banner-top12

Айтарым бар no image

Қосқан уақыты Сәуір 3, 2014 | 562 рет оқылды | сайтқа қосқан shalqar

0

Қазақ мектебініңүздіктерін көбірек насихаттау керек

 

Телеарналардан Алматы қаласы әкімі Ахметжан Есімовтың алматылықүздік оқушыларды «Үркер» төсбелгісімен марапаттауы көрсетілді. Бұлар – түрлі халықаралық, республикалық олимпиадалар мен халықаралық жарыстардың  Алматыдағы мектеп, лицей, гимназия, мектеп-гимназиялардың жүлдегер түлектері. Телеарналардан еліміздің байрағы түсті киінген қара бас жеткіншектерді көргенде бір марқайып қалады екенсің. Артынан сұрастырып білсем, осы оқушылардың дерлік бәрі қазақ оқу орындарының түлектері екен. Қазақ оқу орындарының оқушыларының білімді, тәрбиелі болып өсіп келе жатқанына қалай қуанбассың. Бұл – осы оқу орындарыныңұстаздарыныңқажырлы еңбегі. Бұдан былай да табыс тілейміз. Ал БАҚ-тар бұларды жан-жақты насихаттауы керек.

Қазақ оқу орындарының жетістігінің нашар насихатталуынан көптеген адамдар оны біле бермейді. Сондықтан, көптеген қазақ отбасылар ескі, Кеңестік әдетпен әлі де «орыс мектептерінің білімі жоғары» деп ойлайды. Сол себепті балаларын орыс мектептеріне береді. Оны орыс мектептеріндегі балалардың жартысы, кейде тіпті, жартысынан көбі қазақ балалары екенінен көруге болады. Орыс мектебіндегі балалардың ата-аналарының көбініңөздері қазақша білмейді. Қазақ БАҚ-тарын оқымайды. Ал орыс тілді БАҚ-тар қазақ оқу орындарының жетістіктерін не мардымсыз жазады, кейде тіпті жазбайды да. Мысалы, Алматы қаласының жетістігін орыс тілінде жеткізіп тұруға тиісті «Вечерний Алматы» газеті қала әкімінің балаларды «Үркер» төсбелгісімен марапаттағанын айта келіп: «И радует, что в нашем городе стремительно растет число одаренных детей, победивших на республиканских олимпиадах, конкурсах и соревнованиях», деп қана жазды. Бұл балалардың халықаралық жарыстарда да жүлде алғандығы туралы үндемей қалды. «Республикалық жарыстарда ғана жүлдегер болды» дегенге келтірді. Балалардың көбі қазақ мектептерінікі екені туралы бір ауыз сөз жоқ. Ал, қазақтардың түймедей кемшілігін түйедей етіп көрсетуге тырысатын «Время» газеті, бұл балалардың жетістігіне бір жолын да қимады. Үнсіз қалды. Егерде қазақ мектептерінде қандай да бір кемшіліктер болып жатса, осы «Время» жерден жеті қоян тапқандай, алдымен жар салар еді. Сондықтан қазақ БАҚ-тарын көрмейтін, оқымайтын қазақтар бұндай жетістікті білмейді. Соның салдарынан ескі сарынмен кетіп жүр.

