banner-top12

Әдебиет photo-162204

Қосқан уақыты Желтоқсан 13, 2016 | 730 рет оқылды | сайтқа қосқан shalqar

0

Қожа Ахмет Йасауидің ұстазы – ирандық Жүсіп әл-Хамадани

Ислам Жеменей, ф.ғ.д.

Қазақ әдебиетімен мәдениетін түркілік дәуірдің рухани құндылықтарына сәйкес, табиғи түрдегі жалғасы іспеттес екендігін оның ішкі мазмұны әрі сыртқы бет-пішімінен-ақ көре аламыз. Түркі мәдениетінің  ең сүбелі үлесі исламдық кезеңдермен тұспа-тұс келеді. Бірақта исламдық құндылықтарды түркі даласына кеңінен тарауына жол ашқан тек қана түрік халықтарының шайырлары, ғалымдары екен деп шектеуге болмайды. Өйткені  араб-парсы ойшылдарының да бір Алланың барлығына, кемел сана екендігіне әбден сеніп, ислам философиясына, ислам ғылымына ден қойып зерттеуге жетеледі. Сол себептен де араб, парсы, түркі даналары әу-баста бірін-бірі ұлт-ұлысқа бөлмей-ақ ислам дүниетанымын адамзат әлеміне кеңінен өрістей беруін ниет қылып аянбай шын жүректен, барлық ықыластарымен пайым-парасатымен  хақ дін жолына  қызмет жасады. Араб, парсы және түрік халықтарының мекен еткен отандарында түрлі саяси ағым тақталастың қамымен бір-бірімен арпаласып, шайқасып жатсада үштіктің ғалымдары, ойшыл ақындары исламның рухани жарқын нұрына тәнті болып, жалпы адамзаттың мәңгі бақыты осы ислам дінінің тұңғыйық тереңдігінде жатқанын түсініп, өтіп жатқан саяси қақтығыстардың қайшылықтарына қарамастан үш елдің кең байтақ жерінде орналасқан білім ордаларында, ғылыми орталықтарында бір-бірін жатсынбай оқыды, әрі оқытты. Сөйтіп, білім мен ғылымдарын жетілдіріп орта ғасырлық адамзат тарихында теңдесі жоқ мәдени-ғылыми ренесанс жасады. Соның арқасында барлық әлемде адамзат өмірімен тіршілігіне жаңа кеңістік пайда болды. Табиғат заңдылығы болар әрекет, қозғалыс қаншалықты биіктеп, қарқынды болса да, белгілі бір биіктікті бағындыра келе өз шыңына жетіп құлдилайды. Өйткені, адам баласы қаншама дана болсын, ақылман болсын кемел дана, кемел ақыл емес. Яғни, Құдай емес. Сондықтан адамзаттың ақылынан өмір тәжірибесінен туындаған игі нәтижелер өзінің тектесі өзге адамдарға басқаша атаумен аталатын ұлт-ұлыстарға ауысып, жаңарып отырады. Бір қарағанда адам өмірі қайталанып тұрғандай болып көрінеді. Бірақ шын мәнінде әр бір қайталау биіктеген бір белес екендігін аңғармайда қаламыз. Сондықтан  ислам дүниетанымында  жаратылыс қайталаған толқындар сияқты көрінгенімен дүниеге алып келген рухани құндылықтар мен табиғатқа тән білім қазынасы адамзаттың берекелі өмір сүруіне, өсіп-өнуіне, өркендеуіне миуалы ағаштың ұрығы сияқтанады. Толассыз жер шарын айналып жүреді. Бірде шығыстан батысқа қарай ауысты. Ол жерден де әжептәуір түптеп жапырағы жайқалған білім мен ғылым ордаларында жаһандық арнаға даналық нұрын шашады.

Міне, осыдан келіп түрік халықтарының VІІІ-ХV ғасырлар арасында саяси тартыстарға қарамастан үштіктің үлкен білім-ғылым ордасы шаңырақ көтерген-ді. Сол үшін Әбу Нәсір Әл-Фараби (870-940) Түркістан топырағында қазіргі қазақ елінде дүниеге келіп, Бағдат қаласында білімін жетілдіріп, ислам негіздерінде дүние жүзілік ғылымға қомақты үлес қосты. Сөйтіп Сирия елінде пәни дүниеден бақи әлеміне аттанды. Сондай-ақ араб-парсы жұртының ойшылдары түркі даласында даналық гүлін өсіруге тынбай кезді. Соның арқасында түркі, араб, парсы елдерінің тарихи-саяси, мәдени дүниесі бір-бірімен тонның ішкі бауындай байланысып кетті. Сондықтан олардың тарихын, саяси ахуалын, мәдени құндылықтарын бір-бірінен ажыратып, жекелеп зерттеу мүмкін емес. Өйткені Орталық Азияның рухани әлемінде Ибн Араби (1165-1241) ойының ұшқындары түркі ғалымдарының ойымен ұштасып жатса, Иранның Хамадан қаласының маңында туған Жүсіп Хамаданидың (1048-1140) түркістандағы ағартушылық мектебі түркілік дүниетанымға үлкен ықпал етті. Ол Бағдат қаласында білім алды. Түркістан кеңістінде түркі-парсы тілдерінде шәкірттер тәрбиеледі.

