banner-top12

Тарих tariyx-amanatyn-abyroymen-arqalaghan-azamattar-300x160

Қосқан уақыты Қазан 18, 2016 | 504 рет оқылды | сайтқа қосқан shalqar

0

Қазақ тарихының дерекнамалары

 

Ислам Жеменей     

 Ф.ғ.д. SDU профессоры          

(Зафарнама, Бабырнама және Тарих-и Рашидисынды үш жазба дерек бойынша)

Ортағасырлық парсы және түркі тілінде жазылған жазба дерек тарихнамаларда  Қазақ сөзі бірде-этникалық бірде лексикалық мағнада көрініс тапқан.

Әуелі «Қазақ» сөзі ортағасырлық парсы,түркі тіліндегі  жазба деректерде қай уақтан? Қандай мағнада қолданып келген деген? Сұрақтарға жауап іздегенде  қолда бар жазбаларға қарағанда әзірше алғаш рет қазақ сөзін тарихшы Шарафеддин Әлі Йәзди (туған жылы белгісіз- 1454 жылы қайтыс болған) 1424-1425 жылдары парсы тілінде жазған «Зафарнаме» кітабынан кездестіреміз.

Қазақ сөзі  Зафарнамада «һәзаре» сөзімен бірге қолданылған: «Сарбұға  мен Әділшаһ Қамареддинге қосылған соң Қамареддиннің бұрыннан ішінде сақталып келе жатқан кек оты одан әрі лаулай түскендіктен оны адастырып,  пасықтық іске итермеледі. Содан Қамареддин Әндіжанға жорыққа шықты. Осы оқиғадан кейін  қазақ һәзарелері  әмірзада Омар Шейхтан бас тартып, Қамареддинге қосылды.» (Зафарнаме: 329-бет) осы мәтіндегі қазақ пен һәзаре сөздерінің тіркесі қандай мағнада болған? һәзаре парсы тілінде мыңдық деген мағнаны білдіреді. Осыған орай бұл тіркестің қандай жағдайда айтылғаны ойландырады. Қамареддин мен Әмір Темір арасындағы ұрыс-керіс шамамен 1363-1375 жылдары болған. Осыған қарап қазақ сөзі сол кездері қолданыста болғанын білдіреді.

Зафарнаме кітабында  екінші рет қазақ сөзі Әмір Темір Ташкентке барып, кейін қазақ уалаятына қарай шабуыл жасағанын жазады. Ол оқиға былай баяндаған:«Ол яғни Әмір Темір Ташкентке қарай бет алды. Ол уалаятты әділет пен игілік нұрына және кешірімділік  пен  алғысқа бөледі. Ол аймақтың тұрғындары Әмір Теміржорық жасамай жатып, оның алдына келіп бас иді.  ОларӘмірді мойындаған үшін Әмір оларға сый-сияпат беріп, өзінің шапағат мейіріне бөледі. Осылайша тұрғындар әмірдің рақым шашқан назарына ілікіп, қан мен үрейден аман қалған болатын. Тағдыр үкімінің ағысы іске асып Әмір Темір былай: ‘әскерлер оларға мүлдем тиіспесін. тіпті, тұрғындарға титтайда зиян да келтірмесін. Содан әлем жұртшылығы әр кім өздерінің  жақсы не жаман істерінің жазасын тартатынын білетін болады. Мына аятқа сай: «Кім ізгі іс істесе, өзі үшін. Жамандық істесе де өзі үшін…» (41 сүре, 46 аят),-деп бұйрық берді. Саһиб қыран ол жерден өтіп, Қазақ жұтұр уалаятына жорық жасады. жеңімпаз мұжаһид әскерлері биік тауларда мекендеген адасқандардың барлығын жамандықты өртеуші семсердің жеміне айналдырды. Қазақ жұтұр елін тонады. Мал-мүлік пен олжалар қолға түсті.» (Зафарнаме- 551бет). Бұнда “қазақ жұтұр” деген тіркес бар. Бұл мәтіндегі «жұтұр» сөзінің қандай мағнаны беретінін түсіне алмадық. Сөздіктерден де таба алмадық. Сосын аталған сөз «жұрт» сөзінің өзгертіліп айтылған түрі ме деп ойладық. Өйткені автор түркі тілін білмеген әрі араб әліппесінің таңбалары тілдердің дауысты  дыбыстарын таңбалауға жеткіліксіз болып келеді. «жұтұр» сөзі «жұрт» сөзінің баламасы  болса қазақтың территориясы болған жұрт. Бұл оқиғалар 14-ші ғасыр аясында болып жатқанын ескерсек қазақ жұртының  тарихы,  әлде ерте заманда  қалыптасу процесін бастан өткізіп жатқанын байқатады. Өйткені Ел болып,  жерге қожалық ету  ұзақ уақытқа созылатын  процесс.

Автор еңбегінің тағы бір тұстасында: «Олардың аттарын олжалап, мың кісіні қос аттан тездетіп жүріп, Хожәнд өзенінен өтіп, Қазақ жолы арқылы Самарқанға бет алды.» (Зафарнаме- 975 бет). Бұл сөйлем Қазақтың өз атауымен территориясы  бар болғанын анық байқатады.

Түйіндеп айтқанда: тарихтың осындай аласапыран кезеңде жазылған  Зафарнаме кітабы негізінде Әмір Темір салтанат құрған (1370-1405) жылдарғы оқиғаларды қамтиды. Ал, кітаптың кіріспе бөлімінде түрік тайпаларының пайда болу тарихы, Шыңғыс ханның төрт ұлының  билігіның  тарихы, Орта Азия мен көршілес елдердің 14-ші ғасырдың бірінші жартысындағы саяси ахуалы және сол кездегі ру-тайпалар аймақтарды әмірліктер мен сұлтандықтарға бөлшектеп билегендері және солардың таққа таласқан талас-тартыстары сипатталады. Сондай аласапыран кезде Әмір Темір саяси сахнаға шығып түркі тайпаларын бір орталықтан басқару жүйесіне енгізіп ұлы мемлекет құрғанын айқын сездіреді.

Сонымен қатар Қазақ халқының да топтасу барысының жүріп жатқанын байқауға болады. Сондықтан  Әмір Темір  Орталық Азияда ру-тайпалық шашыраңғы биліктерді қалай бір тудың астына жинап, ұлы мемлекет құрған болса, дәл солай әр тұста шашырап жүрген қазақ топтарын кейін Керей хан мен Жәнібек хан оларды бір ту астында жинап, Қазақ хандығын құрғанының куәсі боламыз.    Әмір Темір Самарқан қаласын астана етіп, жаулап алған елдерден құрылыс, өнер мен әдебиеттің озық мамандарын жинап Самарқан қаласының көрінісін де руханиятын да көркейтіп, дамытты. Көшпенді Қазақ хандығы бұндай табысқа қол жеткізуі мүмкін болмады. Бірақ көшіп-қонып тіршілік ету оларға жаулардың тегеуренді шабуылдарынан аман қалып, өмір сүрулеріне мүмкіндік туғызып отырғандай көрінген тәрізді. Сонымен бірге қазақтың көшпенді салты ежелден мұра болып келе жатқан түркінің бай ауыз әдебиеті мен күйіне ие болу мүмкіндігін берді. Бұл өте маңызды құбылысқа «Әдебиет және өнер институтынан» жарық көрген қазақтың 100 томдық «Бабалар сөзі» және этнограф ғалым Ақселеу Сейдімбектің « Қазақтың күй өнері» атты зерттеу еңбегі дәлел бола алады.

Сондай-ақ Әмір Темір отырықшы қоғамның көсемі ретінде Сармақан шаһарын әлемнің ең көрікті қаласы етуді армандады. Екіншіден бүкіл әлемге өз билігін жүргізуді мақсат етті. Сол себептен көздеген екі мұрат-мақсатына жеткен деп тарих куәлік етеді. Оған айғақ Самарқан қаласының көркі және ғажайып ғимараттары күні бүгінге дейін әлем  жұртшылығының көз айдыны болып келеді. Жыл сайын мыңдаған саяхатшы Сармақан шаһарын, тамашалауға дүниенің түкпір-түкпірінен сонда ағылып жатады. Екінші арманына орай Әмір Темір және оның ұрпақтары жүздеген жыл Орталық Азия, Иран, Ауғаныстан, Үндістанға дейінгі кеңістікті биледі.

