banner-top12

Алыстағы ағайын kartinki24_tulips_7416

Қосқан уақыты Мамыр 16, 2019 | 156 рет оқылды | сайтқа қосқан shalqar

0

Қанатымен су сепкен қарлығаш қыз

 

Алтынай-омск

«Әлемнің әр түкпірінде бөлшектенген қазақтардың бірі ретінде біздерді бірінші болып іздеп, тауып, атамекеннің тапырағын басуымызға себепші болған осы «Шалқар» газеті еді» – деп бастады әңгімесін Алтынай Жүнісова. Алабұртқан жүзінен көптен бері көрмеген ортаны сағыну байқалады. 

«1992 жылы алғаш рет осы газет ұжымының араласуымен сонау Омбыдан осында келіп, «Атамекен ән-жырлары» деген салтанатты жиынға қатыстық. Содан бері қазақ елімен байланысымыз жан-жақты дамып келеді» деп әңгімесін жалғады. Алтынай елімізге жолы түскенде «Шалқар-2» газетінің шаңырағына арнайы бас сұғады. Қазақы пейіл, жарқын құшаққа енгенде өзін еркін сезінген ерке қыз көсілтіп әңгімесін айтады, ішіндегі арманын сыртқа шығарады. Осы жолы дәл солай болды.

«Шалқардың» шаңырағында болған отырыста Ресей Федерациясы Омбы облысындағы аймақтық «Мөлдір» Сібір мәдени орталығының төрайымы, ҚР мәдениет қайраткері Жүнісова Алтынай Хайдуллақызын әңгімеге тарттық.

 

Тіл мәселесін оңалту – инемен құдық қазғандай…

Алтынай, өзіңіз Омбыда туып-өсіп, орыс мектебін бітірсеңіз де қазақ тілінде жақсы сөйлейсіз. Ата-баба қанымен келген ана тілді бойыңызда қалай сақтадыңыз, қалай дамыттыңыз?

–Қазақ тілінің тағдыры Ресей қазақтарының, басқа да шет елдердегі қандастардың арасында, тіпті осы қазақ елінде де әлі шешімін таппаған күрделі мәселе болып тұр. Сондықтан бұл жайт жүрегі ұлтым деп соққан екі қазақ бас қосқан жерде де жиі көтеріледі. Кешегі өткен дүбірлі додадан кейін Еуропадан келген бауырларымыз және осында диаспора мәселесін жан жақты зерттеп жазып жүрген белді журналистермен болған басқосуда осы тіл мәселесі тағы да сөз болды. Сонда бір Еуропадан келген ғалым ағамыз «бұл мәселені шешу үшін мына біздің буын кетіп, одан кейінгі жастар қарқынды жұмыс атқаруы керек шығар» деген пікір білдірді. Сонда біз қолымыздан ештеме келмейді деп қарап отыра беруіміз керек пе? Әрине, тіл мәселесін оңалту – инемен құдық қазғандай. Десе де, әркім шама-шарқынша атсалысу керек деп ойлаймын. Омбыда таза қазақтар тұратын ауылдар болғанымен, таза қазақ мектебі деген жоқ. Бірақ, Омбы облысындағы аудандардың 17 мектебінде қазақ тілі пән ретінде жүргізіледі. Бұл теңізге тамған тамшыдай ғана нәрсе. Алайда, өзім басқарып отырған «Мөлдір» мәдени орталығы арқылы қазақ тілін жандандыру жолында жұмыс жасап келеміз. Айталық, орталыққа қазақ тілін білмейтін 5 жастағы бала келеді. Оған тілін бұрап тұрып «Қайда жүрсем Атамекен, Көкейімде жатады екен» деген әнді үйретеміз де, сосын «атамекен» деген не, «көкейімде» деген сөз нені білдіретінін ұғындырамыз. Қазақтың ұлттық биін үйретіп, ұлттық киім киіндіріп сахнаға шығарамыз. Сөйтіп, ән арқылы баланың санасына қазақтың тілін, рухын сіңіруге тырысамыз.

Жыл сайын «Әнші балапан» байқауын өткіземіз. Алғашында бұл байқауға 30-40 бала ғана қатысатын, қазір олардың саны 150-200-ге дейін жетті. Сонымен қатар үлкендерге арналған «Ұрпақ үні» деген байқауды қолға алдық. Онда жас ерекшелігіне қарамай күйші де, қолөнерші де, биші де өнерін ортаға салады. Міне, Омбыдағы қандастардың басын біріктіріп, өнерін жандандыруды мақсат еткен осы шараны «Қазақтың ұлттық шығармашылық фестивалі» деп атадық. Қазір Омбы облысындағы қазақтар тұратын аудандарда осындай мәдени орталықтар көптеп ашылып жатыр.

