banner-top12

Ақпараттар ағымы Rekve[fvtl

Қосқан уақыты Қараша 25, 2007 | 5  885 рет оқылды | сайтқа қосқан shalqar

0

Құттықтау-тілектер

«Шалқар-2»-ге
«Шалқар-2»-ге газетi бiр кезде де дүрiлдеп тамаша шыққан едi. Менiң «Қаракерей Қабанбай» атты кiтабымды 1987 жылдары осы газет жариялап, бүкiл Қазақстанға Қабанбай атамызды да, соның көлеңкесiнде менi де танытқан едi. Сол себептi бұл редакцияға борыштармын.
«Шалқардың» мына шалқыған заманда шарықтай беруiне тiлектеспiн
Құрметпен Зейнолла Сәнiк, ҚХР.

sh-2Аса мәртебелi «Шалқар-2» газетi
Аса мәртебелi «Шалқар-2» газетi және оның ұжымы. Сiздерге творчестволық табыстар тiлеп, шалқардай шабытты ойларың халқымыздың жүрегiне жарық сәуле болып шашыла берсiн!
Басылымның таралымы көбейе берсiн!
«Жонып бiр алсаң жарқылдар нағыз алмастар,
Алмас бар жерде, алтының оған болмас пар.
Әлемде аққудың аздығы сияқтанып,
Жаңыл, Айжан, Лаура қыздар сияқты
Аз ғой нағыз жолдастар»
Игi тiлекпен: Өзбекстан және Қазақстан
журналистер одағының мүшесi, сыншы Назым Ниязи

Шалқарға
Ақ тiлек арнау жаздым Шалқарыма
Бөлеген алғысымен сақарыма.
Алғыр сөз, асыл мұра, жүйрiк тұлпар,
Келедi шаң жұқтырмай салт, арыма.

Көзiндей ұлы Ақаңның алтын әрiп,
Елiм деп, бар ғұмырын еткен сарп.
Оңтайлы оқып жазып үйренуге,
Не бары отыз төрт-ақ төте қарiп.

Тереңнен тұнық тартқан кәусәр бұлақ,
Шұғыла сәулеленiп жанған шырақ.
Хадис пен Хабұснама жыр, шежiре,
Сиғызып шар айнаға жазған құрап.

Көсемнiң рухани мұрасындай,
Адалдық айтқан нұсқап жүдә тынбай.
Сары алтын, салиқалы сындарлы сөз,
Сезiмдi серпiлдiрген мұратымдай.

Ешкiмге елдiң рухын бағындырмай,
Сонарын Ақаң салған сағындырмай.
Келедi тура тартып, түзу жолмен,
Жаңылжан Әпетова жаңылдырмай.

Сақта деп салт-санамды, елдiгiмдi.
Тiлеймiн бекемде деп белдiгiмдi.
Медет бер ұл-қызына қазағымның,
Ардақтап әспеттейiн ендi кiмдi.
Құдайберген Қорабаев

«Шалқар-2» газетiнiң болашағы зор. Оның алдында қашанда үмiт, болашақ, сенiм жұлдыздары жанып тұрады. Лайым солай армандары iске асып, Ахмет Байтұрсынұлы бабамыздың әруағы қолдай берсiн!
Жұңғұо және Қазақстан жазушылар одағының мүшесi
Жұмадiл Маман.

Шалқарға
Атыңнан айналайын «Шалқар» деген,
Кезiнде шығушы едiм әр санға мен.
Арабша өлең жазып алғашында
Ақын болғам өзiңнiң арқаңда мен.
Оразақын АсқарIMG_5914

Шалқар газетiне үлкен табыс творчестволық жолдарыңыз ашыла берсiн. Жер бетiндегi бiзге тiлекшi қазақтардың ойынан шыға берiңiздер. Рахмет.
Өнертану ғылымының кандидаты,
домбырашы, дирижер, педагог Жұмагелдi Нәжiмеденов

Құрметтi атамыз Ахмет Байтұрсынұлынан халқына еткен еңбегiн келешек жастар әлi де түсiнiп атасының жолын қуады деп ойлаймын.
Шалқар газетi ұлтымыздың ұлттық рухының оянуына аянбай еңбек iстеп келедi. Алдағы уақытта қазiрде еңбегiнiң жемiсiн көредi. Газет ұжымына еңбекте табыс, зор дансаулық, қажымас қайрат тiлеймiн. Мерекелерiңiз құтты болсын!
Жезқазған қаласының тұрғыны Қапсәттар.

Шалқар ұжымына
Алла жар болсын. Шалқарларыңыз шар тарапқа тарасын.
Естай Аликеев

Шалқар газетi ұзақ жылдардан берi араб алфавитiнде сауаты бар дүниедегi қазақтар үшiн, ұлттық салт-санасын таныстыру жолында қызмет еттi. Осы мұратты газеттiң жалғастыра беретiнiне сенемiн
Батырхан Құсбегин, жазушы, ҚХР.

«Шалқар» газетi бiр кездерi «Бiздiң Отан» деген атпен шығатын. Кеңестер одағы билiк құрған заманда қазiргiдей кеңшiлiк жоқ. Ел мен елдiң арасы темiр қақпамен жабылған революцияның ойрандарынан шошынған бауырластарымыз тау асып, теңiз өтiп, Түркия, Иран мен Ауғанстанға жер ауып бостандық iздеп кеткен ғой. Олардың өлi тiрiсiнен хабар алу мүмкiндiгi жоқ кезде осы «Отан» газетi шығып қараңғы түнекке түскен сәуленiң сызатындай әсер еткен едi. Шетелде ата бабаның жерiнен туған тiлiн аңсаған қазақтарды газет арқылы сәл пәл хабар алғандарына мәз болып, бiрiнен бiрi алып, оқығандарын кейiннен айтқандары бар. «Шалқар» газетi осылайша елшi қызметiн атқарып талай жанның туған елiмiзге деген сағыныншына бастау бердi.
Елiмiз тәуелсiздiк алғанмен талай бауырларымыз әлi жат жұртта жүр. «Шалқардың» жаңа санын күтiп жүретiндер әлi де көп. Тағы бiр айта кетейiн дегенiм бұл газеттiң редакциясында тамаша азаматтар жұмыс iстедi. Ұлттың рухы мен жанын беретiн қазақтың қыздары мен жiгiттерiнiң еңбегi ересен едi. Солардың ыстық ықыласы мен сезiмдерi осы газеттiң парақтары арқылы елдiң сағынышын шеттегi қазақ қандастарымызға жеткiзген болатын. «Шалқар» елге қазақтың рухани бiрлiгiне жан беретiн қажет басылым. Оның бетiнен елiмiздiң шетке кеткен бауырларымыздың тарихын баяндайтын бүгiнгi өмiрiмiзден хабар беретiн шығармалар деректер түспеуi қажет деп ойлаймын.
Газеттiң еңбекқор ұжымын алыс жақын оқырмандарын мерейлi мерекемен шын жүректен құттықтаймын! Тәуелсiз халқымыздың бiрлiгiне, абыройына қызмет етiп келе жатқан «Шалқар» тәуелсiз Қазақстанның көгiлдiр туымен бiрге жасап, шуағын шаша бергей!
Ақын, жазушы Фариза Оңғарсын.