Зафарнамада Әмір Темірдің Жайық бойындағы Сарай мен Сарайшық қалаларын ойрандап, күл талғанын шығруын да сипаттап берген.  Зафарнамда Сарай туралы мәлімет бірнеше рет беріледі. Соныңбірі:«Батыйды Қыпшақ даласына Үгедей қағанның бұйрығы бойынша таққа отырғызып, қайта оралды. Сарай шаһарын Батый тұрғызды.»(Зафанаме-151бет). Бұнда қаланың кім салғанын жазсса, ендігісінде ойран болғанын хабарлайды.Онда:«Саһиб қыран Қажы Тархан маңына жеткенде әмірзада Пір Мұхаммед Жаһангер, әмір Жаһаншаһ, әмір Шейх Нұреддин, Темір қожа Ақбұғаны әскермен бірге Сарай жаққа жөнелтті. Өзі таңсәріде арнаулы шағын атты адамдармен Қажы Тарханға жорыққа шығып, ондағы жанды-жансыздың барлығын тонап, талан-таражға салды. Сол жердің әкімі Мұхаммедиді мұз астына жіберіп, балықтарға жем қылды. Жеңымпаз әскер мұз қатқан Еділ өзенінен өтіп, Сарайды жаулап алып, отқа өртеп, жақты. Сол төңіректің мал қорасын, дала тұрғындарын түгелдей тонап, айдап, алып келді. Сарайды ойрандау себебі олардың әскері саһиб қыран Фарс пен Иракты жаулап алумен әлек болып жүрген кезде олар Мауәраннаһрдың бос қалғанын пайдаланып, шабуыл жасап Қазан сұлтан ханның Шынжыр сарай аты әйгілі сарайын талқандаған болатын. Міне сол үшін Сарай осылайша астан-кестені шықты.) (Зафарнаме-582 бет)

Қазақ сөзін қолданған  тағы бір шығырма «Бабырнаме» кітабы. Бұл кітаптың авторы адамзат тарихында ерекше орны бар Зәһиреддин Мұхаммед Бабыр (1483-1530). Бабыр өз шығармасын түркі тілінде жазған.  аталған еңбегін көріп, естіген, оқыған тарихи оқиғаларды жылнама түрінде 1493-1529 жылдар аралығындағы тарихи оқиғаларды қамтитын кітап етіп  түркі тілінде жазған. Еңбек өте құнды болғаны үшін түркі тілінде жазылғанымен парсы һәм әлем елдерінің өзге тілдеріне аударылып келеді. Бұл кітаптың тілі жеңіл, түсінікті әрі қарапайым болуымен қатар  мазмұны маңызды тарихи оқиғаларға, философиялық –дидактикалық ойға, көркем бейнелеу сөздерге өте бай. Бабыр қарапайым сөздер мен терең ойлар арқылы түркі тілінің құдіретін көрсетіп әрі тілдің беделін асырып отырады. Сондықтан  ойы бар, жаңалығы бар құнды туындыларды әр бір халық өз тіліне аударып алуға мүдделі болатынын көрсетті. Бабыр аталған кітабында «қазақ» сөзін көп рет түрлендіріп, түрлі мағнада қолданған.Мәселен: «Екінші қызы-менің анам Құтлық Нигар ханым еді. Көбінесі қазақлықтар да әлсіреп, күйзеліске түскенде менімен бірге еді» (Бабырнаме- 13 бет). Бабырнамадағы бұл сөйлемде анасы Құтлық Нигар ханым Бабырмен қазағылықтарда бірге болғанын ескерсек Бабыр анасын қарақшылық пен барымта жасауға өзімен бірге алып жүрмесі анық. Сондықтан   қазақ+лықтың аталған мәтінде: орталық биліктен шеттеп, еркін жүрісті меңзейді. Бұл жайыт үш себепті орын алуы мүмкін: Бірі-билікке таласқанда  қарсылас өте қуатты болған жағдайда екінші жақ кең даладан панажайіздеп, саяси қуғын ретінде қазақы яғни еркін өмірге көшеді. Екіншісі- орталық билікке бағынғысы келмейтін тұлғалар мен топтар, далада аң аулап, сәтті уақытын күтіп, тіршілік ете тұрады. Үшіншісі- өзінің болмыс табиғаты қалалық тіршілікті сүймейтін жандар. Сондықтан қазағылық өмір салтын ұстанады, олар  даладағы  еркін өмірге құмартқан адамдар дей аламыз. Осыған орай «қазақ» сөзі еркін, еркіндікті сүйетін жан деген мағнада қолданылған.

Бабыр «Алашы» атауының шығу себебін де өз еңбегінде жазғанын атап кеткен жөн. ОлСұлтан Әбусаид мырза әулеттері туралы  жазғанда:«Сұлтан Маһмұд ханнан кіші баласы Сұлтан Аһмет хан еді, ол Алшы ханға мәшһүр дүр, Алшының аталуына былай делінген: Қалмақ пен моғол тілінде өлтіркішті Алашы деген. Калмақты неше қайта басып, қалың жұртын қырған үшін Алашы депті, бұл сөз көп қолданып келе Алшы болыптұр.» (Бабырнаме- 14б). Алаш атауын осы түбірге байланысты болжайтын болсақ Бабыр алғаш зерттеуші ретінде бұл атауды айналымға салып отырған ғалым.

Бабыр Қазақ хандары Әдік Сұтан мен Қасым ханды былай еске алады: «Өзгеден кіші бір қыздың үлкені Сұлтан Нигар ханым еді. Оны Сұлтан Маһмұд мырзаға ұзатқанды. Мырзадан Сұтан Уайыс атты бір ұл болған. Оның әңгімесі осы тарихта келтіріледі. Сұлтан Маһмұд мырза өлгеннен соң ұлыны алып еш кімге хабар қылмай Ташкентке ағаларына барып еді. Бір неше жылдан соң Әдік сұлтанға тиді. Әдік сұлтан Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошы нәсілі Қазақ сұлтандарының бірі болған.Нигар ханым хандарыны Шейбани хан басып Ташкент пен Шаһрохиені алғанда он, он екі моғол нөкерімен қашып Әдік сұлтанға барды. Әдік сұлтаннан екі қызы болды. Біріні Шейбан сұлтанларына және біріні Сұлтан Саид ханның ұлы Рашид сұлтанға берді. Әдік сұлтаннан соң Қазақ ұлысының ханы Қасым хан болды. Әңгімелерге қарағанда: Қазақтың хан мен сұлтандаының арасында ешкім ол ұлысты Қасым хандай берік қолға алып билеген емес. Ерікті әскері үш жүз мыңға жуық жиналған еді. Қасым хан өлген соң ханым Кашғарға Сұтан Саид ханның қасына келді.» (2- 14 бет). Бабырнаме кітабының түпнұсқалық түркі тіліндегі бұл мәтіндің сөзі мен сөйлем құрылымын қаз-қалпында беруге тырыстық. Байқасақ мәтіннің жалпы сөздері қазақшаға бейім келеді. Сондықтанөз заманында Бабыр тілі түркілерге түсінікті ортақ тіл болғанға ұқсайды. Бүгіндері Бабыр тілінен алыстап кеткен себебіміз бұрын араб жазуы қолданыста болған, ал  қазір крилиция жазуы болғандықтан оқылуы екі түрлі дыбысқа айналып, бұрынғы айтылуынан ажыратып қалған. Екіншіден Бабыр, Қазақ хандығына Қасым хан арқылы өзге хандықтардың хандары арасында өзіндік орынға ие екенін көрсетіп биік баға беріп отырғаны үшін біздің тарапымыздан ұлықтауға әбден лайық тұлға. Өйткені Бабыр патшаның Қасым ханға берген бағасы аса маңызды һәм шындықтың тарихи мәйегі, себебі – біріншіден Бабыр патша Қасым ханның замандасы, екіншіден-Бабыр адамзат тарихына теңдесы жоқ ұлы империясы жүздеген жылға жалғасып, адамзат мәдениеті мен руханиятына баға жетпес жәдігерлер қалдырдыған тұлға ретінде Қасым ханға берген бағасының айырықша екенін айтып, Қазақ хандығына мақтан көңілмен қарай аламыз.

Бабыр әкесінің әмірлерін таныстырып баға берген тағы бір тұсында қазақ сөзінің тіркесін былай қолданған: « Тағы бірі Қасымбек еді. Қаушын еді. Бұрынғы Әндіжан қосынының бектерінің бірі еді. Асанбектен соң менің жанымда билік иесі ол болған. Өмірініңақырына дейін билік пен беделі артты және өксімеді. мәрт кісі еді. Бір мәрте Касан өңірін шапқан өзбектің артынан барып оны жайпап тастаған. Омар Шейх мырза қасында қылыш сермеп жүргенді. Иасы кешіті (өткел, кешу) ұрысында да жақсы шабысты. Қазақлықтарда Мәсша тауынан Сұлтан Маһмұд ханның қасына бармақ ниетін қылғанда Қасымбектенбөлініп, Хұсрау шаһ қасына кетті». (Бабыраме- 17б). Бұл мәтінде қазақ+лық сөз тіркесі «далалық еркін өмір салты»,-деген ұғымды білдіреді. Бұл адамдар өмірден шаршап, шалдыққанда жайлауға барып дем алып, бой жазғандай жағдайды меңзейді. Екінші жағынан түркілер қаншалықты қалада тұрса да далаға, оның еркін өміріне сағыныштары жоғалмаған. Өйткені кейде қазақылық пен барымташылық балама сөздер болып көрінеді. Бірақ Бабыр патша барымтаға барып жүрген болса оның аты ұлы патша орнына ұлы барымташы атпен де  танылар еді.

