banner-top12

Таным no image

Қосқан уақыты Мамыр 14, 2014 | 1  129 рет оқылды | сайтқа қосқан shalqar

0

ҚАЗАҚ БИЛЕРІНІҢ ЕЛ БАСҚАРУЫ

Ұлт болып ұйығаннан бері берік қалыптасқан дәстүрлі қазақ қоғамының саяси – әлеуметтік жүйесіндегі демократиялық биліктің иесін би деп атаған. Зерттеушілердің ішінде В.В.Бартольдтың пайымдауынша, «Би» сөзі шамамен 14-15-ғасырларда ежелгі түрік тіліндегі «Бек» атауының бір нұсқасы ретінде пайда болған. Сөйтіп, ол басқарушы, ел билеуші мағынасын білдіреді. Уақыт өте келе би сөзі бастапқы сематикалық – тілдік реңкінен ажырады, негізінен, даужанжалды шешетін, кесімді төрелік айтатын, әділ үкім шығаратын адамды бейнелеу, атау үшін қолданыла бастады.

Қазақтардың дәстүрлі түсінігінде би мынандай төрт түрлі мағынаға ие атау: 1. Ел билеушісі, иелік етуші; 2. Сот, төреші; 3. Батагөй, шешен; 4. Бітістіруші, дипломат, елші. Иә, қазақтың Майқы биі, Аяз биі, Мөңке биі, Төле биі, Қаз дауысты Қазыбек биі, Әйтеке биі, Нияз биі (Тілеуліұлы) және тағы да басқа билері осындай данагөй, қара қылды қақ жаратын әділ, ел мен елді, ағайынды бір-бірімен жарастырушы бітімгер, халық қатты құрметтеген тарихи тұлғалар. Тарихи, энциклопедиялық әдебиеттерде оншақты би-шешендер хақында айтылып жүргенімен, әлі де ескерусіз, елеусіз қалып келе жатқан қазақтың белгілі билері қанша ма.

Біздер Нияз Тілеуліұлы тәрізді атақты билердің қоғамдағы рөлін жан-жақты түсінуіміз үшін сол кездегі олар өмір сүрген қазақ халқының тарихи-әлеуметтік, даму сатыларының ерекшеліктерін де жете талдап, таразылауымыз қажет. Баршамызға мәлім, 19-ғасырдың басына дейін қазақ қоғамы саяси потестарлы билік жүйесінің негізінде дамыды. Сол заманда ең төменгі – бұқаралық билікті ауыл-аймаққа, ру – тайпаға беделді, өмірлік тәжірибесі бай ақсақалдар атқарды, орта буындағы билік тізгінін ру – тайпа басылары – билер уысында ұстады. Мемлекеттік және мемлекетаралық дәрежедегі маңызды мәселелерді шешетін жоғары билікті хандар мен сұлтандар иемденді.

Кезінде ру – тайпа басылары – билер мен хан-сұлтандар екі билік жүйесін құрып, бүкіл қазақ қоғамының елдік тұтастығы олардың өзара тепетеңдігі мен бір-біріне қарама-қарсылығы принциптеріне негізделуі заңды еді. Билер мен батырлар халыққа жақын және оның кең қолдауына ие потестарлы билік иелері болғандықтан, хан-сұлтандардың билігін белгілі бір дәрежеде шектеп отырды. Хандар мен сұлтандар атақты билердің елдегі билігінен қаймықты, олармен үнемі санасып отырды. Сол себепті де Абылай хан Нияз биді ерекше құрметтеп, ханға балады, ол халық арасында «хан Нияз» атанды. Өйтпегенде ше, мұрагерлік салтымен дала жұртын билеген Шыңғыс хан ұрпақтары – төрелер тұқымы хандық биліктің бұлжымауы үшін билердің әкімшілік, әлеуметтік – саяси және мәдени рөлімен міндетті түрде санасты.

Мемлекеттік басқару жүйесінде билердің мынандай кейбір айрықша құқықтары болды: «Жеті жарғы» қағидаларына сәйкес олар өзіне бағынышты ру – тайпа шегінде әкімшілік билік жүргізді. Сот төрелігін жүзеге асырып, соған байланысты ұлтының әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін, наным-сенімін терең білуге тиісті болды. Билер ру-тайпаның басшысы болғандықтан, әкімшілік қызметті де қоса атқарды, өз қауымының тәртіп, талабына жауапты болды. Сөйтіп, хандардың халық арасындағы тірегіне айналды. Осыған орай олардың ең данагөй, беделдісі хан жанындағы билер кеңесінің құрамына еніп, ескі қағидаларды жаңғыртып, жаңа заңдар қабылдауға қатысты, ханның ішкі, сыртқы саясатына, әскери доктринасына оң ықпалын тигізді.
Билер ел бірлігіне, ұлт тұтастығына нұқсан келтірер дауларды шешумен қатар көрші мемлекеттермен қарым-қатынас жасауда хандарға кеңесші болған. Абылай ханның Ресеймен қарым-қатынаста Нияз би Тілеуліұлы тәрізді билерді жанына ертіп жүруі, олардың ақыл-кеңесіне арқа сүйеуі соны дәлелдегендей. Ал Абылай хан 1743-жылы жоңғар басқыншыларының қолына түсіп қалғанында Қаз дауысты Қазыбек би Ресей үкіметі жолдаған секунд-майор Миллер экспедициясының құрамында елшілікке барды. Сонда қазақ биінің: «Біз, қазақ мал баққан елміз, ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз, басымыздан құт-береке қашпасын деп, жеріміздің шетін жау баспасын деп, найзаға үкі таққан елміз. Ешбір дұшпан басынбаған елміз, басымыздан сөз асырмаған елміз, достықты сақтай білген елміз, дәм-тұзды ақтай білген елміз», – деп тақпақтай сөйлегеніне Қалдан Серен разы болып, Абылай ханның басына азаттық береді. Осындай оқиғаларға байланысты қазақ халқында «Жауластырмақ – жаушыдан, елдестірмек – елшіден», «Елшісіне қарап елін таны» деген қағиданың қалыптасқаны анық.

Қазақ елі мен басқа елдер арасында қоғамдық маңызы зор саяси мәселелерді шешуде билер хан, сұлтандарға көмек көрсетіп, кеңесші болған. Әлсіздің жоғын жоқтап, қорлық, зорлық көргендерді қорғап халықты имандылыққа, адалдыққа, әділдікке, тәртіпке шақырған билер өзінен кейінгі ұрпақтың да ел ұйытқысы болғанын қалағаны талас туғызбас ақиқат. Олар өз балаларының бірін немесе елдегі көкірегінде көзі бар жастардың бірін би болуға, ел басқару өнеріне баулып тәрбиелеген. Өзінің ру, тайпасындағы ұл-қыздардың парасатты, елін, жерін сүйген перзент болып өсуін мұрат тұтқан. Ата-бабаларынан қалған ұлағатты сөздерді, мақал-мәтелдерді, шешендік сөздер мен ойлы жырларды жас ұрпақтың құлағына құйып, олардың тәрбиелі жан болып өсуіне ат салысқан. Өзінің әділ билігімен, ізгі істерімен жан-жағындағы адамдарға ой салған. Отбасында, туған-туыстарының арасында, қоғамдық ортада өздерін үлгілі ұстап, жан-жағына шипалы шуағын төккен.

Сапаргүл Хойшыбайқызы,

Қазақ Ұлттық аграрлық Университетінің студенті

 




Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to Top ↑