banner-top12

Әдебиет 1320258454_600-08

Қосқан уақыты Мамыр 18, 2014 | 591 рет оқылды | сайтқа қосқан shalqar

0

Қағира мен Таймұс

Бір падиша бұрын өткен Бағдатта

Шорман молда сөйлеген оны жатқа.

Қата болса – Шорманның мойнында,

Назымлап естуімше салдым хатқа.

Падиша жұрт билеген әділ сұлтан,

Ренжімес жалғыз жан да қауым жұрттан.

Орта жасқа жеткенше перзенті жоқ,

Бұл патша бала үшін қайғы тартқан.

 

Бұ қайғы қатты батты падишаға,

Падишаның қайғысы жұртқа барша.

Елу мен алпыс жастың арасында

Қатыны падишаның болды хамле.

 

Қатыны падишаның болды буаз,

Сөйлейін білгенімше мұны біраз.

Мұқым шаһар халқы қуаныш қып,

Қаншама ғаріптерге берді нияз.

 

Ханымның толған шақта айы-күні,

Тарқайды күн-күн сайын ханның мұңы.

Қатыны падишаның бір ұл тапты,

Не керек сөз көбейтіп оны-мұны.

 

Ханымы бір ұл тапты күні толып,

Қуанды падишаның көңлі бөлініп.

Патшаның бас уәзірінің перзенті жоқ,

О дағы жүруші еді мұңлы болып.

 

Қатыны уәзірінің де буаз екен,

Оған да Тәңірім тағдыр қылады екен.

Ханымның бала тапқан сағатында,

Бір бала одан дағы туған екен.

Дүниеге екі бала бір күні келді,

-Бір жерге асырайық мұны, – дейді.

Аналары бір-біріне сүт емізіп,

Екеуі дос болсын деп бірдей дейді.

Падиша баласына қылды тойды,

Бұл тойға аямай көп малды сойды.

Уәзірдің баласын Қағира деп,

Падишаның  баласын Таймұс қойды.

 

Сарайға асырайды балаларды,

Желге, күнге тигізбей даналарды.

Патшаның қайғы басқан ғамкін көңілі,

Толықсып, мұңы тарқап, шаттанады.

 

Алты-жеті жасына бала келді,

Оңаша асырады сарайға енді.

Баланың толған айдай нұры балқып,

Бір көрсе мас қылады тәмам елді.

 

Патшаның көңілі тасып қуанышқа,

Туған соң мұндай бала жұбанышқа,

Мойнымнан мектеп парызын түсірем, – деп,

Оқытты оңаша үйде молдасына.

 

Бес-алты жыл молдадан бала оқыды,

Баласы уәзірдің және оқыды.

Он екі пән оқуды түгескен соң,

Түрлі ғылым оқуын және оқыды.

 

Балалар оқу-ғылымын түгендейді,

Һәр түрлі үйренеді өнерлерді.

Қылыш, мылтық және де күрзі, найза,

Қайсысын үйренсе де бөгелмейді.

 

Оқу-ғылымын балалар тәмамдайды,

Өздерін көп әскерге бағалайды.

Атқа мініп далаға сейіл құрып,

Қай жерге көңілі түссе барады енді.

 

Жүреді ерте кетіп, кешке қайтып,

Бір-бірлеп түгесе алман бұл сөзді айтып.

Екі бала сейілде жүрді осылай,

Жазайын мұхтасар ғып, сөз қысқартып.

Екі бала сейілде бірге жүрді,

Бірінен-бірі айрылмай ойнап-күлді.

Бір күні екі тіленші сөйлесіп тұр,

Сейілден келе жатып бұлар көрді.

 

Алдында Қағира еді, соңында Таймұс,

Ит жүгіртіп қызықпен салады құс.

Қағира естіп келеді айтқан сөзін,

Бұлайша кеңесіп тұр екі байғұс.

 

Бірі айтады: – Мынау кім патшазатты,

Анық патша секілді салнататты.

Бар Құдай, қандай асыл жаратылған,

Адам да туады екен бұндай затты?!

 

Біріне-бірі қайырып сөз айтады,

Өзінің білгенінше жөн айтады.

-Даладан сейіл құрып келе жатқан

Патшамыздың баласы, – деп айтады.

 

-Уа, дариға, мұндай жан болады екен,

Адамзаттан мұндай жан туады екен.

Пері болсын, періште, адам болсын,,

Һәрқашан Тәңірім тағдыр қылады екен.

 

Шын-Машын шаһарының падишасы,

Салтанатты салдырған гүл бақшасы.

Дариға, бұған теңдес болар еді,

Пағпұр қызы Мәлике ханышасы.

 

Қағира есіткен соң мына сөзді,

Артындағы Таймұсқа бұрды жүзді.

-Мынау сөзді есіттің бе? – деп сұрайды,

Білейік кім екенін мұның сырды.

 

Таймұс айтты: – Білгем жоқ не дегенін,

Есіткем жоқ мен оның сөйлегенін.

Қағира айтты: – Қасына жақын барып,

Берейік хайыр қылып тілегенін.

Таймұсқа Қағираның сөзі ұнады,

«Жарайды, барайық» деп бұйырады.

Кеңесіп тұрған екі тіленшіге

Қағира Таймұспенен бұрылады.

 

Қасына жақын келіп тұрады енді,

Ғаріпке хайыр-ихсан қылады енді.

Қолынан садақасын бергеннен соң,

Қағира тіленшіден сұрайды енді.

 

-Айтшы, – дейді, – не тамаша сөйлегенің,

Біз жақындап келгенде үндемедің.

Бір қызды бек сипаттап сөйледің ғой,

Бар еді естіп-біліп не көргенің?

 

Тіленші жасырады айтқан сөзін,

Сақтық қып үндемейді байқап өзін.

Қағира ерік алдына қояр емес,

Сөйлейді әлгі айтқан қайта сөзін.

 

Тіленші айтты: – Берейін жауабымды,

Қоятұғын емессің сұрауыңды.

Екеуің де балдырған бала екенсің,

Дүниеде берсін Алла мұрадыңды.

 

Шын-Машын шаһарында Пағпұрхан,

Пағпұрдан Мәлике атты бір қыз туған.

