banner-top12

Әдебиет 62640-b0

Қосқан уақыты Желтоқсан 21, 2016 | 840 рет оқылды | сайтқа қосқан shalqar

0

Қайым Мұхамедханов – Абайдың ақындық мектебін зерттеуші

Бекбосынов Марат Нұрғазыұлы, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық

университеті Қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының  доценті, филология ғылымдарының кандидаты

Қайым Мұхамедханов 1993-1997 жылдары Абайдың ақындық мектебіне қатысты 1938 жылдан бастап 59 жыл ғұмырында жинап, жүйелеп, зерттеп жазған еңбектерінің қарытындысы «Абайдың ақын шәкірттері» атты 4 томдық жинағын: «Абайдың ақындық өнердегі тарихи еңбегі қазақ халқының мәдени даму, өркендеп өсу жолындағы ерекше елеулі кезеңдерінің бірі болды. Абай өз халқының ең ардақты асыл арманын, ой-пікірін, сезім сырын жеріне жеткізе жырлай алатын жаңа бағыттағы, жаңа әдебиеттің атасы» [1,5],- деген сөзден бастаған. Яғни, Абайдың ақындық мектебі ұғымына Қайым Мұхамедханов Абайдың ақын шәкірттерін ғана емес, Абай дәстүрін дамытушыларды да қосқан. Өйткені, «Ақын» деген ұғым Абай атымен, Абайдың әдеби еңбегімен келіп ұштасқаннан бастап ең ардақты мағынадағы ұғымға айналды. Ақынның қоғам өміріндегі орны, халық алдындағы міндеті, абыройлы мақсаты айқындалды. Абай өлеңдері «Өміртанудың құралы» болды. Сөйтіп, Абай өлеңдері арқылы қазақ жазба әдебиетінің тарихында да «ақын» деген ұғым әлеуметтік мәні бар терең мағына алып, биік дәрежеге көтерілді»[2,36]. Абай танымы, Абай идеялары, Абай тағылымы Абай мұрагерлерінің шығармашылықтарында өзінің әдеби, рухани жалғастығын тапты. Абайдың ақындық мектебі сияқты саяси-әлеуметтік күресте әділеттілікті ту еткен, соны халыққа жеткізу жолында Абай негізін қалаған жаңа жазба әдебиетті Абайдың сөз өнеріне қойған талаптарына сай өрістеткен кең мағынасындағы әдеби мектеп – қазақ әдебиетін былай қойғанда, әлем әдебиетінде де қайталана бермейтін дүние.

Академик Рымғали Нұрғали: «Әдебиеттану ғылымның тарихында белгілі мектептер, үлкен ағымдар болған»[3,47-50],- деп ежелгі көне ағымдардан бастап, филологиялық мектеп, эстетикалық догматизм мектебі, биографизм, мәдени-тарихи мектеп, өзге де әдеби мектептерді атап көрсеткеніндей, Батыс пен орыс әдебиетінде «әдеби мектеп» атауына жақын әртүрлі әдеби бағыттар, үйірмелер, бірлестіктер мен салон-клубтар ертеден-ақ болған.

Әдебиетте көзқарастары ортақ белгілі бір бағытты ұстанған әдебиетшілердің бас қосқан ұйымдары, дәлірек айтсақ әдеби үйірмелер біздің заманымызға дейінгі ХIII ғасырларда Римде дүниеге келсе, орыстардың әдеби үйірмелерінің тарихы ХYIII ғасырдың 30-40 жылдарынан бастау алады. Мәселен, орыстың дворян жастарының басын қосқан «Жасыл шам» (Зеленая лампа) әдеби-саяси үйірмесі, А.С.Пушкин, Н.В.Всеволовский, С.П.Трубецкой, Ф.Н.Глинка, т.б. орыс әдебиеті мен мәдениетінің белгілі өкілдері бас қосқан үйірмелер. Сондай-ақ, ХІІІ ғасырдың бірінші жартысында пайда болған Итальядағы алғашқы ақындық мектептердің бірі «Сицилия мектебі», 1772 жылы Геттингенде құрылған «Геттинген алқабы» (Геттингенская роща) әдеби бірлестігі, ХYІІІ ғасырдың аяғы мен ХІХ ғасырдың басында У.Вордсворт, С.Колридж, Р.Саути сияқты ағылшын романтик ақындарының басын қосқан «Көлді мектеп» (Озерная школа), ХІХ ғасырдағы «Афина мектебі», ХХ ғасырдың басында құрылған ауған әдебиетіндегі «Герат әдеби клубы», т.б. Әдеби үйірме, мектеп, клубтар өз көзқарастары ортақ ақын-жазушылардың басын біріктіргенде олар негізінен қоғамдағы саяси-әлеуметтік жайларға, әдебиеттегі ағым-бағыттарға, әдеби жанр, стильге  қатысты мәселелерді көтерген.

