banner-top12

Салт-дәстүр no image

Қосқан уақыты Қараша 30, 2013 | 837 рет оқылды | сайтқа қосқан shalqar

0

ҚОНАҚ КҮТСЕҢ, ТАБАҚ ТАРТА БІЛ

Әлемнің барлық елдерінде үйге қыдыра келген бейтаныс немесе туыс кісілерге ерекше назар аударылып, аса зор құрмет көрсетіледі. Ал енді «қадірлі қонақты кім, қалай күтеді?» деген ашық әңгімеге келсек, бұл жағынан қазақтан асып түсетін ұлт жоқ.Әлемнің барлық елдерінде үйге қыдыра келген бейтаныс немесе туыс кісілерге ерекше назар аударылып, аса зор құрмет көрсетіледі. Ал енді «қадірлі қонақты кім, қалай күтеді?» деген ашық әңгімеге келсек, бұл жағынан қазақтан асып түсетін ұлт жоқ. Әсіресе, Жыл басы саналатын әз-Наурызда танымайтын үйге де бас сұқпай, дәм татпай кетпеуге болмайды. Бұған басты себеп – қазақта ежелден қалыптасқан қонақжайлылық қасиеті. Ата-бабамызда қонақ келсе «құт келді», «Қырықтың бірі – Қызыр, мыңның бірі – Уәли» деп қонағын тегін тамақтандырып, жайлы тынықтырып, көңілді шығарып салған. Ел ішінде қонақ болу мен қонақ күтудің қалыптасқан дәстүрі бар. Халықтық әдеп бойынша қазақ ауылына ешқашан жолаушы атымен баса-көктеп кірмеген. Ауыл шетіне іліге атынан түсіп, таныс болса, түсер үйінің ту сыртынан дауыстап адам шақырған. Егер бейтаныс адам болса, атын байласымен ауылға қарап жүрелеп отырған. Оны ауылдың үлкені шығып қарсы алған.

«Түскі асқа түстік жерден, кешкі асқа күндік жерден қонақ келеді» демекші, «елге сүйкімді қонақ екіндіде келеді». Кештетіп келген жолаушы «Кеш жарық!» деп үйге кіргенде, үйдегілер «Қойымыз арық, ешкіміз сарық» деп әзілмен жауап берген. Ал түнделетіп жүрген жолаушы болса, «Құдайы қонақпыз, есікті аш!» деп сырттан дауыс береді. Жолаушы табалдырықтан аттасымен «Ассалаумағалейкүм!» деп бірінші сәлем беретін болған. Егер үйде отағасы жоқ болса, жүргінші астан дәм татып, түнемеге басқа орын іздейді. Ауылға түсте келген қонақ болса, осы маңда жүргенін отағасына білдіріп, ол үйдің төріне қамшысын тастап кетеді.
Қонақты қарсы алуға байланысты да ырымдар бар. Адал ниет, ақ көңілмен келгенін білдіру үшін қонақтар үйге кірмей тұрып, найза, сойыл, шоқпарын дөдегеге іледі. Қару-жарағын сыртқа қалдырып, қамшысын бүктеп ұстаған күйі үйге енеді. Себебі қамшы жүрген жерде жын-шайтан жүрмейді.

«Қонақпен еріп құт келеді» дегенді берік ұстанатын үй қонағын қарсы алған отағасы есікті өзі ашып, алдымен үйге қонағын кіргізеді. Ал шығарып саларда, үй есігін қонаққа ашқызады. Себебі үй егесі есігін ашса, онда қонағын қуғанмен бердей болып саналады.
Жаман ырымға жататындықтан қонақтың үйге құрт шайнап кіруіне болмайды. Керісінше, далаға шыққанда ірімшік жеп, аузы қимылдап шықса, жақсы ырым.

«Құтты қонақ» қонғанда жоғалған малы табылып, келіні аман-есен босанып, қой егіз туып, жақсылық болып жататыны да бар. «Құтсыз қонақ» келгенде, керісінше, жылқысы ұрланып, малына қасқыр шауып, түрлі қырсық, сәтсіздіктерге ұшырайды-мыс. Сондықтан да
«Құтты қонақ келсе қой егіз туады».

