banner-top12

Таным 9492

Қосқан уақыты Мамыр 18, 2014 | 3  434 рет оқылды | сайтқа қосқан shalqar

0

ОРХОН ЕСКЕРТКІШТЕРІ ЖӘНЕ ОНДАҒЫ КӨНЕ   АҚПАРАТТЫҚ ҮЛГІЛЕР

 

 

9492Әділ Семейқанұлы 1965-жылы Қ Х Р-Ш Ұ А Р-Алтай аймағына қарасты Көктоғай ауданының Тұрғын ауылында дүниеге келген. Бастауыш пен орта мектепті ауылында оқып тауысқан ол 1983-жылы университетке қабылданып, 1985-жылға дейін Қашқар педагогика иниститутында, одан Шинжиаң университеті әдебиет факультеті ақпарат бөліміне түсіп, оны 1986-жылы бітіріп “Шинжиаң газеті” қазақ редакциясына орналасады. Қазір қазақ тілші-редакторлар бөлімінің орынбасар меңгерушісі.

Әділ Семейқан ұлы еліміз қазақ жас ақпаратшылары арасында «Ұлт», «Қоршаған орта», «Қоңыр аңдар тағдыры» туралы ойлы туындылар жазып, қоғамда жақсы аңыс қозғап жүрген азамат. Оның “Қырық жеті секунд…”, “Қайсар тұлға”, “Құрманбек биігі”, “Талант табиғаты”, “Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек” сияқты очеріктері құрлымының шымыр, тілінің айшықты болуымен оқырман жүрегіне жылы қабылданған шығармалар. “Кірекейге бір дауыс” атты мақаласы қоңыр аңдардың аянышты тағдырын, кәнігі аңкөстердің бүркемей қылығын айпарадай ашып салған ерекшелігімен ел есінде. Автордың тұғырлы тұлғалардың әдеби жасампаздық өмірі туралы жазған “Көкей кесті”, “Таланытты жазушы”, “Сел сезімнің серісі”, “Ұстаз-Шәкірт үндестігі” сияқты мақалалары әдеби сынды дамуға өзіндік септігін тигізген туындылар. “Ұстаз- Шәкірт ұндестігі” атты ғылыми зерттеу мақаласы үшін ол 2008-жылы Шәкарым Құдайбердіұлы дүниеге келгенінің 150 жылдығына арналған Қазақстандағы халқаралық ғылыми конференцияға қатысты. Әділдің халықаралық ғылыми конференцияға қатысуы “Шинжиаң газеті” қазақ редаксиясындағы тілші-редакторлар жөнінен тұңғыш іс.

Әділдің ұлт тағдыры, өте-мөте, бүгінгі бәсеке ғасырдағы ұлтымыз адамдарды арасындағы заманның үніне сәйкеспейтін ішінара қарабайырлықтарды сынаған туындылары бірталай салмақты иелейді. өте- мөте оның соңғы жылдары жазған “Каристердің өзімшілдік рухы салған ой”, “Еврейді айтайын, қазекем де қалмасын немесе сізде не кемшін” сияқты көлемді мақалалары қазақ тануға қосылған сүбелі үлестер. Соңғы мақаладағы ортаға салған ойлары жазушы Сұлтан Жанболат пен тарихшы Жақып Мырзақан та “Он үш жылдан бері талқылап келе жатқан қазақтануға тың дүмпу беріп, оны жаңа сатыға көтере түсті” деп бағалады.

Әділ Семейқан ұлының ақпараттық зерттеу жағындағы еңбектері де көтерген тақырыптарының жаңалығымен құнды. Мұнда ол тілшілерге хабарды ақпараттың өз заңдылығы бойынша жазу, тақырып таңдау, кіріспені жақсы орналастыру, құрлымды шымыр алу, тілді орынды қолдану, сөз үнемдеу сияқты жақтардан қатаң талап қояды. Тағы бір ерекше атап өтуге татитыны Әділдің қазақ ақпаратының арғы төркінін көне ескерткіштерінен іздейтіндігі. “Орхон ескерткішіндегі байырғы ақпараттық үлгілер” деп аталатын ғылыми еңбекте автор Күлтегін, Тонихок, Білгеқаған бастаған ұлы тұлғалардың өміріне үңіледі., үңіле отырып, Түркі ұлттарының ақпаратының төркінін осыған тірейді. Бұрын-соңды көтерілмеген тың тақырыптың Әділ қаламынан туындауы кездейсоқтық емес.

