banner-top12

Ақпараттар ағымы 13087294_868521329943132_3549847376403090838_n

Қосқан уақыты Мамыр 12, 2016 | 1  131 рет оқылды | сайтқа қосқан shalqar

0

Қандастарға өнерімізді сыйлаймыз

 

13087294_868521329943132_3549847376403090838_n13165972_1264773670218290_2904684630785234573_n

2016 жылдың 14-15 мамыр күндері Кельн қаласында өтетін шетел қазақтарының құрылтайына Қазақстаннан бір топ делегация құрметті қонақ болып қатынаспақшы. Ілгерілі-кейінді атамекенге ат басын бұрған қандастарға жиырма жылдан бері жан-жақты қолдау көрсетіп келе жатқан Халықаралық “Жанашыр” қоғамдық қоры (президенті Жаңыл Əпетова; демеуші Алтай Үмітаев; Баспасөз қызметінің жетекшісі Маржан Тұрысбекқызы) Кельндегі дүбірлі дүрмекке Қазақстандық делегацияны ұйымдастырып, бастап келеді. Талай жыр бəйгесінде қара үзген: Мұхамеджан Тазабеков, Жандарбек Бұлғақов, Сырым Əуезхан сынды арынды айтыс ақындары Еуропа қазақтары алдында қара өлеңнің қаймағын сыпырмақ. Қазақ эстрадасының жұлдызды əншілері: Ұлықпан Жолдасов, Төреғали Төрəлі, Төрəлі Төлепов, Фарида Жолдасова, Қажымұрат Шешенқұлұлы, жыршы-термеші Əбіш Əділбеков тойға əннен ақ маржан шашпақ. Құрылтай күндері ҚР Суретшілер одағының мүшесі, “Дарын ” Мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Гүлназым Өмірзаққызы мен этнограф-суретші Салтанат Өмірəлі өздерінің жеке сурет, қолөнер бұйымдарының көрмесін ашады. Қазстандық өнер саңлақтары бүгінде осы сапарға жан-жақты қамдануда! Осыған дейінгі Еуропа мемлекеттерінде өткен қазақ бауырлар басқосуларының концерттік бағдарламаларын əркез жүргізіп келген Қазақ радиосының журналисі Жазира Амантайқызы, Кельнде де сахна тізгінін қолына алмақ. Ендеше, сан ғасырлар санасы сарғая жүріп қол жеткізген Қазақ елінің төл тəуелсіздігінің ширек ғасырлық мерекелі жылы шетелдегі бауырлармен амандықта жүздескенше!!!

Қазақстандық айыскерлер тобын бастаушы –
Мұхамеджан Тазабек

Muhamedzhan

Алла бұйыртса, Кельнде өтетін Еуропа қазақтарының Құрылтайында шашасына шаң жұқпас саңлақ ақындар айтысын тамашалайтын күн де таяп қалды. Құрылтайда сөз сайысына түсетін Қазақстандық айыскерлер тобын бастаушы –
Мұхамеджан Тазабек. Оның есімі қазақ мəдениетінің бір асыл арнасы – айтыс өнерін насихаттаушы және айтыскерлердің жаңа буынын тәрбиелеуші тұлға ретінде де жақсы танымал. Сондай-ақ, ол, 2013 жылдан бастап, «Нұр Отан» партиясы қамқорлыққа алған республикалық айтыстардың (“Кіл жүйрікте – кім жүйрік?», «Бір халық, бір ел, бір тағдыр», «Береке басы бірлікте», «Отбасым – тірегім, Отаным – жүрегім») ұйымдастыру-үйлестіру тобының, қазылар алқасының мүшесі. М.Тазабек осыған дейін «Ақындық өнердің қыр-сыры», «Ақын айтатын сөз», «Ақын деген кім?» т.б. тақырыпта шеберлік тренингтерінің авторы жəне лекторы.

Осы жолы ол Кельнде өтетін Еуропа Қазақтарының құрылтайына, өзінің соңынан ерген арынды ізбасарлары, айтыскер ақындар: Жандарбек Бұлғақов пен Сырым Əуезханды ертіп бара жатыр.

271994CB-BD25-4D23-8604-938D157A7440_cx0_cy0_cw95_mw1024_s_n_r1

Жандарбек Бұлғақов 1991 жылы 25 сәуірде дүниеге келген.

