banner-top12

Таным 11a45b3d0cbe064a2c3340e68767a8e6

Қосқан уақыты Қараша 18, 2016 | 613 рет оқылды | сайтқа қосқан shalqar

0

ҚАЗАҚ ТАРИХЫ ПАРСЫ ДЕРЕКТЕРДЕ

Ислам Жеменей, ф.ғ.д.

Жылжымалы үйлері тайпасының қазақтың,

Мәшһүр болып келеді барлық мынау әлемге.

Ұлысы мен кішісінің қазақтың,

Шарықтайдай үйлері биіктерде.

Мекен еткен жеріне қарай  қалсаң қазақтың,

Жүзіп бара жатқандай көрінеді көктерде.

«Меһманнаме Бұхара»атты кітабынан

 

Тікелей Қазақ тарихына арналған жазба деректер кездесе бермесе де көңіл бөлерліктей қытай, араб, орыс, ағылшын, түркі және парсы тілдерінде табылады. Бірақта соның бәрі  жүйелі түрде жинақталып, қазақ тілінде сөйлеп, талданып ғылыми айналымға түспей келе жатқаны да өкінішті жағдай екендігі анық. Сондай жазбалардың бірі «Меһманнаме Бұхара» кітабы.  Аталған кітапты автордың өзі «Бұхара сапарнамасы» деп атаған болса да Мұхаммед хан Шейбанидің (1449-1510) бұйрығымен «Меһманнаме Бұхара» деп аталды. Кітаптың басым бөлігі Мұхаммед хан Шейбанидің билік еткен дәурінің оқиғаларын қамтығаны үшін кейінірек зерттеушілер «Мұхаммед Шейбани патшалығының тарихы» депте атап кетті.

Кітап авторының толық аты-жөні Фәзлолла ибн Рузбеһан ибн Фәзлолла Әмин Әбу әл-Хайыр ибн Әминеддин Хәнжи Ширази, маулана Исфаһани лақап есімі Әмин болып танылады. Оны Мауароннәһрде Хаже Молла немесе Хаже Маулана Исфаһани деген атаулармен де таныған. Оның туған жері иранның Фарс уалаятының Ларестан аймағына қарасты Хәнж ауылы. Кейін Исфаһан қаласында бір шама уақыт тұрған. Сол үшін сол заманның дәстүрі бойынша есіміне қосымша Ширази, Хәнжи, Исфаһани сынды лақап аттар жалғанып келген. Қысқаша айтқанда Фәзлолла ибн Рузбеһан Хәнжи деп аталады.  Ол 850-860 һижри жылдар аралығында дүниеге келіп  928 жылында қайтыс болған (1456-1466,1533 милади). Фәзлолланың әкесі Рузбеһан Исфаһан қаласында тұрған кезде әйгілі ғалымдардың қатарында зор құрметке ие болған. Ақ қойынлылар билікте болған сол кезде Қажы Бек деген біреу Исфаһанда бүлік шығарған. Бүлік басылып, тыныштық орныққан соң Ақ Қойынлы үкіметінің сұлтаны Жақып Баяндүр  астанасы Тәбриз қаласына оны алдырып, ерекше құрметке бөледі. Рузбеһан сонда аталмыш сұлтанға арнап «Сәмәрет ол-әшжар» атты өлең жинағын шығарды.

