banner-top12

Поэзия f7c42f

Қосқан уақыты Қараша 25, 2000 | 780 рет оқылды | сайтқа қосқан shalqar

0

Өлеңдер

Бірігіңдер, бауырлар!

Шежірелі керемет ғасырдаймын,

Әнім тұр ғой, түсінсең асыл қайғым.

Дәл өзімнен басқаға бас ұрмаймын,

Дұшпан сөзін басымнан асырмаймын,

Міне, міне, түсінсең осындаймын,

Ұлтымды сүйемін мен, жасырмаймын.

Қазақ үшін – төрім кең, үйім өлең,

Қазақ үшін – қажет пе күйіп өлем.

Қазақ үшін – өлгенмен бірге өліп,

Қазақ үшін – алысам тіріменен.

Ел емес пе ек отырған жинақырақ,

Барған жоқпыз ешкімге күйме сұрап.

Ғасыр бойы азығын арқалаған

Бабалардың рухы қымбатырақ.

Жаным – қазақ, қашанда әнім – қазақ,

Талпынбасақ көреді жаның тозақ.

Керек енді бірігу, керек енді,

Осы жағын ойлайық қалың қазақ!

Бекен Қайратұлы,

Моңғол Халық Республикасы.

1995 жыл,

Аңсап келдім, Атамекен.

Баянөлгилік ақын Қабдай Мысаханұлы таяуда Қазақстанға келіп, атамекенін аралап көрді, ел-жұртпен дидарласып, сыр шертісті. Жылы шырайлы қабылдаулар, туыстық сезімге бөлеген ыстық ықыластар ақын жүрегін тербетеді де, шабыты тасып, жалынды шумақтарға оралады. Ақынның атамекенінде жазған өлеңдерін ұсынамыз.

Туған жердің аңсатып қыр-белеңін,

Салып отыр сағыныш дүрбелеңін.

Кешіре гөр ата-ана, алтын аймақ,

Мен бұрын қасиетіңді білмеп едім.

Қабағыма қонбады қайдан қайғы,

Мәңгілікке бал дәурен байланбайды.

Кім ойланбас кемпірдің бұрымындай,

Қысқа ғұмыр күн сайын қайраңдайды.

Енді бізге алданыш, таяныш не?

Қалған ғұмыр сабыр ет, аял істе!

Бергін маған, ерлікті, серілікті,

Өкініш боп әйтпесе қалар іште.

Сені аңсадым асығып келер таңым,

Сені аңсадым жастығым, кемел шағым.

Құрдас жігіт, құрбы қыз, қимас достар…

Сені аңсадым ата-жұрт сені аңсадым…

Сөнбесін деп көңілдің нұр шуағы,

Қайран жүрек тыпыршып тұрсың әлі.

Сенім барда мұқалмас, мен білемін,

Аңсаттырған алдымнан күн шығады.

Жасыл көлдің үстінде жабағы бұлт,

Тепкілейді көк толқын жағаны үгіп.

Немересін көтерген әжелердің,

Жанарында ұшқындап жанады үміт.

Екі шыңды қосақтап тұсады бұлт,

Тау қойнауын қордалы құшады құт.

Немересін көтерген аталарды,

Өте көрме, ұлы өмір, құса қылып.

Ез, есерін, сәбиін, данасын да,

Тұтастырған құпия бар осында.

Туған жер біріктірген адамдардың,

Ашылмас дәнекер бар арасында.

Болымсызға түк шығып бетімізден,

Өре тұра келеміз шетімізден,

Мыңқ етпейтін кезіміз тағы да бар,

Алсадағы ет кесіп етімізден.

Мәні қалай?

Білмейміз.

Таң қаламыз.

Мінез бе екен жұқтырған паң даламыз.

Төстей төзім төзерін байқатсақ та,

Төзер іске бүлініп шамданамыз.

Кең болар-ек тартсақ біз даламызға,

Ақыл жетпей кеңдікке саламыз ба?

Қандай пікір бар сенде бұл туралы,

Жоқ болса, енді осыған нанамыз да.

Ұғысалық жүрекпен,

Көзімізбен,

Бұл қасиет табылар көбімізден.

Жауласу да

Дос болып қауышу да,

Туындайды адамдар, өзімізден!

 

Қамықпастан қашан біз түлеп едік,

Бәрін, бәрін келеміз жүре көріп.

Іштен жылап тұрсақ та күлген болдық,

Жылаған да мезгіл бар, күле беріп.

Не көрмедік сонымен,

Тек өлмедік.

Қайта жандық тұрдық та сөнер болып.

Ойланайық, ағайын, бара жатыр,

Кезіндегі тасыған кемер кеміп.

Бас шұлғудан ұзақ жыл жаңылмадық,

Кім кеткенін білмедік бағыңды алып.

Іштарлықты өтірік ұмытқан боп,

Азулының айтқанын қабылдадық.

Үмітіміз баратты сағымданып,

Күйінсек те көрмедік шағымданып.

Көзбен көріп тұрсақ та өтірікті,

Адалдықпен бәрін де қабылдадық.

Біз емес пе ек жалаға наразы нақ,

Тынышталды ал бүгін жан азырақ.

Қайта айналып өткен күн келмеуі үшін,

Енді отырмыз барлығын таразылап.

 

Екі езуі көпіріп,

Бөсіп кетті өтірік.

Ойға түсті құйылып,

Шыңға шықты секіріп.

Шындығыңды үптеді,

Таудай етті нүктені.

Тарыдай ғып тауыңды,

Бұтарлады, бүктеді.

Бәрін түзер тезі боп,

Күймей жүрген кезі жоқ,

Басты ақиқат құлағын,

Бос мақтанып мезі боп.