2005 жылы Талдықорған қаласында өткен Сүйінбай Аронұлының 190 жылдығына арналған Халықаралық ақындар айтысында Бас жүлдеге;

2006 жылы Алматы қаласында өткен Д.А.Қонаевқа арналған Республикалық ақындар айтысында 1-орынға;

2007 жылы Жамбыл Жабаевтың 161 жылдығына арналған Республикалық ақындар айтысында Бас жүлдеге;

2009 жылы Жамбыл облысында өткен Кенен Әзірбаевтың 125 жылдығына арналған ақындар айтысында Бас жүлдеге;

2009 жылы Қаратал, Панфилов аудандарының 80 жылдығына арналғанРеспубликалық ақындар айтыстарында Бас жүлдеге ие болған.

2010 жылы Монғолия Республикасы Баянөлгей аймағының 70 жылдық мерейтойына қатысып, Монғолия Республикасы Президентінің «Алтын жұлдыз» медалімен марапатталды.

2011 жылы қазан айында Талдықорған қаласында өткен Бақтыбай Жолбарысұлының 175 жылдығына арналған Республикалық ақындар айтысында Бас жүлдені иеленіп, Астана қаласында өткен Республикалық ақындар айтысында 3-орынға ие болды.

2013 жылғы «Алтын домбыраның» иегері.

2014 жылы «Мәңгілік ел – мұратым» айтысының І орын иегері

2015 жылы «Сөздің пірі – Сүйінбай» атты айтыста Бас жүлдені иеленді.

Жандарбек: – Кельн қаласына осымен екінші рет жолым түсіп тұр. Осыған дейін Еуропа қазақтарының алдында өнер көрсетіп, шетелдегі бауырлардың ақ батасын алып қайтқаным бар. Өнеріміз ел көңілінен шықса керек, бұл жолғы құрылтайға да аттай қалап шақырып отыр. Атажұртын аңсап жүрген бауырларды өлеңмен сусындатып қайту біз үшін үлкен мəртебе! 

“Мейман боп адам пенде қайда бармас, Құдайдың дəм мен тұзы айдаған күн”- деп ақындар жырлағандай, осыған дейін Қытай, Моңғолия,Түркия, Ресей т.б елдер сахнасында өнер көрсеттім.

   Өткен жылы Қазақ хандығының 550 жылдық тойын халықтық мерекеге айналдырдық. Керілген кең дала төсінде биыл да дүбірлі той жалғасуда… Дүйім жұртты шалқар қуанышқа бөлер Ұлы той- Қазақ елі тəуелсіздігінің 25 жылдық тойы құтты болсын! Бүгінгі бейбіт заман мен берекенің, қадіріне жетіп халқымыздың өсіп-өркендеуіне үлес қоса берейік!

6CE602D1-BDDC-45AC-9E25-D59ED13687F3_cx0_cy2_cw0_mw1024_s_n_r1

Сырым Әуезхан – «Асыл арна» телеарнасының жүргізушісі, ақын.

2008 жылы. Астананың 10 жылдығына арналған «ЖасStar қанаты» ІІІ музыкалық фестивалінің «Үздік ойыншы» номинациясының иегері

2008 жылы. Қазақ фольклоры фестивалі аясында өткізілген «Таза мінсіз асыл сөз…» атты байқаудың ІІ орын иегері

2009 ж. 101,4 FM Астана радиосының 10 жылдық мерейтойына арналған «Менің Астанам: 10 жылдық қаһармандары» акциясының «Астана үміті» номинациясы бойынша жеңімпазы.

2010 жылы«Асыл арна» телестудиясының «Әдептілік, ар–ұят – адамдықтың белгісі» ақындар мүшайрасының «Үкілі үміт» номинацициясының жеңімпазы,

2010 жылы Астана қаласы орта мектептерінің арасында өткен 2-қалалық «Асыл мұра» атты ұлттық өнер байқауының  «Айтыс» номинациясы бойынша Бас жүлде иегері,

2010 жылы «Тәуелсіздікке тағзым» атты облыстық ақындар айтысының Үкілі Ыбырай Сандыбайұлы атындағы 2-дәрежелі арнайы жүлде иегері,

2010 жылы Республикалық оқуларында «Тартынбай сөйлер асылмын…» жас дарындылар бөлімі бойынша екінші дәрежелі диплом жүлдегері,

