banner-top12

Айтарым бар no image

Қосқан уақыты Мамыр 14, 2013 | 583 рет оқылды | сайтқа қосқан shalqar

0

ҚАЗАҚ КӨШІ ҚАЙТА ҚАНАТТАНСА ЕКЕН

 

Тағдыр тәлкегімен тарыдай шашылған халықтың басындағы тұманды арылтып тәуелсіздік таңы қайта атқанда алыста жатқан ағайынның қуанышы да ерекше болып еді. Бөркін аспанға атып, бір-бірімен жылап көрісіп: «енді біздің де иеміз – отанымыз бар!» деп сүйіншілеген болатын. Сол қуанышына қанат бітірген ҚР Президенті Н.Назарбаевтың «Алыстағы ағайындарға ақ тілек» атты әйгілі хаты жарияланып еді. Хат: «Атамекенге келемін деушілерге жол ашық, ата-баба аруағы алдарыңнан жарылқасын!», – деген ақ тілекпен басталып, ағайын көшінің ағылуына алтын бұйда болды. Онсызда делебесі қозып, дегбірі қашқан халық алды-артын бағамдауға да үлгермей тайлы-таяғымен атажұртқа ат басын бұрды. Саналы және санасыз бағыттағы көңілдің тазалығымен басталған көш көк туын ғана медеу көріп, қазақ жеріне бет түзеді.

Осылайша айдай әлемге жарқын жүзімен жария болған жаңа қазақ елі  өмірінде уақыт күттірмей шешуді қажет ететін «көші-қон» атты жаңа өрлеу пайда болған-ды. Сөйтіп ҚР Министрлер Кеңесінің «Көші-қон туралы» 1992 жылы қабылдаған қаулысы бойынша ҚР Еңбек министрлігінің жанынан Көші-қон басқармасы құрылған болатын. Аталған басқарма шама-шарқысының жетісінше алыстағы ағайынға ыстық құшақ ашты. ҚР Министрлер Кабинеті 1992 жылы қыр­күйектің 23-інде қабылдаған «Шет елдегі қазақ диаспорасының өкілдерін Қазақстан Респуб­ликасында болған кезінде әлеуметтік-экономикалық жеңілдіктермен қамтамасыз ету туралы» әйгілі №791 қаулысы алыстан арып-шаршап жеткен ағайынның осы топырақта өсіп-өніп өмір сүруіне оңтайлы жағдайлар жасады. Оралмандардың көпшілігі үй-жай және басқалай жеңілдіктерге қол жеткізді.

Әрі олардың құқықтық мәртебесі де ерекше ескеріліп, ҚР Министрлер Кеңесі 1991 жылғы 18 қарашада «Азаматтық құжаттандыру туралы» қаулысын және ҚР Жоғар­ғы Кеңесі 1992 жылғы 26 мамырда «Көші-қон туралы» заңын қабылдап көптеген жауапсыз сұрақтарға шешім тауып еді. Аталған заң «Шет елдерде тұратын қазақтар үшін тарихи отанына емін-еркін оралуға» мүмкіндік берді, әрі ҚР Консти­туция­сының ІІ бабы бойынша «республика өзінің одан тыс жерлерде жүрген азаматтарын қорғауға және оларға қамқорлық жасауға» кепілдік беретіндігін де ашық білдірді. Осыған жалғас ҚР Президентінің Жарлығымен 1996 жылы қабылданған «Шет елдегі ағайындарға қолдау көрсету туралы мем­лекеттік бағдарлама» және 1997 жылы қабылданған «2000 жылға дейінгі көші-қон саясатының негізгі бағыт­тары» туралы қуатты құжаттар жасалды.

Аталған құжаттар қазақ көшінің кедергісіз жүруіне құқықтық мүмкіндіктер берді. Алайда, 1993-1994 жылдарда Қазақстанда басталған эконо­микалық дағдарыс көші-қонның барысына да өз әсерін тигізбей қалмады. Сөйтіп дабырамен басталған көш бір мезгіл саябырсып қалып еді. Тіпті кейбір жерлерде «кері көшу» жағдайы жүз берді.

Дегенменде «үмітсіз – шайтан» дегендей бір-біріне бауырмал қазақ баласы қаңтарылуға айналған көшін қайта жалғады. 1997-1998 жылдардан бастап көші-қон мәселесіне қайта жан кіре бастады. Уақытша қабылданған «Халықтың көші-қон туралы» заңы ресми түрде бекумен бірге мемлекеттік мекеме – Көші-қон агенттігі құрылды. Қордаланып қалған мәселелер шешімін тапты. Көші-қонға бөлінетін қаржының көлемі артып, оралмандарды баспанамен қамту мәселесі де бір қадам алға жылжыды.

Осыдан кейінгі бір мезет көші-қон қызметінде тағы да түрліше толқулар пайда болды.

Өзінің тарихи міндетін орындап болған Агенттік қызметі тоқтап, ол Еңбек және Халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің көш-қон комитеті болып қайта жасақталды. Дегенмен де бұл мезгілде көші-қон қызметіндегі екінші тоқырау мезгілі көрініс берді. Шеттен оралатын ағайынның саны барынша құлдырай түсіп, көші-қон төңірегінде біраз даулы мәселелер туды.

