banner-top12

Оралмандар no image

Қосқан уақыты Сәуір 24, 2014 | 779 рет оқылды | сайтқа қосқан shalqar

0

Оралмандар үшін азаматтық алу жеңілдейді

Сейсенбіде өткен Үкімет отырысында қаралған маңызды мәселелердің бірі – көші-қон туралы болатын. Осы жөнінде баяндаған Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова жұртшылыққа жағымды жаңалықты жеткізді. Министр елімізде оралмандар үшін азаматтық алу мерзімі қысқартылатынын айтты.

Көпшіліктің есінде болар, осыған дейін этникалық қазақтарға азаматтық төрт жылдан кейін берілетіні айтылып келген еді. Енді азамат­тық алу мерзімі 1 жылға дейін қысқартылады. Тағы бір атап өтерлігі, сырттан келген қан­дастарымыз қоныстанатын өңірді өздері таңдайды. Қай аймаққа барса да оралман мәртебесі та­ғайындалады. Бұған дейін эт­никалық бауырларымыз оралман мәртебесін алу үшін 7 жыл күтуі тиіс болатын. Оралмандар үшін төлеу қабілеттілігін дәлелдеу бойынша міндеттеме болған. Соңғы жаңалық – «төлеу қабілеттілігі» жөнінде еш дәлелдеме талап етілмейді.
Министрдің оралмандарға қатысты тағы бір айтқаны – олар еңбек ресурстары тапшы өңірлерге келген жағдайда әлеуметтік пакеттер қарастырылады. Оған алдымен жолға, жүк алуға байланысты жәрдемақы енгізіледі. Жалға беру ретінде бес жылға қызметтік тұрғын үй ұсынылады, бес жылдан кейін жекешелендіре алады.
Әлгінде сырттан келетін қандастарымыз туған елге табан тірегенде шаңырақ көтеретін жерлерін өздері таңдайтындығы жөнінде айтылды. Бұл, әрине, дұрыс. Оқырманның есінде болар, Үкіметіміз осы сәуір айының басында оралмандарды Ақмола, Атырау, Батыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарына орналастыру жөнінде «Оралмандарды жайғастыру өңірлерін айқындау туралы» қаулы қабылдады. Мемлекеттің бұл шешімін де түсінуге болады. Аталған аймақтарда, әсіресе солтүстік өңірлерде халқымыз сиректеу орналасқан. 2050 жылға қарай бұл өңірлердегі тұрғындар саны 900 мыңға дейін кемитіндігі де айтылып жүр, есесіне оңтүстік өңірлерде халық саны 5,2 миллионға артатын көрінеді. Олай болса солтүстіктің жағдайын ескерген жөн. Бәріміз оңтүстікке ұмтылғаннан ұтарымыз шамалы. Теріскейді ашық қалдыруға болмайды. Бұл да алдағы уақытта елге қарай ат басын бұратын қандастарымыздың қаперінде болғаны абзал.
Қазақтың жерінің нашары жоқ. Бәрі де асыл. Солтүстігіміздің табиғаты, тіпті ғажап. Адамға да, малға да құт. Жұмыс орындарынан да кенде емес. Бұл топырақта басқа ардақтыларымызды тізбегенде Мағжан, Сәбең (Мұқанов), Ғабең (Мүсірепов) секілді ұлт мақтаныштары өмірге келгенін айта кетейік. Жеріміздің кеңдігіне қызығып емес, қызғана қарайтындар көп. Кеше де солай еді, бүгін де солай. Сол себепті де ата-бабамыз ұрпағына қалдырып кеткен ең асыл мұрамызды көздің қарашығындай қорғап, бір пұшпағын да жетімсіретпей, ашық-тесік қалдырмай бауыры­мызға алып жатқанымыз дұрыс.
Халық санын көбейтудің бір жолы – шет жұрттағы қазақтарды бері тарту. Бұл жолда оралмандар үшін еш кедергі, қиындық болмауы тиіс. Айқара ашылған құшақты ғана олар көретін болсын.

Нұрперзент Домбай

“Ана тілі”




Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to Top ↑