Мәликені бір көрген адамзаты

Қалмайды ғашық болмай сірә оған.

 

Жан тоймас Мәликенің дидарына,

Мәлике туған жұрттың құмарына.

Мәликені көргеннің бәрі ғашық,

Дүниелік қарамайды жиғанына.

 

Мен дағы ғашық болғанның біреуі едім,

Сыртынан ынтызар боп жүрер едім.

Өзім дағы бір байдың баласы едім,

Алыстан анда-санда көрер едім.

Сыртынан Мәликеге болдым ғашық,

Тоймадым дидарына малым шашып.

Мәлике үшін айырылып көп малымнан,

Қапа боп мен жүрмін арып-ашып.

 

Елден шығып қаңғырдым аның үшін,

Тіленші болып жүрмін жаным үшін.

Шын-Машын шаһары бар тоғыз айлық,

Ойлама сіздер анда бару үшін.

 

Екеуі бұл сөзді айтып қала берді,

Бұлар өз сарайын барады енді.

Екеуі оңаша үйде ақылдасып,

Мәликені есіне алады енді.

 

Ойлайды: Мәликені көрейін деп,

Не сипатты жан екен білейін деп.

Ел жұртты ренжітпей, әскер жимай,

Екеуіміз жасырынып жүрейік деп.

 

Екеуі ақылдасып бармақ болды,

Тағдырда Тәңірім жазса алмақ болды,

Екеуі бір күн түнде жасырынып,

Қыз үшін жанын отқа салмақ болды.

 

Екеуі тәуекел деп іздеп шықты,

Тоғыз айлық сапарлы түзге шықты.

«Жөнін білсек өнермен алармыз» деп,

Бұлар да осы жөнді көздеп шықты.

 

Екеуі тәуекел деп жүріп кетті,

Мехнатты көруіне көніп кетті.

Тоғыз айлық жол екен екі арасы,

Мехнатты көре-көре әрең жетті.

 

Ата-ана қалды артында жөнін білмей,

Кеткенін ел-жұртына бір сездірмей.

Ғайып болған баланы қайдан тапсын,

Тәуекел деп тұрады қыбыр етпей.

Уәлхасыл, бұлар келді Шын-Машынға,

Есіткен бөтен сөзден болмасын да.

Келісті, бір шеткі үйден пәтер алды,

Аз болса бір жылдан кем тұрмасына.

 

Пәтер үйге алты жүз ділдә берді,

-Азды-көпті тұрсақ та мұнда, – дейді.

Ерте кетіп, кеш келіп жүрсек тағы,

Сөз сұрап, бізді кеңес қылма, – дейді.

 

Мезгілімен күтіп бер тағам, – дейді,

Алты жүз ділдә – пәтер бағаң, – дейді.

Бір күн қонып кетсек те үшбу діллә,

Борышсыз болсын саған хала, – дейді.

 

Пәтерге берді алты жүз діллә санап,

Қыз үйін іздемейді тура қарап.

Жансыз жүріп бір хабар аламыз деп,

Жүреді шаһар ішін күнде аралап.

 

Қыдырып қыздың үйін таба алмайды,

Таппақ түгіл бір хабар білей алмайды.

Бекер-текке жүргенін қайғы көріп,

Таймұс көп қыдыруға жарамайды.

 

Мәликенің дидарын көре алмайды,

Көрмек түгіл хабарын біле алмайды.

Қайғы қылып пәтерде жатты Таймұс,

Қағирамен қыдырып жүре алмайды.

 

Қағира жүрді жалғыз шаһар кезіп,

Һеш нәрсе біле алмайды хабар сезіп.

Жалғыз-жарым жан көрсе, жаман-жәутік,

Соларға сөйлеседі таяу келіп.

 

«Қыздың үйі қайда?» – деп сұрамайды,

Сұрауға көңілі қорқып шыдамайды.

Сөйтіп жүріп бір жылды өткізеді,

Мәликенің хабарын біле алмайды.

Көшеге бір күн шығып тұрып еді,

Қажыры мұқап, демдері құрып еді.

Тірі жаннан бір ауыз сөз естімей,

Өздерінің көңілі суып еді.

 

Үш кісі мініп келді салт-салт атқа,

Мінген ат, киген киім салтанатта.

Айға салып ақырып бір сөз айтты,

Келді бұлар Қағира жүрген жаққа.

 

Дүкенді жаптырып дүр екен әлгілер,

Қандай әмір қылса да тілге келер.

Бұл үшеуі патшаның уәзірлері,

Жар салып, жария қылып аны сөйлер:

 

-Үш күнгеше сауданы қылма, – дейді,

Дүкеннің іштерінде тұрма, – дейді.

Сауда саттық, дау-жанжал ретсіз сөз

Үш күн өтпей ешкімде болмайды енді.

 

Мәлике оқу оқыр үш күн ұдай,

Падиша жарлық қылды осылай.

Үш күн сабақ береді молда шеше,

Сонан соң ұзатады бір күн қоймай.

 

Бұл сөзді айтып-айтып жөнеледі,

Дүкенді жаптырады бұлар енді

Бұлар барып бір үйге түсе қалды,

Соңынан Қағира да бірге келді.

 

Бұлар аттан түсті де үйге кірді,

Қағира да ізінше бірге келді.

Үйге түсіп кешігіп көп отырмай,

Аттанып бұл үшеуі жүре берді.

 

Қағира жолықпайды бұл кісіге,

Жолығып бұл кісіде жұмысы не?

Терезенің тұсынан алыс тұрып,

Сығалап көзін салды үй ішіне.

Алыстан терезеден сығалайды,

Сонда да бой тоқтатып тұра алмайды.

Үй ішінде біреу жүр шалма ораған,

Көрді де таса жерге тұра қалды.

 

Ойлайды: осы жүрге молда шығар,

Молда шеше үйлері болған шығар.

Ойлайды байқайын деп мұның артын,

Молда шеше өзі де мұнда шығар.

 

Осыны ойлап бекініп тұрды сонда,

Таң намаздың мезгілі болды сонда.

Манағы шалма ораған молда шығып,

Мәсжидке азан айтып жүрді сонда.

