banner-top12

Замандас no image

Қосқан уақыты Мамыр 14, 2013 | 650 рет оқылды | сайтқа қосқан shalqar

0

Ойдың азаттық алуы немесе үнсіз өсу

 

Әлхисса, біз сөз еткелі отырған қаламгер  Ардақ  Нұрғазы ұлы  кім?

Ол – 1972-жылы  Еренқабырға тауының  солтүстігінде  дүниеге келген. Қытай Халық  Республикасы Іле Қазақ  Автономиясының  Іле Педагогикалық Университетінің химия факультетін бітірген. 2004-жылы Атажұртқа біражолата  қоныс аударды. «Жалған бостандық кітабы»  (2009-ж) деп аталатын өлеңдер жинағының, «Қазақтың модернистік поэзиясы» (2010-ж) деген сын кітабының, «Сызықтар мен Нүктелер»  прозалық еңбегінің авторы. Өлеңдері қытай тілінде аударылып  Милиардтар  елінің беделді басылымдарында жарық көрді. Қазақстанға келген он жыл ішінде көптеген дүниелері мерзімді баспасөзде жарық көріп келді. Оның бір өзі бір үлкен мекеменің рөлін  атқарып  «Шетел әдебиеті» газетін шығарғанын көзі қарақты оқырман жақсы біледі. Дәл қазір Алматы деген алып шаhардың күнделікті шығатын газеті «Алматы Ақшамының » бөлім редакторы.

***

Бірде мені іздеп әдебиетші ініміз Құмар Жұмахан келді. Әрине келуінің сыры белгілі, бүгінгі әдебиетіміздің төңірегінде ой өрбітіп отырған болатынбыз. Шығарма сөз болса, оның авторы – адам сөз болмай қалмайды. Адам болғанда да кәдімгі қолына қалам алған жазушы келбеті көлденеңдейді.

Не керек … ат тізгінін еркін жіберіп іні-қарындастардың қаламгерлік қарымы туралы  өз пікірімді білдіріп отырғанда кезекті бір ойға арқау болып Ардақ мырза ауызға түсті. Маған қараған Құмар оңтайлы сәтті пайдаланып;

–       Осы Ардақ Нұрғазы шынында талантты жігіт, қабілет – қарымы да

әжептәуір, бір емес бірнеше жанрда қалам тартады… Сөйте тұра әдеби ортада аса көзге түсе  бермейді, осының сыры неде? – деп сұрады.

…Шынында Құмардың айтып отырғанында негіз бар. Ардақтың жасампаздық кезеңдеріне көз жүгіртіп,  аз кем бөгелдім… Тұп-тура жиырма жылдан бері  Ардақты білемін. Со-нау Құлжада жүргенде Университеттің химия мамандығын оқып жүрсе де, өзін әдебиеттің адамы екенін сездіруші еді. Өзімен үндес ақын -жазушы жастармен үйге іздеп келгенде ұзақ- ұзақ әңгімеге ерік беруші едік. Көп сөйлемесе де әрбір нақтап, баптап айтқан пікірі орнықтылығын, білімділігін сездіретін еді. Біз 1994-жылы Атамекенге  ат басын бұрдық та, Ардаққа он жылдан кейін 2004-жылы Қарашаңыраққа  жетіп тізесін бүгу нәсіп болды. Қытайда жүрген жылдар ішінде әлденеше әңгімелермен бірге романнан  үзінділер жариялатып, ондағы әдеби ортада  кәдімгідей белгілі бола бастаған еді. Сол тұста шығармаларын қытай тілінде жазатын, көрнекті жазушы, Қазақ қызы – Еркеш Құрманбектің  айтқаны бар: “Бұл шығармалардың қазақ әдебиетінің дәстүрлі жазу мәнерінен өзгешелеу екені анық … Замандардан бері әдебиетшілер түрлі тәсілдер немесе әдістер тауып, өз айтарларын айтып қалуға бір кісідей- ақ  құлшынып келеді… бір нәрсе анық: айтары, арнасы бар жазушы өзінің  айту мәнерін тауып, сүйікті шаруасын суреттеп бере алса ғана болғаны. Меніңше Ардақ Нұрғазы ұлы әне сол түйінге жеткен сияқты.”

