banner-top12

Ақпараттар ағымы IMG_6035

Қосқан уақыты Тамыз 17, 2017 | 536 рет оқылды | сайтқа қосқан shalqar

0

Қазақстанға келетін қандастарға арналған әдістемелік құрал шығарылмақ

IMG_6022 IMG_6042 IMG_6018IMG_6049

Тарихи атамекеніне көш түзеп жатқан қандастарымыздың саны жыл сайын артып, бүгінде миллионнан аса қандастарымыз елге қосылған.  Мемлекет та­рапынан оларға барынша қолдау көрсетілуде. Елбасымыз «Әлемде өз қандастарын атажұртқа жи­нап, мемлекеттік тұрғыдан ар­найы бағдарламалар қабылдаған, келгендердің жаңа ортада жат­сынбай, бірден сіңіп, жайлы ғұмыр кешіп кетуіне барлық жағдайларын жасап жатқан дүниежүзіндегі үш елдің бірі – Қазақстан», деп бекер айтпа­са керек. Қандастарымыздың әлеуметтік жағдайының жақса­рып, әл-ауқатының артуы елі­міз үшін зор абырой. Осы рет­те олардың жаңа ортаға бейімделіп, орналасып, орнығуына көмек көрсету барлық қоғам мү­шелерінің міндеті болуға тиіс.

Осыған орай, Халықаралық «Жанашыр» қоғамдық қоры Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің қолдауымен «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының гранттық бағдарламасының аясында Алматы қаласы Мемлекеттік еңбек инспекциясы және көші-қон басқармасы және Алматы қаласының Қоғамдық кеңесімен бірлесе отырып «Оралмандарды бейімдеу бойынша тиімді әлеуметтік қызметтер көрсету мәселелері» тақырыбында  дөңгелек үстел өткізді.

Жиын мақсаты – шетелдерден келген қандастар мен этникалық қазақтарға Қазақстан Республикасындағы заңнамалар мен құқықтық-нормативтік құжаттарды, бағдарламаларды таныстыру, әлеуметтік-мәдени бейімделуінің, мемлекет тарапынан көрсетілетін қызметтер мен жеңілдіктерді алу жолдары жайлы кеңестер беру.

Сонымен қатар, шетелдерден көшіп келетін қандастарымызға Қазақстанға көшіп келу, жаңа ортада орналасу, тиімді әлеуметтік-мәдени бейімдеуге жол сілтеу мақсатында  шығарылатын әдістемелік құралдың мазмұнын келісу.

Басқосуды Алматы қаласы Қоғамдық кеңес мүшесі, «Болашақ» республикалық қозғалысының және «Жастар үні» БЖҰ төрағасы Бабамұрат Даурен Әбуталіпұлы жүргізіп отырды.

