдениет үйі, бала бақша, емхана және басқа ауылға керекті нәрселердің бәрі жасалады. Ағайындарымыз бүгінгідей қиыншылық көрмейтін болады.

–        Құдай соған жеткізсін! Ал, сіздер «Нұрлы көшке» қалай дайындалып жатырсыздар?

–        Біздің Алматы облысы «Нұрлы көш»  бағдарламасы бойынша 2010 жылы 1335 отбасын қабылдауға ниет білдіріп отыр. Оларды қоныстандыру үшін Еңбекшіқазақ ауданы, Жаркент ауданы, Ұйғыр ауданы, Балқаш ауданы, Іле ауданы және Талдықорғанның маңына елді мекендер салынатын болады. Жалғыз Ұйғыр ауданының өзіне 600 отбасы қоныстандырылатын болып отыр. Құдай қаласа, келешекте “Нұрлы көш”  оралман мәселесін толық шешетін болады.

–        Өздеріңіз ұйымдастырып отырған «Нұрлы көш» және нұрлы тіл» фестивалі осының бастамасы шығар?

–        «Нұрлы көш» басталып кетті, соны қолдау мақсатында бұл фестивальді өткізіп отырмыз. Бұл бастамасы ғана. Жаңа өзің дұрыс айттың, қандастарымыз саясаты басқа, заңы басқа әр елдерден келіп жатқанымен, тілін, ділін, салт-санасын, өнерін қаз-қалпында сақтап қалған. Бұл жолы облысымызда тұрып жатқан ағайындар арасынан айтыс, жазба ақындарды, әнші-термешілерді, күйші-бишілерді іріктеп,  рухани қолдау мақсатында өткізіп отырмыз. Өзіңіз де  бірге тамашаладыңыз, біз естімеген керемет әндер айтылып, күйлер шертілді. Біз көрмеген билер биленді, біздің айтыс ақындар көп бара бермейтін тақырыптар еркін айтылды. Қарап отырсақ, небір талантты қыз-жігіттер қатарымызға қосылғанын байқадық. Олар ұлтымыздың шетелдерде шашырап жүрген рухани-мәдени құнды байлықтарын өздерімен ала келіп отыр.

–        Биылғы квотаның орындалу барысы қалай болды?

–         Жыл басында біздің облысқа 1450 квота бөлінген, кейін өзіміз 197 отбасына квота сұрап алдық. Мұның бәрі жаңа ережемен орындалды. Ал квотаға кірмей тұрғандардың санын санап көріп едік, біраз қордаланып қалыпты. Бұларды 2010 жылы «Нұрлы көшпен» келетіндермен араластырмайын деп, біздің Кошы-кон комитетінен 2009 жылға үш мың отбасына квота сұрап отырмыз. Келген азаматтардың бәрі квота алып кетсін деген ойменен.

–     «Жаңа ереже» деп қалдыңыз, соны түсіндіре кетсеңіз?

–     Үкіметтің 2007 жылғы 29 қыркүйектегі № 858 Қаулысымен “Оралмандарды көшіп келу квотасына енгізу” ережесі бекітіліп, ол ереже 2008 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енген болатын. Ережеде жазылған өлшем бойынша, ең жоғары балл жинаған отбасылар квотаға енгізіледі.  Мәселен, мамандығы мен кәсіби біліктілігі бар отбасының әр мүшесіне 10 балл, орта кәсіби білімі бар оралмандар отбасының әр мүшесіне 2 балл, біреуден артық жоғары білімі бар болса 5 балл, бір жоғары білімі болса 3 баллдан есептеледі. Оралман отбасы құрамындағы кәмелетке толмаған балаларының болуы мен олардың санына қарай бес, және одан да көп балаға 10 балдан, үш немесе төрт балаға 5 баллдан, бір немесе екі балаға 3 баллдан қосылады.

      Оралмандардың көшіп келу квотасына енгізілетін отбасылардың саны әр айға бөлінген қаржының көлеміне қарай айқындалады.

–     Ел арасындағы гу-гу өсекке сенсек,

оралмандардың квота алуы делдалсыз бітпейтін көрінеді. Бұған алып-қосарыңыз бар ма?