«Тағы бірі Уәйіс Лағәри еді. Самарқандық Тоқшы елінен еді. Омар Шейх мырза қасында соңғы кездерде өте жақын жүрген еді. Менімен бірге қазақлықтарда жүретін. Ақыл-парасаты жақсы еді. Бір шама бүлікшіл еді. (Бабыраме- 18б). Бұл мәтінде де қазақ+лық даланың еркін өмірін меңзейді. Алқазақлықтыбарымташылыққа телісек Бабыр барымтаға шыққан болса қай жерге барымта жасап, қандай мал-мүлікті олжалағанын бір рет болса да айтар еді.

Бабыр Сұлтан Аһметтің балалары жайын жазғанда қазақлық сөзін тағыда қолданады. Онда:«Үшінші қызы Айша Сұлтан бегім еді. Бес жасында Самарқанға келгенде маған атастырған еді. Соңыра жорықтарда Хожәндға келді, онымен үйленген едім. Самарқанды екінші рет алғанда біргәне қызы болып еді, неше күн соң тәңірі рахметіне барды. Ташкент бүлігінен бұрынырақ әпкесінің азғыруымен меннен ажырасты. » (Бабырнаме- 24б). Бұл мәтінде қазақ+лық сөзі жорықтар дегенді меңзейді. Бәлкім партизандық тұтқйылдан жасалатын жорықтарды айтатын шығар.

Бабыр Сұлтан Әбусаид мырзаның балалары жайын айтқанда:«үшінші Қазақ бегім еді»(Бабырнаме -35б),-деп жазды. Бұнда Сұлтан Әбусаид Қазақ деп қызының есімін қойғанға қарап, Қазақ атауының бір киесі болған шығар дейсің.

Бабыр еңбегінің 1496 жылғы оқиғаларын баяндағанда «қазақ жігіттері» деген тіркесті қолданған: «Төлен қожа моғолды екі-үш жүз қазақ жігіттермен жорыққа аттандырдық.» (Бабырнаме – 52б). Бұл мәтіндегі «қазақ жігіттер» сөз тіркесіне зер салғанда мұнда «қазақ» сөзі -партизандық іс-қимылға шыңдалған ерікті жауынгер дегенге саяды.

Бабыр кітаптың тағы бір тұсында көреміз:«Төлен қожа атты барынның ер, бетке ұстар, қазақ жігіттерінен еді. Әкем Омар Шейх мырза жанашырлық қылып еді, қазірде жанашыр болып жүр. Мен өзім тәрбиелеп, бек қылып едім. Ғажаб ер және қазақ жігіт еді. Жанашырлыққа лайықты еді.» (Бабырнаме – 70б). Осы мәтіндегі қазақ сөзі мерттік пен ерлікке баланып, бағаланған.

Бабыр кітабының 86-шы және 88-ші  беттерінде де қазақ+лық тіркесті қолданған. Сонымен бірге моғол ұлысы туралы өз көзқарасын білдірген. Онда:«Менің анамның қасында мың бес жүз, екі мыңға жуық моғол ұлысынан бар еді. Тағы Һисардан Әмзе сұлтан, Мәһди сұлтан және Мұхаммед дұғлат. Олармен бірге де соншалық моғол келіп еді. Қашанда жамандық пен бұзақылық моғол ұлысынан болатұғын.»,-делінген. (Бабырнаме – 86 б). Осы тұста «моғол» ұлысына қатысты Бабырдың әңгімесіне қарағанда: Бабыр моғол, қазақ тағы басқа ұлыстарды бір-бірінен ажыратып оларға өз көзқарасын анық білдіріп отырған. Бұнда Бабыр өзін моғол еместігін нақталап тұрса да европалық ғалымдар Бабырдың Үндістанда құрған империясын Моғол империясы деп атағанының жөні жоқ екенін көрсетеді. Бабыр империясын моғол империясы деулерінің не қажеті болған?  Екінші мәселе парсы және түркі тарихшылар Шыңғыс хан мен оның ұрпақтарын бірақ “моғол” сөзбен жазған. Ал қазақ ғалымдары оны моғол, монғұл, моңғұл тағы басқа түрде түрлендіріп жазып жатады. Оны қалай түсіне аламыз? Тарихта бір шындық бар. Ол жаулаушы ел ұдайы жауланған жеркілікті күшті елдің құрамына еніп, ассимиляцияласына ұшырап, сол елдің болмысының бір бөшегіне айналып отырған. Европалықтар, арабтар, парсылар һәм түркілер осындай тарихи процесстерді басынан өткізіп талай рет өзге ұлыстарды өз құрамына енгізіп, бойына сіңіріп отырды. Сондай заңдылық негізінде Түмен Балтабасұлы(1884-1957): «Бұл жерден кімдер кетіп, кім қалмаған? Кара жер қаза жетсе кімді алмаған? Қызылбас, Қытай, Қыпшақ, Қырым, Қырғыз, Айладыр алтау болса, Қалмақ жетеу-Ерлерден ертедегі қалынған жер»,-деп жырлағандай  Қазақ халқы да жеті жұртты өз бойына сіңіріп келді.

Бабыр тағы бір әңгімесінде:«Сол қыстауда болғанда Құдайберді Тоқшыға мейір-шапағат көрсетіп,бек қылып едім. Ол екі-үш рет қайта барып Тәнбәлдің қарсылығын басып, бастарын кесіп алып келген. Әндіжан мен Ош өңірінде де қазақ жігіттер әииарлықпен тынбай шабуылдап жылқыларын айдап, кісілерін өлтіріп қатты әлсіреткен болатын. (Бабырнаме- 95б). Бабыр жоғарыдағы үзінділерде қазақ сөзін әииар сөзімен балама сөз етіп қолданған. Әииар сөзіне парсы түсіндірме сөздіктер былай анықтама берген: әииар \а\ шапшаң, батыр, зерек,епті, жасампаз және сиқыршы адам. 9-шы ғасырда керуен жолын кесіп, алған олжаларын халық игілігіне жаратып жүретін мәрт, жауанмәрт, жауынгер, батырларға қаратып айтқан сөз. Хорасан өлкесінді Жақып ибн Лейс Саффар есімді әииар болған. Ол 868-878 жылдары әииарлар топтарының қолдауымен  Бағдаттағы халифаға қарсы шығып Иран мен Ауғаныстан аймақтарындағы Кабул, Һерат, Керман және Фарс территорияны халифатқа бағынбайтын дербес ел деп жариялады. Сөйтіп Иранның шығыс өңірінде орналасқан Систанда Зәрәнж қаласын астана етіп,  алғаш рет халифаттан тәуілсіз саффари үкіметін құрды. Аталған Жақып ибн Лейс Саффар тарихта әииарлықпен аты шыққан.

Бабыр еңбегінде түрік халықтары Үндістан мемлекетін құрудағы үлесін де сөз қылған:«Әзіреті рәсул заманынан бұл тарихқа дейін жүз деген патшалардан үш кісі Үндістан уалаятын жаулап, салтанат қылып тұрған. Бірі-Сұлтан Маһмұд Ғази және әулеттері Үндістан мемлекетінде ұзақ уақыт салтанат құрып, патшалық тағына отырған. Екіншісі- Сұлтан Шаһабеддин ғури және қолдары мен айналасығындар көп жылдар бұл мемлекетте патшалық құрды. Үшіншісі- мен едім.» (Бабырнаме – 388б),-дейді.    Әрі қарай ол:«Бірақ менің ісім ол патшалардікіне ұқсамайтын, не үшін десек Сұлтан Маһмұд Үндістанды жаулап алды, Хорасан тағы оның билігінде еді және Харезм шекаралас сұлтандар оған бағынышты болған. Самарқан патшалығы оның қол астында еді. Ерікті әскері екі жүз мың болмаса да өзі бір жүз мыңды құрайтын еді. Әрі жаулары Ражалар еді. Бүкіл Үндістан бір патшалық еместі. Әр бір раже бір уалаятта өз басына патшалық құрған еді.» (Бабырнаме – 388б).  Бабырдың әңгімесіне мұқият зер салғанда бүгінгі бір тұтас Үндістан атты ірі мемлектін түркі патшаларының сол елге жасаған жорықтары әрі өктем саяси билігінің арқасында ражаларын біріктіріп құрған бір Ел.

Қорытып айтқанда: Шарафеддин Әлі Йәздидің «Зафарнаме»кітабында “қазақ” сөзін 1365-1370 жылдардағы оқиғаларда қолданған.Бұл 14-ші ғасыр аясында немесе әлде ерте заманда  қазақ жұртының  қалыптасу процесінің жүріп жатқанын көрсетеді. Екіншіден Батый ханның (1208-1255) Қыпшақ даласында Үгедей қағанның бұйрығы бойынша таққа отырғанын жазады. Бұндағы қыпшақ даласы ғасыр асып, түгелдей қазақ хандығы құрылған соң Қасым ханның билігіне өткенін Мұхаммед Бабыр да Мұхаммед Қайдар да өз еңбектерінде жазады. Мәселен “Тарих-и-Рашиди” еңбегінде: «Қасым хан түгелдей Қыпшақ даласын билігіне алғаны соншалық Жошы ханнан кейін ол сияқты ешкім билемеген еді.»,- делінген.Сол Қыпшақ даласы бүгін Қазақстан Республикасы болып, көк туын  желбіретіп, әлем елдер арасында өз орынын тапқан. Бұл тарихи үрдістің заңды сабақтастығы болып табылады.

