banner-top12

Әдебиет nature_162-1024x768

Қосқан уақыты Мамыр 18, 2014 | 653 рет оқылды | сайтқа қосқан shalqar

0

ҚИССА-И АНХАЗРЕТ РАСУЛДЫҢ МИҒРАЖҒА ҚОНАҚ БОЛУЫ

Бисмиллә сөз бастаймын иә, Рахман,

Нұр болып ай менен күн толықсыған.

Айтайын бір қиссаға артық, сөзден,

Тыңдаңыз, құлақ салып, дін мұсылман.

Қиссаны сөз айтайын сарасынан,

Мұхаммед екі дүние панасынан.

Жазайын Миғражды қисса қылып,

Мәулид пен Бақырғанның арасынан.

 

Бисмилла – тамам сөздің басы дейді,

Бұл сөзім шариғаттың қасы дейді.

Тыңдасаң құлақ салып мұсылмандар,

Миғражы Хазіреттің осы дейді.

 

Жүреді имандылар әдеп сақтап,

Имандыны періште тұрар мақтап.

Бұл қиссаны шығардым ғибрат үшін,

Мәулид пен Бақырғаннан мұны баптап.

 

Достысын өзге жаннан артық қыпты,

Тапсырған шапағатқа көп үмбетті.

Шақырып Хабибісін Миғражына,

Құдайым «Көрсетемін нұрым»,-депті.

 

Тыңдаңыз, Расулдың Миғражын

Бейіштен киген екен ләулік тәжін.

Миғражға қонақ болып барған жолы,

Достына көп айтыпты үмбет назын.

 

Періште хабар алған бір Құдайдан,

Нұры артық Мұхаммедтің күн мен айдан.

Көркем деп Мұхаммедтің салтанатын,

Жиылды періштелер әлдеқайдан.

 

Дін Ислам Мұхаммедке бас ұрып тұр,

Бейнамаздар дидарын жасырып тұр.

Мұхаммед Мұстафаның шарапатын,

Ғаламнан он сегіз мың асырып тұр.

 

Дос қылған Алла Тағала Мұхаммедті,

Тілепті қыспақ жолда көп үмбетті.

Бір күні өз үйінде Расул Алла,

Дүйсенбі күн кешінде ұйықтап жатты.

 

Әр жерде үмбеттерін аяп еді,

Көз жасын үмбет үшін бояп еді.

Нұр төсекте жатқанда шыншақтап,

Көзі ұйқыда, көкірегі ояу еді.

 

Көріңдер бір Алланың құдіретін,

Қондырды Мұстафаға нұр үмбетін.

“Шақыр”! –  деп, Жәбірейілге әмір қылды.

”Дидарым көрсетем” деп Мұхаммедін.

 

Жәбірейіл бұл әмірді естіп білді,

Естіп, қол қусырып түрегелді.

“Досы досының дидарын көреді”, – деп,

Райханда Ризаунға хабар берді.

 

Расул Алла – ғаламға гаухар шындық,

Осы сөз өзге сөзден артығырақ,

Періште Жәбірейіл келіп көрді,

Оттап жүр Райханда жүз мың пырақ.

 

Бір пырақ арасында зарлап қатты,

Өзі адам көрікті нұр сипатты.

Өзге пырақ оттаса, оттамайды.

Басын жерге салмастан зар жылапты.

 

Көзінен аққан жасы бір тыйылмас,

Шөбіне райханның көзін салмас.

Биттей тағат қыла алмай, зар еңірейді,

Көзінен тыйылмайды төгілген жас.

 

Жануар неден бүйтіп зарлап еді,

Қасына Жәбірейіл жетіп келді.

-Не себептен, жануар, қайғырдың? – деп,

Пырақтан Жәбірейіл сұрайды енді.

 

-Ішіңді қайғы отыңмен жандырасың,

Неліктен жүрегіңді қан қыласың?

Қасыңдағы жолдасың бәрі оттап жүр,

Не себептен шөп жемей, зар қыласың?

 

Сол пырақ Жәбірейілге берді жауап,

Еңкейіп басқан ізін қылды тәуәп.

– Мұныңды мен айтайын, әй, періште,

Қылыңыз, шамаң келсе, маған сауап.

 

Ішінде періштенің мұқаррапсыз,

Сөзіме құлағың сал, бір қарап сіз.

Қырық мың жылдай Құдайға арсыз қылдым,

Бүгін сізді Құдайым келтірді-ай кез.

 

Қырық мыңдай маған жыл болды,

Естідім бір жақсы есім үнді.

