banner-top12

Сұхбат 04_cimg3137_20111215_1301995771

Қосқан уақыты Мамыр 11, 2014 | 1  943 рет оқылды | сайтқа қосқан shalqar

0

Қазақтың даласындай кең болайық

2010 жылы “Нұрлы көш” бағдарламасы өз жұмысын бастамақ. Қазір еліміздің түкпір түкпірінде осы іске дайындықтар жүргізілуде. Осы жайлы Алматы облысындағы Көші-қон департаменті директорының орынбасары Құрметбек Сансызбайұлын әңгімеге тартқан едік.

– Құрметбек Сансызбайұлы,  2008 жылы Елбасының тапсырмасына сәйкес “Нұрлы көш” ұлттық бағдарламасы өмірге келді. Ендеше  оқырман қауымға осы бағдарлама жайында толығырақ түсінік бере кетсеңіз?

         – “Нұрлы көшұлттық бағдарламасы Елбасымыздың 2008 жылғы 3 шілдедегі тапсырмасына сәйкес әзірленген. Бағдарламаның мақсаты шет елде тұратын қазақтарды, отандастарды ұтымды қоныстандыру болып табылады.

Бағдарлама қоғамда кеңінен талқыланып, республикалық деңгейде бекітілді. Осыған орай қандастарымыздың жұмысқа орналасу, баспанамен  қамтамасыз етілу, жер телімдеріне қол жеткізу мәселелерінің шешілуіне, сонымен қатар бір мезгілде мемлекетіміздің демографиялық жағдайын жақсарту әрі өңірлердің әлеуметтік-экономикалық жағдайын дамыту жайы айтылған. Сондай ақ еліміздің ішкі және сыртқы көші-қон мәселесін ретке келтіру мақсатында қолға алынған бағдарлама екендігін айрықша атап өтуге болады. Осы бағдарлама негізінде көші-қон саясатындағы кемшіліктер алдағы күнде жойылатындығын айта келе бағдарламаның оңтайлы сипат алуына ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы, шет елдегі елшіліктер мен консулдық бөлімдері,  облыс әкімдері, сондай-ақ басқа да құзырлы орындар белсене атсалысуда. Атап айтсақ, Алматы облысының аумағындағы аудандар мен қалалардың өз ерекшеліктеріне сәйкес көшіп келетін ағайындарды қабылдау мен қоныстандырудың арнайы өңірлік бағдарламасы әзірленіп, Үкімет тарапынан мақұлданды. Келген ағайындарды ауылда қандай жұмыспен қамтуға болатындығын, олардың балаларын мектеп пен балабақшаларға орналастыру мүмкіндігін, дәрігерлік көмек көрсету жағдайларын, әр отбасына шаруашылық жүргізуге арнап жер телімдерін беру, шығарған өнімдерін сату, инженерлік-коммуникациялық жүйелер салу мүмкіндіктерін қарастырды. Нәтижесінде Еңбекшіқазақ, Ұйғыр аудандарында 300 отбасыдан шоғырланып қоныстанатын ауылдар, Алакөл мен Сарқан, Ақсу мен Балқаш, Райымбек, Панфилов, Іле аудандары мен Талдықорған қаласында соңғы үлгідегі жобалар бойынша инфрақұрылымы толықтай жасақталған, әрқайсында 50-150 тұрғын үй салынатын көшелер бой көтеретін болды.

         Сонымен қатар 2009 жылдан бастап өңірлік бағдарламада көрсетілген әр аудан мен қалаға қажетті мамандар тізімі бойынша шетелдегі Елшіліктер мен консулдық бөлімдер, Қазақ мәдени орталықтары жұмыс істейтін болады. Сол арқылы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінен арнайы барған адамдар бірінші кезекте келемін деген қандастарымызды “Нұрлы көш” бағдарламасы бойынша келісімшарт негізінде көшіріп әкелетін болады.

“Нұрлы көш” бағдарламасы негізінде атамекенін аңсап келген ағайындарға қандай жеңілдіктер көрсетіледі?

