Қабадан ұшқан қаршыға
Ғасырлар бедерінен асылдар сынығы болып бүгінге жеткен арыстарымыз аз емес. Бабалар ерлігін жалғаған балаларда жетерлік. Соның бәрі болмаса да бірі туралы айта кетудің артығы болмаса керек.
Бабаларымыздың ата қонысы, бүгінде қытай отарына айналған алтын Алтай топырағында дүниеге келіп, дүбірі күллі әлемді дүрілдеткен оғландарымыз Оспан батыр Сіләмұлы мен Қанат баһадұр Сіләмұлы туралы тоқталуым тосын емес.
Аталары аттас болғанмен боталары бөлек ғасырда туған екі алыбымыздың есімі мен ерлігі ел жүрегіне өшпестей ұялаған ұлдар. Ақбоз атын арқыратып, ақ беренін жарқыратып алаштың азаттығы үшін «Алтай топырағына азғын табанын тигізбеу» дейтін елдік рухтың жолында ерліктің өшпес алауын жаққан Оспан батыр, тарих мойындаған ақихат алдында ата жаумен аянбай айқасып өтті. Қаптаған жаудың қоршауын бұзып, орыспен қытай арасында ат ойнатқан арыстан жүрек арысымыз қасық қаны қалғанша бодандыққа басын имеді.
«Қытайға бағынбаймын, ұрпағым кәпір болады. Орысқа бағынбаймын, қызым шолақ етек болады» деп, «азаттық үшін жан пида» ұранын көтеріп, Аллалап атқа қонған Ошың аруағы алдында алаштың азат ұрпағы қарыздар. Қолымнан қорған салып, мүсін орнатпағаныммен Алтайдың жерінен, Оспанның елінен болғандықтан арыстан жүрек арысымыз аруағы алдында бас иіп, жүрек жарды жырымды жеткізгім келеді. Бұл Оспан батыр Сіләмұлыныңа соққан рухани «Ескерткішім» еді:
Азат күнде аза тұтам мен неге?!
Күңіренген күй енеді кеудеме.
Ұлты үшін басы кеткен пендеге,
Ескерткіш жыр орнатайын ерлене.
Үнсіз мүлгі, өзгелерің сөйлеме.
Басыңды бір көтер бүгін боздағым,
Атыңды атап аруағыңды қозғадым.
Мен анамның жатырында боздадым,
Сен атылған секундта көз қағым.
Шырылдадым , сенің жаның өз жаным.
Арманыңды айтқызбастан ақырғы,
Ар жаныңды қорлады жау басынды.
Неге керек сүйемедім басыңды,
Күйеледім қан сасыған ғасырды.
Ақымақ жау тек қараңды батырды,
Алты қырдан атағыңды асырды.
Ер бабам-ай, ерлігіңді сағынам,
Қабрыңа басымды ұрып табынам.
Қара тасты қалқитқанмен не қалам?
Өр Алтайды ескерткішің деп ұғам.
Оспанның елі отар болғанмен, орыспен қытай қатар қонғанмен өр кеуде елдің рухын бодандық бұғаулай алмады. Арысын жоқтап аңыраған Алтай ана, намысын ақтап арысқа түсер алыпқа жүкті болды. 1984 жылы 13-қыркүйек күні қытай елінің туы астында қазақ ұлтының абройын асырып, айбынын асқақтатар темір жұдырық, тегеуірінді ұлымыз дүниеге келді. Оспан бабасының жүрек жұтқан ерлігі мен, бетінен қайтпас өрлігін араға алпыс жыл салып қайталаған Қанат ерлігінің жөні бөлек, мәні басқа. Алайда Алаштың ерлігі, қазақтың теңдігі тұрғысынан алып айтқанда Қанатты баба рухын жалғаған, еш жауынан таймаған баһадұр деп түсінген жөн.
Қашанда қыран ұлдарға жүкті қаба топырағы Қанатқа дейін де, Қанаттан кейін де сан алыптың бесігін тербеткен құтты мекен. Бәрін айтып термелеп жатбасақта, Қытай елінің атағын асырып, қазақ ұлтының абыройын аспандатқан алып, Шынжаңның тұңғыш шемпионы, боз кілем үстінде бақ сынап, шаршы алаңның шаңын қаққан әйгілі балуан Серік Қожабайұлы да жаратқанға жан бергенше жауырыны жер искемеген жолбарыс еді ғой.
Жастайынан спорт десе ішкен асын жерге коятын Қанаттың қалайда туған елімнің үмітін ақтап, өз биігімді бағындырсам деген сенімнің жетегінде болғаны анық. Мен Қанатты жастайынан жақсы білемін. Алтайдың ақборан аязы аптап, шіліңгір ыстығы шыңдаған Қанаттың қыран текті қылығы бәрімізді қызықтыратын.