Фәзлолланың аталмыш кітапты жазуының себебі оның өмір сүрген заманының тарихи оқиғалары негіз болды. Өйткені сол дәуірде иранның саяси билігі шийт мәзһабын мемлекеттің ресми мәзһабы етіп қабылдаған  Шейх Сәфидің әулеттерінің қолында болды. Сәфи династиясы билікке келгенше иран елінің басым көпшілігі сұнни мәзһабында болған. Әсіресі Исфаһан аумағында сұнни мәзһабын қатаң ұстанған мұсылман жамағат елге әйгілі болыпты. Сәфилер билікке келгенде сұннилерді аямастан қырғынға ұшыратқан. Сол үшін Мауароннәһрде сұнни мәзһабына берік Мұхаммед Шейбани билік тізгінін өз қолына алған кезде ирандағы Сефи патшалығына қатаң саясат ұстанды.  Сөйтіп екі жақ екі түрлі мәзһабтағы екі билеуші ретінде бір-біріне қарсы қанды жорықтар, аяусыз күрестер жүргізіп жатты. Оған айғақ  иран патшасы шаһ Исмайыл қалың қолмен Хорасанға жорық жасап Мұхаммед Шейбаниды Мәрв қаласында қоршауға алды. Шейбани иран әскерінің қысымына шыдас бере алмай Мәрв қамалын паналады. Бірақ сабырға салып,уақыт өткізе алмай Исмайылдың алдауына түсіп, қамалдан шығып Мәрв қаласынан үш фәрсәх қашықтығындағы Махмұд абад ауылының маңында кескілескен шайқасқа кірісіп, соңында үлкен жеңіліске ұшырады. Өзі соңғы деміне дейін аянбай соғысып, қаза тапты. Оның мейітін шаһ Исмайылдың алдына алып барғанда ол басын денесінен бөліп тастап, басының терісін сабанбен толтырып османлы патшасы Сұлтан Баязидке жіберді. Сөйтіп шейбанидің одақтасы  османлыларға да қыр көрсетті. Ал, бас сүйегін алтынмен қаптап шарап кесесіне айналдырды. Бұл шийттердің оған қарсы асқан өшпенділігінің жаңғырығы іспеттенді.

Кітаптың авторы сұнни мәзһабта болғандықтан барлық өмірін шийттерге қарсы күресіп өткізді. Сол үшін ұдайы  Араб, Иран мен Түркістан шаһарларына сапар шегумен болды. Ең соңында өзінің «Аләмарайе Әмини» кітабында Шаһ Исмайыл Сәфәвидің үлкен атасы шийт мәзһабының иранда негізін қалаушы Шейх Сәфиді қатты сынап жазған үшін  шийттердің қысымынан сақтанып ираннан кетуге мәжбүр болды. Сондықтан    Исфаһаннан Иракқа сосын Хорасан арқылы Мауароннәһрге барып, сонда Мұхаммед Шейбани сарайында оның жақын адамдары қатарында оған қолдау көрсете жүріп, 1508 жылы «Миһманнаме Бұхара» кітабын жазуға кірісіп, бір-екі жыл шамасында аяқтады.   Автор «Миһманнаме Бұхара» кітабын Бұхара шаһарында жазуға бастағанымен Герат қаласына көшіп, жазуын сонда жалғастырып, тамәмдаған.

Фәзлолланың өмірі мен шығармасы жөнінде мәлімет беріп, еңбегін талдаған ондаған автор мен зерттеушілердің кітаптарын айтуға болады. Оның ішінде «Меһманнаме Бұхара» қолжазбасының текстологиясын жасап, автордың өмір баянын кеңінен зертеп жазған ирандық ғалым Мәноучеһр Сотуденің еңбегі айрықша мәнге ие.

Кітаптың екі қолжазбасы бар. Бірі- Станбул қаласы, «Нұр османие» кітапханасы. Екіншісі- Ташкент қаласы, «Бируни» атындағы шығыстану институтының қолжазба қорында сақтаулы тұр.

Фәзлолланың аталған кітаптан басқа  «Аләмарайе Әмини», «Солук ол-молук», «Парсы қасидасы», «Түркі қасидасы», «Шейбани нәсәбнамесі» және араб тілінде жазған «Әбтал әл-Бател» атты еңбектері бар. Соңғы кітабы дін саласындағы « Кәлам» тақырыбына арналған шығарма. Фәзллоланың еңбектерінің жалпы саны қолда бар қолжазбаларға қарағанда жиырма бірге жетеді.

