banner-top12

Алыстағы ағайын 2-4

Қосқан уақыты Маусым 3, 2007 | 1  634 рет оқылды | сайтқа қосқан shalqar

0

“Қанша бұт келсе, сонша құт келеді” –   дейді қырғыз бауырлар

МАМЫР  2007 ҚЫРҒЫЗСТАН САПАРЫ

P2210011IMG_0409 2-2 P2210006 Кыргызстан Ош 2007 май         
Қырғызстан 1993 жылдан бері «Бүкіләлемдік туристік ұйымның» тұрақты мүшесі болып келеді. Жыл өткен сайын Қырғызстанның туризм индустриясы даму үстінде. Дәл қазір бұл елде 300-ден аса туристік ұйым жұмыс істеп жатыр. Республиканың мемлекеттік экономикасының қомақты табыс көзі де осы туризм саласы. Статистикаға көз жүгіртсек, дамыған елдер туристерінің басым бөлігі экзотикалық орындарға, ерекше табиғатты мекендерге барғанды қалайды. Олай болса, жерінің 90 пайызы таулы, кең байтақ сулы да әсем табиғатты Қырғыз елінде шетелдік туристерді қызықтыратын әсем орындар жетерлік.
            Соңғы жылдары Қырғызстан туризм саласына ерекше көңіл бөлуде. Жыл сайын еліміздің журналистері Қырғызстанның туризм саласы мамандарының шақыртуымен Бішкек, Ыстықкөл аймақтарында өткізілетін «Туризм және саяхат» атты халықаралық жәрмеңкеге арнайы барып қатысып келіп жатады. Көрші ел Мемлекетінің басшысы 2005 жылғы «Туризмді – Қырғызстан экономикасының басым саласы деп есептеу керек»,- деген жарлығының жаңғырығы осы жылы әсер етті ме екен, алдыңғы жылдармен салыстырғанда 2006 жыл елдің туризм саласындағы аса серпілісті жылы болғандықтан ба, көрші елдің туризм саласы мамандары – айтып, жазып, хабарлағаны шартарапқа жайылатын журналистер қауымын жылдағыға қарағанда еселей шақырыпты.             Мамырдың 25 мен 29 аралығында Қырғызстанға, оның ішінде Бішкек, Ыстықкөл, Ош аймақтарына сапарлаған кезімізде кең жайылған ақ дастарханды дархандығы мен мейірімділігі ғана емес, сөйлеу мәнері де көбінде ұқсас көршілерімізбен жақынырақ танысудың сәті түсті. «BITF Туризм және саяхат» /Бішкекте/, «Ыстықкөл -2007» /Ыстықкөл облысында/, «Ұлы Жібек жолы бойындағы Ош қаласы» /Ош қаласында/ тақырыбымен өткен Қырғызстан халықаралық жәрмеңкесіне Қырғызстанның барша аймағынан және Қазақстан, Ресей, Өзбекстан, Әзірбайжан, Түркіменстан, Тәжікстан сынды серіктес елдерден келген делегаттар барлығы 10 000 ға жуық  халық жиналды. Біздің сапарымыздың мақсаты көрші елдің үш өңірінде өткен туристік жәрмеңкелерге қатысып, елдің дамып келе жатқан туризм саласындағы жаңалықтарын сараптап, таразылау болатын…  

          Туризммен жол баста, айыр қалпақ бордошқа!


Мамырдың 24 жұлдызында Алматы қаласының Ұлттық баспасөз клубы жанынан арнайы шыққан комфортабельді автобуста республиканың газет-журнал, теледидар және радиосынан жиналған журналистер бас қосып Қырғызстан астанасы Бішкекке жол тарттық. Қазақстаннан келген бір топ делегацияны сол күні Бішкектегі «Достық» қонақүйінде қырғыз ағайындардың туризм саласы мамандары ерекше ілтипатпен қарсы алды. Мамырдың 25 жұлдызында Бішкектің ірі тарихи музейінде Қырғыз Республикасының Мемлекеттік хатшысы Адахан Мадумаровтың қатысуымен «BITF Туризм және саяхат» атты екінші Қырғызстан Халықаралық Туристік жәрмеңкесінің ашылу салтанаты болып өтті. Жәрмеңкеге Қырғызстанның шалғай елді мекендерінен әртүрлі қолөнер туындыларын арнайы алып келіп көрсетілімге қойыпты. Сондай-ақ, алыс жақын шетелдерден жиналған жәрмеңке қонақтарына алдын-ала дайындалған буклет, сурет, бейнебаяндар арқылы өз елдерінің шырайлы демалыс орындарымен таныстырудың мүмкіндігі туды. Тек бұл ғана емес, жәрмеңке аясында түрлі тақырыптарға арналған баспасөз мәслихаттарында да біраз көкейдегі сауалдарға жауап алдық. Арнайы тігілген зәулім, алты қанат ақ ордаларда қырғыздың салт-дәстүрлері дәріптеліп, театрландырылған көріністер көрсетілді. Әсерлі басталған ашылу салтанатынан кейін алыс-жақын елдерден жиналған барлық жәрмеңке қонақтары «Ала-Арча» табиғи қорығын тамашалауға аттандық. Бұл біздің Қырғыз ағайындардың ерекше табиғатын тамашалай бастауымыздың алғашқы қадамы болатын… Тау төсінде орналасқан қорықтың кереметтігі ауызбен айтып жеткізгісіз… Естуімізше, мұнда құрып кету қаупі алдында тұрған аңдардың бірнеше түрлері мекен етеді екен. Әсем табиғат аясын тамашалап келгеннен кейін жәрмеңке қонақтарын «Дасмия» мейрамханасында Қырғызстанның Премьер-министрінің ресми қабылдауы болды. Осы кеште премьер-министр «BITF Туризм және саяхат» атты екінші Қырғызстан Халықаралық Туристік жәрмеңкесіне белсене атсалысқан журналистерді арнайы дипломмен марапаттады. Бұл марапаттан өзім қызмет ететін «Шалқар» басылымы  құр алақан қалмады. Премьер-министр қабылдауынан кейін көрші елге қаламын көлбей ұстап барған журналистер қауымына қала өмірімен танысуға еркін уақыт берілді.