“Мұхаммед” деп шақырды айғай салып,

Қарасам екі жаһан нұрға толды.

 

Естідім сол дауысты құлақ салып,

Бойым балқып көп тұрдым, есім танып.

Құдайым ғашық қылды сол дауысқа,

Күні-түні жылаймын көп зарланып.

 

Құдайым Мұхаммедке ғашық қылды,

Өткердім жылауменен талай жылды.

Армансыз барар едім парасатқа,

Үстіме бір міндірсем Хақ Расулды.

 

Ғашықтық жүрегіме кетті өтіп,

Ғарышта және көрдім атты пітік.

Жаппар ием қабыл қып көзім жасын,

Сүйінер күн бар мекен соған жетіп.

 

Жылаймын Аллаға сонан бері,

Хақ Расул екі жаһан кемеңгері.

Қайта қайта сөйлесем, әй, періште,

Мұңымның осы тамам болған жері.

 

Жәбірейіл атты сонда: – Әй, нұрпырақ,

Қайғыңды ішіңдегі білдім, – дейді.

Тілегің берді бүгін Алла Тағала,

Қырық мың жылдай бейіште жүрсің жылап.

 

Беріпті тілегіңді сенің Қадір, Алла,

Тарқайды мен сөйлесем ішіңнен дерт.

Ерттеп қызыл жақұт апарамын,

Үстіңе мінбек болды Нұр Мұхаммед.

 

Тілегені үмбеттің – күнәһлары,

Жылайды шапағатқа жанның бәрі.

Үстіңе бүгінгі күн мінбек болды,

Он сегіз мың ғаламның Хақ Сәруары.

 

Көңіліңнің тарқар енді көп қапасы,

Әркімнің рахат болсын көп жапасы,

Үстіңе бүгін түнде мінбек болды,

Он сегіз мың ғаламның падишасы.

 

Пырақтың қабыл болды тілегі енді,

Қырық мың жылдай тақсырды тіледі енді.

Сол пырақ Мұстафаға сонша зарлап,

Тақсырдың абзалдығын біледі енді.

 

Жаһанда Мұстафаның артық сәні,

Екі дүние шырағы, ол сұлтаны.

Бейіште Пырақ ғашық Мұхаммедке,

Қалайша шыдар бұған үмбет жаны.

 

Пырақты алып жүрді мінеді деп,

Тәж ләулік алып жүрді киеді деп.

Пырақты алып жүрді жарқылдатып,

Бұларды киіп, мініп келеді деп.

 

Пыраққа ер ерттеді қызыл жақұт,

Тізгіні –  зүбәр жаттан, жүгені –  ақық.

Періште Жәбрейіл алып жүрді,

Жетелеп ап келеді жарқылдатып.

 

Бар Құдай Мұхаммедке нұрын құйды,

Ғаламнан он сегіз мың артық сүйді.

Есікте әдеп сақтап пырақ тұрды,

Періште Жәбірейіл үйге кірді.

 

Толықсып пырақ тұрды нұрға батып,

Гауһардан тізген жалын жаудыратып.

Жәбірейіл періште үйге кіріп,

Сөйлейді Мұстафаны енді оятып.

 

-Достыңыз сәлем деді әй, Мұстафа,

Екі дүние шырағы, әй, Нұрсафа.

Достыңыз қонаққа бүгін келсін, –  дейді,

Он сегіз мың ғаламға, әй, Басафа

 

Достыңыз қонаққа бүгін келсін, –  дейді,

Хале тонын үстіне кисін,- дейді.

Ләухул мафхуз, Садратул-Мунтаһины,

Хабибім сайран қылып көрсін,- дейді.

 

Достыңыз қонаққа бүгін келсін, –  дейді,

Нұр пырақты астына мінсін,- дейді.

Ғаршы-Күрсі, Ләухул-Қаламды тамаша қып,

Хабибім дидарымды көрсін,-дейді.

 

Жарлықпен періштелер жиылды көп,

Дидарын Мұстафаның көремін деп.

Ләухул-Қалам, Садратул-Мунтаһа, Ғаршы-Күрсі,

Көруге Ынтық болды жер менен көк.

 

Бар Құдай Хабибінің сүйер өзін,

Сүйікті қылған жұртқа айтқан сөзін.

Сегіз бейіш есігін ашып қойды,

Қызметке шығарып хордың қызын.

 

Осындай әмір қылды Құдауанда,

Бейіштер Пырақ алып келдім мұнда.

Жүзіңіз, Пырақ мініп досыңызға,

Сізге дидар көрсетер осы түнде.