Біздің сөз етіп отырған «Меһманнаме ,Бұхара» кітабы елу төрт әңгімеден тұрады. Оның ішінде отыз сегіз әңгіме тарихи тақырыпқа арналған, он үш әңгімесі фиқһ пен кәлам жайын сөз етеді, екі әңгімесінде кітап авторы жайлы айтылады , бір әңгімесі хұтпа мен алғы сөзді қамтиді. Кітапта  қазақтың атын атап жазылған оншақты тарау бар. Олар: « Қазаққа жорық жасауға түрткі болған істер жөнінде әңгіме» « Арғық қамалынан Қазақ өлкесіне бет алу жайында әңгіме», «Түркістан қалалары мен қазақ өлкесінде болған оқиғалардың мән-жайы туралы әңгіме», «Қазақ өлкесіне әзіреті халифа ар-раһманның ( Мұхаммед Шейбани ) көңіл бөлуі жайлы әңгіме», «Қазақтың наным-сенімдері мен істерінен мәлім болғанына орай оларды қыруға болған пәтуа хақында әңгіме», «Әзіеті халифа ар-раһманның үшіші рет қазаққа жорық жасау себептері жайында әңгіме», «Әзіеті халифа ар-раһманның Сығанақ маңынан Қазақ ұлысына қарай бет алуы туралы әңгіме», «Әзіеті халифа ар-раһманның Қазақ елінің дәл ортасы Қара Абдал мекенінде орда тігуі, әрі содан сұлтандарын Жаныш сұлтанның уалаятына жорық жасауға жіберуі жөнінде әңгіме», «Сұлтандардың қазақ сұлтан Жаныштың ұлысын тонауынан кейін  әскерлерінің хан ордасына оралуы жайында әңгіме», «Шығыс күнінің бейнесі Қазақ өлкесінен Сығанақ уалаятына қарай қайтуы жайлы әңгіме», «Қазақты жеңген жылында Кәлат қамалында жаулап алу туралы әңгіме» сынды тараулар. Ал, кітаптың басқа да тарауларында қазақ туралы көп әңгіме айтылады.

Бұл кітаптың қазаққа қатысты маңызын сезіну үшін бір әңгімесін оқырманға ұсынамыз. Ол « Қазаққа жорық жасауға түрткі болған істер жөнінде әңгіме» атты тарауы: Қазақ хандары әлем ханы Шыңғыс ханның әулеттерінен тараған. Бұл пақыр ол жайлы Әзіеті халифа ар-раһманның шежіренамесінде жазғанымдай әлем падишасы Шыңғыс ханның төрт ұлы болған, олардың ішінде ең үлкені Жошы ханның он үш ұлы болды. Солардың бірі Шабан баһадүр хан, оның үш баласы болған, бірі Баниял баһадүр. Баниялдың он ұлы болды, бірі Пенсу Бұға, оның бес ұлы болды, бірі Жошы Бұға. Жошы Бұғаның Бадағұл деген бір ұлы болған, оның алты ұлы болды, солардың бірі Мың Темір хан. Мың Темірдің екі ұлы болған, Полат сұлтан соның бірі. Полаттың үш ұлының бірі Ибраһим сұлтан тағы бірі Қызыр хан. Ибраһимның жалғыз ұлы Дәулет шейх сұлтан. Дәулеттің бір ұлы Әбу әл-Хайыр хан, ол әлем ханы. Алланың шапағатының арқасында оның бауырбасқан ардақты он ұлы болды. Онның бірі шаһ  Бұдағ сұлтанның Мұхаммед Шейбани хан мен Махмұд сұлтан атты ұлдары болды. Сондай-ақ Өзбек деп аталатын тайпа, олар Шыңғыс ханның әйгілі ұлысы. Олар (Өзбек) үш топқа бөленеді. Бірі- Шабанилар, Шейбани хан атадан атаға хан болған осы тектен. Екіншісі- Қазақ тайпасы, олардың күш-қуаты мен парасаты әлемге мәшһүр. Үшіншісі- Маңғыт жамағаты, олар Қажы Тархан патшалары болып танылады. Өзбек мемлекетінің шекарасы бір жағы мұқитқа, бір жағы Түркістанға, бір жағы Дәрбәндке, бір жағы Харезмге, бір жағы Әстәрабадқа дейін жетеді. Аталған территорияның бәрі Өзбектің жайлау мен қыстауы болып табылады. Үш тайпаға бөлінген Өзбек хандары ұдайы бір-бірімен ұрысып, бірі біріне шабуыл жасап отыратын, сонда бірі жеңіп шықса қолына түскен тұтқынды  сататын болған. Қарсы жақтан қолға түскен мал мен отбасы мүшелерін олжа ретінде халал деп санайтын. Бұл бәріне қалыпты жағдай болғандықтан кімде кім олжалау үрдісті жоққа шығарар болса, ол адамды олжаны қадір тұтпайтын есалаң деп санайтын. Әр бір адам өзіне тиесілі олжаны мойыдатса, оны еш бір кедергісіз нарықтағы бағамен құнын анықтай алады.