«Шалқар» ата-жұрттағы тұсаукесерiм едi
Қытайда жүрген кездерiмiзде «Шалқар» газетiнiң бiрер сандарын көзiмiз шалып қалатын. Әсiресе, қазақ елi тәуелсiздiк алғаннан кейiн шекарадан өткен жүк көлiктерiнiң жүргiзушiлерi қойын қонышына тығып, теңдей қылып «Шалқарды» жеткiзетiн. Ұмытпасам сол кезде Смағұл Елубайдың «Алыстағы ағайынға ашық хат» мақаласы да осы газетте жарияланып едi. Жоғары оқу орынындағы бiздер ол хатты бiрден-бiрге көшiрiп оқитынбыз. Сөйтiп жүргенде Ақселеу Сейдiмбектiң де мақаласы жарияланды. Осылайша алыстағы ағайынның ата-жұртқа ағылуына «Шалқар» газетiнiң атқарған қызметi ерекше болды. Әрi осы кездерде газеттiң бас редакторы Уақап Қыдырханның «Азаттық» радиосында сөйлеген сөздерi де берiлiп тұратын. Сөйтiп бала күнiмiзден «Шалқар» газетiнiң үнi арқылы ата-жұртқа елеңдеп өстiк.
1997 жылы қаңтарда атажұртқа алғаш қадам тастадым. 1998 жылдың көктемiнiң бiр күнi ақын Жәркен Бөдеш екеумiз қазiргi Панфиловтар бағын жағалап келе жатып, ақын Әдiлғазы Қайырбековке кезiгiп қалдық. Жаркен аға Әдiлғазыға:
– Мынау, Жәди деген iнiң. АГУ-дiң аспирантурасына түстi. Арғы беттен келген сауатты жас, саған қызметкер керек болса, осыны ал, – дедi бiрден.
Арамызда бұндай әңгiме болмаса да, Жаркен ағаның сөзi маған майдай жақты. Сөйтсем Әдiлғазы «Шалқар» газетiнiң редакторы екен. Мирас жанарын маған төнкерген ақын ағам: «Түстен кейiн маған келiп кетшi», – деп сыпайы тiл қатты. Мен қарсылық бiлдiрмей, iштей қуанып «Шалқарға»- Әдiлқазы ағаның алдына кiрдiм. Ол кiсi мен туралы бiраз сұрап бiлгеннен кейiн жұмысқа алатынын айтты. Ертесiн де дайындалып жатқан жаңа бетке «Қазық» атты әңгiмемдi суретiммен басты. Сөйтiп менiң «Шалқардағы» жұмысым басталды. Ол кезде көп мақаланы қалам атпен жазып жүрдiм. Ж. Баршабаев, Төңкерiспек, Шаяхметов, Азамат Алашұлы, Кеңес Шаяхметов деген көптеген аттар қолдандым. Оспан батырдың 100 жылдығына арналған ұласпалы мақалам да Ж. Баршабаев деген атпен жарық көрген едi.
1999 жылға келгенде «Шалқар» газетi нарыққа байланысты бiр мезет үзiлiске ұшырады. 2000 жылдың аяғынан бастап, Жаңыл Әпетованың басшылығымен «Шалқар» ендiгi жерде «Шалқар-2» деген атпен қайта жарық көре бастады. 2001 жылы менi жұмысқа шақырды. Мен сол жылдың аяғынан бастап, «Шалқар-2» газетiне қайта оралдым. Әуелi тiлшi, кейiннен бас редактордың орынбасары қызметiн атқардым.
Сөйтiп, ата-жұрт құшағындағы қалам жағындағы тұсаукесерiм «Шалқар» арқылы кесiлiп, адымым ашыла түстi. Көптеген мақалалар жариялап тұрдым. Қытайдан келген аға қаламгершiлер Оразанбай Егеубай, Жұмадiл Маман, Қайролла Баянбай, Серiк Қапшықбаевтар бiзге жиi қатысып тұрды. «Шалқар» болсын, «Шалқар-2» болсын ата-жұртпен алыстағы ағайын арасына «алтын көпiр» қызметiн атқарды. Туыстарын iздеген талай мұңлыққа бақыт сыйлап, жоғын табу да – Шалқарлықтардың игi iстерi едi.
Менiң 9 жасымда алғашқы саны жарық көрген «Шалқар» газетi бүгiн орда бұзар 30-ға келiптi. Отыз – ойлылық жас, отыз – оты маздаған жастықтың жалынды шағы. Оның әр қадамында құт бар. Ол құт – елге, жерге деген ақ махаббат. «Шалқардың» тойы – шаңырағы биiк қазақ елiнiң тойы. Алла тағала қазақтардың тойын тойға ұластырсын!
Жәди Шәкен

Изображение 020ҰСТАЗЫМСЫҢ – МҰҒАЛIМ
(«Шалқар» газетiнiң 30 жылдығына арнаймын)

«Шалқар», «Шалқар» сусындатқан талайды,
Сондықтан жұрт жылы жүзбен қарайды.
Сан мың жанға азық болып нәр берсе,
Талайларға таң боп атқан арайлы.

Сенi көрсем бабам еске келедi,
Елестейдi тарихтың мың дерегi.
Анау таудан, қорымдардан, жартастан –
Ата заман сарнап, сабақ бередi.

Бастан кештiң тарихты не түрлi,
Талай ұрпақ сенi оқып жетiлдi
Оттай ыстық көрiнедi әр әрпiң,
Бейне Ахмет Байтұрсынов секiлдi.

Бұрылып бiр тарихқа қарай қал,
Сенi оқып даңқы шыққан талайлар.
Сенiменен дүниеге танылған,
Әл-Фараби, Ыбырай мен Абайлар.

Сенi көрсем құрметпен тiк тұрамын,
Бабаларды сен арқылы ұғамын.
Мен де сауат ашқан едiм сенi оқып,
Сондықтан да ұстазымсың – мұғалiм.
Шәмшәбану Қамзақызы (22 қараша, 2006 ж.)
(Қытай мемлекеттiк жазушылар одағының мүшесi, дүниежүзi қазақтарының үшiншi құрылтайы жыр мүшәйрасының жүлдегерi)

Жоғары болсын жұлдызың
(«Шалқар-2» газетiнiң 30 жылдығына арнаймын)

Шалдуар шақ…
Оған да шалыс бардың,
Ортақ ойдан қай күнi қалыс қалдың.
Сенiмменен өрiлiп сен емес пе ең,
Аманаты қалдырған арыстардың.