 

Хазірет естіп білді бұл әмірді,

Алланың Бұйрығына мойын бұрды.

«Алладан әмір болса барайын» – деп,

Төсектен Расул Алла түрегелді.

 

Хақ Расул түрегелді орнынан,

Тақсырдың нұр төгілді қойнынан.

«Бисмилла» деп Хақ Расул тысқа шығып,

Пырақтың күн түсіп тұр мойнына.

 

Пырақтың ноқтасына көзін салды,

Қасына Расул Алла жақын барды.

Пырақтың сипатын көргеннен соң,

Құданың құдіретіне қайран қалды.

 

Әй, мұсылман, жарандар,

Алып келген пырақтың

Енді жайын айтайын.

Сипатына қараңдар,

Ерні қызыл гауһардан,

Нұрдан біткен иегі,

Сом алтыннан сүйегі

Жауһардан біткен аяғы,

Алтыннан біткен тұяғы.

Жұмақтан келді жаралып,

Дүниеде болмас тұрағы.

Зағыпыраннан еті бар,

Анық нұрдан ұқсасы.

Қызыл күрең сипаты,

Нұр зағыпыраннан жаралған.

Мұқым сүйек мүшесі,

Жаралған емші Ғанбардан.

Көрген адам таң қалған,

Анхазірет Расулым

Оны көріп аңғарған.

Райханнан жаралған

Құйрығы мен жалы бар.

Сондай Сұлу жануар

Бес жүз жылдық жол аттар

Аяғының әлі бар,

Сондай еді жүрісі,

Жұпардан еді иісі.

Өне бойы бәрі әбзел,

Бәрі Нұрдың кірісі.

Аттан еді зорырақ,

Әр нәрсесі молырақ.

Екі көзін Қарасың,

Нұрдан Жанған шамшырақ.

Толықсиды мол Пырақ,

Түйеден еді аласа,

Өне бойы тамаша.

Көзі тоймас пенденің,

Кел бетіне қараса.

Өне бой нұр еді,

Әдеп сақтап тұр еді.

Пайғамбарды көрген соң,

Әлгі Пырақ, жарандар,

Иіліп Сәлем береді.

Сәлемін алды Мұхаммед,

Пырақты жақсы көреді.

Айдай нұры ашылып,

Аузынан дүрлер шашылап,

Құдай досты Пайғамбар

Пыраққа жақын келеді.

Қашты Пырақ шегініп,

Жәбірейіл ұрысты жекіріп,

Пырақ зарлап жылайды,

«Тілегім бар» деп бас ұрып.

Расул айтты: – Әй, Пырақ,

Айт- дейді арызын құп сұрап.

-Алланың досы Хақ Расул,

Бүгін көрдім түсіңді,

Сізге айтайын ісімді.

Сансыз Пырақ құрметтеп,

Бәрі сізге қарайды.

Жұмақтың тұрар ішінде,

Нұрдан кежім жабылып,

Зүбәржат тізгін тағылып,

Бәрі сізге қарайды.

Ғарасат қашан болар деп,

Мінерге Сізді сағынып.

Естуге ынтық сөзімді,

Көруге ынтық жүзіңді.

Сол пырақтың бәрінен,

Бұрын көрдім өзіңді.

Сізге айтайын мұңымды.

Бүгін мені мінсеңіз,

Ғарасаттың күнінде

Тағы мені мініңіз.

Сізге айтқан арызым,

Көңілімдегі сол еді.

Мұхаммед жақын келді қасына енді,

Көзінің рақым қылып жасына енді.

Ғарасатта мінбекке уағда қылап,

Пырақтың білек салды басына енді.

Бар құдай артық қылды Мұхаммедті,

Тақсырға періштелер қызмет етті.

Пырақ мініп достына жүрмек болды,

Періште Жәбірейіл тізгін тұтты.

Жәбірейіл тізгін тұтып қызмет қылды,

Микайыл үзеңгісін басып тұрды.

Әзірейіл қолтығынан мекем ұстап,

Ысрапыл аяғынан аттандырды.

 

Хақ Расул мініп алды Пырақты енді,

Пырақтың әр тұлғасын сынапты енді.

Басқан сайын Жүрісі жүз жылдық жол,

Жүрісін жақсы қылып ұнатты енді.

 

Хақ Расул енді көкке өрлей жүрді,

Періштелір қызметін қыла берді.

Оң жағынан үн келді «Тоқта!» деген,

Пайғамбар бұрылмады жүре берді.

 

 

Жеті түрлі ғаламнан өтіп еді,

Періштелер қызметін етіп еді.