1542 -1546 жылдары Кашмирде парсы тілінде Мұхаммед Қайдар Дулат тарапынан жазылған Тарих-и Рашиди кітабы өзге жазба деректерге қарағанда бірнеше артықшылыққа ие. Біріншіден: Қазақ елінің хандық саяси жүйесі 1465 жылында құрылғандығы, екіншіден: Қазақ елінің Территориясын «Қыпшақ даласы»екендігін нақтылап жазғандығы, Үшіншіден:Қазақ елінің мәдениеті мен тілінің негіздері жайын сөз еткендігі аса маңызды болып табылады. Сондай-ақМұхаммед Қайдар“Тарих-и-Рашиди” еңбегінің алты әңгімесінде қазақты арнайы сөз етеді. Біз аталған алты әңгіменіталапты оқырманға ұсынуды жөн көрдік.

 

Бірінші дәптерден 39-ӘҢГІМЕ. ЕСЕНБҰҒА ХАНҒА ӘМІРЛЕРДІҢ ҚАРСЫЛЫҚ КӨРСЕТКЕН  КҮНДЕРІНЕН

Жүніс хан кеткен соң (Мауараннәһрге) ұлыс түгелдей Есенбұға ханға бағынады. Бірнеше жыл осылай өтті. Хан жастығы мен кемелетке толмауы себепі әмірлерді қорлауға тырысатын. Тұрфандық ұйғыр тайпасынан шыққан ”Темір” атты біреуді өзінің орынбасары етіп сайлады. Оның тәрбие ісіне қатты көңіл аударды. Сондықтан өзге әмірлер оның мәртебесінің өсуін, әрі өздерінің аяқ асты қор болып жүргендеріне шыдамай, бір күні хан мәжілісінде ”Темірді” қолға түсіріп, паршалап, көзді ашып жұмғанша  жан-жаққа бытырап кетті. Хан қатты үрейленіп, өзі де/ қашып кетті./114/

Бұл хабар Қашғардағы Әмір Сейіт Әлінің құлағына жетті. Әмір Сейіт Әлі Моғолстанға барып, Ақ Қияс жерінде тауып, оны бірнеше адамымен алып келіп, Ақсуды ханға тапсырды.

Қалайда моғол әмірлерінің әрқайсысы бір қызметке ие болды. Әмір Мұхаммед Шаһ  ”Атбасыға” қоныстанады. Сол уақытта хат жазыса отырып, бір-бірімен уәделесіп келіскен соң әмір Сейіт Әлі өз немере інісін араға дәнекер етіп, Ақсудағы хан жанына барды.Содан өмірінің ақырғы күніне дейін құрметті әрі ауқатты болды.

Тағы бірі, әмір Кәрімберді – ол да дулат еді. Моғолстан шекарасында ”Ферғана” және ”Әндіжан”  бағытында ”Алабұға” аумағында бір төбенің үстінде қорған салды. Күні бүгінге дейін оның орны көрініп жатыр. (Әмір Кәрімберді) Әндіжанға және мұсылмандарға шабуыл жасап тұрған.

Әмір Хакберді Бекжек Ыстық көлдің  ”Қойсу” жерінде қорған салған. Ыстық көлдің аралында бала-шағсымен әйелін қалмақтардың шабуылынан аман сақтау үшін орналастырып, өзі Түркістан және Сайрамды ойрандауға кірісті.

”Жорас” әмірлері мен ”Барин әмірлері” Исан Тайшының баласы Амансанжы Тайшы қалмаққа кетті. Тағы басқа топ қалушы, балғашы және бірнеше тайпалар Абілхайырдың жанына Өзбекстанға кеткен еді.

Күнжі әмірлері, тағы басқалары Моғолстан даласында түгелдей дағдарысқа ұшырап, абыржып қалған болатын. Бірақ Есенбұға хан” Ақсуда табан тіреген соң, бірінші болып әмір Мұхаммед шаһ ханның алдына барды. Одан кейін қалың бұхара ханға қайта орала бастады. Хан да жасаған істерге өкініш білдіріп, халықпен жақсы қатынасқа кірісті. Сонымен, толық өз күшіне енген соң, біріншеден, Сайрам, Түркістан, Ташкентке жорық жасап, ойрандап, қайта оралды. Бұл жорық 855 (1451) жылдан бұрын жүзеге асты. Сол жерге осы дәстүр бойынша тағы бір рет шабуыл жасады.

Сол кезде Сұлтан Әбусаид мырза Мауараннаһрда патша болатын. Ол/115/ ханды қуып, тарихи кітаптарда Тараз деп жазылған”Йанкиде”  оған жетіп, соғыс басталып кетті. Моғол қашып кетті, мырза Әбусаид өз уалаятына қайта оралды.

Мырза Сұлтан Әбусаид Хорасанға барып, оны алғанда, Есенбұға хан Әндіжанға бет алды. Әндіжанды мырза Сұлтан Әбусаидтың атынан  Мырза Әлі кішік деген әмір билеп тұрған. Ол Әндіжанның қамалында тығылды.  Ханның (Есенбұға) әскерінің көптігі соншалықты үш қатар сап түзеп Әндіжанды қоршап алды. Әр жағынан жер асты үңгір қазды. Сөйтіп, сыртқы қамалды жаулап алды. Содан Мырза Әлі кішік хан сарайында қалды. Ең соңында көп сыйлықтар алып, татуласуға келді. Хан Әндіжан уалаятының тұрғындарын түгел тұтқындап қайтты. Қазіргі заманға дейін тұтқынға алынған сол елдің ұрпақтары Қашғар мен моғол жерінде тұрады.

Сұлтан Әбусаид мырза бұл хабарды естіген соң, Есенбұға ханға тойтарыс беруге дәрменсіз еді. Өйткені ол Моғолстанға барса, Есенбұға хан Моғолстан шекарасында кетіп қалар еді.  Самарқан әскерлеріне кең байтақ далада Есенбұға ханның қай түкпірге тығылып қалғанын табу қыин болар еді. Сондықтан олар амалсыз кері қайтар еді. Ал әскерлер кетісімен, Есенбұға хан да өз жұртына қайтар еді. Сөйтіп, Есенбұға ханды жазалау мүмкін болмас еді.

Екіншіден, Есенбұға ханның әскерінің көптігінен сұлтан Әбусаид әмірлері оларға қарсыласуға шамасы келмейтін еді. Сұлтан Әбусаид осы әскерімен Иракқа бет алуға мүдделі еді. Алайда ол жоғарыда айтылғандай Есенбұға ханның кедергісінен Иракқа бара алмады. Сондықтан Иракқа адам жіберіп, Жүніс ханды алдырды. Ол Иракта жүрген мүсәпір еді. Ол  Есенбұға ханның үлкен ағасы болатын. Бұл жөнінде бұрынырақ айтылған, алдағы уақытта тағы айтыла жатады.  Есенбұға ханға қарсы қоюға Жүніс ханды жіберді. Солайша екі бауыр бір-бірімен тартысып жатса, уалаяттың шекарасы тыныш табар еді. Әрі моғол әмірлері ханнан бөлініп әрқайсысы өз бетінше кетіп, қорған тұрғызған болатын. Ханға да бағынбайтын./ Хан да 116/оларға тиіспей жүрген себебі – бір күн болмаса бір күні өзіне қайта оралар деген үміті бар еді.

Сол заманда Әбілқайыр хан қыпшақ даласына түгелдей билігін жүргізіп отырған кез еді. ”Жошы” ұрпағының сұлтандары жорық жасап, Жәнібек хан мен Керей хан одан қашып, Моғолстанға кетіп қалған еді. Есенбұға хан оларды құрметтеп қарсы алып, Шу маңы мен  ”Қозыбасыны” тапсырған еді. Ол аймақ Моғолстанның батыс шегі еді. Олар бұл аймақта тыныш өмір сүрген. Әбілқайыр хан қайтыс болған соң Өзбек ұлысы бір-бірімен шайқасып, араларында көп келіспеушілік туды. Олардың көбісі Керей хан мен Жәнібек ханның жанына барған еді. Олардың саны екі жүз мыңға жететін. Олар  өзбек – қазақ деп аталды. Қазақ сұлтандарының алғашқы таққа билік еткендері 870  һижри қәмәри (1465 милади) жылы болған. ”Алла біледі”. 940 һижри қәмәри(1533 милади) жылға дейін қазақтар толықтай билік тізгінін ұстап тұрды. Өзбекстанның басым бөлігін Керей ханнан кейін Бұрындық хан басқарды. Одан соң Жәнібек ханның ұлы Қасым хан басқарып, қыпшақ даласын толық биледі. Оның әскерінің көптігі мың мыңынан астам еді.(миллион- ауд.)Артықшасы Жошы ханнан кейін сол жұртта одан ұлы хан болмаған еді. Қасым ханнан кейін оның ұлы Мәмаш хан биледі. Одан соң немере бауыры Таһир хан биледі. Таһир хан заманында қазақ күйзелді. Одан кейін бауыры ”Бойдаш” хан болды. Бірақ  ”Бойдаш хан” кезінде қазақтан жиырма мың қалған еді.