Заман болды зарыңа сөз бермеген,
Құйындарды өткiздiң көз көрмеген.
Қу саясат атыңды құбылтқанмен,
Затың қалды санада өзгермеген.

Күйiнiшпен көтерiп барып-келiн,
Кешiп өттiң тағы да нарық көлiн.
Ұмыттырмай жеткiздiң ұрпақтарға
Қаны сiңген қазақтың әрiптерiн.

Күндер келе береме, сiрә мұндай,
Ескерiлмес ел барда сұрағың қай.
Желпiндiрiп жiгердi тасытатын,
«Шалқарымсың» шабыттың бұлағындай.

Кезең болды өзегiң отқа өрiлген,
Пейiл барда пенде жоқ шет көрiнген.
Ахметтей аяулы ғұламаның,
Қолтаңбасын көремiн беттерiңнен.
Серпiлем деп батқамын селге менде,
Үңiлемiн өзiңе шөлдегенде.
Құйыласың бойыма қуат болып,
Емшегiң езiлiп ел дегенде.
Көз алдыңа көлденең кеп тұратын,
Халық қамы,
Басқаша жоқ мұратың,
Жолдарыңда жүйелi қасиет бар,
Тарихымның тамырын соқтыратын.
Сүрiнгенмен сан рет құлап көргем.
Сергитұғын сенiмен жылап келген.
Қай қиырда жүрсе де қалың елiң,
€зегiне өзiңсiң қуат берген.
Көңiлдегi ерекше көл құсындай,
Тұра алмайсың жобалы жолды ұсынбай.
€негең бар, өзгеше өмiрiң бар,
Қасиеттi қазақтың болмысындай.
Шымыр оймен шынай жүрекпенен,
€ресi кең өзiңдi тiрек көрем.
Жоғарыда жұлдызың тұрса екен деп.
Талпындырған тәңiрден тiлеп келем!
Оразбай Байбақұлы

Еларалық «Шалқар-2» газетiн 30 жылдығымен құттықтаймын!
Жазулардың iшiнде маған ерекше әсер берiп отыратын – төте жазу. Жас кезiмде төте жазуды жақсы көретiнмiн әрi қызығатынмын, өйткенi өз атымды жазғанда орын аз кететiн және небәрi ек-ақ әрiптен тұратын. Егер кирилл алфавитiнен төте жазуға (араб қарпi) көшетiн болсақ, жақсы болар едi. Оның басты ерекшелiгi мынада: көптеген тарихи дүниелер төте жазумен жазылып, қазiргi кезде архивтерде сақталған. Менiң ойымша, өткен тарихты бiлмей болмайды.
Газет арқылы шындықты, кiмнiң кiм екенiн көруге болады. Сондықтан да, «Шалқар-2» газетiн 30 жылдығымен құттықтап, шығармашылық табыстар тiлеймiн.
Қазақстанның еңбек сңiрген әртiсi, актриса Хабиба Елебекова

Изображе55ние 004ЕЛ МЕН ЕЛДI ЖАЛҒАСТЫРҒАН АЛТЫН К€ПIР
«Шалқар» газетiмен таныстығымыз мектепте жүргенде басталды. Ол кезде «Бiздiң Отан» деп аталатын. Көненiң көзiндей төте жазумен шығатын газеттi алғаш көргенiмiзде кәдiмгiдей таңданғанымыз рас. €йткенi қазақ тiлiнде араб қарпiмен де шығатын газет барлығы жөнiнде бейхабар едiк. Құран жазуларындай маржандай тiзiлiп тұрған бейтаныс әрiптердi әкем судыратып оқи жөнелгенде аузымыз ашылып қалды. Алғаш рет «Шалқар» газетiмен осылай таныстым.
Өткен ғасырдың 80-шы жылдарының соңындағы демократиялық дүмпу, бәрiнен бұрын қазақтың өткенiне үңiлiп, руханиятын зерделеуге мүмкiндiк тудырды. Бұған дейiн қазақ алфавиттерi туралы жақ ашпай келген ұстаздарымыз өздерiнiң әуелi араб жазумен хат танығандықтарын жайып салса, Моңғолияның Баян-Өлгий аймағының зиялылары оны оқытуға зейiн қойды. 1989 жылы 9-шы класты оқып жүргенiмiзде, ақын, қоғам қайраткерi, Моңғолия Жазушылар Одағының Баян-Өлгий аймақтық бөлiмшесiнiң бастығы Кәкей Жаңжұңұлы арнайы үйiрме ашып, төте жазудан сабақ үйрете бастады. Сөйтiп, «Шалқар» газетiн өзiмiз мүдiрмей оқитын болдық. Әрине, ол жылдары бiз Қазақстанның мерзiмдi басылымдарының бiрiн қалдырмай оқып тұрдық. Ал «Шалқардың» ерекшелiгi сол – әлемде тарыдай шашылған қазақ баласының тағдыр-талайына арналғандығында едi. «Шалқар» газетiнiң бетiнен, өз басым, Қазақстан мен Қытайдан өзге (ол кезде КСРО тарамағандықтан Ресейдi қоспай отырмын) шетелдерде де қазақ баласының өмiр сүретiндiгiн, олардың әлемнiң 40-тан астам елiнде тұратындығын бiлген едiм. Кейiн әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетiнiң филология факультетiнiң I курсында оқып жүргенiмде, түрiктiң ойма жазуы мен төте жазу тағы да арнайы пән ретiнде үйретiлдi. Көрнекi құрал ретiнде осы «Шалқар» газетiн пайдаландық.
«Шалқар» газетi өзге басылымдармен салыстырғанда, танымдық-публицистикалық мақалаларға көбiрек мән беретiн. Оның өзiндiк себептерi де жоқ емес. Газет негiзiнен Қытайдың Шыңжаң ұйғыр автономиялы аймағында өмiр сүретiн, төте жазуды пайдаланатын 1,5 миллион қазаққа арналып шығатын. Қытайдың қырағы көз арнайы қызметкерлерi бұл газеттiң шекарадан өтуiне тиым салды. Себеп бiреу – Кеңестер Одағының «зиянды» идеологиясын таратуға құлықсыз Қытай Коммунистiк партиясы «Шалқар» газетiнен үрейлендi. Бiрақ, тиымның болғанына қарамастан, газет бұндағы ел мен елдiң қосылуын аңсаған жұрттың қолына тиiп, сусаған жұрттың шөлiн қандыратын едi.
Мен алғашқы журналистiк қызметiмдi 1994 жылы «Шалқар» газетiнен бастаым. Мұның өзi оған деген ынтызарымның ерте оянғанынан болар. Бұған дейiн мен газет бетiнен рухани-танымдық мақалаларды көбiрек оқыдым.
Шетелдегi қазақтың тыныс- тiршiлiгiн атамекенге, атамекендегi елдiң хал-ахуалын шеттегi жұртқа таныстыруда «Шалқардың» рөлi орасан болды. 1991 жылы атамекенге шеттегi қазақтың көшi ағылғанда «Шалқар» газетiнiң арқалаған жүгi тағы да еселендi. Ендi тек шеттегi қазақ туралы ғана емес, сонымен бiрге көшiп келiп, қоныстанған қазақтың өмiр тынысын суреттеу арқылы артта қалған көңiлi күптi жұрттың жүрегiн орнына түсiру үшiн де «Шалқар» газетi көп еңбек сiңiрдi. Бiр айта кетерлiгi, «Шалқар»газетi осы 30 жыл iшiнде шеттегi қазақ үшiн арналып шыққан бiрден-бiр басылым болды және солай болып қала бермек.
Бiрақ, амал нешiк, өз құндылығымызға өзiмiз мұрын шүйiрген заманда, «Шалқар» газетiнiң басына да бұлт үйiрiлдi. Өзгеден бұрын нарықтың қыл арқаны осы газеттiң мойнына салынды. Ахаң – Ахмет Байтұрсынұлы атамыздың қолтаңбасы төте жазуды мұра еткен «Шалқар» газетiнiң сол кездегi бас редакторы Уахап Қыдырхан мырза бұл газеттi сақтап қалуға тырысып баққанымен, нарықтың қатал заңы өз дегенiне көндiрмей қоймады. Газет алдымен «Қазақ елi» газетiнiң қосымшасына айналды да, 1998 жылы шығуын мүлдем тоқтатты.
Дегенмен, көне мұрамыздың жалғыз көзi «Шалқар» газетiнен көз жазып қалған тұрақты оқырман оның қайта жарық көруiне атсалысты. Жан-жақтан толассыз келген хаттар мен оқырмандардың талап-тiлегiн ескерген «Шалқар» газетiнiң бұрынғы ұжымы оны қайта шығару үшiн күрестi. Сөйтiп, 2000 жылы газет «Шалқар-2» деген атпен қайта жарық көрдi. Ел мен елдi жалғастырушы мiндетiн талмай атқарып келген газет әлi де өзiнiң дәстүрлi бағытынан айнымақ емес. Бiртұтас қазақ мемлекетiн қалыптастырып, нығайту бағытындағы тәуелсiздiк мұраттарын жүзеге асырып келедi. Бұл жолда шетелдегi қазақ бауырларымыздың санасын елге, атамекенге деген ынта-ықыласын оятып, бүкiл әлемдiк қазақтардың тарихи отаны – Қазақстанда бас қосуына өз септiгiн тигiзуде. Газеттi сақтап қалуда оның қазiргi бас редакторы Жаңыл Әпетованың еңбегi зор және ол оларға оңай болмағандығы да белгiлi. Сондай-ақ, Алматы қаласының әкiмi Иманғали Тасмағамбетовтiң «төте жазумен шығатын жалғыз басылымды қалай да ұстау керек» деуi де оны шығарушылардың сенiмiне қанат бiтiрген.
Мағжан Жұмабаевтың «Қарлығаштың қымбаттығы тасыған суының молдығында емес, жүрегiнiң адалдығында» деген едi. Сол сияқты «Шалқар» газетiнiң қымбаттығы елдiң тұтастығы үшiн жатпай-тұрмай еңбек етуiнде. Бүгiнде 30 деген орда бұзар жасқа жеткен шалқарлықтарды мерейтойларымен шын жүрегiммен құттықтаймын!
Есенгүл КӘПҚЫЗЫ

