banner-top12

Замансөз prezident-na-5

Қосқан уақыты Қараша 30, 2016 | 1  085 рет оқылды | сайтқа қосқан shalqar

0

ҚАЗАҚ ТАҚҚА ОТЫРҒАН КҮН…

Уәлихан ҚАЛИЖАНОВ,

М.О.Әуезов атындағы Әдебиет

және өнер институтының директоры,

филология ғылымдарының докторы

imgpreview3

Дөңгеленген дүние шыр айналып тұр. Бірақ енді кез-келген елге барғанда аяғыңды нық басып, сол елдің шекарасынан жалтақтамай ары өтесің, бері өтесің. Өйткені, сен қазақ елінің өкі­лісің, Қазақстан азаматысың! Төбеңде желбіреген Көк Туың бар, жүрегіңнің тұ­сында бойыңды қуат­тандыратын Әнұраның бар, аты жаһанға танымал Елбасың бар. Сондықтан да баяғыдай Кеңестер Одағының «орысы» емес, қазақпын деп жалтақ­тамай, есіктегі басың төрге шыққанына мән де бермей, шалқақтай жүресің, еркін күлесің. Өйт­кені, сен тәуелсіз елдің тумасысың, егемен елдің ұланысың.

Иә, осындай заманды ата-бабала­ры­мыз ар­мандағаны қашан! «Ер етікпенен су кешті, ат ауыз­дықпен су ішті». Ер «еңку-еңку жер шалды, қо­рам­сағына қол салды, бір салғанда мол салды», осынау кең жа­зира қазақ даласында қазақ мем­лекетін құру үшін, жан алысып, жан бе­рісті. Күндіз көз ілмеді, түнде бел шешіп төсекке жатпады, сондағы Тәуелсіздік еді сенгені.

Ғасырлар тоғысып, заман алмасып жатты. Өзгермеген бір-ақ нәрсе! Ол егемен ел болам де­ген қазақтың арманы еді. «Елім-айлап» зарлады, қызыл қырғын ке­зінде 4 миллион қазақты аш­­тық жалмады. 48 мың ұлтын сүйген Алаш оғ­лан­­дары мен қыздары атылды, жер аударылды, елінен, ана тілінен айрылды. Бірақ са­надағы сәуле өшпеді. 1986 жылдың жел­тоқ­санында Алматының қақ төрінде, Алатаудың етегінде қазақтың ұл-қы­зы тағы да қызыл қанды қырғынға ұшырады. Ен­ді қа­зақ қызы күң бола алмайды, енді қазақ ұлы құл бо­ла алмайды! Қылбұрау бостандық рухын тұн­шық­тыра алмайды. Аппақ қар қып-қызыл түске боял­ды! Қа­зақтың ғасырлар бойы бұғып жатқан ар-намысы оянды. Бұл осылай келген еге­мендік еді.

Сын сағаты соқты. Осы жойқын халық қаһарынан қаймықпауға бола ма? Қолы от көсеген, еңбекпен көсегесі көгерген, халықтың өз ішінен жарып шығып, Абылай бабасының арманын арқалап, Тәуел­сіздіктің көк жебесі болып Нұрсұлтан Назарбаев тарих сахнасына шықты. Әлем назары Қазақстанға ауды. Жеке мемлекет болып көрмеген, жеке саясатын жүргізбеген кешегі Ресейдің колониясы, Кеңестер Одағының «соқыр ішегі» болған қазақ елі егемендіктің тізгінін ұстай алар ма екен деп сырттан сынап қа­рағандар да болғаны жасырын емес-ті. Бірақ дос сүйсінді, «жау» күрсінді. Қазақ ел бола алады екен! Қазақ бір Көк Тудың астына жинала алады екен. «Қазақтың бүкіл тарихы – бірігу тарихы» деп Н.Назарбаев қадап айтқандай, Егемендік, Тәуелсіздік, Ана тілі ұлтты біріктіруші күш­ке, ұлттық идеологияның рухани тірегіне айналды.