Сол жағынан үн келді «Тоқта!» деген,

Пайғамбар бұрылмады кете  берді.

 

Жәбірейіл жүрген екен оң жағынан,

Микайыл жүрген екен сол жағынан.

Алдында Ысрапыл бастап отыр,

Әзірейіл қызмет қылды арт жағынан.

 

Аңа әууәл сифатила тәжалла әйлады Алла,

Бәс андин соңра зәтила тәжалла әйлады Алла.

 

Төрт мұқаррап періште қызмет қылды,

Құрметтеп Пайғамбарды алып жұрді.

Сол сағатта Мұстафа шөлдеп еді,

Төрт қадақпен төрт түрлі шарап келді.

 

Шараптың бірі хамыр көрінеді,

Біреуі анкабиндай білінеді.

Төрт шарап: біреуі оның – сүттен,

Біреуі-Шаһд шекер көрінеді.

 

 

Хақ Расул төрт шарапты аралады,

Көңіліне екі шарап жарамады.

Сүтпенен шекерді алып ішті,

Хамыр мен Анкабинге қарамады.

 

Сол уақытта төрт тон көрді Хақ Расулы,

Жасыл, ақ, қызыл, сары-әрбір түрлі.

Құдайым төрт түрлі тон жіберіпті,

Ғаламнан пешенесі артық түрлі.

 

Бар құдай Мұхаммедке нұрын құйды,

Ғаламнан он сегіз мың артық сүйді.

Қызыл тон мен сары тонға қарамады,

Жасыл тонмен ақ тонды алып киді.

 

Сол тонның өне бойы нұрдан еді,

Хабибі Хақ Расулы нұрдан болды.

-Оңды-солды шақырған кім еді?-деп,

Пайғамбар Жәбірейілден сұрайды енді.

 

-Сіздерді тоқтатайын мұнда,-деді,

Үмбетің тозақ көрсін таңда,- деді,

Иә, тақсыр, бұрылмадың жақсы қылдың,

Шақырған оң жағыңнан дүние еді.

 

Бұ малғұн алдайын деп отыр еді,

Алдыңа жас қатын боп келіп еді.

Иә, тақсыр, бұрылмадың жақсы қылдың,

Шақырған сол жағыңнан жүһүд еді.

 

Мұхаммед естіп білді бұл әмірді,

Алланың бұйрығына мойын сұнды.

Расул Алла Пырақты мініп алып,

Мұнда Ақсаға барып кірді.

 

Сонда Мәсжід Ақсаға барып кірді,

Жыйылған пайғамбардың бәрін көрді.

Бәріне Пайғамбардың Расул Алла,

Иіліп тағзымменен сәлем берді.

 

Пайғамбар салем беріп көріс қылды,

Жиылған пайғамбарды көзі көрді.

Бәріне туған айдай хақ пайғамбар

Ішінде оның нұрдай жарып тұрды.

 

Жүз жиырма төрт мың пайғамбар,

Әзір болды соңғы барған әулиелер.

Бәрі намаз оқуға жамағат боп,

Құрметпен пайғамбардан рұқсат тілер.

 

Жәбірейіл айтты сонда: – иә Мұхаммед,

Сол сенсің Хамид уа Махмуд уа Ахмед.

Сізден өзге ешкімге лайық емес,

Жарасар әр не қылсаң, қыл имамат.

 

Мұса айтты:-Иә, тақсыр, Адам Ата,

Осыншаның бәрі де сізге бота.

Сіз оқыңыз бұ намазды имам болып,

Бізге имам болмаққа болар хата.

 

Адам айтты:- Әй, Мұса Келим,-дейді,

Көңіліме бір іс келді менің,-дейді.

Мұстафаның қасында имам болмақ,

Бізге лайық емес қой, жаным,-дейді.

 

Мұстафа имам болып азан айтар,

Сап тұрды періштелер қатар-қатар.

Екі ракағат намазға имам болып,

Дұғаға қол көтерді Хақ Пайғамбар.

 

Хақ Расур жарық қылды нұр сарайды,

Нұрына ғашық қылды күн мен айды.

Хақ Расул дұғаға қол көтерді,

«Әумин» деп күллі жаһан қолын жайды,

 

Нұр Пырақ келіп тұрды қасына енді,

Пайғамбар тағы мінді үстіне енді.

Жүрген сайын оралды нұрдан нұрға,

Көңілі дариядайын тасыды енді.

 

Оннан соң әуелінше көкке шықты,

Бір кідірмей жүреді Пырақ тіпті.