– Бағдарламаға сәйкес келетін қандастарымыздың саны оралмандардың жыл сайынғы квотасы шеңберінде айқындалады. Оларға көлік қызметтері мен жүк тасымалдау шығындары бойынша бір жолғы жәрдемақылары төленеді. Тұрғын үй салуға ұзақ мерзімге 4 пайыздық несие беріледі.

2010 жылдан бастап жүзеге асатын “Нұрлы көш” бағдарламасы бойынша көшіп келетін ағайындарымыз жұмыспен қамтамасыз етіліп, жер үлесі және баспанамен қамтамасыз етілумен қатар нақты жеңілдіктерге ие болмақ. Жаңа бағдарлама келгендер квотамен, бағдарламадан тыс оралғандар өз еркімен келгендер болып заңды түрде есептелетін болады.

Бұл жаңа бастама Отанына жете алмай жүрген қандастарымыздың көңіліне сенім ұялатып, көпшіліктің ішінде қолдау тауып отырған игі істің бастамасы.

– Қазақстанға өз еркімен көшіп келемін деушілерге қандай мүмкіндік бар?

 Елбасымыз өткен жылы мамыр айында Ақордада бір топ қазақ тілді бұқаралық ақпарат құралдарының басшыларымен кездесуінде халық санын өсірудің тағы бір көзі – дүниежүзіне тарыдай шашылған қандастарымыздың Отанына оралуына жағдай жасау керек екендігін тағы да қайталай айтқан болатын. «Жергілікті әкімшіліктердің бәріне өз бетімен келген адамдарға қамқорлық жасауды тапсыру керек. Баяғыда Қавказдан, Кореядан келгендерге де, немістерге де өзіміз көмектескен жоқпыз ба? Олай болса өз қандастарымыз аяғынан тұрып кеткенше қол ұшын беруімізге болады ғой. Келемін деген отандастарға есік ашық. Бірақ барлығын бірдей қаржыландырып, қаражаттандырамыз деп айта алмаймыз. Ондай жағдай жоқ. 1961 жылы Қытайдан 200 мың қазақ қоныс аударған кезде оларға да ешқандай жағдай жасалған жоқ еді. Елге сіңісіп кетті. Сондықтан сырттан келген қандастарымыз мемлекетке қол жая бермей, өздері де ширақтық танытуы керек.

Біз қолымыздан келгенше Қазақстанға өз күшімен қоныс аударатындардың қатарын молықтыруға тиіспіз. Мұның бір жолы азаматтық алу жайын жеңілдету. Өз қаржысымен келген азаматтарға заңдық-құқықтық жағынан қажетті жеңілдіктер жасау, қолдау көрсету мәселелерін тиісті орындар шешуге тиіс. Жалпы, әкімдер жұмысының бір өлшемі – өзі басқаратын өңірдегі адам санының өсуі, соның ішінде отандастар есебінен де өсуі болуға тиіс. Біз бүкіл әлемдегі қазақтарды Қазақстанға оралуды мақсат етіп отырған жоқпыз. Ол мүмкін де емес. Біз еліміздің еңбек ресурстарына деген қажетін, ең алдымен демографиялық өсу арқылы, сонан соң  ішкі миграцияны реттеу арқылы өтеуге тиіспіз» – деген еді.

Міне, осы айтылған ұсыныстар мен берілген тапсырмалардың барлығы да “Нұрлы көш” бағдарламасы аясында 2009 жылы бастау алып, 2010 жылы жүзеге асырылып Қазақстанға келемін деушілерге тиімділік жасалмақ.

– Кейінгі кездері кейбір қандастарымыз квотасын алғаннан кейін кері шегінеді деген де сөздер естиміз. Сіз мұның себебі неде деп ойлайсыз?

– Меніңше, бұл ауырдың астымен, жеңілдің үстімен жүргісі келетін кейбір ағайындардың ісі болса керек. Ар-намыстың алдында есеп беретін заман туады. Сол үшін де оларға “Есі бүтін – елден кетпес” деген сөзді баса айтқым келеді. Сонымен қатар елім деп еңіреп келген ағайындардың еңсесін түсіріп, есігінен қаратқысы келмейтін кейбір менменсіген шенеуніктерге “Қазақтың кең даласындай кең болайық, қаны бір қандасыңды қақпаламай оған сара жол көрсет” дегім келеді.

