banner-top12

Тарих no image

Қосқан уақыты Наурыз 5, 2014 | 940 рет оқылды | сайтқа қосқан shalqar

0

Қазақ диаспорасының Қазақстан жайындағы тарихи білімі

Қытайдағы қазақтардың атажұрт туралы тарихи білімі: қабылдау жолдары және мәселелері
Жаһандану жағадан алып, ірі ұлттар шағын диаспораларды өзіне сіңіру үрдісі қауырт жүріліп жатыр, осындай алмағайып кезеңде жер бетінде ұлт ретінде сақталып қалу-қалмау мәселесі ең маңызды мәселеге айналды. Әсіресе іргедегі қытай секілді миллиярттан астам халқы бар елдегі тамышдай ғана қазақтың келешек тағдыры кімді болсын ойлантпай қоймайды. Ассимлияцианың заңдылығына жүгінсек, аталған үдерістің жылдамдығы бірнеше факторларға байланысты: ассимлияциаланатын этностын санына, орналасуына, тарихи отанынан қашықтығы мен барыс-келіс, мәдени алмасуының деңгейіне, аралас некенің көбеюіне,т,б жағдайларға қатысты. Соның ішінде бүгін біз бөле жара қарастыратын бір фактор – қытайдағы қазақ диаспорасының атажұртпен тікелей байланысы, ондағы қандастарымыздың Қазақ елі туралы тарихи білімі туралы.
Шыны керек, Қазақ елінің бай да бағалы, ұзақ та қасиетті тарихы бар екенін шетелдегі қандастарды былай қойғанда, осындағы тұрғылықты тұрғындардың өзі егемендіктен кейін ғана аңғарды. Тәуелсіздіктен соң тарихымыз түгенделіп, өшкеніміз жанып, өлгеніміз тіріле бастады. Соның өзінде толықтанбаған, түгенделмеген жерлеріміз аз емес. «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы мен соңғы кездегі тарихқа жаңаша көзқарас саясаты нәтижесінде көптеген жаңалықтарға, құнды мұраларға қол жеткізіп жатырмыз. Демек, тарихи отандағы төл тарихымызды әлі күнге бір ізділікке түсіріп үлгермедік. Осындай қайшылықты жағдайда қойны-қоншын қымтап, шетелдік ақпарат құралдары мен идеологиясының шекарадан енуіне қатаң шектеу қойған елдегі қандастардың тарихи білім деңгейін тексеру біршама қиындық туғызатыны айтпасада түсінікті. Соған қарамастан, жүрегі «елім» деп соққан ұлтшыл азаматтарды, зиялы қауым өкілдерін атажұрттың тарихи тағдырынан хабар-ошарсыз қалды деп айта алмас едік. Қытай жеріне Қазақ елі туралы деректі ақпараттардың бару жолдары мен кезеңдерін, оны жеткізуші тұлғалар мен қыбалдап таратушыларды жіліктеп беру – үлкен ғылми еңбектің, көлемді зерттеудің еншісіндегі мәселе. Сондықтан, бүгінгі баяндамада бұл бағыттағы жұмыстарға қысқаша ғана тоқталып, шолу жасағанды жөн санаймын.
Қытай қазақтарының тарихи санасан оятуға себепкер болған алғашқы ресми қадам – «Қазақ» газеті мен «Айқап» журналы болса керек. XX-ғасырдың басында қазақты оянуға шақырған «Қазақ» газеті елдің рухын көтеруге қызмет етті. Алаш арыстарының ұлттық мемлекет құру жолындағы ұлы бастамалары, ел болашағын ойлайтын намысты азаматтардың ой-пікірін арқалаған «қанатты қазақ» қытайдағы қандастардың да қолына түсті. Түсіп қана қоймай, ондағы елеңдеп отырған көзі ашық, көкірегі ояу азаматтар тарапынан қызу қолдау тапты. Оған «Қазақ» газетінің 1917 жылғы № 222 санында «Баспахана туралы» деген атпен жарық көрген Іле қазақтарының хаты дәлел. Онда:
«Қазақ» басқармасының баспахана туралы жазған сөзіне ішіміз еріп, қытай қол астындағы Күнес елінің қазақтары «Азамат» серіктігіне 600 сом ақша жібердік. Қолға алған ісінен бізде құр қалмалық дедік, Алаш туының астына бізде қосылдық. Қараңғы бір шет жерден біздер қосылғанда, басқа көзі ашық, көңілі сергек қай қазақ қарап қалар дейміз. Бүгін алты алаш болып бір баспаханаға ие бола алмаса, қанша ноғайға күлкі болмаймыз ба? Баяғыдан бері телміргеніміз аз ба? Шөміштен қағылып жүрегніміз бе? Егер қазақтың бір баспаханасы болса, әртүрлі газет-журанал басылып, қазақша мектеп кітаптары көбейіп, көзіміз ашылар еді.
