banner-top12

Ақпараттар ағымы 001032_00000627634

Қосқан уақыты Мамыр 28, 2015 | 803 рет оқылды | сайтқа қосқан shalqar

0

«ҚазАльянс» Ұлыбританиядағы Қазақ қоғамымен ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды

Шетелдегі қазақстандықтардың «ҚазАльянс» бірлестігі мен Ұлыбританиядағы Қазақ диаспорасының қауымдастығы 25 мамыр күні Лондонда ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Бұл туралы «ҚазАльянстың» баспасөз қызметінен хабарлады.
Ынтымақтастық туралы келісім-шартқа «ҚазАльянс» бірлестігінің президенті Рашид Аюпов пен Ұлыбританиядағы Қазақ диаспорасы қауымдастығының төрағасы Исмаил Кесижи қол қойды. Құжатқа сәйкес тараптар мәдениет және білім саласындағы ынтымақтастықта, қазақ тілін және қазақ халқының дәстүрлерін меңгеруде өзара жәрдемдеседі. Сонымен қатар тұрғылықты жерде отандастарды бейімдеуде мүдделілік танытатын болады.
Кездесу кезінде ұйымның тарихына тоқталған Ұлыбритания Қазақ қоғамының төрағасы Исмаил Кесжи тіл мен дінді, дәстүр мен мәдениетті сақтап қалу үшін ондағы аз қазақтың басын жиі қосудың аса маңызды екенін жеткізіп, Англия елінде тұратын қандастарымыздың атажұрты Қазақстанмен де жан-жақты байланыста болуын қалайтындығын айтты. «Өкініштісі, Англияда тұратын аз қазақ бытыраңқы орналасқандықтан қарым-қатынасы сирек. Қазірге дейін Қытай мен Түркиядан келген ағайын арасында қоян-қолтық қатынас жоқ. Осыларды ескере отырып біз өзара және атажұртымызбен әруақытта байланыста болуды мақсат тұтып келеміз. Осы армандарымыздың Қазақстанның студент жастары арқылы орындлатынына сенімдімін»,-деді И.Кесижи.
Ұлыбританияда тұратын қазақ диаспорасы өкілдері жайлы өз ойын білдірген «ҚазАльянс» президенті Р.Аюпов былай деді:
«Тұманды Альбион еліндегі қазақ диаспорасының қалыптасуына негізінен 1960-1990 жылдар аралығындағы британдық көші-қон саясаты әсер еткенінен хабардармыз. Осы келісімге қол қою арқылы алдағы жерде осындағы қазақстандық студенттер сіздермен бірге тізе қоса отырып Қазақстан тәуелсіздігінің күні, Наурыз, Ораза айт, Құрбан айт сияқты ұлттық және мемлекеттік мерекелерді бірлікте тойлауды жүзеге асыратын боламыз және қарым-қатынасмызды нығайту үшін жан-жақты жұмыс жасаймыз».
Айта кетейік, Ұлыбританиядағы қазақ диаспорасын негізінен Қытайдан Тибет арқылы Үндістанға жетіп, 1952-1953 жылдары Түркияға тұрақтаған қазақтардың үрім-бұтағы құрап отыр. 1960 жылдардан бастап Еуропа елдеріне Еңбек шарты бойынша тарай бастаған қандастарымыз бұл күнде Батыстағы 10-нан аса елде тұрып жатыр. ал, Англиядағы ағайынның басын қосып келе жатқан орталық болса 1995 жылы ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың осы елге сапары кезіндегі кездесуі әсерінде құрылған болатын. Қазіргі таңда Қазақстаннан бөлек әлемнің әр елінен келген 100-120-дай қазақ отбасы осы Тұманды Альбион елінде өмір кешіп отыр.
BAQ.kz




Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to Top ↑