«Жамалын Хақ Расулдың Көреміз»,-деп

Жол тосып періштелер көрісіпті.

 

Болып тұр ер кейпі нұрдан өткірірек,

Тақсырдың абзалдығын айту керек.

Екінші аспанға шығып еді,

Көрісті періштелер кезек-кезек.

 

Үшінші қат аспанға шығып барып,

Қарайды жан-жағына көзін салып.

Ғарыш ағланың сипатын көргеннен соң,

Сұрайды Жәбірейілден мұны танып.

 

Періште айтты:-Бұл тұрған Ғарыш,-дейді,

Мұнымен жаңа болдым таныс,-дейді

Құданың құдіретімен мұнда тұрған,

Тұрады уағдалы әр іс,-дейді

 

Хақ Расул бұл хабарды естіп ұқты,

Төртінші қат аспанға барып шақты.

Төртінші қат аспанға жетіп еді,

Жақия, Ғайса екеуі көріс қыпты.

 

Ғайса айтты:-Мұхаммед, айналайын,

Сұрай гөр, достыңыздан үммет жайын.

Жеті түрлі тозақтан азат қылып,

Бейіштің көрсетіңіз кең сарайын.

 

Бұлармен амандасып айрылыпты,

Бесінші Қат аспанға барып шықты.

Алдынан Адам Ата,Жүсіппенен,

Көрмекке Мұхаммедті Ыдырыс кепті,

 

Жақсы сөз өзге сөзден осы қисса,

Тақсырдың сауап болар сөзін ұқса.

Алтыншы қат аспанға шығып еді,

Көрісті сәлем беріп Хазіреті Мұса,

 

Мұса айтты:-Мұхаммед, әй, перзентім,

Дозақтан аман болсын көп үмметің.

Он сегіз мың ғаламның падишаһы,

Құтты болсын Миғражың бұ дәулетің.

 

Айрылды амандасып екі нұрзат,

Аспанға шығып тұрды алтыншы қат.

Кеудесінде басы жоқ періштелір

Көрген соң, Қайраң қалды Нұр мұхаммед.

 

Жетінші көкке шықты нұр аспанға,

Көрісті періштелер сол аспанда.

Бәріде намаз оқып, сәждеде тұр,

Босанбай тұр жөндерін сұрасқанға.

 

Бір пәресі намазда тұр қатар-қатар,

Жаратқан неше түрлі жан Құдірет Жаппар.

Бір пәре тізе басып рүкүғде тұр,

Бәріде таспих пенен зікір айтар.

 

Пайғамбар бұған қайран қалды дейді,

Тамаша қып Ғарышқа қарайды енді.

Жетінші қат аспанға тамаша қып,

Бойы балқып қызығына тоймайды енді.

 

Пайғамбар бұны көріп қайран қалды,

Нұрына қайран қылды тамам жанды.

Бойы балқып Ғарышқа қарап тұрса,

Бір нәрсе аузына келіп тамды.

 

Ол нәрсе келіп тамды шарафатты,

Қардан сұйық, сүттен ақ, балдан тәтті.

Үш жүз алпыс тамырын жарып тұрды,

Шыққан жерін сұрасаң нұр сипатты.

 

Жаратқан бір Алладан әмір келді,

«Ғарышқа жылдам жүр» деп әмір қылды.

Құдіретінен хабарды естіген соң,

Көңілі қуаныштан шүкір қылды.

 

Мұстафа бұл әмірді естіп білді,

Ғажайып, ғарайыптың бәрін көрді.

Садратул-Мунтаһидан ары өтіп,

Афақ деген орынға барып кірді.

 

Мунтаһидан көріпті ол афақты,

Рафраф ахдар төсіп ахате етті.

Аяғының астына Анхазіреттің,

Алтын төсеп бір Алла құрмет етті.

 

Жәбірейіл жайды сонда шын сипатын,

Үш жүз алпыс жазыпты һәм қанатын.

Бұл сипатын Пайғамбар екі көрді,

Адам болып келуші еді заһир-батин.

 

Құданың достына қылған сәні,

Бұл жолда берді артық бес нәрсені.

Бірі-Пырақ, Бірі-Миғраж,Бірі-Рафраф,

Және һәм мініп барды періштені.

 

Садратул-Мунтаһидан ары өтті,

Афақ деген орынға барып жетті.

«Мұнан ары баратын бұйрық жоқ» деп,

Жәбірейіл сол арада тұрып қапты.

 

-Бұл Афақ – менің орным өзің кірер,

Мұнан ары орын жоқ маған көрер.