Ал, Абайдың ақындық мектебі ұғымы қазақ әдебиеттану ғылымында аналарға қарағанда нақты, дәл және кең мағынасында қолданылады. Бұдан Абай мектебінде сол кездің саяси-әлеуметтік жағдайы, отарлық езгінің халық тұрмысы мен санасындағы кесел-кесапаты сөз болмаған екен деген ұғым тумауы керек. Керісінше дәуір шындығы, ұлт тағдыры мәселесін көтеріп, оны халыққа жеткізудегі сөз өнерінің мән-маңызы басты орында болғандығын Абай мұрасы мен Абайдың ақындық мектеп өкілдерінің шығармашылығы айқын танытады. Яғни, Абайдың ақындық мектебінің әлем әдебиетіндегі әдеби үйірме, әдеби мектептерден түбегейлі айырмашылығы оның халықты тәрбиелеуде тұтас ұлттық сөз өнерінде жаңа жазба әдебиетті қалыптастырып, тура мағынасында ақын шәкірттер даярлап, кең мағынасында  әдеби дәсүрді жалғастырушы мұрагерлері бар мектеп болуымен ерекшеленеді.

Абайтану ілімі тек қана Абай ғұмырбаянының, Абай шығармашылығының зерттелуімен, тарихи, әдеби, ғылыми нақты деректердің мол болуымен ғана толықпайды, ол сонымен қатар өмірде, өнерде өнеге алған шәкірттері шығармашылықтарымен, Абай дәстүрін жалғастырған мұрагер ақындар мұрасымен бірге толысып, қазақ әдебиеті тарихының тұлғатану саласындағы зор арнаны құрайды. Бұл орайда Қайым Мұхамедханов академик Мұхтар Әуезовтің «Абай төңірегіндегі ақындарға бірінші көңіл аударып, оларды ғылыми зерттеу ісіне алғашқы жол ашып, негіз салғанына»[2,31],- тоқтала келіп, кемеңгердің 1933,1934,1939,1940,1945 жылдары жазған «Абайдың туысы мен өмірі», «Абай ақындығының айналасы», «Абайдың идеялық-мәдени ізденулері», «Абайдың өмірбаяны», «Жизнь и творчество Абая/Ибрагима/ Кунанбаева»  сынды еңбектерінің Абайдың ақындық мектебін зерттеудегі ғылыми бағыт-бағдары мен мән-маңызын атап көрсеткен.

Қазақ әдебиеті тарихындағы Абайдың ақындық мектебі атты абайтанудың арналы кең саласы Қайым Мұхамедханов есімімен тікелей байланысты. Ғалымның «Абайдың ақын шәкірттері», «Абай мұрагерлері» еңбектері осының әдеби-ғылыми дәйекті қорытындысы. «Бүгіндері аты аңызға айналған талай марқасқалардың дидарын көріп, әңгімесін тыңдаған, кейбірінің ортасында өсіп, тәрбиесін көрген, зерделі әкенің, өнерлі ананың тәрбие-тағылымын жүрек ояулығымен бойына сіңіре білген, ұлы Абайдың ошақ оты суымаған сәтінде оның үй-іші, ет бауыр туыстарымен араласқан, Әлмағанбеттің әнін тыңдаған, Көкбайдың қолына су құйған, Әміре, Исалардың кенже інісіндей еркелеп өскен, Қаныш, Мұхтар, Әлкей іспетті даналардың ең сенімді серігі, сүйікті інісі, ғылымдағы шәкірті болған, қысқасы, асыл ойдың уызын қанып ішкен, пікірі құнарлы ортада өскен»[4,9],- Қайым Мұхамедханов өзінің рухани бастау бұлақтары жайлы сұхбатында өзі көзін көрген Абайдың ақын шәкірттерінің, Абай дәстүрін жалғастырған Абай төңірегіндегі ақындардың, Абай мұрагерлерінің Әлихан Бөкейханов,  Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатов, Жүсіпбек Аймауытов, Ыдырыс Мұстамбаев, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Көкбай Жанатайұлы, т.б. есімдерін атап, олардан алған тағылымды ғибраттарын ерекше ілтипатпен айтқан[2,342-346]. Бұған дәйек ретінде Қайым ағаның өзіне сөз берейік: «Мой отец создал в нашем доме блогадатную атмосферу духовного интеллектуального общения.

В нашем доме бывали известные представители казахской интеллигенции, деятели науки, литературы и искусства, такие как: Алихан Букейханов, Ахмет Байтурсунов, Мержакуп Дулатов, Мухтар Ауэзов, Жусипбек Аймаутов, Султанмахмут Торайгыров.

Уже будучи учеником начальной школы я имел счастье обучаться по учебникам А.Байтурсунова и М.Дулатова.

Особенно хочу сказать, что самым близким человеком моего отца был М.Ауэзов, который в 20-ые годы часто гостил в нашем доме со своими друзьями.

Хорошо запомнилось мне, как он проводил здесь репетиции своих пьес: «Енлик-Кебек» и «Каракоз». В нашем доме звучали голоса Амре Кашаубаева, Исы Байзакова и Исаина Жанбырбаева.