Құтсыз қонақ келсе, қойға қасқыр шабады» дейді халқымыз.
Қонақ құрметіне міндетті түрде ет асылады. Осы дәстүрдің бүгінгідей алмағайып уақытта да ұмытылып қалмай келе жатқандығы қайран қалдырады. Тіпті «Лимузин» мен ұшақ жалдап серуен құрып, қымбат мейрамханаларда той өткізетіндер де «астың үлкені» деп қонақтарға ет тартады. Тіпті Қазақстанға ат басын бұрған шетелдік құтты қонақтар да қазақша ет жеп, дәстүрдің ерекше құрметін көреді.

Жалпы, мейман атаулы – «арнайы қонақ» (мал сойып шақырған сыйлы қонақ), «құдайы қонақ» (кездейсоқ, бір түнеп аттанатын бейтаныс жолаушы), «қыдырма қонақ» (алыстан ағайын-туғандарын, құда-жегжаттарын іздеп келіп, жата-жастанып, бір мал жеп кететін қонақ), «қылғыма қонақ» (тамақтың піскенін аңдып жүріп, шақырусыз келіп, ет жеп кетер сүйкімсіз қонақ) деп бөлінеді.

Қазақ елінде кез келген уақытта қонағына мал сойып бермеген, бірақ қонаққа деп әрқашан сыбаға сақтаған. Мәселен, жаз айларында мейманға арнап, қой ішінен марқасын таңдап сойса, ал қыстың күні соғым етінен «мүшелі табақ» тартылады. Негізінен, ала жаздай ақпен (сүт, айран, құрт, ірімшік, қымыз, шұбат т.б.), қыс бойына қызылмен (соғым еті, қазы-қарта, жал-жая, бүйен, шұжық т.б.) тіршілік еткен ата-бабамыз, малдың өте арыған, күннің ұзарған шағында – «ұзын сарыда» мал соймаған. Бірақ ұзын сарыға арнап, қыста сойылған семіз мал етінен жартылай қуырған етті тоң майымен қарынға құйып қатырып, жерге көміс, тастайтын. Қыс тамағы таусылған сәтте келген мейманға көміп қойған етінен және ұнға сақтаған қазы-қарта, жал-жаясынан мүшелі табақ тартатын. Мұндай ет қазір мұздатқыштарда сақталады. Ал базардан мал алып соя салу – қазіргі қазаққа түкке тұрмайтын шаруа.

Мал союдың да өзіндік жөн-жобасы бар:
Арнайы қонақ шақырып, той жасағанда келуші кісілер саны оннан аспаса – бір семіз марқа, жиырма болса – тоқтылы қой не екі үлкен ту қой, отыздан асса – бір құлын не тай сойылған. Ал құдайы қонаққа қой баласынан «қоңыр тоқты», ешкі баласынан «қара шұнақ лақ», жылқы баласынан «торысын» сойған. Осыған орай тілімізде «қойдан қоңыр, жылқыдан торы» деген сөз оралымы бар.

Қалыптасқан дәстүр бойынша, көбінесе қонаққа арнап қой сойылады. Ол «быздау», «бунау», «іреу», «бұзу» және «мүшелеу» реттерінен тұрады. Әдетте ата-бабаларымыз «малының еті ауыр тартады» деп жұма күні сойған. Бауыздар алдында қой басын құбылаға қаратып, аяғын жіппен буады. «Ниетің қабыл болсын!» деп «бас қонақ» бата берген соң, марқаны бауыздап, жанын шығарады. Оң аяғынан бастап бунайды, терісін іреп, жұдырықтап сыпырып алған соң қойдың басын бөлек кесіп алады.

Ал бұзу реті былайша істеледі: сирақтарын кеседі, төсін сөгеді, өкпе-қолқасын суырып, ішек-қарнын түйіп, табаққа төңкереді. Екі жетім қабырғасын (бес-бестен 10 қабырға), екі қол жауырынымен бірге жеке-жеке бөліп алады, ұзын қабырғасын (сегіз-сегізден 16 қабырға) сөгеді. Мойын омыртқа мен қара омыртқасын омырады, шатын айырып, екі санын кесіп алады. Сүбені (артқы 10 қабырға) сөгеді, бел омыртқасын омырады. Осыдан соң бұзған етті он екі мүшеге – екі жамбас, екі асықты жілік, екі ортан жілік, екі жауырын, екі тоқпан жілік және екі қары жілікке мүшелейді.

