banner-top12

Салт-дәстүр 12

Қосқан уақыты Ақпан 22, 2016 | 722 рет оқылды | сайтқа қосқан shalqar

0

Құлан ба әлде домбай ма?

Гобби шөлін мекендеген бұл жылқылар неге
“Пржевальский жылқысы” деп аталады?

Біздің дәуірімізден сан ғасыр бұрын жер бетін түрлі жануарлардың, оның ішінде шөп қоректісі бар, жыртқышы бар тіршілік еткенін бүгінде зоолог мамандар дәлелдеп жатыр. Тіпті сол жануарлардың жер астында, мұздықтарда сақталып қалған қаңқа сүйектерін тауып, оларды құрастырып, әлгі жануарлардың тұрқы мен бойының қандай болғандығын анықтап жатқан да жайы бар. Сол ертеде жер бетінде тіршілік еткен жануарлар мен аңдардың кейбірі біздің заманымызға дейін жетпеген. Әсіресе еті жеуге жарамды, терісі бағалы жануарларды адамдар аулап, қорек және киім етіп олардың санынның азаюына ықпал еткен деуге болады.

Осыдан жүз мың жыл бұрын тас дәуірінің аңшыларының әрекетінің нәтижесінде Еуропада орман пілдері мен мүйізтұмсықтары, ал одан соң алып бұғылар мен жүндес мүйізтұмсықтар және мамонттар тігерге тұяқ қалмай жойылған. Ал осыдан он мың жыл бұрын тас құралдармен қаруланған аңшылар Солтүстік Америкада мастадонттар мен мамонттардың, алып ламалар мен өте ірі жалқау аңдардың жер бетінен мүлде жойылуына өздерінің үлестерін қосқан. Дәл осындай жағдай Еуразияның орта тұсында көсіліп жатқан Ұлы далаға да тән. Ертеде осы Еуразияның далалық өңірін неше түрлі шөп қоректі оның ішінде аша тұяқтысы бар, тақ тұяқтысы бар жануарлардың мекендегенін ескілікті кітаптардан оқып білуге болады.
Соңғы 400 жылда Еуразияда жер бетінен жабайы өгіз «тур» мен үй жылқыларының ататегі болып саналатын тарпаңдар ғайып болған. Әрине олардың жоғалуына да адамдар себепші болған. Зоолог мамандар өткен замандарда қазіргі Қазақстан аумағындағы Сырдария, Шу, Іле өзендерінің бойындағы ну тоғайлар мен қалың қамыстарды «тұран жолбарысының» мекендегенін алға тартады.
Тұран жолбарысының ең соңғысы тіпті ХХ ғасырдың алғашқы жартысында ауланып, өлтірілген. Содан бері оның да орнын сипап қалған жағдайымыз бар. Қазақстан аумағында ірі мысық тұқымдардастардан тек жолбарыс қана емес, онымен бірге қабылан (гепарт) және ірбіз (леопарт) секілді жыртқыш аңдар да мекендеген. Ал олардың да жойылуына адамдардың септігі тиген деуге болады. Ертедегі түркілерде одан кейін қазақтарда Арыстан, Жолбарыс, Қабылан және Ірбіз деген кісі аттары кездеседі. Егер мұндай жануарлар болмаса, ата-бабаларымыз оларға қайдан айдар тақсын. Сол жануарлардың қайсарлығына, батылдығына, әбжілдігіне тәнті болып, сондай батыл, қайсар болсын деп балаларын солардың ныспысымен атайтын болған.
Жолбарыстар мен ірбіздер Ұлы даладан жоғалғанымен олардың туыстары Азияның қиыр шығысындағы ну Тайгаларда сақталып қалған. Ал осыларға ұқсас барыс биік таулардың адам аяғы жете бермес жоталарында тіршілік еткен соң құдай сақтап аман қалған. Ал кейінгі кезде өте сирек кездесетін және жойылып бара жатқан жануарларды арнайы Қызыл кітапқа енгізіп, мемлекет оларды ерекше қамқорлыққа алып, арнаулы зообақтар мен қорықтарда бағып сақтап отырғаны баршамызға белгілі. Соның нәтижесінде жабайы табиғатта кездеспегенімен сақталып қалған біршама жануарлар бар.
Біраз мәселе жөнінде ой толғағандаймыз, ал енді негізгі тақырыбымызға көшсек деймін.