2011 жылы  Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдық мерейтойы аясында өткізілген  «Тәуелсіздік тағылымы» атты дарынды оқушылар айтысының  Бас жүлде иегері,

2011 жылы«Тәуелсіздікке тағзым» атты аймақтық ақындар айтысының 3 –дәрежелі диплом иегері, Тәуелсіздіктің 20 жылдығына арналған «Ең бірінші бақытым…» атты жас ақындар айтысының Бас жүлде иегері,

2011 жылыЕҰУ ұйымдастырған қалалық «Көктем. Жастық. Махаббат» атты мүшайраның ІІІ орын иегері, «Жыр алыбы – Жамбыл» атты мектеп оқушылары арасындағы республикалық айтыста І орын иегері

2012 жылы. С.Демирель университетіндегі халықаралық жастар айтысының 1 орын иегері

2012 жылы. Шапық Шөкиннің 100 жылдық мерейтойына арналған аймақтық айтыстың «Иса Байзақов» атындағы жүлдесінің иегері

2013 жылы. «Жыр Дода» халықаралық жастар айтысының ІІІ орын иегері

2013 жылы. Байқоңыр қаласында өткен «Ұшқыр ойлар» республикалық ақындар айтысының бас жүлдегері

2013 жылы. Мемлекет және қоғам қайраткерлері С.Сапарбековтің 110 жылдығы мен И.Әбдікәрімовтің 90 жылдығына арналған «Халқының қайсар ұлдары» атты республикалық айтыстың ІІ орын иегері

2013 жылы. КСРО халық әртісі, мемлекеттік сыйлықтың иегері, композитор Мұқан Төлебаевтың 100 жылдығына орай өткен «Біржанның інілері, Сараның сіңлілері» айтысының «Айтыстың Біржаны» арнайы жүлдесінің иегері

2013 жылы. Республикалық «Ілияс әлемі» атты жастар фестивалінде айтыс номинациясы бойынша І орын иегері

2013 жылы. Ұлыстың ұлы күні «Наурыз» мерекесіне орай «Жырларым ұяласын жүректерге» атты Файзолда Сатыбалды ишанның 130 жылдығы, Құтжан Қанжығалиннің 110 жылдығына арналған ақындар айтысының 1 орын иегері.

ҚМДБ, «Әзірет Сұлтан» мешіті ұйымдастырған «Текті сөздің төресі – терме» бәйгесінде үздік жиырмалыққа енген.

2014 жылы. Үмбетәлі Кәрібаевтың 125 жыдығына арналған «Өлең-жырдың қаражорғасы» халықаралық ақындар айтысының «Есенқұл Жақыпбеков» атындағы жүлденің иегері

2014 жылы. Қаныбек Сарыбаевты еске алуға арналған «Өмірден кетсем де, өлеңнен кетпеймін» атты Республикалық ақындар айтысының «Н.Оңдасынов» атындағы жүлденің иегері

1-қыркүйек күні «Атамекен – Қазақстан картасы» Этно-мемориалды кешенінде Елбасы Н. Ә. Назарбаевпен кездесті.

2011 жылы. Жүрсін Ерман ұйымдастырған «Төртеу түгел болса…» республикалық ақындар айтысының жүлдегері

2012 жылы. Аралда өткен «Жақайым – ата баласы» Республикалық ақындар айтысының 2-орын иегері

2014 жылы.Талдықорған қаласында өткен «НұрОтан» партиясының 15 жылдығына орай ұйымдастырылған «Бір халық – бір ел – бір тағдыр» атты Республикалық ақындар айтысының Бас жүлдесінің иегері

2015 жылы «Сөздің пірі – Сүйінбай» халықаралық ақындар айтысының ! орын иегері

“Жастар жырлайды” тележобасының жүлдегері,

«Еуразия Ұлттық Университетінің 15 жылдығына орай түсірілген «Еуразия: кеше, бүгін, ертең» атты фильмнің бас ролінде ойнады.

Сырым Әуезханның мәтінін оқуымен «Абайтану әліппесі» оқу-әдістемелік кешені жарияланды.

Сырым Әуезханның өлеңдері Республикалық газет, журнал және ғаламтор беттерінде жарияланды және «Жастар жырлайды» жас ақындар жинағына, «Аллаға мадақ» діни өлеңдер жинағына тағы басқа жинақтарға енгізілді.

