banner-top12

Поэзия no image

Қосқан уақыты Мамыр 14, 2014 | 800 рет оқылды | сайтқа қосқан shalqar

0

Ойлар, ойлар

Өмірбаян

 

Мұқан Мамытхан 1957-жылы 10-маусымда Қ Х Р Ш Ұ А Р Іле қазақ автономиялы облысы Күнес ауданы Телқара деген жерде дүниеге келген. 1962-1975-жылга дейін мектепте,1975-1978- жылдар аралығында Күнес ауданы Алға фермасында мұғалім және ауыл әкімі міндетін атқарған. 1978-1982- жылдар аралығында Қ Х Р Ш Ұ А Р Іле  Педагогикалық  Университеті Филология Факультетін тамамдаған. 1982-1985-жылдар аралығында Іле қазақ автономиялы облысының орталығы Құлжа қаласында, «Іле Жастары» журналының редакторы, 1985-1991-жылдары Қ Х Р Ш Ұ А Р Коммунистік Жастар Одағы комитеті үгіт бөлімінің бастығы, қосымша кеңсе меңгерушісі қызметін атқарған.1987- 1989-жылдар аралығында Пекин Орталық Ұлттар Университеті  «Мемлекеттік кадрлардың білімін жетелдіру» бағдарламасы бойынша білім алған. 1991-жылдары  Қ Х Р Ш Ұ А Р Іле Қазақ Автономиялы облысы Монғолкүре ауданы, Қашажар ауылының партком хатшысының бірінші орынбасары, 1991-1996-жылдары  Қ Х Р  Ш Ұ АР Іле Қазақ Автономиялы облыстық Жер даушары мекемесінің орынбасар мекеме бастығы қызметін атқарған.

Облыстық газет-журнал беттерінде «Өтірік өсек тасыма», «Ойлар, ойлар», «Көктем нұры», «Ініме», «Қарындас», «Өлең жазам», «Бес қыз түгел жиылды», «Жаның таза жан жарым», «Оқушы ойы» т,б өлеңдері, «Маймылдың ағаштан құлауы», «Менің тілегім», «Сахна бұлбұлы», «Ұлы достық», «Таңды аңсаған Таңжарық» т,б мақалалары  сол тұста оқырман жүрегіне жол тартқан еді.

Ел тәуелсіздік алған алғашқы жылдары-ақ тарихи отанына келген алғашқылардың бірі еді. 1998- жылы Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төралқа төрағасының бірінші орынбасары, марқұм Қалдарбек Найманбаев арнайы қызметке шақырып, өзінің кеңесшісі қызметіне жұмысқа алған.

Біз Мұқан Мамытхан ұлының кейінгі кездері жазған бір топ өлеңін жариялап отырмыз. Өз кезінде оқырманы өлеңдеріне жақсы бағасын беріп оқығаны шындық. Біз «Хатқа түскен қазына» қатарлы алда шығатын кітаптарына табыс тілей отырып, оқырманға жол алған өлеңдеріне ақ жол болсын демекпіз.

 

 

            Ойлар, ойлар

Ойлар, ойлар адастырып,

Жарға апарып соғасың.

Ойым елмен таныстырып,

Әлдеқашан болғансың.

 

Менің ойым алып ұшып,

Жан сезімді билеген.

Менің ойым-қыран бүркіт,

Қызыл түлкі илеген.

 

Ойымменен өсіп келем,

Ойым менің бастаушым.

Ойым ғана несіп келген,

Ойым менің-асқар шың.

 

Ойсыз бастың керегі не,

Құры жүрген домалап?

Салшы досым елегіңе,

Өмір заңын қамалап.

 

Ойсыз жеткен адам бар ма,

Арман менен мақсатқа?

Ойлы болсаң, адал досым,

Өзгені сен қақсатпа!

 

Елге зәбір салған ойдың

Берекесі болған ба?!

Арам оймен жасағандар

Бұл өмірде оңған ба?

 

Сол үшін де ойларым көп,

Адам үшін, ар үшін.

Өз елімнен аярым жоқ,

Елім үшін-бар күшім.

 

1982жыл

 

Өз елім

 

Туған жерім, өз елім,

Ұлыңа ыстық тауың мен тасың, өзенің.

Өзіңде туып, өзіңде көрдім күн көзін,

Қуаныштың сазымен елжірейді өзегім.

 

Өзіңде өстім, есейттің мені, баулыдың,

Өзіңде үздім ашылған алғаш тау гүлін.

Ғылымның жұтып кәусарын жүрсем шалғайда,

Көңілде жүрді қырқалы жота, тау, шыңың.

 

Туған жер бердің мейіріңді сәби кезімде,

Ержеттім содан құдіретіңді сезіне.