Мақсұт тәжі Сасанұлы, Молда Нұрбекұлы, Қасболат Байболатұлы, Шайырбек Сасанұлы, Рақым Ақылбекұлы, Жиенәлі Мейірманұлы. Осылайша шекараның арғы жағынан алаш ұранына үн қосып, «Қазаққа» қолдау білдірген Мақсұт секілді ұлтшыл тұлғалардың ықпалымен газет жұмысы одан сайын жандана түссе, газетті оқып оянған қытай қазақтарының ішінен ірі тұлғалардың қалыптаса бастағанын бағамдау қиын емес. Осы ара XX-ғасырдың алғашқы ширегінде Қытай қазақтарын оятуға саналы өмірін сарп еткен, алаштың айтулы ақыны, қайраткер тұлға, ұлтшыл азамат – Таңжарық Жолдыұлын бөле жара қарап, қысқаша тоқтала кету артық болмас еді. Оның бойындағы өр ұлттық рух пен намыстың бір қайрауы «Қазақта» жатса керек-ты. «Қазақ» қазақы қанын тулатқан ақын 19 жасында нағашысын тірек етіп бергі бетке өтеді. Абайдан тартып, өз замандасы болған алаш зиялылараның рухани мұрасынан қана сусындайды. Қазақ елінде басталған зиялыларды қудалау кезінде мол білім, жігерлі рух арқалаған арманшы ақын еліне қайтады. Бара сала қытайдағы қандастарымызды оятуға бел шешеіп кіріседі. Оның бұл қылығын жақтырмаған жергілікті билеушілер абақтыға қамайды, халықтың қалауымен қайта шығады. 30-жылдара көрші екі елдің де империялық, отарлық саясаты аса күрделі бағытқа бет алады. Жаппай қудалау, қамау, ату-айдау күшейеді. Осындай қиындыққа қарамастан, кемеліне келіп рух тұлпарын берік тақымдаған ұлтшыл тұлға халықты оятуын ары қарай жалғастыра түседі. Ол ақын, композитор ретінде ел аралаған той-думандар да азаматтық борышын атқара жүреді, халық санасына еркіндік, елдік рухын сіңіріп қана қоймай, нақты іс-әрекетке де кіріседі. Атап айтқанда, «Іле өзені» атты алғашқы қазақ газетін шығарады. Алғашқы қазақ театрын ашып, “Шұға», «Еңлік-кебек» пьесаларын қояды, өзі режиссор, өзі рөлдегі актер болады, жаңа мектептердің ашылуына тікелей ат салысады. Мұның бәрі сан мыңдаған халықтың етек-жеңін жинап, елдік мақсатқа, болашақ ұлт азаттық қозғалысының белді сарбаздары болуға жасалған белсенді қадам еді. Бұл қытайдағы қазақтардың атажұрттан алған алғашқы өнімді білімдерінің бір жемісі, бір парасы еді.
Осыдан кейін Қазақ елінде орын алған ауыр ашаршылық, «халық жауы» ретінде зиялыларды ату, айдау, отан соғысы, тың игеру,т,б толып жатқан отарлық зобалаң әр қазақтың отбасына салқынын тигізбей қоймады. “Балапан басына, тұрымтай тұсына” кетіп, шетелге тарихи білім таратпақ түгілі, өзін-өзі ұмытуға, өткенді тәрік етуге тура келді.