Бұл тайпалар арасында хандар аса үлкен беделге ие болған. Әр бір тайпа Шыңғыс ханның  әйгілі ұлықтарын Сұлтан деп атаған. Олардың арасынан ең ұлысын  Хан деген. Хан падишалардың патшасы, бәріне үкімі жүретін болғандықтан оның бұйрығын бұлжытпай орындау қажет болған. Жалпы алғанда қазақтардың барлығы Шыңғыс ханның ұлысы. Қазақтардың сұлтандары мен хандары Шыңғыс хан әулетінен әрі Мұхаммед Шейбанидің арғы атасы Шабанилармен туған-туысқан болып келеді. Сондай-ақ барлық сұлтандар әлем сұлтандары саналады. Осы жылы Бұхара жиналғандар әзіреті ханның(Мұхаммед Шейбани) тегіне жатады. Тегіне қатысты бөлек шежіреде реттеліп, жинақталды. Мейрам күндері аяқталған соң мәртебелі әзіреті хан кеңесу салты бойынша түркі шағатай тілінде ұлық дәрежелі сұлтандармен қазақ мемлекетіне жорық жасау жөнінде сөз сөйлеп, оларды ынтымақта болуға әрі оларға қарсы жиһад етуге бір ауыздан келісімге келулеріне қозғау салып, үгіттеді. Өйткені өткен жылы Жаныш хан әулеттері әдептен озып, Бұхара мен Самарқан уалаяттарына жорық жасап, Ислам қалаларынан құл етуге адамдарды алып кеткен еді. Олар өз араларында мұсылманды құл ретінде саудаға салуды дұрыс деп тапқан, ал, бұл пікірге олардың сұлтандары да көнген екен. Олардың бұндай іс-әрекеттерінен белгілі болғандай оларға қарсы ғазауатқа шығу халал болып табылады. Қазіргі кезде Алла тағаланың берген шексіз ілтипаты мен илаһи тағдырдың жемісі болар Әбілхайыр хан ұрпақтарының сұлтандары түгелдей Бұхараға жиналған. Сөйтіп патшалық мейір мен қайырына бөленіп, нығмет пен игіліктің қазнасынан әр кім сұлтандық мәртебесінің ерекшелігіне сәйкес сый-сияпатқа кенеліп, лайықты қонағасында Бұхарада берекелі бас қосуға жиналып тұрғанда неге  қазақ ғазауатына ат салыспасқа? Неге қазақтың үлық сұлтандарының  бірі Жаныш баласына әдептен озғаны үшін жазасын бермеске? Неге олардың салтанат шаңырағының іргесін сөкпеске? (ханның әңгімесінен кейін) Әбілхайырдың әулеттерінен болған барлық атақты сұлтандар мен мәртебелі ханзадалардың әр бірі  патшалық тағының иесі болып шығыс елдерінің қуатты бір бөлігін басқарып отырған болғандықтан сақадай-сай дайын тұрған қосынының шексіз санына, сән-салтанатына адам санасы таң қаларлытай жағдайда тұрып (Шейбани ханның) алдына бас иіп, қызмет етуге бел буып, ханның шапағатты шешіміне бәрекелді деумен қошаметтеп жатты.