Өзіңде өтті албыртқан жастық кездерім,

Шыңдадың мені, салдың да өмір тезіне.

 

Жүрсем де алыс, кетсем де шалғай безінбен,

Қажымас қайсар рухты алғам өзіңнен.

Сондықтан да нар жігіт болып жетілдім,

Сендегі әр күн шықпайды мәңгі есімнен.

1982-жыл

 

Гүл көктем

 

Көктем келіп өзендер гүрілдеді,

Дархан дала түрленіп, күлімдеді.

Мұз сеңдерін балқытып әкетті әне,

Күлімдеген көктемгі күннің лебі.

 

Көктем сеннен басталар бар тіршілік,

Тауымнан да, ойымнан ән, жыр шығып.

Шопан жүрсе қойнауда қозы санап,

Жылқышы жүр бөктерде жылқы қуып.

 

Дихандар жүр алтын дән өсіргелі,

Қалқытты әнді егістен жастар легі.

Маңдай терін аянбай төккендіктен,

Елімнің құлпырады байтақ жері.

 

Қайыспайтын қазақтың ұланымын,

Балапаны шыңда өскен қыранымын.

Көктемдей құлпырады жас көңілім,

Қашанда қажырлымын,қырағымын.

1988жыл

 

 

 

 

Кенже ініме

 

Мойныма еркелеп асылған,

Інімсің мен үшін асыл жан.

Талаптан, үйреніп жалықпай,

Нұр алып сәулелі ғасырдан.

 

Не керек құр, бекер ойнаған,

Ізгі іс-ертеңді болжаған.

Ізденіп, үйреніп жалықпай,

Өнерлі болуға құмарлан.

 

Ұстазды аялап, ардақта,

Назар сал үңіле жан-жаққа.

Болашақ сенікі, талпыншы,

Өзіңді білте етіп, шам жақ та.

 

Өзіңнен зор үміт күтемін,

Артымнан ілескен, нар інім.

Бал жиған гүлдердей арадан,

Басыңа жинашы мол білім.

 

 

Қарындас

 

Әдемі ақ ұлпадай қарындасым,

Мен бар ма, айтшы сәулем жадыңда шын?

Мұңайып көз алдымнан кеткен бейнең,

Ағаңның қайыстырды-ау қабырғасын.

 

Жан бар ма, бір өзіңдей жаратылған,

Қарындас жаратылдың қай асылдан?

Толғанып өзің үшін жаһан кезсем,

Шығар ма сенен өзге жан ашыр жан?!

 

Қыздарды бұраңдаған көп көремін,

Мен қазір бұраң жолда, өткелдемін.

Сен-айсың, шолпансың, жұлдызымсың,

Сақталар осы есім жадымда шын.

 

Өзіңді көргеннен-ақ жыр жазғанмын,

Өмірде бар ғой менің ізгі арманым.

Жетсе егер асыл жандар арманына,

Көрер ең сонда артта із қалғанын.

 

Қазық-ақ қызыққанда сыр ұқпаған,

Ақкөңіл, адал жандар сыр бұқпаған.

Арманның асқарынан шықсам деймін,

Өзіңмен қол ұстасып, басып қадам.

 

Көктем шуағы

 

Сүйген жардың ерніндей,

Құлпырып көктем гүл ашты.

Гүл теріп қыздар өрімдей,

Барады асып қыратты.

 

Гүл терген қыздар қасына,

Жігіттер келді жүгіріп.

Оларға қыздар асыға,

Гүлдерін берді ұсынып.

 

Қол ұстасып қыз-жігіт,

Шыңға өрлеп барады.

Көктемдей біздің өмір деп,

Жаңғыртты әні даланы.

 

1983-жыл.

Өтірік өсек тасыма

 

Жасырмаймын, саған айтам сырымды,

Бұзған сенсің, махаббат бал шырынды.

Заманы бір, дәуірі бір жас едік,

Кешіруге бола ма осы мініңді?

 

Қауға қылып менің біраз мінімді,

Үздің неге жаңа ашылған гүлімді?

Өкінбеймін тұрлауы жоқ жар үшін,

Осылайша жас махаббат бүлінді.

 

Айтшы сенің қайсы болды тапқаның?

Қатар жүріп балағымнан қапқаның!

Үйреншікті сумақылық әдетің,

Қызғаныш пен аңдығаның, баққаның.

 

Махаббаттың құсы айналса басыңа,

Сауысқанша мен бармаймын қасыңа.

Неге керек екі арада жүгіру,

Жігіт болсаң өтірік өсек тасыма!

 

Екі ғашық тату өтсе мәңгілік,

Сонда тұрар өміріне сән кіріп.

