Құттықтау-тілектер - Шалқар газеті

banner-top12

Жаңалықтар

Уақыты 25 декабря, 2006 | қосқан shalqar | 32 670 рет оқылды

0

Құттықтау-тілектер

Дншов М

Мұра ретінде сақтау керек

Қазақ елі өз байрағын көтеріп, дербес, ешкімге тәуелсіз мемлекетболғанына 10 жыл болып отыр. Шетте жүрген бауырларымыз келіп-кетіп жатыр. Жарты миллионға жуығы атамекенге біржола оралды.

Ал, осы өмірге жету жолында бүкіл қазақтың тұтастығын нысана етіп, бір-біріне деген сағынышын, бауырмалдығын оятқан «Шалқар» газеті халқымыздың өмір шежіресінде ерекше орын алады.

Сонау жылдары біздің жан-жағымыз темір қақпамен қымталып тұрған еді. Сол кезде түнектің түкпіріндегі жалғыз сәуледей болып «Біздің Отан» газеті шықты. Иран мен Туркияда, Қытай мен Моңғолияда, Еуропа елдерінде, тіпті Австралия мен Америкада да қазақтар бар екенін алғаш хабардар еткен осы басылым болды.

Қазақ жеріндегі көне, тарихи мұраларды ашып көрсетуде

«Шалқардың» белсенділігі кеміген жоқ. Ол саясаттың қылтың-сылтыңына қиялы байланған басылым емес, нағыз ұлттық бет-пішіні айқын, алыс, жақын қазақтың мұңын жоқтайтын, біріне –бірінің сәлемін жеткізетін – тілі болды.

Қазақтың араб графикасы негізінде Ахмет Байтұрсынов сынды дана перзенті жасаған төл жазуын сақтаушы ретінде де тәуелсіз мемлекетіміздің ақпарат құралдары арасында «Шалқардың» маңдайы жарқырап, оқшау тұрды. Кәрі тарихтың көп ой шөккен төбесі тәрізденіп кейде барша жұртты өзіне жалт қартқаны да тегін емес…

Десе де, «нарық» деп аталатын тапшылықтың салқымы көненің көзіндей болған «Шалқарға» да соқтықпай өтпеді…

Еліміз егеменді болып отырған тұста ұлтымыздың төл жазуындағы, кеше мен бүгінді, алыс пен жақынды жалғастырушы болған жалғыз басылымды шығаруға қаржысы жетпеді дегенге ешкім сенбес… Қаржы жоқ па, әлде ұлттық мұраға деген ынта-ықылас жоқ па?! Немесе бұл басылымның миссиясы бітті дейтін болар. Олай деуге әлі ерте. Керісінше, ұлтымыз үшін бұл басылымның нағыз керек тұсы. Ғылым мен техниканың деп желпілдегенімізбен, халықтың рухани ділін ыдыратпайтын ұлттық мұраларын , әдебиет, өнер, тарих, этнографиясын келер ұрпаққа жеткізер «Шалқар» сынды басылымның қажеттігін естен шығармауымыз абзал.

Бүгін «Шалқардың» мерейтойы тойланса, ол ұлтжанды бірер азаматтардың  ғана еңбнгі болып отыр. Себебі, бұл басылым «Шалқар-2» болып қайта түлемесе, 25 жылдық мерейтой бар ма еді, жоқ па еді. Төте жазудағы жалғыз басылым тып-тыныш көзден таса болып, көңілден өшіп, мүлдем ұмыт болған болар еді. Сондықтан,тер төгіп, өмірге қадам бастырған бұл басылымды тарих сахнасынан жоғалтпай, ізін жалғастырып отырған «Шалқар-2» газетінің ұжымына шынайы алғысымды білдіремін. Бұл тек менің ғана емес, сонау 1976 жылдан бері газеттің алғашқы санына қуанып, бізбен бірге болған алыс-жақындағы барлық оқырмандардың алғысы деп қабылдаңыздар. Еңбектеріңіз жанып, биіктерге самғай беріңіздер!

 Мұса Дінішев,

«Біздің Отан» — «Шалқардың» 1976- 1986 

 Жылдардағы Бас редакторы.

 2001 жыл, желтоқсан

 

j-1

Бабалар жазуын болашаққа алып барамыз

Құрметті оқырман! Бұрынғы «Біздің Отан», кейінгі «Шалқардың» өздеріңізбен «Шалқар-2» болып қайта қауыша бастағанына да бір жылдан асыпты. Осы уақыт ішінде сіздердің көңілдеріңізден шықтық па, жоқ па оған өздеріңіз төрешісіздер. Дегенмен, оқырман алдындағы жауапкершілікті орындауға тырысып бақтық. Бір кездегі «Біздің Отан» мен «Шалқар»салған сара жолды жалғастырып, сол көтерген тақырып аясын тарылтпауға тырыстық. Халқымыздың сүйікті әншісі Әлібек Дінішевтей азаматтың әкесі Мұса Дінішев алғаш болып қолға алған бұл басылым, ширек ғасыр бойы ұлтына тек ізгілік пен жақсылықтар сыйлады. Мұны әлемнің түкпір-түкпіріндегі газеттің кез-келген оқырманы мойындайды. Қандасым деп құлаш ұрып, дүниенің қай түкпірінде жүрмесін, аты қазақ азаматтардың амандығын, хал-жағдайын білуден жұмысын бастаған «Біздің Отан» газеті,  80-жылдардың соңында тиражын да, таралым аумағын да кеңітіп, атын затына сай «Шалқар» деп өзгертті. Газетке басшылыққа диаспора тақырыбын терең білетін білікті журналист Уақап Қыдырханұлы келді. Бұл тұстағы газет тақырыбы амандық-саулықтан, тарихи, мәдени, әдеби тақырыптарға ойысқан еді. Көмбеде жатқан талай қазынаның қақпағы ашылған тұс та осы кез болды. «Шалқар» арқылы талай оқырман тылсым жатқан танымдық дүниелермен таныса алады. Әлемнің 28 еліне тараған «Шалқардың» тиражы 42 мыңға дейін жетті… Алайда 90 жылдардың ортасындағы нарықтың қыспағы «Шалқарды» айналып өте алмады. Қаржы тапшылығынан «Шалқардың» шетелдерге таратылуы тоқтатылды. Ішкі оқырмандардың да кез-келгенінің «Шалқарды» жаздырып алуға қалтасы көтермейтін жағдайға жетті. Тіпті, 1996 жылы «Шалқар» жаңадан шыққан әлдебір басылымның қосымшасына айналып шыға келді. 20 жыл бойы еркін ұшқан қарлығаштың рухани жағынан емес, материалдық жағынан құлдырауы осы кездерден басталған-ды. Жаңа газет басшысы  «Шалқардың» ешкімге қажет еместігін ең алдымен сондағы бұрынғы қызметкерлерге түсіндірумен бастап, сол ойын 1999 жылдың басында «дәлелдеп» шықты. Ол кезде қосымша «Шалқар» мен оның редакторының «бас газет» алдында қарсыласуға қауқары жоқ еді… Талантты ақын, журналист Әділғазы Қайырбеков басшылық еткен бұл жылдардағы «Шалқардың», қосымша болып қалғаны болмаса, көтерген тақырып аясы бұрынғыдан кеңеймесе, кеміген жоқ… Бірақ бұрын апта сайын шығып тұрса, бұл кезде  айына екі-ақ рет шығатын болып, ақырында мүлдем тоқтады. Бұл 1999 жылдың басы болатын. Оқырмандар «Шалқарға» жыл бойына жазылып қойып, дымсыз қалды. Ал, оқырмандардың жазылуынан түскен қаржы болса, «бас газеттің» қанжығасында кетіп, оқырмандар жазылған қаржыларын қайтара алмай, «Шалқарды» жапқанмен қоймай, оның абырой-беделін де төмендеткен еді…