Мұндағы басты көңілге күдік ұялататын нәрсе – бүгінде біздің «құлан» деп атап жүрген есекке ұқсас жабайы жануарға байланысты болмақ. Ендігі сараптауымыз осы құлан жайлы өрбитін болады.
Ұлы Даланы жайлаған ежелгі түркілердің олардың ұрпақтары болып саналатын қазақ халқының өмірі, тұрмыс тіршілігі, шаруашылығы көбнесе төрт түлік малмен байланысты болған. Соның ішінде әсіресе жылқының орны ерекше деп айтуға болады. Жылқының етінсіз оның ішінде қазы-қартасыз, жал-жаясыз қазақтың өмірін елестету мүмкін емес. Қазақтар жылқының етін ет атаулының ішіндегі ең бір дәмдісі, ең бір татымдысы, ең бір сіңімдісі деп санаған. Сондықтан әлі күнге дейін жылқы сойып ас беру, жылқы сойып той жасау қазақтар үшін үлкен абырой, зор құрмет болып саналады. Ертедегі бабаларымыздан қалған аңыз, жырларда аңшылардың құлан аулап, олардың дәмді етіне қарық болғандығы айтылады.
Бізге жеткен бір аңызда саят құрып, сейілдеген ханзаданың «Ақсақ құлан» күйінің тууына себепші болғандығы баяндалады. Онда нөкерлерімен құлан аулап жүрген ханзада жолында кездескен құланның бәрін қырып, соңынан бір құлыншағын ертіп жүрген ақсақ құланға кезігеді. Хан баласының қаһарына тап болған ақсақ құлан құлыншағын ертіп қаша жөнеледі. Алайда жарау ат мінген қуғыншыдан ақсақ болған соң қара үзіп кете алмайды. Ал ханзада жолында кездескен олжаны қармап қалғысы келді ме екен, әлде жас құлыншақтың дәмді етіне сұқтанды ме екен, ол әлгі ақсақ құланның құлыншағын атып салады. Құлыншағының омақаса құлағанын көрген енесі бауыр еті баласын өлтірген қаныпезердің өзіне қарсы ұмтылған екен.
Сонда құлан бар арынымен хан баласының атымен соқтығысқанда, құланның өзі де, атымен құлаған хандаза да сол жерде жан тапсырған көрінеді. «Жайсыз хабар әкелгеннің көмекейіне күміс балқытып құямын» деген хан жарлығынан қарашылары ұлының өлігін естірту үшін ханның алдына күйші кісіні алып барған екен. Сондағы тартылған күй «Ақсақ құлан» деп аталған деседі ертедегі аңызда. Ол күй осы күнге дейін жеткен.
Бұл жерде біз «Ақсақ құлан» хикаясын баяндауды мақсат етіп отырғанымыз жоқ. Ең басты нәрсе – ертедегі адамдардың құлан аулап, оның етін азық ретінде пайдаланғандығында болып отыр. Содан кейін ертедегі аңыздарда болсын, жазылып қалған жылнамаларда құлан есекке емес жылқыға ұқсас деп жазылған. Міне дәл осы жер көңілге күдік ұялатады. Қазақтар жылқының және жылқы тұқымдас жабайы жануарлардың етін жеген. Ал есекті ертеден еті жеуге жарамсыз, түрі қораш ұсқынсыз жануар деп санаған. Тек оны мініп қой бағуға, арбаға жегіп жүк тасуға пайдаланған. «Есектін еті арам, еңбегі адал» деген сөз содан қалған шығар.