Келесі күні мәртебелі әзіреті хан Мауароннәһр мен Хорасан ғалырдарын шақыртты. Солардың қатарында мен пақыр да болдым. Онда « Қазақ ғазауатына қатысқандар Ғази(соғыс ардагері) атағына лайық па? емес пе?» деген мәселесіне пәтуа жазылсын, олар пұтқа табынушылар ғой деп бұйырды. Ғалымдар қазақтың күпірлікке орай себептеріне қанық болған соң егерде қазақтардың кәпір болғандары дәлелденсе олармен соғысу кәпірмен соғысқандай сауапқа тең екендігіне пәтуа шығарды. Сөйтіп пәтуаны әзіреті ханға тапсырды.

1508 жылдың Шаввал айының жұма күнінде қазақпен шайқасуға бет алды. Барлық сұлтандарға өз өлкелеріне оралып, Түркістанда  мүбарак (ханмен) үзеңгілесін деп әмір етті. Баққа бөленген әзіреті сұлтандар «мақтаулы оралу» аталу датаға риза күйімен жан-жаққа тарап елдеріне қайтты. Олар әлемді жаулаушы (ханның) тұлпарына үзеңгілес боламын деген құлшыныспен уәде орнына тездете жетейін деп ынта арғымағына отырып шауып жөнелді.

Әлемнің  мәртебелі әзіреті ханы ізет пен бақ аттарына мініп, Шаввал айының сегізі, дүйсенбі күні таң сәріде Бұхара шаһарынан Қожа Бәһаеддин Нәқшбәндтың мазарына қарай бет алды. Аталған мазар Бұхара шаһарынан екі фәрсәх( әр фәрсәх алты шақырымға тең келеді) қашықтықта орналасқан. Ол мекеннің аты « Қәср-е арыфан» (сопылар cарайы) деп аталады. Сол күні таңғы мезгілінде күн сәулесі жомарттық көкжиегінен шыққандай кезінде олар шығыс жаққа жүріп отырды. Шығыс өлкелерін жаулаймын деген ниеті, дәутет пен бақыт бейнесінде бақ үйінен шыққандай Бұхара, Герат қалаларының ұлы ғалымдары, әмірлері мен мәртебелі ұлықтары һәм Мауароннәһр жұртының бетке ұстар адамдарымен ханның маңы сәнденген еді. Мәртебелі (хан) мәжілесіде шейх ол-ислам қожа Әбул-нәсір Парса да болды. Ол ұлы қожа (Әһрар) Парсаның әулеттерінің бірі еді. Мен пақыр Хорасан ұлыларының қатарында бір жақта отырғанбыз. Мүбарак (ханның) мәжілесі құрылғанда бұл пақыр мынадай сөз айттым: « Бүгін дүйсенбі күні. Әзіреті пайғамбардың (c.ғ.с) сапарлары көбінесі дүйсенбі күні болған. Дүйсенбі күні ғазауатқа жүру сүннетпен сәйкес келеді. Тағысы Әзіреті пайғамбар(с.ғ.с) бір жаққа әскер жөнелткен кезде «сәби, әйел мен қарияларды өлтімеңдер. Тек қана Алла Тағаланың жолында шайқасыңдар» деп бұйырды, дедім». Сосын қожа Парсаға бет бұрып: « Хорасан ғалымдары олардың пұтқа табынуы дәлелденгеніне гөре әрі құлдықты халал деп есептегеніне орай бұл ғазауат сапары деген пәтуа шығарды. Ендігі мәселе бұл ғазауат Әйін парзы ма? Немесе Кефайе парзы ма?» деген сұрақ туындайды дедім. ( Әйін парзы- жалпы парыз, әр бір мұсылманға тікелей жүктеліп өтелуі  борышты болып саналатын парыз. 494б) ( Кефайе парыз- жалқы парыз, жалпы мұсылманға парыз бола тұрса да кейбір мұсылмандардың іске асыруы арқылы мұсылманның мойнынан түсетін парыз. 495б) ) Сонда қожа Парса : « Кефайе парызы тәрізденеді, өйкені бір топтың баруымен нәтижеге қол жеткізеледі» деп бұйырды. сосын мен пақыр: « қате айттыңыз, Әйін парыз. өйткені қашанда кәпірлер Ислам елдерінің бір аймағына шабуыл жасаса, әр бір кісіге(мұсылман) ғазауатқа қатысуға уажіп болып саналады. Бұл бірігудің жолы, шариғатта «нәфир һам»(халықтың зары) делінеді. Олар (қазақтар) Бұхара уалаятына көңіл бөліп отырғандықтан жорық жасап, Ислам елінен адамдарды құлдыққа алып кететін болғаны үшін барлығына олардың елін шабуылдауға әрекет жасау парыз болады» деп жауап қайырдым. (тыңдап болған соң) Дос-жарандар үнсіз қалды. Сонда мен пақыр: «Бұл сапарда бар адамдарға әзіреті ханмен жол серік болу уәжіп. Әзіреті хан құптаса болғаны мен пақыр бұл сапарға құлшына қызмет жасаудан тайынбаймын» дедім. Мен бұданда бұрын да сарай басшысы жоғары мәртебелі Хаже Махмүдқа: « Сәті түскен жағдайда (ханға) пәленше Иракқа қарай жорыққа шыққанша хан құзырында қызметін жалғастыра береді. Өйткені Қызыл бөріктілермен жауласу, оларды қырып, жеңіске жету әлде қайда кәпір екендіктері анық Фәрәнг тайпаларымен ғазауат жасаудан гөре дұрыстау әрі өте ақылға қонымдылау болып тұр. Алайда қазақ арасында шаһадат кәлимасын құптаушы бар. Ал, Рим мен Харамин ғалымдар одақтас» дегенмін.