 

Мәсжидке азан айта молда кетті,

Қағира ойлап тұрды мұндай кепті.

Молда шеше таһаратқа шықпай тұрып,

Алтын тастап көрейін жолға депті.

 

Осылай тәуекелді қылады енді,

Екі жүз алтын қойды жолына енді.

Алтын, күміс, ақ жүзік абырауын,

Жолығуға бір себеп болар дейді.

 

Өзі барып таса жерге тұрады енді,

Тасалап тұрды барып бойын енді.

Сол уақытта қолына құман алып,

Молда шеше таһаратқа шыға келді.

 

Таһаратқа шықты сонда молда шешең,

Сопылық дағуасында болған шешең.

Өзің дағы көзіңді салмас па едің,

Алтыннан шашылғанын жолда көрсең.

 

Молда шешең алтынды тұрды қарап,

Кімнен түсіп қалды деп тамашалап.

Құманын жерге қойып тұрып-тұрып,

Алтынның бірін қоймай алды санап.

Мұның бәрін Қағира көріп жатты,

Алтындарын алғанын біліп жатты.

Молда шеше үйіне келгеннен соң,

Қағира жасырынып үйге қайтты.

 

Қағира пәтеріне келеді енді,

Сондай нәрсе көрдім деп үндемеді.

Таймұс та мұнан сөзді сұрамайды,

Әйтеуір бір нәрсенің жөнін білді.

 

Ол күні үйде жатты тысқа шықпай,

Таймұс та бірге отырды һеш нәрсе ұқпай.

Таймұстың көкірегінде қайғысы көп,

Ойнайды Қағира да қөңілін жықпай.

 

Түн өтіп болып еді таңның алды,

Екі жүз алтын санап тағы алды.

Молда шеше үйінің сарайына,

Кешегі таса жерге тағы барды.

 

Таң намаздың мезгілі тағы болды,

Молда тұрып мәсжидке барады енді.

Молда шеше шығатын уақытында,

Екі жүз алтын жолға салады енді.

 

Молда шеше алтынға төте келді,

Не қылып жатқан алтын жолда, – деді.

«Күнде кімнен түсіп қалады бұл,

Бар шығар бір уақиға мұнда», – деді.

 

Алтынның бірін қоймай алды шеше,

Алып тұрып қалтаға салды шеше.

Таһарат алған құманын қолына ұстап,

Қайтадан өз үйіне кірді шеше.

 

Алтында алып молда шеше үйге кірді,

Қағира жасырынып жүре берді.

Пәтерге ойнап-күліп қайтып келіп,

Һеш нәрсе бұл жөнінен сөйлемеді.

Таймұспен бірге отырды ойнап-күліп,

Һеш нәрсе сөйлемейді түбін ойлап.

Жолықпаса сездірмей қояйын деп,

Таймұсқа сыр айтпайды түбін ойлап.

 

Күн батқан соң жатысты төсегіне,

Бір-ақ күн қалды енді есебіне.

Тағы да екі жүз алтынды санап алып,

Қағира келді және кешегі үйге.

 

Келді де жасырынды орынына,

Көңлінде молда шешеге жолығу да.

Қағираның біледі көзі жетіп,

Молда шеше бір себеп болуына.

 

Таң намаздың мезгілі тағы болды,

Молда тұрып мәсжидке барады енді.

Молда шеше шығатын мезгілінде,

Екі жүз алтын жолға салады енді.

 

Молда шеше таһаратқа шығады енді,

Алтынды жолда жатқан көзі көрді.

«Күнде-күде не қылып жатқан алтын,

Бұл жерде бар шығар мағына енді».

 

Молда шеше алтында қолына алды,

«Бейшара бір ғаріптің мұны бар-ды,

Аузы жетпей жүрген бір ғаріп шығар,

Бейшара маған қайдан жолығады?!»

 

-Бұл алтынның иесі қайда тұрсың,

Аузың жетпей бір ақыл сайлап жүрсің.

Ысырап қылып көшеге малың шашып,

Бейшара, қандай ниет ойлап жүрсің?

 

Кім де болсаң сен маған көрін, – дейді,

Не мұңың бар, білейін жөнін дейді, – дейді.

Мұқтажың бар болса жеткізермін,

Мұңыңды айт бейшара келіп енді.

Қағира естіп мұны түрегелді,

Молда шеше сол шақта көреді енді.

Не де болса өлімге басын байлап,

Молда шеше жанына келеді енді.

 

Сәлем беріп алдына жуық келді,

Қол қусырып тағзымын қылып келді.

Сұлу сипат, әдебі бәрі түгел,

Молда шеше ұнатып сынап көрді

 

Молда шеше сұрайды Қағирадан:

-Алтынды жолға шашқан не қылған жан?

Не мұқтажың бар еді, сөйлеші енді,

Не уақиға іс болды, жаным, саған?

 

Қағира сонда айтты мұңын-зарын,

Бастан-аяқ қалдырмай сөздің бәрін.

Мәликенің жолына жан пида ғып,

Сөйлейді бастан-аяқ жүрген мәнін.

 

Таймұстың мақтау қылып жөнін айтты,

«Мен – оның жолдасы», – деп өзін айтты.

«Үш күн сабақ беред, – деп, – молда шеше»,

Уәзірдің жария салған сөзін айтты.

 

Молда шеше айтады: – Ғаріп, – дейді,

Әуре болып жүрсің нағып, – дейді.

Оның жайын айтайын оңашалап,

Кір анау сарайым барып, – дейді.

 

Қағира кірді оңаша сарайына,

Жаратқан сиынады Құдайына.

Молда шеше қарайды көз айырмай,

Қағираның сипатты шырайына.

 

Оңаша Қағирадан сұрайды сөз:

-Айтыңыз қандай сенің мұрадыңыз.

Қағира айтты: – Әй, молда шеше,

Әлгіден басқа жоқ-дүр жауабымыз.

-Мен айтайын, әй балам, тыңда, – дейді,

Мәликеден енді үміт қылма, – дейді.

Күні ертеңнен қалдырмай ұзатады,

Оның үшін әуре оған болма, – дейді.

