banner-top12

Ақпараттар ағымы IMG_7761

Қосқан уақыты Қыркүйек 28, 2018 | 446 рет оқылды | сайтқа қосқан shalqar

0

“Өмір өрнектері” кітабының тұсаукесері өтті

IMG_7878 IMG_7797 IMG_7778 IMG_7769 IMG_7761 IMG_7751 IMG_7733

«Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында 2018 жылғы 28 қыркүйек күні Халықаралық «Жанашыр» қорының ұйымдастыруымен Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, ақын Ырысалды Төкееваның “Өмір өрнектері” атты екі томдық кітабының тұсаукесері өтті.
Жер шарының Азия мен Еуропа атты екі құрлығында – Қытай, Қазақстан, Белгия сияқты үш мемлекетінде өмір сүріп жатқан тағдырлы ақынның, “Өмір өрнектері” атты жинағында өзінің жүріп өткен өмір жолы өлеңмен өрнектелген.
Бүгінде Белгияның Антверпен қаласында өмір сүріп жатқан Ырысалды Төкееваның өлеңдерін Халықаралық «Жанашыр» қоры екі кітап етіп баспадан шығарып, Қазақстан жазушылары кітапханасында тұсаукесерін ұйымдастырды.
Шараға жазушы–этнограф Баяхмет Жұмабай, ақын Сламхат Сейітқамза, жазушы-публицист Болат Құрманқажы, ақындар Дәулетбек Байтұрсын, Ләззат Игісін, Мағиза Құнапия, Райса Ақанқызы, этнограф-жазушы Болат Бопай, күйші Мұқаш Таңғыт, Дүниежүзі қазақтары қауымдасытығының Алматы филиалы басшысының орынбасары Серікжан Ахмет, «Жанашыр»» қорының президенті Жаңыл Әпетова, «Отандас-ел» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мұқан Мамытхан, Қазақстан Жазушылары кітапханасының меңгерушісі Елена Жамелова, ақын Аманғазы Кәріпжан және т.б. Ырысалды Төкееванының үзеңгілес және артынан ерген ақын, жазушылар қатысып, ақын өлеңдері жайлы өз пікірлерін ортаға салды.
Шараға қатысушылар С.Демирель атындағы қазақ-түрік колледжі, Алматы қазақ-қытай колледжі және педагогикалық колледж студенттеріне ақын поэзиясы туралы татымды әңгімелер айтты.
Кеш жүргізушісі, ақын Дәулетбек Байтұрсынұлы екі сағаттан аса уақытқа созылған шараны, өз мәнерінде, ешкімді жалықтырмай, қызықты да тартымды етіп жүргізе білді.
«Жанашыр»» қорының президенті Жаңыл Әпетова Қазақстан Жазушылары кітапханасының меңгерушісі Елена Жамеловаға “Өмір өрнектері” атты екі томдық кітаптың 100 данасын оқырмандарға тарату үшін сыйға тартты.
Өмірін өлеңмен сәтті өре білген ақынның сүбелі жырлары оқырманға айрықша ой салары сөзсіз.
«Өлең» дейтін қасиетті өнердің қазанында қайнаған рухы асқақ, мұраты анық нәзік жанды ақынымыздың ел-жұртына берген еселі еңбегі құдіретті өлеңдерімен өлшенбек.
Өлең өлкесінде өрнекті ізін салып, рухы мен сезімін, мұңы мен шерін өлеңге ғана арнаған ару ақынымыз оқырманның талғам-таразысынан өтіп, кестелі жырдың керім әуенін әлі де сыйлай береді деп сенеміз.
Жиын соңы колледж өнерпаздарының концертіне ұласты.

Автор туралы: Ырысалды Төкеева 1941 жылы Қытай жерінде дүниеге келген. Шәуешек қаласында орта мектепті бітіріп, 1958 жылы Үрімжідегі Шинжиаң медицина институтына түсіп оқиды. 1962 жылғы шекара оқиғасы кезінде ата-анасы Қазақстанға кеткен студенттерді туған жеріне қайтарған кезде, ол да өз жұрты Шәуешекке қайтып келеді. Онда аймақтық сыртқы сауда мекемесінің тері-жүн экспорт зауытына жұмысшылыққа орналасады. Шекара түбіндегі «ішке жөткеу» кезінде, Шиху аудандық сыртқы сауда мекемесіне жібереді.Сол мекеменің жазатын, сызатын, аударатын жұмыстарын істейді, дәрігерлік жұмыс та атқарады. Шиху аудандық орта мектебіне мұғалім де болады. Осыдан кейін заң кадрларын толықтыру кезінде Шиху аудандық халық сотының азаматтық істер судьясы болып істейді. Оқыған кәсібіне сай Үрімжідегі жоғары сот жағынан ашылған заң эксперттерін жетілдіру курсында оқып, диплом алады, ғылыми қызметкер деген атақ алады. Судья болып жүріп, ел аралап, халықтың тұрмыс жағдайын, өмір салтын көре жүріп, қолына қалам алады. Өлең, новелла, әңгімелер жазып, айтыстарға қатысады.
Алтай аймағында өткізілген үш аймақ айтысында оқылған «Тайға бата» деген өлеңі, кейін Шинжиаң радиосында оқылып жүрді. Іле облысында өткен Жастар фестивалінде «Жыл құстары» деген өлеңіне жазылған ән жүлделі бірінші орынды алады. Бұл да радиода беріліп жүреді. Композитор Бәдет Ахметжан әнін жазған «Жайдарым» әні де ел аузында жүрді. 1989 жылы «Іле жастары» журналында жарияланған «Ашырқану» дейтін новелласы екінші дәрежелі сыйлық алады.
«Салтанат», «Тарбағатай жырлары»(1977ж.), «Тарту», «Дала дабылы» Үрімжі баспасы, (1979ж.), «Біздің ауылда» (1981ж.), «Көктем» Іле жастары баспасы (1979ж.), «Шиху өрендері» (1979 ж.), «Белес» сияқты ұжымдық жинақтарына өлеңдері мен новеллалары, әңгімелері енеді.
1991 жылдан бастап қазақ топырағына өткелі Үржар аудандық Абай атындағы орта мектепте мұғалім бола жүріп, еларалық «Шалқар» газеті, Үржар аудандық «Уақыт тынысы», Аягөз аудандық «Алға» газеті, Семей облыстық «Семей таңы» газеті, сондай-ақ, «Ақ босаға», «Ана тілі», «Түркістан», «Азия», «Заң» газеттеріне, «Жұлдыз», «Қазақстан әйелдері», «Балдырған», Шинжиаңда шығатын «Көкжиек», «Тарбағатай» журналдарына өлеңдері мен мақалалары жарияланып тұрды.
Қазақ топырағында «Сыбызғы жүрек», «Ой толқыны» атты өлеңдер кітабы жарыққа шықты.
1994 жылы Қазақстан Жазушылары одағына қабылданады.
1995 жылы Дүниежүзі қазақтары құрылтайына және 1999 жылы жыр мүшәйрасына қатысып жүлдегер атанады.
2000-шы жылдары Еуропаға кетіп, бүгінде Белгия жерінде тұрып жатыр.

 

 




Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to Top ↑