Мен пақырдың Қызыл бөрік тайпасы (Қызыл бөрік- шейх Сәфи әулеттері сәфилер яғни сәфәвилер иранда билік еткенде әскерлері қызыл баскиім киетін болғандықтан оларды қызыл бөрік кейде қызыл бас деп атаған. Қазақтар болса тұтастай иран жұртын «қызыл бас» деп атаған. Оны Қобыланды батыр дастанында кездестіре аламыз.) Фәрәнг кәпірлерінен (Фәрәнг немесе Әфрәнж- европалықтарға айтылады) жамандау екендігін айтып, олармен соғысу Фәрәнг кәпірлермен шайқасудан тәуірдеу деп пәтуа бергенім бар. Үйткені Фәрәнгпен ғазауат кефайе парызы, ал (шийттермен) әйін парызы. Сондай-ақ фәрәнгтермен шайқасу нағыз кәпірлермен шайқас. (шийт сәфилермен) шайқас Ислам елдеріндегі ислами негіздеріне жаңалық енгізіп, күпір айтушылармен шайқас болып табылады. Алайда қазақты жаулау реті қызыл бөріктілермем соғысудан алда тұрған  болғандықтан қазақпен ғазауаттың уәжіп екендігін бастапқы уәжіп шаруа деп өзіме де  уәжіп екендігін білдім. Сондықтан имам Заман әзіретінің туының астында раһман халифамен (Шейбани хан) үзеңгілес болуға жолға шықтым. Өзімді сәрсенбі күні әзіреті қожа мазарының жанында мүбарак ордасына жеткіздім. Алла тәуфиқ бергей» деп Фәзлолла кітаптың бұл тарауын аяқтайды.