Бір қызығы, 90-жылдарда саңқылдаған үні шартарапта шалқыған «Шалқар» радиосы арқылы ондағы қандастарымыз қара шаңырақта қауым ел мен оның өркен жайған өнердің бар екенін анық әрі терең түсіне бастады, әрине бәрі емес, құлағына Әнуарбек Байжанбаев, Сауық Жақан секілді даңықты дикторлардың дауысы жетіп, Қайрат Байбосынов орындаған асқақ әндердің қуаты дарығандары, яғни, «Шалқар» радиосын тыңдау бақытына ие бола алғандары ғана тарихи отанды өнер арқылы тану мүмкіндігіне қол жеткізді. «Алматыдан сөйлеп тұрмыз». Осыбір ғажап үн шөлірген рухымызды қандырып, жігерімізді жанып, намысымызды қамшылаушы еді, оны ет құлағымен естігендердің бірі менмін. Дегенмен Шалқардан тарих туралы толық ақпар алу мүмкіндігі жоқ еді, оған себеп, кеңестік кісеннің кілті мәскеуде тұрғандығынан, соған қарамастан «Шалқардан» шалқыған әуезді ән, кімбірлі күйдің өзі «дәтке қуат, дертке дем» берген-ді. Ел егемендігін алғанда, қуаныштан жүрегі жарыла жаздаған қандастарымыз шаттықтың шашуын аямай шашып, тіпті үйінде той жасап, көл-көсір дастархан жайғандары қаншама? Осы кезден бастап атажұртта өткен әрбір іс-шараға, дүбірлі дода, сәлихалы бас қосу, мерейлі мерейтойларға бүкіл қазақ елеңдеп құлағын түре бастады. Көңілдері «әйелі алты ұл тапқандай» көтеріңкі болды, арқаланып, кеңи түсті. Сол екпінмен мәртебелі мәнсап, берекелі бизнес, жақсы жағдайын тастап біржола көшіп кеткендер де бар. Тағы бір топ оқығандар ондағы қара халықтың қамы үшін(кейбірі өзінің тағы мен бағы үшін) әлі күнге түрлі қызметтерде істеп жүр. Айта кету керек, онда қоныстанған қазақтың дені өзінің ұлттық тарихын түп тамырымен танып, ашылмаған арғы әлеміне бойлап, жұмбақ сырларын жата-жастана тани түсуге барынша ниетті. Біз жақтан әрдайым елеңдеп хат-хабар, жағымды жаңалықтар күтеді. Әйткенмен, әзіргі жағдай, «әттең тонның келтесі-ай».
Ұлттың ғана мақтанышы емес, әлемдік деңгейге көтерілген ұлы тұлғалардың өмірі мен еңбектері шекарамен шектелмей кең таралады, мәселен, хакім Абайды қытайдағы қандасарымыз ғана емес, қытайлар да біле бастады. Мәселен, профессор, тарихшы Су Бихай: «туған халқын сүйіп, оны қасіреттен құтқаруда, бодандыққа түбегейлі қарсы тұруды мұрат тұтқан Абай қазақ халқын оятып, берекеге шақыру, елдің өмір сүру мүмкіндіктерін сақтап қалу үшін өлеңді қару етті. Туған халқы оның өлеңдерін құрандай жаттап, тұмардай сақтады. Әр сөзі теңіздің тереңіне тартқандай мың батпан ойдан туған, кісіге берер шабыты мен шапағаты мол Абай өлеңдері әр қазақтың бағдаршамы сіпетті еді»,– деп бағалады. Демек, шетелде тұрған қазақтың бір пайдасы, жолын тауып, насихатын жақсартса, ұлтымыздың ұлы тұлғалары мен құндылықтарын өздері тұрған мемлекетке кеңінен насихаттай алады, жеткізе алады.
Дәл осы тұста қытайдағы қазақтардың төл тарихын білуге деген құлшынысының(табиғи түрде білгісі келетіндерді қоспағанда) артуына түрткі болған төмендегідей бірнеше себептерді атап өтейін:
1. 80-жылдары бастау алған қытайдағы «жоспарлы туу», ондағы қазақтың болашағына деген сеніміне алғаш рет күманмен қарауға мәжбүр етті, осылайша коммунизм идеясына барынша сенген аңқау, адал ниеттеріне сызат түсе бастаған-ды.