Бойында бар ерлігін бағамдай білген Қанат жастығына қарамай жаттығуын жалықбай жалғастырып ортсынан озып, 2001 жылы ауылдан автономиялы раиондық бокс камандасына жолдама алып, жол тартады. Мықты білегі, түкті жүрегі теңдесін тентіреткен Қанат төрт жылға жетбейтін қысқа уақытта талайлаған жеңістерімен көзге түсіп, 2004 жылы мемлекеттік бокс құрамасына қабылданады. Осыдан бастап Қанаттың бокс өміріндегі нағыз тартысты күндері басталды деуге болады.
Қанатпен қатар өстім десемде ордалы от басы, ұшқан ұясы туралы сөзді баһадұр бауырымыздың өз сөзімен айтсам орынды болар:
— Әкем мен шешем бала-шағасының амандығын ойлаған,
қарапайым адамдар. Әкем кезінде мұғалым болып, қазақ бастауыш мектебінде сабақ беріп, бала оқытқан. Қазыр зейннеткер. Бес уақытқы намазын қаза жібермейтін пірәдар адам. Жалпы менің әкем де, шешем де дінге өте жақын, дін оқуын оқыған жандар. Біз ағайынды бесеуміз. Алдымда екі ағам, екі әпекем бар. Мен үйдің кенжесімін. Ес біле салысымен тетелес ағама еріп, бокс үйірмесіне қатыстым. Ағамның Мұрат Бошайұлы деген ұстазы бар еді, бокстің тәсілдерін алғаш осы кісіден үйрендім. Ал он екі жасымда Үрімжідегі спорт мектебіне оқуға келдім. Менің бокстағы жолым осы сәттен басталып кетті деуге де болады. Осындағы бапкерім Әбдірашит ағамен қоян-қолтық жұмыс істеп келе жатқаныма биыл он екі жылдың жүзі болыпты. Соңғы үш жылдан бері Қазақстандағы Мұқтархан Ділдәбеков, Нұржан Сыманов сынды бокс өнерінің майын ішкен майталмандардың бапкері Нұрғали Сафиуллин ағамыз мені баулып келеді. Жалпы, мен көптеген бапкерлермен бірге етене жұмыс істедім. Қазақстан құрамасының бас бапкері Дамир Буданбеков те мені бір жарым жылдай баулып, бойыма жақсы айла-тәсілдерді сіңіре білді. Ал өзібекстандық Михаил атты бапкерім мені жақсы даярлап, Афины Олимпиадасына алып барды……
Басқа жеңісін былай қойғанда күллі әлем көз тіккен Афины
Олимпиадасына екі мллиард қытай елінен бокстан тұңғыш болып арысы алаштың, берісі қазақтың қара домалақ Қанатының қатысуы ұлтымыз үшінде, ұлысымыз үшін де оңай мақтаныш емес екендігін қызғанышсыз айта аламыз. Бұл қанаттың алаш алдында абырой арқалауымен қоса, әлем саханасында шаң көруі еді. Бұл додадағы болымысты және де боксшының өзіне айтқызсақ:
— Мен Афиныда бір майдан жеңдім де, екінші кезекте ұтылып
қалдым. Сол жолы көңілімде үлкен сенім орнап, жүлденің ауылы алыс емес екендігін сезіндім. Афиныда 69 келі салмақта алтын медалды Бақтияр Артаев алды ғой, күндіз-түні Бақтиярдың қасынан бір елі қалмай, жасаған жаттығуларын қадағалаумен болдым. Кейіннен Бақтияр чемпион атанғанда «оның жасағандарын менде жасай аламын ғой, ол да қазақтың баласы, менде қазақтың баласы» деген ой келді. Осы ой мені төрт жылда көптеген жақсылықтарға жетелеп, жетістіктерге жеткізді,- деп сабырмен сыр ақтарады Қанат бауырымыз өткен күнін еске алғанда. Расында, жүлдесіз оралдым деп жерге тығылған жігіт жоқ, ерді намыс қайрады. Күш атасын тани ма?! Екі мллиярд қытайдан қарсылас таппаған Қанат биылғы құрлықтарды қобалжытқан Қытай Олимпиадасына қатысып тәлейін сынады. Мллиардтан талданған он алты боксшының бірі ретінде алауы әлемді шарлаған қытай аспаны астында өнер көрсеткен Қанаттың жеңісі қола болса да алтынға бергісіз абырой болды.
