banner-top12

Әдебиет 2d7014943d9455695441133ab458b9bf

Қосқан уақыты Сәуір 13, 2015 | 1  358 рет оқылды | сайтқа қосқан shalqar

0

Қазақ елі

Ақылбек

Белгілі қазақ ақыны, жазушы, драматург, көсемсөзші-журналист, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі, филология ғылымдарының кандидаты, Ахмет Байтұрсынов атындағы ҚМУ профессоры, халықаралық шығармашылық Академиясының корреспондент-мүшесі, ҚР мәдениет қайраткері, Қазақстанның құрметті журналисі Ақылбек Қожаұлы Шаяхмет 1951 жылы туған. Жітіқара қаласында қазақ мектебін бітіргеннен кейін «Шевченко» кеңшарында шопан болып жұмыс істеген жас қаламгерді Әулиекөл аудандық газетіне қызметке шақырады. Одан кейін Алматы облыстық «Жетісу», Қостанай облыстық «Қостанай таңы» газеттерінде, облыстық телекомпанияда жұмыс істеді. Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін және Москвадағы Әдебиет институтын бітірді.
Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы облыстық ұйымының төрағасы, Қазақстан жазушылар одағының Қостанай және Торғай облыстары бойынша әдеби кеңесшісі, облыстық тіл басқармасы бастығының орынбасары, ұлт саясаты жөніндегі Қостанай облыстық комитеті төрағасының орынбасары, облыстық мәдениет басқармасы бастығының орынбасары, облыстық білім департаменті директорының орынбасары, Ахмет Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университеті Қазақ және орыс филологиясы институтының директоры, журналистика факультетінің деканы болып қызмет атқарды. Қазіргі уақытта ҚМУ баспасөз орталығының жетекшісі.
Қазақтардың бірінші және үшінші дүниежүзілік құрылтайының, Қазақстан халықтарының республикалық форумының делегаты, Қазақстан халықтары Ассамблеясының мүшесі болды. Қостанай жастар ұйымының, Бүкілодақтық әуесқой шығармашылық фестивалінің лауреаты, «Ана тілі» газетінің лауреаты. «Дала қоңырауы» газетінің тұңғыш ұйымдастырушысы және редакторы болды.
Ахмет Байтұрсынов атындағы медальмен, «ҚР тәуелсіздігіне 10 жыл» және «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған. Бұқар жырауға, Бейімбет Майлинге, Нұржан Наушабайұлына арналған республикалық мүшайралардың жеңімпазы, 2007 және 2008 жылдары өткен «Астана-Бәйтерек» республикалық ұлттық конкурсының жеңімпазы. 2008 және 2009 жылдары өткен «Дарабоз» бәйгесінің жүлдегері. Жазушы «Қазақ тілінің жанашыры» құрметті белгісімен марапатталды, өмірбаяны «Лучшие люди Казахстана» энциклопедиясына енді. 2010 жылы ҚР Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған «Ақ бата» республикалық жабық жыр мүшайрасында екінші орынға ие болды. ҚР тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған «Атамекен» республикалық конкурсында прозалық шығармалар арасында өткен әдеби байқауда екінші орын алcа, «Тәуелсіздікке тарту» республикалық ашық жыр мүшайрасында ынталандыру сыйлығына ие болды. 2012 ж. жаңа пьесаларға арналған «Тәуелсіздік – тұғырым» деп аталған республикалық жабық байқауда жазушының көрнекті мемлекет қайраткері Ілияс Омаровқа арналған драмасы бірінші орынға ие болды.
Тұңғыш жинағы 1977 жылы жарық көрген. Республика баспаларынан 30 кітабы басылып шыққан. Солардың ішінде «Гүл мен бидай», «Шынар», «Күлімдейді күніміз», «Біздің бақшада», «Әдемі», «Аяз және Қыдыр», «Бағдаршам» атты кітаптары балаларға арналған. Автордың өлеңдері орыс және шет ел тілдеріне аударылған.
«Есте қалар ел тарихы», «Ел есіндегі есімдер», «Тыңда туған», «Пирамида», «Көзімді ашып-көргенім», «Жұлдызды дәуір», «Жер-бесік», «Мөлдір бұлақ» деп аталатын прозалық, өлеңдер және поэмалар жинақтары оқырмандардың ықыласына бөленді. Драматургия саласында да қалам тербеп келеді. Ақсұлу Орысбайқызына арналған «Ақсұлу» тарихи драмасы Қазақ радиосының алтын қорына қабылданды. Қостанайдағы Ілияс Омаров атындағы қазақ драма театрында оның «Таза бұлақ» және «Шоқанның шері» деп аталатын спектакльдері, Қостанай облыстық орыс драма театрында «Ыбырайдың өсиеті» драмасы қойылды. Аталған пьеса 2014 жылдың ең үздік драмасы атанып, автор «Алтын қалам» жүлдесін алды.