        Жиынға Алматы қаласы Көші-қон полициясы басқармасы; Алматы қаласы Мемлекеттік еңбек инспекциясы және көші-қон басқармасы  Көші-қон бөлімінің басшысы Күлсін Ысқақова, бас маманы Усабек Оразхан, Алматы қаласы Мәслихатының депутаты Роза Бадаева,  Алматы қаласы қоғамдық кеңес мүшелері – экономика және бюджет мәселелері бойынша №1 комиссияның мүшесі, «KAZBREND» қоғамдық қорының басқарма төрағасы Нұрлан Жазылбеков,  қоғамдық кеңес мүшесі Шмидт Ильясов,  Жастар және ішкі саясат, спорт, дін мәдениеті бойынша №5  комиссияның төрағасы Құсман Шалабаев, Кәсіпкерлік, туризм және ауыл шаруашылық бойынша №3 комиссияның төрағасы, «Болашақ» республикалық қозғалысының және «Жастар үні» БЖҰ төрағасы Даурен Бабамұрат, Қоғамдық кеңес Президиумының мүшесі, «Гүлден Сауда» ЖШС директоры» Майра Сағымбекова, №3 коммиссия мүшесі, Еуразиялық франчайзинг қауымдастығының президенті Бекнұр Кисиков, Мемлекеттік және әріптестік тұрғын үй-коммуналдық қызмет, инновация, инвестиция бойынша №7 комиссияның мүшесі, «ҚР Бейбітшілік қоры»  АГБОФ төрағасы Қазбек Шайх, қоғамдық кеңес мүшесі, Қзақстандағы шиеленіс орталықтары Одағының төрайымы Зульфия Байсакова, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері  және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Алматы қаласы бойынша департаментінің маманы Рахат Пәркетұлы, Алматы қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы директорының орынбасары Гаухар Абуева, Алматы қаласы Ішкі саясат басқармасыныңбас маманы Дана Мұхаметжанова, Алматы қаласы тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасының «Тұрғын үйді есепке алу, тарату және құқықтық құжаттарды ресімдеу» бөлімінің бас маманы Рита Нұрбекқызы, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы КЕ АҚ Алматы қаласы бойынша филиалы – «Халыққа қызмет көрсету орталығы» департаментінің маманы Азамат Бигелдиев, Алматы қаласы Бiлiм басқармасы  техникалық және кәсіптік білім беру бөлімінің бастығы Әсет Мұханбетов, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті жоғары оқу орнына дейінгі білім беру факультеті деканның оқу-әдістемелік және тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары Марат Әмірханов, Алматы қаласы Көші-қон қызметі басқармасының инспекторы, полиция капитаны Ермек Тамаев, Әуезов ауданы КҚҚБ аға инспекторы, полиция майоры Марал Кусаинова, Алатау ауданы КҚҚБ инспекторы Эльмира Ахметова,  Жетысу ауданы КҚҚБ инспекторы,  полиция майоры Азамат Кошыбеков, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ Алматы қаласы бойынша аймақтық филиалының менеджері Ыбырай Меңдібаев, Әлеуметтік сақтандыру мемлекеттік қорының Алматы филиалының директоры Гүлсара Алтынбекова, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» Банктік өнімдерді дайындау және енгізу департаменті директорының орынбасары Әсем Мұстафаева,  Бизнесті басқару  басқармасының маманы Жанар Байпақбаева, Алматы қаласы Халықты жұмыспен қамту орталығы директорының орынбасары Алтынай Жүкенова,  Халықаралық «Жанашыр» қоғамдық қорының президенті Жаңыл Әпетова, “Жебе” қоғамдық бірлестігінің басшысы Әділбекұлы Өмірәлі, жауапты хатшысы Рахым Айыпұлы, «Отандас-ел» қоғамдық бірлестігінің төрағасы  Қайрат Байтолла,  «Атажұрт» қоғамдық бірлестігінің өкілі Қыдырәлі Оразұлы, Польшадағы қазақ қоғмдары бірлестігінің төрайымы Балли Мажец, Германиядан келген жас патриот Шолпан Кесижи, «Әйелдердің әлеуметтік зерттеу орталықтары» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Тамара Климова және т.б. үкіметтік емес ұйымдар, БАҚ өкілдері және әр елдерден келген қандастар қатысты.

        Жалпы, мұндай басқосулар Халықаралық «Жанашыр» қорының ұйымдастыруымен 2012 жылдан бері тұрақты түрде, әрбір аудандарда өткізіп отыру дәстүрге айналған. Қаланың әрбір ауданындағы атқарушы мемлекеттік органдар өкілдері мен сол ауданға келіп қоныстанып жатқан ағайындардың басын қосып, тиісті сұрақтарына жауап алып, мәселелерін шешу жолдары қарастырылады. Қаладағы жергілікті атқарушы мемлекеттік органдар  өкілдері де осы жүйемізге үйренді, қандастар мәселесіне келгенде әрдайым ашық, қол ұшын беруге, мәселелерін шешуге дайын тұрады. Бұл басқа өңірлерге үлгі аларлық іс деуге де болады. Сол себепті болар, Алматы қаласы бойынша келіп жатқан ағайындар арасында түсінбеушіліктер, реніштер аз. Шиеленісті мәселелер жоқ деп айтуға болады.

     Бұл іске өткен жылы Алматы қаласы әкімдігі жанынан құрылған Қоғамдық кеңес мүшелері де тартылған болатын Қалалық қоғамдық кеңес мүшелері «Жанашыр» қоғамдық қорының іс-шараларына қатысып қана қоймай, оралмандар мәселесінің оң шешімін табуы үшін тиісті министрліктер мен ұйымдарға хатпен шығып, өз үлестерін қосып келеді.

Ал, осы жолғы басқосуды өткізуге Алматы қаласы Қоғамдық кеңесі мүшелері тікелей мұрындық болып, бірлесе өткізіп, әр саладағы, әр комиссиядағы Қоғамдық кеңес мүшелері қатысып, жиынның нәтижелі өтуіне атсалысқанын атап өткен жөн.

