banner-top12

Шетелдегі қазақ диаспорасы no image

Қосқан уақыты Қараша 3, 2007 | 793 рет оқылды | сайтқа қосқан shalqar

0

Одессаны тамсандырған жеті күн

ҚЫРКҮЙЕК 2007ОДЕССА САПАРЫ

 

Морской вокзал И Тасмагамбетов алмамен Потемкин баспалдыгыДамир Манабаев Нияз Абдугапбар 2007 октябрь

 Елбасы – 2007 жылды «Қазақстанның Украинадағы жылы» деп бекітті. Украйна Мемлекетінің басшысы Виктор Ющенко да өз кезегінде «Украйнада Қазақстан жылын өткізудегі басты мақсаттарының бірі – бүгінгі Қазақстанның экономикалық-әлеуметтік жетістіктерімен әне халықтың өмірімен жақынырақ, жан-жақты таныстыру» екендігін көпшілікке хабарлаған болатын. Екі мемлекет арасындағы сауда-экономикалық, әсіресе мәдени қарым-қатынастар едәуір өрістеді. Соның юір дәлелі 2007 жылдың 9-15 қазанда Украйнаның «Одесса» қаласында өткен Алматының мәдениет күндері.

Мәдени шаһар, әсем қала Алматыдан өнерлі орданың өнерпаздары мен мәдениет өкілдері, журналистер бар 150-ге тарта адам «ИЛ – 89» әуекемесімен бес жарым сағатта екінші бір мәдени өнер ошағы саналатын тарихи қала Одесса әуежайына келіп қонды. Әуежайда ең алғаш байқағанымыз Одесса украин тілінде «Одеса» болып жазылады екен. Миллионнан астам тұрғыны бар Одесса да Алматы сияқты Украинадағы ең көрікті қала саналады. Тіпті, мәдениет пен өнер ордалары, жүзден астам ұлттың өкілі түсіністікпен тату-тәтті ғұмыр кешіп жатуы да бәрі-бәрі ұқсас. Қазақ өнеріне таңырқай риза болып, ерекше қошамет көрсетіп, Алматы мәдениетіне тәнті болған талғампаз жұрттың тоғысқан мекені, батыр қала – Одессаның тарихы да тым тереңнен тамыр тартады. Өзінің екі жүз жылдық тарихын тойлаған бұл шаһар, ең алдымен қонақжайлылығымен ерекшеленеді екен. Одессада жүзге жуық мұражайлармен әртүрлі галереялар бар. Және 40-қа тарта кітапхана мен 6 театр, киностудия, музыкалық академияның қатарында Одессада ізі қалған әгілі А. Пушкин, И. Айвазовский, Д. Менделеев, И. Бабель, А. Чехов, А. Ахматова, В.Глушко сынды біртуарлардың өкшесін басар талантты жастардың білімін шыңдап, тәрбиелеп жатқан 20 жоғарғы оқу орны тағы бар.

Әр елдің өзіне мақтаныш санайтын орны болатыны сөзсіз. Мысалы біз Алматыда – «Медеу мұз айдынымен, «Шымбұлақпен» мақтанар болсақ, қара теңіз жағасындағы ірі порт – Одесса да өзінің 1837 жылдары салынған биіктігі 27 метр, ал ұзындығы 136,47 метрді құрайтын «Потемкин» баспалдағын ерекше қастерлейді. Сондай-ақ ұзындығы 400 метрге созылатын Дерибасовский көшесі де Одессаның ерекше көрікті жерлерінің бірі. Тас кірпіштермен әсем көмкерілген бұл көше тек жаяу жүргіншілерге арналған. Мұнда көлікпен жүруге мүлдем тыйым салынады екен. Қаладағы орталық алаңда Воронцов сарайы жанында Герцог де Ришельенің қола мүсіні, Одессада туылған атақты актерлер Утесовқа, Уточкинге, Е. Петров пен И. Ильфтің атақты «Он екі орындық» романындағы орындыққа арнайы орнатылған ескерткіштер тарихи қаланың ажарын көріктендіре түскендей. Одесса тұрғындарының сүйікті демалыс орнына айналған бұл мекенге қалаға жолы түскен әрбір жолаушы міндетті түрде арнайы соғып кетуді әдетке айналдырған.