В нашем доме останавливались, приежая в Семипалатинск, брат Абая Шакарим Кудайбердиев, друг Абая и его ученик поэт Кокбай Жанатаев»[2,344]. Бұл орайда Қайым ағаның төңкерістен соңғы 20-30-жылдардағы қиын-қыстау кезеңдерде осындай Алаштың асыл арыстарынан көрген шапағаттарын айта кету де орынды болмақ. Мәселен, 30-шы жылдардағы Алаш арыстарын, оларға іштартқан азаматтарды қудалау ызғары өрши бастаған шақта көреген, қамқор әке келешегінен зор үміт күткен талапты баласын сол жылдарда Семейдегі педагогикалық курста сабақ беретін Ғалиакбар Төребаевқа әкеліп, қанатының астына ала жүруді өтініш еткен. Соның арқасында Қайым Мұхамедханов 1935-1937 жылдары курста оқып қана қоймай, Семей облыстық оқу бөлімінің мұғалімдер даярлау курсында сабақ беріп, қаражат табуға да мүмкіндік алған. Ал Ғалиакбар Төребаев – қазақ театрының қарлығашы, М.Әуезов бастатқан ұлттық драматургияның талай жауһарларын сахналаған «Ес аймақ» труппасының жетекшісі, Николай Ановтың «Ән қанатында» романының Ғали есімді бас кейіпкерінің прототипі болған азамат. Тағы бір мысал, әкесі тұтқындалып, халық жауының баласы ретінде жұмыссыз қалған шағында оған қол ұшын беріп, көмектескен Нығмет Сырғабеков болатын. Семейде губерниялық, кейін Алматыда министрлік лауазымда қызмет еткен Алаш арысы Нығмет Сырғабеков те репрессияның құрбаны болды. Пединституттың соңғы курсында оқып жүргенде Қайым Мұхамедхановтың бастамасымен Алматыға министрлікке студенттер атынан жолданған өтініш хат негізінде Семей педагогикалық институтына уақытша қазақ әдебиеті тарихынан дәріс оқуға Сәбит Мұқанов пен Есмағамбет Ысмайылов келген. Сол кісілердің терең ғылыми дәрістерінен қанаттанған Қайым Мұхамедханов 1938 жылы Жамбыл шығармашылығының 75 жылдығына арналған арнау-толғау жазып, жүлде алған, сондай-ақ осы жылы Семейлік жас ақындар туралы, Ғабит Мүсіреповтің, Шахмет Құсайыновтың, Мұхтар Әуезовтің драматургиялық шығармалары жайлы рецензиялар жазып, ғылыми қауымға танылды. Сөйтіп, 1938 жылдан бастап баспасөзде мақалалары жарыққа шыға бастаған келешек ғалымнан зор үміт күткен М.Әуезов Абайдың 100 жылдық мерейтойы қарсаңында «План биографического тезиса о гениальном казахском поэте – основоположнике казахской письменной литературы Абае Кунанбаеве» атты жоспарының «Классическая поэтическая школа Абая» деген жетінші бөліміндегі Абайдың ақындық мектебі тақырыбын Қайым Мұхамедхановқа береді. Бұл жайлы ғалым «Ұлы ұстаз, қамқор ғалым» атты естелік-мақаласында: «Абайдың ақын шәкірттері Ақылбайдың, Мағауияның, Көкбайдың, Турағұлдың, тағы басқаларының өлең-жырлары, дастандары түгел жиналған жоқ. Оларды жинап, зерттеп, жазу жұмысын қолға алуың керек»- деп, тағы басқа істелуге тиісті жұмыстарды нақтылап атап-атап айтты»[5],- деген. Келесі жылы Қайым Мұхамедханов Қазақстан жазушыларының екінші съезіне Семейден делегат болып келгенде М.Әуезовке өзінің бір жыл ішінде жинаған материалдарын көрсетеді. «Бұл жолы құр қол келгем жоқ. Көкбайдың он шақты өлеңін, «Сабалақ» атты Абылай хан туралы дастанын және Әріп ақынның көп өлеңін ала келген едім. Мен әкелген өлеңдермен Мұхтар бұрын таныс емес екен. Бірге оқып шықтық. Мұхаң қатты риза болып, көңілденіп: «Бәрекелді, міне, жақсы жұмыс бастапсың. Осы бетіңмен жинай бер. Абай шәкірттерінің шығармаларын біршама жинақтап алған соң, олардың өмірбаянын жазып, шығармаларына әдеби талдау жасау қажет» дей келіп, «Абай мектебі» деген ұғымның мән-мағынасын түсіндіріп берді»[5],- дейді жоғарыдағы естелік-мақаласында. Осы кезден бастап Қайым Мұхамедханов «Абайдың әдебиет мектебі» тақырыбында кандидаттық диссертация жазуға бел шешіп кірісіп кетеді.