Өткізілетін жиындар да өзара түсіністікте, орын алған келелі мәселелерді шешудің жолын табуға бағытталған үрдісте өтеді. Қатысушыларды да әлеуметтік желілер арқылы, қатысам деушілерге шек қоймай, шақырады. Мұндай отырыстарға алғашқы кездері дау іздеп, ештеңеге көңілдері толмайтын, өз қателіктері үшін өзгелерді кіналауға дайын тұратын ағайындар да келетін. Тиісті орындар өкілдері бетпе-бет отырып, мәселесін тыңдап, қателіктің қайдан кеткенін көрсетіп, оны түзетулеріне көмектесетін. Жиылған қауымның оралман қауым үшін, солардың кедергісіз бейімделуі үшін отырғанын біліп, көздері жеткен соң, ондай пиғылдағы адамдар төбе көрсетпейтін болыпты. Дау шығарғысы келіп келгендер, өздерінің қателігін түсініп, не өздері білмей, не осындай отырыстарға қатысып кеңес тыңдамай, қателіктерге бой алдырып жүргендерін түсінеді. Негізі, қай жерде де заңмен жұмыс жүргізілсе, ешқандай дау-дамайдың орын алмайтыны анық. Дүниежүзінің барлық елінде этни­калық көші-қон нақты заң-ережелерге сәйкес, белгіленген жүйемен, қатаң тәртіппен жүзеге асырылады. Бұл заң-ережелерді жергілікті үкімет те, келуші репатрианттар да бұлжытпай орындайды. Өкінішке қарай, бізде осы жағы жетіспей жатады. Келіп жатқан ағайындарымыз да, олармен жұмыс істейтін кейбір орындар да заң талаптарын білмегендіктен, қателікке ұрынады. Тіпті «Көші-қон туралы» заңды оқымаған мекеме өкілдері де кездесіп жатады…Заңды білмеудің арты – дау-дамайға жалғасады…

Шеттен келетін қазақтың негізгі мақсаты – Қазақстан азаматы болып, тұрақты тарихи Отанына қоныстану. Сондықтан елімізде азаматтық алу үшін оларға барлық жеңілдіктер жасалуда. Елімізге келетін қандасымыз қай өңірге шақырумен, шақырусыз келсе де бес күннің ішінде оралман мәртебесі беріледі. «Оралман» мәртебесін алғаннан кейін ол кісі еліміздегі тұрғылықты азаматтарымен тең құқылы болады. Сондай-ақ тұрақты тұруға рұқсат алған кезде төлем қабілетін растаудың қажеті жоқ. Кірген визасына қарамастан, жеңілдетілген түрде 3 айдың ішінде тұрақты тұруға рұқсат беріледі. Одан кейін азаматтық алуға құқылы. Оны да 3 айда алады. Сөйтіп елге келген қаракөз құжатын уақтылы өткізіп реттесе, 6 айдың ішінде азаматтық алады.

Атажұртқа оралған әрбір ағайын шекарадан аттап өткеннен кейін Қазақстанның заң-ережелерін бұлжытпай орындаулары тиіс. Яғни, оралман мәртебесін алып, квота бойынша тиісті жеңілдіктер мен жәрдемақыға қол жеткізен бойда дереу азаматтыққа құжат өткізу керек. «Халықтың көші-қоны туралы» Заңда бұл жауапкершілік айқын көрсетілген. Ал ондай заңды бір емес, он жыл бойы керек етпей жүре беретіндер кездеседі.

«Оралман» деген атауға қатысты да айта кетсек. Әлеуметтік желілерде бәзбіреу елді дүрліктіру үшін оралманға қатысты ойлап тапқан бір оқиғаны жариялап қойса, шетелдерден келгеніне бірнеше жыл болған, әлдеқашан Қазақстан азаматы болған қандастарымыз «оралманмын» деп тартысып жатады. Бүгінгі таңда Қазақстанда не көп – оралман көп. «Телевизорды ашып қалсаң да, радионы басып қалсаң да» аржағынан «мен оралман едім» деп жатқан біреу. Бір төтенше уақиға болса, ең аяғы біреулер ұрыс-керіс жасаса да, ішінде кемінде бір-екі «оралман» жүреді. Сосын бұқаралық ақпарат құралдары «оралман сөйтті, оралман бүйтті» деп жарыса айтып, жарыса жазады. Ал сонда біздің бұл айтып жүргендеріміз шынында оралман ба? Мұны анықтау үшін ең алдымен ол адамның қолындағы «оралман» куәлігіне қарау керек. Мұндай куәлік, біріншіден, тек ұлты қазақ адамға ғана беріледі. Екіншіден, оралман өле-өлгенше иемденетін мәңгілік мәртебе емес, куәлікте оның берілген және аяқталатын мерзімі тайға таңба басқандай анық көрсетіледі. Осы мерзім біткеннен кейін оның иесі ешқандай да оралман емес және «оралман едім» деп айтуға мүлдем құқы да жоқ, яғни, ол азаматтық алып үлгерсе – Қазақстан азаматы, үлгермесе – шетел азаматы, ал шетелдік паспортының мерзімі өтіп кетсе – азаматтығы жоқ тұлға. Бірақ кейбір ағайындарға бұл заң онша ұнамайтын сыңайлы. Яғни, олар оралман деген мәртебені өмір бойы пайдаланып жүргісі келеді. Соның салдарынан Қазақстанға келгендеріне бес, он, тіпті, жиырма жыл болса да өздерін оралманбыз деп есептейтіндер жиі кездеседі. Мұның аяғы неше түрлі у-шуға, дау-дамайға айналады. Сондықтан, мәселенің мән-жайын анықтап алып барып айту керек.