Ал енді ертедегі құландарды өз көздерімен көріп, оларды аулап, етін жеген кісілерден сыр тартып көрейік. Солардың бірі ХV-ХVI ғасырларда жасап, Орта Азияның билеушісі болып, соңынан тағдыр талайымен Үндістанға барып, сонда Ұлы Моғол империясының негізін салған, Ақсақ Темірдің ұрпағы Заһир-ад-дин Мұмаммед Бабыр өзінің «Бабырнама» атты шығармасында былай деп жазады: «Бұл қоныстан таңсәріден аттанып, Қаттауыз жазығында аң ауладық, сансыз көп құлан мен киік қоршауға алынды. Көптеген киік пен құланды жусатып салдық. Аң аулаған кезімде бір құланды қуып, жақындап қалғанымда садақ тарттым, іле-шала тағы бір аттым, екі оқ та дарығанымен құлан жығылмады бірақ жүгірісі бұрынғыдан баяулады. Атты тебініп құланға жанап келдім де құлақ-шекеден пергенімде кеңірдегі қақ бөлініп түсті. Құлан секіріп, омақаса құлағанда, артқы аяғы үзеңгімді іліп алып кете жаздады. Менің семсерім жақсы шабатын еді. Құлан ғажайып семіз екен. Қазысы бес еліден сәл-ақ кем екен. Моғолстанда құлан аулаған Шырым Тағай, тағы басқа адамдар таң қалып: «Моғолстаннан да мұндай семіз аң сирек ұшырастыратын едік»,– десті. Сол күні тағы бір құлан аттым. Ауланған киік пен құланның көпшілігі семіз болды, бірақ мен шауып түсірген құландай семізі ұшыраспады. Шапқыншылықтан қайтысымен, Кабулға келіп қос тігіп жаттық.» Бұл 1508 жылы қазіргі Ауғанстан жерінде болған оқиға. Бабырдың мәліметіне қарағанда әлгі құланның қазысы бес еліге жуық екен. Бұл бүгінде арнайы бағылған жылқылардың қазысына жетеғабыл. Ал осы күні біздер құлан деп атап жүрген есекке ұқсас жануардың осыншалық қазысы болар ма екен? Жоғарыда Бабырдың айтуынша қасындағылардың бірі – Шырым Тағай Моғолстанда яғни бүгінгі Қырғызстан мен Қазақстанның оңтүстік-шығысында құлан аулап көрген кісі екен. Демек XVI ғасырда құландар қазіргі Қазақстан жерінде үйір-үйір болып жүрген деп топшылауға болады.
Бабыр бұл шығармасында тек Үндістанда ғана мекендейтін жануарлар мен құстарға тоқталған, олардың тізімін жасап, біршама сипаттама беріп өткен. Бір өкінішті жері ол Орта Азияны мекендеген жануарлар жайында тәптіштеп жазбапты. Бірақ сол замандағы адамдар үшін бәрі де белгілі болған ғой. Олар өздерінен кейін кейбір аңдар мен құстардың жойыларын қайдан білсін.
Ау, сонда Бабырдың айтып отырған құланы мен біздің бүгінде көріп-біліп жүрген құланымыз, қай құлан? Осы бір күдігіміздің сейілуіне және ақиқатқа көз жеткізуімізге XIX ғасырдағы орыс саяхатшысы Н.М. Пржевальский жол ашатын секілді. Ол кісі өз өмірінде бес рет экспедицияға шығып, Азия елдеріне саяхат жасаған және 33 268 км жолды жүріп өткен екен.
XIX ғасырда кезекті бір саяхатында Н.М. Пржевальский қазіргі Моңғолияның оңтүстік-батысында Гоби шөлін кесіп өтіп бара жатып, жылқыға өте ұқсас жабайы жануарды көріп қалады. Ол жалма-жан атымен сол жануардың соңынан қуып, содан соң оны ұстап алады. Кейін ол кісі сол олжасын Ресейге алып келген. Содан бері осы бір жылқыға өте ұқсас жануар «Лошадь Пржевальского», яғни Пржевальский жылқысы деп аталып кетті. Шын мәнінде саяхатшы Н.М. Пржевальский бұл жануарды қолдан жасап не болмаса жылқылардың әр түрлі тұқымдарын будандастырып шығарған жоқ қой.
Ресейде «Орловский рысак» яғни «Орлов желісті жылқысы» деген жылқының түрі бар. Оны XVIII ғасырдың соңында князь Алексий Орлов бірнеше жылқылардың тұқымдарын будандастыру арқылы шығарған. Н.М. Пржевальский бар болғаны табиғатта еркін тіршілік етіп жүрген түз тағысын қолға түсірді. Сонда бұл жылқы тектес бейбақ жануар Пржевальский ұстап алғанға дейін атаусыз жүрген бе? Ұлы Даланың әрбір жүгірген аңына, жыбырлаған жәндігіне, ұшқан құсына және ағашы мен өсімдіктеріне дейін ат қоюға шебер ежелгі түркілер одан кейінгі қазақтар осынау жылқы тектес көрікті жануарды атаусыз қалдырғаны несі?