Аталған мәселені қарастыра, ел аузынан жинай жүріп, ол 1940 жылы Семейдегі Абай мұражайында ғылыми қызметкер болып жұмыс істейді. Абайдың мемлекеттік әдеби мұражайының 1940-41 жылдары берген есебінде былай делінген: «По теме «Литературная школа Абая» товарищ Мухамедханов собрал большие материалы (рукописы и другие). Подготовлено и включено в план издательства 1941г. Полное собрание сочинений одного из ближайших учеников Абая поэта Арипа Танырбергенова. Это будет первый научный труд работников музея Абая 1941г». Мұражай тарихындағы алғашқы ғылыми еңбектің ізін сала отырып, баспасөз беттерінде мақалаларын да жариялай бастайды. Мәселен, 1940 жылы Семей облыстық «Екпінді» газетінде 1938-1940 жылдар аралығында жиналған материалдар негізінде[6], кейін осы газеттің 1945 жылғы 23, 25, 26, 29, 30 қыркүйектегі сандарында «Абайдың әдебиет мектебі» деген атпен 1940-1945 жылдары жинақталып, толықтырылған Абай шәкірттері Ақылбайдың «Дағыстан», «Зұлыс», Мағауияның «Медғат-Қасым», Турағұлдың М.Горькийден аударған «Челкаш» әңгімесі, Шәкәрімнің «Еңлік-Кебек» поэмасы (Турағұл мен Шәкәрімнің шығармалары аттары аталмай жарияланған), Әубәкір мен Әріптің шығармашылық өмірлеріне арналған мақалалары жарық көреді[7]. II дүниежүзілік соғыс жылдарында әскер қатарына шақырылып, денсаулығына байланысты 1942 жылы елге келген ғалым жоғарыда аталған зерттеулерден бөлек, Абай мұражайында, Семей пединститутында, Жазушылар Одағының Семей бөлімшесінде қызмет істей жүріп, қазақ әдебиеті тарихына қатысты «Қабанбай батыр», «Бөгенбай батыр» халықтық тарихи дастандарын зерттеп, «Қазақ әдебиеті тарихының» 1943 жылғы I томына енгізген, Абайдың туғанына 100 жыл толу қарсаңында Қ.Мұхамедханов тапқан Абайдың тоғыз өлеңі Абай жинағына енді.

Алайда, халақ басына, ел азаматтарына сын сәті туған осындай ауыр жылдардың өзінде де «ғылыммен емес, ғылым төңірегіндегі даңғазамен атын шығаруға ұмтылушылар»[4,14] босқа қарап қалған жоқ. Сондай даңғазаның бірі «Социалды Қазақстан» газетінің 1941 жылғы 118-санында жарияланған Ж.Жұмақановтың «Абайға ешбір қоқыс жараспайды» атты мақаласы. Семейдегі Абай мұражайының жайынан хабар беретін бұл мақала музейдегі «жанды-жансыз қоқыстардың бәрін дереу тазарту» қажеттігіне арналған. Ғылыми қызметкерлердің уақытты қалай өткізетіндіктерін айта келіп, «Қ.Мұхамедханов жолдас Әріп ақын жайында мақала жазып отыр. Бұл «еңбегінің» Абайға қаншалықты қатысы бар десеңізші»,- дейді автор. Осының өзінен-ақ Абай және оның ақын шәкірттері жайындағы сыншының таным дәрежесі мен мақаланы ғылым төңірегіндегі даңғазамен атын шығару үшін жазғанын айқын білуге болады.

«Социалды Қазақстан» газетінің 1947 жылғы 2-тамызында жарияланған «Семей әдебиетшілері» деген мақалада: «Семейде бір топ әдебиетшілер бар, олардың бірсыпырасы Абай музейінде «ғылыми» қызметкер болып істейді. Өздерін «Абай ауылынанбыз, Абайдың мирасқорларымыз деп санайды» деп түйрей келіп, облыстық «Екпінді» газетінің 1947 жылғы 95-санында жарық көрген Қ.Мұхамедхановтың «Қазақ әдебиеті заманымыздың талабына сай болсын» деген мақаласын сынайды. Ол мақаласында Қ.Мұхамедханов қазақ әдебиетін дәуір-дәуірге бөліп зерттеу, ғылыми негізде баяндау, оны жоғарғы және орта мектепте оқыту мәселелерін жан-жақты саралап, Абайдан кейінгі қазақ әдебиеті, оның ақындық мектебінің концепциясын жасау, оның талантты шәкірттерінің шығармашылығын бағалауға ғылыми тұрғыдан келу мәселелерін көтерген еді. Зерттеуші Абайдың ақын шәкірттері қатарына жатқызғандардың барлығын(Шәкәрім, Турағұл, Әріп) «Социалды Қазақстан» газеті «Совет үкіметіне, партияға қарсы адамдар. Бұл мақала авторы оларды «прогрессшіл еді», «шәкірті еді» деп босқа лағып отыр»,- деп айыптаған. Сөйтіп, Қазақстандағы «ұлтшылдық айыптаулармен» байланысты науқан, Абай, Абайдың ақындық мектебін зерттеушілерді сынаумен басталды.

