banner-top12

Замансөз 35b8d64afcfc7f58327710ab9e2970b9

Қосқан уақыты Наурыз 5, 2016 | 566 рет оқылды | сайтқа қосқан shalqar

0

ҚАЙРАЛМАҒАН ҚЫЛЫШТЫ ТОТ БАСАДЫ

Ғалия Қайдауылқызы

Аяққа кісен салуға болар,

Қолға кісен салуға болар,

Тілге кісен салуға болмас!

(Бәйдібек би)

 

«Не айтарыңды білмесең, шыныңды айт» дейтін шығыстың  даналығы осындай тығырыққа тірелгенде жаныңа қуат береді.

Әр  қауымның   тілі, ділі, діні әркімнің өз еркіндегі ерікті әрекеті  емес, ұлттың  саяси, рухани мұратының биік мұнарасы. Мемлекеттік  рәміздердің  анасы – мемлекеттің  мемлекеттік тілі. Елдік тілдің негізінде ғана елдің елдік тұлғасы  мойындалады. Тілінен түңілген ұлт өзін-өзі өлтіреді, түбіне үңілген жұрт өзін-өзі тәубесіне  келтіреді.

Қазыбек бидің: – «Бәріңіз бір енеден туғандай болыңыз, жат жанынан түңілсін: айнала алмай ат өлсін, айыра алмай жат өлсін» дейтін  өсиетін сақтау – жер бетінде  соңғы  қазақ-тың қара тырнағынан хал кеткенше,қара басы қара жерге жеткенше жадынан өшпейтіндей ұлық ұстанымы, ұлттың  ұйтқысындай ұрандатқан  ұлы  жолдың  басы  болмақ.

Әу баста бәрі де дұрыс еді. Бір  төбенің  жаңғырығын екінші төбеге тілімен тебірентіп, үнімен  тербетіп  жеткізетін  бабаларымның  байтақ жерін  де, бай  тілін де  басынғандарға қарсы  бас көтергендердің  бастары  кесілген соң ербеңдеген қол мен тырбаңдаған  аяқтар-дың амалы таусылып дұрысты бұрыс деді. Шарасыз халық шашылып қалды. Империяның отарына біреу мүйізден, біреу тілден  байланды. Мүйізден  байланғандар  мүйіздеп сытылды, тілінен байланғандар көмейден  тұтылды. Жеті жұрттың  тілін, жеті  ғаламның  сырын білуге  талпынған, жеті  атасын  түгендеп  қан тазалығын, сәйгүлігін жүгендеп тән тазалығын,жаратылыспен жарасып жан тазалығын сақтап келген,түркілердің түп қазығы, сақтардың салтын, ғұндардың ғұрпын жалғастырған жұрттың жанды жерін дәл тауып әуелі тілін тұқыртты.Миссионерлер өз миссиясын жанкештілікпен атқарды. «Маған бүкіл қазақ даласы ән  салып тұрғандай…» – деп тамсанған жоқ, таң қалды. Асқақ дауыс, жалынды  үн, өткір тілден қауіптенді. Алты атаның дауын алты ауыз аталы сөзбен  шешкен, абақты соқпаған, зындан қазбаған сайын даланың серті сертпелі сөздің астарындағы атылған оқ екенін сезіп сезіктенді, сескенді. Тас жаруға жараған тілдің бас жаруға қуаты жететінін түйсініп түсінді. Қалған «қауіпсіздік» шаралары содан соң жоспарлы түрде жүйеге түсірілді. Еркін елдің  ерікті  ұланы  «қасқыр келе жатыр» десе  қызық көріп  қарсы  шығатын ер мінезден, «орыс келе жатыр» десе отырған жеріне «отырып» қоятындай үрейленді.

Тоғыз жолдың торабында, қос құрлықтың қойнауында, көкжиекке жанарын қадап, қия шыңға қиялы самғап, шығыстың шырайын, батыстың  құнарын бойына дарытқан, жылқы-ның жүйрігін мініп, судың тұнығын ішіп, мылтықтың түзуін  атып, тамақты талғап  жеген, киімін әрлеп киген, адалдығымен дос жинаған, дархандығымен жат сыйлаған қайратты  да қайсар   мінез   қазақты   қақ  жарудың   дәуірлік  міндеті  қабылданды. Осы  орайда Халел Досмұхамедұлы: – Елдің тілі бұзылуына ең алдымен оқығандары себеп болады. Бұлар жат жерлерге бағынғыш келіп, ана тілін өзгертуге жолбасшылық жасайды» – дейді тілін тісіне қойып. Қазақтың қанжары мен қайрағының  арасында  қайрала  жүріп майрылған, қанаты-нан қайрылған қайран  арыстар-ай! Осыдан тура 100 жыл бұрын Алаш қозғалысы  қайрат-керлерінің бірі Ғұмар Қараш «Ұлт һәм туған  тіл»  мақаласында: – «…Бала  анасының  құр-сағында-ақ, өз ұлтының тілімен ауызданады, бүтін денесі  сонымен  азықтанады» – дегенінің дәлелі қазақтың баласының тілі былдырлап емес шүлдірлеп шығып жатқандығы болса керек. «Баланың тілі қай тілде шықса, сол тілде түс көреді» деген осыған саяды.

«Қазақтың баспасөзінің қатесін көрсе Еуропа әйелдері бала тастар еді»–деген түрпі сөз де осыдан бір ғасыр бұрын айтылғанымен күні бүгінге дейін сол сазарған бетінен қайтқан жоқ.

