banner-top12

Ақпараттар ағымы Islamtanu11-18-1

Қосқан уақыты Қараша 17, 2018 | 308 рет оқылды | сайтқа қосқан shalqar

0

 ҚАЗІРГІ ЖАҢҒЫРУДЫ – ИМАНИ РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ ЕТУ КЕРЕК

дейді Алматы қаласында өткен «Казақстандағы исламтану мектебін дамыту бойынша зерттеу жұмыстарын ұйымдастыру» тақырыбындағы  дөңгелек үстелге қатысушылар

Islamtanu11-18-10  Islamtanu11-18-1 Islamtanu11-18-3 Islamtanu11-18-4 Islamtanu11-18-5 Islamtanu11-18-6 Islamtanu11-18-7 Islamtanu11-18-8 Islamtanu11-18-9 photo_2018-11-16_19-36-09 photo_2018-11-16_22-53-31 (2) photo_2018-11-16_22-53-32

Алматы қаласында «Казақстандағы исламтану мектебін дамыту бойынша зерттеу жұмыстарын ұйымдастыру» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.

Жиынды ҚР Қоғамдық даму министрлігі және Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының қолдауымен «Рухани құндылықтарды қолдау қоры»  корпоративтік қоры  мен  «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы»  коммерциялық емес акционерлік қоғамы ұйымдастырды.

Дөңгелек үстелде Жоба бойынша зерттеудің нәтижелері талқыланып, «Казақстандық исламтану мектебін дамыту бойынша зерттеу жұмыстарын ұйымдастыру» жобасының шеңберінде ғылыми айналымға жаңа діни ақпарат көздерін енгізу мәселесі қозғалды.

Аталмыш шараға ҚР БҒМ Р.Б. Сүлейменов атындағы шығыстану институтының директоры Әбсаттар қажы Дербісәлі, ҚМДБ-нің наиб-муфтиі, жобаның ғылыми жетекшісі Алау Әділбаев, әдебиетші, тарихшы ғалым Ислам Жеменей,  Қазақстан Республикасы Қоғамдық даму министрлігі Қоғамдық келісім комитетінің  Исламдық діни бірлестіктермен байланыстар басқармасының басшысы Мұрат Смағұлов, «Әбу Ханифа» ғылыми-зерттеу институтының директоры, ф.ғ.д. профессор Шамшәдин Керім, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия кафедрасының профессоры Төреәлі Қыдыр, «Әбу Ханифа» ғылыми-зерттеу институтының ғылыми қызметкері, дінтану саласы бойынша PhD докторы  Мұхан Исахан, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ кафедра меңгерушісі, философия ғылымдарының кандидаты, доцент Рәшид Мұхитдинов және т.б. ғалымдар мен танымал дінтанушылар, министрлік, ғылыми-сарапшылық қауымдастық және Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының өкілдері қатысты. Сондай-ақ, дөңгелек үстелге ғаламтор арқылы қосылған Стамбулдағы Ислам конференциясы ұйымына қарасты ғылыми зерттеу орталығынан т.ғ.д., профессор Әшірбек Мүминов, Түркістан қаласынан Теология және философия ғылымдарының докторы, профессор Досай Кенжетай өз ойларын білдірді.

Алғашқы сөз сөйлеген Қазақстан Республикасы Қоғамдық даму министрлігі. Қоғамдық келісім комитетінің  Исламдық діни бірлестіктермен байланыстар басқармасының басшысы Смағұлов Мұрат Нурмухамбетұлы жиынды ұйымдастырушыларға сәттілік тілей отырып, сөзін былай жалғады:

Тығыз байланыста болған рухани жəне тарихи мəдениеттің қорғаушысы дін болмақ. ал конфессиялар қоғамның рухани жəне мəдени құлдыраудан, радикализімнен сақтау қызметін атқарады.