Міне, осындай сәулет өнері мен мәдениеті ерекше Одесса жұртшылығына Алматыдан арнайы келген өнер шеберлері 150 адам жеті күн бойы өз өнерлерін паш етті. «Алматы мәдениет күндері» бағдарламасы шеңберіндегі шаралардың бәрі де үлкен жетістікпен өтті. Ресми делегацияны 10 қазанда Алматы қаласының Әкімі Иманғали Нұрғалиұлы Тасмағамбетов мырза бастап келді.

«Алматының Одессадағы мәдениет күндері» аясындағы ең алғашқы шара-әдебиет мұражайында ашылған «Алматы – аспан таулары аясындағы қала» атты фотосуреттер мен суретшілер салған суреттер көрмесі болды. Көрме Одесса жұртшылығының Алматыға деген қызығушылығын арттырды.

Әлемге аты әйгілі, асқан талантымен көрерменін тәнті еткен ұлы тұлғалар сахнасында әнін қалықтатқан Одессаның опера және балет театрының құрылысы сонау 1884 жылдары салынған. Құрылысы мен акустика жағынан Еуропа бойынша мұндай театр әзірге екеу ғана. Күрделі жөндеуден өтіп, биылғы жылдың қыркүйек айында ғана жаңа маусымын ашқан бұл театр сахнасында өнер көрсету қаншама ірі өнер майталмандырының арманы десеңізші! Дәл осы хан сарайындай театрда 10 қазан күні «Алматының мәдени күндерінің» ашылу салтанаты болды. «Алматыдан сүйіспеншілікпен» атты мәдениет күндерінің беташарын

Алматы қаласының әкімі Иманғали Нұрғалиұлы:

–                            Мемлекетімізде ежелден қалыптасқан достық пен әріптестік қатынастар, байланыстар тереңдей түсуде. Бұл күндердің біздің халықтарымыз арасындағы рухани байланысты одан әрі жетілдіріп, қазақтың ұлттық өнерінің украиндықтарды мол қуанышқа бөлейтініне сенімдімін. Әлемге талай талантты сатириктер мен юмористерді сыйлаған қаланың алматылықтыр үшін алатын орны ерекше. Бүгінгі жүздесудің келешекте жақсы дәстүрге айналып, халықтың, елдің, қалалардың арасындағы ынтымақты нығайтатүсуіне тілектеспін!-деген жүрекжарды лебізімен кешті ашып бергеннен кейін, Одессаның атақты опера және балет театры шаңырағында Қазақтың төл өнері, әні мен биінің көрінісі, күмбірлеген күйдің үні шарықтай жөнелді. Әсіресе, қазақтың ұлттық киіміндегі қазақ бойжеткендерінің алматының апорт алмасын бүкіл залда отырған көрермендерге тартуы өте әсерлі көрініс болды. Алматының тәп-тәтті, қып-қызыл апорттарының жұпар иісі сезімін жайлаған Одесса халқы тым болмаса алманың иісін иіскеп қалуға ентелей таласып жатты.