Жүсіпбек Аймауытов: – «Қара   халықтың   мәдениетті   болуынан, мәдениетті кісінің қазақ болуы қиын» десе, Ахмет  Байтұрсынұлы:

– Мен бұқтым, жаттым,

Сен бұқтың, жаттың,

Кім істемек қызмет

Ауызбен айтып,

Істерге қайтып,

Жоламасақ не міндет – деп ашынады. Әлихан Бөкейханов: – «Анық түрік затты халық  тілі – біздің қазақта» – дейді де өзін де, өзегі талған жұртын да арқаландырады. «Ғұмыр жүзін-де біздің қазақ тілі өз бәйгесін алар» – деп үміт сәулесінің ұшқынын тастайды.

Мұстафа Шоқайдың«Ұлттық рухтың негізі – ұлттық тіл» деген өсиетіне алты қырдың арғы  жағындағы  атасы бөлек К.Г.Паустовский «Ана тіліне немқұрайды қарау – өз халқы-ның өткеніне, бүгініне, болашағына немқұрайды  қарау» – деп  үн  қосады. Имануйл Кант: «Халық өз тілінен айырылған кезде харекетінен де айырылады» деп күңіренеді. Бұл деген Халел Досмұхамбетұлының: «Ана тілін жақсы біле тұрып, бөтенше жақсы сөйлесең– сүйініш,  ана тілін білмей  тұрып  бөтенше  сөйлесең – бұл – күйініш» мұңымен  үнсіз  үйлесім тауып тұрғандай.

Даналардың дара тұжырымына тәнті бола отырып,тығырықтан шығудың  өсиетті  шешімін кәдімгі Ақтайлақ бидің «Киелі істі көппен шеш, шиыршық атса еппен  шеш» дейтін шешен де көсем  көрегендігінен  дәтке  дәрмен  тапқандай  боламыз. «Тілінен   айырылған жұрттың да,жойылған жұрттың да жұртында қалғаннан сақтасын» деп біз де сақтық шараларын жасауға жанталасамыз. Тілерсегі дірілдеп, буыны былқылдап тұрған қазақтың тілін ұлттың үнімен қуаттандыруға құлшынамыз, құлдық санадан құтылуға ұмтыламыз.

Тілін түсінбеген  ата  жауының  өзін  ақылымен  аттан аударып түсірген сайын даланы арымен, жанымен қорғап құрбан болған қыран мінез бабалардың көкте рухын  күңірентіп, жерде сай-сүйегін сырқыратып назаландырып  алудан  абайламасақ  адасатынымызға  ала-ғызамыз.

Алайда, айтақтай,  айтақтай   қасқырдан да ұялатын  уақыт жеткен сияқты.Дәл қазір мемлекеттік тілді, дәлірек айтсақ қазақ  тілін, демек менің  тілімді  қолдаудан  гөрі  қорлау басымырақ.

Біздің елдің  тәуелсіз  тарихында қос тілдің «текетіресі» әрі жария, әрі құпия. Жария зарлаудан  жалықпайды,  құпия – қисынын  тауып  алдаудан  қорықпайды.  Жария   жанын салып қақсайды, құпия құлпының кілтін құпия сақтайды.Біреуі сөйлей береді, біреуі үндемей  жөнін жөндей  береді, өзге тілмен өзегін  жалғап өлермендікпен  өрлей береді. Соңғы кезде қағазды да, уақытты да үнемдеудің үкіметтік тәсілімен өкіметтің жиындарын ресми-лендіре түсу үшін биліктің отырыстарын тек орыс тілінде өткізу үрдіске айналды.Саңқылдайсың ба,қарқылдайсың ба қалың қазақ жиналады, есеп-қисап есептің тілінде тыңдалады. Келдік  тіл  елдік  тілдің етегінен  басып  еңсесін  езе  түседі, мерейі  өсе түседі. «Қазақтың қазақтан басқа жауы жоқ» дейтін Абайдың даналығына «қазақтың тілінің де  қазақтан басқа жауы жоқ» дегенді қақ маңдайымызға шегелеп  қойсақ та  арлана қоятын  қазақты табамын деп талпынбай-ақ қойыңыз.

«Үрген ит қаппайды, сақтандырады» десек біздің  айтып жүргеніміз, тіл қотыр, құлақ жауыр болғанша қайталана беретін әрі қаңқу, әрі шаншу.

Елбасының: «қазақ қазақпен қазақша сөйлессін» дейтін  өсиеттей  өнегелі сөзін қаптаған  қалың  қазақ жиналған  отырыстарда  құлағы  түгілі  шылауына да қыстырмай, жүре тыңдағандары өте өкінішті-ақ.

Орыстандыру саясатында орыстың да, ойраттың да кінәсі жоқ. Бір ұлттың рухын қақыратып барып қақ айыру мылтықсыз майданның  ең  қолайлы  стратегиясы.  Пәлсапалық ойларының тереңдігімен, қиялының ұшқырлығымен, тілінің өткірлігімен, әубесінен жаңылмайтын тәуекелімен, қиянатсыз  қайратымен,  ақылына  сүйенген  айбатымен, өркениеттің өркешінденық  отырған  қазақ  қазақ  болғаны  үшін  ғана  сан  ғасыр   қастандықтан  шыға алмай  қалжырады, қалжыраған  сайын  сансырады. Иманның  ісімен, рухтың күшімен, тіл найзаның ұшымен, есерлердің екпінінен,тексіздердің текпінінен аман қалды.Сол құдыретті күшті әлсіретудің жолындағы «әлімжеттілік» әлі де жалғасуда.