 

ҚЫРҒЫЗДЫҢ АСТАНАСЫ – БІШКЕК ӨМІРІ        

 

          Қырғызстан – біздің ежелгі көршіміз. Төсекте басымыз, төскейде малымыз қосылған айыр қалпақты бауырларымызды мен осыдан бір жыл бұрын Мәскеуге барған сапарымда көп кездестіргем…Бөтен елде кездестіргенде қырғыз ағайындар өз қазағың секілді әсер береді. Қала ортасынан Алматыдағыдай сапырылысып, тығында тұрып тізілген көлікті көрмейсің. Жүрдек көліктер өте аз. Экономикалық жағдай төмен болғанымен есесіне экология таза. «Қырғызстан астанасында наразылық акциялары жиі болғандықтан, қалада ақшамда еркін жүріп-тұру қауіпті» деген ақпараттар алыпқашпа сөз секілді. Ел астанасынан қауіптенерлік пәлендей өзгеріс байқалмайды. Алма піс, аузыма түс деп қарап отырған халық жоқ. Қазақстанмен салыстырғанда мұндағы тұтыну тауарларының бағасы біршама төмен. Ел тұрғындары негізінен өздерінің қолдарынан шыққан тауарларын тұтынады және сырт елдерге шығаратын тауар түрі де сол – қолөнер бұйымдары. Сөзім нақтырақ болуы үшін «BITF Туризм және саяхат» атты екінші Қырғызстан Халықаралық Туристік жәрмеңкесінде өздерінің қолдарынан шыққан қолөнер бұйымдарымен ел назарын аударған шеберлерді сөзге тарттым. Алғашқы сұхбаттасым Қырғызстанның Нарын облысынан келген «Алтынқол» әйелдерден құралған мемлекеттік емес ұйымының өкілдері екен. Оның Президенті Светкүл Акматова өз ұйымдары туралы былайша әңгімеледі:

–         Қырғызстанның  Нарын облысының  Кочкор селосында тұратын жұмыссыз отырған 100 әйел елде жағдай нашар еді деп қарап отыра бергеніміз жараспас деп, қолымыздан келгенше киізден әртүрлі заттарды ойлап, құрастарып, жасап сата бастадық. Құдайға шүкір, қолда мал бар, жұмыс «жасаймын» деген адамға табылады. Жаман болған жоқ. Жасаған бұйымдарымыз еңбегімізді ақтады деуге болады. Сөйтіп 100 әйелден құралған жұмысшылардың құрамы күн өткен сайын көбейді. Көп түкірсе көл демекші, атқарар жұмыс та ептеп жеңілдене бастады. Қазір ұйымымыз аудан бойынша және көршілес жатқан ауылдардан жиналған 1000 әйелді жұмыспен қамтып отыр. Басында өз елімізде және Қазақстан, Өзбекстан сынды көрші елдердің жәрмеңкелеріне қалмай барып, жасаған бұйымдарымызды саудалап қайтатын едік. Қазір Кочкор селосында үлкен дүкеніміз бар. Тауарларымыздың сатылу ауқымын да ұлғайттық. Бұйымдарымызды көбінесе интернет арқылы сатылымға шығарамыз. Америкадан, Швейцария, Голландия, Франция, Австрия, Түркиядан бұйымдарымызға топтап тапсырыс береді. Және бұйымдардың бағасының қымбаттығына қарамай сатып алып жатады. Сөйтіп «Алтынқолдағы» алтын қолды әйелдердің еңбегі еленіп отырған жайы бар. –
Сонда шет елдерден қандай қолөнер туындысына тапсырыс көбірек болады?
–         Құрақ көрпешелерге деген сұраныс бар. Әсіресе, тұскиіз, киізден жасалынған сөмке, баскиім, сондай-ақ түрлі көлемдердегі кілемшелерге де тапсырыстар көп түседі. Олар үшін киізден жасалған бұйымдар таңсық. Біздің қолөнер бұйымдарымызды теңдесі жоқ дара санайды.
–         Құпия болмаса айтыңызшы, ұйымдарыңыздың табысы қандай?
–         Жылына шамамен 1,5 миллион сом айналымға енеді. Түскен пайданың 80 пайызы әйелдердің еңбегіне төленсе, 20 пайызын ұйымымызды жарнамалауға және басқа да шығындарға пайдаланамыз. Бірнеше шеберлерді жинап, олардың басын бір арнаға тоқайластырып ұйымның осындай халықаралық дәрежеде көтерілуіне ұйытқы болған шебер қолды Светкүл Акматованың еңбекқорлығына өз басым іштей разы болдым. Бішкектен кейінгі тоқтаған өлкеміз, Қазақстандықтарға етене таныс мекен Ыстықкөл болатын…