«Алматыдан сүйіспеншілікпен» атты Одессадағы Алматының мәдениет күндерінің салтанатты ашылуында «Жетіген» тобының, Дәлел Уашевтің, Болат Құсайыновтың, Болат Бөкеновтың, украиын тілінде салған әсем әндері, Абдулхамит Райымбергенов, Айгүл Батырхайырова, Асылбек Еңсеповтың күмбірлете орындаған күйлері, Талғат Мұқышевтың сызылта салған сыбызғысының үні, Мақпал Тоқтағанованың дәстүрлі мақамға салып жырлаған «Сүйінбайдың термесі», белгілі опера әншілері Сұлтан Байсұлтанов, Сара Найман, Жәмила Жарқынбаева, Айда Часовитиналардың қалықтата салған бұлбұлдай үні, Айда Аюпованың скрипкада тамылжыта орындаған сазды әуезі, әсіресе, балет өнерінің шеберлері Досжаны Табылдының «Тарас Бульба» шығармасы және Нәйля Кребаевамен бірігіп орындаған балет партиясы бүкіл Одесса жұртшылығын қайран қалдырды. Көрермен залында отырып өзге ұлт өкілдерімен бірге өз халқыңның өнеріне қол соғу мұншама әсерлі, әрі міртебелі болар ма! Жанымда отырған жасы егделеу көрермен «Браво, браво, молодцы!» деуден шаршамады. Бір сәт менің де қазақстандық екенімді аңғарып, «Бұл расында да Қазақстандықтар ма?» – деп тосыннан сұрақ қоймасы бар ма?! Бұл эмоцияның әсерінен, бәлкім қазақ өнерінің өзге ұлт өкілдерінің өнерге деген талғамын бағындырғандығының белгісінен туындаған сурақ болар… «Әрине Қазақстандықтар! Байқамайсыздар ма, әнді де биді, күйді де, опера мен балетті де, бәрі-бәрін орындап жатқан нағыз қазақ ұлтының өкілдері емес пе» дедім мақтанышымды жасыра алмай.

Ашылу салтанатынан кейін Алматы қаласының Әкімі Иманғали Нұрғалиұлы «Лондонский» мейрамханасында қонақасын берді. Өзге елде баршаға көрсетілген қонақжайлылық шаһар басшысының биік парасаты мен көрегенділігін тағы да бір айқындады.

Жеті күн бойына Одесса халқы Қазақстан мәдениетіне өздерінің іргелі өнер ордаларын мырзалықпен ұсынды. «Васылько» атындағы Украйн музыкалық драма театрында өнер көрсеткен «Сазген сазы» фольклорлық – этнографиялық ансамблінің «Мәңгілік сарын» дәстүрлі музыка кеші ерекше қошаметпен өтсе, сол күні «Одесса» орыс драма театрында өткен «Самрұқ» театр-студиясының қазіргі заманғы стилде орындаған балет қойылымдарының әсерлі болғаны сонша, зал толы көрермен қойылым аяқталғанша тырп етпей тамашалады. Одесса облыстық филормония залында Қазақстанның халық әртісі Төлепберген Әбдірашев дирижерлік еткен симфониялық оркестр концертіне жиналған классикалық өнерді тамашалушы халық, кештің соңына дейін «ғажап», «керемет», «браво!» деп дыбыстаудан танбады.

Сондай-ақ Одессаның «Маски» атты кинотеатрында көрсетілген Дәмір Манабайдың «Кек» кинофильмі мен Гүлшад Омарованың «Шиза» фильмдері көрерменнің ерекше бағасына ие болды. Әсіресе, Дәмір Манабайдың түсірген «Кек» атты қазақтың жері, салт-дәстүрі кеңінен насихатталған трагедиялық кинофильмін тамашалаған көрермендердің көпшілігінің көңілдері босап, көздері жасқа толды. Фильм аяқталса да залдағы көрермендер сондай қызықты киноның әсерінен арыла алмай, біраз уақыт тапжылмай отырып алғаны қызық көрініс болды. Тек көрермендердің тыныштығын аталмыш кинотеатрдың арт-директоры Ян Юсим:  – Бұл кино, құрметті көрермендер! – деп бұзды. Және жай кино емес, мұнда ерекше ізденістің ізі бар. Асқан еңбектің көрінісі бұл! «Жүректен шыққан дүниенің жүректерге жетіп жатуы сондықтан. Мынадай әсерлі кинодан кейін маған бір тың идея келді, неге біздер мәдениет күндерінің аясында көрсетілген қазақтың 1-2 киносымен ғана шектелуіміз керек?!. Келер жылы Одессада қазақ киносының фестивальі өткізілетін болады»,-деп барша жұрттың алдында уәдесін берді. Көрсетілімнен кейін «Кек» кинофильмінің басты кейіпкері (Ершора) Нияз Әбдіғаппармен болған кездесуде көрермендер тарапынан әсерге толы сұрақтар қарша борап жатты. Ал Одессаның кино саласында білім алып жатқан студент жастары қазақ киносына түсуге ерекше ынталы екендіктерін айтты.