Ақ  ниеті  мен  адал  асын  ауыздарына  тосқан  қазақтың  келімсекте де кетімсекте де өкпеназы жоқ. Ешқайсысының қазақтың жерінде де, тілінде де, өзінде де  алты  аласы, бес бересі дауы жоқ.Бауыр басып кеткен адамзаттың ұрпағы. Өзі отырған бұтағына қатер төндіріп тұрған айбатты  айбалтаның сабы  өзімізден. Елдік тілдің еркін көсілуінен қауіптене-тін де іштен шыққан «әзжыландар» мен  «бозжыландар».

Сырттан  келгендердің  алдынан  ту  желбіретіп шықсақ «е-е…» дейді, тіл мөлдіретіп шықсақ «о-о-о дейді». Себебі ту – адамның  қолымен  жасалған, тіл – Алланың  сыйы, ата-бабаның  аманаты. Ешкімнің  ойдан ойлап  шығарған  ойыншығы  емес. Әрбір тілдің киесі бар, демек иесі бар. Өз тегін менсінбегенді өркениеттің өзі өзекке тебеді.

Қазақтың қатарға қосылудың жолындағы басты  құрбандығы ана тілінен айдың  күннің  аманында  айырылып  қалғандығы.Әлі де тілдің  тілге келе алмай тұрғаны құрбандық-тың құнының құндылығында. Ана тілі – есеп-қисаптың  құралы  емес, жан-дүниесінің ұраны. Санаңды баурап, сезіміңді арбап, еңіретіп барып есіңді жиғызады.Не сынаққа көнесің, жан-тәңінді ана тіліңе бересің, не көрінген көшке ересің.

Ұлтымыздың ұлы мұрасы – бабалардан жеткен  тіл. Қазақ тілі  қазақтың  пешенесіне жазылған тағдыры. Демек, барымызды бағалап сақтайтын да өзіміз, айрылып  қалсақ, аңы-рап жоқтайтын да өзіміз.

Бір кезде ең сорлы жарымжан кісі орысша тіл білмейтін қазақ болды.Адам болу үшін өз тілін бәйгеге тікті,бастық атанды.Алайда қазақ тілді қазақ болып қала алмады.Абайшы-лап айтсақ: «Қазақ болу өз еркің, бастық  болу  парызың»  дейміз  де демімізді терең  алып бір күрсінеміз. Сөздің қолдану аясының тарылып кеткендігі сонша қазақшаны қазақшалап қақалып-шашылып жүрміз.

Сөздің жұтан тартуы – ойдың әлсіреуі, ойдың әлсіреуі – рухтың қалжырауы, сананың сансырауы.

Қазақты қазаққа қарсы қоюдың айла-шарғысы ешқашан«күн тәртібінен» түскен емес. Үстем тапқа қарсы шығамыз деп үстем  ұлттың  текпісіне түстік. Үстемнің қадірін кетіріп «тең» болдық, үстем ұлтқа жем болдық.Ендігі  жерде сауырды аясақ та сананы қамшылай-тын кезең туды. Өзіне-өзі сенімді жұрт өзінікіне бөгдені  ортақтастырмайды, жарияға  жар салмай өзінікі  екенін  дәлелдейді, мемлекетінің  меншігін  қорғайды, мемлекетінің тілінде еркін ерікті дәрежеде сөйлей береді. Біреу «мұның қалай» десе дербестікке айтылған әбес-тік деп қабылдайды.

«Сөзіңіз өте күрделі екен, қарапайым тілмен жеңіл етіп жазбасаңыз жастар түсінбейді» – деген  байқұс  базынаны  естіп  қаламыз. Алайда, елпілдеген,  желпілдеген,  сылбыраған, былжыраған, қалжыраған қарабайыр, қарадүрсін тілдің тілімізді қара құрттай жайлап бара жатқандығына жайбарақат қараймыз.

Тіліміздің аясы  кеңейіп келеді деп өзін де өзгені де алдаусыратқандар  алдаусыратқаны үшін  айлық  алып  отырғандар. Бүгінгі  пайызды пайыздасақ «қазақтың пәлен пайызы ана тілінен  мақырұм  қалған» деп жарияға  жар  салып жүрген «сүйіншіге» қазақшаны тіл деп танымайтын ұлыстардың үлесін «кепілдікке» қалдырып, күндердің күнінде салғыласа келгенде қазақтардың салы суға кетуі әбден мүмкін.

Осындайда,осындай халге жетуге«қолғабыс» тигізген айтқыштардың дегендері еске түседі.

«Қазақтардың  ақыл-ой  қабілетінің зор екеніне  барған сайын көзім жете түсуде. Айтқысы  келгеннің  бәрін тез түсіндіріп, қарсыласының сөзіне де шебер тойтарыс бере біледі. Тіпті  балалардың  ақыл-есі де өте тез жетіледі» – деп  таңдай қағады В.В.Радлов. «Құнды сөз құнарлы ойдан шығады» деген Л.Н.Толстойдың  сөзіне  бас шұлғисың  да, орысша ой-лайтын қазақтан қазақша құнарлы сөз қайдан шықсын  деп шарасыз күйге түсесің. Қарша-дай баланың шақшадай ғана бір басына үш түрлі тіл қатар ұя салғанда қай шиқылды тыңдарын білмей дал болған санадан қандай дана  шықсын – дейсің де  Төле би бабамыздың: – «Бидің айтқанын құл да айтады, бірақ аузының дуасы жоқ» – дегеніне  дем  қосып,  айтылған жерден аса алмай жер жастанатын сөзіңді аяйсың да налисың. Үйіп-төгіп тіл үйренген жақсы, өз тілің үйіндінің астында үйелеп қалса, қасірет.