ЫСТЫҚКӨЛ – ОРТА АЗИЯНЫҢ МАРЖАНЫ


Бір топ журналистер  Шолпан Атаға келгеннен кейін «Қырғыз теңізі» деп аталатын пансионатқа жайғастық. Қырғыз ағайындардың айтуынша бұл өлкеге адал ниетімен келіп, демалушылардың берекесі мен несібесі бірге еріп келеді екен. Қырғыз Республикасының Мемлекеттік хатшысы Адахан Мадумаров: –         Қанша бұт келсе, сонша құт келеді деген қырғыздың тәмсілі бар, Ыстықкөл қасиетті мекен. Осындай теңдесі жоқ Алатау маржанын ата – бабаларымыз көзінің қарашығындай мәпелей сақтап, бізге аманаттап тапсырды. Енді мұны болашағымыздың қолына мөлдір күйінде сақтап, жеткізу – біздің парызымыз. Қырғыз мемелекетінің, Қырғыз елінің – келешегі зор. Жарқын күндер алыс емес, көл толқыса толқысын, ел толқымасын,- деп елді шабыттандырған жақсы тілегімен тоғызыншы рет өткізіліп отырған «Ыстықкөл-2007» туристік жәрмеңкесін ашып берді. Қырғызстанда өткен жәрмеңкелерге қатысушылар арасында Қазақстандық журналистердің саны басым болды. Мұндайда, Қазақстандық журналистерді топтап шақыруға қырғыздар неге сонша ықыласты деген ой туындайды. Аңдасақ, оның да өзіндік себебі бар екен. Өткен жылы Қазақстан көрші елдің экономикасына 100 миллион доллардан астам инвестиция салыпты. Бұл алдағы жылдармен салыстырғанда 2,5 есеге көп.  Қырғыз Республикасы Үкіметі жанындағы туризм жөніндегі Агенттіктің төрағасы Тұрұсбек Мамашов мырзаның айтқан ақпаратына сүйенсек: Былтырғы жылы тек осы туристік қызмет бойынша ел қазынасына 164,6 миллион доллар түсіпті. Яғни бұл көрсеткіш 2005 жылмен салыстырғанда 133,4 пайызға артқан. Сондай-ақ, өткен жылы Қарғызстанға келіп демалушылардың дені қазақ ағайындар болған көрінеді. Нақты есеппен айтсақ, алпауыт мемлекет Ресейден келген туристер саны былтыр 18 пайызды құраған. Ал, Ыстықкөлде демалуды жөн деп санаған басқа өлкелерден келгендердің саны 22 пайызды құраса, біздің отандастарымыздың саны бұлардан екі есеге асып түседі. Демалушылардың 60 пайызы біздің жерлестеріміз. Тіпті, көл жағасындағы 4 пансионат қазақтардікі болып есептелінеді. Осыдан-ақ Қазақстанның экономикалық мүмкіндігі көрші ел экономикасының өсуіне зор ықпал жасап отырғандығын байқауға болады. Осы жылы да Қырғыздар Ыстықкөлге 1 млн. 200 мың туристі келтіреміз деп жоспарлап отырған жайы бар. Ыстықкөл маңындағы демалыс орындарының басым бөлігі қазақстандық туроператорлармен жұмыс істейді. Сондай-ақ, Қырғызстанға келіп демалушылар үшін пансионаттар, санаторийлер, емдеу-сауықтыру мекемелері, қорықтар, сақтандыру компаниялары мен әртүрлі туризм агенттіктері ерекше қызмет көрсетеді. Мұның бәрін де өз көзімізбен көріп куә болдық. Расында да демалушылардың саны көбейген сайын, өткен жылдармен салыстырғанда туристік қызмет көрсету едәуір алға жылжығандығы көрініп тұр. Теңдесі жоқ Алатаудың маржаны саналатын Ыстықкөлге бара қалсаңыз, сіз әлеуметтік жағдайыңыздың деңгейіне қарамастан, өзіңізге қажетті демалыс орнын қиналмай табасыз. «Қырғыз теңізі» пансионатында өткен «Ыстықкөл-2007» жәрмеңкесінің ашылу салтанатынан кейін, түс әлетінде Қырғыз Республикасының Жоғары Кеңеш вице-спикері Құбанычбек Исабеков, Ыстықкөл облысы бойынша губернатордың бірінші орынбасары Қалыбек Алчыбаев, Ыстықкөл районының әкімі Тұрысбек Мансуров және МАИ қызметекрлерінің қатысуымен баспасөз маслихаты болып өтті. 2006 жылы Қырғызстан жол-көлік апаты бойынша әлемде алдыңғы орынға шығыпты. Әрине, апатқа ұшыраушылардың дені саяхатшылар. Әсіресе, Ыстықкөлге демалуға барған өз жерлестеріміз Бішкек пен Ыстықкөл арасын жалғайтын 260 шақырымға жуық даңғыл жолдың ой-қырын түгел білмесе де, қымбат көліктерімен өте жоғарғы жылдамдықпен ағызып өтеді екен. Баспасөз мәслихатында көрші