banner-top12

Таным 1262973658_aktau-city2

Қосқан уақыты Желтоқсан 11, 2008 | 859 рет оқылды | сайтқа қосқан shalqar

0

Қиыр мекен, кенді түбекте өткен дәстүрлі мәдениет көші

                       (Тұғырлы тұлғаға тағзым, толағай туындыға аз мін)

 

Қарашаның 24-30 жұлдызында Ақтау қаласында Қазақ өнерінің жарық жұлдызы, ғаламат дарын иесі актер Нұрмұхан Жантөриннің 80 жылдығына арналған Қазақстан театрларының XVI Республикалық театр фестивалі болып өтті. Ерекше сән салтанатымен ұйымдастырылған өнер мерекесі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Маңғыстау облыстық әкімдігінің тікелей қолдауымен өткізіліп, оған Қазақстан театрларының 12 ұжымы қатысты.         

         Киелі мекен кең түбек Маңғыстау топырағына кіндік қаны тамып, өнер қуып қиян кеткен  биік тұлғаның 80 жылдығына арнайы ұйымдастырылған мерейтой бір аптаға ұласты. Мәдениет ошақтарының өрісі кеңейіп, гүлденуі сол елді басқарып отырған ел ағаларының қолдауына тікелей байланысты екендігі белгілі. Фестивалдың алғашқы күні саңлақ таланттың есімін алған Нұрмұхан Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық музыкалық драма театры еңселі ғимараты алдында облыс әкімі  Қырымбек  Көшербаевтың өзі актердің кеудемүсінін ресми ашып, салтанатты түрде мерекені  бастап берді.

Театр ұжымдарының шығармашылық ізденістерін ынталандырып, осы заманғы сахналық үдерістерінің басым бағыттарын анықтап, театр репертуарларын жоғары деңгейдегі қойылымдармен толықтыру мақсатын көздеген фестивалдің өткізілу барысында Мәдениет министрлігі тарапынан облыстық театр қойылымдарына арнайы іріктеу жүргізіліп байқауға қатыстырылатын театрлар құрамы күні бұрын анықталыпты. Арнайы іріктеуден өткен театрлар осы фестиваль аясында  соңғы жылдарда қойылған түрлі жанрдағы классикалық үздік қойылымдарын көрермен назарына ұсынды. Өнер бәсекесіне бақ сынай келген театр ұжымдарының ішінде алғашқы болып Өскемен қаласының Жамбыл атындағы Шығыс Қазақстан облыстық драма театры Жүсіпбек Аймауытовтың «Ақбілек» драмасы бойынша өнер көрсетті.

Актер, режиссер үшін еңбектің лайықты бағаланғанынан артығы жоқ. КСРО Халық әртісі Асанәлі Әшімов, театр қайраткері, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитеті Өнер басқармасының бастығы Бақыт Бөкебаев, театр сыншысы, өнертану ғылымдарының кандидаты Жанна Жантөрина, театр сыншысы, өнертану ғылымдырының кандидаты, профессор Сәния Қабдиева, журналист, «Казахстанская правда» республикалық газетінің Мәдениет бөлімінің шолушысы Бекен Қадыров, Қазақстан суретшілір одағының мүшесі, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Есенгелді Тұяқов және Қазақстанның халық әртісі, режиссер, профессор Есмұхан Обаев сынды өнер қайраткерлерінен түзілген қазылар алқасы әрбір қойылымдарға талдау жасап тұжырымдап отырды.

Күніне екі мезгіл спектаклден көрсетіп, Ақтаулық көрерменнің ықыласына бөленген театр ұжымдарының дені жастарды құрайды екен. Мәселен, Сәбит Мұқанов атындағы Солтүстік Қазақстан драма театры, Түркістан және Өскемен театрларындағы аға ұрпақтың өнеге үлгісімен өнерге келіп жатқан жас толқын жастар легі өздерінің соны ізденістерімен көңілге әлдебір жылылық ұялатты.