Қазақстан – егемендігін алғалы бері этникалық көші-қонға, яғни біздің сыртта жүрген қандастарымызға, тарихи Отанына ораламын деген бауырларымызға көмек көрсету, жағдай жасау саясатын жүргізіп отырған санаулы елдердің бірі. Егемендігімізді алғалы бері біздің елімізге 1 миллионнан астам қандасымыз қоныстанған.  Бүгінде Үкімет оралмандардың қоныстану өңірлерін де заң бойынша белгілеген. Қазақстанның 7 облысы қандастарымызды қабылдау өңірi болып белгіленген. Егер олар белгiленген өңірлерге барса, оларға көшi-қон шығындарын өтейтін субсидия берiлiп, 1 жылға дейін пәтер не үй жалдауға қаржылай көмек көрсетіледі.

Жақында  Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Біржан Нұрымбетов «Үкіметке қандастарды тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесін қарап, қосымша жаңа ұсыныстарды әзірлеп жатырмыз. Мысалы, бiрiншiден, ауылды жерде 12 ай бойы төленетін қаражаттың көлеміне бағасына сай үй сатып алу мүмкіндігі бар екен. Сол себептен 12 ай бойы төленетін жәрдемақыны бір мезгілде беру тетігін қарастырып жатырмыз. Екіншіден, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» несиелерiн берудің жеңілдетілген түрлерін, тетіктерін қарастырудамыз. Сондай-ақ, ауылды жерге барса, үй сатып алуға 2 миллион теңгеден астам тегін, қайтарылмайтын субсидия берсек пе дейміз. Егер ол қалада болса, сол субсидияны беріп, алғашқы салым ретінде несие алуға пайдаланса деген ой бар. Одан кейін, кәсіпкерлікпен айналысамын дегендерге жұмыспен қамту және кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында жеңілдетілген шағын несиелер беру жағы тағы бар. Сондай-ақ, ішкі көшіп-қонушыларға кәсіпкерліктің негіздерін «Бизнес бастау» бағдарламасы арқылы оқытып, оны сәтті аяқтағандарға 5 миллион теңгеге дейін қайтарылмайтын грант берсек пе деген жоспар бар. Дегенмен, бұл әлі жоба түрінде тұр. Тегін гранттар беру, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы баспана мәселесiн шешу сияқты ұсыныстарды бiз жаңадан әзірлеп, қарап жатырмыз. Жоспарымыз бойынша, егер біз жылдың соңына дейін заңдағы қажетті нормаларға өзгерістер енгізіп үлгерсек, 2018 жылдан бастап оларды iске асыруға кiрiсемiз», деп мәлімдеген еді.

Оның айтуынша, елге оралған қандастарға жер телімдерін беру де көзделiп отыр. Нұрымбетовтың мәлiметiнше, қазiр заң бойынша жер телімдері конкурс арқылы ғана беріледі. Көшіп-қонушыларға, олардың ішінде оралмандарға жер телімдерін бақша өсiру, коммерциялық мақсатта алу немесе үлкен егістік жерлерді конкурссыз беру тетігі қарастырылуда екен. Әрине, мұның бәрі құптарлық, қуанарлық жайттар, тек тезірек іске асуын күтейік.