Әрине осы бір түз тағысын ертедегі бабаларымыз назардан тыс қалдырған деуге күмәнмен қараймын. Әсілі, меніңше нағыз құлан тап сол Пржевальский жылқысы болуы мүмкін. Өйткені ол өте жылқыға ұқсас және тұрқы мен бойы жабы жылқымен шамалас. Егер бұл жабайы жануар жылқымен соқтығысса оны құлататындай қауһары бар және оның Бабыр айтқандай бес елі қазысының болатынына күмән келтіруге болмайды.
Ал қазіргі есекке ұқсас құланның жылқыны сүріндіретіндей күші жоқ. Содан соң құлан сөзін этимологиялық жағынан сараптап көрсек, ол «құла» және «аң» деген сөздерден құралған секілді. Құла – ақшыл сары түс. Олардың үй жылқыларынан бір ерекшелігі – түсі. Құландардың үйірі мен тобыры қанша көп болса да, олар бір-бірінен айырғысыз бір түсті, яғни құла түсті болады. Үй жылқылары секілді – ала, қара, көк, торы, боз болмайды. Бір отар ақ бұйра (меринос) қойды көргеніңіз бар ма? Құландар да солар секілді бір түстес болады.
Ертедегі абыз бабамыз Асан Қайғыдан қалған қария сөздерде: «Құйрығы жоқ, жалы жоқ, құлан қайтіп күн көрер. Аяғы жоқ, қолы жоқ, жылан қайтіп күн көрер» деген шумақтар кездеседі. Дегенмен де нағыз құланның, яғни Пржевальский жылқысының жалы да, құйрығы да бар және біршама қалың. Тек олардың жалы жылқылардың жалы секілді желкесінен төмен қарай төгіліп тұрмайды. Күзелген тайдың жаңадан өскен жалындай желкесінен жоғары қарай бір қарыстай болып тікірейіп тұрады және маңдайында кекілі болмайды. Асан Қайғы бабамыздың «жалы жоқ» дегені – құлан жалының ұзын еместігін және жылқы жалы секілді төгіліп, салбырап тұрмайтынын меңзегені болар.

Ертедегі аңыз-әңгімелерде, қария сөздерде, жазылған жылнамаларда құланның кездесуі олардың Орталық Азия мен Қазақстанның далаларын мекендегенін және үйір-үйір көп болғандығын білдіреді. Бірақ адамзат олардың дәмді еті үшін аулап, соңынан жойылуына дейін апарған. Оның үстіне тек адам ғана емес жыртқыш жануарлар да олардың азаюына өзіндік үлес қосқан деп ойлауға болады. Олардың ең соңғы жан сақтаған мекені қазіргі Моңғолияның аумағындағы адам аяғы жете бермейтін Гоби шөлінің баябандары болып қалған. Әйтеуір осы бір өңірде көрікті түз тағысының сақталуына табиғат жағдай жасаған секілді. Әне сол жерден Н.М Пржевальский олардың біреуін ұстап алып адамзатқа қайта табыстырған. Содан бері оларды өте сирек кездесетін жануар ретінде «Қызыл кітапқа» енгізіп, жойылудан сақтап қалған. XX ғасырдың соңында арнайы зообақтар мен питомниктердің өсіруінің нәтижесінде құландардың саны дүние жүзінде 300 басқа жуықтаған. Қазір олар бұдан біршама көп те болуы мүмкін. Қазақстандағы зообақтар мен арнайы қорықтарда да құландар бар. Алматы облысындағы Алтын емел табиғи қорығында бірнеше басы бар. Алматы зообағында бес басы оның ішінде бір айғыр, екі бие, бір байтал және бір құлыншақ бағып күтілуде.
Алматы зообағындағы жабайы жылқылар тұрған қоршаудың жоғарғы жағына тақтайша ілінген және онда «Пржевальский жылқысы» деп жазылған, төменгі жағында қосымша «түзат» деп көрсетілген. Меніңше, бұл жылқыны түзат деп атау дұрыс бола қоймас деймін. Себебі: ертедегі қария сөздерде және аңыз әңгімелерде көшпенділер даланың жабайы тарпаңдар мен құландарын тірідей қолға түсіріп, оларды үй жылқыларына қосақтап байлап біртіндеп жуасытып қолға үйреткендігі айтылады. Қолға үйретілген тарпаңдар мен құландарды үй шаруашылығына бейімдеп, оларды мініс көлігі ретінде пайдаланған. Міне сондай даланың жабайы жылқыларын, түздің тағы аттарын ертедегі қазақтар «түзат» деп атаған секілді. 1957 жылы Гоби шөлінен құланның ең соңғы Орлица атты биесін ұстап, оны Украинаның Херсон облысы Аскания-Нова қорығына әкелген. Қазір оның баға жетпес ұрпақтары сол қорықта жартылай еркіндікте тіршілік етіп жатқан көрінеді.