d0b6d0b0d0bdd0b0d188d18bd180-d29bd0bed180d18b-029-300x225“Шалқар” газетi шыға бастағанының 30 жылдығын шын жүректен құттықтаймын!
Газет жаңалықтың жаршысы, халық ойының, тың тiршiлiгiнiң, нұрлы болашағының сұңқар жыршысы. “Шалқар” газетi туралы да осыны айтуға тура келедi.
“Шалқар” газетiнiң басқа газеттерге ұқсамайтын өзiндiк ерекшелiгi. Айталық, ұлтымыз мәдениетiнiң көш басшысы болған Ахмет Байтұрсын жасаған араб әлiпбиiмен шығатындығы. Осы ерекшелiгiмен Қытайдағы қалың қазақ халқы арасында абыройы өте зор. Олардың көзiне өте ыстық көрiнедi. Ата мекеннiң, ата мекендегi қандастарының жай-күйiнен көбiнде “Шалқар” газетi арқылы хабардар болып тұратындығын мақтаныш сезiнедi. Сол себептi бұл газеттiң әр санын алтындай ардақтап сақтайды.
Тағдырдың тәлкегiмен дүние жүзiне тарыдай шашылған қандастарымыз жөнiнен алғанда, “Шалқар” газетi аса абыройлы газет.
Газеттiң 30 жылдығын құттықтап отырған осы бiр кезде әр елдегi қазақ оқырмандарымен болған байланысын мұнан да күшейте түсетiн болса, газеттiң ықпалы мен беделi соғұрым жоғарылай түсер едi.
Қайролла Баянбайұлы.
профессор, жазушы.

Изображение 276

ҚҰТТЫҚТАУ ХАТ
“Шалқар” газетi өзiнiң 30 жылдық сапарында орасан зор жұмыстар iстеп, шеттегi қазақтардың ыстық ықыласына бөлендi. Менiң де көптеген еңбектерiм “Шалқар” газетi арқылы Қазақстан оқырмандарына таныстырылды. Сол үшiн де газет ұжымына үлкен алғыс айтып, ақ тiлегiмiздi бiлдiремiн. Сонымен бiрге алдағы күндерi “Шалқар” газетiнiң бұрынғыдан зор жетiстiктерге жете беруiне тiлеулеспiн.