Өндірдей жас актерлер труппасының сахналық шеберлігі келісіп, режиссура да ұтымды шешімін тапқан қойылымдардың ішінде Солтүстік Қазақстан облысы Петропавл қаласының С. Мұқанов атындағы мемлекеттік қазақ сазды-драма театрын ерекше атауға болар еді. А. Володин шығармасы бойынша сахналанған көркем идеялық мазмұны терең күрделі аударма «Қос жебе» драмасы режиссерлық тың көзқараспен, актер шеберлігімен өнер сүйер қауымды елең еткізді. Қойылымды жас театр ұжымы С. Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық драма театрының бас режиссері К. Қасымовты арнайы шақыртып тұңғыш 2007 жылы сахналаған екен. Алғашқы қауымдағы адамдар бейнесіне еніп, өмірдің ақ пен қарасын ажыратып тек қана әділдікке қызмет ету жолын меңзеген кейіпкерлердің қилы мінездердегі сахналық кескіндері сәтті қойылған.

Бүгінде республиканың үздік театрлар қатарынан көріне білген Ж. Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыкалық драма театры қойған Э. Филиппо шығармасының аудармасы «Филумено Мартурано» комедиясында орта буын тәжірибелі актерлермен қатар сахнаға енді ғана қадам басқан жастар тобы өнер көрсетсе,  Қызылорда облыстық Н. Бекежанов атындағы қазақ музыкалық драма театры сахналаған Таупық Әл-Хакімнің «Сұлтанның сасқаны-ай» комедиялық спектаклі аға буын, орта, кіші буын басы 60 жастан бастап 9-10 жасар балаға дейінгі буынды құрайтын труппаның бай құрамымен ерекшеленді. Сондай ақ біртуар актердің есімін алған Н. Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық музыкалық драма театрының жас толқын өнерпаздары орындаған Ф.Эрве шығармасының аудармасы «Мадемуазель Нитуш» комедиясы көрерменнің биік талғамына жауап бере алатындай туындылар қатарында болды десек қателеспейміз. Қойылымның сапалы болуы режиссерлық тапқырлықтың жан-жақтылығы мен терең ізденуіне көп байланысты дейтін болсақ, Павлодар театры режиссері Ерсайын Тәпенов, Қызлорда театры режиссері Әмір-Темір Хұсейін Жүсіпұлы, режиссері Гүлсина Мерғалиева мен Нұрнияз Мұқанұлы басшылық ететін Н. Жантөрин атындағы маңғыстау театры сынды аталмыш үш театр ұжымында да  режиссер мен актерлер ойыны тоғысып, бір-бірінің еңбегін толықтырып, сахналық шығарма сәтті шыққандығының куәсі болдық. Спектаклдегі ансамблдік бірлестік сақталып, шағын мизансценалар жасауда әртүрлі қимыл әрекеттердің құйып қойғандай үйлесуінің өзі театр ұжымы мен режиссерлық ұтқыр шешімнің тәжірибедегі ахуалынан хабар беріп тұрды. Аталған театрлар сахналаған қойылымдардың жанры ұқсас болғанымен көркемдік көрік, тың мазмұн тауып әр қайсысы өз дәрменінше бүгінгі күннің өзекті мәселесін көрсетуде  сауатты да мәдениетті түрде әрқилы ізденгені көңіл қуантты.

Режиссер марқұм Райымбек Сейтметов қасиетті Түркістан топырағында қабырғасын қалап, іргесін көтерген Түркістан қалалық сазды-драма театрының бүгінгі тізгінін өз қолына алған театрдың көркемдік жетекшісі Ерғали Оразымбетұлы Шот-Аман Уәлиханның «Кадет Шоқан» тарихи драмасын алып, үш күн үш түндік шалғайлы мекеннен ат терлетіп осы өнер додасы үшін арнайы жетіпті. Қойылымның сахналануынан кейін жас актерлардың шеберлігіне ризалық білдіріп, талдау жасаған қазылар алқасының мүшесі Есмұхан Обаев сахнада ойнау шеберлігінде актерларға тұсау боларлықтай үйреншікті қағиданың тоңын жібітіп, ұжымның дәуір тынысына сай жаңа талаптармен еңбек етуін тілге тиек етті. Маман сыншылардың талқысына түскен аз-кем кемшіліктеріне қарамастан «Кадет шоқан» қойылымындағышығармашылық жас ұжымның аз жылдар ішінде күрделі сахна шеберлігін меңгергендігі байқалып тұрды.