Қанша қара жағып, «Шалқарды» құрттық десе де, оны іздейтін өздеріңіздей оқырмандардың арқасында, «Шалқар» өлмеді. Бүгін жігіт жасы 25-ке келіп отыр. Жаңарып, жасарып, «Шалқар-2» болып қайта түлеп отыр. Ұсынар танымдық, тағылымдық, тарихи материалдар газетіміздің қоржынында жетерлік. Алайда, айына бір-ақ рет шыққандықтан оны жариялап үлгере алмай отырмыз. «Шалқар-2» шыққан аз ғана уақыт ішінде, әрбір санын алған оқырмандарымыз қайта қауышқан қуаныштарын жасыра алмай, редакциямызға алғыс айтып хабарласуынан, газетімізді жылы қабылдағандарын біліп отырмыз. Сондай-ақ, оқырмандарымызды қуантып қана қоймай, ақпараттар бәсекелестігі кезеңінде заман ағымынан қалмай, жап-жақсы жетістіктерге қол жеткізіп отырмыз. Мәселен, оралмандар тақырыбындағы жарияланған материалдарымыз үшін «Сорос – Қазақстан» қорының ұйымдастырған «Оралман және бұқаралық ақпарат құралдары» атты байқаудан 2000 АҚШ долларын ұтып алсақ, «Жүректен-жүрекке» атты журналистер мен бұқаралық ақпарат құралдары арасындағы қайырымдылық пен жанашырлық тақырыбында өткен ұлттық байқауда 132 жұмыстың ішінен 10 жеңімпаздың қатарына кіріп, «Құрмет грамотасына» ие болдық. Бұл қайта түлеген  жас газет үшін үлкен жетістік деп есептейміз. Келешекке нық сеніммен баруымызға жасалған алғашқы жемісті қадамдарымыз болмақ… Осылайша бабалар жазуын келер ғасырларға, болашақ ұрпақтарға Сіздер мен біздер болып, абыроймен жеткізетінімізге сенгіміз келеді. Бұл істеріміз рухани дем беріп, жақсылығымызға ортақтасып, бізбен бірге мерейтой қуанышын бөліскендеріңіз үшін алғысымызды білдіреміз.

Жаңыл Әпетова,

  «Шалқар-2» газетінің Бас редакторы.  

  2001 жыл, желтоқсан

IMG_3943Желтоқсан жалауы        

«Ай-айдың аты басқа» – дейтін қазақ жылдың он екі айын Жердің аты, желдің өтімен өлшеген ғой. «Қараша, Желтоқсанмен сол бір екі ай, қыстың басы бірі ерте, біреуі жай» деп данышпан Абай да мезгіл мәнін дәл сипаттаған. Жылдың соңы, қыстың басы сол желтоқсанда жаңа ғасырдың алғашқы жылынан аттанып бара жатыр.

Бір ғаламаты – Желтоқсаннан қазіргі қазақ үшін табиғаттың таразысы емес, тәңірдің мол жарылған айына айналды. Халқымыздың тәуелсіздікке талпынысы желтоқсанда басталды. Егеменді ел құрудың бар шаруасы 1991 жылдың желтоқсан айында жасалды. Осы айда елдіктің елтаңбасы түгенделіп, жаңартылған әнұран қабылданды. Осы айда тәуелсіздік жарияланды. 16 – желтоқсанда оның тұңғыш Президенті халқына ант беріп, таққа отырды. Осыдан екі жыл кейін еліміздің ұлттық валютасы айналымға еніп, желтоқсанда қазақ шытырлатып өз ақшасын ұстады.

Қазақстан бүгін жер бетіндегі жойқын империялардан мөлтек мемлекеттерге дейін түгел танылған ел. Құлдыраған экономикасы қайта көтеріліп, әлеуметтік өмір өрлеп келе жатыр. Нарық назды көтермейтінін білген ауыл да, туған жерге тер төгіп, туған жерде көгеруге табан тіреген. Елде ұйыған ынтымақ, жерде отсз, оқсыз қалыптпасқан тұрақты ахуал бар.

Тағы бір ғажабы – 16 желтоқсан «Шалқар» газетінің туған күні. Биыл оған 25 жыл толды. Демек, желтоқсан жалауынан «Шалқардың» да шырайын көріп, шыншыл үнін естуге болады. Туған күннен бастап ол әлем шарлап ағайын іздеді. Сұңғыла көзбен қараған жан, шырылдап «Шалқар» туған күн мен соңғы ұлы Желтоқсандар арасынан бір сабақтастық аңғара алады.