Құрметпен Зейнолла Сәнк
Қытай Мемлекеттiк Жазушылар одағының мүшесi,
Қытай Мемлекеттiк Сыйлығының иегерi.

d0b6d0b0d0bdd0b0d188d18bd180-d29bd0bed180d18b-030-300x225ҚҰТТЫҚТАУ
Қасиетi “Шалқар” газетiнiң шарапатты алақаны сипамаған, әлемде қайсы қазақ бар?! Жоқ, жоқ, жоқ!
Жұмәдiл Маман,
профессор, ҚХР жазушысы

ҚҰТТЫҚТАУ
Отыз жылдан берi аты неше өзгерсе де, талай тауқыметтер мен нәубеттердi бастан кешсе де, бүгiнгi “Шалқар-2” газетiн шетелдердегi бес миллион қазақ халқы естен шығарған емес.
Ата-жұртын, дүниедегi жалғыз Отаны – тек Қазақстан екендiгiн толассыз үгiттедi. Отан тәуелсiздiгiне еселi үлес қосты. Алтын көпiр болып, егемен Отанның оларға шексiз мейiр шапағатын осы күнi де тынбай жалғап келедi. Орда бұзар отыз жасын шын жүректен құттықтаймын! Қанатын бұрынғыдан да кең жаятын жарқын болашақ тiлеймiн!
Оразанбай Егеубаев
профессор жазушы

ЕСТЕЛIК ҚҰТТЫҚТАУ
Менiң бұл газетке келуiме себеп болған жағдай тосыннан болды. Мен ол кезде Алматының халықаралық шет тiлдер институтының ағылшын тiлi факультетiн бiтiрiп, жұмысқа тұруды ойластырып жүргем. Сол кезде газеттерден “Отан” деген қоғам құрылғанын, сол қоғамның атынан шет елдердегi қандастарға арналып “Бiздiң Отан” деген араб әрпiнде газет шығатынын естiп бiлдiм. Жүрегiм қобалжып, кәдiмгiдей қуанышқа бөлендiм. Өйткенi мен Шинжиаң өңiрiнде туып, Құлжа қаласында он жылдықты бiтiрген едiм. Өз ата-бабамның ата-мекенiнде жүрсем де туған жер ыстық қой, мектепте бiрге оқыған құрбы-құрдастар, туған ауылымдағы көршi-қолаң ағайындар көз алдымнан елес бердi. “Бiздiң Отан” газетiне анамыз Дәмеш Берсүгiрованың бiрнеше шумақ өлеңiн араб әрпiнде жазып, редакцияға алып бардым. Менi жылы шыраймен күлiмдеп, биазы, мәдениеттi бiр адам қарсы алды. Сөйтсем ол кiсi сол газеттiң бас редакторы белгiлi қайраткер, журналист Мұса ағай Дiнiшев екен.
– Қарағым, айналайын мына жазуың тiптi мөлдiреп тұр ғой, өзiң жаздың ба?- дедi. Мен күлiп, өзiм жаздым дедiм. Содан соң жөн сұрастық. Ол кiсi менiң өмiрбаяныммен танысты.
– Жамалжан, мына әкелген анаңның өлеңдер шумағы өз алдына, сен осы бiзге жұмысқа келсең қайтедi дедi. Сөйтiп “Бiздiң Отан” газетiне жұмысқа орналастым. Ол кезде араб әрпiнде басатын машинка, компьютер дегендер жоқ. Типографияда арабша шрифт та жоқ екен.
– Сенi мен мына сүйкiмдi жазуың үшiн жұмысқа алып отырмын. Сен аудармашы-тiлшi боласың дедi. Содан сол күнi-ақ жұмысқа кiрiсiп кеттiм. Редакцияның ұжымымен таныстырды. Әлi есiмде Омарғали Құдышев, Әбдiбек Нұрмағамбетов ақсақалдар менi жатсынбай, ұялып, күмiлжiп тұрғанымды көрiп, кел қарағым жоғары шық деп, жылы лебiзбен қарсы алды. Сөйтсем ол кiсiлер қазақтың майталман қалам иелерi, белгiлi журналист қайраткерлер екен. “Бiздiң Отан” газетiнiң ұжымы менiң екiншi жанұям сияқты болып кеттi. Елге сыйлы, үлгiлi-өнегелi ағалармен бiрге жұмыс iстеп көп нәрседен тағылым алдым. Ахмет Байтұрсынов атамыздың жәдит жазуын газет мақалаларында жан-тәнiммен қызыға көшiрiп жазып, әрбiр саны шыққан сайын бiр белеске шыққандай ләззат алып жүрдiм. Газет менiң өмiрiмдегi рухани азық алған, хал қадерiмше шынайы ықылас-ниетiммен қызмет етуiме үлкен көмек еттi. Өз үйiмдегi күйбең шаруаны тастай қашып жұмысқа асығатынмын. Сонымен 1986 жылдан бастап газет “Шалқар” деген атпен шыға бастады. Бас редакторы жазушы, журналист Уақап Қыдырханұлы болды. Редакцияның ұжымында жазушы, журналист ағамыз, бас редактордың орынбасары Құрманбай Толыбаев, жауапты хатшы журналист Ғалым Тыныбаев, жазушы Жақсылық Сәмитұлы сындыбiлiмдi журналистер газеттiң туын тiк көтерiп, оқырмандардың көкейiнен шығатын,құнды-құнды мақалалар жазып, қандастарымызға атамекен хабарын жеткiзiп отырды. Шалқар деген сөзiң мағынасы – Шалқыған кең дүние, жалпақ өрiс, кең тынысты өмiр деген сөз. Осы мағынадағы атпен аталған “Шалқар” газетi қазақ диаспорасының жаршысы болып дүние жүзiне тарады. “Шалқар” газетi жер жүзiнде тарыдай шашырап жүрген қандас бауырларымызға рухани азық сыйлап, көкiрегiн оятып, қоғамдық-саяси өмiрiмiздiң iшкi-сыртқы қозғалысына елеулi үлес қосып отырған “Шалқардың” жетiстiктерiн мақтанада, қуана да айтуымызға әбден болады.
Туған елдiң, туған тiлдiң туын тiк көтерiп келе жатқан “Шалқар” ұлттық мәдениетiмiздiң жаршысы. Соңғы кезде газет “Шалқар-2” болып шығып жүр. Бұған бас көз болып, бас редактор болып басқарып жүрген бiлiмдi де, ибалы, инабатты нәзiк жанды қызымыз Жаңыл Әпетова бар күшiн аямай, азаматтай еңбек етiп жүр. Мен “Бiздiң отан”, “Шалқар” газетiнде өзiм зейнетке шыққанша шама-шарқымша еңбек еттiм. Бiр саны да менсiз шыққан емес. Еңбегiм сiңдi деп ойлаймын.Газет үшiн не iстесек те архив ақтарып қарар болсақ, өткен күндер белгiсi сайрап жатыр. Уақыт аққан судай жылдам екен, көне көз қариялардың орнын жастар басып келедi. “Жас өседi, жарлы байыйды” деген осы. Көз алдымда, газет жұмысында жүрген ұл-қыздарымның амандығын бiр Алладан тiлеп отырамын. Заман тыныш болса бұл газеттiң де көсегесi көгере берер. Басқасын бiлмеймiн, қыздың төркiнi өзiне қандай ыстық болса, “Шалқарымның” шаңырағы да маған сондай ыстық. Мiне, отыз жыл болды газет тоқтаусыз шығып келедi. Жолың болсын, “Шалқар-2” бағытыңнан жазбай өркендей бер! Талғамы күштi оқырмандарыңның қорғап-қолдауына арқа сүйе!.. Оған жаңа рух берген, жан берген, тiрiлткен “Шалқар-2” нiң Жаңыл бастаған жас өркен ұжымы. Мерейлi тойларың құтты болсын! Еңбектерiң жана берсiн! Тәуелсiздiк алған қазақ елiн, мемлекетiн мақтан етiп, жасыл байрағын көкке көтерiп жүре берулерiңiзге тiлектес апаларың
ЖамалСұлтанбекова