 

Жөнеліп кетті мүлкі қырық күн бұрын,

Ақылын таба алмадың еркін мұның.

Күйеуі – бір патшаның шаһзадасы

Көрген жоқ Мәликенің көркем нұрын.

 

Күйеуі Мәликенің көрген емес,

Дидарын бірінің-бірі білген емес.

Үйде жатып алдырған бір данышпан,

Қалыңдық ойнауға да келген емес.

 

Һешкімге көрінбей қайт, жаным, – дейді,

Бұл жұмысқа келмейді мәнің, – дейді.

Бір елде текке өлесің, – деген шақта,

Қағира сөз сөйлейді тағы енді.

 

-Мұңым сол сізге айтқан, молда шеше,

Әрине іс бітпейді мұнда, шеше.

Армансыз дүниеде болар едім,

Бір қабат жолықтырсаң қызға шеше.

 

Бір қабат қыз Таймұсты көрсе, – дейді,

Қандайын бір-бірінің білсе, – дейді.

Қыз қызығып бұрылмай кете берсе,

Таймұстың арманы жоқ өлсе, – дейді.

 

-Иә, жаным, бұл жауабың анық шын,

Мен айтайын сөзімнің барлық шынын.

Таймұс түгіл өзіңнің дидарыңа

Мен дағы қызығып тұрмын, жарықтығым.

 

Сонда дағы бір істің жөні болмас,

Болмас істі бастауға енді болмас.

Уа, дариға, ертерек жолықпадың,

Уақыт өтіп кеткен соң енді болмас.

-Мәлике қамданып тұр жөнелуге,

Болмайды енді мұнда бөгелуге.

Біздің дағы көңіліміз дауалансын,

Себепкер болсаң, тақсыр, бір көруге.

 

-Таймұспенен рас дос болсаң, – дейді,

Достықтың уағдасында тұрсаң, – дейді.

Көрінуге бір себеп болар едім,

Достың үшін жаныңды қисаң,- дейді.

 

-Достыма жаным пида, молда шеше,

Шүбһәлі ол жағынан болма, шеше.

Мәликені көре алмай қайтқанымша,

Арман жоқ көріп өлсем мен де, шеше.

 

-Дос үшін жаның қисаң сен өлімге,

Ант берейін өлімге көнуіңе.

Достық үшін жаныңды рас қисаң,

Мен де бір ақыл айтайын көруіңе.

 

-Молда шеше, достыма жаным құрбан,

Достым үшін өлімнен мойным бұрман.

Тәуекел деп өлімге басын байлап,

Ант беріп уағда қылды аятпенен.

 

-Киімімді киіп ал менің, – дейді,

Жүзіңді һешкім көрмесін сенің, – дейді.

Басыма бүркеп менің пердемді сал,

Айтайын Мәликенің жөнін дейді.

 

Бүркеніп қақпаға бар тура, – дейді,

Төрт күзетші даяр тұр сонда, – дейді.

Сені көріп есікті аша берер,

Жүзіңді һеш адамға бұрма, – дейді.

 

Ар жағында сарай бар алтын қақпа,

Тура жүр көзің салма бөтен жаққа.

Үш кісі күзетші бар аңдып тұрған,

Есікті аша берер көрген шақта.

Бөгелмей ішкері кір қадам басып,

Алдыңнан қыз шығады қалма сасып.

Қолыңнан ұстап таққа мінгізеді,

Алады сонда сенің пердеңді ашып.

 

Пердеңді қыз ашып көрсе сені, жаным,

Біткені сол арада демің жаным.

Қыз қылышқа ұмтылса шабамын деп,

Аузыңа алып айтып тұр мені жаным.

 

Әгар барсаң өлмеймін деп ойлама,

Жылдам бар уақыт өтер енді ойлама.

Жаныңнан қорықсаң барма, ей, шырағым,

Ақыл жоқ мұнан басқа көп ойлама.

 

-Молда шеше, мұныңа құлдық, – дейді,

Алдыңызға біз келген мұңлық, – дейді.

Ажалсыз пенде, шеше, өлмес деген,

Дос үшін жанды пида қылдық, – дейді.

 

Молда шеше киімін алды киіп,

Дос үшін өлмек болды жанды қиып.

Күзетшілер есікті аша берді,

Бөгелместен ілгері барды кіріп.

 

Алдында алтын қақпа тағы көрді,

Қақпаға тура жүріп барды енді.

Күзетшілер қақпаны ашқаннан соң,

Бөгелместен ілгері тағы кірді.

 

Мәлике ар жағынан келді жетіп,

Молда шеше келді деп қызмет етіп.

Қолынан ұстап таққа мінгізеді,

Пердесін алайын деп тұрды күтіп.

 

Басындағы пердесін алады қыз,

Ұстазының бетіне қарады қыз.

Қараса танымайтын бөтен кісі,

Көргеннен таң-тамаша болады қыз.

Мәликенің ашуы келеді енді,

Бөтен кісі екенін біледі енді.

«Қайдан келген мұндай жат кісі,» – деп,

«Не ғажап, не тамаша мұнда», – дейді.

 

Мәлике түрегелді ашуланып,

Қылышын қолына алды қатуланып.

-Сен менің сарайыма қайдан келдің?

Ақырды: тастайын, – деп басыңды алып.

 

Қағира айтты: – Дат, – деді, – патшазада,

Басымда бар деп тұрсың қанша баға.

Басымды кесуіңнен қашуым жоқ,

Сөзім бар айта келген падишаға.

 

-Датым бар деп сөйлеме, надан, – дейді,

Сенімен сөйлесуге харам, – дейді.

Үндемей отыр бірақ мойынсұнып,

Басыңды қылышпенен шабам, – дейді.

 

-Ей, Мәлике, олай ашу қылма, – дейді,

Менің айтқан датымды тыңда, – дейді.

Мен де өзіңдей патшаның баласымын,

Молда шеше жіберген мұнда,- дейді.

 

-Молда шеше жіберсе мұнда, – дейді,

Айт та қайт, мұнда бекер тұрма, – дейді.

Тыстағы күзетшілер тірі қоймас,

Айт дағы жұмысыңды бөгеме енді.

