banner-top12

Оралмандар img_8039

Қосқан уақыты Сәуір 12, 2014 | 1  018 рет оқылды | сайтқа қосқан shalqar

0

«ОРАЛМАН» МӘРТЕБЕСІ КІМДЕРГЕ БЕРІЛЕДІ?

2010 жылдың соңына қарай Қазақстан Республикасының құқық қорғау жүйесін реформалауға байланысты оралмандар ісі Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінен Ішкі істер министрлігіне өткізілген.
Ал 2013 жылдың 2-ші жарты жылдығынан «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік басқару деңгейлері арасындағы өкілеттілік­тердің ара жігін ажырату мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңымен халықтың көші-қоны саласындағы жергілікті атқарушы органдардың құзыретін қарастыратын өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.
Алматы қаласы Әкімдігінің 2013 жылғы 15 шіл­дедегі қаулысына сәйкес «Алматы қаласы Мемлекеттік еңбек инспекциясы және көші-қон басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі құрылды. Бүгінгі күнде осы басқарма оралмандармен жұмыс атқарады.
«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне еңбек көші-қонына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2013 жылғы 10 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңымен «Халықтың көші-қоны туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Осы өзгерістерге сәйкес: Оралман – тарихи отанында тұрақты тұру мақсатында Қазақстан Рес­публикасына келген және Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын өңірлерге қоныстандырылатын және осы Заңда белгіленген тәртіппен тиісті мәртебе алған, Қазақстан Республикасы егемендік алған кезде одан тыс жерде тұрақты тұрған этникалық қазақ және оның Қазақстан Рес­публикасы егемендік алғаннан кейін одан тыс жерде туған және тұрақты тұрған ұлты қазақ балалары.
Заң талабына сәйкес оралман мәртебесі тек Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын өңірлерге келушілерге беріледі және бірінші кезекте Қазақстанға келген этникалық қазақ тұрақты тұруға рұқсат (ықтияр хат) алуы, содан кейін ғана оралман мәртебесіне ие болулары қажет.
Бүгінгі күнде оралмандарды қоныс­тандыру өңірлері толығымен айқын­далмаған. Осыған байланысты «Оралмандарды қоныстандыру үшін өңірлерді айқындау туралы» қаулы қабылданғанға дейін қолданыстағы Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің «Оралмандар мәртебесін беру қағидасын бекіту туралы» 2013 жылғы 22 шілдедегі бұйрығымен оралман мәртебесін беру жұмысы жалғастырылып отыр.
Оралман мәртебесін алу үшін отағасы немесе отбасының кәмелеттік жасқа толған бір мүшесі Мемлекеттік еңбек инспекциясы және көші-қон басқармасына өтініш жасай алады. Өтінішпен қоса, өмірбаян, өтініш иесінің және отбасы мүшелерінің жеке басын куәландыратын құжаттарының (төлқұжат, кәмелетке толмаған балаларының туу туралы куәлігі), төмендегі құжаттардың: некеде тұрғаны туралы не ажырасқаны туралы куәліктің, аттестат, диплом, әскери билет не еңбек кітапшасының (оралман мәртебесін алуға сай ма, жоқ па, соны анықтау үшін көрсетіледі) көшірмесі қоса тапсырылады.
Өтініш иесінің және оның отбасы мүшелерінің мәліметі «Оралман» электронды базасы арқылы тексерілмек. Бұл оның Қазақстанның басқа да өңірінде тіркелген не тіркелмегенін анықтау үшін қажет. Егер оның басқа өңірде тіркелгендігі анықталған болса, жаңа орын бойынша тіркеуге алынбайды. Ондай жағдайда өтініш беруші құжаттарын бұған дейін өткізген жердің құзырлы органына жаңа тіркелу орнына ауыстыру жөнінде өтініш береді. Өтініш иесінің құжаттары белгіленген тәртіпке сай болмаған жағдайда қабылданбайды. Оралман куәлігі әрбір кәмелетке толған отбасы мүшесіне беріледі. Кәмелетке толмаған балалары өтініш берушінің куәлігіне тіркеледі.

Күлсін Ысқақова, 
Алматы қаласы, Мемлекеттік 
еңбек инспекциясы және көші-қон
басқармасының бөлім басшысы




Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to Top ↑