Жалпы, Әділ Семейқан ұлы қоғамдық үлкен-үлкен ойлар мен сүбелі тақырыптарға жүкті болып, оны батылдықпен айта алып жүрген азамат. Алдағы күндерде оқырман одан мұнан да еңбектер күтеді.

 

ОРХОН ЕСКЕРТКІШТЕРІ ЖӘНЕ ОНДАҒЫ КӨНЕ   АҚПАРАТТЫҚ ҮЛГІЛЕР

Ежелгі ата-бабаларымыздың көмескіде қалған көне тарихын қазуға жаңа бет ашып, оны тыңнан зерделеуге үлкен мүмкіндік беріп отырған Орхон ескерткіштерін бұтарлай зерттеу жалпы Түркі ұлттарының тарихын, мәдениетін, соның ішінде қазақтың арғы тегін, тұрмыс-тіршілігін, болымыс-бітімін, тануда, айқындауда келелі маңыз алады. Барша түркі халықтары көне жәдігерлігінің табылғаны, осы арқылы кадімгі тарихтың қадау-қадау тұстарының белгілі болғаны үшін Дания ғалымы Томсонға қарыздар. Бұл не деген сөз? Бұл – бүгінгі ұрпақтың алдында тұрған аса жауапты міндет деген сөз. Ендеше қайту керек? Бірақ жол бар, ол – ата тарихқа қайтадан үңілу, Томсон ашқан шындықты арықарай зерделеу.

Сонау есте жоқ ескі замандардың алуан алапат арпалыстары мен аламан ат тұяқтарының бүгінгі күнге өзгеріп барып, өшкіндеп жеткен ұзын сұлбасына анықтап қарар болсақ, құдайға шұкір, әйтеуір, түркі ру-тайпаларының ерлік шежірелерінің барлығы болмаса да, бір талайы шешеннің тілі, шебердің қолымен тарих болып жазылып, бүгінгі біздің кәдемізге тиген екен. Тілі мен жазуы сан қыспаққа түсіп, су түбі құрдымға кетуге шақ қалып, “Мың өліп, мың тіріліп”, баһадүр ұлдардың ереуіл ерлігінің арқасында, санатқа қосылған біздер жөнінен, осының өзінен көз жазып қалсақ, қайтер едік? Тарихы, тегі бұлыңғыр, қалай қалыптасқаны беймәлім халық болып қалар ма едік, кім білсін?! Бұған да қанағат, ал енді, тағы бір қырынан ой жүгіртіп қарап отырсақ, айналдырған азғантай осы дүниелеріміздің бір сыпырасы қағаз бетінде емес, кәдімгі тастардың қабырғаларында қалыпты да, уақыт атты құдыреттің жұлқылап-шайғылауына ұшыраса да өңін бермей, өз заманнының бар шырайы мен шындығын, болмысы мен бітімін арқалап, сол қалпында келіп қолымызға тиген екен. Бұған да шүкіршілік. Әне сол бір тарғалаң  заманның сан ғасырлық тозаңы мен шаңдағының арасынан аман қалып, иненің жасуындай болып жылтырап жарыққа шыққан осындай жәдігерлеріміздің арасындағы бірегейі – біз тілге тиек еткелі отырған Орхон ескерткіштері.