ҚАЗАҚ ДИАСПОРАСЫНЫҢ АЙНАСЫ
Жер шарының шалғай алыс шет-шегiне дейiн iз салып, қазақ iздеп сабылып, қайырлы сапар шегушi “Шалқар-2” газетiнiң орны бөлек. Ол туған жұртынан қиыр жайлап, тiршiлiк соңында тебiнгiсiнен тер кеппей, ұйқысы қашқан ағайынның, атамекеннен қайда көз жазып, сағынышпен сарғайған бауырдың әрi мұңдасы, әрi сырласы. Мұхиттың арғы жағынан бастап бүкiл Еуропа және Шығыс Азия елдерiне тарыдай шашылған қазақ қарлығаш хабаршы – “Шалқар-2” газетi арқылы ғана Отаны барын естерiне алып, жандары жай тапқанын айрықша атап өткен жөн.
Қилы-қилы замана қыспағын, тағдыр талқысының талайын басынан өткерген шеттегi қазақ түбi бiр туыс жұртын iздесе де осы “Шалқар-2” газетiне жүгiндi… Кеңестiк қызыл империяның шеттен қыл өткiзбес қиын тұсында да алыстағы ағайынға жол тауып, аманат хабарын жеткiздi. Сөйтiп қиырдағы алаң көңiл бауырдың да шер сәлемiн, үмiт-тiлегiн ала келдi. Оларға шұрқыраса қауышар күн туарын сездiре бiлдi. “Көкем, бөпем, туған елдi көрер ме екем” деп көздерiне жас толғандарға жұбаныш, сенiм шуағын сыйлады
Рас “Шалқар-2” газетi (о, баста 1976 жылы “Бiздiң Отан”, онан кейiн 1990 жылы “Шалқар” деген атпен шығып тұрды) ағайынға ағайынның сәлемiн жеткiзушi дәнекер ғана емес, туған тiлiмiз бен төл жазуымыздың асыл қазынасын апарушы да болды. Ұлттық әдеби-мәдени мұраларымызды, салт-саналық дәстүрлерiмiздi де насихаттады. Елден алыс кеткендерге ұмыт қалған көп жайлардан хабар тапқызды. Жетi атасын, тегiн тану арқылы азбауға үндедi…
Осындай мойынына үлкен жауапкершiлiк жүгiн арқалаған басылым жер бетiндегi қазақ атаулының Отаны -Қазақстанға шоғырлануын бiр сәтте назарынан тыс қалдырған емес. Сондай елгезектiгiнiң арқасы шығар, газет 1991 жылы алғаш рет Баян Өлгейден қазақ көшi басталғанда “Қара Ертiстi жағалап көш келедi” деп қуана жазды. Содан берi көш тоқталған жоқ, үздiк-создық көршi Қытай, Өзбек, Ресей елiнен де көш керуенi жалғасуда. Осынау шоғыр-шоғырымен елге оралған қазақтың басы-қасында бәйек боп шырылдап жүрген де “Шалқар-2” газетi. Сол себептi де газет өзiнiң тарихи миссиясын жақсы бiледi. Диаспора тақырыбын кеңiнен алып қарастыруында үлкен мән бар. Шын мағынасында газет қазақтардың өзiн өзi тануына айрықша көңiл бөлiп отыр.
Мiне, Ақпарат кеңiстiгiнде отыз жылдан берi үнi үзiлмей үдеп естiлiп тұрған газеттiң хат қоржынында дүние жүзiндегi қазақтардың ой-пiкiрi тоғысқан жазбалары жатыр. Сол ой-пiкiрлердiң ортақ түйiнi – қазақтың Қазақстаннан басқа Отаны жоқ.
Қазiр бұл аксиомаға “Қазақстанның болашағы -қазақ тiлiнде” деген тұжырым қосылды. Бұл әрине, ұлттық тұтастығымыздың дербес мемлекеттiгiмiздiң кепiлi. Азаттық ауасымен тыныс алған 15 жылда туған елiмiздiң гүлденiп көркеюiне “Шалқар-2” газетi де өзiндiк үлесiн қосып келе жатқаны айқын.
Иә, жаңа ғасырдағы жан алқымынан алған уақыт жүгi ауыр. Мұндайда Отанына, туған халқына адалдар ғана сыннан өте алады. Қазақ диаспорасының айнасына айналған “Шалқар-2” газетi де уақыт сыннан сүрiнбей өте алады деген сенiмдемiз.
Руханисуат
Жүректен шымыр-шымыр қайнап шығып жататын шын сөздi, Алаш арыстарының “Қазағым, елiм” деп қабырғалары қайыса аспан астын жаңғыртқан зор үндерiнде осы басылым бетiнен тебiрене жолықтырғаным рас…
“Шалқар-2” – қарымы кең, ұлттық таза ниеттегi жазбалардың мол өнiм беретiн құнарлы топырағы. Қазақ Әлiпбиiнiң – төл жазуымыздың төр жайлауы. Қазақпын дегеннiң шөлдеп келiп бас қояр рухани суаты да осы! Сол үшiн де “Шалқар-2” газетiн ұлттық болмысымыздың жығылмас туындай жоғары ұстап, төбемiзге көтерейiк! Оны аялап сақтап, ұрпақтан ұрпаққа аманат етiп жеткiзейiк!
Қазтай Әбiш

Еларалық “Шалқар-2” газетiнiң бас редакторы Жаңыл Әпетоваға
Төл жазуымызбен – Ахаң әлiптеген қазақ әлiпбиiмен шығатын елiмiздегi жалғыз басылымның “Шалқар-2” газетi екенi белгiлi. Қазақтың өткенi мен бүгiнiн, алысы мен жақынын жалғастырып отырған алтын көпiр – сол “Шалқар-2” газетiнiң шыға бастағанына биыл отыз жыл толып отыр екен.
Құрметтi әрiптестер!
Еларалық басылымның 30 жылдық мерейтойы құтты болсын! Ұжымыңызға береке-бiрлiк және шығармашылық табыс тiлеймiн!
Құрметпен
“Алматы Ақшамы” газетiнiң бас редакторы Қали СӘРСЕНБАЙ

“Шалқар-2” газетiнiң ұжымына!
Құрметтi әрiптестер! 30 жыл толған мерейтойларыңызбен шын жүректен құттықтаймыз. Әрқашанда Қазақстандағы оқырмандарыңызды қуантып, шетелдердегi ағайындарды риза ете берулерiңiзге тiлектеспiз.
Таралымдарыңыз ұлғайып, шығармашылық табыстарыңыз молая берсiн.