Мұнан ары мен барсам Даргаһиға,

Иә, Расул, қанатымның ұшы күйер.

 

Ол жерге нұр Пырақ тағы келіп түсті,

Хазірет оған мініп тағы да үшты.

Ғарыш ағла үстіне шығып тұрып,

Қаб қаусайн ауаданыға барып түсті.

 

Жәбірейіл кейін тұрып қылды ишарат,

«Досыңа сәлем бергін, иә, Мұхаммед».

Пайғамбар бір Аллаға сәлем берді,

Сол үшін сәлем бізге болды сүннет.

 

Көріңдер бір Алланың құдіретін,

Қондырды Мұстафаға нұр нәубетін.

«Аттахиату лилләхи уас-саллауату

Уат таийибату»,- деді Расул.

Сол жерде қонақ қылды Мұхаммедін.

 

Сәлемін достысының әлік алды,

Хақ Расул қол қусырып, шүкір қылды.

Алла тағала дидарын көрсеткен соң,

Бойы балқып денесі нұрға толды.

 

Досы досына келгенде құры келмес,

Сұрайды: «Достым маған не ап келдің?»-деп.

Не қылса Жаппар Алла құдіреті көп,

Тыңдасаң, осы сөздің сауабы көп.

 

Анхазірет бұл хабарды естіп білді,

Досына сәжде қылып, арыз қылды.

«Төрт нәрсені ап келдім Даргаһыңа,

Ораза, намаз, бірі-хажы, зекет»,-деді.

 

Көрсетті достысына Хақ дидарын,

Сондай қылса көрмейме, жанның бәрін.

Дидарын көрсеткені Расулына,

Көр, Құранда «Тәнзилә» аяттарын.

 

-Құдыретіңнен,иә, Алла,

Мен жылаймын зар қылып.

Он сегіз мың ғаламның

Падишасы сен едің.

Өз нұрыңнан жаратқан

Жалғыз достың мен едім.

Даргаһыңа зар қылып,

Мен жылаймын, иә, Алла,

Миғраждың түнінде

Бір тілекті тіледім,

Сөзімді қабыл қылсаңыз,

Көп үмбетім күнәсін

Енді маған берсеңіз.

Фазылың бірлә, иә, Алла,

Көп үмбетім күнәсін

Кешірегөр Илләһим.

Нұрға батты сүйегім,

Қызыққа батты жүрегім.

Оң қолымда ниязым,

Сол қолымда тілегім,

Көп үмбетім күнәсін

Ғафу қылғыл, панаһим.

Көп үмбетім тілермін,

Жарылқа деп жылармын.

Дәргаһыңа зарланып,

Көзімнің жасын бұлармын.

Үмбетімнің күнәсін

Кешіргіл деп сұрармын.

 

-Тілей бер тілегіңді, иә, Расулым,

Тілейтұғын уағдалы күнің сенің.

Он сегіз мың ғаламның падишасы,

Не тілесең, тілегің қабыл қылдым.

 

Жараттым досты қылып өз нұрымнан,

Не тілегіңді аяп ем бұрын сенен.

Күнәһар үмбеттерің, иә, Мұхаммед,

Дозақтың отынан болсын аман.

 

-Жаратқан Пәруардиган, иә, Құдайым,

Күнәсін үмбетімнің мен сұрайын.

Күнәсін үмбетімнің бағышласаң,

Өзге нәрсе тілеп мен не қылайын.

 

Безгенмен үмбет үшін ата-анадан,

Көп болар үмбетімде жәһил-надан.

Тілегім, иә, Иллаһи Зұлжалалым,

Дозақтан үмбетімді қылғын аман.

 

Хақ Расул бір Аллаға көп зарланды,

Айтады көңілінде бар арманды.

Басын қойып сәждеде жатып алды,

«Үмбетсіз не қылам,- деп,-бұл жалғанда».

 

Құданың Дәргаһынан уахи келді,

Құданың достысына мейірі келді.

-Үмбетіңнің күнәсін бағышладым,

Хабибім енді басың көтер,-деді.

 

Күнәсін бағышладым үмбетіңнің,

Тілегіңді беретін күнім менің.

Дәргаһыма қонаққа шақырған соң,

Құрметіме үмбетің бердім сенің.

 

Осындай әмір қылды Құдауанда,

Бес намаз дін Исламға берді сонда.

Сегіз бейіш қызығын көрер,-деді,

Бес намаз қаза қылмай келген пенде.

 

Мұхаммед рахат тәжін киініпті,

Басына ләулік тәжін ораныпты.