Бұл орхон жазбалары деп аталады. Шындығын айтқанда, орхон ескерткіштері алғаш 18- ғасырдың басында табылып, ол туралы бертінгі кезден жүйелі зерттеу басталғалы бері, ғалымдар мен өте аз сандағы зерттермендердің бөтен пікірдегілері болмаса, дені оны әдебиеттің үлгісі ретінде танып, иландырымды көзғарастарды ортаға қойды. Мұхтар Әуезов, Әлікей Марғұлан, Стеблева сияқты ірі тұлғалардың батыл да бағалы тұжырымдыры орхон ескерткіштерінің әдебиеттік сипатын тұрақтандыруға  үлкен септігін тигізеді. 1952-жылы 8-шілдеде, қырғыздың  “Манас” эпосын  талқылауға арналған түркологтардың Бішкектегі бір жолғы бас қосуында, академик Мұхтар Әуезов орхон ескерткіштерінің  осыған дейін тіл тарихының ескерткіші ретінде зерттеліп келгендігін айта келіп: “Соған қоса ол фольклордың мейілінше көне үлгілерінің де ескерткіші емес пе? Сол жазуларда епостық аңыздардың шағын да, ықшам фабулалық желілері бар ғой” деген құнды пікір айтты. Осыдан араға оншақты жыл салып, көрнекті түрколог Стеблева: “Туған елдің тәуелсіздігі мен құлдыққа қарсы күресін, халқына және оның ерлеріне деген сүйіспеншілігін ақындық шабытпен жазған орхон текстілерін жалаң тарихи (өмір- баяндылық) деректерге жатқыза қоюға болар ма екен? Керісінше, белгілі бір ақындық дәстүрдің ортасында туған осы жазуларды тарихи-ерлік поема деп тану әлде қайда орынды болар еді” деген көзғарасты ортаға салды. Әйгілі ғалым Әлікей Марғұлан да орхон ескерткіштерін епостық поезияның көне үлгілеріне жатқызу керектігін кесетіп айтты. Ғалымдар мен зерттеушілердің тереңдей зерделеп зерттеуінің нәтижесінде орхон ескерткіштері түркі ұлттары әдебиетінің ең қарапайым үлгілері ретінде тұрақтандырылып, түркі ұлттары әдебиет тану ғылымына сүбелі үлес болып қосылды. Айтып-айтпай, орхон ескерткіштерін тәптештей оқып шыққаныңызда, жоғарыдағы ғалымдар мен зерттеушілер тұжырымдағандай, одан әдебиетке тән, өте-мөте, қазақ әдебиетіндегі батырлар жырына, епостарға сарындас көптеген ерекшеліктерді байқайсыз. Ескерткіштің батырлар мен  қағандардың ерлігін марапаттаған жалпы тұлғалық мазмұннан алғанда, оны қазақ әдебиетіндегі “Ертөстік”, “Қобыланды”, “Алпамыс” сияқты епостардың 6 – 8 ғасырлардағы ең қарапайым үлгісі деуге әбден болады. Бірақ осылай деп тұрақтандырумен бірге оның жоғарыдағы аталған епостар немесе қазіргі ақындардың поемалары сияқты түгелдей бастан-аяқ ырғаққа құрылған ағыл-тегіл жыр емес екендігін де ойластырған жөн. Бұл үшін ескерткішті әр қырыннан зерттеуге тура келеді. Мәселен, ескерткіштер арасындағы Күлтегін батырға арнап жазылған көлемді жазбаның ішіндегі жай сөйлемдерден өлеңдік ырғақ табуға немесе оны зорланып өлең етіп құруға келмейді. Шешендік сөздердің де ерекшелігін одан таба алмайсың. Осы жағын баса ескерген бе екен? Кезінде көрнекті түрік танушы А. Шышербак “Сипаты жағынан бұл жазуларды ақындық шығармаға жатқызуға болмайды” деп кесетіп тастаған екен. Бірақ бұл жерде біз Шышербактың көзғарасы мүлде дұрыс деуден аулақпыз. Жалпы, орхон ескерткіштерінің әдебиеттік сипатын жоққа шығаруға болмайды. Солайда, ескерткішті бастан-аяғына дейін бірнеше рет оқып шыққаннан кейін, ондағы жай хабарлы сөйлемдерге үңіле отырып, мынадай бір ойға келдік: Ол болса бұларды байырғы ақпараттық үлгілерге жатқызуға бола ма, жоқ па? Деген мәселе, әрине, Бартолд бастаған әйгілі түрік танушы ғалымдардың мәдениеттің ең жоғары сатысы болған жазудың түркі халықтары арасында 7-ғасырда жаппай қолданылғандығына таңдай қағып таңырқағаны шын болса, жазу болған жерде көркем сөз өнерінің де, жай хат-қатынас істерінің де болатындығын ешкім де теріске шығара алмайды. Тарих ғалымы Нығымет Мыңжанидың: “Батыс түрік қағанатындағы ру-тайпалар біріңғай түркі тілінде сөйледі, осы кезде бұлардың арасында орхон жазуы кең таралып, жазу мәдениеті жарыққа шықты. Кейінгі заманда сол дәуірден қалған орхон жазуымен  жазылған тас жазулар көп жерден табылды. Осы тас ескерткіштердің ең бастысы, 6 – 8 ғасырлардан қалған үш ескерткіш – түрік қағаны могиланың (Білге қаған), оның туғаны Күлтегіннің және Тоникоктың құлпы тастарына жазылған жазулар” деуге де осы жайды аңғартады.