2. XXI-ғасыр басталғалы бері ұлттық мүдденің мәңгілік идеясы тағы да үрей отына өртене түсті, себебі, «Батысты ашу» саясатын желеу еткен үкімет миллиондаған тұрғындардың кең жатқан қазақ даласына қадам тастап сұғына кіруіне жол ашты. Сөйтіп ондағы қазақтар үкіметтен уақытша жалға алған, бірақ, бабасының басы жатқан қасиетті жерінен айырыла бастады. Жерді «өзімдікі» еді деп айту барған сайын қиындай түсті.
3. Соңғы бірнеше жылда қазақ мектептері жаппай жабылды, анығы, қазақ тілі мен әдебиетінен өзге пәндер тек қана қытайша өткізіле бастады, жаһанданудың иісі мұрнына бармаған, табиғи санасын таза ұстаған қара домалақтар өз ауылында 100 пайызды құрай тұра қытайша қинала сөйлеп, артынан қимас тілі ретінде қабылдауға мәжбүр болды.
4. Бұрын сырт көзге тым байқалмайтын (әйтпесе қытай ұлтының ұлтшыл еместері кемде-кем) қытай ұлтшылдығы «ұйғыр мәселесінен» кейін күшейе түсті. Ара кідік қазақты да көзге ілмей, «сендер надансыңдар, жабайы, өркениетсізсіңдер, сендерде тарих, қала, ұлттық сана жоқ» деген секілді ұлттың намысына тиетін ауыр сөздерді жиі айта бастады. Басшылықтың бар саласында ырықты орында тұрған қытайлардың қол астындағы қазақ қызметкерлеріне деген көзқарасы да өзгере бастады, тек өз саласын жетік білетін, тілге де, іске де жүйріктері ғана өз намысын бермей келеді, басым көбінің күйі, «ләппай тақсырға» айналған, бұл қадам амалсыздықтан туындап отыр. Жоғарда қалыптасқан жағдайлар қытайдағы басшы қазақтан тартып, қатардағы қарапайым кәсіпкер, ауылдағы егінші-шопандарға дейін өзінің өткен тарихы туралы қабырғасы қайыса, түн ұйқысын, күндіз күлкісін бөле отырып ойлануына, танып-білуіне итермелеп отыр. Әрине бұл бағытта жекелеген әрекеттер жасалып жатыр, батыр бабалары, ақын аталары мен кемеңгер тұлғалар туралы сериялы кітаптар жарық көруде, алайда азаттығын алған, жаңа астанасын салған атажұрттағы ағайынның арғы-бергі тарихын тереңінен танып білуге деген құлшыныс пен сұраныстың орындалмай отырғаны айтпаса да түсінікті. Өйткені, бағындырушы ұлттың алдында бас имей, өз ұлтының өткеніндегі өнегелі тарихымен дәлелді мысал айтып, жауап қайтару үшін мол білім керек, ал оны алудың жолы барынша тұйықталған елде өмір сүру айтуға оңай, шындығына келгенде аса күрделі мәселе.
1. Қытай қанша үлкен мемлекет болғанымен ақпараттық қауіпсіздігін бірінші кезекте қорғауды қолға алған ел, шекара шебі де, ақпарат аясы да тұйықталып, тұмшаланған мемлекет. Сондықтан, ол елге тарихи кітаптар тұрмақ, Қазақ елі туралы қарапайым ақпаратты жеткізудің өзі оңай шаруа емес, сан сүзгіден сүзілген бірен-саран материялдар ғана жетеді.
2. Біздің елден шығатын тарихи танымдық басылымдардың қытайда таралуы мүмкін емес, әу бастан тиым салынған, ал кеңес кезінде шартарапқа үні жеткен «Шалқар», егемендік кезінде шетел тұрмақ, өз еліміздің кейбір өңірлерінде естілмейді. Демек, баспасөз де, электронды БАҚ-та атажұрт жайынан ақпар беру мүмкіндіген ада.
3. Соңғы әрі тиімді мүмкіндік, ғаламтор желісі арқылы тарихи-танымдық ақпар тарату. Әзірге бірден-бір қолайлы хабар алмасу құралы – интернеттегі сайыттар болып отыр. Мәселен, бүгін біздің елде орын алған оқиға араға сағат салмай төте жазумен қытайдағы қазақ сайыттарында беріліп тұрады. Жақсы-ақ. Атажұртқа екі құлағы елеңдеулі елдің бір арманы әзірше осылай орындалып тұр.