Жақында дүйім жұртты аузына қаратып қазақша ән кешін  өткізген  Үш  Татьянаның біреуі Бурмистрова: – «Сұлтан сүйегін сатпайды» деген  сөз бар, өз  төркіндеріме де бір ән арнайын, қазақша сөйлемейтін қазақтар да менің төркіндерім» деген астарлы назбен орысша ән салған еді. Қилы тағдырдың  соқпағында сөзінің де өзінің де қылшығын  қисайтпай, қазақша білгені үшін ғана  қазақтың  алақанында  жүргендердің қай  әрекетіне де қол соға-сың да, тіл үйренудің жолында тілін құрбандық еткендерге қайран қаласың.

Үш  ғасырдың  үскірігі  тілдің гүлін үсітіп, сабағын солдырып, енді тамырды  бойлап барады.Қолданыстан құқай көрген тіл айналымнан шығып қалған ақшадай бірте-бірте тағ-дыры  талауға  түсіп таңсық дүниеге айналады. Дәл қазір таразының екі басы ерегесіп, қақ ортасы қаңтарылып тұр.

Орыстың  тілін тіліне тіиек еткендер  баласын «болыс» болсын деп тілін «теріс» бұра-ды. «Тіл байлар» той жасағанда ана тілінің шамданып тегінен  ажырап қалатынын ойлама-ды,тереңіне бойламады.Орыстың тілін дамытқаны үшін,қазақтың бойына дарытқаны үшін дарынды атанып даңққа бөленді, бөлекше бөлініп еленді. Бұл орыс халқының ұлылығына бас ұрудан емес, ұлық болуға асығудан, қорлана, зорлана ашынудан пайда болды.

Бәріміз шетімізден пәленшенің тұқымы,түгеншенің ұрпағымыз деп ұрандаймыз.Оса-лымыз жоқ, осалдығымыз  олардың  қадірі  мен қасиетін, қалдырып кеткен өсиетін елеусіз  қалдырғандығымыз. Әруағынан ат үркетін айтулы бабалардың атымен аталған көшелерде аталы сөздің орнында кермелерде керілген жаһанданудың жартылай жалаңаш жарнамалары менмұндалап керіліп тұр. Үлкен қалалардың  көшелеріндегі қиылыстар  мен  бұрылыстарда  «Перекрестоктер» берісі елу жыл, арысы   бір ғасырға  мызғымастай  қара темірден қағылып, қисынын тауып, қиюын келтіріп, ешкімге тиіспей, көз  алартпай санаға салынған тамырлы таңба. Шойын темір шытынап, қара темір қақырап қалғанша тапжылмай тұрады. Мұндай  жөнсіздіктерге  жөн  айтуға  жауаптылар  аялдамаларда  аялдап  отыруға  уақыты жоқтар.

Ресми айтулы жиындарды өткізуге қолайсыз көрінгені мемлекеттің тілінің дәрменсіздігі емес, тілінен айырылып қалғандардың пәрменсіздігі. Қазақтың тілінде сөйлеуге құлқы да құлшынысы да жоқтарға жұмыстан жиналыс көп заманда ыңғайлы тілге қарай ыңғайлана салған ыңғайлы сияқты. Көршінің төл тіліне телініп, елдігіне емініп, түк болмағандай көрініп, өз тілімізден жерініп, қайыруға келсе де, иіруге көнбейтін дүлдүл тілге иелік ете алмай есіміз кетіп отыр.

Үлкен жиындарда сөз алғандар әуелі қазақша бастаған болып, тілдің тілін шайнайды, бұл сәтте тіл түсінбейтіндер қалтафонмен ойнайды, қазақ тілділер «қазақ елінде тұрамыз – ау» – деп ойлайды, ойлап үлгергенше сөйлеуші орысша сайрайды, қазақ тілдінің қыжылы қайнайды, орыс тілдінің көзі жайнайды, әрі қарай әдеттегі әдетпен ресми жиын ресми тілге қол соғады, «бейресми» тілді сең соғады. Теледидардағы қазақша хабарларда сұхбат берген қазақтардың үні сыбырлайды, ерні жыбырлайды. Қазақты қазақ қазақшалап арамтер болады, ресми билік ресми тілде айтарын айтып екі иығын қомданады. Тыңдаушының біреуі паңданады, біреуі шамданады, бар тілдің тілі байланғанға жас-кәрі таңданады. Ұждансыздық ұлтсыздыққа, ұлтсыздық тілсіздікке, тілсіздік үнсіздікке жетелейді. Ана тілінен безінген – «азар», ата-тегін ұмытқан – «безер», яғни, азар да безер ұрпақ өрбиді. Қайдан шыққанын ойламаған, қайда барарын да болжамайды. Ең бастысы тамағы тоқ, көйлегі көк, барқылдаса да бардың баласы сөйлейтін заманда өткен-кеткенді ойлап бас қатыруға құлқы жоқ.

Абақты салмаған, зындан қазбаған ұлы даланың ұлы аңы аталы сөзге ат байлатқан. Атасының құнын алты-ақ ауыз сөзбен шешкен, алдына иілгенді, аяғына жығылғанды кесірленбей кешкен мәрт қазақтын мәңгілік ел болып күн тұрғанша жасайтын тілегі де тегеурінді тиегіне сүйенеді.

«Ата заң», ежелгі «Ана заңына» қысастық жасаса бала заңға, яғни, шала заңға бас иеді. Ата заңның ана тілде жасалмаған түпнұсқасы түп тамырынан ресми тілге байланып елдік тілді бейресмилендіріп тұр. Сондықтан тілдің билігін билейтіндер өздерінің өзегін жалғайтын тілдің екі шетінен ұстап, ортасынан тістеп айырылмай отыр.