Осы кеште кешегі Кеңес дәуірінде көпшілікке кеңінен танымал болған «Бархандағы қыз» фильмінің басты кейіпкері Елена Марценюкпен танысудың сәті түсті.

– Бір кезде асқар арманның жетегінде актриса болсам деген ниетім тек бір киномен шектелді,- деп мұңын шақты ол. Қазір Одессаның «Юг» газетінде тілшімін. Себебі, дәл қазір Украинаның кино саласында тоқырау бар. Тәуелсіздік жылдары елдің бірде-бір фильмі сатылымға шыққан жоқ. Отандық кинотеатрларымызда шетел фильмдері ғана көрсетіліп келеді. Тіпті, соңғы 16 жылда 25 елдің көркем туындысы экранға шығыпты. Енді міне, 27-ел болып Сіздің елдің фильмі көрсетіліп отыр,- дейді. – Мынау біздің соңғы еңбегіміз болатын деп «Одесса киностудиясының атақталары» сериясы бойынша жарыққа шыққан Владимир Высоцкий туралы «Вертикаль» атты кітапты тарту етті. Кітап Галина Лазарева мен Владимир Миненконың авторлығымен жарыққа шыққан екен.

Галина Лазарева: – Владимир біртуар талант иесі, тек әнші ғана емес, ол дарынды актер. Владимирдің өшпес ізі бар. Дегенмен немқұрайлылықтың арқасында оның лайықты бағаланбай отыруы өкінішті. «Өлі разы болмай, тірі байымайды» демекші, бұл да болса Владимирдің рухына деп жасалған біздің тағзымымыз дегенді айтып, кітапты маған ұсынды. Мұны мен Украина кино саласындағы мамандардың Қазақстандық журналистке ризашылықпен көрсеткен ілтипаты деп қабылдадым.

Біз Одессаға табан тіреген бірінші күннен бастап-ақ  Одессаның ірі радиостанцияларынан «Ардақты Одессалықтар және Одесса қонақтары! Жеті күн бойына Одессада Қазақстан Республикасы, Алматы қаласының мәдениет күндері өтеді. Егер әлемдік деңгейдегі ақын Олжас Сүлейменовпен жүздескіңіз келсе, орыс драма театрына асағыңыз»,- деген хабарландыруды жиі естіп жүрдік. 13 қазанда «Одесса орыс драма театрында» өткен Олжас Сүлеймновпен кездесудің тағылымы мол болды. Әлемдік деңгейдегі ақынның Франциядан дәл сол күні Одессаға арнайы ұшып келуі, Алматының мәдениет күндерінің беделін біраз арттырды.

Әдеби кеш өтетін «Одесса орыс драма театрының» басшысы Александр Евгеньевич Копайгораның қуанышында шек жоқ. Александр өзі басқарып отырған тетардың кішкене бір бөлмесін әлемге танымал өнер майталмандарының сурет тақтасына арнапты. Бұл бөлмеде қолтаңбасын қалдырған орыс және шетел өнер майталмандарының суреттері бір қабырғаны тұтастай алып тұр. Олардың барлығы осы өнер шаңырағына келіп өз өнерлерін көрсеткен екен.

Александр бізге: – Өздеріңіз көріп тұрғандай, мұнда ешқандай қазақстандық өнер иесінің суреті жоқ болатын. Ал, әлемдік деңгейдегі ақын Олжас Сүлейменовпен жүздесу менің көптен біргі арманым еді. Сол арманым бүгін орындалғалы отыр. Ертең осында өз қолтаңбасымен ілулі тұрған жерлестеріңіздің суретін тамашалауға арнайы келіп соғып кетсеңіздер болады, – деді ағынан жарылып. Театр басшысының ешкімнің ойына келе бермейтін мұндай хоббиі, кімді де болсын қызықтырғандай.

