banner-top12

Сұхбат no image

Қосқан уақыты Наурыз 18, 2013 | 855 рет оқылды | сайтқа қосқан shalqar

0

                      Он баланың кішісі едім, ерке едім

         

  02

– Кейбір адамдар бар өзінің неге бейім екенін білмей, өз жанына жақын емес іспен айналысып жүреді. Бірақ, ол істен қандай нәтиже көретінін білмейді. Ал сен мұндай адамдардың керісі, бір сөзбен айтқанда, өзіңнің жаныңа жақын іспен әу бастан-ақ айналысып келесің. Бәлкім бұл өз таңдауың болар.

–         Өнер адамның бойындағы құдіретті дарын ғой. Егер күйің болса, адамға берілетін Алланың сыйын неге халықтың игілігіне ұсынбасқа. Ол әрбір өнер иесінің парызы деп есептеймін. Жаныңда талант болса, ерте ме, кеш пе әйтеу бір шығатыны қақ. Ал жандырасың ба, сөндіресің бе, ол әр өнер иесінің өз құзырында.

Мен өзің айтқан адамдардан емеспін. Шыны керек, адамның маңдайына «Алла не жазса сол болады» деп айтатын қазақтың қызымын. Менің маңдайыма жазылған өміріме, өнеріме ризамын. Ешқашан күйім келмейтін іспен айналысып көрген пенде де емеспін. Тек, өзім істей алатын, өзімнің істеп кете алатыныма сенетін іспен ғана айналысып келдім осы күнге дейін.

Алдына өзіндік мақсат пен жоспар қоя білмеген адамның, алдағы күніне сену де қиын. Ең әуелі сенім керек. Өзіңді сендіре білуің керек. Расында, өзінің қолынан келмейтін, жаны қаламай тұрса да тырбанып, мазасы кетіп жататын адамдарға қайранмын. Бұл, адамның ең әлсіз тұсы.

–         Өлең жазу  қиын, ақын болу одан да қиын. Өйткені, ақын болсаң, халық алдында үлкен жауапкершілік арқалайсың. Сен сондай жауапкершілік арқалай алдың ба?

–         Әрине, кез келген шаруаның өз жауапкершілігі бар. Соның ішінде өлең жазу- ұлтыңның ділі мен тілін, рухын паш ететін, өсиетті де қасиетті өнер. Жан дүниеңнің айнасы. Соны мәнді де, сәнді етіп, халықтың жүрегіне жеткізу  – ақынның арманы. Оқырман, тыңдарманның көңілінен шығып, жүрегіне жол тауып жатсаң – бір ғанибет. Ақын үшін сол бақыт.

Мен, сен айтқандай үлкен жауапкершілігі бар бір жолға келгенімді білемін. Расында, қолыма алған, мойныма көтеретін ісім өз басыма жетерлік болып барады. Кейде қорықсам да, кейде қуанамын. Өнерде жүрген аға, апаларымыз айтатын «өнердің жолы ауыр» дегені –  жауапкершілік екенін енді білдім. Барған сайын істер ісім де, жасаған жоспарларым да көбейіп барады. Алла ғұмыр берсе, халықтың  алдында «жауапкершілікті» арқалаған бір адамы болсам, ол менің бақытты күндерім болар еді. Сол күндердің табалдырығын өзімше аттап өтіп, төріне қарай беттеп бара жатқанымды сеземін. Мені төріне шығаратын осы халық. Мені ғана емес, мен сияқты адамдарды.

–         Ясира, мен өз басым сені жақсы білемін. Сенің өлеңдерің де маған өте таныс. Ақындарға көп қойылатын мына сұрақты саған да қояйын. Өлеңді қашаннан бастап жаза бастадың? Қазақта, «тек» деген бір жақсы сөз бар, тегіңді де білемін, өнерлі адамдардың ұрпағысың. Сондықтан ба? 