Фәзлолла еңбегінің құндылығы автор қазақтар мен қазақ даласын көзбен көрген әрі Мұхаммед Шейбани мен Қазақтар арасында болған оқиғаларына мейлінше қанық. Сондықтан автор өз жазбаларында қазақ халқының саяси, тұрмыстық жағдайы мен кең даласын түрлі-түсті картинаға бейнелеп бергендей сезіледі. Автор Қазақ халқының тегін де туысқан халықтармен қатыстылығын да тамаша әңгімелеп береді. Онда кейінгі жылдары Өзбек, Қазақ, Маңғыт деп аталып кеткен халықтар әу-баста барлығы «Өзбек» атауға ие болғанын нақтылап жазады. Олардың түбі бір атадан болғандары үшін тарихнамаларда кейде «Өзбек-Қазақ» аталуы табиғи құбылыс екенін аңғару қиынға соқпайды. Сонымен қатар Шыңғыс хан ұрпақтары  Қыпшақ даласында түркінің мәдени-рухани кеңістігінде әбден ассимиляцияға ұшырап түркіленіп кеткенде «Өзбек» атауына ие болған сияқты. Оған айғақ аталған тарауда автор Мұхаммед Шейбанидың түркі тілінде сөз сөйлегенін жазады.

Фәзлолланың кітабының жоғарыда аудармасын жасаған тараудың мазмұнына үңілгенде автордың мақсаты Мұхеммед Шейбаниды ирандағы Сәфи әулеттері мемлекеттің ресми мәзһабын шийттік деп жариялап, әрі сол кезге дейін сұнни мәзһабта болып келген Иран елін қырқынға ұшыратып келе жатқанына қапалы болғандықтан оларға қарсы соғысу әлде қайда қазақтармен соғысудан дұрысырақ болар екенін түсіндіргісі келіп тырысып жүргенін байқай аламыз. Мұхаммед Шейбани сол кездерде Фәзлолланың идеясына дұрыс көңіл бөліп, төңірегіне байыптылау қарай білгенде өзі Сәфилермен шайқаста жеңіліп, сондай аянышты қазаға ұшырамай қалуы да мүмкін еді. Ал, ол болса қазақпен жауласып жүріп көптеген қуатын жойып алды. Дұрысы Қазақ пен Өзбектің өз-ара қақтығысуы екі жаққа  бірдей зиянға ұшыратты. Бұл жайытты тарихи шындық һәм тарихи сабақ деп қарауға болады.

Бұл кітап қазақ халқының тыныс-тіршілігін, ұлт болып қалыптауын, хандық құрып жеке-дара ел болуын тереңірек зерттеуге аса зор үлес қоса алады. Бұл жайды замандасы Мырза Хайдардың кітабымен салыстырып байқауға болады. Мәселен Меһманнаме Бұхара» кітабы 1508 жылы жазылды. Ал, «Тарих-и Рашиди» 1542-1546 жылдар аралығында жазылды. Яғни Фәзлолла кітабын қырық жылға жуық бұрынырақ жазғанын көреміз. «Екіншіден- «Меһманнаме Бұхара» еңбегінің авторы Фәзлолла ибн Рузбеһан Хәнжи қазақ даласындағы Сығанақ, Сайрам, Йәсі сынды қалалары мен қазақ халқының тұрмыс- тіршілігін, кең даласын өз көзімен көріп, көргендерін кітабында баяндап берген болса, «Тарих-и Рашиди» кітабының афторы Мырза Хайдар Дұғлат Қазақ хандығы мен салты туралы жазғандарын сенімді көрген кісі Саид ханнан естігендерін жазған. Әрине бұл жерде Фәзлолла Мұхаммед Шейбанидің жақтаушы һәм дәріптеушісі болғандықтан көп жайытта шейбани мен қазақтар арасында болған шайқастарды битарап көзбен қарап жазбағаны да ықтимал деп қарауымыз керек. Фәзлолла мен Мырза Хайдардың ұқсастықтары да бар. Мәселен екеуі де мұсылманның сұнни мәзһабын берік ұстанған, әрі  барлық  саналы ғұмырларын дін жолына жұмсаған. Сондай-ақ екеуі де парсы, түркі тілдерімен бірге Ислам қағидаттарын терең меңгерген жандар. Екеуінің де шығармалары тарихи-әдеби жанрда арнап жазылған. Бірі- Мұхаммед хан Шейбаниге, екіншісі – Саид ханның ұлына арнаған.

 




Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to Top ↑