1934 жылы М.Әуезов тарапынан қойылған проблеманың ғылыми шешімін берген Қ.Мұқаметхановтың 1951 жылы 7 сәуірде үлкен тартыспен Қазақстан Ғылым академиясының Ғылыми Кеңесінде қорғалған «Абайдың ақындық мектебі» атты кандидаттық диссертациясы «Абай шәкірттерінің әлі жарияланбаған қолжазба қалпындағы әдеби мұраларын зерттеу негізінде жазылып, ол мұралардың көпшілігі автордың бірнеше жыл бойы (1939-1950) іздеп жинауға арналған еңбегінің нәтижесінде табылған еді»[2,33]. Диссертацияда Абайдың ақын шәкірттері қатарында 14 ақынның шығармашылық мұрасы қамтылып (Ақылбай Абайұлы Құнанбаев, Мағауия Абайұлы Құнанбаев, Әсет Найманбаев, Әріп Тәңірбергенов, Әубәкір Ақылбайұлы, Көкбай Жанатаев, Халиолла Өскенбаев, Кәкітай Ысқақұлы, Мұхамеджан Майбасаров, Бейсембай Жәнібеков, Баймағамбет Мырзаханов, Мұқа Әділханов, Иманбазар Қазанғапұлы, Әлмағамбет Сексенбаев), диссертант оларды әдеби мұрасын қалдырып, ақын дәстүрін дамытқан ақындар және Абайға шәкірт болған, бірақ артына шығармашылық мұра қалдырмаған ақындар деп екі топқа бөліп қарастырған. Көркем шығармаларымен әдеби мұра қалдырып, ақын дәстүрін жалғастырушылар қатарына диссертант Ақылбай Абайұлы Құнанбаев, Мағауия Абайұлы Құнанбаев, Әсет Найманбаев, Әріп Тәңірбергенов, Әубәкір Ақылбайұлы, Көкбай Жанатаевтарды жатқызса, Абайға шәкірт болған, бірақ артына шығармашылық мұра қалдырмаған әнші шәкірттері қатарына: Мұхамеджан Майбасаров, Бейсембай Жәнібеков, Мұқа Әділханов, Әлмағамбет Сексенбаевтарды  жатқызады.

Зерттеуші ұлы Абай дәстүрінен ғибрат алған ақын шәкірттерінің мұраларын тірнектеп жинап, Р.Жандыбаев, Қ.Құйқабаев, Ж.Садырбаев, Қ.Мәкішев, Дайырбай, Қасымбек қолжазбаларын ел аузында сақталған мұраларымен салыстырып әдеби талдау жүргізеді. Бұл жайында ғылыми жұмыс жетекшісі М.Әуезов былай деген: «Большое количество собранных самим тов. К.Мухамеджановым произведений почти забытых, но талантливых поэтов-новаторов конца 19 столетия, воскресило для казахской литературы ряд дорогих имен и позволило в дальнейшем вести исследование послеабаевского периода литературы на более учащетных рядах, на более разнообразных, чем было до сих пор, фактах художественного наследия прошлого». Диссертацияның ресми оппоненттері М.Әуезов пен М.Сильченко болды.

Бұл қорғау екі айдан кейін, 1951 жылы 15 маусымда, Қазақ ССР Ғылым академиясының Тіл және әдебиет институты мен Қазақстан совет жазушылар Одағы бірлесіп өткізген «Абайдың әдебиет мұрасы мәселесін талқылауға арналған ғылыми айтысқа» ұласты. Үш күнге созылған жиналыста «Абайдың әдебиет мектебі және оның шәкірттері», «Абай мұраларын танудағы кейбір талас мәселелер», «Абай творчествосының идеялық арналары туралы», «Абай мұрасын танудағы жетістіктер мен кемшіліктер» деген тақырыптарда жазушы С.Мұқанов, филология ғылымының кандидаттары С.Нұрышев, М.Сильченко және профессор М.Әуезовтер баяндама жасайды. Баяндамалар бойынша жарыссөзде филология ғылымының кандидаттары: З.Ахметов, М.Ғабдуллин, Қ.Тұрғанбаев, профессор Қ.Жұмалиев, тарих ғылымының кандидаттары: Ж.Юсупов, М.Ақынжанов, Ә.Тұрсынбаев, жазушылар: Ғ.Мүсірепов, Қ.Жармағамбетов, Ә.Әбішев және басқалар барлығы 18 адам пікірлерін ортаға салады. Абайдың әдеби мұрасын маркстік-лениндік ілім тұрғысынан «дұрыс» тануға тырысқандар Қ.Мұхамеджанов диссертациясында Абайдың ақын шәкірттері қатарына жатқызылғандарды реакцияшыл, монархияшыл ақындар, діншілдер, молдалар деп сынайды. «Олардың ішінде халық жауы Тұрағұл да, Кенесарының реакциялық қозғалысын мадақтаған ұлтшыл ақын Көкбай да, тіпті ақындығы жөнінде ешқандай дерек жоқ, әдебиетте із-тұсы белгісіз Иманбазар, Мұхаметжан, Әлмағамбет, Бейсембай, Мұқа, ертегіші Баймағамбет деген біреулер де, тағы басқалар да бар»[8]. М.Әуезовтің диссертант жұмысымен толық келісетіндігі, халық бұқарасының дұшпаны болған адамдарды, қайдағы бір ұлтшылдарды, діншілдер мен молдаларды ұлы Абайдың атағымен бүркемелеп қазақ әдебиетінің тарихына енгізбек болғандығы да қатал сынға ұшырайды. Абайдың әдеби мұрасы мәселесін талқылауға арналған ғылыми айтыс деген аты болмаса, заты ақын мұрасын талқылаған ғылыми айтыс болмай, айтыстың әдейі арнап нысанаға алғаны «Абайдың әдебиет мектебі», М.Әуезовтің абайтанудағы ғылыми және әдеби еңбегі болғаны айқын. Үш күн созылған аты шулы айтыстан кейін Шәкәрім, Көкбай, Турағұл есімдері Абай шәкірттері қатарынан сызылады.