Ал қазақ тілін жақсы сөйлейтінім – біз отбасымызда тек қазақша сөйлесеміз. Қазақтың ораза ұстау, құрбандық шалу, тұсау кесу деген барлық салт-дәстүрі мен дінін жақсы ұстанамыз. Әжеміз намаз оқитын. Екіншіден, қазақ тілін меңгеруіме кітапты көп оқып, өзімше ізденгенім де көп пайдасын тигізді. Оның үстіне «Мөлдір» атты Сібір мәдени орталығын басқарып, онда қазақ жастарының санасына ұлтының тілін, ділін сіңіру жолында жанталасып жұмыс істеп жүргеннен кейін мен қазақша бұдан да жақсы сөйлеуге міндеттімін деп ойлаймын.

 

«Омбы қазақтарының халық санағын жүргізіп жатырмыз»

 

Биыл Омбы облысындағы аймақтық «Мөлдір» Сібір мәдени орталығының құрылғанына 20 жыл толыпты. Осы уақыт аралығында орталық қаншалықты қанат жайды?

–1989 жылы Омбыдағы және осы қазақ елінен оқуға барған қазақ жастары бірігіп, осы «Мөлдірді» құрған едік. Содан бері небір қиын күндерді басынан кешкен орталық әлі күнге еңсесін тік ұстап келеді. Бүгінгі күні орталықта ән, домбыра, би, көркемсөз оқу үйірмелері жұмыс істейді. Сонымен қатар фольклорлық-этнографиялық «Мөлдір» атты ансамбліміз бар. Онда жүзден астам өнерпаз өнер көрсетеді.

«Мөлдір» орталығы басқа елдермен де жан жақты мәдени байланыстар орнатып келеді. 2007 жылы Дүниежүзі қазақтары қауымдастығымен бірігіп «Омбы-Ертіс өңіріндегі қазақтар» атты халықаралық конференция өткіздік. Жыл сайын Ресей қазақтарының проблемасын көтеретін конференция ұйымдастырамыз. Сондай-ақ Пушкин атындағы облыстық ғылыми кітапханамен тығыз байланыс жасап, онда шығармашылық кештер, поэзиялық кештер өткіземіз.

Омбы қазақтары 1989 жылдан бері наурыз мерекесін тойлап келеді. Осы мерекеге облыстың түкпір-түкпіріндегі қазақтар өнерлерін сайлап, үлкен дайындықпен, ерекше толқыныспен келеді. Қазір концерттік бағдарламаны 1200 орындық үлкен залда өткізіп жүрміз. Әрине, айтулы мерекеге мықты өнерпаздарды іріктеп алғанмен, ешкімнің кеудесінен итермей, кішкентай композиция жасасақ та бәрін қатыстыруға тырысамыз. Осындай мерекге қазақтарды неғұрлым көп жинасақ, соғұрлым олардың қарым-қатынасы кеңейеді ғой. Сондықтан осындай шараларды жиі ұйымдастырып, ұлттық діңгегімізді мықты ұстап тұрсақ дейміз.

Тағы бір ауыз толтырып айтар үлкен жұмысымыз – Омбы қазақтарының халық санағын жүргізіп жатырмыз. Қалада қырық мыңдай, ал облыс бойынша санымыз жүз мыңға жетіп қалды. Өзімізід өзіміз түгендемесек, Ресей қазақтарының төлқұжатында ұлт жазылмайды.

 

«…Олар бізсіз де көп»

Қыздарымыздың орыс жігіттерінің етегінен ұстауы немесе ұлдардың басқа ұлттың қызымен отбасын құруы белең алып кеткен жоқ па? Жалпы өзіңіз осы басқа ұлтпен отбасы құру мәселесіне қалай қарайсыз?

–Менің байқағаным, басқа ұлтпен будандасу Самара елінде көп кездеседі екен. Басқа аймақтарда жоқ деуге болмайды, бірақ сирек. Кезінде біздің поколениеге «өзге ұлттың жігітіне күйеуге шықсаң, үйден кетесің, сен біз үшін шіріген жұмыртқасың» деп тәрбие беретін. Ал қазір ондай ата-аналар сирек кездесетін сияқты.