         Демек, кезінде 1991 жылдары келген кейбір ағайындардың кері қайтып кеткендері болған. Бірақ қазір олар қайта Отанына оралып, өз тіршіліктерін жасап жатыр. Ал көшіп келіп, квота қаражаттарын алған ағайындар қайтып кеткен болса, онда олар барған елдерінде тұрақты мекендей алмайды. Себебі, квотаға бөлінген қаражатты толығымен алу үшін оралман отбасының әрбір мүшесі Қазақстан Республикасының азаматтығын қабылдауға құжаттарын заңды түрде тапсырады. Елбасы ағайындардың өтініштерін қанағаттандырып, жылына 2-3 рет жарлыққа қол қояды. Осы күннен бастап “оралман” мәртебесі жойылып, Қазақстан Республикасының азаматы болып саналады.

         Қазіргі кезеңде беріліп жатқан квотаның ақшасы баспана сатып алуға жетпейтін болғандықтан, олар қайта кері кетеді деп айтылып жүр. Ешкім де екі елдің азаматы бола алмайтындықтан, олардың кешікпей Отанына қайта оралудан басқа жолдары қалмайтыны шүбәсіз.

–         Қандастарымызға квота қандай шарттармен беріледі?

– Көшіп келіп жатқан ағайындардың көптігінен квота бәріне бірдей жете бермейді ғой. Мәселен, 2009 жылы еліміз бойынша 20000 отбасына квота беріледі деп белгіленген. Өз кезегінде облысымыздағы 2750 отбасы сондай квота алу бақытына ие болмақшы. Ал көшіп-келіп, квотаға үміткер ретінде тіркелген отбасылардың саны бөлінген квота санынан бірнеше есе көптігі салдарынан мүмкіндіктің әзірге шектеулі екені айқындала түседі.

Үкіметтің 2007 жылғы 29 қыркүйектегі № 858 қаулысымен қандастарды көшіп келу квотасына енгізу ережесі бекітіліп, ереже 2008 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енген болатын. Ережеде айқындалған өлшемдерге сәйкес ең жоғары балл жинаған отбасылар квотаға енгізіледі. Мәселен, мамандығы мен кәсіби біліктілігі бар отбасының әр мүшесіне 10 балл, орта кәсіби білімі бар отбасының әр мүшесіне 2 балл, біреуден артық жоғары білімі болса 5 балл, бір жоғары білімі болса 3 балдан есептеледі. Отбасы құрамындағы кәмелетке толмаған балаларының болуы мен олардың санына қарай, 5 және одан да көп балаға 10 балдан, 3 немесе 4 балаға 5 балдан, 1 немесе 2 балаға 3 балдан қосылады.

Қандастарымыздың көшіп келу квотасына енгізілетін отбасылардың саны әрбір айға бөлінген қаражаттың көлеміне қарай айқындалады.

Қазақстан Республикасының азаматтығын қабылдаған қандастарға көшіп келу квотасына бөлінген қаражаттар төленбейді. Себебі, Елбасы Жарлыққа қол қойған күннен бастап “оралман” мәртебесі жойылады. Сондықтан квота тек оралман отбасыларына ғана беріледі.

 – “Оралман” деген атауға қалай қарайсыз?  

 – Елбасымыз “Маған оралман деген атау ұнамайды. Біз бір қазақты екіге бөлгеннен не ұтамыз? “Оралман” деген сөзді қойсақ болар еді. Онан да Отандастар, қандастар дейік” деген еді. Сондықтан мен де бұл “оралман” деген атауға келісе алмаймын.                                                

Сұхбаттасқан Айжан БОДАУБАЙҚЫЗЫ 

АЛМАТЫ – ТАЛДЫҚОРҒАН – АЛМАТЫ

2009 жыл.




Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to Top ↑