 

-Айтайын жұмысымды, ашуың бас,

Бұл ашудың үстінде айтып болмас.

Арызымды айтайын қалай көріп,

Қолыңда қылышың бар өткір алмас.

 

Мәлике ашуынан сонда қайтты,

Қылышын қынға салып бұл сөзді айтты:

-Молда шеше сұрайын қызметі үшін,

Жұмысың мұнда келген не? – деп айтты.

Қағира сөз сөйледі бастан-аяқ,

Қорқып, сасып, бөгеліп жасқанбай-ақ.

Таймұстың ғашық болып іздегенін,

Сөйлейді бастан-аяқ тастамай-ақ.

 

Мәликенің ашуы тағы келді,

Ақырды: қоймайын, – деп, – жаныңды енді.

Үстіңдегі молда шеше киіміне,

Басың кессем, жұғады-ау қаның, – дейді.

 

-Өлсем дағы айтайын жөнім, – дейді,

Бұл үйге іздеп келгенім – өлім, – дейді.

Әдейі іздеп келген соң сонша жерден,

Таймұсқа жалғыз қабат көрін, – дейді.

 

-Таймұстың мақтайсың сен көркін, – дейді,

Қырық күн болды кеткелі мүлкім, – дейді.

Падишаның баласы Таймұс түгіл,

Өзіңнің де ұнап тұр қапың,- дейді.

 

Үндеме дедім ғой мен, есер жігіт,

Енді қылыш басыңды кесер, жігіт.

Өңде-түсте көрмеген адамына

Неге ғашық болады бекер жігіт.

 

-Әгар көрсең Таймұстың жүзін, – дейді,

Өзің де байқар едің сөзін, – дейді.

Жалғыз қабат жүзіне көзің түссе,

Қалмайсың ғашық болмай өзің, – дейді.

 

Мәлике айтты: – Не керек, мезгіл өтті,

Қырық күн болды жөнелтті біздің мүлікті.

Ертеңнен қалдырмай ұзатады,

Көре алмас енді Таймұс бізді, – депті.

 

-Алыстан Таймұс сені іздеп келген,

Мәликенің теңдесі іздеп келген.

Алмасам да жолығып жүзін көріп,

Бір қабат қағысар ма сөз деп келген.

Алыстан әдейі іздеп келген саған,

Таймұсты кемсітпейді көрген адам.

Бір қабат көрінудің жөнін тауып,

Көріну жөн болмас па білген адам.

 

Мәлике Қағираға жауап берді:

-Мені іздеп келсе Таймұс әгар,- дейді.

Бір қабат ебін тауып жолығар ем,

Орнына сен жаныңды қисаң, – дейді.

 

Қағира айтты: – Көнеміз, не десеңіз,

Жаным қиям достым үшін, өл десеңіз.

Ант беріп, аят оқып, нандырайын,

Ауызша айтқан сөзге сенбесеңіз.

 

Ант беріп, аят оқып, иландырды,

-Бас тартып бөгелмеспін мұнан, – дейді.

Қылыш шауып, мылтықпен атса дағы,

Достым үшін мойнымды бұрман, – дейді.

 

Мәлике айтты: -Қағира, тыңда, – дейді,

Уағдаңнан мойныңды бұрма, – дейді.

Достың үшін жаныңды рас қисаң,

Уағдаңды енді хиләф қылма, – дедйді.

 

Атам мені жөнелтер ертең ерте,

Қаратпас сөйлестіріп төңірекке.

Атам патша жұртына әмір қылса,

Жалғыз жан бұйрығынан жүрмес шетке.

 

Өзімнің опат болған тапқан анам,

Қабірде кебіндеулі жатқан анам.

Бұл күнде шешем өгей болса дағы,

Кем көрмес өзі тапқан жас баладын.

 

Қабірде жатыр тапқан ғаріп анам,

Жылаймын әр уақытта сағынғаннан.

Жөнелтерде атамнан ұлықсат сұрап,

Келермін «Йасин» оқып барып оған.

Ақ күмбезді анамның қабірі бар,

Есігін тартса ашылып-жабылар.

Тірі жанға көрінбей түнде барып,

Сол күмбездің ішінде табылыңдар.

 

Дариға, жолықпадың көптен бері,

Айныма осы қылған серттен, – дейді.

Анамның қабіріне барған шақта,

Жаныма жалғыз кісі ертпен, – дейді.

 

Атамнан осылай сұрап ұлықсат алсам,

Анамның қабіріне жалғыз барсам.

Зираттан мен болып қайтып келіп,

Кетесің ұзатылып, мұны ұйғарсаң.

 

Мен мұнда Таймұспенен қалсам, – дейді,

Сен онда ұзатылып барсаң, – дейді.

Сезілген соң қоймайды сені тірі,

Мойныңа осы өлімді алсаң, – дейді.

 

Мен мұнда қалған шақта сен өлерсің,

Өзің өліп қалған соң не көрерсің.

Өлмеймін деп ойлама осы жолдан,

Достыңмен арыздасып жөнелерсің.

 

Достың үшін жаның қисаң өлімге,

Ант бересің өліміңе шын көнуге.

Осы өлімнен қорықсаң тез, жылдам қайт,

Уақыт жоқ Таймұсқа енді көрінуге.

 

Қағира айтты: – Достыма жаным құрбан,

Достым үшін өлімнен мойын бұрман.

Қыз болып ұзатылып кету үшін

Ант беріп, аят оқып уағда қылам.

 

Мәлике тағы айтады Қағираға:

-Молда шешем білмесін мұны және.

Бұ сырды жалғыз адам сезбесін, – деп,

Бұған да ант байлады уағдаға.

Қағира бұл сөзді айтып шығып кетті,

Уағдасын бекітіп ұғып кетті.

Манағыдай киінген бойыменен

Молда шеше қасына кіріп кетті.

 

Молда шеше кірген соң оны көрді,

Көріп жауап сұрайды тағы енді.

-Мәликеге жолығып жөніңді айтып,

Аман-есен келдің ба, жаным? – дейді.

 

-Молда шеше, мен келдім есен-аман,

Мұндай тарлық көргем жоқ неше заман.