Н.Назарбаев мемлекеттіктің өркениет жолын ұсынды. Президенттік саяси институт енгізілді. Осылай қазақтың тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Ата заңға сүйеніп, халық алдында Ант берді. Тәуелсіз Қазақстанның Көк Бай­рағына тізерлеп отырып, сүйгені тарихи сәт еді. Бұл – бірінші рет өткізілген инагурация болатын. Бәрі толқыған. Осындай кезеңде Ту тұғырға берік орна­тыл­мағаны байқалды. Шайқалып қалды. Қас-қағым сәтте Президент туды тұғы­ры­на берік қа­дап, ырғап-ырғап қа­тайтып бекітті. Міне, содан бері Тәуел­сіз­дік туын шайқалтпай, берік ұстап, Көк Бай­ра­ғымыз әлемдік тулардың қа­сында қа­тар желбіреп тұр. 25 жыл ішінде Қазақ­стан әлемнің азулы мем­лекеттерінің қа­тарынан өз орнын ойып алды. Қазақстан Президентінің ұсы­ныстары жаңа әлемдік тәртіпті орнық­тырудың көзіне айналды. Осылай қазақ халқының етектегі басы төрге шықты. Н.Назарбаев жаһандық сая­саттың мін­берінен сөз алды. Дауысы Алатаудан асып, Сарыарқадан шығып, кәрі Каспийден өтіп, Алтайды айналып Біріккен Ұлт­тар Ұйымының мінберінен бір-ақ шықты. Ғасырға бергісіз жиырма жыл­дың ішінде қазақ деген ұлтты, Қа­зақстан атты мем­лекетті кәрі Европа да, мұхиттың арғы жағындағы АҚШ та, көрші Ресей мен Қытай да мойындап, стратегия­лық әріп­тестікке қол қойды.

Қазақтың шекарасы айқындалып, ол Ресей, Қытай, Өзбек елі Парламентінде тиіс­ті ратификациядан өтті, заңды құжат­қа айналды. Шекара делиматация, демаркация жасалып, ешкім қол сұға алмайтындай заңмен көмкерілді. Әлем Жаңа Қазақ мемлекетін, оның Прези­дентін осылай мойындады.

Қазақстанның жаһандық саяси дода­да шешуші дауысы бар. Әлем лидерлері Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаевтың уәлі сөзін де тосатын, кесімді пікірімен са­насатын, айғақ ойына келісетін болды. Бұл Н.Назарбаевтың ғана таққа отыруы емес, қазақтың таққа отырғаны емес пе?!

Қазақстандық даму жолы, көп қырлы сыртқы саясат, ядролық қарудан бас тарту, ұлтаралық келісім мен діни толе­рант­тылық, ШОС, ЕврАзЭС, СВМДА сияқ­ты ұйымдардың бойына қан жүгірту, ОБСЕ, ОИС, ОДКБ сынды іргелі ұйымдарға тө­рағалық ету, дәстүрлі әлем діндері ли­дерлері съезінің Қазақстан жүрегі – Астанада өтуі – Қазақстанның қысқа мер­зімде алған белесі мен толайым табысы.

Н.Назарбаев экономиканың даму үрдістерін тани білетін және ондағы Қазақстанның орнын айғақтаған саясаткер ғана емес, ғалым екендігін мойындат­ты. Нарықтық қатынастарға бейім­делген «Назарбаев моделін» жүзеге асырды. Осылай қысқа  мерзімнің ішінде Қазақстан дүниежүзіндегі қарқынды дамып келе жатқан үш елдің қатарына енді. Бұл күні кеше тоталитарлық жүйенің, экономикасы таза шикізат көзіне тәуелді мемлекет үшін экономикалық бұғауды үзіп шық­қанмен бірдей еді. Сондықтан да Елбасы: «Әуелі – экономика, сонан соң саясат», – деді. Бұл өз жемісін берді. Қазақстан әлем өркениетінің озық тә­жірибесін игерді. Оны Қазақстан жағ­дайына лайық жүйеге түсірді. Осылай Қазақстанда индустрияландыру саясатын қолға алынды. Оған инновациялық үрдіс қосылды. Мұ­ның бәрі ел экономикасын мүлдем басқа арнаға бұрды. Жаңа технологияларды алып жүретін жаңа ұрпақ, жас кадрлар қажеттігі туды. Мұны да Н.Назарбаев оң­тайлы шешті. «Болашақ» бағдарла­м­а­сымен жастар шет­елдің озық университеттерге жіберілді. Олар Қазақстанға жаңа ойлау жүйесін алып келді, жаңа технологиялар игеріле бастады. Сайып келгенде, уақыты келгенде ондай кадрларды Қазақстанда даярлау ісі қолға алынды. Назарбаев интел­лек­туальдық мектептері, «Назарбаев университеті» талантты балаларға есігін айқара ашты.