–         Менің әкемнің тұқымында ақындық, сазгерлік бар екен. Нағашы жағымнан да өнерлі адамдар көп болған. Расында, қаннан келе жатқан бір нәрсенің барлығын теріске шығаруға болмайды. Мен бала кезімнен-ақ ыңылдап ән айтуға, өлең құрастыруға бейім болдым. Әлі есімде, мектепке бармаған кезім болатын, шешемнің қасында жүретінмін. Әпкелерім алысқа оқуға кеткен, оларды қатты сағынатынмын. Сонда, шешеме ілесе ыңылдап сағыныш әндерін айтып отыратынмын.  Әкем қайтқанда, шешем болғандықтан, оның үстіне кішкене ойын баласымын ғой, көп біліп кетпедім. Шешем қайтқанда менің жаныма қатты батты. Өйткені, үйдің кенжесі едім, он бала болсақ та, анам мені жанынан тастап көрмеді. Менің онсегіз жылым тек анамнан ажырамай өтті десем болады. Сол анамнан айрылған тұстарда мен өлеңді көп жаздым. Ол өлеңдер сағыныш өлеңдері еді. Сол тұста жазғандарымның біразы  Баян-Өлгейде шығатын басылымдарда жарық көрді. Анама арнаған «Жүрегімде не кетті екен» деген новеллам шықты. Достар туралы, табиғат, т.б. тақырыптардан біраз өлеңдерім жарық көрді тағы да. Кейін мектепті бітіріп, Ресейге жоғары оқуға кеттім, сол тұста тағы біріз нәрсе жаздым. Ол да  сағыныштан туды. Өйткені, елден, жерден, туыс-туған, дос-жарандардан алыс кеттім ғой. 1991 жылы елге бір жолата көшіп келдік. Сол тұста да қолыма қайта қалам алып, өлең жаздым. Ол да сағыныш ерткен өлеңдер болды. Расында, туып-өскен жерді тастап кету өте қиын. Кім де болса сағынады, ойлайды.

Мен жазған өлеңдердің әр кезеңі, әр себебі болғандықтан, сағынышы басым болды. Кез-келген ақын өлеңді көңіл-күйдің жетегінсіз жазбайды. Қанша шабыт болғанмен, бір нәрсенің себеп болары шындық. Менің өлеңдеріме, менің жанымдағы ерекше сағыныштар себеп болды дер едім.

–         Жолдасың өнер жолыңызға қалай қарайды?

–         Тұрмыс, тіршілік, өмірдің тауқыметтерімен жүріп, бойындағы өнерді өрбіте алмайтындар да баршылық қой. Аллаға шүкір, жолдасым Қуанышбектің қолдап, қолпаштауының арқасында, қажымай, талмай, алаңсыз өлеңімді жазып, жанұямдағы ыстық махаббат,үлкен сеніммен әр күніміз әрмен қарай жалғасуда.

-Онда қазір тек шығармашылықпен айналысып жатқан боларсың? Сен жазған әндер мен өлең сөздері көптеген әншілердің орындауында халықпен жүздесіп жатыр. Алғашқы әніңді кім орындады? Қанша әнің бар? Әншілерге өзің ұсыныс жасайсың ба? Әлде…

–  Екі баламның әкесі, менің сүйікті жарым- Қуанышбекке шын ниетіммен разымын. Мені жақсы түсінеді, қолдайды. Тек шығармашылықпен айналысқанымды қалап, маған барлық жағдайды жасап қойды. Менің қолдаушым. Сондықтан шығармашылықпен айналысып жатырмын.

Менің өлеңдерімнің мәтіні әнге сұранып тұрады десем қателеспеспін. Сондықтан болар, көп өлеңдеріме өзім әндер жаздым. Кейде жазған өлеңдеріме ілесе әндер де туады бір  қызығы. Ән мәтінін кез-келген ақын жаза бермейтінін білесің. Бұл да өнер. Сондықтан да өте жауаптымын.

Менің алғашқы әндерімді орындаған Жеңіс Ысқақова. Ол төрт әнімді орындады, ол әндерімді  мен өзім ұсындым. Кейін  Шаһизада, Мақпал, Гүнар Сиқымбава, Гауһар Қаспақова, Сүлеймен Ыбырахим сиқты әншілердің орындауымен жалғасын тапты. Сол тұста өзім кішкене студия аштым, ол жерде бір жылдай жұмыс істеп тұрдым.

Ал ән сөзін, кейін келе тапсырыспен жазатын болдым. Көп әншілер өзі іздеп ән сөзіне, әндерге тапсырыс жасайтын болды. 150-ге жуық ән мәтінін жазыппын. Соның 70-дейі жарық көрді. Ал менің сөзін жазған 30-ға жуық әнім орындалды, әртүрлі тақырыптар астында. Негізінен сағыныш тақырыбында көп ән мәтіні бар. Махаббат туралы да көп. Мен ешкімнің ұсынысын жерде қалдырмадым. Керісінше, олардың кейбір талабына да қарадым. Сондықтан, бәрі бірдей адамдар көңілінен шыға бермейтіні анық. Әндерім көбінде өз орындаушысын табады.

–         Өз орындаушысы деген сөзіңе байланысты Әлішер Кәрімовтың орындаған әні халықтың жүрегіне жол тауып, Әлішерді терең көрсете түскендей болды. Ол ән сөзі қалай жазылды? Өзің де әнді жақсы айтатыныңды білем, алдағы күндерде ән айтып шығу ойыңда бар ма?

