banner-top12

Сұхбат OLYMPUS DIGITAL CAMERA

Қосқан уақыты Мамыр 11, 2009 | 719 рет оқылды | сайтқа қосқан shalqar

0

ҚАНДАЙ ҚАДАМ ЖАСАСАҚ ТА, ЕЛ ИГІЛІГІ ҮШІН

(Серікжан Ісләмұлы мырзамен сұхбат)

 

  Алматы облысы Текелі қаласының әкімі Серікжан Ісләмұлы Бескемпіров Алматы энергетикалық институтын өнеркәсіптік кәсіпорындарды электрмен жабдықтаушы мамандығы бойынша бітіріп, инженер электрі болып қызмет атқарған Еңбек жолын қарапайым электриктен бастап, 2000 жылы Қаратал ауданы әкімінің орынбасары, кейін  аудан әкімі, 2004-2005 жылдары Панфилов ауданының әкімі лауазымдарын атқарған.

2006 жылы өткен халық қалаулыларының жергілікті әкімдерді сайлауында Текелі қаласының әкімі болып сайланады.  Ол “Ерен еңбегі үшін” медалімен, “Қазақстан Тәуелсіздігінің 10 жылдығы”, “Қазақстан Республикасының Конституциясына – 10 жыл”, “Астанаға 10 жыл” мерекелік медальдарымен марапатталған.

 

– Серікжан Ісләмұлы, Текелі қаласындағы жалпы тұрғындар саны мен олардың тұрмыс-тіршілігі жайында айта кетсеңіз?

         –  Жетісу жерінің шұрайлы өңірінде, тау баурайында орналасқан Текелі қаласы жанға жайлылығымен, тұрмысқа қолайлылығымен жұртты өзіне тартады десек өтірік болмас. Өндірісті қала тұрғындарының екі қолына қашанда бір жұмыс табылатын. Қайта құрудан кейінгі жылдарда қаладан көшіп кетушілер көп болып, бүкіл еліміз бойынша бастан кешкен қиындықтарға тап келгенімен, егеменді еліміздің еңсесі көтерілісімен Текелінің де өшкені жанып, жоғалғаны түгендене бастады. Қалаға көрші облыс, аудандардан келушілердің қатары жылдан-жылға молая түсті. Бұлардың қатарында түрлі ұлт өкілдері де бар. Дәл қазір қала халқының саны 27 мың 700 адамды құрайды.

         – Еліміз дербестік алып, етек-жеңін жиғаннан бері атажұрттан жырақтап, дүниенің төрт бұрышында тарыдай шашылған қандастарымыз елге оралып, ағайынмен қауышып жатқаны бәрімізге белгілі. Олай болса, қалаңызға қоныстанып жатқан қандастардың жай-күйі мен саны қандай?

         – Кезінде атажұрттан алыстап қалған ағайындардың елге қайта оралуы халық санының да, сапасының да артуына анағұрлым ықпал етті. Сырттан көшіп келуші қандастарымыздың саны бүгінде 2 мыңға жетіп қалды. Олардың көпшілігінің қазіргі әл-ауқаты жергілікті тұрғындармен салыстырғанда жаман емес. Меніңше, олар шама-шарқы келгенше тұрмыс жағдайларын жақсартуға  еңбектеніп «біз Қазақстаннан не аламыз?» деп қол қусырып қарап отырмай, «қайта біз не береміз?» деген жақсы ниеттерімен қолдарынан келгенше еңбек етіп, тырысып бағуда. Дегенмен біз де оларға қолымыздан келген көмегімізді аяп қалмаймыз.

         – Мәселен, Сіздердің тараптарыңыздан қандастарымызға қандай көмектер жасалуда?

         – Мәліметтер бойынша Қазақстанға үкіметтің қолдауымен 650 мың қандасымыз көшіп келсе, өз бетімен жеткендерді қосқанда бір миллионнан асып жығылады. Бұлардың барлығына үй беріп, жұмыс табу үкіметтің құзырына жатпайды. Елім деп келген азамат мемлекетке қол жая бермей, өзі тіршілік етуге тырбанып, ширақтық таныту керек. Мұны Президент те әрдайым еске салып жүр. Елбасы Жолдауында сырттан көшіп келуші қандастарымызға бөлінетін квотаны жылына 20 мың отбасына жеткізу керектігі айтылып, жергілікті әкімдердің жұмысының бір өлшемі – сол отандастарымызбен жүйелі іс жүргізу екендігі баса назарға алынған болатын. Қалаға келген қандастарға қандай қолдау көрсетілсе де, Елбасының сарабдал саясатының ізімен, азаматтық жанашырлықпен жасалады. Әрине, олардың әрқайсысының шешілмей жүрген мәселелері бар. Көпшілігі жауапты әкімнен алғанды жөн санайды. Сондықтан біз әр тоқсан сайын қаладағы қандастарымыздың өкілдерін назарға алып отырамыз. Біреудің мәселесі күнделікті тұрмыстық, біреудікі жалпы қоғамдық, біреулер ескерілмей қалып жатқан дүниенің басын ашып, қарекет жасауға көмек сұрайды. Міне, осылардың басын біріктіріп, қандастарымыздың шешілуі аса маңызды мәселелерін іріктеп қарастырып, екі жақты түсіністік орнату мақсатында Текелі қалалық ардагерлер ұйымының жанынан атажұртқа оралған бес қандастан құралған бастауыш ұйым жұмыс істеуде.