Бүгінгі таңда діни көзқарасты өмірлік өлшемге айналдыру үрдісі қоғамда маңызды орын алып, қайта өрлеу кезеңін кешуде. Ғасырлар бойы діни мекемелер мен дін қызметкерлері халықтың дəстүрлі рухани құндылықтар мен адамгершілік санасын жақсылыққа қарай бағыттай келді. Осыған сүйене отырып мемлекеттің əрі мəдениеттің дамуына, мемлекет пен діннің қарым-қатынасына əсер етті. Алайда мемлекеттің дінге көзқарасы əр кезеңде ерекше болған. Бірде дін мелекет тарапынан қудаланса, бірде дінмен тығыз өзара қатынас орнатқан. Сол себептен бүгінгі күні зайырлы мемлекеттегі діннің орнын бекіту мен оның қоғамдағы рөлін айқындау өте маңызды деп есептелуде. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ə. Назарбаев Қазақстан халқына арналған Жолдауында: «Қазақстан – зайырлы мемлекет. Азаматтарды ар-ождан бостандығымен қамтамасыз ете отырып, мемлекет, дегенмен қоғамға өз бетімен біздің дəстүріміз бен заңдарымызға қайшы келетін əлдебір қоғамдық нормаларды тықпалайтын əрекеттерге өте қатаң қарсы тұратын болады», – деді. Елбасының айтқан сөзі өте маңызды. Азаматтарымыз діндарлық пен радикализмнің аражігін аша білуі тиіс. Ол үшін отандық исламтану мектебін қалыптастырудың маңызы зор. Осы Жоба бойынша алғашқы қадамдар жасалуда.  Сәттіліктер тілеймін!» – деп сөзін аяқтады.

Одан кейін сөз алған ҚР БҒМ Р.Б. Сүлейменов атындағы шығыстану институтының директоры Әбсаттар Дербісәлі:

Осыдан екі жеті бұрын Мәскеудегі Шығыстану институтының 200 жылдығына орай өткізілген халықаралық конференцияға қатысып қайттым. Сондағы байқағаным, біздің сонау жылдардан бері жасап келе жатқан ісіміз дұрыс екен. Яғни, Қазақ елінің Шығыс мәдениетімен, әдебиетімен қарым-қатынасы аясында қазақ жерінде дүниеге келіп, білім алып, араб тілінде орасан зор еңбек қалдырған, шығармашы­лығымен әлемге танылған тұлға­лардың өмірін зерттеуіміздің дұрыстығын заман дәлелдеп отыр, қажеттілік туып отыр. Бағытымыз дұрыс. Кеңес кезінде исламтануда Қожа Ахмет Яссауи, Баласағұн сынды 5-6 есім аталатын. Әлі күнге ештеңе өзгерген жоқ, сол баяғы 5-6 есім ғана аталады. Ал, қазіргі жазып жатқан еңбектеріміз арқылы жаңалықтар қосылады.

XVIII ғасыр­дағы Әбу-л Қасым әл-Фараби, Исмайыл әл-Жауһари әл-Фараби, Әбу Ибраһим Ысқақ әл-Фараби, Бурһан ад-Дин Ахмад әл-Фараби, Махмұт әл-Фараби, 3 Кердери, 3 Сайрами (Исфид­жаби), 7 Түркіс­тани, 31 Тарази, Байлақ Қыпшақи, Хасан Әли Жалайыри, Гийас ад-Дин Женди, Хусам ад-Дин Сығна­қи т.б. (барлығы 100-ге жуық) өмірбаяны мен мұрасын зерттеуім, Мұхам­мед Хайдар Дулатидің өмірі мен шығармашылығын зерттеу барысында Сирия, Пәкістан, Үндістан елде­ріне арнайы барып, Кашмир өлкесіндегі зиратын тауып, құлпы­тасындағы эпитафиясын тәпсір­леуім, Берлин және Қашғар қолжаз­басы негізінде Дулатидің «Жаһан наме» атты поэмасын шағатай тілінен тәржімалауым – исламтануда өз жемісін берері сөзсіз.

«Кашмирге 4-ші сапар» мақаламда біраз деректер бар. Индияның Кашимирінде «Яссыдан шыққандар» қоры бар екен. 600-дей сопылардың Яссыдан барғандығы жөнінде деректер бар. Сол сияқты, байтақ өлкеден шыққан ғалымдарымыз қаншама. Мұның бәрі ислам дінінің  таралуына ықпал еткен субъектілер. Зерттелмей, зерттелсе де айтылмай жүрген көптеген деректер мен субъектілер алдағы еңбектердің жаңалығы болмақ.Тұлғаларды зерттеу жалғаса бермек,  – дейді.

Дөңгелек үстелге ғаламтор арқылы қосылған Стамбулдағы Ислам конференциясы ұйымына қарасты ғылыми зерттеу орталығынан т.ғ.д., профессор Әшірбек Мүминов өз ойын білдірдіріп, ұсыныстарын айтты:

Әлемдік исламтануға қазақ ғұламалары да үлес қосқан. Оны әлем мойындағанын зерттеу барысындағы еңбектерден көріп жүрміз. Біз ата-бабамыздың да Ислам өркениетін дамытуға өз үлесін қосқанын дәлелдеуіміз керек. Дінді терең білген бабаларымыз болған. Біздің әлсіздігіміз – соңғы үш жүз жылда сабақтастықтың жойылып қалғандығында. Жауапкершілік тек дінтанушыларға ғана емес, дін қызметкерлеріне де жүктеледі. Журналистер, мәдениет қайраткерлері де өз үлестерін қосуы керек. Бұл – бәріміздің алдымызда тұрған үлкен міндет.