Жоям десе жойылмайтын, қиям десе де қиылмайтын, тиям десе де тиылмайтын, иілмейтін де бүгілмейтін, басы ноқтаға сыймайтын, айылын жимайтын, сыйлай білгенді ғана сыйлайтын қазақтың қайран қайсар тілі қазақтан қағажу көріп тісін тісіне қойып тістеніп бағуда. Бір тілдің тілеуін бір ұлт екі түрлі тілейді. Біреуі жоғалтсам өлем дейді, екіншісі білмесем де күн көріп келем дейді. Тілі бүтінделмеген қауымның тілеуі де бүтін болмайды. Не қазақша, не орысша емес буыны бұрмаланған «бұратана» тіл шалажан түсінігімен тілдің де, елдің де сиқын кетіріп кекесін мысқыл туғызады. Жер–су  атауларын таза мемлекеттік тілде түзетіп атаса ешкімнің тілі түйіліп, тісі түсіп қалмайды. Бермесе Құдайға өкпелейсің, бергеннің берекесін кетірсең кімге өкпелейсің. Бұрмаланып бұзылған ережелерді жүйеге түсіруге жүйкеміз шыдамай әлі күнге жүрелеп отырмыз.

Күңіренткен дәуірлерден күйремей жеткен, күретамырдан бұлқынып өткен сайран тілімнің  таңы атқандай, іздегенді тапқандай тәуелсіз кезеңде тағасыз аттай тайғанақтап тұрғаны құлғанадай қуалаған құлдық құлықтың дағы кетсе де табы кетпей таңдайдан тартып кері бұрғаны. Аттан жығылса да аталы сөзден жаңылмаған ата-тегімнің тектілігі ойының тәттілігінде, тілінің ащылығында, сесінің қаттылығында, тамыры терең заттылығында.

Қазақтың «станында» төл ұлттың төл тілі теперіш көргендіктен, талай қазақтың басы жеткен деңгейге бәсі жетпей өмір бойы аудармамен алысып «аударыспақ» дейтін «ұлттық ойынның» туын тігуде. Шындықты шыжғырып басқанға шыдайтын беті бар бас әзірге әзір емес.

Тіл туралы тақырып қозғағандар «қойға келген қотыр ешкідей» сүйкімсіз. Қызыл танау, көк езуден шыққан қайран жоқтау сөздер көсіле желгендей көрінгенімен көбігі көпіршіп көрінгеннің құлағын қышытатындай мүшкіл халде. Тілдің тізгінін ұстап отырған «тілсіздер» қасқыр көрген тайыншадай тасырайып, тілім деп тілі салақтағандарды «сүтке тиген күшіктей» күйге жеткізді.

Тіл мәселесінің басты тақырыпқа айналуының астарында да алуан түрлі сыр жатыр. Тілдің тілі байлана түскен сайын «тілсіздердің» қанжығасы майлана түседі. Қазынадан бөлінген қыруар қаражат қайрандаған қайықтай дарияға жетпей діңкелеп, дегіштер мен жегіштердің құлқын құрдымына сіңіп жоқ болады. Анық себебін әуелі Алла, одан соң обырлар мен жемірлер біледі.

Тілдің тілін салақтатып сүйретпеге салып жүрген де, тілім-тілім етіп тілшелеп бөлген де, не істейтінін білген де, бірдеме білгісі келгендерге тілін шығарып күлген де, жанын үзіп берген де, сүйретпеге көнген де баяғы сол бір қазақ. Таңымыз атып, күніміз шығып етек-жеңімізді жинаймыз дегенде қуанған мен қорыққан бірдей дегендей мұндай еркіндікті көрмегендіктен өз тілімізді өзіміз байқамай жұтып жіберген жоқпыз ба?! Жаһанданудың жалпақ жұртының жайлауына жаттың тілін жалданып, барды-жоқты қарманып жамырасқанымыз еліміздің елдігіне сын емес пе? Мемлекеттік тіл мемлекеттік деңгейде мемлекеттің қызметіне жарамаса, не тілдің қор болғаны, не тіліне теперіш көрсеткен елдің қор болғаны. Жаратушы жарылқап берген бай тілді шайнап жүрсін демеген, сайрап жүрсін, тілінен айырылып қалған қауымға қарап алды-артын ойлап жүрсін деп берген.

Қазақтың тілін үйренудің құпиясы тілдің қиындығында, күрделі қайырымында емес, тереңдігі мен тектілігінде. Айта салайын дегенге  алданбайды, сөйлей салайын дегенді малданбайды.

Күні кеше тілінің түбін түгендеп тілім деп тілін емізгендер, тілін түсінбейтін немересіне қарап тілін тістеуге мәжбүр. Көңілшектіктен бе, шегіншектіктен бе баламыздың түрі өзімізге тартқанмен, тілі көршінің көңілін аулап алау-далау күйге түсіп тұр. Демек, бүгінгі таңда үш тұғырлы тілдің үшкілі – көршінікі, ұтқыры – елшінікі, тұқылы – қойшы-қолаңшы, яғни бұйырса біздікі. Ұлттың бүтіндігі тілінде, тілдің  бүтіндігі үнінде, бүтіндігін ойлаған тілегінде, елім деп соққан жүрегінде. Отандық тіл біреу болса бүтін ұлыс үндес, елдік тіл екеу болса тіл мен тіл күндес.