Көріп еді бәстесіп,

Көріп еді шеттесіп,

Түсті шындық бір саты,

Ал өтірік кетті өсіп.

Толқындары лағылды,

Азайды өзен ағынды.

Жаз дегенің жазғы тән,

Шуағынан жаңылды.

Қара жерге жамылғы,

Қырауды жұрт сағынды.

Қыс дегенің қысқа сай,

Суығынан жаңылды.

Мақпал түні жағымды,

Көк жібектей сағымды.

Күз дегенің күз болмай,

Самалынан жаңылды.

Жандандырар тамырды,

Көктемге мін тағылды.

Масайратар жаныңды,

Мінезінен жаңылды.

Ұлы жиі “қағынды”,

Әке тауы шағылды.

Ана деген аналық,

Айбарынан жаңылды.

Аға тастап сабырды,

Алаңдар іс табылды.

Жеңге деген жеңгелік,

Қамқорлықтан жаңылды.

Шері қыздан, қайғы ұлдан,

Ата жолдан айрылған.

Қалған сынды өмірді,

Қайта бастау маймылдан.

Түймедей бүр бітпеді табаныма,

Бұлбұлдай үн бітпеді тамағыма.

Ешкім де ас салған жоқ табағыма,

Ешкім де қараған жоқ қабағыма.

Қамқорлық жасалмады талабыма,

Және де жармаспадым қаламыма.

Әр қилы бәйгілерге түсіп көрдім,

Шаң жұтып қала бердім балағыма.

Озудың төте жолын жасамадым,

Қарбытып сыбағаны асамадым.

Тіледім өзімнің де, өзгенің де,

Жатаған тірлігіңде бас аманын.

Күнә ғой бір кез тұрып ойға батпау,

Мен неге естімеймін тойда мақтау?

Басқаға жолым болғыш көрінгенмен,

Өзіме болғаны анық тайғанақтау.

Алдында жүрем ылғи аршаның,

Құптамасаң несіне таласамын.

Жусаннан сынық сүйем биікпін де,

Бетегеден бір қарыс аласамын.

Ертөс шыңы бұлтпен бұлдыраған,

Бедер бұлақ ағады тік жырадан.

Құлағымда ағын су сылдыраған,

Құлағымда шолпы үні сыңғырлаған.

Көз жұмсам сен жүретін бауды көрем,

Қайда екен бақыт бері ауды деген?

Қиялымда құлпырып кәмшат бөркің,

Елестейді жанарың жәудіреген.

Тарықтырды тағдырым кетті, мейлі,

“Саған лайық сыбаға” жетті дейді.

Ойым онға сен жайлы бөлінгенде,

Асау жүрек кеудені тепкілейді.

Қабдай Мысаханұлы,

Монғолия,  1991 жыл

 

Шетелдегі туыстарға

Шетелдегі бауырларым, бәріңе,

Айтарым бар жасыңа да, кәріңе;

Ойлаңыздар болашағын ұрпақтың

Игіліктің кештігі жоқ әлі де.

Рас бүгін айнымассың салтыңнан,

Өйткені өзің сеніп жүрген бір тұлғаң.

Егес толы енді жүз жыл өткен соң,

Не қалады бірікпесең халқыңнан.

Жүргеміз жоқ қорлықты да кем көріп,

Ағады ойлар санамызға сел болып.

Басымызды қоса алмасақ тірлікте,

Көрінгенге кетпейміз бе жем болып.

Бұрын мүмкін кештік отын тозақтың.

Енді бүгін бола алады мазақ кім?

Өз атаңның қонысына ие бол,

Жаттығы жоқ қазақ үшін қазақтың.

Қуанышты, қайғыны да тең бөліп,

Жүдегенге жұтындырар өң беріп,

Атамекен құшағына жиналып,

Отырайық қабырғалы ел болып!

Нұрсұлтан Сапарұлы

 

Ойлан, бауырым

Мен қазақтың баласымын, қазақпын.

Енді бүгін еңсем биік, азатпын.

Бүгінгіден бастау алып келешек,

Туар әлі біз көрмеген ғажап күн.

Түсінген соң санамменен, жетеммен,

Тағдырымды жалау етіп көтергем.

Кең далаға сыймай қалып кезінде,

Қырылғанбыз, қуылғанбыз мекеннен.

Сай-сүйекті сырқыратқан азалы үн,

Ешқашанда естен шықпас, қазағым.

Жер дүние жаралғалы, өмірдің,

Біздей кімдер тартып көрді азабын?

Керек бопты кереметтей көп өлім,

Ашық жайып аңырапты көгенін.

Неге солай сергелдеңмен күн өтті,

Біздер оның білмеп пе едік себебін.

Көп екенін көре тұрып қасымыз.

Бірікпеді, бірікпеді басымыз.

Содан барып басқаларға бұйырды,

Қазандағы қайнап тұрған асымыз.

Күтеміз бе түксигенін саз қабақ,

Адаспайық қоңыр күзді жаз санап.

Күліп кірген күңірентіп шығарған,

Мұның бәрі болмақ емес аз сабақ.

Жұтылғанбыз құдіретті өңешке,

Алданғанбыз аздыратын елеске.

Атақ пен даңқ туған жерің тұрғанда,

Бір-ақ күндік қолдың кірі емес пе?

Бірліксізге енбейді екен кім ендеп,

Тоғышарды түртпей ме екен түлен кеп.

Күннің күні тоз-тозымыз шықпасын,

Көрінгеннің қосын тігіп жүрсем деп.

Аздырмайды ата салған жол-жорық,

Қауышайық құшақтасып, қол беріп.

Бас қосайық аман-есен тұрғанда,

Іргемізді көтерейік ел болып!

Әметхан Қожақметұлы,

Талдықорған облысы, 1991 жыл




Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to Top ↑