940 һижри қәмәри (1533 милади) жылы Бойдаш дүние салды. Қазақ жаппай әлсіреді. Қорытып айтқанда Есенбұға хан дәуірінен бастап  Рашид хан заманына дейін моғол мен қазақ арасында достық пен татулық болған. Бірақта  Рашид сұлтан татулық қатынасты құлатты. Бұл ахуал жайы Рашид хан шежіресінде айтылады. Иншалла.

Екінші дәптерден 1-әңгіме “Тарих-и Рашидидің” екінші кітабының басталуы, 900 (1494-1495) жылдан кейін Моғол, Өзбек және Шағатай ұлыстарының әрқайсысында болған жекелеген оқиғалар жайында.

Мен пақырдың туған мерзімі 905 һижри қәмәри (1499 милади) жыл еді. Ол дәуірдің ғұламалары  мына сөздерден ”шаһ-е шәрқ” (Шығыс патшасы) және ”нұр-е чәшм-е шаһ”  (Шаһтың көз нұры) хронограмма тапқан. [әбжәд есептеу формуласы бойынша автордың туған жылын белгілеу, былай болған. Ш-300, а-1, һ-5, ш-300, р-200,қ-100. Барлығы -906 санды құрайды. Ауд] Моғол хандарының мемлекеті өткен уақытпен салыстырғанда дами бастаған еді. Өйткені бұл заманда Моғолстан қалалары Сұлтан Жүніс ханның таққа отырған кезіне дейін қара қытайдан арылды. Оның қалада, абаттандырылған жерлерде отырықшылық өмір-салтына көшуі шамамен 889 һижри қәмәри (1484милади) жылдары болған. Моғолдарың  көпшілігі еш уақытта отырықшы болмаған, ешқашан абаттандырылған жерді көрмеді деуге болады.  мысра:

Аң-құсындай тау-тастың қалыпты жұрт ұйлығып.

 

Шаш уәлаяты мен басқа аймақтар моғолдардың билігіне өткені, сондай-ақ бүкіл Моғолстан даласы мен көрші аймақтары қалай жауланғаны ұзақ әңгіме, құдай қаласа, ол “Тарихтың” негізгі бөлігінде айтылады. Қысқасы аталған кезеңнен 908 һижри қәмәри(15002 милади) жылдың басына дейін моғолдар ұлысы кедергісіз даму жолында болған еді.

Ұзын сөздің қысқасы, менің әкем – Мұхаммед Үсейін көреген ибн Мұхаммед Хайдар көреген ибн <ұлы әмір, тақ пен семсердің иесі> әмір  Сейіт Әлі ибн әмір Сейіт Аһмет ибн әмір <айбат иесі, Мекке мен Мәдина жолдарының жолаушысы, Алланың  ілтипатымен жеңіске жеткен, Алланың көмегімен табыс тапқан> Хұдайдад ибн әмір  Болатшы еді <Алла тозақ отынан құтқарғай>. Бұл әмір Болатшы ислам дінін қабылдап, кәпірліктің қара жүзін/4/ екі дүниеде жарықпен нұрландырды.  Аятта: <Жүздерінен сәждеге тұрған белгілері көрініп тұрады>(сүре-48, аят-29)

Менің әкем кейін ұлыстардың билеушісі Тәңірден әділдігі мен мейірімінің арқасында ұлы хан болған Сұлтан Маһмұд хан ибн Сұлтан Жүніс хан ибн Уәйіс хан ибн Шерәлі Оғлан ибн Мұхаммед хан ибн Қызыр Қожа хан ибн Тоғылық Темір хан кәпірліктің қараңғы түнін шығыс елдерінде исламның таң арайының сәулесінмен нұрландырды. “Тарихтың” негізгі бөлігі осы тура жолға түскен бақытты ханның билік жүргізу ерекшеліктері жайындағы әңгімелерден тұрады < Алланың нұры қабіріне жаусын!>.

Сұлтан Маһмұд хан әкеме <оның қолдау көлеңкесі жойылмағай> әр түрлі  ерекше ілтипат білдіріп, мейіріне бөледі. Бұл жөнінде тарихтың негізгі тарауында баяндалады < Құдай қаласа>. Бұл ілтипатын ол – ханның күйеу баласы шапанын кигізу құрметіне дейін жеткізді, хан өзінен бір жас үлкен әпкесі Хуб Нигар ханымды менің әкеме ұзатты. Олардың некесі шамамен 899 һижри қәмәри  (1494 милади) жылы Шаш шаһарында қиылды. Некелері қиылған соң ол Оштырөшіне бүгінде Өретөбе деген атпен белгілі,  аймағын оған беруге жарлық етті, сол аймақтың айналасының бәрі де сенің билігіңде деп, аттануға рұқсат етті. Бұл уәлаятты тоғыз жыл бойы биледі. Осы аралықта көп оқиғалар болды. Әкемнің билік жүргізе бастағанына алты жыл өткенде дүниеге мына мен пақыр келіппін.Егер осы болған оқиғалар айтылмаса, мұның өзі парасат иелерінің көзінен таса қалмас еді.  Егер де қысқаша сол дәуірдің хан, сұлтандарының ахуалы туралы, олардың қайсысы қай жерде болғаны жайында жазылмағада, бұл оқиғалар оқырмандарға беймәлім күйде қалмақ.

Қысқасын айтқанда, әлгі кезеңде астанасы Әндіжан болған Ферғана уәлаяты Мырза Омар Шейх көреген ибн Сұлтан Әбу Сейіт көреген қайтыс болғаннан кейін Мырза Омар Шейхтың екі ұлы ЗәҺиреддин Мұхаммед Бабыр патша ғази мен Мырза/5/ Жаһангерге мұра болып калды. Мырза Жаһангер жас болса да әмірлердің көтерілісіне қатысты, олардың араларында қашанда соғыс пен ұрыс болып жататын. Сондықтан жеңіс пен жеңіліс алмакезек кеп тұратын-ды. Бұл оқиғалардың кейбірі осында қысқаша жазылады.

Самарқан және Бұхара уәлаяты үшін Сұлтан Маһмұд көреген  ибн сұлтан Әбусаид көрегеннің ұлдары Байсұңқар мырза мен Сұлтан Әлі мырза және  Жошы тағына онан үлкендеу болмаған, Шаһибек хан ибн Шаһ Будағ сұлтан ибн Әбілқайыр хан. Аталған  үш кісі арасында сансыз тартыстар болатын, олар жөнінде бұл оқиғалар соңында баяндалады.

Хорасанда Сұлтан Үсейін мырза өте мықты да салтанатты түрде тақта отырған еді. Кейде ата мен бабалар арасында үрей шаңы көтеріле бастағанда мырзаның әлемді сәндейтін парасаты немесе зұлымдықты жоя алатын қылышының сәулесімен басатұғын.

Иракта Сұлтан Жақып ибн Ұзын Асан өлгеннен кейін ханзадалар жас болғындықтан мемлекет істері ақсай бастады. Дәл сол заманда қаһар мен ызаның көзі һәм әлемнің уы іспеттес болып көрінетін Шаһ Исмайыл сол сұлтанның әулетін тас-талқан етті. Мемлекет істері, елдің діні және үкіметінің билік тіректері әбден дағдарысқа ұшырады.

Қыпшақ даласында және Жошы хан ұлысына Бұрындық хан билік ететін. Жошы текті барлық сұлтандар оның бұйрығына бас иетін. Олардың халқының саны жанбыр тамшыларының  көптігімен теңесетін  еді. Олар мен моғолдар арасында болған оқиғалар жазылады.

Ташкент деп танымал Шашта Сұлтан Маһмұд хан болған. Осы Сұлтан Маһмұд ханның әкесі Жүніс хан жайында қысқаша жазылмаған жағдайда /6/  әңгіме өз ретімен баяндалмайды, себебі көптеген хикаяларда әңгіме соған қатысты болады. Қысқасы былай болған.

 

Екінші дәптерден20 – әңгіме. ШАҺИБЕК ХАННЫҢ ҚАЗАҚТАРҒА ШАБУЫЛЫ ЖӘНЕ ОНЫҢ ІСІНІҢ КҮЙРЕУІ

Шаһибек хан хандар және менің әкемнің өмір кесесін шейіттік шәрбатымен толтырып оларға ішкізіп, /135/тіпті қағып салдыртуға мәжбүр етті. Мысра:

Біреуге шәрбат ішкізсең, өзің де ішесің.

Оның да ғұмыр кесесі лық толып басындағы бағы тайған-тын. һәм дәулет кесесі де төңкерілген еді. Сөйтіп әлгі кісілерге берген сол шараптың сарқытын өзі де қағып салды.

Жанарымның жарқылы, бір сөзім бар тыңдағын,

Шәрбат толы кесеңді көтере сал тұр-дағы!