Еркеш Құрманбек қызы  бұл пікірін білдіргелі тоғыз жыл болыпты. Байқауымызша Ардақ қазақ жазушылары басып өткен дәстүрлі жазу үлгісін толық біледі. Әрі солай жазуға толық мүмкіндігі бар. Алайда, ол саналы түрде бас тартып жаңа өріс, соны соқпақ, өзіндік форма, ойға құрылған, қиялға тізгін ұстатқан тәсілді таңдағаны көрініп тұр.

Ең алдымен ой азаттығына ұмтылып, сол дегеніне қол жеткізген. Өз ортасының тосырқауына, жатсынуына жалтақтамастан іштей, үнсіз өсу жолына  шындап түскен қаламгер. Газетіміздің Бас Редакторы Талаптан Ахметжанның келісімі бойынша ” бізге мақала жазып бер!” – дедім. Ардақ та бізді ұзақ күттірмей ” Нобель әдебиет сыйлығы ”  деген мақаласын ұсынды. “Әдебиет айдынның” 2007-жылғы бір санында осы еңбегі жарқ ете қалды. Міне, содан кейін Аманкелді Кеңшіліктің, Айгүл Кемелбайдың осы сыйлықтың төңірегінде  әңгіме қозғағаны бар. Ол пікірлерге де  Ардақ басылым арқылы “Нобель әдебиет сыйлығы: ақ пен қара” деген мақаласымен жауап беріп еді.

Аға буын қаламгерлердің аяқ алысын бағып жүре бермей, бауырлардың да бағытына назар салу әдетіміз. Міне, сондықтан да алдымен “Жалған бостандық кітабын”, онан кейін “сызықтар мен нүктелерін”, соңында “Қазақтың модернистік поэзиясын” оқып шығып  “Е, бәсе бұлай жазбасаң, бұлай айтпасаң, сен Ардақ боласың ба!” – деп түйдім. Мен әр кітабын  жеке-жеке талдап, таразылап отырмадым, ортақ бір үн, бір арпа, бір мақсат бар. Алуан бағыт, көп қырлы сипат, жеке ізденістен қаламгердің істілі, ерекшелігі шығуға тиіс. “Модернизмді” жатсына бермей, ізденісіне қолдау танытқан абзал деп ойладым. Шығысты, батысты оқыған Ардақ жәй ғана оқымаған, зерттеген. Қаламгерге ең әуелі талант керек десек, ол бар. Сондықтан да шығар, жиын-тойдан, дүрмектер мен додалардан көрінбей “Қамалып ” алып, алатын қамалының жоспарын жасау жаман әдет емес! Ал, қаламгер үшін онан ары зерттеу жолы жатады, ол Ардақ жазған мақалалардан көзге шалынады. Енді тағанын тапжылмайтын етіп беріктеуге, тұғырын  “түзу” қалап шығуға білім керек екені айтпаса да түсінікті, осы тереңдік  Нұрғазы ұлында әжептәуір мол. Шығармашылық жолына таңдау жасаған екен. Ниет бар, көмбесін көздеген табандылық  шәк-шұбасыз айқын екен. Оқымасам, зерделемесем бұлай айтпас едім, жаңашылдық жанын билеген, өзін осы заманғы ой ағымынан іздейді. Байқаймын, ол із сала бастапты. Оны кезінде бір өзі, жан жары Гүлнардың қолдауында шығарып тұрған “Шетел әдебиеті” газетінде байқатып отырды. Өлеңдер жинағына жазған алғысөзінде, сыншы Әлия Бөпежан да біраз нәрсені сезген, қаламгер шеберлігіне, алабөтен қырларын көрсеткен екен. Сыншының байқағандары, берген бағасы бізге де ұнады. Тізгінін тартпайық, қолтығынан демеп көтермелейік, жүріп көрсін, жүзіп көрсін… Магистранттар мен  докторанттарға  міндеттеп үйрететін дүниені бұл Ардақ өздігінен үйренсе, соншалықты информацияларды меңгеріп биік білімге құлаш ұрса, онымен тынбай өжеттікпен эксприментке ден қойса, неге сүйінбеске? Күллі ғасыр бойы  Нобель  сыйлығын алған әдебиетшілердің шоқтықты шығармаларын зерттеп, Жағалай -жағалай айта келіп, күні кеше ғана (2006-ж) жеңіске жеткен түріктің жазушысын  түрік және қытай тілінде оқып шығу (өкініштісі Қазақстанда әлі аударылмады) әрине жеңіл емес. 2012-жылы осы сыйлықты қанжығасына байлаған қытай жазушысы  Мо янның еңбектері туралы тұщымды пікір айту Ардаққа ауыр емес! Өйткені құлағы елеңдеп, санасы сусап жүретін бауырымыз,  қазақ қаламгерлерімен әлемнің озғандарын ылғи да салыстыра саралай жүреді. Сын мақалалар кітабынан көптеген қазақ ақын-жазушылары  туралы өткір, ойлы, жаңаша пайымдауларды оқып тәнті болдым. Әңгімеміз осы араға келгенде Құмар Жұмахан ұлы сөйлегісі келгенін сездірді.