елдің билік басындағылар әсіресе осы мәселеге қатты алаңдайтындықтарын білдірді. Сонымен қатар осы баспасөз мәслихатында, Қырғызстанға келіп демалушылардың құжат мәселесі, яғни ел арасындағы виза жайы сөз болды. Қазақстан және Ресей азаматтары Қырғызстан аумағында 90 күнге дейін ешқандай тіркеусіз жүре алады. ТМД-ның басқа өкілдері үшін мұндай жеңілдіктердің күші екі айға жарамды болмақ. Яғни, екі шекара, бір аялдама. Не деген жомарттық! Әлеуметтік ахуалы сын көтермейтін Қырғыз елі енді ғана жолға қойылып келе жатқан туризм саласы үшін барын салатын сыңайы бар. Туризмді дамытуда ақпараттың атқарар ролі зор екендігін қадап айтқан Қырғыз Республикасы Үкіметі жанындағы туризм жөніндегі Агенттіктің төрағасы Тұрұсбек Мамашов мырза, алыс-жақын шетелдерден келген жиынға қатысушы барша журналистерге риясыз ризашылығын білдіріп жатты. Баспасөз мәслихатынан кейін жәрмеңке қонақтары «Шолпан-Атаның» көрікті мекендеріне параход арқылы саяхатқа шықты. Алдын-ала арнайы дайындалған бағдарламамен «Чолпон Атаның» көрікті жерлерін көріп, танысып жүргенімізде, бағдарламада көрсетілген Рух-Ордо /Рух Орда/ мәдени-тарихи кешенінің әсемдігіне мұншама таңданамыз деп ойламадық. Нағыз керемет міне, осында! Ташқұл Керексізовтың идеясымен дүниеге келген Рух-Ордада күллі әлемнің діндері өкілдерінің ескерткіштері мен дін ордалары тоғыстырылған. Мұнда орналасқан ескерткіштердің ең танымалы мәңгі талдың саясындағы Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлының құрметіне арнап құйылған ескерткіш. Бұл ескерткіш Президентіміздің 65 жасқа толу құрметіне сый ретінде арналып қойылған екен. Сондай-ақ Қырғыздың танымал тұлғалары Манасшы Саяқбай Қаралиевтің, балет бишісі Бюбюсара Бейшеналиева, бард орындаушысы Булат Окуджаваның, Асан қайғының, Борис Ельциннің, Жанна Д’Арктың, Гавроштың қашалып жасалынған тас мүсіндері көл жағалауында орналасқан кешеннің сәнін келтіріп қана қоймай, жұмбаққа толы сұлулық, келушілердің қызығушылығын арттыра түскендей. Мұндағы аңыз бен ақиқатқа құралған тарихи мүсіндердің санын дәл айтып жеткізу қиын. Егер «Рух-Ордаға» жолыңыз түссе, мұндағы концерт залын көрмей кетпеңіз. Өйткені мұндай концерт залы әлемдежоқ! Сайын даладай созылған үш бөліктен тұратын сахна залының өзі көрген жанды тамсандырады. Ерекше акустикамен жасалынған сахнада тіпті дыбыс күшейткішсіз /микрофонсыз/ ән айтуға болады екен. Үшінші ең соңғы бөліктің перделері екі жаққа ысырыла жөнелгенде, сіз ұшы қиыры жоқ теңізді көресіз. Ол – кәдімгі Ыстықкөл! Сіз  сахнада өнерпаздардың өнерін тамашалап отырсыз делік, кенет, самал желі маңдайыңызды аймалап, айнадай шалқар Ыстықкөлдің жағаға соққан әсерлі толқынының көрерменісіз! Қисынын тауып ойластырылған қандай керемет көрініс! Теңдесі жоқ демалысты қимаған журналистер, бейне бір құпия әлемге еніп кеткендей. Осы мекеннен кеткісі келмеген жәрмеңке қонақтарын енді «Қырғыз теңізі» пансионатының салтанат залындағы Ыстықкөл әкімдігі атынан жайылған дастархан қарсы алды. Кешкісін самаладай шамдары жарқыраған пансионаттан шығып жер-жерден жиналған тілшілір түнгі Ыстықкөлдің жағалауында алау /костер/ жағып, әселі өткен тағы бір күнмен қоштастық. Атақты ғалым Шоқан жолжазбаларына арқау болған Ыстықкөл өз құшағына саяхаттай келген қонақтарына осындай таңғажайыптарын ұсынды. Айыр қалпақты ағайындар жәрмеңкеге жиналған журналистердің Қырғыз елі үшін қасиетті саналатын Ош қаласында тұңғыш рет өткелі отырған жәрмеңкеге қатысуын да жақсылап ойластырып қойған екен. Алдын-ала жолақысын тағайындап, ЯК-40 әуе кемесін арнайы жалдапты. Келесі күні Бішкектің «Манас» әуежайынан ұшаққа отырып, оңтүстікті бетке алып көкке әуелей бердік…