Бауыршы ет піскен соң қонақтардың жасы мен жолына қарай «мүшелі табақ» жасайды. Мәселен, «бас табаққа» қос жамбас, екінші табаққа екі асықты жілік, үшіншіге – ортан жіліктер, төртіншіге –қос жауырын, бесіншіге екі тоқпан жілік, алтыншы табаққа екі қары жілік түседі. Сонымен қатар әр мүшенің жанына қосымша салынатын «жамбастары» болады. Мысалы, жамбасқа қосымша бас пен үш ұзын қабырға, асықты жілікке – екі қабырға, қалған мүшелі табақтарға – бір-бір ұзын қабырға қосылады. Сондай-ақ барлық табаққа бірдей құйрық пен бауыр бөлінеді. Қалыптасқан әдеп бойынша, бауыршы қонақ саны 12 болса – бір-бір мүшеден, 24 болса – екеу ара бір мүшеден, 30 болса – үшеу ара бір мүшеден оларға «сыбаға» береді.
Әдетте қақ төрге жолы үлкен бас қонақ отырады.

Жолы мен жасына, атағы мен дәрежесіне сай қалған қонақтар «төрағасының» оңы мен солынан орын тебеді. Ең құрметті қонақтың алдына «бас табақты» тартқан кезде, төрағасы: «Құданың ырзалығына тәубең қабыл боп, малбасыңа береке берсін!» деп ниет білдіреді. Мүшелі табақтан ет тураушылар бас пен жамбасты төрде отырған қарияларға, асықты жілікті одан төмендегілерге ұсынып, осылайша рет-ретімен сыбағалы мүшелерін тартады. Сонымен бірге күйеу балаға төс, абысынға үлпершек, жас балаларға сирақ, бөтеке, құлақ, қызға құймышақ береді.

Ырымдап қыз балаға «шашың ұзын болсын» деп желке, ер балаға «шешен бол» деп тілдің ұшын, «батыр бол» деп сүбе мен жүрек жегізеді. «Әкең өліп қалады» деп жас балаға бас ұстатпайды, «су ми боласың» деп ми, «суға кетіп қаласың» деп жұлын, «жарыңнан ажырасасың» деп талақ жегізбейді. Қыз балаға «қартайғанша отырып қаласың» деп кәрі жілік, «жеңілтек боласың» деп құйыршық ұстатпайды.
Ет желініп, сорпа ішілген соң, сол үйдің келіні отырғандарға иіліп сәлем беріп, «ас сарқытын» алады. Төрағасы «Көп жаса, қарағым!» деп оған бата береді.
Қой мүшелерінің атаулары:
Бас:
1. Үстіңгі бас сүйек
2. Астыңғы жақ сүйек

Омыртқалар желісі:
3. Ауыз омыртқа
4. Бауыздау омыртқа
5. Мойын омыртқа
6. Жетім омыртқа
8. Сабақты омыртқа
9. Бел омыртқа
10. Құйымшақ
11. Құйыршық

қабырға:
12. Қабырға
13.Сүбе қабырға
14.Бұғана қабырға

шершеулер:
15.Ұзын шершеу
16. Төс шершеу
ТӨС:
17. Төс сүйек
18. Төс шеміршек

қол жіліктері:
19.Жауырын
20. Жауырын етегінің шеміршегі
21.Тоқжілік, тоқпақ жілік
22. Адарбас (қаражіліктің айдар басы,
шынтақ сүйек, қара жіліктің
садақ сүйегі, шынтақ, шынтақ сүйегі).
23. Қаражілік
24. Тізе сүйек

сирақ:
25. Жіліншік
26. Қызасық
27. Сыбырлақ
28. Бақайшық
29. Бақалшақ
30. Өкше (өкше сүйек, сырға сүйек)
31. Табан (Тұра, тұра сүйек,
жанбас сүйек)

сан жіліктері:
Жамбас (жамбас жілік,
жамбас сүйек)
Жамбастың қалақ басы
Жамбастың сербек қыры
Жамбас шұқыры
Жамбас тесігі
Жамбас қасабасы
Ортанжілік
Толарсақ
Тобық
Асық жілік




Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to Top ↑