banner-top12

Айтарым бар no image

Қосқан уақыты Мамыр 15, 2013 | 940 рет оқылды | сайтқа қосқан shalqar

0

ӨЗІҢДІ ӨЗІҢ СЫЙЛАМАСАҢ БАСҚАЛАР БЕТІҢЕ ТҮКІРЕР

 

Қазіргі кезде жас та, кәрі де, елдің бәрі теледидар көреді. Кез-келген үйде жоқ дегенде бір теледидар бар. Теледидар үгіт-насихат құралына айналып кетті. Әсіресе жастар теледидардан көргенін өмірде қолданып неше түрлі оқиғаларға ұшырап жатады. Теледидардан естіген сөздерін қайталап айтып жүреді. Көбі сол сөздің шығу төркінін біле бермейді.
Қазақстанда телеканалдар көп. Облыстық телеканалдарды қосқанда 40-шақты телеканал бар екен. Олар неше түрлі бағдарламаларды көрсетіп жатыр. Бағдарламалардың сапасы, халыққа берер тәлім-тәрбиесі әр түрлі. Оны қадағалап жатқан ешкім жоқ. Осы бағдарламалардың ішінде сүйсіне көретін, танымдық, тәрбиелік мәні жоғарылары да, төмендері де, тіпті зияндылары да бар. Бір өкініштісі, осы зиянды телехабарларға қазақтың намысын қорғайды-ау деген қазақ азаматтары мен азаматшаларының да қатысып жүргендігі.
«КТК» телеарнасы «Бешбармақ шоу» деп бірінші маусымын өткен жылы көрсетті. Жеңген адамға автокөлік те сыйлады. Енді осы бағдарламаның екінші маусымын көрсетіп жатыр. Әрине, бағдарламаның ниеті дұрыс. Ол қазақтың ұлттық асы – етті насихаттайды. Бірақ атауын «Бешбармақ шоу» демей басқаша атауы керек еді. «Басқаша атау керек» деген ұсыныстар бірінші маусымда да БАҚ-тарда жазылған еді. Бірақ оны телеканал басшылары құлақтарына да ілмей, ескі атаумен екінші маусымға көшіп кетті. Біріншіден, қазақтар 5 санын «беш» демейді, «бес» дейді. Екіншіден, адамда бес бармақ жоқ. Қазақтар үлке саусақты «бас бармақ» дейді. Қолда екі, аяқта екі бас бармақ бар. Барлығы төртеу. Қалғандарын «саусақ» дейді. «Бес саусақ бірдей емес». «Саусақ бірікпей ине ілікпейді» деп мақалдайды. «Бес бармақ бірдей емес». «Бармақ бірікпей ине ілікпейді» деп айтпайды. Жалпы бәрін «саусақ» деп атайды. Үшіншіден, қазақтың ұлттық тағамы – етті «бесбармақ» деп патшалық Ресей кезінде бізді кемсітіп, намысқа тиіп атаған. «Етті қолдарымен жейді. Жабайылар!» деп кемсіткен. Содан барып ұлттық тағамымыз етті – «бесбармақ» деп қорлап атаған. Ұлттық тағамымызды басқалардың қорлап атаған атауымен, енді өзіміз миллиондаған көрермені бар теледидарға шығарып жарнамалап жатырмыз. Намыстанбаймыз! Қорланбаймыз! Бұл не сонда, азғанымыз ба, тозғанымыз ба, әлде Абылай ханның түсіндегі құрт-құмырсқаға айналған ұрпақ болғанымыз ба?!
Ұлттық тағамдарын қолымен жейтін тек қазақтар ғана емес. Бүкіл түркі халқы ұлттық тағамдарын қолымен жейді. Тіпті шығыс халықтарының көбі ұлттық тағамдарын қолымен жейді. Іргеміздегі көршіміз – қырғыздар да етті қазақтардан кем жемейді, әрі олар да қолымен жейді. Бірақ олар етті біз сияқты «бешбармақ, бешбармақ» деп жар салып жүрген жоқ. Олай қорлағандардың жазасын береді. Өйткені оларда намыс бар.
Етті қазақтар асып жейді, қуырып жейді, қақтап жейді. Осы шоудың атын «Асылған ет» деп қойса да болар еді. Әрине асып, табаққа салып әкелген еттің өзін қазақтар бірнеше түрге бөледі. Беретін адамдардың дәрежесіне, туыстық қатынасына қарай табақтарды: «Құда табақ», «Сый табақ», «Қос табақ», «Күйеу табақ», т.б. деп бөледі. Бірақ «бешбармақ табақ» деп айтпайды.

М.Әуезов, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, т.б. дүниеден өтіп кеткен классик жазушыларымыздың, қазіргі көздері тірі Ә.Кекілбаев, Қ.Жұмаділов, М.Шаханов, т.б. ақын-жазушыларымыздың шығрмаларынан ет туралы «бешбармақ» сөзін кездестірмейсіз. Өйткені олар бұл сөздің шығу төркінін жақсы біледі. Сондықтан айтуға намыстанады. Намыстанбай жүрген тек осы шоуды ұйымдастырып жүргендер, оны жүргізіп жүргендер, оған сарапшы болып жүргендер ғана. Жайшылықта «елім, халқым» дейтін бұл мырзалар мен ханымдар ақша үшін халқының намысын аяққа таптап жүр. Бұлай кете берсе бұл азаматтар ақша үшін халқын да сатып жіберер. Сондықтан бұлардың концерттеріне барудың, өздерін ақы төлеп тойға шақырудың керегі бар ма? Олар қазақты қорлайтын шоуларға қатысып-ақ ақша табады ғой. Әрі оларға концертке қарағанда көбірек қаржы төлейтін шығар. Ата-бабаларымыз: «Малым – жанымның садақасы. Жаным – арымның садақасы» деген екен. Бұлар арын ақшаның садақасына айырбастап жібергендер. «Атауы ұлтымыздың намысына тиетін шоуға қатыспаймыз» деп бәрі бас тартса, бұл шоу бұлай аталып эфирге шықпас еді. Намыссызға дауа бар ма?! Егеменді ел болғанымызға 20 жылдан асса да, әлі құлдық санадан құтыла алмай жатырмыз. Құлдың – қарны тоқ болса, қайғысы жоқ болады.
Соңғы кездері осы шоудың әсері ме екен, етті «бешбармақ» деп ауызекі сөзде де жиі айтыла бастады. «Бесбармақ» сөзінің қайдан шыққанын білетін басқа жұрттың өкілдері «бешбармақ шоуды» көрген сайын «вот дураки, казахи» деп күліп жүрген болар.
Қазір біз, «басқалар әдет-ғұрпымызды, тілімізді сыйламайды. Көшеде қазақша жарнамаларды, дүкендердің маңдайшаларында, т.б. жерлерде қазақша қате жазады. Тілімізді «суахили тілі» деп кемсітеді» деп өкпелейміз. Біз, өзімізді өзіміз сыйламай жүрсек, басқалар қалай сыйламақ. «Өзіңді өзің сыйласаң, жат жанынан түңілер» дейді қазақ. Ал, өзіңді өзің сыйламасаң, басқалар бетіңе түкірер. Түкіріп те жүр!

Назрахмет ҚАЛИ
зейнеткер, Алматы қаласы

2013ж.




Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to Top ↑