Фестивалға қатысқан қойылымдардың жақсы қасиеттерімен бірге, айтарлықтай кемшіліктері де кездесіп жатты. Мәселен, Махамбет Өтемісұлы атындағы Атырау облыстық қазақ драма театры сахналаған  М. Әуезовтың «Қарагөз» трагедиясы көрерменді оншалықты баурап ала қойған жоқ.

І.Омаров атындағы Қостанай облыстық қазақ драма театры қойған «Еңлік-Кебек» трагедиясынан да біраз кемшіліктер байқалды. Сахнадағы  оқиға пердесі Мұхтар Әуезовтей біртуар тұлғаның көркем ойымен өрнектеліп пәрменді басталғанымен қойылымның маңызын ашатын декорация, кейіпкерлердің киім үлгісі қонымсыз  болды. Оған қоса қойылымдағы ең күрделі міндет басты кейіпкерлердің үлесінде екендігін ескерсек, спектакльдегі басты деген соқталы рольдерде сынға түскен жас актерларының сахна өнерінде әлі де болса балаңдығы байқалып қалды.

Ұлттық драматургиямызда тыңнан түрен салған Мұхтар Әуезовтей дарын иесінің еңбегін өз биігінде жеткізе алмаған облыстық қос театрдың атына айтылған сын да ауыр болды. Қойылымға сараптама жасай келе қазылар алқасының мүшесі Бақыт Бөкебаев:

 «Режиссер, актер, суреткер болып ынтымақтаса  қызмет етуді талап ететін бұл қойылым әлі де болса шоқтығы биік шеберлікті талап етеді. Егер М. Әуезовты білмейтін кісі мына қойылымды көрсе, біздің тегеурінді жазушымызды ең нашар жазушы екен деп ойлаған болар еді. Сондықтан бұл қойылымды елге көрсету ұят, біз бұл спектакльді жоқ деп бағалаймыз» -деп Еңлік-Кебек трагедиясына салмақты сын айтты.

Елордамыз Астанадан В. Делмар шығармашылығынан аударылған «Баянсыз бақ» психологиялық драмасымен келген Қ. Қуанышбаев атындағы қазақ музыкалық драма театры  ұжымының сахналаған қойылымына да Тахауи Ахтанов атындағы Ақтөбе облыстық драма театрының орыс труппасы сахналаған Н. Гогольдің атақты «Үйлену» комедиясына да сарапшылар тарапынан ұқсас пікір айтылды. Екі спектакльде де актерлар тобы лайықты өнер көрсеткенімен сахнаның сценографиялық тұрғыдан декорациясының тым күңгірт тартқан сүреңсіздігі айтылды. Сонымен қоса режиссердың профессионалдық дайындығының таяздығы да сөз болды. Дәл осы тұста сарапшылар сахнадан көрсетілетін адамға кері әсер тудыратын мизансценалық көріністер мәселен темекі шегу, анайы сөйлеу, әртүрлі ұсқынсыз жесттерді сахнада жасап көрсетудің қажеттілігі шамалы екендігін баса ескертті.

Эксперименттік қойылым ретінде У.Шекспирдің «Гамлет» трагедиясын көпшілік назарына ұсынған Астана қаласы Қазақ Ұлттық музыка академиясының «Актерлік шеберлік пен режиссура кафедрасы» студенттерінің  модерн үлгісіндегі қойылымының кескіні өзгеше болды. Орыс тілінде басталған қойылымда небәрі үш актер бастан аяқ ойнайды. Қазақ, орыс, ағылшын үш тілді қамтыған спектакль аз актермен саз ойналып шыққан туынды болды. Бүгінгі «Гамлетті» қыз бейнесінде сомдаған актрисаның ойнау шеберлігі талғамы биік көрерменнің көңілінен шыққан сыңайлы.