 

 

Қазақ елі

Адал болса қасымда жан-серігім,
Ақтармын деп ойлаймын ел сенімін,
Қаһарымнан қас дұшпан қаймығатын,
Мен, өйткені, Еділдің семсерімін.

Түспесін деп тілесем жатқа күнім,
Сескенбесем иісінен оқ-дәрінің.
Ата-баба қаны бар тамырымда,
Мен, өйткені, Қобыланды шоқпарымын.

Айыратын ұлысы, ұрысы кім,
Берекесін сақтаған ұлысының,
Қаныпезер жауының басын шапқан,
Мен, өйткені, Бейбарыс қылышымын.

Қырау қонып үстіне кірпігімнің,
Аузын талай бітесем жыртығымның,
Қарсы келген дұшпанға кезелетін
Мен, өйткені, Кене хан мылтығымын.

Ақтарсам да елімнің қай ғасырын,
Сырын білсем дұшпанның айласының,
Қастасқанды түйрейтін қақ жүректен,
Мен, өйткені, Наурызбай найзасымын.

Тарих қалса астында белесімнің,
Не дайындап тұр екен келесі күн?!
Көздегенде мүлт кетпей тигізетін,
Мен, өйткені, Махамбет жебесімін.

Ашып айтсам киесін қазағымның,
Бетіне айтсам бар мінін жазалының,
Суарылған бірде у, бірде балға,
Мен, өйткені, ақынның қаламымын.

Қазақ елі – түлікке өріс толған,
Қыдыр дарып, береке, ырыс қонған.
Асқар таулар, кең жазық, шалқар көлдер
Бабамызға ежелден қоңыс болған.

Қиқу салып ұлдары ат шаптырған,
Кесте тігіп қыздары, сырмақ сырған.
Жер атауы ерлікті әйгілеп тұр:
Орыскескен, Жауқашқан, Қалмаққырған.

Кездейсоқта бөріге талансақ та,
Қылыш – қында, жебелер – қорамсақта
Тұрғанда да қазағым айбынымен
Туған жерін қала алған аман сақтап.

Дұшпан келсе, сескеніп, шегінбеген,
Айтысқанда ешкімнен жеңілмеген,
Ұлтым менің ұйыған сүт секілді,
Сабасынан асса да төгілмеген.

Шүкір қылып, жоғалтпай қанағатын,
Көпшілікке білдірмей жаманатын,
Өліп бара жатса да, сағы сынбай,
Келешекке қалдырған аманатын.

Кейбір ұлттың бізден де бағы басым,
Өткен күнді кей кезде сағынасың.
Төкпей-шашпай қолға ұстап тұрсақ болды,
Елім менен жерімнің қазынасын.

* * *

Қуанғанда тәтті жырды жазғанмын,
Кетті бәрі жұтылып.
Қиналғанда ащы жырды жазғанмын,
Шайнап-шайнап, тастады оны түкіріп.

Күле-күле ішегім де түйілді,
Өледі адам көп күлген.
Кім түсінер менің мына күйімді?
Күлкіден де мезі болып кеттім мен.

Инеменен жарып едім жарамды,
Іші толған іріңге.
Күннің көзі қыздырғанда ғаламды,
Тұзы қалды ыдысымның түбінде.

Күн мен түндей өтіп жатқан алмасып
Бір қуаныш, бір қайғы.
Кейде аймалап, кейде жөнсіз жармасып,
Менің алтын уақытымды ұрлайды.

Ұнайды

Жел мүжіген биік тау да құлайды,
Ағаштың да бұтақтары қурайды.
Бірақ, маған, су сарқырап көктемде,
Жас шыбықтың бүр ашқаны ұнайды.

Адамдар да қайғырады, жылайды,
Тағдыр, шіркін оларды да сынайды.
Бірақ, маған жас баланың уілдеп,
Анасына талпынғаны ұнайды.