Ажал жетпей кеудеден жан шықпайды,

Киімің себеп болды, шеше, маған.

 

Пердеменен үйіне еніп едім,

Пердемді ашып жамалын көріп едім.

Қыз қылшқа ұмтылды «шабамын» деп,

Сіздің киім болмаса өліп едім.

 

Сіздің киім болған соң көңлі қайтты,

Кейін қайтып қылыштан қолын тартты.

«Молда шеше киіміне қан жұғад деп,

Ұстазым ренжиді», – деп бұл сөзді айтты.

 

Соның үшін келдім мен аман, – дейді,

Бұл жалғанда разымын саған, – дейді.

Баруға енді келмес шамамыз деп,

Қайтайын, ұлықсат бер маған, – дейді.

 

Молда шеше сонда айтты: – Жаным, балам,

Мен осының айтып ем жайын саған.

Алты жүз жолға шашқан алтыныңды

Қалдырмай түгелдеп ал бәрін тәмам.

 

Алты жүз алтындарын санады енді,

Қалдырмай бәрін санап алады енді.

Уағдасын Мәликемен бітірген соң,

Таймұсқа пәтердегі барады енді.

Таймұсқа келіп айтты көргендерін,

Мәликемен сөйлесіп келгендерін.

Қыз болып ұзатылып кету үшін,

Тағы да айтты уағда бергендерін.

 

-Мәликемен қаласың мұнда, – дейді,

Қыз болып мен кетемін анда, – дейді.

Ішінде ақ күмбездің тосып жатып,

Сол жерде жолығамыз қызға, – дейді.

 

Қағираның жауабын білді Таймұс,

Енді керек қылмайды қызды Таймұс.

Бір қыз үшін достынан айрылуға,

Бұл істі жөн көрмейді енді Таймұс.

 

-Қыз маған керегі енді болмас, – дейді,

Дүниеге сізсіз көңлім тынбас, – дейді.

Бір сағат жүзің көрмей шыдамаймын,

Қой, достым, қайғың ішке сыймас, – дейді.

 

Қызға ғашық болғам жоқ бұрын, – дейді,

Бұл қыздың көргенім жоқ түрін,- дейді.

Бір қыз үшін айрылып жан достымнан,

Соғұрлы керегі не маған, – дейді.

 

Мұндай бір қыз табылар елімізден,

Қалмайық, тез қайтайық, жөнімізбен.

Сыртынан ғашық болып іңкәрланбай,

Бұл қызды шығарайық көңлімізден.

 

Қағира: – Мәликемен уағдам біткен, – дейді,

Енді қайтып болмайды серттен, – дейді.

Әдейі іздеп келген соң қызды алайық,

Мен онда біржолата кетпен, – дейді.

 

Ажалсыз жан шықпайды, достым, – дейді,

Менен қорықпа, көңілді хош қыл, – дейді.

Тірі болсам келемін бір айналып,

Қырық күндей осы тамда тосқыл,- дейді.

Таймұс та бұл жауапқа мойындады,

Қағира мойындатпай қоя алмады.

Ішінен достын қимай айтса дағы,

Іздеген мағшұғы сол ойындағы.

 

Таймұс пенен Қағира келді тамға,

Көрінбей жасырынып бір адамға.

Там ішіне бекініп түнде келіп,

Сыр білдіріп, сездірмей тірі жанға.

 

Таң атып уақыт жетті мезгілінде,

Патша тұрды уағдасымен өз жөнінде.

«Ертерек Мәликені жөнелтем», – деп,

Мұны ойлап тұрып еді көңілінде.

 

Қызының сарайын келді патша,

Келіп қызының дидарын көрді патша:

-Алланың бұйрығымен жөнелтемін,

Жыламай киін, балам, – дейді патша.

 

-Әй, әке, киімімді кисем, – дейді,

Алланың бұйрығына көнсем, – дейді.

Бүгін жақсы сапарға жүрмек болсам,

Сұрайын бір тілекті берсең, – дейді.

 

Патша айтты қызына: – Балам, – дейді,

Не берсем де келеді шама, – дейді.

Тілейтін тілегіңнің айтшы жөнін,

Берейін тілегіңді тамам, – дейді.

 

-Құдайдың бұйрығына мен көнейін,

Үйімнен рұқсат алып жөнелейін.

Рұқсат берсең анамның қабіріне

«Йасин» оқып бағыштап мен келейін.

 

Зиратқа мен барайын жалғыз өзім,

Жақсы-жаман шыға ма лебіз сөзім.

Жылап-сықтап көңілімді басар едім,

Көрмесем сол уақытта жанның жүзін.

Сұраған мақсұт мирас, осы жайым,

Тілек алып көңілді хош қылайын.

Көштің алды жөнеліп шыға тұрсын,

Соңынан өзім барып қосылайын.

 

Патша мұны ұнатып ұйғарады,

Патшаның жарлығынан кім қалады.

Жұртымен амандастырып, көрістіріп,

Ұзатып қызын үйден шығарады.

 

Қызын үйден шығарды біржолата,

Амандасып көрісті қыз бен ата.

Жұртымен амандастырып, көрістіріп,

Жіберді анасының зиратына.

 

Қыз да кетті зиратқа жалғыз өзі,

Осылай рұқсат қылды ханның өзі.

Анасының басына «Йасин» оқып,

Келмекші болып кетті аның өзі.

 

Көш шығып шаһарынан жөнеледі,

Шешесінің қабіріне қыз келеді.

Там ішінде отырған екі жігіт,

Таймұс пенен Қағираны қыз көреді.

 

Таймұсты көрген жерден болды ғашық,

Тағат қылып тұрмады көңілін басып.

Іші-бауыры елжіреп оттай жанып,

Не дерін біле алмай тұрды сасып.

 

Таймұс та Мәликенің нұрын көріп,

Көрісті қарсы келіп қадам басып.

Ғашығы екеуінің бірдей болып,

Отырды қол ұстасып көңілі тасып.

 

Мәлике сонда айтты Қағираға:

-Бұл істің жөні болды-ау енді нешік?

Қағира айтты: – Қам жеме, Мәликежен,

Бір жөнін берер маған Хақ Тағала.