Орхон ескерткіштерін туған елінің болашағына бойындағы бар қажыр-қайратын жұмсаған Білге қаған, Күлтегін,Тоникок сиақты баһадүрлердің ізгі істеріне арналған ерлік жыр деген күнде де мынадай бір түйін айқын болған жөн сияқты: Ол – Орхон ескерткіштерінің халыққа үндеу шығару, үгіт айту, хабарландыру мақсатында жазылғандығы яғни бар болған оқиғаны қарапайым тіл арқылы ретімен баяндап шыққандығы, осы мағынадан алғанда, орхон ескерткіштерінің әрбір жолынан түгелдей әдебиет “клеткасын” іздеп, оны тек әдебиетке ғана матастырып қоюға болмас па екен, дегіміз келеді. Біз ескерткіштің әдебиеттік сипатын мойындаумен бірге, оның ақпараттық ерекшелігіне де мән беріп, зерттеу жүргізуді дәріптейміз. Кейбір әдебиет зерттеушілері былай болғанда оның көркем әдебиеттік сипаты құны төмендеп кетпей ме, деуге мүмкін.төмендегідей, неге десеңіз, орхон ескерткіштерінде әдебиеттік те, ақпараттық та ерекшелік бар, әрине, оның әдебиеттік сипаты басымырақ. Бірақ әдебиет пен ақпарат екі түрлі ғылым болғанымен, олардың арасына шекара бекітіп, шек қоюға ешкімнің де құдыреті жетпейді. Неге десеңіз, әдебиеттің де ақпараттың да басты бейнелеу құралы-тіл. Ақпарат реал өмірдің қаз-қалпындағы көшірмесі, хабарлануы болса, әдебиет оның көркемдік өредегі бейнеленуі, түптеп келгенде ақпарат пен әдебиеттің құяр сағасы бір. Тіпті тартымды жазылған ақпарат шығармалары да әдеби туынды көлеміне еніп, оқырмандар жағынан жылы қабылданып жататын жайіттер де көп кезігіп отырады.

Ал енді Күлтегін ескерткішін шолып көрейік: “Әкем Қаған өлгенде, інім Күлтегін жеті жаста қалды, он жаста Умай текті шешемнің бағына інім Күлтегін ер атанды, ағам қағанның ел-жұртын сонша молайтты. Күлтегін жауға жалғыз ұмтылды оңтұтқы қарулы, басшыларымен қолға түсірді. Жиырма бір жасында Чаша Сеңұнмен айқасты. Ең әуелі Татқын Чордың боз атын мініп шапты. Ол ат сонда өлді. Екіншіде Шебар Янтардың боз атын  мініп шапты, ол ат сонда өлді. Иеген Сілікбектің ертеулі тор атын мініп шапты, ол ат сонда өлді. Күлтегін жиырма алты жасқа келгенде, қырғыздарға қарай аттанды. Күлтегін Байырқының ақ айғырына мініп шабуылға ұмтылды. Бір ерін оққа ұшырды, екі ерін найзаға шаншыды. Осы шабуылда Байырқының ақ айғырының белі үзілді. Қырғыз қағанын өлтірді….” Күлтегіннің ерлік істері ескерткіште осылай баяндалып кете береді. Ешқандай ырғағы да, ритімі де жоқ, қарапайым сөйлемдерден құралған осы бір абзацты артықша түсіндіріп, талдап-боршалап жатудың қажеті шамалы. Ақпараттың алты түрлі негізгі факторының аз дегенде үшеуі сайрап тұр. Ары қарай оқиық:

“Күлтегін қой жылы, он жетінші күні өлді. Жиырма жетінші қыркүйекте жерледік. Мазарын, ою-өрнегін, жазба  тасын, мешін жылы 27-шілдеде тегіс аяқтаттық. Күлтегін өлгенде қырық жеті жаста еді”. Кезінде кейбір түрколог ғалымдар ескерткіштегі осындай қара сөздерді оқығаннан кейін, оны: “прозалық шығарма” деген көзғарасқа да тіреген екен. Ал Қазақстан ғалымдары шешендік сөздерге таман бейімдегісі келіпті. Біздің қарауымызша, Күлтегіннің қайтыс болғандығы хабарландыруынан көркем прозаның да, шешендік сөздердің де нышаны байқалмайды. Тек ғана батырдың қазасы қысқа да нұсқа хабарланған, яғни, бұл жерде жалаң тарихи фактілер тізбегі ғана тұр. Оны апарып шешендік сөздерге телудің түк те қисыны келмейді. Тоникөк, Білге қаған ескерткіштерінен де осындай ырғақсыз жай сөз-сөйлемдерді кездестіруге болады. Сондықтан мұны түркі ұлттары (қазақ ұлтының) жазба ақпаратының де әдепкі үлгісі деп түсінген жөн.