Егемендік, тәуелсіздікті нығайту үшін билік аппараттарының үйлесімді жұмыс іс­теуі ғана емес, олардың теңгермешілігін сақтау қажет болды. Сондықтан да Н.Назарбаев Қазақстандық басқару жүйесін құрды. Қазақстанда көп партия­лық қалыптасты. Н.Назарбаевтың өзі құрған, статусын заңмен бекіткен Қазақстан халқы Ассамблеясы бар.

Қазақстанда шынайы сөз бостанды­ғына қол жеткізілді. Бұл декларативті сөз бостандығы емес. Шын мәнінде солай.

Заманның көшін бастап, есесі кеткен қазақты өркениет жолына салған Н.Назарбаевтың ғасырға бергісіз жиырма бес жылда атқарған жұмыстары әлемнің саяси лидерлері тарапынан мойындалды. Оған төмендегі мысалдар куә болады ғой деп ойлаймын.

Дж.БУШ (АҚШ-тың экспрезиденті): «Ол (Н.Назарбаев – У.Қ.) болашақты болжай алады».

Маргарет ТЕТЧЕР (Англияның экспре­мьер-министрі): «Назарбаев – қалыпқа сыймайтын тұлға».

Дж.АЙТКЕН (Н.Назарбаевтың өмір­баяншысы, ағылшын жазушысы): «Өмірі… халқының тағдырымен қабысып жатқан… кейіпкер ретінде де заман жүгін көтеріп тұратын саяси қайраткерлердің өмірі қызықтырады».

В.Ф.ЯНУКОВИЧ (Украина Президенті): «Сіз (Н.Назарбаев – У.Қ.) салмақты, прог­ресшіл Қазақстан Президентісіз».

Намық Кемел ЗЕЙБЕК (Түркияның эк­смәдениет министрі, саясат­кер): «Қа­зақстан ең алғаш тәуелсіздігін алғанда біз Қазақстан үшін Түркия үлгі боларлық мемлекет болады дедік, ал 17 жыл өткен соң біз Түркия үшін Қазақстан үлгі бо­лар­лық мемлекетке айналды деп мойындауға мәжбүрміз».

Юрий СОЛОЗОБОВ, саясаткер, Ресей ұлттық стратегиялық зерттеулер институ­тының халықаралық жобалар жөніндегі директоры: «Қазақстанның сыртқы сая­саттағы беделі күннен-күнге нығайып ке­леді. Бұл Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың дана, дара саясаты мен серпінді жобалар жөніндегі бастамаларынан бастау алып отыр».

Владимир ЖИРИХИН, саясаткер, Ресейдің ТМД елдері жөніндегі институты директорының орынбасары: «Нұрсұлтан Назарбаевтың жиырма жылдық Пре­зиденттік қызметін, әлбетте, жоғары ба­­ға­лау керек. Ол Кеңестер Одағының шыты­на­­ған халық шаруашылығының қал­­ды­ғына айналған, қаңыраған Қа­зақ­станды алды. Сөйтіп, Кеңестер Одағының құлдыраған елін дербесдаму-траекто­риясына шығарды. Мұндай терең саяси және экономикалық міндетті Президент Н.Ә.Назарбаев тиімді шешті».

…Қазақстанның мемлекет ретінде қысқа мерзімде орнығып қана қоймай, әлемді аузына қаратқан Астана салуы ерліктің ерлігі.

Бүгінгі Астана қандай?! Әлем картасында ең жас Елорда болса да жаһандық саяси-экономикалық мәселелерді ше­шетін бас қалалардың біріне айналды. Елбасы, Қазақстанның тұңғыш Пре­зи­денті Н.Ә.Назарбаевтың жүрегін жарып шық­қан, түн ұйқысын төрт бөлдірген Ас­тана – қазақтың қасиетті Алтын ордасы, Елбесігі, Жерұйығы!