Театр фестивалінің соңғы күндері Орал қаласының Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театры сахналаған А. Камюдің «Калигула» трагедиясы да көрермен қауымның эстетикалық көркемдік талғамын қанағаттандырған қойылымдардың бірі болды. Шырғалаңға толы бір-бірімен сабақтасып жатқан үрдіс бойынша сан қилы заман үрдісінде 27 жасында ел билеп озбыр зұлымдығымен бұқара жұрттың жадында мәңгі қалған «Калигуланы» тарихи дәлдікті дөп басып шебер сомдаған тастүлек өнерпаз Қуаныш Амандықовтың өнеріне қалың көрермен қатты сүйсінді. Қойылым режиссер, суретші тарапынан да сәтті бағасын алған спектакльдердің бірі болды.

Әр қойылымның соңынан өнер көрсеткен ұжымдарға арнайы сыйлықтар мен Нұрмұхан Жантөриннің кеудемүсінінің сувинерлік нұсқасы ескерткішке табысталды. Халықтық мерекеге айналып, үлкен дүбірмен өткен бұл театр фестиваліне Ақтаулық көрермен ерекше ықылас білдірді. Күн сайынғы қойылымдарға көрерменнің көптеп келгені соншалық тіпті, залға сыймай бір топ көрермен сыртта да қалып жатты. Мұнымен Маңғыстау тек кен қазынаның мекені ғана емес рухани мәдениеті өскен көрермені бар өңір екенін де көрсетті.

Бір аптаға созылғанXVI Республикалық театр фестивалі де өз мәре сызығына келіп жетті. Жабылу салтанатында 7 адамнан түзілген қазылар алқасы атынан сөз алған Қазақстанның халық әртісі, режиссер Есмұхан Обаев Біртуар тұлға Нұрмұхан Жантөриннің 80 жылдығына арналған фестивальдің табысты өткендігін, өнер додасының күткен үдеден шығып, режиссердің  шешімінің ұқыпты  таңдалғандығы, бәрі-бәрі  бір сөзбен айтқанда фестиваль сәтті өткендігін сөз ете отырып, фестивальға қатысқан барлық 12 театр ұжымына да  салтанатты түрде арнайы дипломдар табыс етті.

Нұрмұхан Жантөриннің шаңырағы атынан тағайындалған арнайы сыйлықты  актердің  жары Жантөрина Маргарита Викторовна Астана қаласындағы Ұлттық қазақ музыка академиясының «актерлік шеберлік және режиссура» кафедрасының 5 курс студенті жас режиссер Юрий Толочкоға табыс етті. Тек бұл ғана емес жас режиссер қазылар алқасының шешімімен 200 мың теңге сыйақымен  «Үміт» сыйлығымен де қоса марапатталды. Сондай-ақ «Ең үздік екінші аядағы ер адам бейнесі сыйлығымен марапатталып, 250 мың теңге сыйақы Махамбет Өтемісұлы атындағы Атырау облыстық драма театрының актері Совет Қожабековке берілді. «Екінші пландағы ең үздік әйел бейнесі үшін» сыйлығымен 250 мың теңге сыйақымен Н. Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық музыка драма театрының актрисасы Майра Бақытнұрова марапатталды.

