banner-top12

Айтарым бар no image

Қосқан уақыты Қыркүйек 24, 2014 | 697 рет оқылды | сайтқа қосқан shalqar

0

Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде

Ұлт болған жерде тіл, тіл болған жерде оның мәселесі де болады. Қазақ тілінің мәселесі өткен ғасырдың басынан бері қозғалып келеді. Бір ғасырдан астам уақытқа созылған тіл мәселесін жаңа ғасырдың алғашқы жиырма жылдығында түбегейлі шешуге мемлекет те мүдделі. Қоғамдық пікірлер мен көзқарастар айналымында әртүрлі сауалдар дүркін-дүркін туып, арты сейіле бастады. Себебі іс қолға алынды. Ата заңымыздың 7-бабында: «1. Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл – қазақ тілі. 2. Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады. 3. Мемлекет Қазақстан халқының тілдерін үйрену мен дамыту үшін жағдай туғызуға қамқорлық жасайды» деп көрсетілген. Халық арасында Тіл туралы заң қабылданып, тіл саясатын мемлекеттік тілдің мүддесіне шешу, Мемлекеттік тілдің мәртебесін нақты белгілеу туралы әр алуан талаптар мен өтініштер бар.
Атап айтқанда, ҚР Үкіметінің «Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» қабылданды.Бұл бағдарлама бойынша бірқатар мемлекеттік органдар мемлекеттік тілді дамытуға өз үлестерін қосып жатыр.
Жоғарыда айтылған Заң бірінші талап ретінде мемлекеттік органдарға мемлекеттік тілді дамытуға барлық жағдайды жасауды міндеттейді.
Барлық мекемелермен, ұйымдармен хат алмасу тек мемлекеттік тілде жүргізілуде. Ал, басқа мемлекеттерді қоспағанда, егер де хат орыс тілінде келіп түскен болса, онда оған орыс тіліндегі жауабымен қоса мемлекеттік тілде де жауап берілуде.
Мәселен, «Халыққа қызмет көрсету орталығы» РМК филиалы Алматы қаласы бойынша Түрксіб аудандық бөлімінің ісқағаздарының барлығы – қазақ тілі, яғни, мемлекеттік тілде жүргізіледі.
Қазіргі таңда, Халыққа қызмет көрсету орталығының ішкі және сыртқы хат алмасу жүйесі толығымен қазақ тіліне өткен. Алғашқы уақытта, орыс тілінде жазылатын жалпы ережелер, нұсқаулықтар, бұйрықтар сынды іс қағаздары бүгінде тек қазақ тілінде сөйлейді. Мұның өзі аудан жұртшылығына ыңғайлылық отыр. Өйткені, Халыққа қызмет көрсету орталығының қызметі әртүрлі әлеуметтік топтағы жұртшылыққа қажетті құжаттарды ресімдеуде негізгі рөл атқарады.
«Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» деп айқын бағдар берген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Мемлекеттік қызметкерлердің қабілет-қарымдысына, соның ішінде қазақ тіліне қамшы салдырмайтындарына жан-жақты қолдау көрсетуіміз керек. Әсіресе мемлекеттік қызметке қабылданған қазақ қазақша сөйлеуі керек. Болмаса, өзге ұлттың өкіліне қалайша мұндай талап қоя аламыз. Әрбір министрлік, әкімшіліктер мемлекеттік тілге барынша қолдау көрсетіп, ынталыларға көмекті аямау керек» – деп нақты талап қойған болатын.
Мысалы, Түрксіб аудандық бөлімі Мемлекеттік тіліміз – қазақ тілінің өсіп-өкендеуіне, жандануына өз үлесін қосып, қолданылу аясын кеңейту мақсатында көптеген игі істер атқарып келеді. Оған дәлел жақында ғана өткен мемлекеттік тіл айлығы. Айлық кезінде мекемеге мемлекеттік тілді дәріптейтін түрлі плакаттар мен айшықты сөздер ілініп қойылды. Қазақ тілінің мемлекеттік басқару тілі ретінде қолданылуын қамтамасыз ету мақсатында құжаттарды рәсімдеу қазақ тілінде орындалды, әрбір құжаттың дұрыс толтырылуы, қазақ тілінде сауатты жазылуына баса назар аударылды.
Орталықтың барлық қызметкерлері «Менің мемлекеттік тілге үлесім» тақырыбына эссе жазды, «Мемлекеттік тіл – мемлекеттік басқару тілі!» тақырыбында семинар өткізілді. Қызметкерлердің барлығы мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін анықтайтын сынаққа (тестке) қатысып, жақсы нәтиже көрсетті.
Бүгінгі атқарылып жатқан шаруалар Елбасы қойған талаптың іс жүзіне асқанын көрсетеді. Ендеше мемлекеттік тілге мән беріп, оған зейін қойғандар саны уақыт санап арта берері даусыз.
Сәуле Құлбаева,
«Халыққа қызмет көрсету орталығы» РМК
Алматы қаласы бойынша филиалы
Әуезов бөлімінің қызметкері.




Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to Top ↑