Құрметпен
“Алтын бесiк” журналының бас редакторы Сұлтанәлi Балғабаев

DSCF7079ЕЗУДЕН ЖЫЛЫ СӨЗДЕН ЕНШI БӨЛIП…
1947 жылдың аязды қысы болатын. Раздықұлы Рахман екеумiз Үрiмжi қаласындағы Қазақстан елшiлiгi жанындағы кiтапханаға келдiк. Кiтапхана меңгерушiсi Гразнова Вера Ивановна бiздi жылы қабылдап, керек кiтаптарымызды тауып беретiн. Бiрде ол жанымызға жақындап келiп:
– Мына журналды оқыңыздар. Алматыда шыққан. Бiрақ,
бөтен адамдарға көрсете бермеңдер, – деп қолындағы бүктелген арап әрпiнде жазылған “Қазақ елi” журналын ұстата бердi. Журналды қойнымызға тыққан бiздер, жатақханаға келiп, беттерiн парақтап көре бастадық. Журнал редакторы – Бөлебай Исабеков екен. Басылымның бiрiншi бетiндегi майдангер батыр Бауыржан Момышұлы, Мәлiк Габдуллин, қазақ бұлбұлы Күлаш Байсейiтова, әйгiлi ұшқыш – Талғат Бигелдиндердiң бейнесi көзiмiзге оттай басылды. Екеумiз өз туыстарымызды көргендей қуандық.
Басылымды көздерi шалған жоғары сынып оқушылары жалынып алып, қолдан-қолға тигiзбей, түнделетiп оқып шығатын. Бiз басылымнан көп нәрселер аңғардық. Әсiресе Қазақстанның өркендi ел екенiн бiлiп, оның мектептерiнде бiлiм алған жастар өмiрiне қызығатынбыз. Ойымызды өрбiте түскен “Қазақ елi” журналын құлағы шалған қазақтар кiтапханаға келiп журналды қолдарына алып, көкiрегiне, көздерiне басып қуана оқитындарының куәсi болдық. Көбi туған ауылының “Абай”, “Шоқан”, “Жамбыл”, “Қаламан” болып өзгергенiн оқып, жанарларына жас үйiретiн. Бұл халық ойынан шыққан баспасөз құдыретi болса керек. Бiздер көп ұзамай, ел iшiне тез тараған басылымды Қытай өкметiнiң шектегенiн естiдiк… Бiрақ қиандағы қандастар қамын ойлаған Қазақстан өкiметi 1944 жылы шыққан “Қазақ елi” басылымының жалғасы ретiнде 1950 жылы, белгiлi қоғам қайраткерi, журналист Әбдуали Қарақұловтың басқаруымен “Жаңа өмiр” журналын шығарып, Қытай қазақтарына таратады. Қытайдағы қазақтарымыз құшақ жая қабылдап, оқи бастаған журнал өмiрi
Арада өткен көп үзiлiстен кейiн Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетiнiң бiрiншi хатшысы Д.А.Қонаевтың нұсқауымен, шетелдегi қандастар қамын бiлiп, олармен араласып тұру мақсатында, жетпiсiншi жылдар iшiнде “Отан” қоғамы құрылып, жұмыс iстей бастайды. Қоғамның органы болып 1976 жылдың желтоқсан айында “Бiздiң Отан” газетi шығады. Газет жұмысын белгiлi журналист Мұса Дiнiшев басқарып, республика оқырмандарына тарап жатты. Ал шеттегi ағайындардың ала-құла көзқарастарына симаған газет қиырдағы қандастарымызға жетпей жатты.
Осындай көзқарастар мына бiр жайды еске салады. Мен 1984 жылы Үрiмжiге барғанымда, Нұрдолла Оспанов, Оразбек Қанафин деген журналистер:
– Сiздерге шығатын “Бiздiң Отан” газетiн қалқа елiнiң жiгiттерiнен көрiп, оқыдық. Көп тақырыптар жүгiн көтерген тартымды газет екен. Бiрақ газет соңында әлде бiр саяси орындар бар ма деп күмәнданамыз, – деп өз ойларын ашып аңғартқан едi.
Иә шетелдегi ағайындардың осындай ойларына құлақ асқан Орталық Комитет “Бiздiң Отан” газетiн сапалы шығаруды қолға алып, 1989 жылы газет атын “Шалқар” деп өзгертедi. “Шалқар” басылымын “Егемен Қазақстан” газетiнiң тезiнен өткен, қаламы қарымды журналист – Уақап Қыдырханұлы басқарды. Газет жұмысын “Отан” қоғамының төрағасы Шәңгерей Жәнiбеков ерекше қадағалап, оған қажет жағдайдың бәрiн жасайды. Соның арқасында “Шалқар” басылымының өрiсi кеңейiп, iшкi және сыртқы оқырмандарға еркiн тарайтын. Басылым барған жерiнен хат, хабар үздiксiз келiп, оны газет беттерiнде жариялап отырған.
Осы жылдары газет редакциясында қаламы жүйрiк, тәжiрибесi мол Қ.Толыбаев, Қ.Әбiшев, Ж.Әпетова, О.Байбақов, С.Смайылов, Қ.Сахов және газеттi суретпен көркемдеушi – Нұрқожа Жұбанов сияқты iскер журналистер жұмыс iстейдi. Солардың тынымсыз iзденген еңбектерiмен “Шалқардың” оқырман талабына лайықты шыққаны әлi есiмiзде.
Газет ғылым, өнер, тарих, этнография, философия, табиғатты қорғау сияқты тақырыптарды қамти бiлген. Әсiресе қияндағы ағайындардың оқып, тiл үйренуiне көмегi болсын деп, номер сайын Ахмет Байтұрсын емлесiнiң әлiппесiн жариялап отырған. Басылым ұжымы алыстан келген ағайындармен сырласуды дәстүрге айналдырып, олардың ата мекенге деген сағыныштарынан туған өлең-жырларын, әңгiме мақалаларын газетке бере бiлген.
Отыз жыл бойы осылай еңбектенген “Шалқардың”, қарлығаштай қалықтап 28 елге барғанын неге мақтан етпеске!? Соның iшiнде – Қытай, Түркия, Ауғаныстан, Қалқа (Манғол), Өзбекстан, Қарақалпақ, Ресеймен кейбiр батыс елдерi де бар.
Қанатын осылай жайған газет, шалғайдағы ағайындарға ел жаңалығын үзбей жеткiзе бiлдi. Тiптi қияндап кетiп, ана тiлiнен, ұлттық әдет-ғұрпынан қол үзген жастардың, өз тiлiнде газет оқып, тiл ұштап, ел дәстүрiн үйренулерiне көмектесе бiлген.
