banner-top12

Ақпараттар ағымы 04-1

Қосқан уақыты Қараша 26, 2017 | 381 рет оқылды | сайтқа қосқан shalqar

0

Оралмандарға арналған әдістемелік құрал шықты

Құрал жаңа латын, араб және кирил қарпінде жарық көрді.

Обл книг

«Біз Тәуелсіздік жылдарында алыстағы ағайынды қолдауды естен шығарған емеспіз. Шетелден 1 миллионға жуық қазақты елге көшіріп алып, қолдан келер барлық көмегімізді жасадық.  Бүгінде бауырларымыз Қазақстанның азаматы атанып, ел дамуына өз үлестерін қосуда… Сонымен бірге, ағайындар демографиялық жағдай жақсарып, халық санының өсуіне ерекше ықпал етті.1991 жылы елімізде қазақтардың үлесі 40 проценттей болса, қазір 70 проценттен астық» деген еді Елбасы Нұрсұлтан НазарбаевДүниежүзі қазақтарының V құрылтайында сөйлеген сөзінде.

Иә, еліміз Тәуелсіздігін жариялаған кезден бастау алған Ұлы көш – Нұрлы көшке ұласып, елімізге 1 миллионнан астам қандасымыз келіп, елімізге құт болып қосылуда. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметі бойынша, осы жылдың 9 айында – 7 220 отбасы немесе 13 578 этникалық қазақ қоныс аударып, оралман мәртебесін алған. Ал өткен жылы келгендер саны   – 16,4 мың отбасы (33 754 адам) болатын.
Биылғы келген қандастарымыздың 49%-ы Өзбекстаннан көшіп келген, 39,2% – ҚХР-нан, 3,7% – Түркменстаннан, 2,6% – Моңғолиядан, 2% – Ресейден және 3,5% – басқа елдерден келгендер (адам саны).
Оралмандардың ең көп бөлігі: Алматы – 2 849 отбасы (5 024 адам), ОҚО – 1 668 отбасы (2 707 адам), Астана қ. – 599 отбасы (879 адам), Жамбыл – 447 отбасы (683 адам), ШҚО – 343 отбасы (683 адам), Маңғыстау – 315 отбасы (1 634 адам), Алматы қ. – 181 отбасы (271 адам), Ақмола – 171 отбасы (327 адам), Қарағанды – 165 отбасы (279 адам), Қостанай – 133 отбасы (291 адам), Павлодар – 109 отбасы (266 адам), Атырау – 82 отбасы (143 адам), СҚО – 72 отбасы (126 адам), БҚО – 38 отбасы (61 адам), Ақтөбе – 30 отбасы (169 адам) және Қызылорда облыстарына – 18 отбасы (35 адам) қоныстанған.

Білім деңгейі бойынша еңбекке қабілетті жастағы оралмандар қатарынан 12%-ң жоғарғы, 24,2%-ң арнайы орта, 55,3%-ң жалпы орта және 8,5%-ң білімі жоқ.
Еңбекке қабілетті жастағы тұлғалар – 66,1%, 18 жасқа дейінгі балалар – 28,1% және зейнеткерлер – 5,8%-ды құрайды екен.

Жалпы, елімізге келген қандастарымыз жайлы статистика  осындай. Алайда, осы келіп жатқан қандастарымыз Қазақстан Республикасы азаматтығын алғанға дейін біраз кедергілер мен қиындықтарға тап болып, реніштері мен өкпелерін БАҚ арқылы жеткізіп жатқанын жиі кездестіріп жүрміз. Оның себебі, қандастарымыздың жаңа ортадағы заңдар мен ережелерді дұрыс білмеуінен, ақпараттардан хабарсыз болуынан. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында осы әдістемелік құрал шығарылып отыр.

Бұл әдістемелік құрал шетелдерден Қазақстанға қоныс аударуға ниет білдірген және Қазақстанға көшіп келген этникалық қазақтарға арналған.

Кітапшада шетелдердегі қандастарымыз Қазақстан Республикасына келу визасын ашудан бастап, атамекенге келіп орналасып, жаңа ортаға бейімделіп, Қазақстан азаматтарымен бірдей деңгейде қалыпты өмір сүруіне дейінгі кезеңдерде білуге тиіс материалдар қамтылған. Материалдарды Оралмандармен тікелей жұмыс істейтін мекемелер, оның ішінде Алматы қаласындағы тиісті орындар ұсынды.

Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі Шетелдіктердің және азаматтығы жоқ адамдардың Қазақстан Республикасына келуіне шақыруларын ресімдеу, шақыруларын келісу, Қазақстан Республикасының визаларын беру, күшін жою, қалпына келтіру, сондай-ақ олардың қолданылу мерзімдерін ұзарту және қысқарту қағидалары жайлы мәліметтер берсе, Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті Кеден одағына мүше мемлекеттердің заңнамасына сәйкес босқындар, мәжбүрлеп қоныс аударушылар, сондай-ақ кеден одағына мүше мемлекетке тұрақты тұруға келуші (көшіп келуші) болып танылған жеке тұлғалардың Кеден одағы кедендік шекарасынан тауарлар мен көлік құралдарын өткізу тәртібі туралы, ҚР Ішкі істер министрлігінің Көші-қон қызметі басқармасы Қазақстан Республикасына келген азаматтардың тіркелуі мен ықтиярхат алу жайын баяндаса, Мемлекеттік еңбек инспекциясы және көші-қон басқармасы этникалық қазақтардың «Оралман» мәртебесін алуын, оның этникалық қазақтарға беретін артықшылықтарын көрсетеді. Алматы қаласы Жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасы, Халықты жұмыспен қамту орталығы, Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясының басқармасы, «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры, Әлеуметтік төлемдер жөніндегі мемлекеттік қор және т.б. орындар өз салалары бойынша жол сілтер кеңестер беріп отыр.

Әдістемелік құрал мен оның электрондық нұсқасы шетелдерден келетін азаматтармен жұмыс істейтін мемлекеттік органдарға, шетелдердегі ҚР елшіліктері мен консулдықтарға этникалық қазақтарға таныстыру үшін таратылып беріледі.

Жинақ, оралмандарға, оның ішінде жастарға, әлеуметтік-мәдени бейімделуге тиімді кеңесші құрал болмақ.




Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to Top ↑