«Мен бұл жеңісімді дүние қазақтарына арнадым»,- деп шаршы
алаңда ағынан жарылған Қанаттың өмірде досы, өнерде қарсыласы Бақыт Сәрсекбаев алтыннан алқа тағып, еліміз туын әлем елі алдында желбіреткен шағында,- өзім ұтылсам да алтын медалдың қазағымның мойнында кеткеніне қуандым,- деген сөзді мллиардтың мінбесінде тұрып айта алған Қанаттың «Менің Қазақстанымды» шырқап тұрғанын көрген қандастарымыздың тебіренбегені жоқта шығар. Өзімде досымыз додаға түсіп, «соғыстың» сынына қатысып жатқан шақта, аруақтап айғайлап, екіранға еніп кете жаздағанымды, Қанат ұтылған қарсыласын Бақыт жерге қаратқанда қос ұлымыздың қуанышымен көз жасыма ерік бергенімді жасыра алмаймын.
Тағы бір тебіреніспен айта кететіні, олимпаданың алауы басылмай тұрып Қанаттың атамекенге келіп кетуі еді. Елімізден барған көп қандастарымыздан гөрі мллиардттан жалғыз қатысқан Қанаттың Қазақстан жұртшылығына, әсіресе әсіресе атажұрттағы алаш ұлысына қадыры ерекше болды. Оның бір дәлелі ретінде, айға созылған олимпиада күндерінде Қазақстанның барлық ахбарат құралдарының Қанатқа қолдау көрсетіп, тақым қысып жеңіс тілеуі еді. Жырақта жүрсе де жұрт тілегіне жүрегі жылыған Қанат Атажұртта алғашқы сөзін осыдан бастаған болатын:
— Мен үшін жаны ауырып, мен үшін риясыз қуанған еліме,
жұртыма рахмет айтқым келеді. Қазағымның тілекші болғанын естіп, ерекше қуанып қалдым. Өйткені Қытайдағы да, Қазақстандағы да халқымды үлкен қуанышқа кенелтсем деген арманым бар болатын. Әзірге мақсатым сәлде болса орындалғандай. Енді тағыда талықбай жаттығулар жасап, алдағы асуларды бағындырсам деймін. Әрине, Бейжің Олимпиадасында халқыма бұдан да жоғары марапат алып берсем, арманым болмас еді. Бірақ, Аллаһ тағаланың маңдайға жазғаны осы болды. Барға- қанағат. Ұлтымның тілекші болғанын Қазақстандағы дос-жаран, туыс-туғаннан естіп, ерекше қуандым. Артымда қалың орман – халқым бар екенін сезіндім. Әрине, атажұртта қалың қандастың бар екендігін бұрыннан білемін ғой, бірақ мұншалық ілтипатты күтпеп едім. Осының барлығы маған күш беріп, алдағы ойындарда шабытымды оятары сөзсіз. Адам жат елде, көп халықтың арасында өскен соң, өз ұлтын ерекше жақсы көреді екен. Бала күнімнен елімді аңсап өстім. Ес білгелі «мен қазақпын» деген сезім пайда болды. Он екі жасымнан үйден ұзап, сыртқа шықтым. Талай мәрте қазақ болғандығым үшін шетке қағылдым, осының барлығы ішімде ашу-ыза тудырып «мен әлі қазақтың мықтылығын дәлелдеймін» деген сенім орнатты. Шабыт болып жанымды қамшылады. Өзімнің қазақ екендігімді ешбір сәтте ұмытқан емеспін. Әлі алда талай асу бар. Осы асуларда қазақтың мықтылығын әйгілеуге тырысамын….
Елге келген Қанатты жер бастырмай төбесіне көтеріп әкеткен
жанкүйер жұрты «қолдан-қолға» қошаметпен өткізіп, тиісті құрметін көрсетіп жатты. «Қанат келгелі жатыр» дегенді жақындарымнан естіп жүретінмін. Қазанның 21- жұлдызында таңғы шай үстінде теледидарды қосып қалсам, мен күткен Қанатым екран алдында қонақта отыр. Ұлттық арнаның таңғы қонағы болып келген Қанатты көрген жерден ұшып тұрдым. Алыстан алты жасар бала келсе, алпыстағы шал сәлем береді,- демеуші ме еді дана халқымыз. Жерлес, сабақтас, досым ауылға келгенде жайғасып отыра алмадым. Жарыма дастарқан әзірлетіп, асығыс жиналып жолға шықтым. Алып ұшқан көңілім адал-ғой, алдамады. Ұлттық арнаның алдына барып сәл тұрғанымда, ақ маңдайы жарқырап алаштың аяулы ұлы да сыртқа шықты. Құшақтасып табысып, төсімізді қағысып, қолымызды алысып шүйіркелескен соң оғлан ұлды отауыма бастадым. Осылайша құрғанымызға ай болмаған отауымыздың алғашқы қонағы олимпада жеңімпазы Қанат Сіләмұлы болды….