Ал, кейбір облыстағы ауылды жерлерде қазақ мектептері жоқтығынан, амалсыздан балаларын орыс мектептеріне беруге мәжбүр. Бұндай жағдай көбінесе шығыс, солтүстік, батыс облыстарында байқалады. Бұл жақтардағы кейбір ауылдарда қазақ мектебі жоқ. Айтылатын сылтау: «Бұл ауылдарда қазақтың саны аз. Қазақ сыныптарына оқушылар жетіспейді», делінеді. Егерде Кеңес кезінде бір орысы жоққазақ ауылдарына орыс мектептерін ашқанын, ол сыныптарда бала саны жетпесе, бастауыш 1-2-3-сыныпты біріктіріп бір мұғалім оқытқанын еске алуға болады. Тіпті, 1962-1963 оқу жылында  Алматыдағы  жалғыз  №12-қазақ орта мектебінде де бір сыныпқа бала саны жетпей, осы тәсілмен бастауыш сыныптарды біріктіріп бір мұғалім сабақ берген. Осы тәсілмен қазағы аз ауылдарда да қазақ мектептерін ашуға болады. Тіпті болмаса, алғашқы кезекте аралас мектеп ашу керек. Бұл мектептерде басқа ұлт өкілдері де оқыр еді. Себебі, қазіргі уақытта балаларын қазақша  оқытуға ниетті басқа ұлт өкілдерінің саны артып келеді. Тек қазақша мектептің жоқтығынан, амалсыз, орыс мектептеріне беріп жүргендері көп. Оған дәлел, орыс мектебін бітірсе де қазақша институтқа түсіп, жоғарғы оқу орындарын қазақша бітіріп жүргендер бар. Мысалы, орыс мектебін бітірсе де, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ Тіл институтыныңқазақ тілі мен әдебиет бөлімін бітіріп, қазір Солтүстік Қазақстан облысы, Ғ.Мүсірепов ауданындағы Возвышен орта мектебінде қазақ тілі мен әдебиет пәндерінен сабақ беріп жүрген Ирина Седованы айтуға болады. И.Седова газетке берген сұхбатында: «Топтағы 30 студенттің 10-ы өзге этнос өкілдері болдық… Мен сияқты қазақұлтынан емес жастардыңқазақ тілін жақсы білетінін жиі кездестіргеніме қуанамын», – дейді. («Егемен Қазақстан», №68, 09.04.2014 ж.). Демек, қазақша оқығысы келетін басқа ұлт өкілдерінің саны артып келеді. Қазір Алматыдағы қазақ балабақшасына, қазақ мектебіне барып жүрген басқа ұлт өкілдері баршылық. Егерде, қазақ санына байланыссыз, әрбір ауылда қазақ балабақша, қазақ мектептері ашылса, көптеген басқа ұлт өкілдері де осы қазақ балабақша мен мектепке балаларын берер еді. Оларға қазақ тілін жастай үйренуге мемлекет жағдай жасауы керек. Ол жағдайды барлық ауылды мекендерде қазақ балабақша мен мектеп ашу арқылы жасауға болады. Сонда олар балаларын қай балабақшаға, қай мектепке беруді таңдай алады. Тұрғылықты халыққа таңдау жасауға мүмкіндік берген абзал. Бұл мәселе қазіргі ҚР Білім және ғылым министрі Аслан Бәкенұлы Сәрінжіпов мырзаның назарынан тыс қалмауы керек. Осы кезден ойластырылып, қыркүйекте барлық ауылдарда қазақ мектептері болуы шарт.

Қазақ БАҚ-тарының бір кемшілігі, осындай жүлде алған балалардыңқазақ оқу орындарының оқушылары екенін ашып жазбайды. Әлі де жалтақпыз.

Қазақ мектептері түлектерінің жетістіктерін БАҚ-тарда жан-жақты насихаттауды пәрменді жүргізіп отырған абзал. Әсіресе халықаралық жүлдегер ұландарды насихаттау спортты насихаттаудан кем болмауы керек. Бұл балаларды орыс тілді БАҚ-тардың да насихаттауын қадағалаған дұрыс. Сонда орыс тілді қауым қазақ мектептерінің білім сапасының жоғары екенін білетін болады. Әйтпесе бұрынғыша, ескі көзқараспен жүре беретін болады. Өйтпеген жағдайда Президенттің: «ХХІ ғасырдың бірінші жартысында қазақстандықтардың 95 пайызы қазақша білуге тиіс» деген тапсырмасын орындай алмаймыз.

 

Назрахмет ҚАЛИ

зейнеткер. Алматы қаласы

 

 




Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to Top ↑