         Сонымен қатар, әр отбасының жағдайы ескеріліп, атаулы әлеуметтік көмек ретінде жәрдемақылар тағайындалады.  Сондай-ақ жаңа салынған тұрғын үйден пәтер алғандардың қатарында сол қандастарымыз да бар. Тағы да орайы келгенде баспана беру мәселесі бірінші кезекте тұр. Әрі олар кезекпен тегін жер алу құқығына да ие.

         Сіздің мекенге қандастарымыз қай елден көптеп келіп қоныстанып жатыр?

         – Қалада Қытай, Өзбекстан, Моңғолиядан, Түркия, Ресейден көшіп келген қандастарымыз тұрмыс-тіршіліктерін жасауда. Олардың ішінде Өзбекстаннан келгендердің үлес салмағы мол. Былай қарағанда, әр елден келгендердің арасында кәдімгідей айырмашылықтар бар. Дегенмен, олардың барлығы жергілікті халықпен араласып-құраласып, осындағы тәртіпке бейімделіп, сіңісіп қалды.

         – Қалада мамандығы бар жастарды жұмыспен қамту жайы шешімін қалай табуда?

         – Білімді, білікті, қолынан іс келетін адамға қай жерден де жұмыс табылады ғой. Десе де қаладағы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне тіркеліп, осындағы кәсіпорын, мекемелерден тәжірибе жинақтап, жұмыскерлігімен көзге түскен жастар жұмысқа бірден қабылданады. Жыл сайын бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өткізіліп тұрады. Бұл да жұмыс табудың бір мүмкіндігі. Қаладағы кәсіпорындарға қажетті мамандықтар бойынша Орталық Азия университетінің арнайы қурстары бар. Алдағы уақытта осы университет қалашығының құрылысы басталса, көптеген тұрғындар жұмыс болады деп ойлаймын. Ал қазір қай мекемеге  бас сұқсаңыз да, мамандықтары бойынша қызмет етіп жүрген жастар аз емес.

         – Алдағы кезеңде ойлаған жоспар-жобаларыңыз қандай?

         – Алдағы күндердің жарқын болуы үшін бүгінгі ісіміздің тиянақтылығы керек. Әрине, жоспарлар жетерлік. Қандай қадам жасасақ та ел-жұртпен бірге, еліміздің тыныштығы мен игілігі үшін, халқымыздың тұрмысының түзелуі үшін жасаймыз. Қала тұрғындарының сұранысы уақыт өткен сайын жоғарылай түсуде. Әкімдік тарапынан көшелердің көркейіп, зәулім үйлердің жөнделіп, қалпына келтірілуі мақсатында маңызды жұмыстар жалғасын табуда. Пәтер кезегінде тұрғандарды баспанамен қамтамасыз ету үшін мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасына сәйкес жұмысымызды тоқтатпаймыз.

         – Өткен жылдың Сіздер үшін қандай табыстары мен «әттеген-айлары» болды?

– Тұтас бір жылдың барлық табыстары мен «әттеген-айларын» жіпке тізіп айтып шығу мүмкін емес. Десе де қаламыз үшін мәртебелі Ағахан мырзаның келіп, Орталық Азия университетінің алғашқы қазығын қаққаны үлкен жаңалық болды. Бұл –  алда Текелі қаласының даму стратегиясының сүбелі беттері болмақ.

– Келе жатқан жаңа жылдан қандай жақсылықтар күтесіз?

– Сиыр жылы молшылық пен тоқшылықтың жылы болады деп сенеміз. Бұл жылда да еліміздің бәсекеге қабілеттілігі артып, іргеміз берік, ынтымағымыз мықты, жағдайымыз жақсы бола берсін деймін! Сіздерге де шығармашылық табыстар тілеймін.

– Серікжан Ісләмұлы, Сізге үлкен рахмет! Лайым еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!

 

                                               Айжан БОДАУБАЙҚЫЗЫ

                                               Алматы –Текелі- Алматы

2008 жыл

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

ЖЫЛ ТАҢЫ

Шын жүрекжарды сөз, шын ізгі тілек шығарып салу мен қарсы алуда айтылатыны белгілі. Мұқым өмірдің ұрпақтан-ұрпаққа жалғасар, қайталана қорланып, жаңғырып отырар жасампаздық бір жаратылысы да осы.