Ұлы хакім Абай «орыстан үйрен» дегенде, «орыстан» деген жоқ,орысқа қарап намыс-тан деді. Сол баяғы қалпымызбен, бұлжымайтын салтымызбен орыстан   үйренейік. Жире-нетіннен  дер  кезінде жиренейік, тағы  да үйренейік. Өзін-өзі  сыйлауды, жақынын   жатқа  қимауды,  құрамадан   құрап,  сұрамадан  сұрап,  өзіне  телуді, асылын  сақтауды, жадында  жаттауды, қазынасын   сатпауды,  шырылдап   қорғауды,   шындықты   қолдауды,   жігерді   жануды, дарынды  тануды,талантты  күндемеуді, жақсыны жүндемеуді, тағы да осы орыс-тан  үйренейік.«Әлемді тану үшін әуелі  өзіңді таны» дейтін, намысты қамшылайтын, түй-сікті шымшылайтын  көршілердің қасиетті  қағидасын  қаперінен шығармайтын ордабасылары  орыс тілін  қорғауды  дәуірлік  дәстүрге айналдырып, пәлен елдің қатарына енудің де, түген елді қолтығына қысудың да саясатын тілі арқылы арқандап отыр.

Мемлекетіндегі тілдерді дамытқысы келген ел ең әуелі мемлекеттік мәртебеге ие болған  тілді жарылқайды.Елдік тілдің етегі  желпілдеп тұрса қалған тілдер қай тілге байлана-ды, қай діңгекті айналады. Тілдер мерекесі дейтін дүрмек жамырасқан тіл ме, маңырасқан үн бе, елдік тілді еске алу ма, әлде әйтеуір бір жылда бір рет көрініп қалу ма?

Тіл мәселесімен айналысатын  ұйымдар тілдердің тілімен тілдесуді ойлағанда қай тіл-ді  жарылқап, қай  тілді  есіркеп, қай  тілді  мүсіркеп  жүргені тегеурінді тілдің тілін тауып жауырды қымтай жауып отырғандарға ғана мәлім.

Мемлекеттік тілдегі ресми баяндамалардан бастап көшедегі аялдамалардағы хабарла-маларға дейін мемлекеттік тілді  менсінейін  деп  тұрған  жоқ. Демек, төменнен  жоғарыға, жоғарыдан төменге дейінгілердің мемлекеттің мемлекеттігін мойындап отыруға мұршасы, ең бастысы ынта-ықыласы жоқ.

Заманында  атақты  Сағди  ақын  ел  аралап  жүріп, айдаладаАллаға алақан жайып бір перзент сұрап отырған патшаға кездесіпті. «Тілеуің қабыл болсын» деп қоштасқан шайыр бірер жыл өткен соң сол өңірге қайта айналып соғыпты. Патшаның тілегінің түбі не болғанын  білгісі келіп  ат басын  бұрғанда, тілеп алған жалғызы қарақшы болып қашып кеткен-діктен  зынданда патшаның өзі отырғанын естіп: «Өзі құдайдан сұрап еді» деп басын шайқаған екен.

Туған  тілінің туын дін  арқылы жалаулатқан арабтық айбатты адамзат мойындай отырып,құм ұшырған құла дүзді исламның төрі,имандылықтың көлі, парасаттың елі, қазынан-ның кені жасап, жасампаздықтың жаһандық өнегесіне айналдырған пайғамбарлардың пайғамбарлығына табынбасаң да бас имеске шараң жоқ. Ғасырлық екпінмен дәуірлік бұғауды бұзып  дәуірлеп  дәурен  құрудың  үлгісін  көресіз, еріксіз   еркіңмен  ересіз.  Қазіргі  таңда қазақтың жастары тарихымыздағы жыраулар мен  баһадүрлердің  өмірі түгілі аты-жөнінен де хабардар болмауы мүмкін, ал мұсылман шежіресіндегі пайғамбарлар мен сахабалардың айтқан өсиеттерін айнытпай қайталап,тәрбиенің тетігін Құран аяттары, хадистің қағидасымен  бекіте  қоятын сауатты да салауатты мұсылман қатарында. Бұл әрине қуанарлық жай. Құлай сүйіп құлшылық ететін қандастарымыздың  бойында ана тілін сақтап қалуда, дамытуда, жан салып жарылқайтын дәл осы дін жолындағыдай жанкештілік жиһад жасалса деп Жаратқанға жалбарынып дұға жасайық, жамағат.

Дөңгелек дүниеде қазақ деген ұлтты,Қазақстан деген елді, елді сақтаған жерді, босаға мен төрді түгендеп тұрған тұғырдың түп тағаны қазақтың тілі.

Асқар аға Тоқпанұлы: – «Қара  қазақ  кешке  қарай  қасқыр туралы әңгіме бастаса, таң атқанша жалықпай жалғастырады»–деп жаны күйетін еді.Мемлекеттік тіл туралы да«қиял  ғажайып ертегісі» айтылған сайын айдыны ортайып, құлағы қалқайып, аузы аңқайып сайқымазаққа айналған қазақы қаріптей қағажу көріп, қазақы баладай айтқанға  көніп, тесікке тығын, жыртыққа жамау болып, сүйретпеге  салған  саясатқа сеніп, өзін өзі алдағандардың айтқанына еріп көшке ілескен күшіктей сүйретіліп келеді.Күшік демекші,басқа жұрт  шәуілдегі мен мәуілдегін де Құдайдан тілеп алған жалғызындай «ұлттандырып» қойған. Ұлаң-ғайыр даламыздың талынан талшығына дейін, барысынан бақа-шаянына дейін қазақыландыратын уақыт жетті.