Әдеби кеш басталмас бұрын, Әнуар Мұстафиннің ақынның өмірі мен шығармашылығына арналған деректі фильмі көрсетілді. Олжас Сүлейменов өткен жылы 70 жасқа толған болатын, Дәл сол жылы ақынның анасы да өмірімен қоштасыпты. Бала кезімнен мені жалғыз тәрбиелеп өсірген анамның менің өмірімде алатын орны ерекше. Тағылымы мол ақылды сөздерді мен тек анамнан естідім. Қазір «Ана сабақтары» атты еңбек жазуды ойлап жүрмін деді Олжас Сүлейменов. Залға жиналған ақын поэзиясына табынушы халықта есеп болмады және кеш аяқталғанша ақынға хат арқылы толассыз сұрақтар ағылып жатты. Алты күн бойына қаладағы әлемге әйгілі опера және балет театрынан бастап, Одесса драма театры, В. Васылько атындағы украин музыкалық комедия театры, М.Водяной атындағы академиялық музыкалық комедия театры, облыстық филормонияда өткен өнер кештеріне демалыс емес, жұмыс күндері болса да халық көп жиналды.

Одессада Алматының күндерін тамашалауға, ол туралы ақпарат жинауға барған бір топ журналистерге қара теңіздің жағасында орналасқан «Қара теңіз» атты қонақ үйден жайлы орындар бұйырды. Жеті күн бойына дәмді асы мен тәттісін ауызға тосқан Одессаның, көрікті жерлерін тамашалау да соңғы күндері ғана еншімізге бұйырды. Одессаның жүрегі саналатын ірі порт «Теңіз вокзалына» барғанымызда, бізді осы вокзалдың бастығы Николай Маковецкий қарсы алды. Николай кезінде Қазақстанда 10 жылдай тұрып, қызмет еткен екен. «Балаларым сонда мектепке барды. Кеңпейіл қазақ даласын ұмыту, олардың дархандығына бас имеу мүмкін емес. Мен әлі күнге дейін Алматыдағы қызықты күндерді күні бүгінгідей есіме алып, сағына аңсаймын. Қазақстан мәңгі менің жүрегімде, Алматы маған жұмақ қала болып елестейді»,- деп біраз сағынышты сырын ағытты.

–                            Алматының Одессадағы мәдениет күндері аясында өткен кештің ашылу салтанатына әйелімді ертіп бардым, Кештен алған әсеріміз ауызбен айтып жеткізгісіз. Өткен күндерді еске алып, әсерлі көңілмен 10 жылға жасарып қайттық. Әсіресе, аққудай тізіліп қазақы ою-өрнекпен көмкерілген киімдерімен сахна төріне озған қазақ ағайындарды көргенде, жыл бойы жоғалтып қайта табысқан достарымызды көргендей ерекше тебіреністе болдық,-дейді Николай Маковецкий. Қоштасарда Николай бізге өз қолтаңбасын қалдырып, «Порт және Одесса» атты тарихи кітапты тарту етті.

Міне, Одессадағы қызық күндер соңына таяды. Алматы мәдениет күндерінің Одесса қаласындағы жабылуына арналған салтанат 14 қазан күні М. Водяной атындағы академиялық музыкалық  комедия театрында өтті. Алматының Одессадағы мәдениет күндерінің шымылдығын ерекше шабытпен ашып жүргізген Дана Нұржігіт пен Шалқар Үркімбаевтар «Алматы мәдениет күндерінің» жабылу салтанатында да шарықтаған әуезді үндерімен одессалықтар жүрегіне жол таба білді. Жабылу салтанатына арналған гала концертте белгілі әнші Дәлел Уаштың орындауындағы «Атамекен» әні елді ерекше тебірентті. Әсіресе, Қазақстандықтарды!

Гала концерттің соңында сөз алған Одесса облысы мемлекеттік әкімшілігі Төрағасының орынбасары Андрей Ткачук: «Сіздер Мәдени күндер өткізудің жоғары деңгейдегі үлгісін көрсеттіңіздер. Біздің ендігі мақсатымыз да осындай биік деңгейде көріну, біз Сіздерге «қош» демейміз, «до зустричи»- «кездескенше» дейміз!- деп кешті қорытындылады.