Газет ықпалымен ата жұртқа алғаш сәлем бере келгендер – Бала Қамза, Қалифа Алтай, Хасан Оралтай, Мансұр тайжы және Мұстафа Өзтүрiк болды. Бұл ағайындардың келiп, елдi аралап, көрiп қайтуы ұлттық бiрiгудiң тамаша кепiлi болды. Осындай туыстық араластың арқасында, 1992-жылдың 25-қыркүйегiнде дүние қазақтарының бiрiншi құрылтайы Алматы қаласында ашылады.
Құрылтай жұмысына “Шалқар” газетi – “Армысыздар аңсап келген Алаштың азаматы!” деп белсене араласады. Олар делегаттардың сөзiмен суреттерi, берiлген тамаша номер шығарады. Осы құрылтайда спорт шеберi Мұстафа Өзтүрiктiң сөйлеген мына бiр сөзi әлi есiмде
– Құрметтi бауырларым, қимастарым! Өздерiңiзбен, Жерiммен, Елiммен дидарласқалы берi мен өзiмдi өмiрге қайта келгендей сезiнiп жүрмiн. Бұл менiң атамекенге деген мәңгiлiк таусылмас махаббатымнан туындаса керек-тi. Әрине, осынау қайталанбас сәттерiмнiң, қуанышқа толы күндерiмнiң мен үшiн үлкен тарихи маңызы бар екенiн де iштей сезiнемiн! – деп тебiренген ол, өзiнiң ата жұрты – Барқыт белде болып, оның тамаша табиғатын аралағанын, тау қарақатын жегенiн мақтан ете айтқан едi.
Иә, мұндай ата жұртқа деген махаббат тек Мұстафаның ғана жүрегiнде емес, қияндап кеткен барша қазақ көкiрегiнде тұнып жатса керек.
Бошалап кетiп, үнемi ой орманында жүрген азаматтар арасынан ата қонысқа Үрiмжiден алғаш ат басын бұрғандар – Жақсылық Сәмит, Тұрсынхан Зәкен, Алмас Ахмет, Ғалым Қалибек және Армиябек сияқты ақын –жазушыларымыз едi. Елiне арман арқалап келген қалам иелерi, арман жолын осы “Шалқар” газетiнен бастағаны баршамызға мәлiм. Олар газет редакциясында тындырымды жұмыс iстеп, адал еңбектерiмен елiмiздiң бiр-бiр отауы бола бiлдi. Бұл азаматтар еңбегiн “Шалқар” басылымының ұжымы, басқаларға үлгi, өнеге ретiнде мақтанышпен айтады
Өз жұмыстарын осылай жалғастырған “Шалқар”, 1992 жылдан бастап елiмiзге қонақтай келген Оразанбай, Маман, Нәбижан, Керiм, Зейнолла, Мәди, Жанболат, Хамит сияқты азаматтардың өлең жырын, әр тақырыптағы мақалаларын газетке үзбей берiп, олардың елге деген сүйiспеншiлiктерiн арттыра бiлген. Қазiр осы азаматтардың көпшiлiгi Алматы тұрғыны болып, алды тарих ғылымының докторы деген атпен еңбек етуде.
Шалғайдағы бауырлармен осылай қауышқан “Шалқар” басылымы, қаржы тапшылығына қарамастан қауғаланып жүрiп дүние қазақтарының екiншi, үшiншi құрылтайына арнаулы номер шығарып, құрылтай материалдарын жарқыратып беруi, олардың намыс қайраған қажырлы iстерi болатын.
Газет өзi өмiр сүрген 30 жыл iшiнде оқырмандарына тiл үйiрген талай тамаша материалдар бергенiн жақсы бiлемiз. Солардың iшiнде ерекше атауға тұратындарды Уақап Қадырханұлының аудармасымен берiлген “Құран кәрiм” Мұхаммед Пайғамбардың Хадистерi, Тұрсынхан Зәкен ұлының қытай тiлiнен аударған, Шыңжиаң университетiнiң профессоры Су-Би-Хайдың “Қазақ мәдениетiнiң тарихы” деген кiтабы, қазақ хандары туралы эпос – “Жетi қаған”, Н.Мыңжанидiң, тарихи-философиялық еңбектерi оқырманның iздеп жүрiп оқитын материалдарына айналған.
Халықтың сүйiп оқитын осындай газетiн 1990 жылдардың екiншi жартысында қоғамға бастық болып келген мырзалардың шөмiштен қаққанын жақсы бiлемiз. Соның кесiрiнен басылым жарық көруден қалған. Мұны бiлген шетелдегi оқырмандар, басылымның шығуын сұрап, редакцияға үстi-үстiне хат, телеграмма жiберушiлер көбейген. Нәтижесiнде “шалқар” қайта жарыққа шығады. Бұл қаршадай журналист қыз Жаңылдың ел алдындағы адал еңбегiнiң жемiсi едi!
Ал, соның қажырлы еңбегiнiң арқасында осы газет 28 елге тарап, қияндап кеткен ағайындармен iшiктiң iшкi бауындай араласқаны бiздi ерекше қуантады.
Иә, бұл жетiстiктердiң бәрiмiздi қуантары шындық. Отыздағы “Шалқар” нағыз опырып жұмыс iстер шағына келдi. Оның әлi де оқырмандарының көзi мен тiлi, мерейлi жүрегi болып, өз халқына езуден еншi бөле беруiне тiлектеспiз.
Ал газет шаңырағын биiк көтерген редакция ұжымына, оның жаз мерейлi редакторына, денi сау, шығармашылығы мол болсын демекпiн!
Ғалым Тыныбаев,
журналист, газеттiң бүрынғы жауапты хатшысы.
2006 жыл, желтоқсан.

Pa2901556

1. “Ана тілі” газеті, 7-желтоқсан. 2006 жыл, №49
2. “Алматы ақшамы” газеті, 18-қараша. 2006 жыл, №133
3. “Қазақ елі” газеті, 13-желтоқсан. 2006 жыл, №28-30
4. “Түркістан” газеті, 15-желтоқсан. 2006 жыл, №50-51
5. “Достық-Дружба” газеті
6. “Ақтөбе” газеті, №137-138
7. “Егемен Қазақстан” газеті, 30-маусым. 2007 жыл, №183-184
8. “Айқын” газеті, 14-қараша. 2006 жыл, №212
9. “Сыр бойы” газеті, 17-наурыз. 2007 жыл, №53-54
10. “Әдебиет айдыны”, 16-қараша. 2006
11. “Журналист” газеті, желтоқсан. №7, 2006
12. “Диалог-Еуразия” Халықаралық мәдени-интеллектуалды журнал, №21.




Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to Top ↑