Осы тұста біз көтерген тақырыпқа қатысты қытайда тұратын профессор Сұлтан Жанболаттың пікірін келтіре кеткен жөн болар:
«Қазақстан басылымдары Қытайға бармайды, телеканалдары көрсетілмейді, радиосы естілмейді. Көп санды қазақтар жөнінен алғанда, екі ел арасындағы жолаушылар апарған аздаған дүниелердің ықпалы жоққа тән. Қытайдағы қазақтар қолына түсе қалған күнде де кириллицамен жазылған шығармаларды оқи алмайды. Бұлардан тамтұмдап пайдаланатындар аздаған зиялы қауым ғана. Ал, Қытайдағы төте жазумен шыққан соншама көп қазақша дүниелерді сіздер де танымайсыздар. Қазіргі мәдени ауыс-түйістің бір шындығы осы. Дегенмен, Қытайдағы қазақ жастарының көбі Қазақстанға ыстық ықыласпен қарайды. Оның өркендеген тұстарынан, әсіресе өнер өңірінен нәр алуға, үйренуге мән береді. Оған Қазақстандық өнер адамдарының Шыңжаңға барып өнер көрсетуі де оң әсерін тигізуде. Бір таңқаларлығы, Қазақстан тарапынан екі ел арасындағы әдебиет пен мәдениеттің ауыс-түйісіне, ондағы қазақтардың атажұртпен рухани байланысын үзбеуге ықпал ету жағы кемшін түсіп жатыр. Қазақ елінде «Конфуций институты» құрылды, Қытайда «Абай сыныбы» да жоқ. Қазақстанда «Қытай мәдени орталығы» жұмыс істейді…» Біз ескеретін түйінді мәселелердің біразы осында жатса керек.
Бүгінде Қазақ елінің тыныс-тіршілігі мен өткені туралы аз кем мағұмат алу мүмкіндігі Құлжадағы Іле педагогикалық институтында жасалған, онда елімізде шығатын «Қазақ әдебиеті» секілді бірнеше республиалық басылымдар барып тұрады, оның өзі Бейжіңнен Құлжаға дейінгі сан сүзгіден өтіп барып жетеді, демек, «жоқтан гөрі жоғары». Сосын мектеп оқулықтарында Қазақсандағы қазақ ақын-жазушыларының азды-көпті шығармаларынан үзінді берілген, бұл да ұрпақ санасын ұлттық мұратқа жетелеудің бір жолы. Ал Қазақстандық жазушылардың бірсыпыра еңбектері жыл сайын неше он мыңдаған таралыммен(көбіне әдеби шығармалар) шығып, оқырмандар қолына жетіп жатады. Бұл игі шараны біз одан ары қолдай отырып, жандандыра түссек жарар еді.
Төл тарихымыз туралы танымдық ақпарды қытайдағы қандастарға өзіміз бере алмағанымызбен, біздің әр қадамымызды аңдып отырған қытайлардың біздер туралы ертеден бүгінге дейін зерттеп келе жатқандары жасырын емес, шынайы ақиқат. Бұл туралы профессор, қытайтанушы Дүкен Мәсімханұлының «Еуразиялық өркениет» атты еңбегінде қытайдың Қазақты зерттеуі жайлы жазылған мақаласында айтылады.
Профессор Қытайлардың Қазақ елінің өткені мен бүгіні туралы жасалған тарихнамалық, мәдени-әдеби зерттеулерін тізбелей келе саяси-экономикалық тұрғыдан зерттеуінің бірнеше себептерін атайды.
Біріншіден, Қазақстан – жер көлемі жағынан да, экономикалық әлеуеті жағынан да орта Азиядағы көшбасшы ел. Бұл жол қытай үшін көзін тапса әрі базар әрі әріптес. Сондай-ақ батысқа өтетін көпір деген сөз.
Екіншіден, Қазақстанда мол жер асты байлығы бар, бұл салада Қазақстан үкіметі кімге үлкенірек есік ашады? Қытай елінің кіру мүмкіндігі қаншалық болады? Бұл сұрақтар ресми Пекинді толғандырмай қоймаса керек.