«Халықтың көші-қоны туралы» Заңына сай, Еліміз шекара аумағынан тыс жерде жасап жатқан қандастарымыз (этникалық қазақтар) жеке басын куәландыратын құжаттардағы жазба негізінде, мұндай жазба болмаған кезде өзінің ұлтын растайтын басқа да құжаттар негізінде қазақ екенін дәлелдесе,сол өздері тұрған мемлекеттегі Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемелерінен «Оралман» мәртебесін (куәлігін) ала алады және оралмандарды қабылдаудың өңірлік квотасына ене алады. Тіпті Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға рұқсат алуға өтініштері мен құжаттарын да тапсыра алады. Бұл туралы заңның 20-бабының 1-тармағында «Қазақстан Республикасының шет елдердегі мекемелері үміткерлердің оралман мәртебесін беруге және (немесе) оралмандарды қабылдаудың өңірлік квотасына енгізуге, сондай-ақ Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға рұқсат алуға өтініштері мен құжаттарын қабылдайды және оларды тіркелген күнінен бастап он жұмыс күні ішінде халықтың көші-қоны мәселелері жөніндегі уәкілетті органға жібереді» – деп көрсетілген.

Өкінішке орай, Заңның бұл тұсынан бейхабар болғандықтан, шетелдегі этникалық қазақтар аса қажетті тиімділіктен құр қалып отыр.

Аталған «Халықтың көші-қоны туралы» заңның 10-бабында «Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі мен Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемелері: 2)Қазақстан Республикасының халықтың көші-қоны саласындағы мемлекеттік саясаты туралы ақпараттың шетелде таратылуына жәрдемдеседі»,  сондай-ақ  «Қазақстан Республикасына өз еркімен қоныс аударуға ниет білдірген этникалық қазақтарға келу, оның ішінде оралмандарды қабылдаудың өңірлік квоталары шеңберінде Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған өңірлерге келу шарттары, қабылдау шарттары мен әлеуметтік қолдау шаралары туралы ақпарат береді» – деп ашық жазылған. Егер, Атажұртына бір жола көшуге ниет білдірген шетелдегі этникалық қазақтар «Оралман» мәртебесіне өздері қоныстанған елдерде тұрып қол жеткізсе, аталған заңның 23-бабында көрсетілген «Оралмандар және олардың отбасы мүшелері Қазақстан Республикасының аумағына келген кезде Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына және (немесе) кеден заңнамасына сәйкес, көлік құралдарын қоса алғанда, жеке пайдалануға арналған мүлкіне кедендік төлемдерді төлеуден босатылады.» – деген норма бойынша, өздеріне тиесілі авто көлігі мен заттарын алып өтуге зор қолайлылық туар еді.

Алайда, Қазақстанға біржолата қоныс аударуға ниетті шет елдердегі қазақтардың көші-қон мәселесін сол елдердегі елшіліктер арқылы жүзеге асыру туралы мәселе көптен бері айтылып жүрсе де, іске аспай отыр. Елшілік қандастарымызға осы мәселе жөніндегі ҚР-ның заң, ережелерін түсіндіріп, қажетті құжаттары толық әзірлеуге құқықтық көмек көрсететіп, көшуге әзір болған отбасыларына жолдама беріп отырса, көп мәселе өзінен-өзі шешілер еді. Қазақстанға көшуге ниетті қандастарымыз осы жағынан аса мән бермей, дайындықсыз өздігінен, көшіп келеді. Жауапкершілік, парықсыздық салдарынан келген соң қиналып қалады. Қажетті құжатты алдыру үшін уақыт жоғалтады, Осылай Қазақстанда тұру ережесі бұзылып, сол үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылады, тіпті бірнеше рет тәртіп бұзса, Қазақстандық құқық қорғау мемкемелері келген елдеріне қайтарып, шекарадан шығарып жібереді. Көп әуре-сарсаңға түсіп, қиналады, ренішті болады. Мұндай жағдайларды болдырмаудың бірден-бір жолы көшті өзге елдегі Қазақстанның елшіліктері арқылы ұйымдастыру. Сондықтан елшіліктерде осы мәселеге қатысты арнайы бөлім болуы шарт. Ал қазіргі кезде заңда көрсетілген жұмыстармен елшіліктер айналысып отырған жоқ. Олар ықтияр хат бере алмайды. Өйткені ықтиярхат алудан бұрын көшіп келген қандастарымыз Қазақстанда белгілі-мекен-жай бойынша тұрақты тіркеуге тұруы қажет. Ол үшін көп құжаттар әзірлеуі керек. Дәрігері байқаудың сараптамасы, тіркеуге қоюға ниетті адамның нотариалды келісімі дегендей кете береді. Сондықтан өзге елде тұрып Қазақстанға тұрақты тіркеуге тұру мүмкін емес. Ал, Елшілік оралман куәлігін берді дейік, Оны алған соң оралман 1 жылда ҚР-ның азаматтығын алуы шарт, олай болмағанда оралман мәртебесі жойылады да, сосын келген оралман еліне барып азаматтықтан шығып, оны растайтын анықтама алып келіп, сосын ғана ҚР-ның азаматтығын алуға құжат тапсыра алады. Бұл енді мүмкін емес. Келген оралманның көбі ықтиярхатпен жүріп, кейіннен оралман мәртебесін алып, Қазақстанның азаматтығына құжат тапсырып жүр қазір. Өйткені ықтияр хат алған қазақтың барлығы Қазақстанда біржолата қалады деп айта алмаймыз. Бұл жерде заңдық, құқықтық тұрғыда қарама-қайшы жағдайлар аз емес.