Біздің тегін пайдаланып  жүрген  «ресми» тілдің  «ресми» иесі бар  екенін  ескертетін   «күш» дауыс көтергенде  мойнымызға  су  кетіп, не дауласарымызды,не  жауласарымызды  білмей, артымызбен   сүңгіп  жүрмейік. Ұлттың   жаны  тілінде  десек, құмырсқасының  да есбеінен жаңылыспайтын «құдайы көршіміздің» жанын жалға беріп «жарылқап» отырған-дағы ойында не бар  деп ойланатын кезеңнің кезі  келгендей.

Сонау 70-ші  жылдары   Монғолиядан Қазақстанға   оқу  іздеп  келген  бір қазақ   аяқ-астынан «соқырішек» болып, ауруханаға түсіпті.Аузы  кеберсіп, кенезесі кеуіп су сұрайын  десе  орысша  білмейді. Қатар   жатқан   біреуден судың  аудармасын  сұрап, таң   атқанша «бада-бадалап»  сандырақтап  шығыпты. Ол  бейбақ  белгілі  бір уақытқа  дейін  «қаталап»  қалсаң  да су  ішуге  болмайтынын   білмепті. Мемлекеттік  тілді  қажетке  асыру  үшін  де   осындай  «бада-бада» дегізетін  мәжбүрлік қажет-ақ. Ақырындап үйренеміз деген  әншейін уақытты  ұтқызу  үшін  алдын-ала ойластырылған  айла-шарғы  ғана.

Қазақтың жалғыз Отанына ойдан-қырдан жерін аңсап, тіліне шөлдеп жеткен қандастарымыз қағаз толтырудан қажу көргендіктен, өзінің түп-тегімен өз тілінде тілдесе алмай бала-шағасын орыс мектептерге  беруге  бел буып  отыр.  Қазақта  әлемді таңғалдырарлық дарын бар да, дарынды әлемдік деңгейде әйгілеп мойындататын ғалым жоқ.Қазақстаннның тәуелсіздігін мойындаған  жұрт тәуелсіз елдің тәуелсіз тілін естуге ділгір.Анау бір жылдары Беларустен келген бір қоғам  қайраткері  қоғамдық ұйымдар бас қосқан жиында: «Мен Сіздердің  өз  мемлекеттік  тілдеріңізде  сөйлегендеріңізді  естуге зәрумін» дегенде бетіміз барларымыз бетімізбен жер бастық. Осыдан бірер жыл бұрын қайын жұртыма сәлем берудің сәтімен Астрахан облысына бардым. Еділдің ағысына қарсы жүзіп келе жатқан жолаушылар тасымалдайтын желкенсіз  қайықтың ішінде, қайын апаммен  сыбырласып қана қазақша сөйлесіп отыр едім, қарсы орында отырған қара бала:

  • «Мне тоже   хочется  говорить  на   своем, но  не  с кем…» деп жәутеңдеп бетімізге қарады.

Қазақсың ба?

Да…

Руың кім?

Қара орыс

Қасымдағы қайын апама қарап: – ондай да ру бола ма?- деп едім  Иә,  Қазақстаннан келген нағашыларымыз бізді так называют – деді…Ата-жұрттан сая таппаған сайғақ  тілді  шеттегілер   шеттетті, сырттағылар  сырғытты  деп  қалай өкпелейсіз. Өкпелесек, нағашыларына өкпелейік.

Ұлтымыздың ұлттығының ұлық белгісін бүтіндейтін де, таң болып атып, кеш   болып бататын да, күндіз ісіңнің қаруы, түнде түсіңнің жоруы да, иен далада киелі еліктей жосылатын да, ақиретте   ата-баба   рухымен   қосылатын  да, терең ойлататын да, тебірене сайрататын да тілің ғана.  «Кімде-кім бір ұлтты жан-тәнімен сүйсе, қиямет күні Тәңірі оны сол ұлттың сапында  қайта  тірілтеді» деген  Пайғамбарымыздың   өсиетін  «…Біз сендерді бір-біріңді тануларың  үшін ұлт еттік, ұлыс еттік. Құдіретті Алла тағала  толық білуші, бар нәрседен  хабар алушы»- деген  Құран сөзі  бекіте түседі.(Хұжырат сүресі–49:13) Сығанды көйлегінің етегінен, французды  телпегінен,  өзбекті шапанынан, тәжікті тақиясынан, қыр-ғызды  қалпағынан, қазақтың  белгісін  қазаққа  ұқсаудан  қашатын  жалтаңынан  танисың.

Тегі бөтендердің  тілі түйіліп  қалмасын  деп «ұлы», «қызы» дегеннен әлі күнге қымсынып қазақылықтан қаймығып жүрміз. «Ж» деген әріптердің алдына «Д» деген  дыбысты тіркеп «джынды» болдық.«Евичтер» мен «овналарды» тегіміздің соңғы тіркесіне тіркеп қоймасақ құлап   қалардай   қорқақтаймыз.Осы  жалтақтап  қойған  жалғаудың  түп-төркініне  үңіліп отырған ғылым түгілі ғалымды кездестірмедік.Орыстар  ХІҮ  ғасырда  тұрмыс-тіршілігінің,  мінез-құлқының  баламасы  ретінде  ойдан   шығарған   фамилиясындағы  «ов»  пен «евті» ата–тегіміздің  атына  теліп  әлі  күнге  сүйретіп   келеміз. Шеттен келгендер бізден  шеттету көрмейді. Себебі, келе жатыр дегенді  естігеннен  соның  тілінде  сайрап  арсалаң-дап  алдынан  шықпасақ  қонақ-жайлы   елдігімізге «мін» деп  есептеледі. Күн  өткен  сайын  көшелерімізде көзі ұқсастар  көбейіп, сөзі  ұқсастар азайыңқырап барады.