Пендешілікке не дерсің. Тұрмыстағы түйткілерге өкпелеген, немесе, саясаттан селкеу іздеген әдістердің «Тәуелсіздікті қазаққа тәңірдің өзі төбеден тастай салды» дейтіні бар. Осы тәуелсіздік үшін ұлтымыздың төккен қан, аққан тері аз ба еді? Қансыз өмір өзгермейтін болса, жас ұрпақ жанын құрбан етті ғой. Мен тіпті замандар бойы зар шегіп, запыран құсқан, жаһанға тарап, жат қолына қарап қалған қандастардың бәрін еркіндіктің құрбаны, туған жердің тілекшісі дер едім. Тәуелсіздікті тәңірдің өзі төбеден тастай салғаны рас болса, сірә жер бетінде шашырап жүрген шерменделердің зары құдіреттің құлағына жеткені шығар…

«Шалқардың» жасап келе жатқаны жат жердегі қазақтардың шежіресі болған соң, тілге оралып тұрған бір жолды айта кетейін. Алыстап кеткен ағайын Атамекенге ат басын елуінші жылдары бұра бастады деп жүрміз. Тіпті орыс қытай арасындағы тас қамалды талқандап, алпысыншы жылдары ұлы көшті біз бастадық дейтініміз бар. Дерек ретінде екеуін де ескеруге болар. Бірақ, онда қазақты қайта шақырған Қазақстан емес, Кеңес үкіметі болатын. Екінші жаһан соғысынан қалжырап қалған елге бүлінген шаруаны қалпына келтіретін қол керек болды. Соғыс шарпыған Еуропа оны Халықаралық қауымдастық көмегімен жүргізіп жатты. Кеңеске ондай жанашыр табыла қойған жоқ. Содан барып, бұрын өздері үркітіп жіберген қазақтарға Кеңес азаматының төл құжатын тарата бастады. Бұл теп-тегін күш еді. Ол тұста Шығыс Түркістанда ұлт-азаттық төңкерілісі жасалып, уақытша үкімет құрылған. Оның шылбыр-тізгіні Кеңестің қолында болған. Бірақ, елуінші жылдары өлкедегі жағдай күрт өзгерді де, көші-қон тоқтап қалды.

Ол көш Қазақстан тыңы игерілген 1954 жылы басталды. Сол жылы бірен-саран отбасы өтті де, 1955-1962 жылдары бір құжатқа оншақты шаңырақтан тіркеліп, үздік-создық келіп жатты. Мұның билігі Москваның қолында болды. Тыңға бір қазақта жіберілмеді. Көкшетау облысында сырттан келген сезікті қазақтарды қоныстандырып, ол жерлер тұтқын лагеріне айналды. Тыңға төгілген игіліктен қазаққа соқыр тиын бұйырған жоқ.

1962 жылғы көшті кіш-кіштеген Коммунистік Қытайдың өзі. Оның отарында Жоңғар қазақтарын үркітіп жіберіп, миллиардтар толқынын бері төңкеру айласы жатты. Кете алмағандарды жүздеген шақырымдарға шегіндіріп, шекараны еңбек армиясымен шегендеп тастады.

Шетелдерде туысымыз бар дегенді айта алатын жағдайға қазақтар 70-жылдардың соңында әзер жетті. 1976 жылы зиялылардың бір тобы үкіметке хат түсірді. Сол жылы «Отан» қоғамы құрылып, 16-желтоқсан күні «Біздің Отан» (қазіргі «Шалқар-2») газеті шықты. Содан бастап ағайын ізделді. «Туымыз – туысқандық, тілегіміз – тыныштық.», «Отандастың ойы ортақ», «Сағыныш саздары» дейтін сол кездегі айдарлар әлі де мазмұнын жойған жоқ.

Сырттағы ағайынның туған жерге ықыласының  түгел ауғаны Тәуелсіздікпен байланысты екені даусыз. Оларды баураған Елбасының өзі. Егеменді ел құрудың қарбалас тұстарының «Қайда жүрсем де отандастар жүрегімнің бір түкпірінде жатады. Оларды аялау менің Президент ретіндегі, перзент ретіндегі парызым» деп жүрді. Өзі сайлана сала Түрік еліне сапарға шықты. Анкара әуежайында құжынаған қазақ тұңғыш Президентін ұшақ табалдырығында тілекпен түсіріп алды. Сол көпір Измирде де, Станбулда да еріп жүрді. Мен әсіресе, Станбул әсерін ұмытпаймын.

Бұл қаладағы менің шаруам отандастардың Елбасымен кездесуін ұйымдастыру болды.

— Сырттағы ағайындардан күтетініміз – бауырластық, бірлік, — деді Нұрсұлтан Әбішұлы, оларды мұқият тыңдап алған соң. – Сіздерде бізден гөрі біраз артықшылықтар бар. Мейлі, ағайын болып қайта орал, мейлі іскер ретінде кәсіп құр. Біздің заңымыз бәрін қорғайды.

Түркі тектес алты мемлекеттің тұңғыш конференциясы 1992 жылы Анкарада өтті. Қазақстан елшілігінің есігі ашылды. Президент қазақтармен бір дастарханда дәм татып, жып-жылы қабылдау жасады.

Иран барды. Ол елдің Президентімен уәделесіп, босқын қазақтарды Ауғанстанға қайтару қаупінен құтқарды. Қытай, Моңғолия, Еуропа барды. Бірде-бір ағайынды аттап өтпей, әр өлкеде әр алуан мәселенің шешімін қарастырды. Осының бәрі «Шалқарда» шежіре болып жазылды.

«Шалқар» 1989 жылы «Алыстағы ағайынға хат» жариялады. Бұл қазақта бір-ақ Отан бар. Ол Егеменді ел болғалы жатыр. Туған жерге ат басын бұратын кез жетті, дегенді айтты. Келесі жылы Моңғолиядан көш басталды. Содан бері Қазақстанға жарты миллионнан астам ағайын оралыпты. Өз жерінде азшылық болып қалған ұлт үшін бұл аз олжа емес. Рас, оның олпы-солпысы болды, әлі де бар. Тәуелсіздік тойында Президент оралман өкілдерін де қабылдады. Оларға бөлінген қаржының көлемін көрсетті. Көші-қон Заңын жетілдіруді, алдағы жылы қазақтардың екінші құрылтайын өткізуді ұйғарды. Бәрі жақсы. Тек, ел болып ескермей жатқан бір іс бар. Ол – туыстануды («диаспоратануды») ғылымға айналдыра алмай жүргеніміз. Қазақ босқындарының өмірін бізден бұрын Америка, Еуропа ғалымдары көп зерттеді. Өркениетті ел этностық топтарды былай қойып, ұзатқан қыздан туған жиендерге дейін жіпке тізіп отырады. Қазақтың үштен бірі әлі сыртта жүр. Тіпті, Тәуелсіздіктен кейін елден көшіп жатқандар, қашып жатқандар, «білім» іздеп ағылып, ақша қуып сабылып жүргендер қаншама. Күйеу іздеген қыздар, сатылып жатқан жетімдер бар. Біз қанша жиіркенсек те, соның бәрі қазақ. Ендеше, шетелдегі осынша қазақтың тұрмыс-тіршілігін, әлеуметтік өмірін зерттейтін ғылыми институт керек.