 «Өнер мен мәдениетте шекара жоқ»,деп бекер айтылмаса керек. Құдіретті өнер екі елді тағы да бір адым жақындата түсті. Қара теңіз жағасындағы маржан қала Одессаның бізге тек самал желі мен әсем табиғаты жақсы әсер етіп қана қойған жоқ. Жергілікті елдің сөздік қорымен біз де тілдік қорымызды байыта түскендейміз. Мысалы: «Ласково просимо», «мы Вас кохаем», «да зустричи» деп салатын Одесса халқының «һа» лап айтылатын жақсы ниеттегі мұндай сөздері тыңдаған құлаққа жағымды естіледі екен. Алматы өнерпаздары Одессадағы өз миссияларын лайықты деңгейде орындап, Қара теңіз жағасындағы маржан қала – Одессамен қоштасып Алматыға бет алып, ұшаққа жайғасарда Қазақстанның Украйна мен Молдовадағы төтенше және өкілетті елшісі Амангелді Жұмабаев: – Алматы – Қазақстанның мәдени астанасы. Ел мәдениетінде бұл қаланың алатын орны ерекше. Сондықтан біз Сіздермен қоштаспаймыз, дәл осындай өнермен Одессаға тағы да келіңіздер! – дегенді айтты. Ия, біз Одессаға тағы да келгіміз келеді! Бұл ой Одессадан туған елге бет алған 150 адамның әрбірінің көкейінде тұрғандай сезілді маған.

 

P.S: Осы жолсапарды басылым бетіне дайындап жатқанымда редакциямызға Одессадан хат келіпті. Одессаның айнасы саналатын «ЮГ» газетінде жарық көрген, тақырыбы қазақша айқайлап тұрған «Келесі кездескенше – Алматы!» деген мақаласын көріп дән риза болдым..

            «Семь дней которые потрясли Одесситов» деген тақырыпта Одессада өткен Алматының мәдениет күндеріне «ЮГ» газеті өзінің 2 бетін тұтастай арнапты. Және «Алматының мәдениет күндері» бағдарламасы аясында өткен шаралар өте шебер баяндалып жазылған. Журналист Елена Марценюктің менен қоштасарда:  «до зустричи», «мы полюбили Вас», «спасибо» деген сөздердің қазақша аудармасын, қалай айтылатындығын сұрап, пысықтап жазып алып жатқандығына аса мән бермеген едім. Украйн журналистінің бұл да бір тапқырлығы дерсіз. Газетке қосып жіберген хатында Елена маған былай деп жазыпты:

            «Қымбатты Жазира! Біз әлі де болса Алматының мәдениетіне деген таңданысымыздан арыла алмай жүрміз. Алматының мәдениеті, өнері бізге ерекше әсер қалдырды. Тек келесі жолы бізге бәрін қайта басқаша ұйымдастыру керек сияқты. Менің ойымша бұл жолы біздің жоғарғы деңгейдегі шенеуніктеріміз Сіздердің делегацияны өз деңгейінде қабылдай алмаған секілді. Егер Сіздерді Одессаның жай ғана қарапайым халқы қабылдаса бәрі басқаша болар еді… Оған көз жеткізу үшін тағы да бізге келсеңіздер екен. Баршаңызға денсаулық, зор табыс тілейміз. Мен өз мақаламда барлық шындықты жазуға тырыстым. Ия, рас. Біз расында Сіздердің өнерлеріңізге өте тәнті болдық және өнерге деген Сіздердің халықтың қамқорлығына, қалай құрметтейтіндігіне қызыға да қызғана да қараймыз. Өкінішке орай біздің елде бәрі де басқаша… »

            Бұл хатты оқығаннан кейін шынында да қазақ мәдениетін өз деңгейінде насихаттап, ұлы дала әуенін, ұлттық өнерді бағалап алыс және жақын шетелдерге жиі алып шығып тұрса, қазақтың мәдениеті, қазақтың өнері кімді болсын аузын аштырып, таңғалдырмай қоймас еді-ау деп ойладым. Өнер, мәдениет халықтар арасындағы алтын көпір дейтін болсақ, ендеше, дәл осындай жетістіктеріміз жиі болып тұрғанға не жетсін!

 Жазира Амантай0ызы,

                                                                                              АЛМАТЫ-ОДЕССА-АЛМАТЫ




Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to Top ↑