Пенде барлық тауқіметке шыдайды,
Жолыққанда амандықты сұрайды.
Дос-жаранның жиын-тойда кездесіп,
Сәлемдесіп жүргендері ұнайды.
* * *

Тіліммен күнім көріп,
Біліммен нәсіп теріп,
Тапқанды бөліп беріп,
От басын аш қылмасам,
Дымбілмес надандардың,
Қомағай сараңдардың,
Ақылы аз адамдардың
Ауызын аштырмасам,
Күшеніп, тасқандарға,
Шіреніп, асқандарға,
Намыстан бос қалғанға
Кеудемді бастырмасам,
Несіне уайым жеймін?
Құдая, тәуба деймін!

* * *

Жердегі адам көрген Айдың бір бетін,
Көре алмайды артындағы суретін.
Соның өзі санасы бар адамға
Танытпай ма Бір Алланың құдіретін?!

«Түсірші деп мейірімін Құдайдың», –
Жаратқаннан күндіз-түні сұраймын.
Фәни менен Бақи деген, шынында,
Екі беті секілді ғой бір Айдың.
Биік тауда

Белді бекем буып,
Биік тауға шықтым.
Тау үстінің суық
Екендігін ұқтым.

Асулардан өттім,
Көрген кезде қарды,
Келіп кетті тепкім
Жотасында шаңғы.

Онда ұзақ қалмай,
Таудан төмен түстім.
Тастай, бірақ, балдай
Бұлақ суын іштім.

* * *

«Сүйем!» деген асыл сөзді мың айтып,
Сүйгеніңді алып жүрме мұңайтып.
Кейбір сәтте керек емес сөзің де,
Сезіміңді қас-қабағың тұр айтып.

Талай-талай жақсылықты көз көрді,
Жаттап жүрдік тәтті, әдемі сөздерді.
Кейбір сөздің көп айтылған, алайда,
Жылдар өте мағынасы өзгерді.

Бұтақтағы жапырақтар дір еткен,
Долы желдің сесін көрген кіл өктем.
Қатты айтсаң да, айтсаң да сәл жұмсартып,
Ең жақсы сөз – шыққан сөзің жүректен.
* * *

Тыңдамай ми менен жүректі,
Бағынса нәпсі мен ақшаға,
Қалайша түреді түнекті,
Жегі құрт түспей ме бақшаға?!

Үстіне тұратын үйінің
Алтын мен күмісті жапса да,
Жүректе болмаса мейірім,
Адамды өмірде жоқ сана.

Жүрсе де қи жинап қорада,
Шалжиып мамықта жатса да,
Сәулесі болмаса санада,
Есалаң жалшы да, патша да.

* * *

Тұсауын шешіп қулықтың,
Тізгініне шындықтың
Жармасып жүрмін.
Екі жүзді аярмен,
Айыр құйрық шаянмен
Арбасып жүрмін.
Қиянатпен алысып,
Ел-жұртымның намысын
Қорғасып жүрмін.
Сырын іздеп ғаламның,
Ізіменен бабамның
Жалғасып жүрмін.
Көрсем де өмір дауылын,
Бас аман,
Бүтін бауырым.
Тәуба!
Жер басып жүрмін.
* * *

Ұқсамаймын неге мен басқаларға,
Басқаларға ұқсауға жасқанам ба.
Тосқауыл боп жолымда тосып тұрған
Тау ма, су ма, орман ба, тас па, жар ма?!

Өліп-өшіп жанады білте неге?
Жарығы жоқ шыққандай күн төбеге.
Бірдей болып сырт көзге көрінсе де,
Ұқсамайды бір төбе бір төбеге.

Кірген сөз де әртүрлі бұл құлақтан,
Ішкен су да әртүрлі мың бұлақтан.
Бірдей болып сылдыры естілсе де,
Ұқсамайды жылға да жылжып аққан.

Ұқсаса да түр-түсім өзгелерге,
Ар-ұяттан күні үшін безген елге
Ұқсамайтын ойымды айтсам деймін,
Тамағыма лықсып сөз келгенде.