Қыз болып мен кетейін орыныңа,

Алла нәсіп әйласын жолығуға.

Күнінде осы тамға бір қатынап,

Уағда қыл қырық күн мұнда болуыңа.

 

Қырық мені тосыңдар осы тамда,

Тірі болсам келермін уағдамда.

Күндіз барып пәтерден тамақ ішіп,

Сыр білдірмей жүріңдер тірі жанға.

 

Қырық күнде келмей қалсам, мен өлгенім,

Дүниеде достым үшін не көрмедім.

Қырық күннен бір күн асса қарайлама,

Жөн болмас жолдан қалып бөгелгенің.

 

Осы сөзбен уағда қылады енді,

Жәрдем бер деп Алладан сұрады енді.

Мәликенің киімін киіп алып,

Қағира Мәликеше болады енді.

 

Қыз киімін киіп ап атқа мінді,

Ұзатқан қыздың түсті қалпына енді.

Қырық күнде келермін деп уағдаласып,

Жөнелді достын тастап артына енді.

 

Таймұс пенен Мәлике тамда қалды,

Досы үшін жылап енді қайғыланды.

Қыздың көші бөгеліп тосып тұрған,

Бөгелмей сол бойымен көшке барды.

 

Жөнеліп көшіменен бірге кетті,

Бұл сырды жалғыз адам сезбей кетті.

Пердені ашып көрінбей тірі жанға,

Бірнеше күнде шаһарына әзер жетті.

 

Келіншек болып түсті Қағира онда,

Алдынан хабар барды бұрын онда.

Алдындағы «күйеудің» қарындасы,

Бар қызы падишаның тағы да онда.

Алдынан бұ қыз шықты жеңгесінің,

Қисабы көп, не керек өңгесінің.

Жүзін көріп Құдайға шүкір қылды,

Өзі көркем Мәликедей теңдесінің.

 

Енгізді арнап салған сарайына,

Көрген жан таң қалады шырайына.

Ішінен әлде қандай (болады деп,

Қағира сиынады Құдайына).

 

Күйеуі (естіп мұны қамданады,

Салтанатын түзетіп сәнденеді).

Үйде жатып алдырған келіншегін

Оңаша көремін деп ойға алды.

 

Қағира мұны естіп біледі енді,

Арасында хабаршы жүреді енді.

Жаңа түскен келіншек арыз қылып,

Атасынан бір тілек тіледі енді.

 

-Алыс жолдан мен келдім жүдеп, – дейді,

Оның үшін тілеймін тілек, – дейді.

Бұ күнде балаңызға көрінуге

Қорғанады сескеніп жүрек, – дейді.

 

Тынығып өз-өзіме келсем екен,

Бұрынғы шырайым енсем екен.

Бір жеті күн тынығып шырайланып,

Мұнан кейін балаңызды көрсем екен.

 

Атасы келін сөзі қабыл қылды,

-Тілегін алсын балам тағы, – дейді.

Жеті күн өтпей жүзін көрмесін, – деп,

Падиша баласына әмір қылды.

 

Жеті күн тоқтады енді хан баласы,

Занның жалғыз ардақты шаһзадасы.

Жеті күн өткенінше қыз-келіншек,

Жеті күн тынықпақшы – уағдасы.

Жеті күн қыз-келіншек жатты бірге,

Оңаша зинатланған алтынды үйде.

Хан қызының қасында қырық қызы бар,

Бұлар басқа жатады астыңғы үйде.

 

Қағира бірге жатты хан қызымен,

Ханның қызы ай-шолпан жұлдызымен.

Күнде бір қыз айтады хикая сөз,

Бұлайша уағдаласты қыздарменен.

 

Бұл қыздар хикая айтар білгенінше,

Келіншектің көңілі сүйгенінше.

Күнде бір қыз айтады хикая сөз

Талықсып ұйқы көзге келгенінше.

 

Кеңеспен таң атқаны білбейді,

Қағира сөз тыңдауға ерінбейді.

Кеңеспен таңды-таңға ұластырып,

Қыздардың көзі ұйқыға ілінбейді.

 

Бұл ұйқы қалжыратты барша қызды,

Қағирамен бірге жатты патша қызы.

Бір күн көзі ұйқыға барған шақта,

Жеңешең ыңғайлап жүр ханшаңызды.

 

Оянып қыз сескеніп түрегелді,

-Әй, жеңеше, не тамаша мұның, – дейді.

Оның да кеудесінде жаны жоқ па,

Алған соң бір ыңғайлап жібермеді.

 

-Сөзімді тыңда, – дейді, – ханның қызы,

Болатын жеңешеңнің һәр мінезі.

Әуелі мұрат хасыл болып өтсін,

Айтылар содан кейін мағынасы.

 

Не керек, сөйтіп өтті мұрат хасыл,

Отқа түсіп шыққан соң болат жасыл.

Енді бөтен күйеуге барар бет жоқ,

Қалмады хан қызында ұят асыл.

Бұ қыз бұрын күйеуге берілмеген,

Һеш адамға дидары көрінбеген.

Қыздың мүлкі бұзылып қалды ғапыл,

Аң-таң болып отырды соққандай сең.

 

Қыз сонда Қағирадан сөз сұрайды,

-Неге маған айтпадың осы жайды.

Сен менің нақ сүйген жарым болсаң,

Құда түсе еліме кім барыпты?

 

-Мен айтайын, сен ұғып тыңда, – дейді,

Сөзден бөтен көңіліңді бұрма, – дейді.

Патшаның жалғыз ұғлы Қағирамын,

Келтірген атаң өзі мұнда, – дейді.

 

Патшаның қызы едің ардақтаған,

Айттырам деп елші салды һәр тараптан.

Атаң сені күйеуге бермеймін деп,

Салдырған аулақ  сарай арнап саған.

 

Айттырмаған елші жоқ тәмам елден,

Қанша патшазадалар саған келген.

Атаң соның біреуін қабыл көрмей,

Алланың бұйрығымен маған берген.

 

Атаң маған келін боп келсін деген,

Келген соң бірін-бірі көрсін деген.

Бірін-бірі ұнатып қабыл алса,

Бұлайша ынтымаққа енсін деген.