Өзге ұлттың жігітін жақсы көру деген өз өміріңізде кездеспеді ме?

–Отбасындағы тәрбиеден бе, мен алыш-ұшып тұрған жас кезімнен-ақ басқа ұлттың жігітімен отбасын құру немесе махаббат жасау деген мәселеге қарсымын. Бірақ біздің кезімізде де ата-анасының сөзін аттап, орыс жігітімен қашып кеткен қыздар болды. Бірде Саратов облысына барғанда сондай бір кезінде дос болған қызды іздеп, тауып алдым. Орыстан туған екі баласы бар екен, жап-жақсы отбасы болып тұрып жатыр. Бірақ мен «орысқа тиіп бала тапқанша, күйеуге шықпай-ақ қойған дұрыс» деген қағиданы ұстанамын. Мұны көп адамдар теріске шығарады. Бірақ мен осы ұстанымда қалып, одан да орталықта 24 сағат жұмыс істеп, қазақ балаларын тәрбиелейін деген шешіммен өмір кешіп келемін. Бұл менің таңдауым. Әрине, осы уақытқа дейін маған да талай ұсыныстар жасалды. Кезінде студент болдық, жас болдық, кеш түсіндік дегендей. Оның бәрі өтті, кетті. Ал бүгінгі күні қазақтың қыздарына «күйеуге шығу, ана болу әйелдерге Алладан берілген бақыт десек те, орысқа немесе басқа ұлтқа күйеуге шығып оларды көбейтпей-ақ қойыңдар, олар бізсіз де көп. Одан да басыңда сана-сезімің болса, қазақтарды көбейтуді ойланыңдар» деп дөрекі болса да беттеріне айтамын. Одан кейін баланы әкесіз өсіретін қыздарға қарсымын. Анасы бетіне жел тигізбей өсіргенмен, ол өзін әкесі бар баламен теңмін деп сезіне алмайды. Көзінде мұң болады. Маған да ақыл айтқыштар көп. Абайдың оныншы қара сөзінде «Біреулер құдайдан бала тілейді. Ол баланы не қылады? Өлсем орнымды бассын дейді, артымнан құран оқысын дейді, қартайған күнімде асырасын дейді. Артымнан балам құран оқысын десең, тірлікте өзіңнің жақсылық қылған кісің көп болса, кім құран оқымайды? Егер жаманшылықты көп қылған болсаң, балаңның оқыған құраны сені неге жеткізеді?» деген сөздер бар ғой. Сол сияқты баланы ойыншық қылуға болмайды.

 

 «Шоқанның ескерткішіне қарап көзіме жас алдым…»

Омбыда Шоқан Уәлихановтың ескерткішінің ашылуына сіздің көмегіңіз көп болған деп естиміз.

–Бізде Шоқан Уәлиханов атындағы көше бар. Сол көшенің басына Шоқанның ескерткіші тұруы керек деп орын белгілеп қойғанбыз. Алайда қанша жыл өтсе де сол жақтың әкімшілігі қолға алмады. Осы Қазақстанға келген бір сапарымда Талдықорғанға бардық. Қалада Шоқанның үлкен ескерткіші тұр екен. Кетіп бара жатқанда Шоқанның ескерткішіне қарап көзіме жас алдым. Уақап аға «Неге жылайсың?» деді. Шоқанның осындай бір ескерткіші бізде де болса ғой деген арманымды, сол істің қанша жылдан бері атқарылмай келе жатқанын айттым. Сосын елге келген соң ескерткішті орнату жайында жан жаққа хат жаза бастадым. Омбының әкімшілігі қиын заманда ондай ескерткішке қаржы жоқ деді. Қазақстанда осы мәселе жөнінде шарт жасасқандай болғанбыз, ол кісілерден «біз ескерткіштің дизайнын көріп, оның дұрыс-бұрыстығын тексеретін маман ғана жібере аламыз, ал қаражатын сол жақ шығару керек» деген жауап алдық. Сосын қазақ елінің Елбасына хат хаздық. Ескерткішті орнататын орынды жан жағынан суретке түсіріп қоса салып жібердік. Сол 2004 жылы сол кездегі Қазақстанның Ресейдегі елшісі Қ.Көшербаев, Петропавл қаласының әкімі Т.Мансұров бастаған делегация Н.Назарбаевтың сыйлаған Шоқан бейнесін әкеліп орнына қондырып берді. Омбы қазақтарына Елбасы Шоқанның қайталанбас тұлғасын, өр рухын сыйлады. Қазір қаладағы ең әдемі ескерткіш. Қазақ жастары Шоқанның қасында кездеседі, үйленгендер гүл шоқтарын қояды.