Жаратқан иеміз төрт мезгілін кезек-кезегімен төрімізге алып шығар әр жылды өзіндік сипат-ерекшелігімен сыйлағанын еш уақытта жай құбылыс деп қарауға болмайды. Өйткені, жыл дегеніміз – жарық дүниеде жазылар тарихың, басып өткен жолың мен қалдырған ізің. Сондықтан адам баласы өз өмірін туа жыл таразысымен өлшейді. Өткенін екшеп, келер келешегін саралайды. Саз беріп атқан таңдары мен самала жарық күндерін, тұңғиық терең түндерін ой кеңестігінде көзден кешіреді… Сонда әуелі тұтас ел, қауым болып көтерген тіршілік жүгіне жүгінеді…

Рас, біздің байтақ өлкемізде өрісті ғұмырын өткізген өткен жыл – Қазақ жерінің кіндігі Сарыарқаның самалды төскейінде Ақордасымен асқақ көрінген, асқаралы көркімен көз тартқан жаңа қала – жаңа Астананың он жасқа толған жылы ретінде есте қалғаны айрықша сүйініш сезіміңді оятады. Қазақ деген елдің Астана деген айшықты қаласының даңқы әлемге жетті. Бұл да бір ел тәуелсіздігінің ірі жеңісі, таусылмас жемісі. Астана тойы асып- төгілген жомарттығымызды жер-жаһанға пәш етті. Пейілі кең қазақтай халықтың рухын көтерді. Өзара бауырластық, достық жырын шалқытты.

Сол себепті өткен жылды ризалық сезіммен шығарып салып тұрған қазіргі тұста: «Сен мол береке, той жылы болып аттанып барасың. Ел тарихына ұмытылмас із қалдырдың. “Шалқар-2” газетінің қаламгерлеріне де шабыт бұлағын ағыттың. Мәдениетіміз бен әдебиетіміздің інжу-маржандарын жинақтауға, жарыққа шығаруға қозғау саларлық, ұйтқы боларлық кең ауқымды мәжіліс өткізуіне өріс аштың. Ел туралы, жер туралы талай асыл қазыналарды ақтаруына, тың еңбектерді табуына куә болдың.

Уа, өткен жыл! Сен шығармашылық егінімізді бітік өсірген мерейлі алақандай ыстықсың…

Уа, өткен жыл! Қазақстандай байтағымыздың бақытына – бейбітшілікті, айнымас сенім мен ынтымақты, жаратқан бір Аллаға деген құлшылықты арттыра түсуді дәріптеген жыл болғаныңа қуанамыз. Қуана отырып келе жатқан жаңа жылдың қадамы да сендей берекелі, құтты болса екен» деп тілейміз.

Міне, рауандап жаңа жыл таңы да атты. Аппақ нұрға малынған маңғаз таң! Өнбойынан жаңа жауған ақша қардай тазалық иісі аңқиды…

Иә, ел аман, жер аман болсын!

                                                                  Қазтай ӘБІШ

 

 

 

ҚОШ ХАБАР

Қазақ баспасөзіне шоқтығы биік, өресі кең тағы бір басылым келіп қосылды. Таралымы 1000 данамен шығатын “Алтын тамыр” атты әдеби- мәдени, қоғамдық бұл басылым, таралым аумағы жағынан Қазақстанның  барлық жерін қамтиды.

Қазақ оқырмандарының сұранысына сай сапалы дүние шығаруды көздеген журнал әдебиеттің негізгі жанрлары: проза, поэзияға, ғылым мен этнографияға да ерекше көңіл бөледі.

 Бұл журнал алдынғы, орта және жас буынның басын қоспақ. Онда белді жазушылардың роман, хикаяттары жарияланып, оқырмандарын танымдық дүниелермен де сусындатпақ.

 

                                                        Айжан БОДАУБАЙҚЫЗЫ

Мен күткен жаңа жыл бұл емес…

Мен күткен жаңа жыл бұл емес,

Кешікпей келеді сеніңіз.

Миымды кезеді мың елес,

Не болып барамыз тегі біз?!

Табынған тәңірі қолдаған,

Көк түрік еді ғой тегіміз.

Ұрыстан бабамыз қорғаған.

Христиан ойнағы жеріміз.

Аяздың атасы қыдырма,

Ақша қар ойнасы секілді.

Шыршасы сыймайды ұғымға,

Сайтанның отынан не тынды?.

Алданыш тойың бұл әмірмен,

Бұйырған білгіштер “өтсін” деп!

Бәріңе тілеймін Тәңірден,

Қыдыр шал кешікпей “жетсін” деп.

                     

Талапбек Тынысбекұлы

 

 

 

 

СЕН БОЛМАСАҢ…

Кеткендей бар жылулық көшіп үйден,

Бір кіріп бір шығамын есігіңнен.

Екеумізді еліткен мына ауылдың,

Таңы атып, батпай қойды-ау кеші мүлдем.

Сен түзде тіршіліктің күйбеңімен,

Түтетіп түтініңді үйдегі мен.

Осы ма тың өмірдің басталғаны,

Қоштасып қыз-бозбала күндеріммен.

Аңсау, мейлі, алса алсын тынышымды,

Ас пысырып жуайын ыдысымды.

Отауыңды күзетіп отырамын,

Бітіріп кел асықпай жұмысыңды.

Батырлардай теңселіп толған денең,

Келе жатқан шығарсың жолдарменен.

Сен болмасаң қасымда, сен болмасаң,

Қиын екен айтарға болғанменен.

                            Гүлнұр ОРАЗБАЙҚЫЗЫ

                            Талдықорған қаласы




Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to Top ↑