Қазақ діни білім беру мектептері 1933 жылдары соққыға ұшырады. Орал, Торғай, Қарқарылыда ислам діни мектептері жақсы дамыды. Әсіресе, Солтүстік Қазақстанда исламтану мектебі жақсы дамыған. Енді соларды зерттеуге экпедициялар ұйымдастыру қажет.

Болашақта бізде де мықты дінтану мектебі қалыптасып, жаңа жұмыстарымен әлемдік деңгейге шығады деп ойлаймын.

Елімізге дәл қазіргі кезеңде «Ислам энциклопедиясын» жасау маңызды. Бұл терминдер мен түсініктемелерді халыққа кеңінен таныта түсетіні сөзсіз.

Батыс, түрік тілді мақалаларға да көңіл бөлінсе;

Институт негізінде ғылыми зерттеулерге бет бұрған жастарға тақырып бөлетін Үйлестіру кеңесі құрылса, ол тақырыптардың қайталанбауына жол ашпақ.

Біз дүниежүзілік ғылымға үлес қосатындықтан, зерттелген еңбектердің  ағылшын тіліне аудару және ешкімге мәлім болмаған еңбектердің дүниежүзіне танытатын библиографиясын жасау маңызды.

Түркістан қаласынан бейнебайланыс жүйесі арқылы қосылған профессор Досай Кенжетай:

«Осы кезге дейін зерттелген қолжазба, тарихи құндылықтардың күнделікті өмірге пайдалану жақтарына мән беру маңызды. Мәселен, «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша 500 том еңбек мәтін күйінде болғанымен, бүгінгі қоғамдық ойлау жүйесіне қажеттілікті ұсыну жағы әлі зерттеле қоймады. Яғни проблемаларға бүгінгі қазақ қоғамына қажетті нормалармен жауап беру керек. Діни таным мен ғылыми таным  параллель жүруі тиіс. Діни сана категориясы – қазақ болмысы. Оның өткені, бүгіні және болашағы. Енді осы категорияларды тұтастандыру тұжырымы болу керек. Яғни, діни сенім, діни сана, діни таным, діни тәжірибе методологиясы жасалуы тиіс.

«Діни таным, ғылыми таным, діни сана» т.б. қажеттіліктерге қазақ санасын қалыптастыру, адамды кемелдендіру жолдары, теория мен тәжірибені тұтастыру уақыт талабы – дегенді еске салды.

Ал профессор Шамшәдин Керім «Кеңестік жүйеден ажырамай жатып зерттеуге кіріскен қазақ ғалымдарының еңбектерінен мемлекеттік жүйе бейхабар.Алайда оның маңыздылығын уақыт дәлелдеп, мемлекетіміз енді қолдау көрсетіп жатыр. Қазақтардан да ислами тұлғалар көп шыққан. Мен зерттеп жүрген Сығнақи он тоғыз том жазған, араб тілін өте жетік білген, арабтық ғалымдармен ғылыми таласқа түскен.

Итқани деген атамы зтағы бар. Ол фикх салаларын, өлең теорияларын, граматиканы зерттеп, үлкен еңбектер қалдырған. Голландиядан, Италиядан, Түркиядан қолжазбаларын алдырып, жинап жүрмін. Яғни, дін ғалымдары ұлтымызда да көп. Айта түссек, әл-Жауһари арабтың сөздігін құрастырған, әл-Фараби араб тілінде философиялық трактат туындатқан. Оның еңбетері мұсылман философиясында бірінші орында тұрады. Бұл біздің халқымыздың талантты екенін көрсетеді. Біз рухы күшті, жауынгер халық болмасақ, осындай ұлан байтақ даламызды ұстап қалар ма едік?.. Енді осындай тұлғаларымызды дәріптеу арқылы сол халықтың ұрпағының рухын қайта түлету керек. Өйткені,  дін Отанды сүюге, туған жеріңді дәріптеуге үндейді. Сондай-ақ, ислам саласындағы, Қазақстан мүфтиятының құрылуы (1990ж.), қазақтардың исламды қабылдауы (1750-1951ж.ж) сынды даталарды атап өтуді де ескеруіміз керек.