Шаңырағын қайта көтерген «Шалқардың» осындай шетін мәселелерді шырылдап айта бастағаны ұнайды.

Тағы бір ғажабы – Исламның ұлы мерекесі – Ораза айты биыл дәл 16-желтоқсан күні болды. Иманды адам үшін бұл да бір хикмет. Демек, тәуелсіз қазақ жаратқанның жарылқауындағы халық.

Мүшелің құтты болсын, «Шалқар»! Қалың оқырманыңмен бірге ғибратты ғұмыр кеш!

Уақап Қыдырханұлы,

 жазушы. Республикаға еңбек сіңірген қызметкер«Шалқар» газетінің 1986-1996 жылдардағыБас редакторы.     

 2001 жыл, желтоқсан

 

A

Асулардан аса бергейсің!   

Алыстағы Алманияда, шығандағы Швецияда, түкпірдегі Туркияда, қол созым жердегі Қытайда, т. б. — бәрінде де қазақтар бар. «Ат ауыздығымен су ішкен, ер етігімен су кешкен» алмағайып, аласапыран замандарда шекара асып, шет жұрттарға ауған қазақтардың ұрпақтарының  артына қарайлағанда арқа тұтары да, медет тұтары да бүгінгі тәуелсіз Қазақ елі. Ал олардың Атажұртынан байланыс үзбей, хабар-ошар алып отыруына 25 жыл бойы шығуын тоқтатпай, қиян өткел, қилы асулардан асып келе жатқан «Шалқардың» қосқан үлесі ерекше. А. Байтұрсынов негіздеген әліпби – төте жазу (араб әрпінің емлесімен) мен қазақ тілінде шығатын «Шалқар» – көне мұрамыздың көзі. Ұлттық жәдігеріміз!

Қазір музей кешенінің қорындағы қазақ әдебиетінің классиктері Сәбит Мұқанов пен Ғабит Мүсіреповтың қолжазбаларын қарап отырғанда (олардың дені төте жазумен жазылған) ойыма ылғи «Шалқар» газеті оралады. «Шалқар» әлі жігіт жасында ғана, ендеше оған ұзақ тілеймін. «Шалқар-2» газетінің қазіргі шығарушыларының жанкешті еңбегіне ілтифатым зор.

Әділғазы Қайырбеков,  ақын, Халықаралық «Алаш» сыйлығыныңлауреаты, «Шалқар» газетінің 1996-1999  жылдардағы редакторы, С. Мұқанов пенҒабит Мүсіреповтың мемлекеттік әдеби-мемориалдық музей кешенінің директоры.    

   2001 жыл, желтоқсан

              

 «Шалқардың» шарапаты мол

Осыдан ширек ғасыр бұрын атажұрттан әлемнің түкпір-түкпіріне жол тартқан «Шалқар» газеті дүниедегі барша қандастарымыздың арасында рухани байланыстың негізін қалаған болатын. Қазіргі кезде тәуелсіз Қазақстанға бағыт түзеген ұлы көштің ұйымдастырушысы да, үгітшісі де осы газет десек артық айтқандық болмас. Бүгінде тәуелсіз елімізге лек-легімен оралып жатқан қазақ бауырларымыздың саны күн санап көбейіп келе жатса оған «Шалқар» газеті қосқан қомақты үлесті атап өткен жөн.

Еліміздің Ұлттық мерекесі – Тәуелсіздік күнімен қатарласа келген «Шалқар» газетінің 25 жылдығы құтты болсын, қазіргі кезде газетті шығаруды қайта қолға алған журналистер мен қызметкерлерді, барша оқырмандарды шын жүректен құттықтаймын!

Фариза Оңғарсынова,

  Парламент Мәжілісінің депутаты.

2001 жыл, желтоқсан

                 Барша қазақтың мерекесі

Шыға бастағанына 25 жыл толған «Шалқар» газеті дүние жүзіндегі барша қандастарымызды атажұртқа көш басын бұруға көп еңбек сіңірді деп айта аламын. Кейінгі кезде қаржы тапшылығынан уақытша тоқтап қалған осы газетті қайта шығаруды қолға алған азаматтардың ертеңгі күнге деген сенімділігі қуантады. Дүниенің түкпір-түкпіріндегі барша қазақтар «Шалқарды» асыға күтіп отырғанын түсіну де бір ғанибет. Газеттің қадамына қарай отырып, келешекке нық сеніммен қарайтын іні-қарындастар көбейе берсе деп тілеймін.

Биылғы желтоқсан – мерекелер айы. Еліміздің тәуелсіздігінің 10 жылдығымен қабат келген мереке – «Шалқар» газетінің 25 жылдығы да әлемнің әр түкпіріндегі барша қазақтар үшін де айтулы мейрам екені даусыз. Сіздерді осы мерекелермен құттықтай отырып, болашақтағы қызметтеріңізге табыс тілеймін.

                                                            Жәкен Қалиұлы,

                                      Парламент мәжілісінің депутаты.

                                                        2001 жыл, желтоқсан

 

 

Қазақ үшін алыс аймаққа алғаш хабар жеткізген «Шалқар» газетінің өмірге қайта келуімен шын жүректен құттықтаймын! Газет қызметкерлерінің белсенділігі мен ұлтжандылығының арқасында қиындық қыспағынан шығып, қалың оқушыларыңызбен қайта табысқандарыңыз баянды болсын! «Шалқар» ауыл арасының әңгімесінен әріге аса алмайтын ұлтарақтай газет емес, қазақ ойын, қазақ дауысын жарияға жар салып жүрген ұлтаралық басылым.Ұлттық мұрамыз – төте жазуды келер ұрпаққа жеткізуде және алыстағы ағайындарды атамекенмен жалғастыруда үлкен жұмыс атқарып жүрген бірден-бір басылым. Осынау ауыр жүкті арқалай жүріп «Шалқарымыз» ширек ғасырды артқа тастапты. Жігіт жасы жиырма бестеріңіз құтты болсын! Алда талай белестерге шығыңыздар! Оқушыларыңыз мол болсын, естір құлаққа айтарларыңыз таусылмасын. Ел игілігіне еңбек ете беріңіздер!