–     Жоқ, бұған мен келіспеймін. Мен бұл мекемеге 2007 жылы келдім. Күні бүінге дейін маған келіп «бірдеме берейін квота бітіріп бер» деген делдалды көрген емеспін. Сізге өтірік, маған шын, мен келгенде 2001 жылдан бері квота ала алмай жүрген оралмандар бар екен. Соларға жаным ашып, біразын 2007-2008 жылғы квотаға кіргіздім. Құдай қаласа, енді қалғандарын 2009 жылғы квотаға кіргіземіз деп жоспарлап отырмыз.

Естуімізше сіз басқарып отырған Департаментте кадрлық ауыс-күйіс болып жатыр екен. Бұл қажеттіліктен туып отыр ма, жоқ кездейсоқтық па?

–     Жұмысқа біреулер кетіп жатады, біреулер келіп жатады, ол табиғи заңдылық қой… Ол ешқандай кездейсоқтық емес.

–     Өмірдегі ұстанымыңыз не?

–     Әкем лауазымды қызметтерде көп жұмыс істеген адам. Сол кісінің тәрбиесінде бес бала өстік. Әкеміз бізге ылғи: «айналайын балаларым, адам болып дүниеге келген соң, дүниеден адам болып өту керек. Арттарыңнан жаман сөз ермесін, адамдар бір-біріне мейрімді болу тиіс. Сендер пендешілік жасамаңдар, адамның бәрін құртатын пендешілік. Ақша мен байлық адамға опа қылмайды, жолдан тайдырады» деп айтып отырушы еді. Біз әкеміздің бұл сөзін қазір ту қылып ұстап отырмыз. Толық сеніммен айта аламын: әкпелерім, інінерім сондай таза адамдар. Қиын жағдайда елге көмектесуге дайын…

–   Отбасыңыз туралы?

–     Екі ұлым, быр қызым бар. Үлкен ұлым полиция капитаны, екінші ұлым банк қызметкері, ал кенже қызым студент.

–     Өнері бар балаларыңыз бар ма?

–     Бар. Екінші ұлым гитар ойнап, ән айтады. Менің шешем оқымаған адам. Туған жері Қарағанды облысы. Арғынның қаракесек руынан. Бір кереметі анам домбыра шертіп, гармон тартып, пиянино ойнап, ән салып, өлең айтатын тума таланты жан еді. Ал әкеміздің ондай қасиеттері жоқ еді. Сол бес баланың ішінде анамыздың өнері маған дарыпты. Өнердеген тұқым қуалайтын нәрсе екен. Онда да бәріне емес кейде, біреуіне бұйыратынын қайтесің.

–     Неге қызығасыз?

–     Спортпен шұғылданамын. Жас кезімнен бастап аяқ дом ойнағам. Бес дүркін респбулика ченпионы болдым. «Қайрат» командасының 1993-1998 жылға дейінгі Президенті болып, команданың көтерілуіне бір кісідей ат салыстым. Тенс ойнаймын, шаңғы тебемін. Балық аулауды жақсы көремін.

–     Достарыңыз көп пе?

–     Дос деген көп болмайды ғой. Жан дос деген болады. Мектепте жүргендегі бір-екі жан досым және институт қабырғасында жүргенде танысқан 3-4 жан досым бар. Одан кейін «Дос-Мұқасандағы» жігіттерді де өзімнің жан досым деп есептеймін. Әрбіріміздің туған күн, той-томалақтарымыз бен кез келген жақсылықтарымызда ылғи бірге боламыз. Былай да жиі бас қосып әңгімелесеміз, әзілдесеміз, қосылып гитарамен ән айтамыз, бпиярт ойнаймыз. Бұл жігіттермен 18 жасымнан бері достасып келемін, мен биыл 59 жастамын, ал олар менен екі жас үлкен. Көрдіңзі бе?!.

–     Мәңгілік нәрсе жоқ қой, ғайыптан мемлекеттік қызметтен кетсеңіз немен айналысқан болар едіңіз?

–     Саясатпен айналысар едім. Өйткені мен ылғи саясатқа жақын жүрген адаммын…

–     Ғылыми атағыңыз бар ма?

–     Халықаралық Еуроазия академиясының корреспондент мүшесі, экономика ғылымының  докторы, профессормын.

–     Әңгімеңізге рахмет!

 

Әңгімелескен Әлімжан ӘШІМҰЛЫ,

 Алматы – Талдықорған – Алматы.

2009 жыл

Тэгтер:




Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to Top ↑