Қ.Мұхамедханов «теріс пиғылды» диссертациясының кесірінен Семейдегі Абай музейінің директорлығынан босап, халық жауы ретінде тұтқынға алынып, 29-31 мамыр аралығында Семейде өткен сот шешімімен 1952 жылы 58-ші бапқа сәйкес 25 жылға сотталады.

Семейдегі Абайдың әдеби музейінің жайына арналған тарих ғылымдарының кандидаты Т.Елеуовтің баяндамасында осы уақытқа дейін орын тауып келген ұлтшылдық, контрреволюциялық материалдардан, «бағалы экспонат» саналып келген «қоқыстардан»: халық бұқарасының қас дұшпаны Кенесарының, оның баласы Сыздықтың, басқа да хандар мен билердің суреттері, алашордашылардың газет-журналдарынан Абай музейін тазарту керектігін айта отырып: «Руководство музея Абая, в лице директора К.Мухамедханова и ученого секретаря Т.Аккермана в направлении и содержании работы музея отошло от марксизма. Буржуазно-националистическая антинаучная концепция «Школы Абая» оказалась в центре научно-исследовательской работы музея. Это привело к популяризации политически сомнительных лиц врагов народа»- делінген және соның негізінде Семей қалалық Комитеті Қ.Мұхамедханов пен Аккерманды жұмыстарынан босату туралы шешім қабылданғандығы баяндалды. «Біз атақты Ермұхан Бекмаханов, Есмағамбет Ысмайлов, Бекежан Сүлейменов – төртеуіміз айдалдық, артымыздан Қажым Жұмалиев сотталды. Сегіз ай тергеуде жатқанда жеті тергеушіні ауыстырдым. Алған бетімнен қайтпай қойдым. «Мұхтарды сат, диссертацияны зорлап жазғызды де, ғылыми еңбектеріңнен бас тарт, жазаң жеңілдейді»- дейді олар. Одан да өлгенім артық емес пе, жалған айтып, қайтіп жер басып жүремін»[8],- дейді Қ.Мұхамедханов.

1951 жылы Қ.Мұхамедханұлын жұмыста, яғни Абай мұражайында отырғанда, түрмеге қамағаны белгілі. Зерттеушінің бұған дейін жүргізген ғылыми жұмысы түгелдей құртылады. Ақталып келгеннен кейін, санасында, зердесінде қалған деректерді қайта «жаңғыртуға» тура келеді. Оның қажырлығы мен қайраткерлігіне сенген халық құнды қолжазбаларын да әкеле бастайды. Сөйтіп, 1955-1959 жылдар аралығында ғана ғалым абайтану саласы бойынша он бір мақала, «Мағауия Абайұлы Құнанбаев», «Абай шығармаларының текстологиясы» атты екі монография жазып, баспадан шығарады. 1959 жылы 12-ші маусымда «Абай заманының ақындары» тақырыбында екінші рет  кандидаттық диссертация қорғаған зерттеуші ғылыми жұмыстың негізгі бөліміне арқау етіп Ақылбай Абайұлы Құнанбаев, Мағауия Абайұлы Құнанбаев, Әсет Найманбаев, Әріп Тәңірбергенов, есімдерін алады. Ал, ғылыми жұмысқа қосымшаға Халиолла, Кәкітай, Мұқаметжан, Бейсембай, Баймағамбет, Әлмағамбет, Әубәкір есімдерін енгізеді. «Халық жауы» деген саяси айыппен Турағұл, Көкбай есімдері мәжбүрлікпен сызылады, әдебиет бетінен аластатылады. Соңғы қорғауында диссертант еңбегіне Мұқа Әділханұлы есімі де енбей қалады. 1951 жылы тағылған айыпта, Мұқаның небәрі екі өлеңі берілген, осыған қарап оны Абайдың ақын шәкірті қатарына жатқызу орынсыз деп тілге тиек етілген болатын. Қырқылып, қиылып, Абай шәкірттерінің көбінің әдеби мұралары енгізілмеген ғылыми диссертацияның өзінің қандай дәрежедегі еңбек болғандығын «бес жыл шәкірті, қырық бір жыл кафедрада әріптес, оның жиырма алты жылында «бастығы», кафедра меңгерушісі» болған феномен ғалым Қинаят Шаяхметұлының мына сөзі айғақтайды: «Біздер бұл диссертация материалын қолымыздан тастамай, аптап-айлап оқып, оқу жоспарын артығымен орындап жүрдік. Диссертация мен қосымшасының көлемі 791-жеті жүз тоқсан бір бет болатын»[9,106-107].