Дулат Исабеков, жазушы. 

                                 2001 жыл, желтоқсан

КНРИзображение 2177 Изображение 2174 Изображение 2173

 

   Газеттердің арасында «Шалқардың» орны айрықша. Араб және кирилл қарпімен шығып тұратын оны мен ерекше құрметтеймін. Шетелдік бауырларымыздың өмірін, тұрмысын, пікірлерін бізге жеткізіп тұратын ол «Шалқардың» жабылып қалуы жаныма бататын-ды. Қабанбай батырдың ерлігін, ақ атандарға бола Дәулетбаймен араздасып қалып, Сарыбел жаққа көшіп кететінін алғаш мен осы газеттен оқыған едім. Қайсыбіреулерше оны Қабанбайдың атына дақ түсіретін қылық демей, шындық арқылы батыр бабамыздың мәрт мінезін көрсеткені маған ұнаған-ды. Шындықтың өзінен артық әдемілік жоқ, сол бағытын ары жалғастыратын «Шалқар-2»-ге табыс, ел мен елді елдестіруде сәттілік тілеймін!

Бексұлтан Нұржекеұлы,

                                                 жазушы.    

                                                2001 жыл, желтоқсан

 

 

Өз ұлтының тарихын, мәдениетін, салт-дәстүрін, ислам тәрбиесін насихаттап, жастарды ұлттық мұраларын қастерлеуге үйретуді мақсат еткен «Шалқар-2» газетіне табыстарының жалғысын тілейміз. «Біздің Отаннан» бастау алған бұл басылымның 25 жылдық мерекесімен Туркия елшілігі атынан шын жүректен құттықтаймыз.

Сонымен бірге газет оқырмандарын, барша мұсылман бауырларымызды рамазан мейрамымен, Қазақстан тәуелсіздігінің 10 жылдығымен де құттықтаймыз. Көк байрақ күн батыстан туғанға дейін желбіресін. Алдағы жаңа жыл қуаныштар мен бақыт әкелсін!

Құрметпен Туркия елшілігі Дін     қызметтері   кеңесшісі 

 Мехмет Өзжан.

2001 жыл, желтоқсан

Изображение 436

Иран қазақтарына «Шалқардың» шапағаты көп тиген еді. Менің тырнақалды өлеңдерімде осында басылды. Өткен жылдан бері «Шалқарды» қайта ала бастадым.

Желтоқсанда сүйікті басылымымның 25 жылдығы болатынын естіген мен, қуанышымды өзім қызмет ететін елшіліктерге де айтқан едім, бұл газеттен хабардар олар, елшілік атынан барлық мерекелермен құттықтауын жолдады.

Мен де сол тілектерге қосылып, «Шалқар-2»-нің тұғырының биік болуын тілеймін!

Жүсіп Пилтан.

2001 жыл, желтоқсан

 

Изображение 020

Кішкентай «Шалқар-2»-ге жүктелген жүк әрі ауыр, әрі қиын, әрі шарапаты да жауапты екені даусыз. Себебі, ол біріншіден, ата-бабамыздан мұра боп қалған араб жазуын алға апарушы, екіншіден, шетелдердегі және елге оралған бауырларымыздың танып оқин сүйікті басылымы. Сол міндетті орындау, абыроймен орындау «Шалқардың» қолынан келеді. Өйткені «Шалқарда» үлкен сабырлылық, қиыншылыққа төзімділік, мақсат жолында кездескен кедергілерді жоюда батылдық, даналық, табандылық бар.

Асықпай басып, ауыр жүк арқалаған «Шалқарымыз» биыл 25 жасқа келіпті. Мерейтойы құтты болып, оқырмандарының саны арта берсін!

                                          Мерекелік тілекпен

                                  «Егемен Қазақстан» газетінің ұжымы.       

 2001 жыл, желтоқсан

 6

   Бабаның сөзі мен көзін бүгінге дейін жеткізіп келе жатқан табанды еңбектеріңізге мың алғыс. Ал ғасыр басындағы қазақ зиялыларының қолтаңбасы тек Сіздерде ғана қалды. Бүгінгідей аласапыран заманға төтеп беріп, оқырмандарыңыздың қызығушылығын тартып отырғандарыңыз кім-кімді де бей-жай қалдырмасы анық.

Ел Тәуелсіздігінің 10 жылдығы тұсында 25 жылдық ғұмырға жетіп отырсыздар. Талай алынбас қамал, асқар белді астыңыздар. Шеттен оралып жатқан оралмандарымыз бір алғыс айтса, Сіздерге айтуы тиіс. Өйткені, олардың  атамекенім деген көкейдегі арманын үнемі оятып, «қарлығаштың қанатымен су сепкендей» қызмет жасадыңыздар. Бұларыңыз ерлікпен пара-пар дүние еді!

Алдарыңыздан ақ жол ашылсын. Әліде шалқып-шарықтап биіктерге өрлей бер, «Шалқар-2»!

           Құрметпен «Түркістан» газетінің ұжымы.  

               2001 жыл, желтоқсан

Изображение 445

Бір елдің, мемлекеттің, бір ұлттың немесе бірер этностың өмір бойы жалғастырып келген мәдени тарихының есігін саңлаусыз жабудың өзі орны толмас өкінішке соқтырары сөзсіз. Тарихи деректерге қарғанда, көне үйсін, қаңлы, түркі-қыпшақ жазулары, тағы-тағыларды пайдаланып жазылған ежелгі мәдени мұралардың барлығының есігін мықтап жауып, терең қазып көміп келгеніміз анық болды. Енді біраздан соң біздің төте жазуымыз да солардың қатарына қосылар ма еді, кім білсін?!.. Мұндай қауіптен бізді құтқарған «Біздің Отан», «Шалқар» газеттері болды. Араб жазуындағы осы басылым арқасында төл жазуымыз – төте жазу бүгінге жетті, келешекке бармақ. Ұлттық мұраны сақтаудағы ерекшелігімен бұл басылымды жоғары бағалауымыз керек. Сондай-ақ, «Шалқар» газеті  бүкіл әлемдегі бар қазақтың рухани дәнекері. Үзіліп барып қайта жалғанған «Шалқардың» алды жарық болсын, оқырмандары мол болсын деп әріптестік тілегімізді білдіреміз.