Үшіншіден, Қазақстан мен Қытайдың Шыңжаң өлкесі ортасында 1700 шақырымдың ортақ әрі маңызды шекара бар. Маңызды болатыны, шекараның қытай елі жағында 1,5 милионнан астам қазақ ұлтының өкілдері тұрады, ал Қазақстанда 200 мыңдай ұйғыр диаспорасы өмір сүреді…
Төртіншіден, Қазақстанның жер аумағы кең, керісінше, жан саны тым аз. Демек, бұл өңірге қытайдан әртүрлі жолдармен қыруар «еңбеккүш» әкелудің жолдары бар деген сөз… Осы жағдайлар қытайдың Қазақстанды түбегейлі зерттеп-талдауына себепкер болды.
Олар бұл бағыттағы зерттеуін Жаң Чиянды батыс өңірге алғаш рет елшілікке аттандырған кезден бастап кеткен, бүгінде қытайлардың қазақ болмысы, ұлттық тарихы туралы жинаған мәліметтері біршама мол екенін тарихшы-ғалымдар жиі тілге тиек етеді. Тіпті іссапармен ішкі қытайда болған кейбір қандастарымыз қытайда Қазақ пен Қазақстанды зерттеумен арнайы түрде айналысып жатқан институттың барын естіп таңғалған. Демек, біздің елдің әр басқан қадамын бақылап, аңдып отырған мемлекеттің өз діттегені бар деген сөз. Сондықтан да біз де егемен ел ретінде өз мақсатымызды іске асырумыз керек. Яғни, миллияртқа сіңіп бара жатқан 2 миллион қандасымызды(ол біздің аса үлкен байлығымыз) аман сақтап, бетін бері бұруға жылдам әрекет етуіміз керек. Ассмилияция үрдісінің жылдам жүруінің бір шарты – тарихи отанынан, ондағы жаңалықтарынан алыстау, қол үзу. Айғай салым жерде тұрып теңізге батып бара жатқан қандастарымызды жағаға шығара алмасақ, егемендігімізге сын емес пе? Сондықтан да мен төмендегідей бірнеше ұсыныс айтамын:
1. Жақын арада көшіп келуге мүмкіндігі жоқ, сол елде біраз уақыт тұратын қандастарымыздың тілін сақтау қалып үшін қажетті жағдайлар жасау. Мүмкін мемлекеттік деңгейде қытайдағы қазақ мектептеріндегі қазақ тілін оқыту сағаттарын көбейтуге ықпал ету. Өйткені, біз олардың бар талабын орындап, бүкіл энергетикалық шикізаттарымызды беріп отырмыз, сондықтан, өз талабымызды ұлттың рухани болмысын сақтап қалуға бағыттауымыз ләзім.
2. Қазақ тарихы мен әдебиеті, өнері мен мәдениеті туралы танымдық, жан-жақты ақпар беретін басылымдардың ондағы қандастарымызға таралуына мүмкіндік туғызу. Бұл да мемлекет аралық келісім бойынша іске асыруды талап етеді.
3. Бүгінгі таңдағы ең қолайлы ақпарат көзі ғаламтор ресурсын белсенді пайдаланып, алыстағы ағайынға атажұрт тарихы туралы мағұлмат беріп, Қазақ елінің бүгіні мен болашағы туралы насихат жүргізу, оларды тарихи отанына оралып, ұлтқа, елге қызмет етуге шақыру, оқыту мен кәсіпкерлікке маман ретінде тартуға ынталандыру, жаңадан ашылып жатқан тарих туралы сайттардың төте жазу нұсқасын жасау. Жанданып келе жатқан Дүниежүзі Қазақтары қауымдастығы сайытының жұмысын одан ары күшейте түсу.
4. Қазақ радиосы, Шалқар ұлттық арналарының таралым мүмкіндігін мемлекеттік деңгейде арттыру, Шыңжаң-3 және 8-арналар арқылы Қазақстан туралы танымдық телефильмдер көрсету бағытында жұмыс жасау, осылайша шетелдегі қандастарымыздың электронды БАҚ арқылы ақпарат алу сұранысын қанағаттандыру.