Мемлекеттік  тіл   дегеніміз – ең  алдымен,  қазақтың  ұлттық  тілі. Ендеше,  қазақтың дербесел атанып, халық болып тарих сахнасында қалуы – қазақтың  тегеурінді  тілінің  екпінінде. Айдай  әлемнің  алдында   «Армысыздар» деп, асқақ  рухты  арқалантып  айбарлана жеткен айбынында.

Жарты  әлемге  жапырағын  жайған орыстың сыңсыған орман тілі бар. Жер дүниені өзіне кіріптар етіп отырған қытайдың сықиған қорған  тілі  бар. Солардың  ортасында тілінің абыройын асқақтатуды көксейтін қазақтың арман-тілегі бар.

Президент  Нұрсултан  Назарбаев  қол  қойған  «Тілдер  туралы» Заңның 4 бабында: «Қазақстан  халқын топтастырудың аса маңызды факторы  болып табылатын  мемлекеттік  тілді  меңгеру – Қазақстан  Республикасының  әрбір азаматының  парызы. Үкімет,  өзге  де  мемлекеттік,  жергілікті   өкілдік   және  атқарушы  органдар  Қазақстан  Республикасында  мемлекеттік тілді барынша  дамытуға, оның халықаралық  беделін  нығайтуға  міндетті» – делінген. Ғабит  Мүсірепов:  «Ана  тілі  дегеніміз – сол  тілді  жасаған, жасап  келе  жатқан  халықтың  мәңгілігінің  мәңгілік  мәселесі. Ана тілін тек өгей ұлдары ғана  аяққа  басады» деп өкінумен өтті.

Мәшһүр Жүсіптің: – «Біз араб тілін білмейміз, сарт тілін білмейміз, қазақ тілінің өзін жете білмейміз. Егер жете білсек, әулиелік қазақ тілінде тұр» дейтін  әулиелік  ой-толғанысына алып-қосарымыз жоқ.

Жаһандану – жақсыдан  үйрену, жаманнан  жирену. Адамзат өз тарихында  жаһанды тану-ға   ұмтылып  жағаласқан.  Тану  деген  танысу,  білісу, үлгі  алу  және   тектілігін   таныту. «Өзінің  тарихын, тілін, ділін,дінін сақтай білген ұлтты  рухани дерт айналып өтеді» – дей-ді даналар.

Демократия, деп  жарияға  жар  салып   жүрген   жариялылық   халқымыздың   ежелгі  сара  жолы. «Бас кеспек  болса  да, тіл  кеспек жоқ» дейтін  қазақтың  ақындары  ғана, хан-ның  бетіне  тура  қарап  сөйлеген. Кемел  сөзбен кесіп  айтқан,  шешен тілмен шешіп  айт-қан.  Қауып  айтпаған  тауып  айтқан.  Ақылға   салып, айнымас  ақиқатты  жігерге  жанып  айтқан.

Демек, мемлекеттік деңгейдегі  ресми  бір жиын бастан-аяқ  мемлекеттік тілде жүргізілген  күні, ширек  ғасыр  ширатылған  көк-ала  жіптің  күрмеуі   шешіліп, тәуелсіз тілдің тұсауы   кесілді деп   жаулығымызды жалаулатып, бөркімізді аспанға атуға болады.

Осыдан бес ғасыр бұрынғы Асан қайғының Жәнібек ханға: – «Арғымаққа міндім деп артқы топтан адаспа» деген ескертуі қазақ үшін күні бүгінге дейін өзектілігін жоғалтпаған өткір зіл.

Елбасының:

«Шүкір, ел есін жиды: тілден артық қазына, тілден артық қасиет жоқ екенін кештеу де

болса түсіндік.

Менің атам да, анам да – қазақ. Менің жаным, жүрегім – қазақ. Қазақпын деп айтуға

ешқашан намыстанған кезім жоқ. Намыстанбаймын да.

Қайта маған тіл, діл, өмір, тіршілік сыйлаған туған халқыма бар есті

тірлігімде қарыздар болып өтуге бармын. Ұлттың ұлы болмай

тұрып,  адамзаттың перзенті болу мүмкін бе? Мүмкін емес.

Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде», – деген  қазықтай қағылып  айтылған  қағи-дасымен   қазыналы   қазанат   тілдің  кекілін  үкілеп, мәйегін  мәпелеп сақтау, ел үмітін  ақтау, шылбыр тізгінді қатар ұстаған азаматтардың ар-намысына аманат.

Ең бастысы, ертеңгі күніне атар таңдай сеніммен қарайтын қайсар халықтың әрбір жаңа белесі, ең әуелі санадағы сілкініс, бойдағы бұлқыныс, істегі құлшыныс. Билік пен бұқараны жақындастыруға мұрындық боларлық ортақ мүдде. Әр адамның өз орнындағы өзіндік азаматтық міндеті – адалдық пен ашықтық әрекеті.Әрекетінің берекеті бүтін елдің игілігі мен қоғамның ізгілігі. Азаматы намысты, қазанаты шабысты жұрт қалың көшке ілесуге ғана емес, көшелі келбетімен көш бастауға да, өзі мойындағандарды мойындатуға да қабілетті.

Өрелі өнегені өмір ережесіндей ұстана білу әрі сауапты, әрі жауапты қағида. Ұранды ұлттың ұрпағы байтақ жерімен, бай кенімен, сән-сәулетімен ғана емес, рухының мықтылығымен, арзанға алданбайтын, аярға арбалмайтын тектілігімен танылып,  ерекшелене білгені, ерлегені.

Солай болғанда, мәңгіліктің мәнін бағалай білетін елдің ақ тілегі, мәңгілік тіршіліктің нақ тірегі болары хақ.

 

————————-




Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to Top ↑