«Қазақ әдебиеті» газетінің ұжымы.  

                  2001 жыл, желтоқсан
жаныл 1OLYMPUS DIGITAL CAMERA

«Шалқар» жиырма бес жылда екі ғасырлық жұмыс атқарды десек, асыра ацтқандық болмас. Ата-бабалардың жақсы салттарын, шығыс пен батыстың ірі ойшылдары мен даналардың тағлымын, тарихи деректерді, сол күндердің өзекті мәселелерін, тәрбиеге орай жазылған асыл қазыналарды, «Құран Кәрім» тәпсірін, шариғат және басқа құнды материалдарды жариялап, оқырман қауым жүрегінің төрінен орын алды. Бұл ақиқатты айтпау, көрмеу де күнә. Солай бола тұра, газет көп қиындықты бастан өткерді. Тіпті еш қолдаусыз қалып, жабылып та қалды. Алайда қажет басылым, тарихта орны бар басылым халық қолдауымен қайта бас көтерді. Енді туы жығылмасын! Ғасырдың ширегі ғана емес, құрдасы болсын!

Игі тілекпен «Қазақстан» газетінің ұжымы. 

                                       2001 жыл, желтоқсан

 

Сыртта миллиондаған қаракөз бауырларымыз бар. Солармен рухани көпір ауадай қажет. Әзірге ондай қуатты көпіріміз жоқ. Соның рөлін «қарлығаштың қанатымен су сепкендей» орындауға тырысын жүрген жалғыз басылымымыз бар. Ол – бұрынғы «Шалқар», қазіргі «Шалқар-2» газеті. Бұл басылымымыздың үні өше жаздап, жақында қайта тірілді. Жиырма бес – жастықтың шырқау шыңы. Бүгінгі мерекелеріңіз бүкіл әлемдегі қазақтардың ортақ тойы. Шетелдегі бауырларымыздың атамекенге деген сағынышын бас, «Шалқар-2»! Үнің әлемді жаңғыртсын!

                  «Ана тілі» газетінің ұжымы.

                  2001 жыл, желтоқсан

 

«Шалқардың» өнегелі істерін, табыстарын, жетістіктерін санап шығудың ылажы жоқ. «Шалқарда» тіптен мін жоқ дей алмаймыз, мін барлық істе болары табиғи құбылыс. Ал, «Шалқардың» кемшілігінен жетістігі, табыстары басым екенін сезбеген жүрек — өлі жүрек, көрмеген көз – соқыр, есітпеген құлақ – керең…

Мерейтой мерекесінде одан әрі толағай табыстарға, биік нәтижелерге жете берсін!

«Алдаспан» журналының ұжымы.  

sh-2Шалқар – шаңырақ

Тәуелсiздiктiң тамыры тереңдеп, өркениетке үрдiс iлерiлеп бара жатқанда өткеннiң өкiнiшiн айта беру орынсыз-ақ. Бiрақ, бұрынғыны ұмытсақ, бүгiнгiнiң бағасын бiлмеймiз, тапқанымызға тәубе ете алмаймыз. Шүкiрлiк көтерiлген көкiрекке күпiрлiк ұялайды.

Бұрынғы дегенiмiз қызыл империя кезеңi ғой. Қазақ оның өмiрге келгенiне де, өлгенiне де куә. Оның қып-қызыл қырғынына да, қуғынына да ұшыраған. Қырғынына құн төлемеген, қуғандарын жоқтатпаған. Ал, адамдық жүрек жүдеп, түтеп, сағынып сарғайып жүре берген.

Бұратаналарға осылай бұрау салған империя алыстап кеткен өз ағайындарын ұмытпаған. Орыс эмигранттарын iздейтiн «Родина» қоғамы Москвада 1924 жылдан жұмыс жасап жатқан. өзi қуып тастаған қазақты соғыс бүлiгiн бүтiндесiп, «Қазақстан тыңын» көтерiссiн деп, өткен ғасырдың орта тұсында бiр шақырып едi, «Оралман» одан да опа көрмеген, тыңнан тиын бұйырмаған. Ақыры қылду-сылдумен ол да аяқтаған.

«Жырақтап кеткен жұрағатымыз бар едi» дегендi айтатын халге қазақ өткен ғасырдың 70 жылдарында әрең жеттi. Бәлкiм, ар оянды, әйтпесе, саясат сыбырлады, қазақ зиялыларының бiр төбе Республика үкiметiне хат түсiрдi. Сол бойынша Москваның мөлтегi түрiнде қоғам құрып, оның ақпараттық газетiн шығару ұйғарылды. Әу, баста газет атын «Қазақ елi» қою ойластырылды. Жоңғариядағы қазақтарды жалтақтататын ондай бiр басылым 1944-1950 жылдары Алматыда болған-тын. Байқамай қалыпты. «Қазақ елi» дейтiн ел жоқ, болмауға тиiс деген қағида естерiне түсiп, кейiн журналдың да, баспаның да атын «Жаңа өмiр» деп өзгерткен. Содан барып «Родинаның» көлеңкесiн жамылып, қоғамды «Отан», газеттi «Бiздiң Отан» деп атаған. Кейiн оның астарынан да ақау iздей берген соң, қоғамды «Қазақстан» газеттi көлеңкесiнен ештеңе көрiнбейтiн бар жақсылықтың баламасы «Шалқар» деп атағанбыз.