Осындай бір аумалы-төкпелі сәтте Ел басының арнайы тапсырмасымен көші-қон қызметі тағы бір жаңа өрлеуге көтерілді. 2007 жылғы 28 тамыздағы ҚР презиндентінің №399 жарлығымен Қазақстан Республикасының 2007-2015 жылдарға арналған Көші-қон саясатының тұжырымнамасы жасалды. 2011 жылы 22 шілдеде «Халықтың көші-қоны туралы» заңы өзгертулер мен толықтырулар арқылы қайта қабылданды. Жыл сайынғы этникалық көші-қон квотасының  саны 20 мың отбасына дейін көбейіп, 2009-2011 жылдарға арналған «Нұрлы Көш» бағдарламасы алғашқы қадамда сәтті жүзеге асырылды. Дегенменде жұмысты көтереге алушы құрылыс компанияларының арзанқолды материялдар істетуіне байланысты салынған үйлерде сапасыздық жүз беріп, тағы біраз әңгімеге мұрындық болды.

Ішкі көші-қон мен сыртқы көші-қон арасындағы реттелмеген мәселелерден жалпы көші-қон жұмысында тағы да шеушсіз сұрақтар көбейді. Тіпті туындап жатқан жағдайларға байланысты алыстан оралған қандастарын кінәлаушылар да табылды. Осындай әр түрлі келеңсіздіктер себебінен көші-қон қызметіндегі үшінші реткі тоқырау құбылысы пайда болды. Соның мысалы ретінде Көші-қон комитетінің Ішкі істер құзырына берілуін атауға болар еді. Бұл жылдар қазақ көшінің елеулі оқиғасыз өткен тыныш жағдайымен ерекшеленді. Ал басты нәтиже ретінде 2012 жылғы «Халықтың көші-қон туралы» заңының жаңа баптармен толықтанғанын айтуға болады.

Мейлі қалай болғанда да біз Аллаға тәубе қыламыз. Қанша дегенменде қайшалысқан толқынды жылдарды басып өткен қазақ көшінің өзіндік жемісі де, жеңісі де болды. ҚР-ның қолданыстағы заңнамасына сәйкес оралмандар мен олардың отбасы мүшелері жеңілдіктер, өтемақылар және басқа да әлеуметтік көмек түрлерін, сондай-ақ бейімдеу және ықпалдастыруға қатысты қызмет көрсетулерден игліліктене алатын болды. Медицина, білім беру жағынан да көптеген тиімділіктер  жасалды.

Соңғы көш басталғалы жер бетінде бақандай 20 жыл өтті. Үрім-бұтағымен қосқанда миллионға жақын қандасымыз Отан құшағына оралып Республикамыздың демографиялық жыртығын жамап қана қалмастан рухани бостығын толтыруға да айрықша үлес қосты. Бар қазақ бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, әлемге әйгілі ел болдық. БҰҰ-на мүше 193 мемлекеттің ішінен тек қана төрт мемлекет репатрианттардың тарихи отанына оралуымен мемлекеттік деңгейде айналысса, Қазақстан соның бірі және бірегейі болып, Германия, Израиль жəне Ресей Федерациясымен үзеңгілес жұмыс атқарып отыр.

Енді, міне осындай жағдайда көші-қон қызметінің құлағын ұстаған құзіретті орган тағы да ауысты. Шын мәнінде бұл тəуелсіздік жылдарында халықтың көші-қоны саласындағы уəкілетті органның бесінші рет орын ауысуы. Осыған байланысты, кадрдың, соның ішінде мемлекеттік органның басшылық құрамының жиі ауысуы шешімдер қабылдаудағы сабақтастық пен бірізділік қағидаттарының жоғалуын қалыптастырғаны да өтірік емес. Сол себепті де уəкілетті органның көші-қон саясатын іске асыруға құзыры бойынша қатысатын басқа мемлекеттік органдардың қызметімен үйлеспеушілігі де үнемі орын алып отырды. Осы ретте аталған мекеме ІІМ-нен Еңбек және Халықты әлеуметтік қорғау министрлігіндегі көне жұртына қайта оралды. «Қайтқан малда қайыр бар» деп нені болса да үмітіне жақын балайтын қазақ баласы бұл ауыс-күйістен тағы да жаңа нәтиже күтіп, жанарынан үміт шоғын жылтыратып отыр. Сан рет иленген терідей иі қанатын шаққа жеткен қазақ көшінің ендігі дағдарысынан көрі алға басарлығы көп болар деген жақсы ойлар көбірек мазалайды.

Елімізде атқарылып жатқан әр түрлі оң үрдістер – «Жұмыспен қамту-2020», «Бизнестің жол картасы-2020», «Қолжетімді баспана-2020», «Дипломмен ауылға!», «Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам», «2050 жылғы 30 елдің қатарына қосылу» сынды баянды бағдарламалар мен Көші-қон қызметін тиімді байланыстырар болсақ, талай қазақтың айы аспандап, күні күлер еді.

Елбасы әуелгі күннен бастап-ақ тікелей өз қадағалауына алған – алыстағы ағыйынның отан құшағына оралуын жаңадан жасақталып жатқан Көші-қон комитеті аяқсыз қалдырмайды деп сенеміз. Әрі бастаған жұмыстарына сәтті қадам тілейміз.

Барша қазақ баласына ортақ Тәуелдсіздік тұғырымыздың одан ары бекемдей түсуі үшін қазақ көшінің қанаттануы заман талап етіп отырған отандық қажеттілік болып табылады.

 

Жәди ШӘКЕНҰЛЫ, жазушы

Қазақстан Жазушылар Одағының,

Еуразия жазушылар одағының мүшесі

 

 

 

 

 

 




Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to Top ↑