«Кеңестік идеологияның құрбаны болған «Абайдың ақын шәкірттері» атты зерттеу тек 1993 жылы ғана «Дәуір» баспасынан төрт томдық жеке жинақ болып шықты. Ақын шәкірттері осылай араға 42 жыл салып оқырманымен қайта қауышты»[10,62]- деп М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының профессоры, филология ғылымдарының докторы Айгүл Ісімақова атап көрсетіп, Қайым Мұхамедхановтың Абайдың ақындық мектебіне қатысты «Абайдың ақын шәкірттері» және «Абай мұрагерлері» еңбектеріндегі ғылыми тың жаңалықтарға қысқаша тоқталған. (Осы орайда айта кетер бір жай «Қайым Мұхамедханов атындағы Білім және мәдениет орталығы» Қоғамдық қоры 2009 жылы шығарған Қайым Мұхамедхановтың «Абай шығармаларына ғылыми түсініктер» атты зерттеуіне қатысты жазып, осы кітапқа енген ғалым А.Ісімақованың «Абай текстологы Қайым Мұхамедханұлының ғылыми түсініктемелері жөнінде» деген еңбегінің де Қайым Мұхамедханұлының Абай шығармаларының мәтінін дұрыс танудағы теңдессіз зор ғылыми зерттеуінің мәнін  талдап түсіндіруімен құнды. Сондай-ақ бұл еңбекте А. Ісімақова институттың Абайтану және жаңа дәуір  әдебиеті бөлімінің меңгерушісі, профессор Серікқазы Қорабайдың ғылыми зерттеулеріне сілтеме жасай отырып, Қ.Мұхамедхановтың халық ақындары Ақылбек Сабаловтың, Мәжит Дәулетбаевтың, Ілияс Молдажановтың мұраларын әдеби айналымға енгізгенін, «Бөгенбай батыр» тарихи поэмасының жаңадан табылған нұсқасын, «Қазақ шежіресінің» 80 беттік қолжазба тізімін анықтап, Қаракерей Қабанбай батыр жыры туралы тарихи мәліметтерге ғылыми түсініктер жазған еңбектерін атап-атап көрсеткен»[11,9]). Осы жерде Қинаят ағаның Қайым Мұхамедхановтың Абай шығармаларының текстологиясы жайлы жазғанын айтпай кету мүмкін емес. Ол кісі бұл жайда былай деп жазған: «Абай шығармаларының мәтіні жөнінде сөз қозғалса, бас текстолог Қайым Мұхамедханов екендігіне ешкім күмәнданбас. Алайда, ол кісінің көзі тірісінде, тіпті өмірінің соңғы күндерінде де қынжылыс білдірген жай – дәл осы Абай мәтіндеріндегі менмұндалап тұрған жерлерге құзырлы алқа құрамының қасарысып күмәндануы. Уәж: «осылай қалыптасып, оқырман ұғымына сіңіп, үйреншікті болып кетті ғой». Олай болса, ғылым не үшін ғылым? Мұхамедхановтың Лихачевтан кемдігі қане? (Мысалы, Садуақас Мұсаұлы Шормановтың жазбасындағы «Ат ойнап, құлын қашқан, тай жарысқан» дегеннің ақиқат абайлық оралым екендігі, «Жылқы ойнап, бие қашқан, тай жарысқан» дегеннің көпе-көрнеу қате екендігі, т.б.)» [9,107-108].

Қайым Мұхамедханов Абайдың ақындық мектебіне енетін (термин Мұхтар Әуезовтікі) Ақылбай Абайұлы, Мағауия Абайұлы, Әубәкір Ақылбайұлы, Мұқа Әділқанұлы, Әсет Найманбайұлы, Әріп Тәңірбергенұлы, Көкбай Жанатайұлы, Турағұл Абайұлы, Уәйіс Шондыбаев, Кәкітай Ысқақов, Әрхам Кәкітайұлы Ысқақов, Тайыр Жомартбаев, Иманбазар Қазанғапұлы, Баймағамбет Айтқожаұлы сынды Абайдың 14 ақын шәкірттерінің толық ғылыми дәйекті ғұмырбаяндарын жазып, шығармашылық мұраларын жалғыз өзі әдебиет тарихына енгізді. Абайдың ақындық мектебінің Абай дәстүрін жалғастырушы мұрагер ақындары Шәкәрім Құдайбердіұлы, Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытұлының шығармашылық ғұмырбаяндарына арналған іргелі де қолданбалы сипаттағы әдеби-ғылыми басылымның авторы. «Абайдың ерекше әсерімен, Абай мектебінің өнегесімен жазба әдебиет үлгісінде көптеген өлең, дастандар тудырған: Төлеу, Нұрлыбек, Шәкір, Сапарғали, Тәңірберген сияқты сауатты, дарынды халық ақындар легі бар. Бұл ақындарды да Абай мектебінің шәкірттері деп есептеу ләзім»[12,234].- деп жазып қана қоймай, олардың шығармашылықтары жайында әдеби-танымдық ауқымды материалдар жариялады және «Абай мектебіне байланысты зерттеліп, жазылатын мәселелер аз емес. Бұл жұмыстар алда да жүйелі түрде, үздіксіз жүргізілуі қажет»[12,234]- деп оларды зерттеу ісіне бағыт, бағдар берді.