Жарық дүниеге жаңа келген сол бала басылым («Бiздiң Отан» — «Шалқар») аяғын қалай басты? Әуелi туған жерден түңiлiп кеткен бауырлардың бетiн берi қаратудың, мұндағылардың жүрегiн оларға жылытудың сақ, сезiмтал, сергек жолдарын iздестiрдi. 1986 жылдан басталған жылылықты (жариялық, қайта құру) пайдалануға «Шалқардың» ғана шамасы жеттi. Партиялық  газеттер «Әлiптiң артын бағып» жүргенде, тәуекелдiң  қайығын тынып жатқан тұңғиыққа салды да жiбердi. «Ақтаңдақтар» ақиқатын ашуға құлшынды. Қызыл күрзi күйреткен ұлт милыларының рухын оятысып, мұраларын көтере бердi.  Керейден Кенеге дейiнгi хандарды, Төледен Төбетке дейiнгi билердi, Қабанбайдан Хангелдiге дейiнгi батырларды тәуелсiздiкке дейiн жазып тастады. Қытай-қазақ  тарихшысы Нығымет Мыңжанидiң «Қазақтың қысқаша тарихын», Суби-Хайдың қазақ мәдениетi туралы монографиясын түгел жариялады. Қытайдағы, Түркия, Ирандағы, Монголиядағы, Түркменстандағы қазақтар тарихымен таныстырды. Тiптi, Отан соғысында  тұтқынында тұншыққан ақын-жазушылардың шексiз мұң, шерлi жырларын да халқының құлағына жеткiздi. Тәуелсiздiкпен бiр тұста қайта оралған дiнiмiздiң дана кiтабы Құран Кәрiмнiң қазақ топырағында тұңғыш жасалған түсiндiрмелi тәржәмасын түгел жариялады. Осы кезеңде таралымы шырқап өсiп, әлемнiң 30 шақты елiне барды. 43 мың қазақ  Құран таржымасының тiгiндiсiн жасап алды.

Рас, ағайындардың Атамекенге үлкен ағыны Тәуелсiздiктен соң басталды. Оның арнасын Елбасының өзi ашып бердi. Егемендiктiң елең-алаңында  барған жердiң бәрiнде  қазақтармен кездесiп, олардың үмiттерiн ұштады. Содан берi дүние жүзi қазақтарының үш құрылтайын өткiздi. Қазiр бiз диаспора, демография, көшi-қон саясатын мемлекеттiк биiкке көтерген, сырттағы туыстарды топтап қайтарып алып жатқан үш елдiң бiреуiмiз.

Әрине, сырттағы бес миллион ағайынды аз жылда түп-түгел жинап ала алмаймыз. Алған күннiң өзiнде жаңа эмиграция пайда болды. Демек, бұл таусылмайтын тақырып, солқылдамайтын саясат. Эмиграция ең әуелi адамгершiлiк, сонан соң саясат, ақырында ғылым ғой. Бiр тәуiрi оны ғылым ретiнде  де қарастыра бастадық. Егер, бiз, диаспоратану институтын жасай алсақ, бүгiн таса да қалып қойған «Отанды – «Қазақстанды», диаспора шежiресi жатқан «Шалқарды» ғылым әлемi айналып өте алмайды.

Иә, «Шалқар» шаңырағы шайқалған кез де болмай қалған жоқ. Нарық найқалып жатып алды. Бiр талай басқа басылымдар сияқты бұл газеттiң тағдырыда тәлкекке ұшырады. Әуелi «су жаңа»» бiр басылымға бодан етiп тiркедi де, кейiн түндiгiн жауып, түтiнiн өшiрiп тастады. Ұлттық рухқа сүйендi, әйтпесе әлiпбиiн өзi жасаған Аханның әруағы дем бердi, әйтеуiр жұмысын осы басылымнан бастаған жас журналист  Жаңыл Әпетова шарқ ұрып жүрiп, «Шалқар-2» етiп, шаңырағын қайта көтерiп,  газет ғұмырын 30-ға дейiн ұзартып әкелдi.  Өлiп-тiрiлгеннiң өмiрi ұзақ болады деушi едi, сiрә, «Шалқар-2» ендi шалдыға қоймас. Сүйенетiн оқырманы, сүйеп әкететiн үкiметi бар ғой.

Бүгiн ұлттық жазудың үлгiсiн өзгерту алға шығып тұр. Қазақ үшiн баяғыдан берi дәл осы төте жазудан жақсысы жоқ едi. «Қазақ аузынан шығатын үннiң бәрiн бiр-бiр таңбамен бере алатын, әлемдегi ұлт жазуларының бәрiнен артық, ең жетiлген нұсқа». — дедi А.Байтұрсынұлы. Бiрақ, қазiр оған өнештеудiң ретi жоқ.. Латынға көшсек, қазақ атаулының компьютерге кiрiп кетедi, түркi жұртының бәрiмен – «төсекте басымыз, төскейде малымыз қосыла қалады» деген де далбаса.

Ретi келген соң айта кетейiн: Мұндай әңгiменi егенмендiктiң елең алаңында -ақ естiгенбiз. 1992 жылы қараша айында Анкарада түркi тектес алты елдiң тұнғыш саммитi шақырылды. Ешкiмнiң қабағына қарамай, әр елдiң көсемдерi өз нұсқаларын ұсынды. Әлеуметтiк-әкономикалық жағдайға сараптама жасалып, саясат сараланды. Тек, халықтардың тарихы, тiлi, мәдениетi орайындағы iс-қимыл бiрлiгi сөз болғанда Әзiрбайжан Президентi Ә. Елшiбей: «Латын жазуына көшейiк, түрiк тiлiн ортақ тiл етiп, БҰҰ-на өткiзейiк» — деген ұсыныс айтты.

— Болмайды, — дедi Нұрсұлтан Әбiшұлы – Бiз тәуелсiз мемлекет құрып жатырмыз. Тiлсiз тәуелсiздiк жоқ.. Бiр ағадан iргемiз бөлiнбей жатып, тағы бiр тiлдi ағаламайық.! – деп кесiп айтты. Тiл туралы сөз одан әрi өрбiмедi. Өз басым Нұрекең қазақтың ғана емес, бодандықтан босанған түркi халықтарының бар тiлiн құтқарып қалғандай сезiндiм.

Латынның бүгiн алға шығуын өркениеттiк өзге қасиет тiлектен гөрi, Елбасымыз баяғыда айтқандай: — «Бұрынғы ағадан iргенi алыстату, кириллицаның керi ықпалдарынан құтылу, шала қазақтарды орыс тiлiнiң тұтқынынан босату» қажеттiлiгiнен шығар деп бiлемiз.