Тоқ етерін айтқанда, ол Шаһибек хан хандар мен менің әкемнен құтылған соң, қолын әр тарапқа жұмсап, жазалағыш жебесін барлық жаққа жаудырумен болды, ойына не келсе, соны істеді.

915 һижри қәмәри (1509 ж. қарашасы  – 1510 ж. Ақпаны милади) жылдың қысында қазақтарға шабуыл жасады. Сол кезеңде қазақтардың ханы Бұрындық хан еді. Бірақ шын мәнінде хандық билік және үстемдік Қасым хан да болатын. Шаһибек ханның қолында үлкен күш бола тұра оған қарсы тұра алмайтын еді. Шаһибек ханның әскері сол заманда екі жүз мыңнан асатын. Қыс түскенде оның барлық әскері жем-шөпке байланысты әр жерде қыстап шығатын. Қақаған қыста Шаһибек хан жортуылдағы бөріше жорыққа шығып, бірде жортып, бірде қайтып оралып отырды. Ондағы ойы дұшпанды уәлаяттың маңайына жақын келтірмеу болатын. Ең соңғы жорыққа, жоғарыда айтылған жылда шықты, әскерінің көліктері әбден титықтап қалжыраған еді. Өзі Көк Кесене маңында қалып, тың, күш-қуаты бар бір топ әскерді бөліп, алға жіберді. Оларға бірнеше кісі кезігіп, оларды  олжалап, тұтқынға алды.

Шаһибек ханның әскерлері бір күнді аттарын жайып жүруге белгілеген еді. Кенет  Қасым ханның жақын маңда тұрған хабарын естіп, қатты үрейленді. Қасым ханның әмірлерінің бірі – Бойынн Пір Асан Шайбанның шабуыл жасағанын есітіп, өз әскерімен сол топқа қарсы қозғалып, Қасым хан келді деген қауесет таратты да, оларға алыстан өз әскерінің қарасын көрсетіп отырды. Шаһибек ханның әскерлері, /136/ сірә Қасым ханның өзі келген екен деп ойлап, алған олжаларының бәрін тастап, күйзелген күйде Шаһибек ханға жетіп, Қасым ханның келгені жайында хабар жеткізді. Шаһибек хан ести сала, басқа хабар алуға әрекет етпей, дереу аттаныс дабылын қақты. Әскердің бас-аяғын түгендеместен, жиналмағаны жиналып, қалғаны қалып, быт-шыт болып, қыстың аяғында Самарқанға жетеді. Өзі Хорасанға өтіп, сонда көктемді өткізді.

Ал маусым айының басында 916 һижри қәмәри (1510 милади жылы) Һәзареге  жорық жасады. Оларды Һәзаре тауларынан қанша іздесе де, ізін де таппады, өйткені Һәзарелер әр жерге тығылып қалғандықтан табу мүмкін болмады. Қайтар жолда шатқалды жиектей жүріп отыруға тура келді, себебі етегінде Тілман өзені ағып жатты. Шатқалға түсетін жол аз әрі өте тар болатын. Осыншама әскерге бір немесе екі сүрлеу жолмен түсіп, су алып шығу өте ауыр болды. Осылайша олар бірнеше күн жүрді, судың жетіспеуінен әлсіреді. Шөлден көп ат өлді. Осылай бұл қосын әбден күйреп, күйзеліп ақыры Хорасанға жетті. Қыс мезгілі таяп қалғандықтан әрі әскері екі рет ауыртпалықты бастан өткізгендіктен әскерге Түркістан аймағынан Ирак пен  Керман маңына дейінгі атрапта әркім өз мекенініе, өз шаңырағына тарап кетулеріне рұқсат етілді.

Сол уақытта шаһ Исмайылдың Хорасанға шабуылға шыққандығы туралы хабар жетті. Әскері жан-жаққа бытырап кеткен соң, енді Шаһибек хан Гератта қалуды дұрыс деп санамады. Әскерін жинау үшін әр тарапқа жаушы жіберді. Сұлтандар мен әмірлер Мервте жиналсын деп бұйрық берді де өзі сонда балды. Ол Мервке ат басын тірегенде ізінше шаһ Исмайыл да келіп жетті, ол жайында алда баяндалады.

 

 

 

Екінші дәптерден33 – әңгіме. ҚАЗАҚТАР  ЖӘНЕ ҚАЗАҚ СҰЛТАНДАРЫНЫҢ ТІРШІЛІК ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ ТУРАЛЫ; БҰЛ АТАУДЫҢ ОЛАРҒА БЕРІЛУ СЕБЕБІ ХАҚЫНДА ЖӘНЕ ОЛАРДЫҢ ІСТЕРІНІҢ САЛДАРЫ

Әбілқайыр хан Қыпшақ даласында түгелдей билігін орнатқан кезде Жошы әулетінен шыққан кейбір тіміскішіл сұлтандар одан келер бір пәленің исін сезіп қалып, оны орнынан тайдырмақ болды. /184/ Керей хан, Жәнібек сұлтан сияқты кейбір сұлтандар мен басқалар аз ғана топпен Әбілқайыр ханнан қашып, Моғолстанға келді. сол уақытта Моғолстан хандығын билеу кезегі Есенбұға ханға жеткен еді. Есенбұға хан оларды қатты құрметтеп, оларға Моғолстанның бір шетін бөліп берді. Олар осы жерден қауіпсіз жайлы қоныс тапты. Сөйтіп тыныш өмір сүріп жатты.

Әбілқайыр хан дүние салғаннан кейін өзбектердің ұлысында алауыздық пайда болды. Әркім мүмкіндіктеріне қарай қауіпсіз һәм дұрыс өмір сүру үшін Керей хан мен Жәнібек ханды паналады, олар осылай күшін нығайтты. Басында өстіп елден қашып, олардан бөлініп жырылып қалып, біраз уақыт тарығып әрі сергелдеңде болғандықтан оларды “қазақ” деп атады. Бұл лақап ат оларға осылай таңылды.

Керей хан қайтыс болғаннан кейін хандық таққа оның ұлы Бұрындық хан отырды. Жоғарыда аталған Қасым хан Жәнібек ханның баласы болатын әрі әкесі сияқты барлық іс жағынан Бұрындық ханды тыңдап, соған бағынатын еді. Керей ханның Бұрындық ханнан басқа да көптеген ұлдары болған. Жәнібек ханның да Қасым ханнан басқа балалары болған. Соның бірі Әдік сұлтан еді. Жүніс ханның төртінші қызы Сұлтан Нигар ханымды Мырза Сұлтан Маһмұд ибн Сұлтан Әбусаид мырза қайтыс болған соң, Әдік сұлтанға берді. Ташкент ойрандалған кезде Әдік сұлтан Шаһибек ханнан қашып шығып, қазақтарға кетті. Сұлтан Нигар ханым да оның соңынан ілесті. Әдік сұлтан сол күндері дүние салды. Содан Сұлтан Нигар ханымды Қасым хан некелеп алды. Әдік сұлтаннан кейін Қасым хан билікке қол жеткізді. Сөйтіп Бұрындық ханға хандықтың атынан басқа ештеме қалған жоқ. Ең ақырында  Бұрындық ханды қуып жіберді. Сонымен Бұрындық Самарқанға кетіп, жат өлкеде /185/ өлді.

Алайда Қасым хан Қыпшақ даласын түгелдей өзіне қаратып алғаны соншалықты Жошы ханнан кейін ешкім де ол сияқты мұндай билікке қол жеткізген емес. Мысалы әскерінің саны маң-мыңнан (миллион) асатын еді. Ақырында 924 һижри қәмәри (1518 милади) жылы қайтыс болды. Қазақ сұлтандарының арасында тартыс басталды. Қасым ханнан кейін  оның ұлы Мамаш хан хандық таққа отырды. Ол шайқастардың бірінде тұншықпадан өлді. Одан кейін Әдік сұлтанның ұлы Таһир хан таққа отырды. Ол қатігез адам болатын, қаталдығы өз шегінен шыққан соң елінің саны төрт жүз мың бола тұра одан бірден безіп бытырап кетті. Оның қарабасы қырғыздардың арасында жалғыз қалды, мүшкіл жағдайда қаза тапты.

Отыз мыңға жуық адам тағы да Моғолстанға жиналды. Таһир ханның бауыры Бойлаш хан (кейбір нұсқаларда Төлеш хан, Бөлеш хан депте жазылған.ауд) таққа отырды. Ең ақырында сәтсіз тағдырдың қырсығынан соншама халықтан міне бүгін төртінші жыл болып барады, ешбір жерде із де қалмапты. Отызыншы жылдары 930 һижри қәмәри (1524 милади  жылы)  қазақ саны мың-мың (миллион) болатын. Қырық төртінші жылы 944 һижри қәмәри (1537 милади) сонша халықтан бұл жерде еш белгі қалмаған. Олар жөніндегі кейбір оқиғалар ханға қатысты әңгімемізде келтіріледі. Ал қазақтың қысқаша ахуалы баяндап өткендей болды.