«Әй, Хабибім, сол жағыңа қара?»-деп,

Жеті тамұқ баршасы көрініпті.

 

Қараса, от жанады дүр-дүр етіп,

Шалқиды мың жылшылық жерге жетіп.

Оты жайнап, түтіні бықсып жатыр,

Қорқады Пайғамбардың есі кетіп.

 

Қараса, әр дозққа қан қылып тұр,

Оттан күрзі қолға алып, жандырып тұр.

Бейшара күнәсі көп пенделерді

Көрмеген азаптарға көндіріп тұр.

 

Бір түрлі адамдарды «малғұн» десіп,

Еңіретіп азап қылып тұр ернін тесіп.

Кей жанның желкесінен тілін тартып,

Кей жанды шыңғыртып тұр отқа басып.

 

Иманды мұсылмандар: «Алла»,-дейді,

«Имансыздың қасына барма»,- дейді.

Бір дозақта ата мен анасы тұр,

Таныған соң баласын зар еңірейді.

 

«Әй, перзентім, ата-анаң мұнда жатқан,

Еңіретпей, шығарып кет бізді оттан.

Ата-анасын Хақ Расул көргеннен соң,

Көңілі шаттықтан ренжу тартқан.

 

-Жараттым өз нұрымнан Мұхаммедім,

Анаңнан үш күннен соң қылдым жетім.

Екі тілек сыймайды бір көңілге,

Хақ достым, бір тілекпен болған дедім.

 

-Құдай-а, көп үмбетім тілегін бер,

Күн сайын жақсылығын асыра гөр.

Ата-анамның күнәсін тілемеймін,

Көп үмбетім күнәсін кешіре гөр.

 

Жылаңыз осы сөзге көңіл бұзып,

Бұрылды оң жағына мойын созып.

Сегіз жұмақ сарайы көрініпті,

Көз айырмай тұрғандай бәрі қызық.

 

Келеді Расул Аллаға нұры тасып,

Сап тұрды хор қыздары есік ашып.

Қатар-қатар келеді хор қыздары,

Басына дүр уа маржан, інжу шашып.

 

Құдайым Пырақты қылған күшті,

Анхазірет оған мініп таға да ұшты.

Төрт мұқаррап перішті құрмет қылып,

Мешіт Харам жанына келіп түсті.

 

Атың жақсы, Мұхаммед,

Айналайын атыңнан,

Нұрдан болған затыңнан.

Ғарасаттың күнінде

Үмбетің ерер артыңнан.

Қиямет күн болғанда,

Жан жиылып толғанда,

Сиратқа айдап барғанда,

Көп үмбетің не болар.

Періштелер ергенде,

Кей адамдар өтеді,

Кей адамдар кетеді.

Күнәсі ауыр пенделер

Қияметте не етеді?

Өз нұрынан жаратып,

«Хабибім» деп ат қойды.

Аузына жанды қаратып,

Ол Мұхаммед Мұстафа

Қонақ болған достына.

Сегіз қат көктен ары өтіп,

Достысынан тілепті

Көп үмбеттің күнәсін.

Неше мың мәрте зар етіп,

Ата менен анасын,

Тілемеді баласын.

Кеше гөр,-деп тілепті,

Көп үмбеттің күнәсін.

 

Йатакаламу Құранда бұйырда қаулаһу

Тағала (Сұбханал-ләзи әсра би ғибдиһи лайлан

Минал-масжидил-Харам илал-масжидил Ақса).

 

Расулды мейман қылған Аллаға аян,

Аш деді сегіз бейіш нұр сарайдан.

Таң атып, бамдат намаз оқыған соң,

Миғражын жұртына қылды баян.

 

Қаратты тамашаға дін сабазын,

Оқып болғаннан соң таң намазын.

Әбужәһилге айтыпты елден бұрын,

Анхазірет Расул Алла Миғражын.

 

Тыңдады құлақ салып Әбужәһіл,

Ол өзі кәпір еді діннен ғафыл.

-Әй, Мұхаммед, тек отыр, көп сөйлемей,

Мұнша өтірік айтқаның емес мақұл.

 

Көріңдер, әй, жараңдар, Мұхаммедті,

Айта ма ұялмай-ақ насихатты.

Өтірікші мұндай жан болар ма,-деп,

Айғайлап, тысқа шығып күлді қатты.

 

-Жарандар, Мұхаммедтің тыңда сөзін,

Пайғамбармын деп жүр ғой елге өзін.

Сиқыршы, жалғаншыны ел бұзғызбай,

Онан да жоғалтсайшы мұның көзін.