Осы тұста айтарымыз, орта ғасырларда түркі, араб, парсы елдерінің  рухани бірлігіне ислам дінінің рухани құндылықтары негіз болды. Жалпы алғанда ең маңыздысы олардың ғалым-ғұламалары ислам дінінің бір мәзһәбінің төңірегінде бірлесуге атсалысты. Мәселен Жүсіп Хамадан, Хафиз Ширази, Сағди Ширази, Шейх Аттар, Абдолла Әнсари, Әбдірахман Жәми, Маулана Жалаледдин Руми, Әлішер Науаи тағы басқа үштіктің ойшыл майталмандары ислам дінінің сұнни мәзһәбін ұстанған үшін де емін-еркін араласып, бірін-бірі оқып, ой бөлісіп жатты. Олардың  діни ұстанымы бір болғандықтан, олар бір-бірінен алшақтап кетпеді. Әрі бір-бірін өзге ұлт деген көзбен қарамады. Сондықтан үш тілді білетін ғалымдар «нұрлы тілді» білетін тұлға ретінде бағаланды. Сөйтіп, үштіктің тілі де өз деңгейінде өзара қолданыста жүрді. Бірі артық, бірі кем. Сол үшін де парсы тілімен әдебиеті өз әсерін түркі шығармаларында байқатып жатса, түркі тілі мен әдебиеті, мәдениеті ХІІІ-ХІV ғасырлардан бастап парсы жұртының әдеби-мәдени қорына қарқынды түрде көптеп ене бастады. Соның ізі қазірдің өзінде парсы тілінің құрамында анық көрінеді. Мәселен, түркі тілінен елші, орда, жұрт, қарауыл, ел, көш, жарлық, тамға, хан, аға, ханым, хатун (қатын), хақан, ұрық, ұлыс, нөкір, қосын, қыстақ, жайлау (қышлақ, яилақ), көмек, илхан тағы басқа көптеген сөздері парсы тіліндегі шығармаларында кездесуі сөзіміздің айғағы болмақ. Міне, үштіктің тарихи-мәдени байланыстарының негізінде Қожа Ахмет Йасауи сынды түркі даласының ұлы сопысына да ұстаз болған парсы елінің ғалым-ғұламасы Жүсіп Хамаданиды кеңірек таныстыру артық болмас.

Әбу Йакуб Йусуф әл-Хамадани әл-Бузәнжерди (Әл-Жақып Жүсіп Хамадани) (1049-1140) туралы бізге жеткен мәліметтер өте аз. Атақты сопы жайлы В.В.Бартольд, С.Тримингэм, Ф.Көпірлі тағы басқа зерттеуші ғалымдардың еңбектерінде Ясауиге байланысты тұстарда айтылып өтеді. Жүсіп әл-Хамадани өмірін кеңірек зерттеген ирандық доктор Мұхаммед Әмин Рияһи.

Ол Хамадан қаласының Бузәнжерди маңындағы ауылда дүниеге келген. 20 жас шамасында Бағдат қаласына барып Шейх Әбу Исқақ Әли ибн Ибраһим ибн Әли Фирузабади Ширазиден дәріс алған. Үлкен ұстаздың алдында 15 жылдай шәкірттік тәлім көрді. Фирузабади Ширази «Низамие» атты атақты медресенің басшысы болған. Бағдат сол уақытта ислам әлеміндегі білім мен ғылымның үлкен ордасы еді. Селжұқтар өздері билік құрған кезінде білім саласында өзгерістер қажеттігін сезінген. Осындай ниетпен селжұқ сұлтандарының тапсырысы бойынша әйгілі данышпан  Низам әл-Мүлк Туси (1092 жылы өлтірілген) уәзір болып, қызмет жасаған жылдары әлемге танымал болған  «Низамия» медресесін Бағдат қаласында салдырды. Одан кейінгі жылдары  Балх, Нишабур, Герат, Исфаһан, Бәсре, Мерв, Амол (иранның солтүстігінде орналасқан қала) және ирактағы Маусыл шаһарында «низамия» атты медреселер салғызды. Аталған қалалардың ішінде Балх, Герат, Мерв қалаларының тұрғындары түркілер болды. Нишабур, Исфаһан, Амол шаһарларының тұрғындары парсылар,ал, Бәсре, Маусыл мен Бағдат қалаларының тұрғындары арабтар болды. Соған қарамастан олардың ғасырларға созылған ынтымақ сыры олардың рухани бірлігінде, ұлттық сыйластығында болды. Әрбірі өздерінің ата жұртында өзінің ана тілі, ұлттық құндылықтарын дамытуға, қолдануға толық құқықы барды. Сондықтан аталмыш оқу орындарда үш елдің әлем жұртына даңқы шыққан жүздеген ойшылдар мен ғалымдар оқып шықты.