«Әбу Ханифа» ғылыми-зерттеу институтының ғылыми қызметкері, дінтану саласы бойынша PhD докторы Исахан Мұқан да өз зерттеулерінде талай тың деректердің бар екендігін тілге тиек етті. Ол ғылым жолына түсерде ұстазы айтқан «Не ғылымды түбіне жеткізе зерттеу керек, немесе ол салаға мүлде араласпау керек» деген ескертпесін жадында ұстап, ғылымның соңында үнемі ізденісте жүргенін көрсетті. «Қазақ жеріне ислам дінінің  таралуы» тақырыбындағы зерттеуі бойынша бірқатар деректерді келтірді.

Жалпы, алғашқыда түркілерге исламды тарату үшін фатх жорықтары жасалды.Омая билеушілері түркілердің саяси билігін құлату арқылы исламды Мәуреннахрға жерсіндірмек болды. Ислам дінін фатх жорықтары насихаттау Иран жерінде өз жемісін бергенмен, бұл әдіс түркілер үшін өтімсіз болып шықты. Себебі, түркілер бұрын-соңды ешбір елдің отарына түспеген, рухы азат, жауынгер халық болатын. Ал, жүрек қалауымен ғана бойға сіңетін дін деген нәзік дүниені күшпен таңу түркілердің табиғатына қайшы-тын. Дегенмен, Омая билігінің фатх жорықтары көздеген нәтижесіне қол жеткізбегенмен, түркілер осы кезеңде Хақ дінмен танысу үдерісін басынан кешірді. Түркілер қан майдандағы соғыста иілікпегенмен, жаңа дінмен танысу барысында исламның құшаққа тартып алып кететін илаһи күш-құдіретіне қарсы тұра алмады. Осының негізінде түркілерде исламдану процесі басталды.

Омаядтардан кейін ислам халифатының тізгінін ұстаған Аббаси билігі (750-1258 жж) тұсында ислам діні фатх жорықтары арқылы ғана емес, көбіне ілім мен ғылым және көркем мінезділікпен насихатталды. Ислам дінін насихаттаудың бұл жоралғысы түркілер арасында өз нәтижесін беріп, халық топ-тобымен ислам дінін қабылдай бастады. Тарих қатпарының әр кезеңінде саяси себептермен бірге исламдағы ахлаһ (иһсан) ілімінің жүйелі дәріптелуінің әсерінен Каспий теңізінің кенересінде Хазар, Еділ өзені бойында Бұлғар, Жетісу мен Мәреннахрда Қарақан, Дешті-Қыпшақта Алтын Орда атты түркілердің төл ислам мемлекеттері тарих сахнасына шықты.

Орта ғасырлық қолжазба «Насабнамада» Ысқақ бабтың (VIII ғасырдың аяғы) соғысты қойып, исламды бейбіт түрде насихаттауға көшкені айтылады. ІХ ғасырдан бастап ислам күшпен емес, бейбіт түрде насихатталып, түркілер біртіндеп исламды қабылдай бастады. Мысалы, 961 жылы Қарақан қағаны Мұса ислам дінін мемлекеттік дін етіп жариялады. Тегі, бін дінді мемлекеттік дін етіп жариялау үшін сол дінге халықтың басым көпшілігі илануы тиіс. Яғни, Мұса қағанның бұл шешімінен сол кездегі Қарақан мемлекетіне бағынышты елдің исламды қабылдағанын аңғарамыз.

Жалпы, қазақ топырағындағы ислам дінінің шарықтап дамуы кезеңі ретінде Алтын Орда дәуірін негізге ала аламыз. Сол кездегі империяның бас қаласы Сарайда Имам Тафтазани, Имам Баззази, Сайф Сарайи және т.б. ғұламалар жұмыс істеді. Әз-Баззазидің «Фатауат-ил-Бәззази» атты Ханафи фиқһына қатысты мәшһүр еңбегі осы Сарай қаласында жазылған еді. Алтын Орда ыдырап, оның қарашаңырағына мұрагер болып қалған Қазақ хандығы дәуірінде де ислам мемлекеттік дін мәртебесін иеленді. Сол кездегі Қазақ хандығын құрған 43 тайпа бір діни нанымда болғандықтан, ұйысып ұлт болып, хандықтың негізін құрды.  Қазақты толық тану үшін оның өткен тарихына көз жүгірту қажет. Ал, Алаштың өткені өнегеге толы, тұнып тұрған ғибратты ғұмыр өлшемі десек асыра айтқандық емес, – дейді.