Қазақстан өз Тәуелсіздігінің 25 жылы ішін­де әлем мойындаған мемлекеттердің қатарына қосылды. Еліміздің тұңғыш Президенті, Елбасы Н.Ә.Назарбаев аз ғана жылдың ішінде бұрын-соңды бол­маған мемлекет құрды. Мыңдаған жылдар бойы бабаларымыз аңсаған Тәуел­сіздіктің Туын көтерді. Әлемнің 150-ден астам  елдерімен  дипломатиялық қаты­нас орнатты. Қазақстан өзге мемлекет­тердің даму жолдарын саралады, өзінің көп қырлы саясатын қалыптастырды, ұлттық сана мен ұлттық танымға үлкен өзгерістер енгізді. Ұлттық идеологияның, мемлекет­тік саясаттың басым бағыттары белгі­ленді. Қазақстанның Ата Заңына сәйкес қазақ тілі – Мемлекеттік тіл деп айғақ­талды.

Қазақстан болашағы – білім мен ғылымда. Елбасы, Қазақ­ста­н­ның тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев Астанадағы «Назарбаев университетінде» оқыған дәрісі барысында адал ең­бекпен бірге, адамның салауатты өмір сал­ты, спортпен және рухани өсуіне қа­жет­­ті нәрселердің бәрін игеруі қажеттігін атап өтті. Бұл ретте ұлы Абайдың, А.Бай­тұр­­сыновтың, М.Әуезовтің ұлағатты сөз­дерін мысалға ала отырып, «Білекті бірді жы­ғады, білімді мыңды жығады» деген ха­лық даналығын жүрекке тоқуды ұсын­д­ы.

«Білімсіз – өмір  тұл», −  деп  Н.Ә.Назар­баев  ХХІ ғасырдың жаңа ғы­лыми ой-жүйесінің  даму жолдарын сараптады. Соның ішінде университеттік ғы­лым­ның даму перспективаларына жоғары баға берді. Бұл рет­те «Назарбаев университеті» мен «Назарбаев зияткерлік мектептерінің» ролі зор. Бұл университет болашақ қазақ элитасын қалыптастыратын бірден-бір жо­ғары оқу орны болмақ.

Қазақстан − жас мемлекет. Республика халқының орта жасы да 35-ті құ­рай­ды. Демек, қазақ болашағы жастар­дың қо­лында. Олар аталары мен ба­ба­лары құр­ған мемлекеттің тізгінін берік ұстап, әлем мойындаған Қазақстанды одан әрі ас­қақтата бермек. Оған қажетті қам­қор­лық мемлекет тарапынан жасалған. Енді сөз жастарда, ендігі мәселе орнықты жастар саясатында.

Иә, Елбасы қадап айтқандай, Қазақ­стан халқы білімге, ғылымға құмар халық. Оған сауаттылық жағынан Қазақстан әлем­дік индекс бойынша 4 орында тұр­ғанын айтсақ та жеткілікті.

Н.Ә.Назарбаев армандаған болашақ Қазақстан қандай?

Ол – ана тілінде еркін сөйлейтін, орыс ті­лін игерген, ағылшын тілін білетін ұр­пақтың Қазақстаны.

− Ұлты тату, этникалық толерантты  Қа­зақстан!

− Кез-келген Қазақстан азаматы кез-келген әлем еліне барып жұмыс істей ала­тын, таласқа жарайтын ұрпақ тәрбие­ле­ген Қазақстан!

− Индустриалды-инновациясы өркен­деген Қазақстан!

− Терезесі тең, керегесі кең – өрке­ниет­ті Қазақстан!

− Ауылы мен қаласы қатар өскен – қуат­ты Қазақстан!

…Қазақстанның халықаралық және әлемдегі беделі жоғары.

Қазақстан кемел ел, ынтымағы жа­рас­қан мемлекетке айналды. Тарихта же­ке адамның  ролін ешкім  жоққа шы­ға­ра алмайды. Н.Ә.Назарбаев – уақытын безбендеп, заманын таныған, алдын болжаған ірі саясаткер.

Елдің басшысы қандай болса, халқы сондай.

Н.Ә.Назарбаев − елі еріне, ері еліне сенген ұлы тұлға!

 




Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to Top ↑