–         Негізі Әлішер орысша  әндерді айтып, сол әндермен таныла бастағанын ел жақсы біледі. Кейін мен сөзін жазған,  Әлішер орындаған әннің мақамы Түріктікі болатын. Ол Әлішердің де жолын ашты, менің де өнердегі бағымды тағы бір көтерді деуге болады. Осы әннен кейін Әлішердің әндерінің сөзін жазатын арнайы «ақыны болдым» деп айтайын. Содан кейін де мені іздейтін әншілер, сазгерлер көбейе бастады. Қазір солармен жұмыс істеп жатырмын. Сөйтіп, өнер адамдары арасында таныла бастадым. Роза Рымбаева да хабарласып: «Ясира, әндеріңді естіп жүрмін, маған да ән жазсаң қайтеді» деген соң, бір ән жазып бердім. Одан кейін екі әнге тапсырыс берді. Ол да жақсы шықты. Алла қаласа, көктемде Розаның орындауында халықпен көріседі. Мен де құр жаяу емеспін. Әкем де әнді жақсы айтатын. Кішігірім той-томалақтарда ән айтатыным бар. Үйде домбыраның көмегімен ән салуды жақсы көремін. Дәл қазір ән айтып шығамын деп жүргенім жоқ. Бірақ, кештерім өтіп жатса, бірер ән орындауға болар. Ол алдағы күннің еншісінде.

–         Ән, өлең бар жерде кітап, үн таспа шығару деген болады. Сен бұл жағынан да алдыдасың. Ал ән кешін өткізу ойда жоқ па? Тағы да кітап шығаруға өлең жеткілікті болған шығар?

–         2006 жылы «Қыз жүректің құлын жыры» деген атпен өлеңдер жинағым жарық көрді. 2009 жылы «Сезімнің мөлдір бұлағы»деген атпен ән таспа жарық көрді. Ал ән кешін өткізуге келсем, мен негізі оған да дайынмын. Бәріне шамам келеді. Бірақ, бір нәрсені өте асығыс жасаудың керегі жоқ екенін кейін білдім. Олай деп отырғаным, мен өлеңдер жинағымды өте асығыс шығарыппын. Ол менің өмірдегі бір тәжірибесіздігімді көрсетіп қалды деп ойлаймын. Негізі асықпай, өзің көп тәжірибе жинап алған соң қайта-қайта қарап, іріктеп шығару керек екен. Сол сияқты кешті де асығыс бермеуге шешім қабылдағалы біраз жыл болды. Бір кештің болары анық, бірақ қай кезде боларын дәл қазір айтпай-ақ қояйын. Әлі де күту керек. Бір нәрсе «күт» деп тұрғандай. Тағы да бір жинақтық ән сөзіне жазылған өлеңдер тұр. Бірақ әзір емес.

–         Қазіргі таңда сені іздейтін әншілер көп болар, алғашында сен оларды іздегенің анық. Бір ағамыздың айтқаны бар еді. «Ойласам, мен елуге дейін атым үшін қызмет  істеппін, қазір, атым мен үшін жұмыс жасап жатыр» деп. Шындығын Алла біледі. Қазір атың қалыптаса бастады, сен үшін жұмыс істеп жатыр ма?

–         Өте дұрыс айтқан екен. Мен расында, өлеңді, әндерімді жаза салып, өлеңімді көрсетейін, мына әнімді орындата қойсам ба екен деп іздегенім рас. Қазір көп болмаса да мені іздей бастағандар шығып жатыр. Ол өнердің құдыреті деп ойлаймын. Бұнымен мен, өзімді «кереметпін» деп отырғаным жоқ. Сәл де болса таныла бастағаныма қуанамын. Мен әрқашан кішпейілдікті алдыма ту еткен адаммын. Қайда болмасын кішіпейіл адамның орны төр дер едім.

–         Сұхбатыңа рахмет!  Сенің өнеріңе өз басым қуанамын. 2001-2002 жылдардың кезі, сен өлеңіңді маған әкеліп, оқып бір шабыттың жетегінде жүргеніңе куә болған едім. Сол тұста біраз адамдарды таныстырып, біраз басылымдарға ертіп барғаным да бар. Бұл менің, өнеріңе, өлеңіңе жасаған құрметім еді. Бүгін сенің жеткен жетістігіңді естіп, көріп, шын ниетіммен қуанып отырмын. Еңбегің жана берсін!

Ләззат ИГІСІН




Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to Top ↑