 

Аспанға шықтым, – дейді, – атқа мініп,

Бұған да ел шынымен жүр ме сеніп.

Ғаршы-Күрсі бәрінен қабат өтіп,

Миғражға келдім дейді қонақ болып.

 

Мұсылман міне қашып, жасыған ба,

Шынымен нана ма екен осыған да.

Осыған ерген адам оңбайсың,-деп,

Әбужәһіл айтады барша жанға.

Мұсылмандық діндері жарық болды,

Расулдың Миғражына нанған адам.

 

Кей пасық Әбужәһіл тіліне ерді,

Хақ Расул мұсылманға үгіт берді.

Көп адамның көңілі айныған соң,

Құдайдан пәрменменен аят келді.

 

Әбубәкір айтады: – Әй, жарандар,

Бекер тұрған аспанға бір қараңдар.

Мұғаллақ бұл аспанға қылған Құдай,

Олай болса еш нәрсе ойламаңдар.

 

Пайғамбар, шаһариардың келді кәрі,

Ойпаң-тойпаң болған соң жанның бәрі.

Шаһариар «иә, Алла» деп атқа мінді,

«Қырамыз,-деп,-нанбаған адамдарды».

 

Төрт жар, сахабалар атқа мінді,

«Қырамыз,-деп,-нанбаған адамдарды».

Алланың өз құдіреті айтқаннан соң,

Күмән қылмай мұсылман бәрі нанды.

 

Мұсылманды құдайым жарылқады,

Күмән қылған бір адам еш қылмады.

Дін Исламға Құдайым қуат беріп,

Сөзі өтпей Әбужәһіл назаланды.

 

Қор болды Әбужәһіл сөзі өтпей,

Ешкімді жаратқан жоқ Мұхаммедтей.

Мұсылманды азғырам деген кәпір,

Тыныш жүрді онан кейін үміт етпей.

 

Қор болды кәпір болып келген адам,

Расулға үмбет болды білген адам,

Жамағат, қол көтеріп, бір дұға қыл,

Бұл қисса осылайша болды тамам.

 

Пенде жоқ бұл дүниеде мендей болған,

Жақсыдан жаман туып әуре болған.

Ақылдан бос шайтанға досты болып,

Есепсіз күнә қылып ғаріп болған.

 

Бір күні ғарасат деп жар шақырса,

Адамнан туған жанның бәрі барса.

Жақсы, жаман баршадан жауап алып,

«Күнәһар, қайдасың?» деп мені апарса.

 

Қорқамын көзімнен қан аға ма деп,

Жылаймын жалбарынып «иә, Алла» деп.

Рахмет дарияң жетеді бұл ғаламға,

Үмітім бір тамшысы тама ма деп.

 

Мұхаммед Тәңірі досы Хақ Мұстафа,

Таңда шапағат қыласың үмбетіңе.

Жан біткеннің ішінде мен күнәһар,

Жылатып сонда мені құр тастама.

 

Құдайым досым деген Хақ Мұхаммед,

Жалыңа, аруағыңа мың салауат.

Шапағат қыл, күнәһар шермендемін,

Салауат қайта-қайта бес жүз қабат.

 

Қалдырма жақсылардан, Жаппар –Ғани,

Күнәһім хадден асқан, жоқ-дүр саны.

Махшар халқы алдында рәсуа қылма,

Сөз айтып мен пендіңнің жалбарғаны.

 

Иә, Алла, қабыл айла бұ қажетім,

Жетеді бұл ғаламға Рахман атың.

Иә, Рахими, махшарда рақым қылып,

Күнәсін кешіре гөр пенделердің.

 

Өмірім өтті, білмедің шерменде боп,

Көңілімді харам қылдым, нәпсі-мәрдут.

Қылғанына қарасам уайымым көп,

Фазылыңа қарасам-үмітім көп.

 

Әркімге ғибрат үшін жаздым мұны,

Жайымыз қандай болар махшар күні.

Иә, Алла, рахметі көп, жарылқағыр,

Ғафу қып мен ғасының күнәһыны.

 

Мұны жазған, сұрасаң, қожа затым,

Жақсылар, айып етпе, жазған хатым.

Әкем аты – Шайхыслам қожазада,

Жүсіпбек, мұны жазған-менің атым.

 

Көңіліме жаздым Құда салғаныны,

Ақын қожа деуші еді әркім мені.

Хата болса оқыңлар өзің түзеп,

Ғалат боп айып қылма қалғаныны.

 

(Қисса «Бабалар сөзі» кітабынан алынды)

 




Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to Top ↑