Сондықтан, Қазақстан Үкіметі алдағы заң жобасына осы мәселелерді де егжей-тегжейлі енгізуі, оңтайландырып шешу жолы қарастырылуы  қажет. Олай болмағанда бәрі бос сөз болып қала береді де елге оралған қандастарымыз әуре-сарсаңнан құтылмайды.

Оның дәлелі, жиынымызға қатысқан Тәжікстаннан қоныс аударған аралас некеге құрылған отбасының өкілі саналатын кейуананың мәселесі. Байтемиров Самьежон атты ұлының кеденнен көшу кезінде тап болған қиындықтарын ортаға салған 80 жастағы  ана, өзі тәжік, жолдасы қазақ екенін айтады. Жүктерін кеденнен өткізгенде кедергілерге тап болған. Көшіп келушілер көлік құралдарын қоса алғанда барлық мүлкіне кедендік салық төлеуден босатылады деп заңда көрсетілгеніне қарамастан, шекарадан сәуір айында өткен отбасы, бүгінге дейін әуре-сарсаңмен жүрген көрінеді. Бармаған мекемесі жоқ, алайда әлі істері оң шешілмеген. Мәселенің ақ-қарасын анықтау үшін Алматы қаласы қоғамдық кеңес президиумының мүшесі Майра Сағымбекова мен Мемлекеттік еңбек инспекциясы және көші-қон басқармасының бөлім басшысы Күлсын Ысқақова Байтемированың мәселесін өз қарауларына алды.

Оралмандарға қатысты тағы бір ескеретін жәйт, еліміздегі заң шығарушы орган Парламент депутаттары көші-қон туралы немесе сырттан келетін ағайындарға байланысты басқа да заң күші бар құжаттарды дайындағанда, аралас некеге құрылған отбасылары жөнінде ескергені, мәселені нақтылағаны жөн сияқты. Аралас неке қазір ешкімге таңсық емес,  қай елде де жиі кездесетін көрінісіне айналған. Шетелдерден келіп жатқан қандастарымыз осы тұрғыдан да, тұрғылықты тұру мен азаматтық алуда кедергілерге, қиындықтарға тап болып жүргенін жиі ұшыратып жүрміз.

Алматы қаласы Мемлекеттік еңбек инспекциясы және көші-қон басқармасының бөлім басшысы Күлсін Метербайқызы Ысқақованың келтірген  мәліметі бойынша, қаламызда 2016 жылы 424 қандасымыз, 2017 жылдың басынан бері  217 адам оралман куәлігін алған. Өткен жылы Өзбекстаннан келген ағайындардың саны басым болып, 49 процентті құраса, ҚХР-дан келушілер -43 процентті құраған. Ал, биылғы көрсеткіш бойынша ҚХР-дан келгендер 63 процент, Өзбекстаннан келушілер 28 процентті құрап отыр.

Биылғы келіп жатқан қандастарымыздың  63 проценті еңбекке жарамды, 41 проценті жоғары білімді және 32 проценті  балалар. Келуші оралмандардың 58 проценті Қазақстан республикасының азаматтығын алған. Олардың жаңа ортада орналасып, азаматтық алуында кедергілер жоқ деп тағы айта алмаймыз. Оның көпшілігі заң талаптарын орындамаудан болып жатады.

      «Жебе» қоғамдық бірлестігінің хатшысы Рахым Айыпұлының айтуынша, оралмандармен жұмыс істейтін көптеген мекемелер өкілдері Көші-қон туралы заңды оқымайды. Сол себепті, дау-дамайға жол беріледі. Мәселен, Заң жобасының 33-бабына сәйкес ҚР-на білім алу мақсатымен келген этникалық қазақтар оқуға түскеннен кейін тұрақты тұруға және ҚР азаматтығын қабылдауға өтініш беруге құқылы делінген. Алайда, ЖОО-дарында студенттерді  уақытша тіркеуге қояды, тұрақты тіркеуге қоя алмайды. Соның салдарынан, олар заңда көрсетілген талап болса да, екінші бір заңға қайшы келіп, тұрақты тіркеуі болмауы себепті ҚР азаматтығына өтініш бере алмайды. Сондықтан, ЖОО ректорлары шетелдік этникалық қазақтарды уақытша тіркеумен ҚР азаматтығына қабылдауына қолдаухат берсе, бұл қандастарымызға үлкен жеңілдік болар еді дейді.