 Сырым:  – Біз əр айтыс сайын көрерменнің көңілінде сақталар сөз айтып, жадында жатталар жаңалық жасап кетуге тырысамыз. Алла нəсіп етсе, Кельнде де ереуще айтыс көрсетеміз деген үміттемін.        

      Бұған дейін Түркия мемлекеті Стамбул қаласында өнер көрсету нəсіп болған болатын. 

      Қазақ халқы қай кезде де қара өлеңнің қадіріне жеткен, аталы сөздің астарын ұғынған ел емес пе? Міне, осындай қазақылық қасиеті қанына сіңген Еуропа елдеріндегі қандастарымыз осы жылғы құрылтайларына алаш ақындарының қатысқанын қатты қалап отыр екен. Əсіресе, айтыс ақындарының арасынан Мұхамеджан Тазабек, Жандарбек Бұлғақов жəне мені аттай қалап шақырып отырғаны себепті, біз де дүниенің батысындағы аға-бауырларымызбен қауышар сәтті қалт жібермеуді жөн көрдік. Осы шараға ұйытқы болып отырған Еуропа қазақ федерациясы, Кельн қазақ мəдени қоғамы жəне Қазақстандағы “Жанашыр” қоғамдық қорына үлкен алғысымызды айтамыз. Алла нəсіп етсе, бұл игі шара ұлтымыздың береке-бірлігін арттырып, ынтымағымызды нығайтып, шетелдегі аға-бауырларымызбен туыстық қарым-қатынасымызды нығайтатын сауапты іс болмақ. Сонымен қатар, бұл еліміздің Тəуелсіздігіне 25 жыл толуына жасалған керемет сый болады деген сенімдемін. Біздің осылай еркін ел аралап, алыстағы ағайынмен емен-жарқын жүздесе алғанымыз да осы Тəуелсіздіктің жемісі екені сөзсіз. Ендеше, еліміз аман, жұртымыз тыныш болып, мемлекетіміздің мерейі арта берсін деп тілейміз!

Төреғали Төрəлі, əнші, айтыскер ақын, сазгер:

13173701_877382939056971_3529727513272858198_n
Еуропаның қазақ қоғамдары Федерациясы мен Кельн қазақ мәдени орталығы бірлесіп ұйымдастырып жатқан Еуропа қазақтары Құрылтайы қонақтары сапында болғаным үшін, осынау үлкен жиынға Қазақстандық делегацияны бастап баратын Халықаралық “Жанашыр ” қоғамдық қорына (Президентi Жаңыл Əпетова ханым!) ризалығым шексіз. Еуропа елдерiндегi қазақ бауырларымызды туған ел тəуелсіздігінің 25 жылдық мерейлі тойымен құттықтап, əн мен жырдан шашу шашуға жан-жақты дайындалып жатырмыз. “Ассалаумағалейкум!”, “Жүрегiм қазақ”, “Қазақстаным” сияқты əндерімді орындап, қиыр қонып, шет жайлап жүрген алыстағы ағайынның жүрек қылын шертіп, Атажұрттың сағынышты сәлемін жеткізсем деймін.
“Əр қазақ менің жалғызым” демекшi, шетелде өмір кешіп жатқан əрбір қазақ – біздің қанымыз, қабырғалы жұртымыздың бір бөлшегі. Сол себепті, олардың куанышына – куаныш, көңілдеріне ұмытылмас естеліктер сыйлап қайту – біздің де перзенттік парыз-қарызымыз деп білем. Осынау дүбірлі дүрмекке ерекше дайындығымыздың мысалы ретінде айтар болсам, Алла қаласа, Кельн сахнасында, Қазақстандық өнер шеберлері көрсететін концертте, əкем Төрəлі екеуіміз “Əке мен бала” əнін дуэтпен орындамақпыз. Əлбетте, арнайы ұлттық нақышта сахналық киім де тіктіріп жатырмыз. Онымен, əдеттегідей, жеке дизайнерім Камила Құрбани айналысуда. Жүрек тұсында күн мен қыранның бейнесі бар аспан түстес қазақ шапанының арқасында “Ұлы дала баласы” деген жазу қазақ жəне ағылшын тілінде жазылады. Сондай-ақ, Құрылтай күндері өтетін
жастар арасындағы спорттық жарыстарға қатысуға да құлшынулымын. Жалпы, спорттың дзюдо, бильярд түрлерімен бірге, доп тебу де бала күннен бәріміздің сүйікті ойынымыз!