Жиынға қатысқан әдебиетші, тарихшы ғалым Ислам Жеменей де өз ойын ортаға салды.  – Бұл салада әзірге жүйелі жұмыс жоқ, – деді ол. Осы жобаның өзі науқандық шара. 1996 жылы зерттеу жұмыстармен Түркістанға барғанымда көз жеткізгенім, біздің ғылымда тұтастық жоқ. Бір субъектіні әркім әр қырынан бүге-шігесіне дейін зерттейді, бірақ оны тұтастандыру жоқ. Бізде идеология жоқ. Мәселен, орыс ғалымы Бартольдты алыңыз, ол орыс идеологиясына жұмыс істеді. Тұтастықты дәуірлеу мәселесі жетіспейді. Дәуір, кезең құндылықтарын археология, жазба, фольклор, тарих салалары бойынша тұтас зерделеу қажет.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ кафедра меңгерушісі, философия ғылымдарының кандидаты, доцент Мұхитдинов Рашид мырза өзінің «Діни сөздердің қолданылу тарихы» бойынша сөйлеген сөзінде, діни сөздерді жүйелеу әдістерін көрсетті.

Діни сөздер этимологиясы тілдік қорына қарай, архаизмге енген және тәуелсіздіктен бергі сөздер болып бөлуге болады.

Қолданылу ерекшелігіне орай  діни термин мағынасындағы және оған қоса  тілдік қолданысұа енген сөздер.

Сондай-ақ, жазылуы бірдей болатын сөздер, кирилшеге аударғанда  қате кеткен сөздер және тәуелсіздіктен бергі уақыттағы түрік, араб тілдерінен енген сөздер.

Осылайша діни сөздерді жүйелеуге болады. Алдағы уақытта арнайы комиссиялар жүзеге асыратын терминдерді біріздендіруде діни терминдерді іріктеп, тізімін жасап беруге көмегіміз дайын деді.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия кафедрасының профессоры Төрәлi Қыдыр мырзамен қоса бірқатар қатысушылар төмендегідей ұсыныстар айтты:

Шығарманы кітап етіп басқанда қолжазбаны сол қалпында, бояуларымен  жариялауды ескеру керек. Себебі, қолжазбаларда әртүрлі түспен белгіленген харакаттар мен белгілердің өзіндік орны бар;

«Ислам жаухарлары» деген сынды хрестоматия түрінде оқулық жасап, көпшілік оқитындай ету керек. Методология ойластыру керек;

Қазақстан қоғамындағы исламның картасын толық ашу үшін  мәдениеттанушы, заңгер және т.б. тиісті мамандарды да жобаға тартып жұмылдыру керек.

Ғылыми-зерттеу жұмыстарына қаржы мен уақытты шектемеу керек;

Жоба бойынша жүргізіліп жатқан зерттеулерді  жалғастырып, Қазақстандық ғылыми-зерттеу институтына айналдыру керек;

Қазақстанға ислам экономикасы кірді. Енді ҚР Конституциясында жазылғандай, зайырлы мемлекеттің заңдарын имани ету керек:

Имани діни сананы қалыптастыру керек. Қазіргі жаңғыруды – имани рухани жаңғыру ету керек. Еуропа елдерінде рухани жаңғыру жүріп жатыр, бірақ олардыкы имансыз, рухани емес жаңғыру.

Мемлекеттік органдарға имамдарды кеңесші ретінде кіргізу керек;

Мектептер мен ЖОО-ларға «Исламтану» пәнін енгізу;

Ислами құқық  әлем бойынша Англияда енгізілген. Басқа дінде жоқ. Соны Қазақстанда да енгізу  және т.б.

Жалпы ҚР Қоғамдық даму министрлігі «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының тапсырысы бойынша орындалып отырған Жоба негізінде бірқатар құнды жұмыстар жүргізіліпті. Алайда,  жиналған деректер мен еңбектер ғалымдардың көп жылдар бойғы зерттеулерінің нәтижелері, қолдарындағы дайын дүниелері болғандықтан аз уақытта көп нәтиже беріп отырғаны көрініп тұр.  Жиынға қатысып отырған зерттеуші-ғалымдардың қай-қайсысы да қазақ даласынан шыққан ғұламалар еңбектерін зерттеу, имани-діни сана қалыптастыру үшін мұндай қомақты Жобаның аса қажеттігін, алайда  жүзеге асыруға уақыт пен қаржыны шектемеу керектігін тілге тиек етті.

Ж. Амантайқызы




Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to Top ↑