Көп жылдардан бер оралман жастармен жұмыс істеп келе жатқан Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті жоғары оқу орнына дейінгі білім беру факультеті деканның оқу-әдістемелік және тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары Әмірханов Марат Болысбекұлы да осы пікірді қолдайтынын жеткізді.

Осы сұрақтың жауабын сұраған Алматы қаласы Білім басқармасының  бөлім басшысы Мұханбетов Әсет Ғарифуллаұлы, ЖОО-дары мәселесі ҚР Білім және Ғылым министрлігінің құзыретінде екендігін, бұл мәселеге Алматы қаласы Білім басқармасы араласа алмайтынын жеткізді. Ол өз құзіретіне жататын техникалық және кәісптік білім беру бойынша, шетелдерден келетін жастардың орыс тілін білмегендіктен, оқу орнында қиналатынын, оралмандар үшін орыс тілін үйрететін курстар қажет екенін айтты. Сондай-ақ, ата-анасы ықтиярхатпен Қазақстанда тұрып жатқан қандастарымыздың балалары мектепке, колледжге барғанда құжаттары болмайтынын тілге тиек етті.

Алайда, Рахым Айыпұлы Білім басқармасы өкілінің де заңнан хабарсыз екенін ескертті. Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 27 шілдедегі № 319 «Білім туралы» Заңының Шет елдегі қазақ диаспорасының білім алу қажеттіліктерін қанағаттандыру туралы 66-бабында «Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмайтын ұлты қазақ адамдардың Қазақстан Республикасында білім алуға құқығы бар» екендігін ескертіп, олардан артық құжаттарды талап ету заңсыз екендігін айтты.

«Отандас-ел» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Қайрат Байтолла,”Жебе” қоғамдық бірлестігінің басшысы Әділбекұлы Өмірәлі де ұйымға жүгініп келетін қандастардың мұң-мұқтажын жеткізді.

Кәсіпкерлікпен айналысуға алғашқы қадамдар жайлы сұраған қандасқа, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ Алматы қаласы бойынша аймақтық филиалының маманы Меңдібаев Ыбырай Оразбайұлы жауап берді.  Тегін кеңестер берумен қатар, азаматтар бизнесті бастамас бұрын, тегін «Бизнес бастау» курстары да бар екендігін ескертті.

Ықтияр хат, азаматтық алу мәселелеріне байланысты Алматы қаласы Көші-қон қызметі басқармасының инспекторы, полиция капитаны Тамаев Ермек Кенбайұлы баяндады. Ол сөзінде «Азаматтық алмаған қандаста­рымыздың тіркелу мәселесі бұр­ынғы қалпында реттеледі. Ішкі істер министрлігінде осыған қатысты біраз әңгімелер болған. Дегенмен, нақты мақұлданған жоқ. Ықтиярхаты бар этностық қазақтар тұрғылықты мекен-жайы бойынша тіркеуге тұра береді. Ықтиярхатпен жүрген басқа шет ел азаматтарына да уақытша тіркеуге тұру керек емес. Кері­сінше, ол азаматтар тұрақты тір­кеуге тұрған жерінен басқа ме­кенжайға уақытша тіркелген жағдайда бұл заң бұзушылық бо­лып есептеледі. Уақытша тіркеу бойынша ол азаматтарға ешқандай алаң­даудың қажеті жоқ» дейді.  Әлеуметтік сақтандыру мемлекеттік қорының Алматы филиалының директоры Гүлсара Алтынбекова азаматтар үшін 40-тан астам әлеуметтік көмектің бар екендігін, оны көпшіліктің біле бермейтінін жеткізді. Сонымен  қатар, шетелдерден қоныс аударған қандастарымыздың зейнеткерлікке шығу мәселесіне қатысты сұрақтарына жауап беріп, зейнеткерлікке қатысты шешілмей келген түінді мәселелердің шешілгенін айтып қуантты. «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» Банктік өнімдерді дайындау және енгізу департаменті директорының орынбасары Әсем Мұстафаева да өз кезегінде Қазақстан азаматтары мен оралмандар тұрғын үй мәселесін банк арқылы шешуге болатынын хабарлады. Мемлекет тарапынан  «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы оралмандарға жеңілдетілген 5 процентке дейінгі мөлшерлемемен жинақтаусыз несиелер беруді қарастыру жайлы ұсынысын білдірді.