 

ОШ – БАҚ  БЕРЕКЕ ДАРЫҒАН МЕКЕН


Ош Қырғызстанның оңтүстік аймағындағы Ферғана алқабында орналасқан. Қырғызстанның бейресми оңтүстік астанасы Ош – Бішкектен кейінгі үлкен қала саналады. Өзінің үш мыңжылдық тарихымен ерекшеленетін көне қалаға біз Бішкектен ұшақпен 50 минут көлемінде ұшып келдік. Биыл «Ұлы Жібек жолы бойындағы Ош қаласы» атты туризм жәрмеңкесі алғаш рет өтті. Ұшақтан түскен бойда алдымыздан қос етек көйлек пен сәукеле киген Оштың сұлу қыздары тұз-дәмімен қарсы алды. Қырғыз үйлерде тамақтанып алғаннан кейін біз ат басын бұрған мекеме Ош облыстық драма театры. Жер-жерден жиналған журналистер, бөлініп отырған бір-бірінен айырмашылығы жоқ бірнеше шағынавтобустарда шаһармен таныстырушы екі турқызметкерден бар екен. Олар – Ош қаласының «туризм және саяхат» мамандығы бойынша жоғары оқу орындарында білім алып жатқан студенттер. Біз жайғасқан шағынавтобуста Зарифа мен Айгүл есімді бізді қаламен таныстырушы екі қырғыз қызы болды. Зарифаға қойған алғашқы сауалымыз, Оштың «Ош» деп аталу себебі мен оның тұрғындары жайлы болды.
–         Ежелден ата-бабаларымыз мал баққан халық емеспіз бе, әдетте қойды қайырғанда біз Қош! дейміз. Міне, малшылардың қой айдаудан қалған Қош! сөзі кейін Ош қаласының атауына айналған деген жорамалды айтты. Ал қазіргі мұндағы халықтың саны 500 мыңнан асып жығылады, -деп жауап берді ол бізге.
–         Сіздерге Бішкек, Ыстықкөл қалалары ұнады ма,-деп сұрайды бізден. – Олардың менталитеті бізге қарағанда жоғарырарақ қой. Ол жақтағылардың пікірі солай. Ия, таңқалмаңыздар, бір Қырғыз елі болғанменен Бішкектік тұрғындардың бізді «Оңтүстік қырғыздары» деп атайтыны бар, – деп өкпе мен назға толы ақиқатты айтып салды. Бұл сөздің төркініне біз Ош облыстық драма театры залында өткен «Ұлы Жібек жолы бойындағы Ош қаласы» туристік жәрмеңкесінің ашылуынан кейін болған баспасөз мәслихатында сөйлеген Қырғыз Республикасының Мемлекеттік хатшысы Адахан Мадумаровтың сөзінен ұғынғандай болып едік. Баспасөз мәслихатында: -Біздер, оңтүстік журналистері… – деп сұрағын бастаған журналиске мемлекеттік хатшы:
–         Мен Сіздерден өз тілдік қорларыңыздан түстіктік және түндіктік деген тіркесті мүлдем алып тастауды сұраймын. Сіздер – қырғызстандықсыздар! деп мәселені бір-ақ қойды.  Қырғызстанның Мемлекеттік хатшысы Адахан Мадумаров, Қырғызстан Республикасы Президентінің оңтүстік аймақтардағы өкілетті уәкілі, Ош облысының губернаторы Сатыбалдиев Жанторо, Қырғызстан Республикасы үкіметі жанындағы туризм жөніндегі агенттіктің төрағасы Тұрысбек Мамашов, Ош қаласының басшысы Исаков Жумадыл сынды жоғары билік өкілдерінің қатысуымен 20 минутқа жоспарланған баспасөз мәслихаты бір сағатқа ұласты. Оштағы жәрмеңке алғаш рет өткізіліп отырғандықтан, бұл өлкенің туризм саласында журналистер білгісі келетін сұрақтар легі де көп болды. Қырғызстанның оңтүстігі туристер үшін әлі де тылысымы көп аймақ. Мемлекеттік хатшы өз сөзінде: Өткен жылы 100 мыңнан астам турист дәл осы Ош қаласына келіп демалды. Көп туристер Қырғызстанның тек Ыстықкөл аймағы ғана демалыс орнына лайық деп түсінеді.Тарихы тылсымға толы Ұлы Жібек жолындағы Ош қаласын айтпағанның өзінде, әлі де күллі әлемге танылмаған біздің Өзген қаласы, Сары-Шелек көлі, Айгүл деп аталатын гүл өсетін Баткен өңірі, біздің дәуірімізге дейінгі кезеңдердің таңбасы түскен Жаңаноқат сайы, Апшысарай сарқырамасы сында әрқайсысы өз алдына бір төбе, жұмақ мекендері баршылық. Әйгілі Македонский саяхаттап үстінен жүріп өтіп бара жатып, осы жерге аялдағаннан кейін, мынадай әсем  табиғаты бар көрікті мекеннен асып әрі қарай бару керек пе, жоқ па?- деп ойлап, тоқталған жері қазір «Македонна» деп аталады. Бұл тарихи орынның да зерттелмеген жұмбағы жетерлік. Соның барлығын ашып айту, жазу, елге таныстыру Сіздердің жұмыстарыңыз, сол үшін де бұдан кейін жыл сайын бір рет дәл осы Ош қаласында жәрмеңке өткізіп тұруды қолға аламыз, – деді. Ош қаласына барған жандар әйгілі «Сүлеймен – тауға» соқпай кетпейді.