Қасым хан хандық атағының жарлығын өзіне алмай-ақ жатқан кезде оның үстемдігінің күштілігі соншалықты жоғары болғандықтан, Бұрындық ханды ешкім ауызға да алмайтын. Алайда Қасым хан Бұрындық ханның жанында болуды қаламайтын. Өйткені оның жанында болатын болса, оны құрмет тұтуға тура келі. Егер де құрмет көрсетпеген жағдайда сынға ілінетін еді. Ал құрмет тұтқан жағдайда өзі іштей оған бағынғанғанын мүлдем ұнатпайтын. Сондықтан Қасым хан одан іргесін аулақ ұстайтын. Бұрындық хан Сарайшыққа қоныс тепті. Қасым хан одан мүмкіндігінше қашық жүрейін деп Моғолстан шекарасына кетіп қалды.

Қасым хан Қараталда қыстап, ерте көктемде өзінің туған өлкесіне қайта оралмақ болған еді. Сонда бұған Кетебектен бір кісі/186/ Сайрамәкімімен бірге келіп, Сайрамның кілтін оған алып барып, оған  тарту етті. Қасым хан оны қабыл алып содан моғолдар Йәнгидеп атап жүрген Тараз жаққа бет алды. Өзінен бұрын ол әмірлерінің бірін жіберді. Кетебек оған Сайрамды тапсырды және өзі оның қызметіне кірді. Әрі Ташкентті алуды үгіттеді. Қасым хан қалың қолмен Ташкентке бат алды. Сүйіншік хан Ташкент қамалына тығылды. Қасым хан сонда барды. Ташкент қамалында бір түн түнеп, қайтты. Ташкент маңына шабуыл жасап, тапқанын тонап кетті. Сайрам айналасындағы жайлауға малын жайды. Оған қатысты басқа жағдайлар ретіне қарай айтылады.

 

Екінші дәптерден 34 – әңгіме. СҮЙІНШІК ХАННЫҢ ШАЙҚАСЫНАН КЕЙІНГІ БОЛҒАН ОҚИҒАЛАР. СҰЛТАН САИД ХАННЫҢ ҚАСЫМ ХАНҒА, ҚАЗАҚТАРҒА БАРУЫ

918 һижри қәмәри (1512 милади) жылдың көктемі шығысымен, Шейбан өзбектері, яғни Шаһибек ханның қол астындағы өзбектер Мауараннәһрде билік құрды. Олардың алдында  адамдардың жүрегіне қорқыныш ұялады.

Саид хан қыс мезгілін амалдап өткізген-ді. Көктемде енді не істеу керек, алда қандай амал қолдану қажеттігін ойластырып жатқан кезде Қасым ханның шабуылға шыққаны туралы күтпеген хабар жетті. Ол шабуылға шыққанға дейін Саид хан Ташкентке қарайтын аты мәшһүр Аһәнгәранға жорық жасады. Мен ол жорықта ханның жанында бірге болдым.  Таң атысымен шабуылшылар Аһәнгәран еліне жеткенде олар мал-мүлік, әйел, бала-шағасын тоғайдың ішіне жасырып тастаған еді. Тоғайдың бір жағынан үлкен өзен ағып жатса, ал екінші жағы терең жар болатын. Оған баратын тек жалғыз жол бар-тын. Шабуылшыларды олар жақындатпай қойды. Ол жөніндегі хабарды Саид ханға жеткізді. Хан мені Қожа Әлі баһадүрге тапсырды, қауіпті жерден аулақ болу үшін менің тізгініме ие болсын деп. Өйткені мен әлі жаман мен жақсыны айыра алатын, өзімді қауіп-қатерден аман сақтап қалатын жаста емес едім. Шабуылдаушылар оларға жақындағанда жаяу мергендердің бір үлкен тобы /187/ түкпір-түкпірден садақтарын көтеріп алып, жанкешті шайқасқа кірісуге оңды-солды тізілді. Біздің адамдар жақындап келген кезде хан оң жақтағы батырларды, сол жақтағы ержүректерге күш-жігер беріп “тізгінді босатып жіберуге асықпаңдар, бәрің бірден лап қойыңдар!”, – деп ескертті. Содан бәрі бірден шабуыл жасауы керек деп тізгінді тартты. Бірақ баһадүрлердің шайқасуға асық болғанына қарамастан не үшін бұл бұйрық берілгенін ешкім байқамай қалды. Өйткені ол бұйрықтың мақсаты  хан өзгелерге байқатпай өзі жеке-дара жауға шабуыл жасау болған, содан хан бәрінен  бұрын жау ортасына жетті. Тасада тұрған үш мерген садағымен ханды көздеп, атып жіберді. Бірақ жасаған ие жар болып бақытына орай, атылған үш жебе де нысанаға дарымай мүлт кетті. Содан Саид хан жауды жапырар өткір қылышын үш адамның біріне сілтеді. Ол одан үрейленіп, ханның атының бауырына тығылды. Хан екіншісіне ұмтылды. Алдыңғысы хан атының бауырынан бас шығарғаны да сол еді  Рүстем паналайтын сарайдың ержүрек баһадүрлерінің бірі Абдолуаһед баһадүр ханның ізін ала шабуыл жасап, семсерімен әлгі адамның басын шауып жібергені сонша кесілген бас денесінен бөлініп бір найза бойы жерге домалап кетті. Бұл кезде хан екіншісіне жетті. Артынша қан құйлы Бәһрам-Марсты өз ісінде үйрете алар хан жауынгерлерінің қылыштары найзағайдай: «Жай оты олардың көздерін қарықтырады» (сүре-2 ,аят-20) ,-көрініп, жалтылдап жалындады. Бір сәтте сол адамдардың тіршілікпен қоштастырғаны соншалықты, қиямет күнге дейін олардың болмыс бейнесін елестемейтіндей етті. Сол шайқаста ержүректер және батыл баһадүрлердің ешқайсысы ханнан асып кете алмағандықтан бәрі оған бір ауыздан мадақтау мен бәрекелдіні айтты һәм кері ауыздарын жауып, /188/ өз ынсаптарына еніп, батырлық шенді ханға әбден лайық деді.

Сол жорықта  Саид хан олжалы оралды. Ізінше Қасым хан Ташкентке Сүйіншік ханға шабуыл жасады деген хабар келді. Саид хан тездетіп Ташкентке бет алды. Ферғана мен Ташкент уәлаяттары арасындағы Кендірлік асуына жеткендерінде Қасым ханның қайтып кеткені туралы хабар жетті. Саид хан да Ахсиге оралды әрі Ферғана уәлаятының қамалдарын бекемдеп, қазаққақарай бет алды. Ондағы ойы Ташкентті алуға тағы да қазақты көтеру болатын. Мен ол сапардан сырқаттануыма байланысты қалып қойдым.

Хан жолға шығып, Моғолстанның мәшһүр жері – Шуға келіп жетті. Қасым ханның сол уақытта жасы алпыстан асып, жетпіске таяп қалған кезі. Ал ханның қылшылдаған шағы болатын – жасы отызға жете қойған жоқ еді.  Қасым хан жасының ұлғаюына байланысты ханды қарсы ала алмайтынына кешірім өтініп, Жошы әулетінен тараған кейбіреулерінің жасы елу мен алпысты алқымдап қалған отыз-қырық сұлтанды, солардың ішінде Жаныш хан, Тыныш хан, Мамаш хан, Жан Айдар сұлтан, Қарыш сұлтан және тағы басқаларға тізе бүгіп құрметпен қарсы алсын деп бұйырды. Соның ішінде Жаныш хан мен Тыныш хан жас жағынан Саид ханнан көп үлкен болатын. Олар тізе бүккен кезде хан орнынан тұрды.  Қалған сұлтандардың бәрі де тізе бүккен уақытта хан өз орнына отырып, сәлемін қабылдады. Қасым хан Саид хан алдына келгенде жылы жүздесіп құрметтегені сондай, хан өмірінің соңғы сәтіне шейін оның кішіпейілділігін ұмытқан емес. Әрқашан сырласа қалғанда хан оны еске алып «Алла тозақ отынан құтқарғай» : «Қасым хан асқан мәрт адам болған»,- деп отыратын және онымен қалай танысқанын баян ететін-ді.

Осындай бір кездесуде Қасым хан Саид ханға жақындап: “Біз дала халқымыз, бұл жерде алуан-түрлі бұйымдар да жоқ, үй салу машақаты жоқ. /189/   Ең қымбат байлығымыз – жылқы және ең дәмді тағамымыз – оның еті, әрі ең сүйкімді сусынымыз – оның сүті және оның өнімдері.

Біздің өлкемізде бау-бақша мен ғимаратта жоқ. Серуендейтін жеріміз – малдың жайлауы, жайлауға барып, жылқыларды тамашалаймыз, бірге сонда барып, бірер сағат қызықтаймыз”, – деп  Саид ханды ертіп, үйірге жақындатып, алып барды. Барлық шаруа мен жылқыларды көрсетті. Сосын  Қасым хан тағы да ханға қарап: “Менің екі арғымағым бар, екеуі бүкіл үйірге татиды”, – деп арғымақтарды алып келді. Саид хан мына екі сәйгүліктей жылқыны ешқашан көрмегенін талай рет сүйсіне әңгімеледі.