Қатай қазақтарынан шыққан тұңғыш боксшылардың бірі, Қанаттың сыйлас ағасы Нұржан Қаниоллаұлы осы күндері Қанаттың Қазақстандағы жол серігі болып ертіп жүрген ді. Қанатты құрдасына табыстағанына қуанғандай Нұржан ағамыздың арқасы кеңіп сала берді.мақтаумен марапаттан басы айналған Қанаттың да бір сәт құрбыларының қасында жүргісі келгендей, жарым күн менімен бірге болды. Сол жарым күнде «Қазақ родиосы», «Хабар арнасы», «Жас қазақ», «Түркістан», «Ана тілі» қатарлы бұқаралық ахбарат құралдарына сұхбат беру барысында Қанаттың қасында болып, талай сырларына қанықтым. Жерлесіме жол серік болып жүріп сезінгенім, оның биік адами болымысы, қай ортада болмасын, қандай мақтауларға кенелмесін өзін ұстай білетіні. Сөзі салмақты, мінезі орнықты, ешбір менмендік, өр көкіректілікті көрген емеспін. «Ұлық болсаң кішік бол» деген даналар нақылын жадына жақсы тоқыса керек.
— Жетпеген арманыма Қанаттың жеткеніне қуанамын, Қанат
бәріміздің мақтанышымыз,- деп жиі қайталайтын Нұржан ағамыз өзі бас болып Қазақстандағы шеттен келген ағайындардың басын қосып Қанаттың атажұртқа келуін айырықша атап өтті. Рестрон толы той қонақтарының алдында Қанатқа және оны тәрбиелеп додаға салған жаттықтырушысына темір тұлпар мінгізіп, иықтарына шапан жапты.
Бізде өз тарапымыздан топ жарған құрдасымыздың қуанышын шамамызша бөлісуге тырыстық. Ағаларымыздай болмасақ та Алтай аймағының Қаба ауданынан келген, Қанаттың туған топырағының тумалары, дос-жаран, жора-жолдастарының басын қосып, көңілді кеш жасап, дастарқан жайдық. «Мен мұндай құрыметті күтпеп едім, шынымды айтсам ағалармен жүріп зеріктім»- деп ауылдастарына айырықша разы болған Қанатпен бірге бір түніміз Алматы құшағында өтті. Жиналған жанкүйерлері Қанатқа деген ыстық ықылас, ізгі тілегін айтып жеңісімен құттықтады. Оның алдағы Лондон олимпиадасынан алтынан алқа тағып оралуына тілектестік білдірді. Осы кеште Қанат Қытай олимпиадасына қатысар алдында жерлес, сабақтас, достары атынан алаштың ардақты ұлына арнап жазған өлеңімді оқып бердім. Қаламын қару, өлеңін азық еткен менің тарапымнан мінгізген атым осы болды. Енді сол өлеңді өздеріңізбен бірге тағы бір мәрте оқығым келеді ардақты ағайын. Қабадан ұшқан қаршыға қанатың мәңгі талмасын! Иләим, әрқашан алаш ұлдарының айбына асқақ болғай!!!
Қаршыға
Өзің жайлы айтылар елде сыр көп,
Ақ тілегі жататын көл-көсір боп.
Қанат деген сөз шықса мақтанамын,
Қабалық қой, ол менің жерлесім деп.
Талаптанып талпындың талмай жастан,
Топ жарғаны тентегің қандай мақтан.
Көпшілікті көргенде таңдай қаққан,
Сабақтасым дейтінмін ойланбастан.
Шаршы алаңын әлемнің майдан қылдың,
Алаш күтті жеңісін айбарлы ұлдың.
Танисың ба Қанатты дегендерге?
Досым деуді әдеттке айналдырдым.
Өнеріңмен згені еліктеттің,
Өр сенімін жүргейсің сезіп көптің.
Өзің жайлы сөз болса экранда,
Туысым деп талайға періп кеттім.
Алаш жүгін көтердің азабың көп,
Қалды қанша қарсылас мазағың боп?.
Млиартдта сөз болса Қанат деген,
Мыйығымнан күлемін қазағым деп.
Төгілмесін Алаштың тамшы жасы,
Қажырыңды қара кер қамшылашы.
Жатқа олжаң кетпесін Қанат Сілам-
Қазағымның қанды көз қаршығасы.
Талапбек Тынысбекұлы