 

ОШТЫҢ ҚАСИЕТТІ ОРТАСЫ «СҮЛЕЙМАН-ТОО»   

            /СҮЛЕЙМЕН-ТАУ/

Ош өзінің үш мыңжылдық тарихында 150 мың метрлік биіктіктегі Сүлеймен тауымен әлемге әйгіленеді. Сүлеймен тауы тек Қырғыз ағайындарға ғана емес, барша мұсылман қауымына қасиетті тау боп саналады. Алғаш Меккеге басын бұрған мұсылмандар осы Сүлеймен тауға келіп сыйынып, құран бағыштап барып жолға аттанатын көрінеді. Сүлеймен тауға арнайы құран бағыштап, қасиет тұтып келгендер үшін сыйынатын бірнеше орын бар. Солардың бірі таудың солтүстік-шығысындағы Бабыр мешіті. Оны 15-16 ғасырда ақын әрі саяси қайраткер Захириддин Сұлтанның өзі орнатқан екен. Мешіт жартастардың үстінде тұр, ішіне кіргенде құбылаға қараған тұста екі тізенің орнын бейнелейтін ойықтар бар. Бұл Сүлеймен пайғамбардың намаз оқыған кезіндегі қолы мен тізесінен қалған іздер деседі. Тау сағасындағы үңгірді мұражай жасап қойған. Онда Оштың ерте замандардағы тарихын елестететін экспонаттар жетерлік. Таудың ең биік шыңына өрлегенде кездесетін «Қолташ», «Белташ», «Бесікташ»,- деп аталатын тастардың әрқайсысының өз қасиеті бар көрінеді. Бесікташқа Жаратушыдан нәресте тілей келген аналар келіп, 20 метрге созылатын үңгірдің ішіне кіріп тілек тілейді екен. Белташ ұзындығы шамамен 3 метрдей үсті жып-жылтыр сырғанақ тас. Одан төмен қарай сырғанасаңыз бел ауруларынан арыласыз деген сенім бар. Ал, Қолташ кішкене ғана үңгір, оның ішіне қолыңызды салар болсаңыз, үңгірдің тереңдігіне жуан білегіңізге дейін созсаңыз да ұзындығына бойлай алмайсыз. Егер жақсы ниеттегі, күнәсі аз жан болсаң бұл үңгірге салған оң қолыңмен Пайғамбар амандасады,- деген де сенім бар екен ел арасында. Осындай құпия сырларға толы «Сүлейман-тоо» жақында ЮНЕСКО тізіміндегі әлемдік жәдігерлер қатарына енгізілмек. Оштың билік басындағылар осы тауда біздің Көктөбеміздегі секілді қанатты жол салу туралы мәселені талқылап жатыр…

 