Осы аталған Абайдың ақындық мектебі өкілдерінің әрқайсысына қатысты Қайым Мұхамедхановтың жинап, жүйелеп, зерттеп енгізген әдеби-ғылыми жаңалықтары кейінгі буын әдебиеттанушыларының ірі-ірі зерттеулеріне өзек болғандығының өзі-ақ  ғалым еңбегінің ұлттық сөз өнеріндегі өлшеусіз мән-маңызын танытады. Бұл орайда  бір ғана Семей өңірінің өзінде Абайдың ақындық мектебі өкілдерінің жеке зерттеу нысанына алынғандарын атап өтсек те жеткілікті. Олар: Асан Омаров «Шәкәрімнің өмірбаяны», Айнаш Сейсекенова «Шәкәрім және Гете», Марат Бекбосынов «Шәкәрім тағылымы(Шаһкерім Құдайбердіұлы ғұмырбаянының ғибратты ізімен)», Жандос Әубәкір «Шындықтан басқа жолға түсе алмаймын(Көкбай мұрасы хақында), Бауыржан Ердембеков «Әріп ақын», Жанар Аитова «Алашқа атым шыққан Әсет ақын(белгісіз шығармалары)», Айбар Қадыров «Ақындық әлем(Шәкір Әбенұлының мұрасы)», Мұрат Иманжапар «Халық ақыны Сапарғали Әлімбетов», Талғат Қабышев «Тайыр Жомартбаев», Мұратбек Кенемолдин «Алашорда қайраткерлері», т.б.

Абайтанудағы Қайым ағаның қажырлы еңбегінің нәтижесінде Абай мұрасы ғалым, ақын жанына ұлттық рухтың «болатөзегі» болып сіңді.

Ер қазақ ежелден еркіндік аңсаған,

Бостандық өмір мен ар үшін қиған жан.

Ары мен туған жерінің азаттығы жолында қазақтың бары мен жаны құрбан екендігін Кеңестік билікке сол кездің өзіде-ақ ескертіп, 86-ның ызғарлы желтоқсанында:

Қызыл қыршын қазақтың ұл-қыздарын,

Адал жүрек, ар-намыстың құлдарын,

Мәңгібақи ел есінен кетер ме

Сөгіп, соғып, қанын төгіп қырғаның!

Тұншығарсың шәйіттердің қанына,

Жанталасып, сая таппай жаныңа,

Қара жер де тітіркеніп, жиреніп,

Жан жоламас өлексеңнің маңына!

деп қасқайып қарсы тұру – Абай тағылымының айғағы емес деп кім айтар?! Кез-келген «дүние дос» биліктің озбырлығына қарсы өңменінен өтердей найзағай жыр шумақтар  Қайым ағаның экспромт өлеңдерінде бір ауызы бір дастанның жүгін көтерген сом алтынның құймасындай жарқырайтын. Қасым Аманжолов бастатқан ақындар  отырысының бірінде қастарына тақаған билік тәлкегі тоздырып, жүзі сарғайған шешен ақсақалын орнынан атып тұрып, құшағына алып айтқан:

Ат болсаң, тұяқтының тұлпарысың,

Құс болсаң, қияқтының сұңқарысың,

Бұл күнде азып-тозып қаңғып жүрген

Кешегі ер Шәмілдің ұрпағысың!-

деген сөзі осыны танытады.

«Алаштың асыл арыстарының соңғы тұяғы, алыптар тобының кенжесі, ұлт ардақтыларын құрайтын нұрлы шоғырдың өкілі»[9,103] Қайым Мұхамедхановтың  Абайдың ақындық мектебін зерттеудегі еңбегінің қысқаша сипаттамасы осындай.

 

Пайдаланылған әдебиеттердің тізімі

1.Қ.Мұхамедханұлы. Абайдың ақын шәкірттері. Алматы, «Дәуір»,1993-224 б.

2.Қ.Мұхамедханов. Көп томдық шығармалар жинағы. 1-том. Алматы, «Алаш», 2005. -352 б.

3.Р. Нұрғали. Арқау. Алматы, «Ғылым», 1991,  -456 б.

4.Тұрсын Жұртбай. Болатөзек//кітапта: Қ.Мұхамедханов. Көп томдық шығармалар жинағы. 1-том. Алматы, «Алаш», 2005. -352 б.

5.Мұхамедханұлы Қ. Ұлы ұстаз, қамқор аға//Семей таңы. 1997. 23 қыркүйек.

6.Мұхамедханов Қ. Абайдың әдебиет мектебі//Екпінді. 1940. 5, 6, 10, 12 қазан, 10 желтоқсан.

7.Мұхамедханов Қ. Абайдың әдебиет мектебі//Екпінді. 1945. 23, 25, 26, 29, 30 қыркүйек.

8.Мұхамедханұлы Қ. Мұхтар кешкен қилы заман //Абай. 1992. №3

9.Шаяхметұлы Қинаят. Шартарап. Ғылыми жинақ.(филология, контактология). Семей-Новосибирск. «Талер-Пресс», 2006, -350б.

10.Ісімақова А. Тәуелсіздік кезеңіндегі әдебиетті танытудың теориялық мәселелері// кітапта: Қазақ әдебиеттану ғылымының тарихы. Екі томдық. 2-том. Алматы, «ҚазАқпарат», 2009. -658 б.

11.Ісімақова А. Абай текстологы Қайым Мұхамедханұлының ғылыми түсініктемелері жөнінде//кітапта: Мұхамедханов Қ. Абай шығармаларына ғылыми түсініктер.(Ғылыми басылым). Алматы, «Қайым Мұхамедханов атындағы Білім және мәдениет орталығы» Қоғамдық қоры,  2009, 232 б.

12.Қ.Мұхамедханов. Сөз соңында//Көп томдық шығармалар жинағы. 4-том. Алматы, «Дәуір», 1997. -240 б.

 




Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to Top ↑