Әрине, бұл жерде біз ескерткіште бірде- бір шешендік сөз жоқ, деп сыпыра жоққа шығарудан да мүлде аулақпыз. “Аштықта тоқтықты түсінбейсің, бір тойсаң аштықты түсінбейсің”, “Тағдыры тәңірі жасар, адам баласының бәрі өлгелі туған” деген жолдардан “Әдебиетімізде ерекше дамыған шешендік сөздердің жоралғысын философиялық толғаныстардың шынайы үлгісін” көруге болады. Шышын қуғанда, орхон ескерткіштері басынан аяғына дейін “айналасы теп-тегіс жұмырланған” сұлу сазға құрылған сылқым жыр емес, онда өлеңдік ырғақ та, сөз тапқыш шешендік шымыр жолдар да, жай болымыстың өзінен ғана хабар-ошар, аңдататын ақпараттық ерекшелік те бар. бізше, орхон ескерткіштерінің өн бойындағы осындай алуан ерекшеліктер өз сипаттары бойынша әр қырынан зерттелуге тиіс. Осындай болғанда оның құны онан ары жоғарлайды. Мына бір түйін айқын болғаны жөн. Мейлі қандай болмасын аталған осы үш ескерткіштің түркі халықтарының арғы тарихынан, байырғы мәдениетінен, әдебиетінен, ақпарат істерінен, салт-сана, әдет-ғұрыпынан т.б. бағалы деректер және жанды мәліметтер беретіндігіне ешкім де шек келтіре алмайды. Жеке бұлар емес, орхон жазуымен жазылған сол кездің басқа да ескерткіштерінен де осындай ерекшеліктерді көруге болады. Мәселен, Абақан өзені аңғарынан табылған орхон жазуы жазылған таста сол кездегі найман тайпасы туралы мынадай бір сөз жазылған: “Ел ұлығы Инаных (Бұқахан) ұлының аты Күш өрі ұлан. Ер атыңыз Өрбек, еліңіз үшін күресіп… жауына тиіскен әскерлерінің тегі жеті мың ұлан еді” (Әлікей Марғұлан: “таңбалы тас жазуы”, “жұлдыз”). Осы да ақпарат болғаны ма, дейтіндер де қасымыздан табылуы мүмкін. Біз айтар едік: әрқандай бір тарихи нәрсеге бүгіннің емес, сол заманның көзімен қарау керек. Сонда ғана ағаттықтан аулақ болуға болады. Әрине, жазу болған жерде әдебиет те, ақпарат та қатар дамиды. Бүгінгі ақпарат ертеңгі тарих екені – шындық болса, ендеше, қазіргі жазылып болған немесе жазылып жатқан ата-баба тарихы өз дәуірінің жаңалығы, ақпараты, яғни, осындағы туылған оқиға атаулының барлығы сол заманның жаңалықтары. Күлтегін батырдың ақ айғырына мініп, қарсы келген қас дұшпанын қансыратып, ел-жұртының бірлігін сақтаған ерлік ізгі істері бүгінгі бізге тарих болып қалғанмен, Күлтегін заманының соны жаңалықтары еді. Бұлар қазірге дейін мәлім болғандары ғана, ал көмескіде көміліп зым-зия болғандары қаншалық?! Бұған сол заманның алапат алыстары мен жойқын жұлыстары айыпты. Ал, жоғалғанды тауып, бүлінгенді бүтіндеу бүгінгі ұрпақтың парызы. Ақпараттың байырғы үлгілері көп, осы түйінді тілге тиек етіп отырғанымызда біздің ойымызға табиғи түрде жартас суреттері оралады. Ол – жазу пайда болмаған заманның туындысы. Бірақ олар жай сызбалар емес, сол заманның жаңалығы, тарихы, ақпараты. Демек, ұлттық ақпараттың тарихын зерттеу үшін осындай көне жәдігерлік көздеріне көп үңілу қажет деп білеміз. Бұл – ұрпақтың парызы.

Саналы оқырман, сонымен тоқсан ауыз сөзімізді орхон ескерткіштері әдебиеттің ғана емес, ақпараттың да ең байырғы үлгілері ретінде зерттелуге тиіс деген тобықтай түйінге жинақтап, өз төрелеріңізге ұсындық. Пікірлеріңізге зәруміз.

 

Әділ Семейқан ұлы,

                                   Қ Х Р-Ш Ұ А Р .

 

 




Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to Top ↑