Бір жұп гүлді бөліп өскен тікендей,

Сенің нең бар екі арада қаңғырып.

1982-жыл

 

 

Шақпыға барғанда

 

Таныс Шақпы, таныс таулар, таныс маң,

Мен бұл жерде табиғатпен танысқам.

Жыралардан балапанды жиып ап,

Кептер бағып, тай-құлынмен алысқам.

 

Шұбарталда бүлдірген мен қалың тал,

Ағашына аралар да салып бал.

Сәл өрлесең Талдыбұлақ бойында,

Таңжарықтай туып өскен алыптар.

 

Сендей көркем жер көрмедім өр Шақпы,

Ата-бабам сені қалай нақ тапты?!

Талай ақын, жырау, күйші, нар ерлер,

Саған жырын, махаббатын арнапты.

 

Жанға дәру, дертке шипа суларың,

Есімде әлі тамсанып та тұрғаным.

Палуан, күрес, қыз қуып қызықтағаным,

Жарысып таймен, соңынан құлан қуғаным.

 

Айналайын Шақпыдайын бақ мекен,

Қызай елі сені қалай тапты екен?!

Төрт құттыбай құшағыңа оранып,

Өсіп, өніп, бақытты ел боп жатса екен!

 

Күнесім

 

Мен де бір демалайын елге барып,
Көсіліп, иығымды кеңге салып.
Күнестің қарайыншы төбесінен,
Көкшоқының басын бір маңдап алып.

 

Туған жердей жәннатты таба алам ба?
Барамын Шақпы ішіне, жайлауларға.
Оқимын арнап құран аруаққа,
Қасиетті марқұмдар-бабаларға.

 

Бір атты ағайыннан сұрап алып,
Аралап, ойға барып, қырға барып.
Қарайын туған жердің төбесінен,
Топырағыңа бір аунап-қунап алып.

 

Күнесім гүл жайнайды біздерменен,
Адаспай келдік міне, іздерменен.
Жұпарыңа тамсандым жасыл далам,
Ең алғаш қыр гүлдерін үзгем сенен.

 

Күнесім, қандай әсем гүл кілемің,
Туған жер сағынышын мен білемін.
Бір аунап топырағыңа мауқым басам,
Ағызып көз жасымның сөңгілерін.

 

Туған жер сені ылғи сағынамын,
Таңжарық, Әшім жыр боп ағыламын.
Күнестің бір иіскесем топырағын,
Француз иіссуын не қыламын?!

 

Өмір биігі

 

Өмір-ай, кейде адамға сан ой салатын,
Биігің қайсы, ең соңында баратын.
Ғалым болу ма, ақын яки жазушы,
Дұрысы қайсы ел есінде қалатын.

 

Жететін биік ол шынымен байлық па,
Қайдағы байлық, күн көреміз айлыққа.
Онда не үшін еңбектенумен келеміз,
Не істей алмақ байлықсыз адам қаймықса?!

 

Биігің қайсы көз телміртіп қаратқан,
Қол жете ме, таланттан әлде талаптан.
Жете алмай қойдым 55 жыл алысып,
Шешімі қайсы, айтшы маған Жаратқан?!

 

Биігі қайсы, іздеп-ақ жүрмін таба алмай,
Еңбектен қалсам жанымды қалам баға алмай.
Ал, біреулер жүрер «Құр атақ» сырттай алғанмен,
«Шын атақ» алып, алтыннан алқа таға алмай.

 

Бәрінен де еленсе болар еңбегім,
Қажеті қанша биікке салған көмбенің?
Гүлденсе болды зарығып жеткен Отаным,
Ең ұлы, биік жететін жерім сол менің!
 

Жан жарым Изатгүлге

 

Өмірде жүрдің еріңді сыйлап қымбаттым,

Біреуге арзан, балаларыма қымбатпын.

Жасағым келер өздеріңменен бір болып,

Сендерсіз маған қалайша ғана күн батсын?!

 

Естелік жаздым сенімен мәңгі артыма,

Сен ғана жеттің жақсы, жаман парқыма.

Қыз тауып бердің Нұрсәулемдей талантты,

Сәбитім жетер адамдығымның парқына.

 

Сыйлаймын сені мәңгілік менің, ардағым,

Өзіңмен бірге, бөлінбес менің арманым.

Шаңырағымның сәні мен мәнін келтірген,

Берекем менің, бұйырған бағым, жан жарым!

 

Не қылам енді артыма қарап алаңдап,

Жазылсын мейлі, жазылмасын «Жарам» нақ,

Болсыншы аман немере, бала-шағамыз,

Әке мен шеше ұрпағы үшін жаралмақ.

Мұқан Мамытхан




Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to Top ↑