Биіктерге теңесер өре қайда?
«Болам десең – ұқсап бақ» деген ойда.
Ұқсаң болды сезімді жүректегі,
Ұқсамасам ешкімге, кінә қойма!
* * *

Досың болса, сырыңды шашпай жүрсе,
Басым болса, мақтанып, таспай жүрсе,
Сол жақсы!
Ала бермей, басқаға бере білсе,
Жақсылардың ізіне ере білсе,
Сол жақсы!
Таба бермей баланы, баға білсе,
Ата-ананың баққанын бала білсе,
Сол жақсы!
Сөз келтірер ешқашан іс қылмаса,
Өсек сөзді құлаққа қыстырмаса,
Сол жақсы!
Жанындағы жолдасқа қас қылмаса,
Жамандарға кеудесін бастырмаса,
Сол жақсы!
Көңілінен көпшіліктің шыға білсе,
Қиналғанда сабырлық қыла білсе,
Сол жақсы!
Өшпейтіндей артында ізі қалса,
Айтып жүрер ел-жұрты сөзі қалса,
Сол жақсы!
* * *

Айтқан сөзі,
Күлген көзі,
Жүрген жері лас.
Арам іші,
Кеуде тұсы –
Қатып қалған тас.
Жоқты бар қып,
Ізіңді аңдып,
Не демейді қас?!
Жөн десең де,
Көнбесең де,
Өмір осы – рас!

* * *

Іші-сыртым түп-түгел тазаланса деп едім,
Сілекейін жаққанға жаза болса деп едім,
Жұға берді күл-қоқыс, біле алмадым себебін.

Жарық сәуле санамды нұрландырса деп едім,
Санадағы ой әлемді таң қалдырса деп едім,
Қараңғыға қамалдым, біле алмадым себебін.

Жаңалықтар молайып, жол ұзарса деп едім,
Мал өрісі кеңейіп, қол ұзарса деп едім,
Бөгет кетті көбейіп, біле алмадым себебін.

Еңіреген ерлердің жырын жазсам деп едім,
Ашылмаған көмбенің түбін қазсам деп едім,
Қанша қайрат қылсам да, біле алмадым себебін…
* * *

Тікен мен гүлі аралас
Бұл фәни жайлы не дейік?!
Ішкен су лай, ауа лас,
Сырқаттар кеткен көбейіп.

Адам аз жүрген ойланып,
Ұмыт боп әдет-ғұрыптар.
Дырдуға тойлар айналып,
Көбейген түнгі клубтар.

Кетіріп бітті сөз құнын
Даңғаза, даңғой әншілер.
Өзгелер түгіл, бір бірін
Танымай кетті көршілер.

Келмеске кетті деп жүрсем
Кешегі күндер ақ табан,
Көбейіп қылмыс, мен білсем,
Қазақты қазақ соттаған.

Табылар әлі мың кісі,
Құл болып жүрген араққа.
Болмаса-дағы қылмысы,
Түскендер де көп қамаққа.

Көтеріп көкке ұлығын,
Ақынға болмай баспана,
Парақор, пәле, ұрының
Мекені болған Астана.

Кеудесін тесіп шемен-құрт,
Сабаған кеше Абайды,
Ыбырай кәпір деген жұрт
Елімді иттей талайды.

Кетпейді естен дерт толған
Шоқанның келте ғұмыры.
Жасына жетпей мерт болған
Қазақтың талай құлыны.

Шешілмей жатқан түйін көп,
Жерлестер аз ба сатылған.
Сәкен мен Ілияс, Бейімбет
Қырық төрт жаста атылған.

Кеніңді біреу игеріп,
Теріңнің терсе жемісін,
Жымысқы жауға қол беріп,
Жасаған сатқын келісім.

Халықтың көбі құрама
Қонған соң қоңсы күнара,
Тілің де болды дүбара,
Дінің де болды дүбара.

Өрт болып жайпап бір жалын,
Шайқады дауыл күз бағын.
Бақ іздеп шеттен ұлдарың,
Жат елге кетті қыздарың.

Қорлығын көріп кәззаптың,
Қайғысын шегіп азаптың,
Туар деп еркін, азат күн,
Жырладым жырын қазақтың.

* * *

Тыңдаған жұрт айтқанды құп ала ма,
Ірге тозса, құлайды мұнара да.
Су түбінде бір кезде жатқан шындық
Үзіп тастап шынжырын шыға ала ма?!
Шыңыраудың түбінде жатқан шындық
Шыңға шықса, тұрақтап тұра ала ма?!
Өмір деген өткелден өтер тұста
Тұрады екен жол тосып сынағы алда.
Бал жесең де, байқап же, қаскөй болса,
Уды қосып береді, сірә, балға.
Адал ас іш, таза бол, тура сөйле,
Қоям десең тосқауыл сұм-ажалға.

Ақылбек Қожаұлы Шаяхмет
Ахмет Байтұрсынов атындағы
ҚМУ профессоры, жазушы,
филология ғылымдарының кандидаты




Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to Top ↑