banner-top12

Денсаулық no image

Қосқан уақыты Мамыр 14, 2014 | 720 рет оқылды | сайтқа қосқан shalqar

0

Қазақ болмысы және денсаулық

 

         Қазақ халқына ашашаршылық келмеген, тек 1933-жылдардағы Кеңестер Одағының қолдан жасағаны болмаса. Сақ, Үсін дәуірлерінен бұрын да қолөнер және ауыл шаруашылығы дамыған. Қазіргі архологиялық қазбалар мұның айқын дәлелдерін көрсетуде. Жылқыны қолға ұйрете бастау бұдан шамамен 4000 жыл бұрын қазақ даласында іске асырылыпты. Қазып алынған қыш ыдыстардағы қымыз қалдықтары осының мысалы. Сол дәуірлерден басталған сахаралық тұрмыс мәдениеті табиғатпен етене тығыз байланыста болған халықтың экологиялық ортаны қорғаудың өмір сүрумен тікелей қатысты екеніне көздерін жеткізгендігін растайды. Ғасырлар бойы сыннан өткен басқа халықтарда кездесе бермейтін аса бай дәстүрлеріміз, ырымдарымыз, тиымдарымыз ұрпақтар көкейінен ата заңымыздай орын ала берген.

Қазақ халқы Орта Азиядағы ұшы қиырсыз ен сахарада сайгүліктерін құйғытып, төрт түлігін мыңғыртып, тілдік, дәстүрлік, діндік ортақтықпен бөлінбей, өзгерістерге көп ұшырамай экономикалық, мәдениеттік, территориялық тұтастықты қалыптастырған. Отырар сынды ірі қалаларды мекен етіп, сауда, өнеркәсіптерін де дамытқан. Егін салумен де айналысқан. Отырықты әрі көшпелі ел ретінде танылған. Шыңғысхан ойраны, Жоңғар шапқыншылығы, Алқакөл-Сұлама, Шарроссия отаршылдарының сұғына беруі қатарлы әлемдік ірі қырғыншылықтардан кейін көшпенді шаруашылыққа еріксіз біржолата бет бұруға мәжбүр болыпты. Торғайдай тоздырған ата жаулар қазақты жойып жібере алмады және құлдана да алмады. Одан бергі көргендерін тізбелеудің де қажеті жоқ шығар. Ең соңында тағдырдың бұйрығы мен егемендікке қол жеткізді.

Табиғаттан бөлінбеген халық

        Топырақтан жаралып, қайта топыраққа айналған адамзат табиғатты екінші анасы санайды. Уақыт адамзатты ұлттар мен ұлыстарға, мемлекеттерге айналдырып, бүгінгі зымыран дәуірге жеткізгенімен, ортақ аналары – табиғатты мойындап, аялап, игіліктеніп келеді. Дамыған елдер жер шарының осы адамзатты бағу шегінің тым тақау қалғаны туралы әлемге жар салып, экологиялық ортаның бұзылуы өмір сүру аямызды мейлінше тарайтып бара жатқандығын, түрлі-түсті аурулардың көбейе бастағандығын айтып дабыл қағуда. Бұл келелі тақырыпқа қазақ елі де ат салысып, түрлі шараларды атқара бастады. Алайда, жаратылыс ортасының ойсырауына түбегейлі, қатаң әдіс-амалдар қолдана алды деп қанағаттанудан да аулақпыз. Жаһандану үрдісі  әлемді шарпып, дәстүрлі ұлттардың өзін есеңгіретіп, әуелгі текітік қасиеттерінен, менталитеттерінен айыра бастағандықтан, табиғат анасын да әлде қашан ұмытқан сияқты. Бұған қазақтың да ене бастауы тіптен жылдам болған тәрізді.