Несi бар, қабiлеттi қазаққа бұл тым қиын шаруа емес. Тек, тiл-жазуымызды жөндеймiз деп жүдетiп алмасақ, өркениетке еремiз деп жүрiп, жањандануға жұтылып кетпесек болғаны. өз басым 200 миллионға жетпейтiн түркi латынынан екi миллиард мұсылман мiнәжат ететiн Құран әлипбиi өмiршең екенiне кәмiл сенемiн. «Құранды аян еткен мен, оны Қорғайтын да өзiммiн» — деген Хақтағала. Ол  қиямет-қайымға дейiн пенденiң қолы батпайтын мәңгiлiк жазу.

«Шалқар»  бұрын да шырылдамаған, дарылдамаған ешкiмнiң шамына тиiп, шаужайына жармаспаған, баяу сөйлеп, байыпты тiл қатқан газет. «Туымыз-туысқандық, тiлегiмiз – тыныштық, тiрегiмiз – тәуелсiздiк, отандастың  ойы ортақ,»  — дейтiн айдарлары болған. Тiл, дiл, дiн — деген мұраттарды мәртебе тұтқан. Ынтымақты ұлықтаған пендешiлiктен жеркендiрiп, парасатты пайымдатқан бұлар қашан да тозбайтын тақырыптар. Айтылмаған ақиқат, жиналмаған жәдiгерлiк, жете алмай жүрген армандар бар. Табиғаты бойынша «Шалқар-2-нiң» өзi — қастерлеп сақтайтын мұра. Ел iргесi бекiп, ұлт сезiмi сергiген тұста, оған ендi сұқ қадала қоймас.

Аулада аппақ қар жатыр. жота-жондарда желтоқсан желi еседi. Ауа таза, адам ширақ. Осы желтоқсан қазақтың мол жарылқанған айы. 16.12.1986 жыл «Ұлттық жаңару» күнi, 16.12.1992 жыл Тәуелсiздiк туы тiгiлген, тұңғыш Президент таққа отырған күн.  Мiне, ғажап: 16.12.1976 жыл «Шалқардың» («Бiздiң Отан») бiрiншi саны шыққан күн. «Сап-сап!» — деп, менi сабаға түсiрмей-ақ қойыңыз. Жақсылықтың үлкен-кiшiсi болмайды. Уақыт ызғары қатырып тастаған қалың тоңның iргесiнен жылу жiберiп, мәңгi мұздың көбесiн сөгудi бастаған кiм? – «Шалқар». Қазақ баспасөзi үшiн тарс жабылған эмиграция тақырыбын ашқан, жер бетiндегi тамам қазақты iздеп тапқан кiм? – «Шалқар». Сiз не десеңiз, еркiңiз, «Шалқарды» мен адасқан ұлын iздеген ата, ботам деп боздаған ана, отырған қара шаңырақ  деп бiлемiн.

Уақап Қыдырханұлы

Жазушы, Республикаға еңбек сiңiрген қызметкер,

«Шалқар» газетiнiң бұрынғы бас редакторы

      Без 11Изображение 456                          

   

 Шарықтай бер, «Шалқар»!

Қазақстанның қашықта өмiр сүрiп жатқан қандастарымыздың Атажұртына деген сағынышын бiр сөзбен айтып жеткiзу қиын. Ата-бабаларының кiндiк қаны тамған елден бiр хабар алудың өзi олар үшiн туған топырақты емiрiне иiскегенмен бiрдей. Осындайда алыстағы ағайынға елден хабар жеткiзiп, жұрттағы жамағаттың жақсылықтарын паш етiп, жүректерге жылу сыйлап жүрген «Шалқарға» отыз жыл толды.

Қазақ айтқандай, «Шалқар» отызында орда бұзды, қырқында қамал алары да даусыз. Сөйтiп, әзiрше екi жақта өмiр сүрсе де жүректерi бiрге соққан қазақтардың Қазақстан деген алып  мемлекетте басын қосуға барын салып, басын бәйгеге тiгiп жүрген басылымның алар асуы алды екендiгi де сөзсiз. Бұл – шын қуанып, Алла риза болатын тiрлiк. Ендеше, «Шалқарға» шуақты күндер тiлеп, барша қазақтың көзайымы бола беруiне тiлектеспiз.  

                 12.12.2006 ж.

                                  «Айқын» республикалық қоғамдық саяси газетiнiң ұжымы.

 

 

Той құтты болсын!

Жерге кiндiк қаны тамған балаға ат қоярда да қазақы ата-ана аз-кем ойланбайды, ақ тiлеулi ана мен ақсақалдардың аузын сауады. Балбөбектiң болашағы сол азан шақырып қойған атына көп-көп байланысты екенiн бүгiнгi ғылым да мойындап отыр. Ұлттық ұғым-танымымызды Шалқар – кендiктiң, кемелдiктiң, кеңiстiктiң баламасын бередi. Ал әлемнiң аумақ-ауқымына тағдыр-талайымен қоса тарыдай несiбесi де тарап кетпешен қазақ жоқ.. Шалқарды сол жұлдыздай шашыраған қазекемнiң әрқайсысының қолынан көрсек деген арзу-арман жүрегiмiздi әлдилейтiнi рас. Аталмыш газет сол арман-тiлегiмiздi әл-қадiрiнше атқарып келедi.

Ойлап қарасақ, Шалқардың тағдыры да атам қазақтың тағдырына бек ұқсайды екен. Оның да белiн буу орнына бүгiп, еңкейiп-еңкiштенiп қалған кездерi болған… Құдайға мың бiр шүкiр, қазiр оның бәрi өткiншi. Орда бұзар отызға аяқ басқан Шалқар атына заты сай айбозым  басылымға айналып, ойдағы-қырдағы исi қазақтың ұранды ұйытқысына, рухани қайнар-қуатына айналып отыр.

Ел ертеңi, ұлт тағдыры, ұлтжанды қазақ тағдыры – Шалқардың талма өзек тақырыбы болса, осы бағыттағы оның әрбiр жеңiсi мен жемiсi – бәрiмiзге ортақ игiлiк. Ендеше, Шалқарымызға шалқар шабыт, баянды бағыт пен бақыт тiлейiк, ағайын!

Той құтты болсын, қадiрлi қаламдастар, қадамдастар!!!

                 Мұхтар Әуезов атындағы Мемлекеттiк акдемиялық театр ұжымы

12. 12. 2006ж

SAM_0573




Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to Top ↑