«Дебьют» сыйлығы үшін марапатталып 200 мың сыйақы көлеміндегі премия Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрының режиссері Мұханғали Томановқа тағайындалса талантты режиссер қойған спектакльдің басты кейіпкері  «Калигуланы» сомдаған Қуаныш Амандықов 300 мың теңге сыйақымен «Ең үздік ер адам бейнесі» сыйлығымен марпатталды. Қуаныштың сыйлығын табыс ете отырып сөз алған КСРО халық әртісі Асанәлі Әшімов:

– «Осы фестивальдегі көрерменнің жанын жадыратып, жанарын жарқ еткізген бейне осы «Калигуланың» бейнесі болды. Бұл жігіт менің жастық шағымды есіме түсірді. Бақ құсындай басына ерте қонған дәрежеге мақтау мадаққа дандайсымайды ғой деп ойлаймын. Келешегі зор. Болашақта бұл актер туралы әлі талай еститін боласыздар, сондықтан құттықтаймын балам!» деп сөзін түйіндеді.

Ал «Ең үздік әйел бейнесі» сыйлығымен марапатталып, 300 мың теңге сыйақымен Қалибек Қуанышбаев атындағы қазақ музыкалық драма театрының актрисасы Гүлжан Әспетова марапатталды. В. Дельмар шығармасының аудармасы бойынша режиссер Әзірбайжан Мәмбетов қойған «Баянсыз бақ» спектаклінде Гүлжан Әспетова  Миссис Купер бейнесін шебер сомдаған болатын. Қомақты сыйақыдан шебер режиссерлар да құралақан қалмады. «Ең үздік режиссерлық шешімі үшін» сыйлығымен 350 мың теңге сыйақы Түркістан сазды-музыкалық драма театрының режиссеры Ерғали Оразымбетовке тағайындалды.

Ал театр ұжымдарының марапаттау рәсіміне келетін болсақ, 250 мың сыйақы мен арнайы дипломмен Өскемен қаласының Жамбыл атындағы Шығыс Қазақстан облыстық драма театры «Ақбілек» драмасы үшін және І. Омаров атындағы Қостанай облыстық драма театры «Еңлік-Кебек» трагедиясы қойылымымен марапатталды. Фестивальдің «шығармашылық табысы үшін» арнайы дипломымен қоса 250 мың теңге сыйақымен Т. Ахтанов атындағы Ақтөбе облыстық драма театры «Үйлену» комедиясын қойғаны үшін марапатталды.

Дүбірлі фестивальдің үшінші орын жүлдесімен марапатталып, 500 мың теңге сыйақы Нартай Бекежанов атындағы Қызылорда облыстық музыкалы сазды драма театры ұжымына «Сұлтанның сасқаны-ай» комедиялық қойылымы үшін берілді. Екінші орын жүлдесі және 600 теңге сыйақымен Сәбит Мұқанов атындағы Солтүстік Қазақстан облыстық музыка сазды драма театры «Қос жебе» драмалық қойылымы үшін марапатталды.

Фестивальдің бірінші орын номинациясы облыстық театрлардың  ішінде жұлдызы жанған екі театр ұжымына берілді. Жүсіпбек Аймауытов атындағы Павлодар облыстық драма театры «Филумено Мартурано» комедиялы қойылымымен және   Нұрмұхан Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық сазды-драма театры «Мадемуазель Нитуш» көп көрерменге «Түлкі бикеш» атауымен танымал комедиялық қойылымы үшін жүлделі бірінші орынды иемденді.

Сонымен, Ұлы актердің жолын қуған, бүгінде есімін алып туын желбіреткен талантты ұрпақтары ұлы шебердің даңқын елге бұрынғыдан да гөрі  мәшүр ете түсетіндігін тағы бір дәлелдеді. Әр облыстан келген театр ұжымдарын қарсы алудан бастап оларды қонақ үйлерге жайғастыру, ас суларын уақтылы дайындап беру, қаланың  көрікті жерлерімен таныстыру, аралату деген сияқты жұмыстардың барлығында да жергілікті Маңғыстау облыстық Нұрмұхан Жантөрин атындағы театрдың тұтастай ұжымы тік тұрып қызмет етті. Осы істерге басшылық жасаған театр директоры Нұрнияз Мұқанұлы Мұқанов мырзаға көпшіліктің айтқан алғысы шексіз.