Тағы қандай игілікті істі қолға алмақсыздар?

–Омбы – тарихи қала. Онда Шоқаннан бастап С.Сейфуллин, М.Жұмабаев, Ә.Бөкейханов, Н.Нұрмақов, С.Мұқанов, Қ.Кемеңгерұлы, Ж.Шаяхметовтар оқыған. Алда жоспарларымыз көп. Қазір репрессия құрбаны Қошке Кемеңгерұлына көше атын беруді сұрап жатырмыз.

Енді тағы қайда жол жүргелі отырсыздар?

–Семей мемлекеттік педагогикалық институтының 75 жылдық мерейтойына арналған үлкен жиынға шақырту алдық. Онда Білім және ғылым министрі Ж.Түймебаев пен Шығыс Қазақстан облысының әкімі Б.Сапарбаевпен кездесу өткізсек деген ойымыз бар.

Сол жиында ғылым-білім саласындағы мәселелер жайында сөйлесесіздер ме?  

–Әрине, сәті түссе Омбы қазақтарының тілді меңгеруіне қандай көмектеріңіз бар, ондағы мектептерді жаңадан шыққан оқулықтармен қамту жағы қалай, мұғалімдерімізді осында білімін жетілдіруге жіберсек қалай болады, «Балдәурен» демалыс орнынан балаларымызға орын берілсе, тек дем алу ғана емес тілді меңгертетін арнайы орындар болса деген ұсыныстарымды айтпақпын.

Осы сапарымызда да Ресей қазақтарына арналған қазақ тілін үйрететін дисктер мен кітаптарды дорбалап әкетіп бара жатырмыз. Осы дисктерді көбейтіп, әрбір отбасына таратамыз.

–Әңгімеңізге рахмет.

 

Сұхбаттасқан Мейрамгүл Құрманалиева

 

Әңгіме арасында

Қанат қағып қарлығаштай жалғаймын

 

Қанат қағып қарлығаштай жалғаймын

Омбы менен Қазақстан арасын.

Көкіректі жарып шыққан бірнеше шумақ өлеңнің көпшілікке жеткізсем деген тұсы осы. Бұл өлең Ресейдің Омбы қаласында туылған қазақ қызы Алтынай Жүнісова мен көкшетаулық ақын марқұм Ерік Асқаровтың поезда кездейсоқ кездесіп, ортақ тіл табысқан кездерінде туған. Өлеңнің мазмұны Алтынайдың көкірегінен ақтарылып, Еріктің құрауымен қағазға түскен. Мұнда жүрегі нәзік болғанмен мінезі ер, сұлу мүсінінде ер азаматтың асып тасқан қуаты бар, орыс жерінде бойына сіңірген білімі мен тәжірибесін шетте жүрген қазақтың ұрпағы ұлттық рухынан айрылмасын деп сарқа жұмсап жүрген Алтынай арудың шын болмысы көрінеді. Алып мемлекеттің бір бөлігі мен ата бабасының елі арасында мәдени байланыс орнатудың ретін тауып, жалғыз аяқ жолды даңғылға айналдыруға атсалысып жүрген Алтынайдың азаматтық істеріне сүйсінесің. Кейде Алтынайды қанатымен су сепкен қарлығашқа ұқсатасың.

 

 

Қазақтың қызына үйленуге уәде берді

 

Менің мәнерлеп сырғанаумен айналысатын Дарын Жүнісов деген жиенім бар. Ол Омбыда 7 жыл, Мәскеуде 2 жыл дайындалды. Өткен жылы Қазақстанның азаматтығын алды. Енді осы елде дамымаған спорт түрінен әлемдік жарыстарға Қазақстанның артынан шығуға дайындық үстінде.

Анам ауруханада қатты ауырып жатқанда Дарын екеуміз жағдайын білуге бардық. Сонда Дарын әжесінің құлағына бірдемені деп сыбырлағанда, анам қатты риза болып қалды. Кейін сыртқа шыққаннан кейін анамның құлағына не жайында сыбырлағаны жайлы сұрағанымда «қазақтың қызына үйленемін» деп уәде бердім деді. Сөйтсем, содан біраз уақыт бұрын анам Дарынға «сен қазақсың, қазақтың қызына үйленуің керек, маған уәдеңді бер» деген екен.

 

 




Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to Top ↑