Қазақ халқы ежелден өз анасын, бала-шағасын қандай жақсы көрсе, табиғатты да сондай қастерлеген. Табиғатпен жаны егіз болған. Ырымдар мен тиымдар арқылы ұрпақтарының бойына сіңіріп жіберген. Осындай таным ұлттың ортақ борышы саналып, өмір сүруіндегі аса маңызды факторға айналып кеткен. Қазақ табиғат анасын қалтқысыз көңілімен сүйіп, көз қарашығындай аялағандықтан, анасы да таудан-тастан қайтпайтын құрыштай шымыр денсаулық силаған. Ата-бабаларымыз табиғат пен денсаулықтың диалектикалық байланысын ерте түсінген. ″Шөп жұлма, шашың жұлынады″, ″торғайдың жұмыртқасын шақпа, бетің шыбар болып қалады″, ″жас ағашты қима, қыршыныңнан қиыласың″, ″жер қазба, адам жазым болады″, ″суға дәрет сындырма, ауырып қаласың″ деген сияқты ұшан-теңіз ырым-тиымдары бар. Ұрпақтарға бұл қағидалар ерекше дәріптеліп отырылғандықтан, дені сау, рухы сергек, азықтануы халал болған. Сондықтан да қазақ тіршілік еткен табиғат ешқашан да бұзылмаған, қайта қорғалып келген.

 

 

Салқар көштің сыйлары

        Қазақ халқы ғасырлар бойы көшпенді өмір сүрудің қайталанбас ғажап мәдениетін қалыптастырып қана қалмастан, әлем мәдениетіне де математикалық заңдылықтар негізінде тапқырлап, сыннан өткізген киіз үй мәдениетін қосты. Табиғаттың маусым ерекшелігіне қарай көшіп-қонып жүріп мал шаруашылығымен айналысу, табиғаттың тылсым сырларына қолдың бес саусағынжай қанығу, аспан денелерін жалықпай күзетіп, өзгерістерін зерттеп, ауа райының өзгерістерімен байланыстыру, сол арқылы астрономия ғылымын жетік меңгеру және оған үлес қосу жақтарында да ерекше көзге түскен халық. Түркі халықтары қатарында күн мен түннің теңелуін жаңа жыл немесе ″наурыз мерекесі″ деп тойлауды дағдыға айналдырған. Қайталанып отыратын табиғат құбылыстарына қарай түрлі амалдарды белгілеп, тұрақтандырып, сол күндерге қарап жоспар жасап, әдіс қолдана білген. Ұшан-теңіз этнографиялық сырларды толық меңгергендіктен, маусымдық көші-қондары мәнді де сәтті өткеріле берген. Байтақ сахарада жылына 2000-3000 шақырымдай жерге көшіп-қонып, малын баға жүріп саяхаттайды. Сөйтіп, спорттық ойын түрлері мен ауыз әдебиетін дамытып, даласын әнмен әрлеп, күймен тербеткен. Өзіндік заңдылыққа құрылып, қалыпқа түскен тіршілік тынысы, көңілді орта, мысалы, жұпардай тұнық ауа, зәмзамдай мөлдір бұлақ, қалың ну қарағай, алуан түрлі бәйшешек, жүгірген аңдар мен сайраған құстар, арқыраған өзендер, т.б. боямасыз дүниелердің бәрі-бәрі мықты денсаулық, ұзақ өмір силаған. Сексенбай, Жетпісбайлардың көбейіп, ұрпақ өрбігені, олардан әйгілі батырлардың, шежіре-шешендредің, ақын-жыраулардың үзілмеуі де содан. Онан да маңыздысы ет, сүт, қосымша астық (тары, бидай, арпа, бұршақ, т.б.) өнімдерінің сәйкесті азық-түлік етілуі. Қазақтың азықтануын басқа әрқандай ұлттардың тағамдарымен салыстыруға болмайды. Оған басқа елдердің азықтығы астар бола алмайды. Өйткені, ет пен сүттен жасалған, мәнерленген азықтықтардың бәрі тұнып тұрған ең өнімді дәрі-дәрмек. Мұның бәрі ғалымдар дәлелдеген шындық. Қазақтың өсіп-өнген табиғат ортасы, дәстүрлі ата кәсібі, ұстанған ғұрп-әдеттері, тұрмыс тіршілігі, мәдени көңіл ашу қимылдары (спорт, сауық), қауымдасуы, қоғамдасуы, таным ортақтығы, алғыр да парасаттылығы, т.б. лардың барлығы психологиялық сипаттарының айнымас түп негізі. Басқаға бөліп-жаруға мүлде келмейтін, тек өзіне ғана тән ежелгі ұлттық болмысының бір ғасырға таяу уақыт жоғалуы – қазақтың өзін жоғалтып жіберуге шақ қалғаны аздай, денсаулығынан да айырып, мәңгүрттендіріп, жылқыдан да бетер халге түсіріп, тексіздендіріп жіберуге айналды десек артық айтақндық болмас. Бұл үрдіс әлі жалғасуда. Ұлт өзінің тектік қасиеттеріне қайта оралмаса, мәңгі адаса береді, көрінгеннің жетегінде кетеді, денсаулығынан да айырылады. Бұл факторлар бір-бірінен айырғысыз тығыз байланыста.