Кезінде Түркменстаннан әкелініп Арал теңізінің Барса келмес аралына жіберілген есекке ұқсас жабайы жануарды құлан деп жаңсақ атап жүрген сияқтымыз. Бұған нағыз құландардың жойылып кетуі, яғни Қазақстан далаларында олардың мүлде ұшыраспауы себеп болған шығар деп ойлауға болады. Құландарды көрмеген адамзаттың кейінгі ұрпақтары оларды шатастырып алған болуы мүмкін. Сонда бұл есекке ұқсас жабайы жануардың өз аты қандай болған? Бұл сұраққа жауап бермес бұрын XV-XVI ғасырларда жасаған арқалы Шалкиіз жыраудың түйдек-түйдек өлеңдерінің бірер шумағына жүгінейік. Онда:
Алма мойын сам үйрек
Ана Еділден көксіген
Көлді тастап қырға ұшса
О-дағы бір тарланға жолығар!
Далада құлан, домбай шұбырса
О-дағы бір егеулі оққа жолығар!
Тағыдай түн түре қараған,
Таң берісіп жусаған,
Тарпаңдай тізесін бүгіп су ішкен
Арқада мезгілсіз жылқы жусаса,
О-дағы бір аш қасқырға жолығар!
Осы өлең шумағындағы тарпаң, құлан, домбай атауларының қандай жануарларға тиесілі екенін 1998 жылы 21 наурызда шыққан «Егемен Қазақстан» газетінің бетінен табуға болады. Онда Қазақстанды ертеде және қазіргі күнде мекендеген және тіршілік етіп жатқан жануарлардың атауы жарияланған. Сол тізімде осы үш түрлі атау да бар. «Құлан – үйір болып жүретін жабайы жылқы», – деп жазылған, ал «домбай-жабайы – тағы есек»,– деп көрсетілген.
Демек бүгінгі біздің құлан деп жүрген есекке ұқсас жабайы жануардың шын атауы «домбай» болған деп жорамалдауға болады. Ғылыми айналымда оларды «онагр» деп те атайды. Онагр – жабайы, тағы есек, яғни домбай. Сол газетте тағы, жабайы жылқының бір түрі тарпаң жайында да айтылған. Онда: «тарпаң – жылқының жабайыланған тағы түрі» деп жазылған және олардың сұр тарпаң (далалық тарпаң), қораш тарпаң (орман тарпаңы) деп аталатындығы жөнінде мәлімет береді. Алайда зоолог ғалымдар тарпаңдар бүгінгі үй жылқыларының тікелей ататегі болғандығын алға тартады. Бұл тарпаңдар да XIX ғасырда жабайы табиғатта жойылып кеткен. Бірақ та олардың бірнешеуі жылқы заводтарында 1918 жылға дейін сақталған деген мәлімет бар. Тіпті олардан қалған тұқым бүгінгі күнге дейін жетуі мүмкін. Тек, оларды Ресей жылқы заводтарынан сұрастырып көру керек.
Тарпаңдар дене тұрқы жағынан қазіргі жылқылармен шамалас болған. Түсі сұр, жалынан бастап шоқтығы, жотасынан жаясына қарай бір жолақ қара түсті, құйрығы да қара болып келеді. Ал олардың тарпаң деп аталуы тағы жылқылардың асау және долы мінезіне, жер тарпып, көкке тулап тұратындығына байланысты аталған шығар, яғни «жер тарпыған аң» деген мағынаға сай келетін сияқты. Осындайда арқалы Шалкиіз жыраудың тағы бір өлең шумағы ойға оралады:
Арқаның құба жонында,
Арыстан ойнар шарқ ұрып,
Атайы ердің тұсында
Тұлпары тұрар тарп ұрып.
Сол Шалкиіз жырау өз қолымен құлан аулаған Бабыр патшаның замандасы болып келеді. Демек, бұл кісілер өз заманында Еуразияның апайтөс далаларын мекендеген жылқы тұқымдас тағы жануарларды өз көздерімен көрген деген сөз. Ол кезде олар аңшыларға қалың тобырымен кездескен шығар. Содан бері оларды дәмді еті үшін аулап, тұқымының тұздай құруына дейін апарған.