–  Дұрыс, Дәу- аға, ойларыңызға ортақпын. Біздің замандастарымыз да іштей солай сезінеді. Ендеше Ардақ неге әдеби ортада  танымал емес, дақпырты аз, осының себебін айтыңызшы!

–       Артық кемі болса айып етпеңіз, ойы еркін адамның шығармашылығы жөнінде айтып отырғандықтан, мен де жасырып-жаппай турасына тартайын. Біріншіден, ол отанға отыз екі жасында оралды. Бір ортада қалыптасып келе жатып екінші ортаға келіп жаңадан туды.” Сақалды сәбиді” бұл орта бірден кұшақ жая қабылдай алмайтыны белгілі. Әдет, өмір сүру ережесі, психологиялық толқулар, қоғамдық салмақ… Бәрі, бәрі Ардаққа аз жүк емес. Екіншіден, Ардақтың мінезі де «шіркін-ай» дейтіндей емес. Ол турасынан, төтесінен сөйлейді. Өзге бағыттағы, бөлек танымдағы ортада бұғып қалмай, көзқарасын бұрқ еткізеді.” Тура би туғанына жақпайды” – деген  қалып осы азаматқа да дөп келеді. Ортаға үйлесу, көпке көну жағы Ардақтың депломатиясына сәйкеспейді. Үшіншіден, шығармашылық қуатын, бойда бар мүмкіндігін шашыратып алған секілденеді. Айталық, ол ақын, ол жазушы, ол сыншы, ол тілші. Осының бәрі жинала келе Ардақты әр жаққа тартады. Әр жанрға лайықты жауап беру үшін уақыт керек,  қажыр керек. Мінеки, осы айтқандарым себеп бола ала ма? – деп Құмарға қарап едім, ол:

–       Бұл айтқандарыңызға оның аудармашы екенін қосыңыз. Тағы бір қызық жәйт, ол өлеңдерін тікелей кытай тілінде жаза біледі. Ендеше жеңіл емес шығар?

–        Иә, Құмар мырза! Солай бола тұрса да, алаңдаудың орны жоқ. Дақпырт,

Гу- гу әнгіме, кәдімгі эстрада секілді бір мезет әуелейді де, уақыт өте келе өшеді, ұмытылады. Ал, Ардақ үнсіз өсіп келеді, оқып жатыр, жазып жатыр…  демек ұзаққа жүгіреді. Менің ойым осыған тоқтады! – дедім Құмар інімізге.

 

Дәулетбек Байтұрсын ұлы,

ақын, ҚЖО- ның мүшесі,

“Да” журналының Бас редакторы.

 

 

 




Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to Top ↑