Жұрт жаңалау

Қазақтың жұрт жаңалауы басқаларға айырбасталмайтын ұлттық тапқырлық. «Мал баққа емес, бапқа өседі» деп мақалдаған қазекең, шөптің шүйгініне, судың тұнығына малы үшін емес, құдды өзі ішіп, өзі жейтіндей күйініп құныға кірісіп қол жеткізеді. Мұнда, бірі – табиғатқа құрмет болса, екіншіден – денсаулық қарастырылған.

Бір маусымға таяу жайлауда ақ шағаладай киізүймен бір жұртта табжылмай отыра бермейді. Отыра берсе, сол маңның шүйгіні сұйылып, жайылымы тұяқкесті болады, әрі басқалар да сөгеді. Шөбі өте тақырланып кетсе қатты нөсерден топырақ шайылып, табиғатқа жарақат түседі. Енді бір жағынан малға соны жайылыс азайып, семіруіне нұқсан жетеді, індеттерге ұшырайды. Одан да көкей тестісі – қашанда пәктік пен тұнықтықты жаны сүйетін қазекеңнің кірпияз, кінамшылдығына сын және көңіл-күйлеріне кірбең келтіргендей болады. Көңілділік – денсаулықтың кепілі екендігін ерте түсінген. 3 – 4 шақырым немесе одан да алыс жерге барып бір айдай отырады. Сөйтіп, жайлау сонысын малына толық жегізсе, жұрт жаңалаған сайын бағлан сойып, сары қымызын сапырып, көрші-қолаңдарын шақырып думандатып тұрады. Азықтанумен бірге түрлі спорттық ойындарды ен жайлауда өткізуге көбірек көңіл бөледі. Айтыс сынды өнерлермен бірге түрлі-түстегі сауық шаралары ұйымдастырылса, той-томалақтар да осы жайлау үстінде көп болады. Жайлаудан етекке еңкейіп кеткен халық күзеу, қыстауларына кетеді де, елдің жиын отырған тобы селдірейді. Көш ол кездерде түйемен көшіріледі. Шабан-шалаңдары ғана өгізбен көшетін болған. Тізілген салқар көштің салтанаты шалқар сахараның қайталанбас сәнді де жанды картинасы. Ұмыт болып бара жатқан ата кәсібіміз – ұлтымыздың денінің сау, ес-ақылының толық, қанының таза, ұрпақтарының дәнішпан болуының бірден-бір ұйтқысы, шарты.

Денсаулыққа залалды факторлар

        Қазіргі жаһандану дәуіріндегі ұлтымыздың денсаулығы неге төмендеп, түрлі-түсті ауру-сырқауларға көп ұшырап жатыр? Осы келеңсіздіктің басты себептерін өзімізше бағамдап көрейік. Қазақ өзінің ежелгі мәдениетті халық ретінде танылып келген барлық құндылықтарынан айырылған. Мұндағы тіл, діл, дін басты рөлде еді. Ғасырлар бойы жалғасқан шаруашылық тәсілдеріміздің өзгеріп кетуі; аса бай дәстүріміздің аяққа тапталуы; халықтық тәлім-тәрбиенің жоқтығы; ойлау жүйесінің басқаша өрбуі; ар-ұяттың, мейірімнің жоғалуы; Батысша, орысша танымдардың санаға орнығуы; түрлі улы, алхаголды ішімдіктер мен ″харам″ делінген азық-түліктердің тұтынылуы; экологиялық ортаның мейілінше бұзылуы, т.б. жетерлік факторлардың орын алуы болып отыр.

Сондықтан, денсаулықты күшейту, қорғау үшін ең басты ем – қазақы болмысымызды қайта қалпына келтіру мен денсаулықты өзара сәйкестіру болып табылады. ″Басты бұзған маңқа″ деп тегін айтылмаса керек.

Болат Құрманғажы  ұлы

24.03.2012ж                      Публицист-жазушы

 




Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to Top ↑