«Ұлы Жібек Жолы бойындағы Ош қаласы»  атты бірінші туристік жәрмеңкесі

       Ош қаласындағы  жәрмеңке де Бішкек қаласында өткен «BITF Туризм және саяхат» атты екінші Қырғызстан Халықаралық Туристік жәрмеңкесіне ұқсас. Біз Бішкек қаласында мұндағы сатылатын бұйымдардың бағасы Ош қаласында әлдеқайда төмен болады деп естіген болатынбыз. Керісінше, жәрмеңкеде қойылған қолөнер туындылары Бішкектегі жәрмеңкемен салыстырғанда екі есе қымбат сатылып жатты. Қырғыз шеберлерінде: -Шартараптан жиналған қонақтар ұнаған бұйымын бағасына қарамай сатып алуға жомарт,- деген ұғым бар. Сондықтан да бірінші рет өткізіліп отырған жәрмеңкені пайдаланып қолөнер туындыларын барынша қымбат бұлдауды жөн көріпті. «Ұлы Жібек жолы бойындағы Ош қаласы» туристік жәрмеңкесінде де Қырғызстанның жер-жерінен келіп, өз қолдарынан шыққан туындыларын көрсетушілер көп болды. Жасөспірім баладан, еңкейген  қарияға дейін өз туындыларын паш етушілердің ішінде Орузбаев Табылды есімді  75 жастағы қарияға көзім түсті. Қария, Оштың «Балықшы» деген ауданынан жәрмеңкеге арнайы келіпті. Зейнеткерлікке шыққананнан кейін 30 жыл бойына мал сүйегінен, мүйізінен әртүрлі заттар жасап сатады екен. Темекі тұтатқыш, күл салғыш, бөлменің сәнін келтіретін әртүрлі көркем кескіндерді, сувинерлер жасайды екен. Қария жасаған бұйымдар қаланың қақ ортасындағы дүкендерде сатылатын қымбат сувинерлерден еш айырмашылығы жоқ. Елімізге Ресейден, Өзбекстаннан және басқа да алыс-жақын шет елдерден келетін туристер, мен жасаған бұйымдарды сыйлыққа деп көптеп алып кетеді,-дейді ақсақал. Жәрмеңкеге ұзыннан ұзақ созыла қойылған жаймаларды қарап келе жатып басы томағамен тұмшаланған тірі бүркітке кезіктім. Бұл Қырғызстанның «Том» олбысының «Бакамбай» селосында жақында ғана құрылған қоғамдық қор қызметкерлері әкеліп көрсетіп тұрған бүркіті екен. Қоғамдық қор төрағасының орынбасары, кеңестік дәуірдегі еркін күрестің шебері Акунов Алмазбектің айтуынша, бұл қордың Бакамбай селосында «Ұлттық аң аулау әуесқойларының мұражайы» деп аталатын  музейі бар екен. Қырғызстанда қысқы демалысын өткізушілерге біз өзіміздің аң аулау, саятшылық, құс салу, ат спортымен айналысуға мүмкіндік жасап, өз қызметімізді ұсынамыз. Қазір қолымызда баптап жатқан 16 тастүлек пен 12  бүркітіміз бар. Мынау біз баптап жатқан бүркіттердің ең кішісі деп қолына ұстап тұрған жас қыранды көрсетті. Сондай-ақ, асыл тұқымды тұлпардың түр-түрін таңдап мінуге тек бізде ғана  мүмкіндік бар. Біз өз қызметімізді алғаш рет жарнамалап, көпшілікке паш етіп жатырмыз. Жас жеткіншектерге садақ, қанжар, қылыш сынды қару-жарақтарды жасауды үйретіп, аң аулап, құс салуға машықтандырамыз. Өз құндылығын жоймайтын, ұлттық өнерімізді неге дамытпасқа?! – дейді спорт шебері. Жәрмеңкеден тыс бұл күні базарда тұрған саудагерлер де заттарының бағасын өсіріп қойыпты. Негізі дүйсенбі күні барша базарлар үшін тазалық күні. Ош базары да дүйсенбі күні демалуға тиіс еді. Бірақ, біздің сапарымызға орай үлкен «Шығыс» базарын ашып қойыпты. Сатушылар жәрмеңкенің арқасында біраз бұйымдарын бұлдап, бір марқайып қалды. Ұлы Жібек жолының бойындағы Ош қаласындағы серуеніміздің соңы облыстың «Байсуу» мейрамханасында Ош қаласы Мэрының атынан жайылған кең дастарханға ұласты. Бұл дастарханда да қаланың Мэрі Исаков Жұмадыл Ырысбайұлы жәрмеңкеге белсене атсалысқан барша журналистерді өз атынан арнайы дипломмен марапаттады. Біздің басылым бұл жолы да Мэрдің марапатына тағы бір рет ие болды. Барша жәрмеңке қонақтары, журналистер қауымы арқа-жарқа көтеріңкі көңіл күймен тарқасты.  

 

ШИЫРШЫҚ ШАТҚАЛЫНДА

       Бүгін, бес күнге созылған жәрмеңке саяхатының соңғы күні. Барлық қонақтар  міне, дәл бүгін өз елдеріне тарасады. Бірақ, Ош қаласынан 3 сағат қашықтықтағы «Шиыршық» шатқалындағы «Алай» ауылының  қызығын тамашалап болғаннан кейін… Бізді «Алай» ауылында бір топ қырғыз ақсақалдары тізіле тұрып қарсы алды. Қараған жанға ерекше әсер беретін көрініс. «Алыстан жеті жасар бала келсе, жетпіс жасар қария келіп сәлемдеседі»,-деген қазақтың мақалы қырғыз ағайындарға да ортақ болғаны ғой… Сөйтіп, Алматыда көп көре алмайтын көріністі біз Қырғыз ағайындарымыздан көріп көзайым болдық. Бұл көршілеріміздің «берекелі істің басы жасы үлкен қарияның батасынан басталады» дегені екен. Барлық меймандар, тізіліп тұрған алайлық ақсақалдармен қол беріп амандасып болғаннан кейін, алайлық сұлулар ұсынған тұз-дәмнен таттық. Сырнайлатып, кернейлетіп ән салып қарсы алған қырғыз ағайынардың әуезді әуендері де құлаққа жағымды естіледі. Ақ шағаладай тізілген алты қанат ақ ордалар, алтыбақан, көкпар, қос етек жібек көйлек пен зер салып оюланған оқалы бешпент киіп, шашын қос бұрым етіп өріп алған қырғыз сұлуы, ұлттық ойындар, қыз ұзату рәсімі, құдаласу, баланы бесікке салу, тұсау кесу – бәрі-бәрі қазақтың салт-дәстүрімен ұқсас. Сәл тілдік өзгешеліктері ғана болмаса  тіпті, қазақ пен қырғыз халықтарының арасында айырмашылық жоқ, екеуі егіз халық сияқты. Бұл көріністің барлығына куә болған өзімізді Қазақстанның бір ауылында жүргендей сезіндік… Дәл осы көріністі күнделікті көру мүмкін емес. Сәйгүлікті тізгіндеп желдіріп жүрген қырғыз қыздарына қайран қаласың. Олар бізге атқа қалай отыру керектігін оқытқандай болды.  -Егер атқа отырғанда үрейленсеңіз, ол сіздің қорқып отырғаныңызды сезеді,- деп ақыл айтады қырғыз бұрымдысының бірі. Алтыбақан теуіп, құмарымызды қандырып жүргенде, кенет:
–         Көш келе жатыр, көш келеді, қарсы алыңыздар!- деп қырғыз шабандозы сәйгүлікпен жүйткіп берді. Расында да, басын ақбас атандар бастаған қалың көш таудан төмен ылдилап келе жатты. Керемет көрініс! Ерлер жағы қырғыз палуандарының күресін қызу тамашалап жатқанда, «қызға қырық үйден тыйым» тақырыбында қыздың шашын баптау, қыз ұзату рәсімдері көрсетілді. Нәрестеге ат қою, бесікке салу, тұсау кесер рәсімдері де болашақ келіндерге бір сабақ болды. Мұнда көрсетіліп жатқан «құда күту» рәсімі маған кітаптан ғана оқып жүрген нағыз қазақ дәстүрін елестетті. Әсіресе, әжелердің ат үстіндегі күресі елді елеңдетпей қоймады. Осындай қызықтарды тамсана тамашалап жүргенімде, жанынан өтіп бара жатқан қырғыз үйінің маңында отырған бірнеше әйел кісілер:

– Қызым, сен Қазақстаннан келдің бе, кәсібің кім, тілшісің бе?- деп жамыраса сұрақ қойып, сұхбат алудан шаршаған өзімді әңгімеге тартты. Қырғыз ағайындарымыздың мұндай бауырмалдылығы да қазаққа ұқсас.  Қырғыз үйдің Отанасы 30  жыл бойына ақ үйді жалға беру кәсібімен айналысып келе жатқан 7 баланың анасы 58 жастағы Чапиева Сусар апай:

–         Қағылайын қазағымның бойжеткенін майман қылмасқа болбайт,- деп өзі ашытқан шөл қандырар қымызымен, қара кесек етін аузымы тосып бәйек болуда. Мен бұл кісінің айтқысы келгені:

– Айналайын қазағымның бойжеткенін мейман қылмасқа болмайды, – деп ұқтым. Ош облысы, Алай районы, Гульча селосындағы жалғыз мектептің орыс-тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Тапык Утунчиева, Айнура Тәшебайқызы, зейнеткер Сәбира Бәкиева, Сабир Торешова, мектептің бастауыш сынып оқытушысы Айсалқын Садыковалар осы қырғыз үйіне арнайы келіп жатқан қонақтары екен. Әрқайсысы Қазақстан туралы пікірлерін ортаға салды.

–         Қазақстан халқының бүгінде жағдайы жақсы, естуімізше Сіздердің еңбекақыларыңыз біздің елдің қызметкерлерінің еңбекақысынан бірнеше есеге көп екен,-деп экономика, әлеуметтік жағдай тұрғысынан да біраз әңгіме өрбітіп қойды. Көршілес жатқан сіздің еліңізді барып көруге әлі де болса мүмкіндігіміз болмай отыр. Қазақстанды өз көзімізбен бір рет барып аралап көріп қайту біздің арманымыз,- дейді олар. Қырғыз бауырлар да қымызды жақсы көреді. Бізді күткен қырғыз үйінде дастарханға үлкен ас келердің алдында құйрық-бауыр ұсынылды. Мұның неге беріліп жатқанын арамызда отырған орыстар түсінбей біраз әлек болды. Көргенге бұл да қызық көрініс  екен. Осыдан кейін-ақ бірінен соң бірі тағамның түр-түрі тартылып жатты. Бұл Қарғызстанның үш қаласында өткен жәрмеңке қонақтарына деп жайылған соңғы дастархан болатын… Әсерлі күннің соңын ала бере, біз жолға аттандық. Шөл қандырған қымыз, бал татыған алайлықтар ұсынған ет, құлақ құрышын қандырар әсем әуеннің әсерімен Қырғыз астанасы Бішкектің «Манас» әуежайына келіп қондық. Бұл жерде бізді Алматыдан алып шыққан үлкен жүрдек автобустарымыз күтіп тұрды. Автобустағы өз орындарымызға жайғасып отырғанымызда, Қырғызстан Республикасы Үкіметі жанындағы Туризм жөніндегі агенттіктің төрағасы Тұрұсбек Мамашов арнайы келіп, жәрмеңке қатысушыларымен, журналистермен зор алғысын жаудыра отырып қоштасты. Әсерлі саяхат сыйлаған Қырғызстан расында да Қырғыздардың өздері айтпақшы «Туризмдин өлкөсү» екендігін мойындамасқа амалың жоқ….

Жазира Амантайқызы,
Алматы-Бішкек-Шолпан Ата-Ош- Шиыршық-Алматы




Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to Top ↑