«Алматы қаласында тұрақты тіркелу үшін үй-жайдың әрбір адам үшін 15 шаршы метр талабы қиындық тудырады» деген оралман сауалына «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Алматы қаласы бойынша Халыққа қызмет көрсету орталығы департаментінің маманы Азамат Бигелдиев, ондай шектеудің қазіргі уақытта жоқ екенін айтып қуантты.

Жұмыспен қамту орталығы директорының орынбасары Алтынай Жүкенова халықты жұмыспен қамтудағы маңызды бағдарламалар оралмандарға да тиімді екенін хабарлады. Бағдарлама түрлерін таныстыра келіп, оралмандарды белсенді болып, мемлекеттік бағдарламаларды пайдалануға шақырды.

Жиында сөз алған Алматы қаласы Қоғамдық кеңес президиумының мүшесі Майра Сағымбекова, қаладағы оралмандар мәселесінен Қоғамдық кеңес те тыс қалмай, өткен жылдан бері Халықаралық «Жанашыр» қорымен бірлесе нәтижелі жұмыс істеп келе жатқанын,өткен жылғы жиындардың қорытындысы бойынша тиісті министрліктер мен ведомстволарға хат жолданып, біраз оралмандарға қатысты мәселелердің шешілуіне мұрындық болғанын тілге тиек етсе, басқосуды ұйымдастырушы Халықаралық «Жанашыр» қоғамдық қорының басшысы Жаңыл Әпетова, шетелдерден келетін қандастармен біраз жылдардан бергі жұмыс тәжірибесінде байқаған оралмандар проблемаларын болдырмау үшін, яғни жаңа ортадағы жүріп-тұру, заңнамалар мен құқықтық актілерді білмеу тәрізді қателіктерінің алдын алу үшін, оралмандарға Қазақстанға келуге ниет танытқан сәттен бастап білуге тиіс қағидаларды жинақтап, тиімді әлеуметтік-мәдени бейімдеуге жол сілтеу мақсатындағы  әдістемелік құрал шығаруды қолға алғанын хабарлады.

    2013-2014 жылдары ҚР Мәжіліс депутаты болып отырған тұсында «оралмандарды оқшауландыратын емес, оларды елге бейімдеудің жүйелік шараларын қабылдау керек», «құзыреті бар Көші-қон және қазақ диаспорасы агенттігін құру күттірмес мәселе» деп ҚР Үкіметіне депутаттық сауал жолдаған, бүгінде Алматы қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшесі Нұрлан Жазылбеков те оралмандарға қатысты мәселеде тыс қалмайтынын, қолынан келгенше көмек көрсетуге әзір екендігін мәлімдеді. Қоғамдық кеңестегі әріптестеріі Шмидт Ильясов, Бекнұр Кисиков, Құсман Шалабаев, Алматы қаласы Мәслихатының депутаты Роза Бадаевалар да өз сөздерінде Нұрлан Әбдіжапарұлымен пікірлес екенін, қандастар мәселесін назардан тыс қалдырмайтындарын айтты.

Қоғамдық кеңес мүшесі Қазбек Шайх өз сөзінде, елімізге келген 1,5 миллион қандастарымыз еліміздің демографиясына орасан үлес қосып жатқанын, ағайындардың көпшілігі көп балалы отбасылар екенін айтты. Оралман ағайындар арқылы 5 жылда еліміздің демографиясы 20 процентке өсетінін ескере отырып, «Нұрлы көш» бағдарламасын қайта жандандыру жөнінде пікірін білдірді.

Осылайша, пікрталасқа құрылған басқосу, мемлекеттік органдар мен оралмандармен тікелей жұмыс істейтін қоғамдық ұйымдардың, оралмандар мен этникалық қазақтардың бепте-бет сұхбаты түрінде өтіп, келелі мәселелер бірлесе талқыланып, тиісті орындарға ұсыныстар әзірленді. Отырыс барысында аңғарғанымыз, қатысушылардың қай-қайсысы да қандастарымыздың елге қосылып, кедергілерге тап болмай, толыққанды өмір сүрулеріне мүдделі екендіктерін танытты.

Иә, «Елге ел қосылса – құт» емес пе, ағайын!

Гүлмарал Ерсұлтанқызы




Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to Top ↑