Қасым хан: “Дала халқы – жылқының күш-қуатына қарай тіршілік етеді. Мен де осы екі арғымақтан  басқа өзіме лайық сенімді ат жоқ. Сондықтан екеуін бірдей сізге тарту ете алмаймын. Енді сіз қадірлі қонағым болғандықтан екеуінің бірін таңдап, қабыл алыңыз да біреуін маған қалдырыңыз”, – деді. Ол әрқайсысын жеке-жеке сипаттап шықты. Саид хан біреуін алды. Ол арғымақтың аты – Оғылан Тұрық еді. Шынында да ондай арғымақ бұдай кейін туған жоқ. Қасым хан тағы бірнеше атты сол үйірден таңдап алдына тартты.

Сонан соң қымыз арағы құйған кесені ханның алдына ұстап тұрып Қасым хан: “Біздің қонақ сыйлауымыз осылай, егер дәмін татсаңыз біз үшін үлкен мәртебе болмақ”, – деді. Саид хан осыдан біраз уақыт бұрын ішімдікті қойып кеткен еді. Сол себепті: “Қойғаным бұл оқиғадан бұрын болған, енді сертті бұзуым қалай болар екен?”,-деді. Қасым хан: “Бұрын  айтқандай, біздің сусынымыздың ең кереметі – жылқының сүті және одан дайындалатын тамаша өнімдер болып табылады. Егер бұл өтінішімізді орындамасаңыз қонақ күтуде әлжуаз болып қаламыз. Сізге  қандай қызмет көрсетіп, көңіліңіздеен қалай шығу керектігін біле алмадым. Сіздей қадірлі қонақ біздің дастарқанға келуіне жылдар өтіп, мендей қонақ иесі бола берер дейсіз. Ал мен сізді дұрыстап қонақ етіп, күте алмасам, бұл арманды қалай орындай алар екенмін?” , – деп /190/ басын төмен салып, жүзінен мұңайған нышан көрінді. Саид хан ашылып Қасым ханның көңіліне қарап, арақ сусынына ауысты. Қасым хан қатты қуанды. Әңгіме басталып кетті. Жиырма күн қатарынан қымыз арағыныңкесесін тауыса босатып ішіп жүрді.

Жаз айының аяғы еді. Қазақтар Қасым ханның бұйрығымен қыстауға бет алды. Қасым хан: “Бұл кезде Шейбанға шабуыл жасау қиын. Дала елі қазірден қыстың қамын жемесе болмайды. Қазіргі кезде жорық жасау мүмкін емес. Әрі бұл уақытта әскер де жинала алмайды”, – деді. Ол сыпайы түрде жорыққа шығудан бас тартты. Кешірім сұрады. Бірақ әр түрлі адамгершілік, ілтипат көрсетіп, Саид ханға қайтуына рұқсат етті. Өз көшін туған жеріне қарай бастады. Саид хан өте қатты риза болып қайта Әндіжанға аттанып кетті. Шілде айы еді. Хан сарайының бір ғалымы бұл оқиғаға “Ашти-йе қазақ” (Қазақ бейбеті) сөзінен хронограмма тапты ол – 919  һижри қәмәри (1513 милади) жыл.

 

 

Екінші дәптерден73-әңгіме. ҚОЖА ТАЖАДДИННІҢ ТҰРФАНҒА ҚАЙТУҒА  РҰҚСАТ  АЛУЫ ЖАЙЫНДА ЖӘНЕ ТАҺИР ХАННЫҢ ҚАЗАҚ-ӨЗБЕКПЕН БІТІМГЕ КЕЛУІ ҺӘМ СОЛ КҮНДЕРІ БОЛҒАН ОҚИҒАЛАР.

 

Қожа Тәжеддин Тұрфаннан келген соң, Саид хан қожаға лайықты құрмет көрсетіп, сыйлады. Ол бір жыл Жаркентте болды. Одан кейін қожаны өтініш бойынша Тұрфанға құрметтеп қайтарды. Келесі қыста Рашид сұлтан жорыққа шықты. Қалмақтарды қуып, қалмақтың Йаран Тайшы (басқа қол жазба нұсқаларда Баран Талеш депте жазылған. Ауд) атты әмірін өлтірді. Ғазауатқа қатысу абыройына да ие болды. Ол Қошқарда қыстап шықты. Саид хан тағы да азғантай адаммен оған келіп қосылды. Қыстың Орта кезінде сонда Таһир хан келді, жоғарыда қысқаша қазақ хандары  жайында айтылқанда Таһир хан туралы да баяндаған еді. Елшілер алмасқаннан кейін былай болып шешілді.Таһир хан ханға келетін болды және оған ханның әпкесі Сұлтан Нигар ханымды әкелетін болды.

Осы Сұлтан Нигар ханым бұрын айтылғандай, Сұлтан Жүніс ханның төртінші қызы еді. Сұлтан Маһмұд мырза  Әбусаид мырзаның баласы қайтыс болған соң, оны қазақ ханы Жәнібек ханның баласы Әдік сұлтанға күйеуге берді. /330/ Осы ханымның Мырза Сұлтан Маһмұдтан Мырза хан атты бір перзенті болған. Ол Бадахшанда патша болған, 917 һижри қәмәри (1511 милади) жылы өз ажалынан қайтыс болды. Оның ұлы Сүлеймен шаһ мырза қазіргі уақытта Бадахшанда патша. Сұлтан Нигар ханымның Әдік сұлтаннан екі қызы болды. Үлкенін Обейдолла сұлтан Көшім ханның ұлына күйеуге берді. Бірақ ол көп ұзамай қайтыс болды. Одан кішісін осы аралықта Рашид сұлтанға ұзатқан еді. Ол жөнінде алда баяндалады. Осы Сұлтан  Нигар ханымды Әдік сұлтан қайтыс болғаннан кейін оның бауыры Қасым хан некелеп алды. Қасым хан дүние салған соң, хандық  тақ Таһир ханға тиді. Ол Әдік сұлтанның ұлы еді. Ханымды туған анасынан да артық құрмет тұтатын.  Ханым да оны сыйлайтын. Содан ол Таһир ханға өтіне отырып айтты: “Сен менің перзентімдейсің, сен түрғанда мен басқа бала туралы ойламаймын һәм армандамаймын. Бірақ мен қартайып, шаршадым. Менде Өзбекстанның қаласында көшіп-қонып жүретін әл-қуат жоқ. Енді ғұмырымның қалған уақытын қаладағы немере інім – Сұлтан Саид ханның жанында болып, дүниеден тыныш көз жұмсам деймін. Қазір сенің Өзбекстанда маңғыттардың кесірінен жұмысың алға баспай отыр. Олардың шабуылынан сенің он ләк (1000000) әскерің төрт ләкке (400000) кеміді, Сенде оларға қарсы тұра алатындай күш қалмады. Сондықтан мен дәнекер болып, сені моғол хандарымен, достасуға тиісті әрекетті жасаймын. Сөйтіп, сен де маңғыттардың зиянынан аман боласың. Бұл сенің ісіңе де лайықтау болады”.

Бұл пікір Таһир ханның көкейіне қонды. Содан Моғолстанға барып, татуласу жоспарын жүзеге асыруға бет алды. Ол Қошқарға Саид ханға келді. Хан қадірменді әпкесінің құрметіне /331/ Таһир ханға орнынан түрегеліп, қарсы алып,оған: “Мен сенің алдыңда тұруым төрелікке (توره) қайшы. Бірақ    қадірлі әпкемді маған жеткізіп, жасаған жақсылығың үшін тұруға болады»,-деді. Хан тұрды, Таһир хан дәстүр бойынша алдына келіп, басын иді. Хан оған әр түрлі патшалық ілтипат көрсетіп, шын жүректен сыйлықтар тарту етіп, оны қуанышқа бөледі. Сондай-ақ Таһир ханның қарындасы яғни Сұлтан Нигар ханымның қызына Рашид сұлтанға құда түсті. Қазір ол оның үйінде  тұрады, балалары бар. Олардың әрқайсысы туралы өз ретімен айтыла жатар.

Ханның қайтар кезінде Мұхаммед қырғызды қайтадан ұстап, тұтқындап, Қашғарға алып келген еді. Бұған себеп болған нәрсе оның тарапынан мойынсұнбау, бағынбау әрекеттері байқалып, өзбектерге қашпақшы болды әрі оларға қызмет жасағысы келді. Сол үшін ол тұтқында ұсталды. Хан қайтыс болғаннан кейін қамаудан босатылды.

Хан енді Қашғарға қайтты да мені халықты тыныштандыру үшін Моғолстанда қалдырды. Қырғыздарды басуға қанша тырыссам да, олар бой бермей, қайтадан Моғолстанның шалғай аймақтарына кетіп, Таһир сұлтанға қосылды, қалған аз бөлігі сол орнында қалды. Сол жылы хан перзентті болды.

 




Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to Top ↑