Тарпаңдар да, құландар да Еуразияның қоңыржай белдеуінің қысы мен жазына бейімделген деуге болады. Тіпті, қақаған қыстың өзінде олар тебіндеп жайылып, өз қорегін өздері тауып жеп тіршілік еткен. Ал есек тұқымдас домбайлар суыққа төзімсіз және қыста тебіндеп жайылуы неғайбыл. Олар негізінен Орта Азияда оның ішінде Түркменстан секілді қысы салыстырмалы жылы жақтарды тіршілік еткен. Домбайлардың жабайы жылқыларға қарағанда сақталып қалуына, олардың етінің жеуге жарамсыз болғандығы себеп болған деп ойлауға болады. Бұл жануарлар да бүгінде Қазақстанда, Түркменстанда арнайы қорықтарда өсіріліп, мемлекеттің қамқорлығына алынған.
Сонымен, жоғарыдағы мәліметтер мен ой-пікірлерді, жорамалдар мен дәлелдерді келтіре отырып табиғатта өз атауларынан айрылып, жаңсақ аталып жүрген түз тағыларының ертедегі халық қойған шын атауын қайтарғандаймыз.
Табиғаттағы әрбір жануар болсын, аң болсын сол жануарды тауып алған не болмаса бағып алған адамның атымен емес, өзінің байырғы халық қойған атымен аталғаны дұрыс болар деп ойлаймын. Бұлай болғаны сол жануарлардың өздері үшін де олардың болашақта табиғатта өз орындарын табуы үшін де керек болар деймін. Жер бетінде тек осы бір жылқы тұқымдас жануар ғана өзін тауып алған адамның атымен, яғни «Пржевальский жылқысы» деп аталады екен. Әрине, сөз жоқ бұл жабайы жылқының жер бетінде сақталып қалуына әуелі жаратқан, сонан соң Н.М. Пржевальскийдің еңбегі зор. Ол кісі кенезесі кеуіп, адам аяғы баспас қу мекен, шөл баябанды кезіп саяхат жасамаса, ендігі бұл түз тағысының тұқымы тұздай құрып, өзі жойылған жануардың санатына қосылып, тарихтың өткен қойнауына сіңіп, тек оның еміс-еміс елесі ғана қалар еді.
Соңғы 40-50 жылда құландарды жабайы табиғат аясында – сол Гоби шөлінен де ешкім кездестірмеген екен. Демек бұл жануарлар табиғатта мүлде жойылған деген сөз. Кейінгі кездері зообақтардан құландардың бір бөлігін Моңғолияның Гоби қорығына табиғат аясына еркіндікке жіберуге ғалымдар шешім қабылдаған көрінеді. Бұл құландар қазіргі Қазақстанның зообақтарында және арнайы қорықтарында бағылып өсірілуде. Егер ғалымдар шын мәнінде құландарды көбейткісі келсе, тап осы нағыз құландарды, яғни бүгінгі ғылыми айналымда «Пржевальский жылқысы» деп аталып жүрген жануарды көбейтсе абзал болар еді. Бүгінгі таңда бұл мәселені шешуге мемлекеттің жағдайы молынан жетеді ғой. Тіпті үй жағдайының өзінде екі-үш бас жылқыдан бірнеше жылда бір үйір жылқы өргізуге болады ғой. Тек бұл жылқыларға арнайы мамандар мен мемлекеттің қамқорлығы аса қажет. Кезінде, XVIII ғасырда жасаған аузы дуалы Бұқар жырау бабамыз:
Құландар ойнар қу тақыр
Қурай бітпес демеңіз
Қурай бітпес құба жон
Құлан жортпас демеңіз,– деп бекер айтпаған болар. Ең болмағанда бүгінгі таңда бұл құландар арнайы қорықтардың қурай біткен құба жондарында жортып жүрсе, соның өзі де табиғатқа жасалған қиянаттың орнын толтырар еді-ау. Ал енді осы ойымызға биология және зоология саласында қызмет етіп, Қазақстанның фаунасы мен флорасын зерттеп жүрген арнайы мамандар не айтар екен. Егер ондайлар бар болса, әрине.
Ал сіздер қандай ой қосасыз, қадірлі оқырман.




Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to Top ↑