Əбіш Əділбеков, жыршы-термеші:

13139212_874830939312171_738802782039536036_n
Ұлттық жыр-терме өнері – баға жетпес асыл мұрамыз. Осы орасан рухани құндылығымызды жетік игеріп, дəріптей жүру – сол өнер соңына шам алып түскен біздерге сын. Өткен жылы, Қазақ хандығының 550 жылдығына арнап, “Ғасырлар үні “атты екі дискіден тұратын үнтаспам жарық көрді. Оған 18-20-шы ғасырларда ғұмыр кешкен саңлақ ақын- жыраулардың жыр-толғаулары енді. Бұл да сол, небір аласапыран замандарда аттың жалы, түйенің қомында күн кеше жүріп, ел мен жер, кейінгі ұрпақ қамын жеп өткен жампоз бабаларымыздың кейінгіге қалдырған жауһар аманатына деген адалдықтың, перзенттік парыздың тамшысы дер едім.
Таяу күндері Кельн қаласында өтетін Европа қазақтарының құрылтайына қатысу үшін Германия мемлекетіне сапарға аттанатын өнерпаздар қатарында мен де бармын. Құрылтайдың Салтанатты кешіне арнайы концерттік бағдарлама дайындалуда. Жүз жылдарды көктеп өткен терме-толғауларда ата-бабаларымыздың басынан өткерген небір қиын-қыстау өмір өткелектері мен арман-аңсары, ақыл-парасаты мен өнеге-ғибраттары көркем сөз үлгісімен кестеленіп, өсиетті оймен өрнектеледі. Ендеше, тарих-тағдырдың тулаған толқындары Атажұрттан алыстатып әкетіп, қиыр қонып, шет жайлауға мәжбүр болған қандастарымыздың үлкен-кішісін осынау, ескіден жеткен есті сөз – шырайлы жырмен қауыштырып, бауырларымыздың сусап жүрген көңілдерін терме-толғаумен тербеп қайтуға, өз басым, тастүйін дайынмын.
Айтқандай, осы істің ұйымдастырушылық іс-шаруасын мойнына алған Халықаралық “Жанашыр ” қоғамдық қоры – Қазақстандық өнер шеберлері мен БАҚ өкілдерінен спорттық жарыстарға команда жасақтамақ екен. Бұйырса, ол додаға түсіп көру де ойда бар…
Ендеше, алыстағы ағайынға: Кельнде кездескенше!- деймін

Салтанат Өмірəлі, этнограф
“Елмұра”компаниясының президенті:

13124982_874240439371221_604945188477292137_n
Ата-бабадан қалған ұлы мұра – ұлттық қолөнерді, жаhұт қазынаны жаңа қоғамдық даму кезеңінде қайта түлетіп, түрлендіріп, нарыққа шығару ісімен жеті жылдан бері айналысып келемін. Қазақстанның түкпір -түкпіріндегі қолы алтын шеберлермен тығыз байланыста жұмыс істеймін. Отандық өнімді таныту мен дамыту сынды ұлы жобаны жүзеге асыру бағытында таяуда маған тағы бір тың мүмкіншілік ашылды. Европа қазақ қоғамдары Федерациясы,Кельн қазақ мәдени орталығы жəне Халықаралық “Жанашыр” қоғамдық қоры бірлесіп Германия мемлекетінде өткізетін Европа қазақтарының құрылтайына арнайы шақырту алдым. 14-15 мамыр күндері Кельн қаласына барып, қазақтың қолөнер бұйымдарынан шетелдегі бауырларымның ортасында көрме ашпақпын. Сөйтіп, Ұлттық құндылықтарымыздың өміршеңдік қуатын таныстырмақпын. Шетелдегі ағайынды қазақтың күмістеліп, тастармен қапталып жасалған саптыаяғы, астауы,жанторсық, керсен,түрлі əшекейлер мен кестелі бұйымдары,қазақ – қастерлі қазына санаған қамшының түрлерімен көзайым етсем деген құлшыныспен сапарға тыңғылықты дайындалып жатырмын.
Құрылтайға Қазақстандық делегацияны ұйымдастырып, бастап баратын Халықаралық
“Жанашыр” қоғамдық қорының президенті Жаңыл Əпетова ханымның айтуынан,
бұл құрылтайға шетелдегі жас буын өкілдері көптеп келетінін естідім. Соған қуандым. Өйткені, біздің қазақ өз ұрпағына ғасырдан-ғасырға ұлт қасиетін салт-дəстүрмен, өнегені əдет-ғұрыппен, үлгіні-жөн-жосықпен көрсетіп, тəрбиелеп өсірген. Осының бəрін біз білуіміз жəне оны сақтауымыз, сондай-ақ болашаққа баяндап қалдыруымыз керек-ақ!