Облыс әкімі Қырымбек Елеуұлы Көшербаев мырза болашақта облыс тарапынан жергілікті мәдени ошақтарға бұданда жақсырақ көңіл бөлінетіндігін және Каспий жағалауында театрға арналған ақшаңқан зәулім сарайдың жобасы сызылып, театр құрылысының жақын жылдарда ерекше қарқынмен басталатындығын қуанышпен жеткізді.

Төл театрларымыз бен драматургтеріміздің, режиссерлар мен актерларымыздың бағытын анықтап, шабысын байыптауда мұндай ауқымды мәдени шараны жиі өткізудің орны орасан. Мәселен, режиссура өнерінің тапшылығынан жүдеген кейбір жас театр ұжымдары өз орталарынан режиссер кадрын дайындауды қолға алыпты. Қазір кейбір облыстардың театр сахнасында актерлар арасынан шыққан режиссерлардың туындылары көпшілік көрерменге ұсынылып келеді. Сондай-ақ бүгінгі рухани жан азығы, тіл ұстартудың биік үлгісі саналатын сахна тілінің салмақсыз, сылдыр сөзге айналып бара жатқандығы, актердің сахнада сөз саптау өнерінен гөрі эмоциялық айғайға, көбінесе тек қимыл әрекетке баса ден қоятындығы да баса айтылды. Мұны сыншылар университет қабырғасында білім алып жүрген студенттерге арналған «Сөйлеу өнері» пәнінен дәріс беретін арнайы тілмаш мамандардың жетіспеушілігі мен тәжірибесіздігі салдарынан болған кемістік екендігін де айтып өтті. Осы секілді театр ұжымдарындағы түйінді мәселелер жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп отыратын театр фестивальдерінде шешілуі керек деген ұйғарымға келді.

Театр фестивальінде куә болған тағы бір жәйт туралы айтайық. Республикалық театр фестивалінің барысында шалғай жерлерден жеткен өнер ордалары бір-бірінің ойынын тамашалуға мүмкіндігі болмады. Бүгін қойылым қойып өнер көрсеткен ұжым спектакльдерін сахналап болысымен-ақ жүктерін қайта жиып, елдеріне қайтып кетіп жатты. Яғни театрлар арасындағы шығармашылық байланыс түзілген жоқ. Фестивальдің соңын тосу үшін олардың жататын орындарына, тамақтануына жеткілікті қаражат алдын ала бөлінуі керек еді. Бұл жағы ойластырылмаған. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитеті Өнер басқармасының бастығы Бақыт Бөкебаев, министрлікке дәл осы мәселені шешуді жеткізетіндігін айтты.

Театрдың шығармашылық деңгейіне, актерлар ойыны жалпы режиссерлық шешімдерге берілген бағалар, толық сын-ескертпелер арнайы театр мамандарының ендігі айтар әңгімесі. Ал біз өз тарапымыздан көзбен көрген әсерімізді там-тұмдап болса да тілге тиек етуді ниет еттік және бұдан былайғы уақытта ұлттық төл театрларымыз арасында гастрольдік сапарлар жобасы өзінің тиісті ырғағына түсіп, театр өнеріне лайықты көңіл бөлінер деген үмітті үкіледік. Жыл сайынғы халықтық дәстүрге айналып үзілісісіз өткізіліп келе жатқан «Еуразия» кинофестиваліне мұхиттың арғы бергі жағынан шақырылатын дәстүрі де тілі де өзге актер, өнер майталмындарының тек біреуіне ғана жомарттықпен ұсынатын сый тартуымыздың шығыны ұлттық театр ұжымдарының бір труппалық ұжымына кететін жол шығынынан асып түсетінін ескерсек, өзгенің қаңсығын өзімізге таңсық еткенше ұлттық қазынамыздың қомақты бөлігі төл өнеріміздің игілігіне жаратылып жатқанына не жетсін?!

Жазира АМАНТАЙҚЫЗЫ

Алматы-Ақтау-Алматы

2008 жыл.




Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to Top ↑