Жүсіп әл-Хамадани осы медреселерде фиқһ, ислам қағидаларының негіздері мен кәлам ғылымын оқыған. Дін саласындағы айтыс пен сөз жарыстарында шешендігін танытқан. Хадисты Қази Әбу-әл-Хұсейін Мұхамед ибн Әли, Әбділ Самид ибн Әли Ибн Сәбит Хәтиб атты ұстаздарынан оқып үйренген. Ол хадис тыңдап үйренуге Бұқара, Самарқан, Хамадан, Исфаһан қалаларына арнайы барғандығына қарағанда иран мен түркі еліндегі білім бұлақтарынан сусындаған.

Жүсіп Бағдат қаласында фиқһ саласының білгірі Ибн Сәққамен айтысады. Ибн Сәққа бір сұрақ қойғанда оған: «үндеме, сенің аузыңнан күпірліктің иісі шығады. Сен ислам діні жолында жүре алмайсың» деген екен. Кейінірек Ибн Сәққа Римге кетіп, сол жақта христиан болған деседі.

Жүсіп Хамадани Самарқанда тұрғанда айына бір мәрте имамдарын жиып, ғылыми сипаттағы сөз жарысын өткізген.

Жүсіп ұзын, арық және нашар көретін адам болған. Ол демікпемен ауырған. Киімін өзі жуып, өзі тамақ дайындаған. Тұрақты жейтін тамағы – қара нан, май, тұз, сірке су болған, етті қырық күнде бір-ақ рет жеген. Дайын тамақты еш уақытта сатып алмаған. Дүние мүлік жинамаған, тапқан ақшасын жетім-жесір, көп балалы отбасыларына үлестіріп берген. Көбіне жаяу жүрген. Ғұмырында 38 мәрте қажылыққа жаяу сапар шеккен.

Кейбір деректерге қарағанда 800 шамалы кәпірді ислам дініне кіргізген.

1125 жылы сұлтан Санжар оған төмендегідей хат жазады:

«Біз қасиетті Жүсіп Хамаданидің даңқының қаншалықты көтерілгенін естідік. Жерлеріңе Сұлтан шах кіргенімен, сізге тікелей барып, алдыңызға тағзым етуте мүмкіндік болмай тұр. Дәруіштердің қажеттігіне 50000 динар жібере отырып, біз үшін бата оқып, жеңіс тілеуіңізді өтінемін».

Сопы Мәрв қаласында жерленген.

Ол Шейх Әбу Әли Фәрмидидің жолын ұстаған, ал Фәрмидидің әйгілі оқымысты, сопы имам Ғазалиге ұстаз болғаны мәлім.

Жүсіп әл-Хамаданидің бағдадтық мектепті негіздеуші Жунейд сопыдан ерекшелігі – бисіз, тыныш зікірді, қатты әуенді зікірден дұрыс санаған.

Сонымен бірге сопылықтың жеңілірек түріне, дәлірек айтсақ, көп ойланудан гөрі зікір салуды жоғары қойған.

Ғылым докторы, зерттеуші Рияһи «Рәтбе Тол-һәйатта» оны басқада сопылар сияқты «тобырмен» жұмыс істеген дей келе, оның тобыры «білікті тобыр» болған дейді. Шейх ешқашан біліксіз, қара тобырмен сұхбаттас болмаған дейді.

Ол Мәрв және Бұхарада ханқа мен медресе ашып, көптеген түркі, парсы тілді шәкірттер дайындайды. Бұхарадағы шәкірттер арасында Хасан Андағи, Абдолла Барағи, Ахмет Ясауи және Әбдіхалық Ғәждуани ерекшеленіп тұрды. Кейінірек бұл төрт дарынды шәкірті Хамадани мектебін қарқынды да табысты жалғастыра білді.

Атақты сопы: «Заттардың саны – бірлікті көру айнасы, заттардың сапасы – киелікті көру айнасы, болмыстың пәлсапасы – тазалық пен пәктікті көру айнасы, болмыс мәңгілікті көру айнасы болды» деп ойын осылай түйіндеген

 

 

 

 

 

 




Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to Top ↑