Ұлықпан Жолдасов, əнші-сазгер:

13125036_873069759488289_3542453638885924362_n
Жақында Европа елдері қазақтарының құрылтайына қатысуға арнайы шақырту алдым. 14-15 мамыр күндері Германияның Кельн қаласында Европа қазақтарының құрылтайы өтпекші.Шетелдегі ағайынның алдында өнер көрсету үшін қамданып, дайындық жасап жатырмыз. Қазақстандық делегацияны ұйымдастырып, бастап баратын Халықаралық “Жанашыр” қоғамдық қорымен тығыз байланыста концерттік бағдарламаны пысықтаудамыз.
Алыстағы ағайынға танымал боп кеткен “Алтынаймен ” қатар көптеген лирикалық, рухты əндер шырқамақпын.
Шетелдегі қазақ жастарының өзара танысып, араласып, отбасы құруына қолайлы мүмкіндік туғызатын “Би кешінде”де өнер көрсетуді жоспарлап отырмыз.
Жалпы, Ел тəуелсіздігінің 25 жылдығына дөп келген мерекелі басқосуда атажұрттан алшақта өмір кешіп жатқан қандас ағайындарды құттықтап, əн-жырмен көңілдерін жадыратып қайтамыз деп ойлаймын.

Гүлназым Өмірзақ, суретші, кестеші:

13177127_1264773720218285_6276258478270336270_n

Германия мемлекетінің Кельн қаласында 2016 жылдың 14-15 мамыр күндері Европа қазақтарының құрылтайы өтеді. Құрылтайды: Европа қазақ қоғамдары Федерациясы, Кельн қазақ мәдени орталығы жəне Халықаралық “Жанашыр” қоғамдық қоры ұйымдастырып өткізбекші.
Құрылтайға арнайы шақырумен Қазақстандық делегация құрамында бармақпын. Қазақстандық өнер иелері мен БАҚ өкілдерінен құралған топты Халықаралық “Жанашыр” қоғамдық қоры ұйымдастырып, бастап барады. Құрылтай аясында “Дала аруы” атты көрмем ашылады деп жоспарлануда! Қазақтың дәстүрлі біз кестесімен өрнектелген жиырма шақты заманауи картинамды топтап, шетелдегі қандас бауырларға көрсетпекпін. Негізі, шығармаларымның ой өрнегі – бабалардан мұра болып келген дәстүрлі өнердің өміршеңдігін, жаңашылдығын паш етпек.
Мақсатым – атажұрттан алыста жүрген қандас жастарға кесте туындыларымды көрсетіп, хас өнердің құдіретімен ұлтына деген жүрек жылуын еселеу…

Фарида Жолдасова, əнші:

13133229_874327639362501_3604435830157376326_n
Кельн қаласында 14-15 мамыр күндері өтетін Европа қазақтарының құрылтайына қатысуға Халықаралық “Жанашыр” қоғамдық қорымен тығыз байланыста дайындалып жатырмын. Германия мемлекетіне
бұрын-соңды барған емеспін. Сол себепті, құрылтайға бару, мен үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашпақ. Еуропа елдерінде өмір сүріп жатқан қазақ жастарымен, олардың өмір сүру салтымен, көзқарастарымен танысу да өте қызық. Қазағымның көркем табиғаты мен əсем қалаларын жырлайтын
“Қыдырып қайтайық” əнін Төреғали Төрəлі екеуміз орындамақпыз. Сөйтіп, қазақ əннің құдіретімен алыстағы ағайынның елге деген сағынышын басып қайтсақ, біздің де сол сапардан олжалы қайтқанымыз….

 




Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to Top ↑