 

Көрінбей кетсін деген тірі жанға,

Көрінсе душар болар бір дұшпанға.

Ерсең жүр, ермесең ерік өзіңде,

Бұл басылған сүйекке біздің таңба.

 

Атаңның өсиеті осы қылған,

Себебі бұл: дұшпаннан шошынғаннан.

Ендігісін өзің біл не қылсаң да,

Күнә жоқ іздеп келіп қосылғаннан.

Маған ерсең жүресің түнде, – дейді,

Көріспей біз кетеміз елге, – дейді.

Қағираны көңілі ұнатқан соң,

Қыз дағы даярланды жүруге енді.

 

Екеуі асыл киім киіп алды,

Неше түрлі бұйымды жиып алды.

Қыз шашын төбесіне түйіп алды.

Екеуі екі арғымақ мініп алды.

 

Бір татса бес күн қарын ашпайтұғын,

Торсыққа бал-шекерді құйып алды.

Шаһардан түнде шықты екі шаһизат,

Тәуекел деп аллаға сыйынады.

 

Тәуекел деп жөнелді екі шаһизат,

Мінгені екеуінің – арғымақ ат.

Бұлар осы жөнімен бара тұрсын,

Сөйлейін тағы артында бір ауыз хат.

 

Ұйқысы келгеннен соң қыздар жатты,

Қанша мезгіл болғанын білмей қапты.

Сәскелікте патшаның уәзірлері

Жоқтады шарбақтағы арғымақты.

 

Қызметшілер арғымақты жүрді қарап,

Қарады жан-жағынан шаһарды аралап.

Қыз сарайының қақпасы ашық жатыр,

Қарасып бұлар жүрді тамашалап.

 

Қызметшілер арғымақты іздеп жүрді,

Терезенің тұсынан дүбірлейді.

Бұлардың дүбірлеген дыбыстары

Үйдегі жатқан қыздарға білінбейді.

 

Қыздар шықса, қақпасы ашық жатыр,

Қарауылшылар һәр жерден тез қарап жүр.

Ашық жатқан қақпаны көргеннен соң,

Қайтадан үйге кірді сасып пақыр.

Қыздар келді ханшаның бөлмесіне,

Ханшаға мұнан хабар бермесін бе?!

Жүгіріп келсе, қыз бенен келіншек жоқ,

Көп қыздар мұны келіп көрмесін бе.

 

Қыздар барып қарауылшыға хабар берді,

Патша да бұл хабарды сезеді енді.

Бір түнде ғайып болды қыз бен келін,

Патша іздеп қайдан тапсын мұны енді?!

 

Патшаның ғайып болды қыз, келіні,

Һешкімге білінбейді мұның жөні.

Мен түгіл патша іздеп таба алмайды,

Қояйын соныменен мен де мұны.

 

Келеді Қағирадан енді кеңес,

Бұлардан кеткен жөнін адам білмес.

Өнермен патша қызын алып қайтты,

Хақ жандырған шырағы сөндірілмес.

 

Қағира қызбен қашып жөнеледі,

Бір жөнеліп алған соң бөгелмеді.

Қағира тура жолын білгеннен соң,

Баяғы там түбіне келеді енді.

 

Зираттың бұлар келді түбіне енді,

Ханның қызы һеш нәрсе білмей келді.

Алдында Таймұс пенен Мәлике тұр,

Бұлардың ісін Тәңірім жөндей берді.

 

Таймұс пенен Қағира көріседі,

Бірінің-бірі бетінен өбіседі.

Көрісіп отырысып көңіл тынып,

Сұрасып хал-жайларын біліседі.

 

Сол күні отыз тоғыз күн болған екен,

Таң атса қырық күн уағда толған екен.

Күндіз барып пәтерден тамақ ішіп,

Түнінде тамға қонып тұрған екен.

Сол күні Таймұс жылап отыр екен,

Келмеді деп көңілі қорқуда екен,

Бұл уақытта Қағира жолығысты,

Жүрмекке бір күннен соң тұрған екен.

 

Бір-бірін есен көріп амандасты,

Хан қызына сыр айтып тамамдасты.

Бұл төртеуінің көрік-сипаттарын

Қиыстырып сипаттап біле алмас-ты.

 

Отырып ақылдасты төрт асылзат,

Төртеуінің мінгені – арғымақ ат.

Тәуекел деп жөнелді тағы түнде,

Төртеуі де ханзада асыл әулад.

 

Жолықты ғашық болып бір-біріне,

Өлшеулі жан болмайды бұл төртіне.

Екеуі екі пташаның қызын алып,

Қағира мен Таймұс келді өз еліне.

 

Патшаның айы-күні туады енді,

Естіген жұрт қисапсыз қуанды енді.

Өзінің қол астының халқын жинап,

Таң қалғандай ұлық той қылды енді.

 

Таймұсты Қағирамен жаздым мен де,

Һәркімнің мақсұт болар көңілінде.

Осындай мүддесі бар құрбыларым,

Мұратқа жетіңіздер бәріңіз де.

 

Осылай бұл қиссаны жаздым тәмам,

Һәрқашан медет берсін Хақ Тағалам.

Қатасы болмайды емес, бар да шығар,

Бұл тұста көңіл шіркін борсаладың.

 

Сөз жаздым бір-екі ауыз аяғына,

Риза боп екі жастың талабына.

Мен әлімше осылай сөз қосушы,

Кеңесіп, ақылдасып қаламыма.

Падиша той қылады жиып халқын,

Ауызбен айтып болмас оның қалпын.

Бозбала, зердең болса осындай қыл,

Ілгерірек ұмтылып, іздеп талпын.

 

Болмайды іздегенге табылмас іс,

Іждағатың болмаса, үмітің кес.

«Өнерді үйрен дағы жирен» деген,

Не қылды Қағира мен, мына Таймұс.

 

Сөзімнің енді аяғы болды тәмам,

Шаршамас ауыз бен тіл, қол мен қалам.

Назымлап жаздым мұны мұхтасарлап,

Түйінді жазбаққа да келер шамам.

«Бабалар сөзі» кітабынан алынды

 

 




Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to Top ↑