5. Дүниежүзі Қазақтарының қауымдасты, минстрліктер, өзгеде мемлекеттік мемкемелер тарапынан Қытайдағы қазақтар арасында тарихи сананы арттыру бағытындағы тағылымдық-танымдық шараларды көптеп өткізу. Әсіресе мектеп оқушылары мен жоғары оқу орындарының студенттерін жылына бірнеше рет Қазақ елінде болып, тарихи орындармен танысуына жағдай жасау, сол арқылы олардың отаншылдық сезімін аттыру. Осы арада бала жасынан қытайша оқып, санасы қытайласқан қазақ студентінің Астананы бір рет көріп, қазақ тарихымен танысып, аяқ астынан ұлтшылдық рухы оянғанын мысалға келтіруге болады, бүгінде ол қытайдағы оқуын тастап Қазақ еліне келуге шешім қабылдап, қайтадан қазақша үйренген. «Қазақ болып туғанына өкініш» білдірген бір қазақтың өз үйірін адасып тапқан әсерлі оқиғасы – біздің сабақ алуымызға бек лайық.
5. Атажұртқа келген ағайынның Қазақ елінің неше мың жылдық тарихы туралы білімін арттыру үшін Дүниежүзі Қазақтары қауымдастығы жанынан тарихи-танымдық деректерге бай, мол қоры бар кітапхана құру, оқырмандардың кедергісіз кітап оқып, қажетті мәліметтер алуына барынша жағдай жасау.
6. Қазақ еліне көшіп келген ағайынның жат елден ала алмаған тарихи білімін осы елден бүкіл отандастарымен бірге толықтауына мүмкіндік тудыру. Түрлі танымдық-патриоттық іс-шаралар өткізу.
7. Тағы бір ескеретін маңызды жайт, атажұрттағы қандастарға шетелдегі қазақтардың тарихы, қоныстану ахуалы, мәдениеті мен жетістіктері төңірегінде толық қанды ақпарат беру керек. Қытайдағы қазақтардың өз ата-бабаларымыздың жерінде тұрғанын білетіндер аз емес. Соның кесірінен көп жағдайда қытайдан келген қандастарға қарата, «сендер қиын кезде қашып кетіп, жағдай жақсарғанда қайтып оралдыңдар, арысы сатқынсыңдар»,-деген секілді сыңаржақты пікір айтылып, алауыздық туындап жатады, мұндай келеңсіз көзқарастың алдын алу үшін шетелдегі қазақтардың тағдыры мен тарихы туралы оқулықтарға енгізіп, жалпы халықтың тарихи санасын жоғары өреге көтерген абзал деп білемін.
Баяндаманың түйіні ретінде айтарым: шетелде тұрған бүкіл қазақтың тағдыры және тарихи отаны арасындағы байланысын, елге оралуы мен келгеннен кейінгі орналасу ахуалын жан-жақты зерделейтін ғылми зерттеу орталығын ашуды ұсынамын. Бұл орталық мемлекеттік мекеме ретінде, штаттық негізде Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының немесе Тарих және Этнология институтының жанынан ашылып, тарихшы- ғалымдар мен шетелдегі қандастар жайына қанық арнайы кәсіби мамандарды, зерттеушілерді жұмысқа тарту керек, осы арқылы біз көтерген көп мәселенің шешілу жолы жеңілдей түсер еді. Бізді өзгелер зерттеп, қалай пайдаланамыз деп жанталасып жатқанда, өзімізге-өзіміз қырын қарамай, бауырмалдық сезіммен қарасақ,Ұлы қазақтың мәңгілі үшін жұмылып жүйелі жұмыс жасасақ нұр үстіне нұр болар еді. Бұл ғылми зерттеу орталығы зерделеп, таразылап ұсынған ұсыныстар мен талдаулар мемлекеттің ұлттық саясатының басты бағыты ретінде қарастырылса, елдік, егемендігіміздің іргесі бекемделе түсер еді. Ұлт ретіндегі болашағымызды әрбіріміз жан ұшыра ойлансақ, нақты іс атқарсақ, ел алдындағы еңбегіміз ақталып, отан алдындағы борышымыз өтеліп, ұлт алдындағы парызымызды мүлтіксіз орындаған болар едік. Осы жолда жүрген ұлт жанашырларына іске сәт деймін!

Сален Жарқын Саленұлы,
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті,
Тарих, археология және этнология факультетінің
магистры, журналист




Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to Top ↑