banner-top12

Шалқар шалкар-300x262

Қосқан уақыты Желтоқсан 25, 2006 | 1  399 рет оқылды | сайтқа қосқан shalqar

0

Құттықтаулар

 

Үкіметтік жедел хат

        Еларалық «Шалқар-2» газетінің редакциясына

Қадірлі ағайын!

Қазақ баспасөзінде өзіндік үнімен, ардақты Ахаң салған әліпби ерекшелігімен, ұлттық бояу-болмысымен өзгешеленетін қуатты басылымның бірі- еларалық «Шалқар-2» газетінің шыға бастағанына 30 жыл толып отыр!

Мерейтой құтты болсын, қымбатты әріптестер!

Шежірелі 30 жылдың ішінде ел оқырмандары мен шетелдерде тұратын отандастарымыздың үшбу сәлемін бір-біріне жеткізіп, алуан түрлі проблемаларды қозғап, азаматтық пен бауырмалдықтың асқан үлгісін таныттыңыздар.

Қазіргі күн тәртібіндегі көші-қон жағдайы, тарихи, мәдени, рухани мұралардың зерттелуі, ел мүддесіне асуы сынды зәру тақырыптарды шынайылықпен ел назарына ұсынып келесіздер.

Тәуелсіздігіміздің баянды болашағына алдағы уақытта да лайықты үлес қоса беретіндеріңізге нық сенемін.

Құрметпен,  Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі Басшысының орынбасары-баспасөз хатшысы Мұхтар Құл-Мұхаммед.

11 желтоқсан  2006 жыл

 

                  Диаспора мен оралмандардың жүрегіне

                   жол тапқан басылым 

   Құрметті әріптестер!

Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Ақпарат және мұрағат комитеті “Шалқар-2” газетінің ұжымын отыз жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтайды.

Бүгінгі таңда “Шалқар-2” газеті алыс және жақын шет елдерде тұрып жатқан қандастарымызға ақпараттық қолдау көрсету бағытында нақты істерге мұрындық болып отыр. Егеменді еліміздің қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық өмірі саласындағы жаңалықтармен қатар, мәдениет, білім және ғылым жетістіктерімен қазақ диаспорасы мен оралмандарды уақытылы таныстыруға ат салысып келесіздер.

Отбасыларыңызға аманшылық, зор денсаулық, бақыт, жұмыс бабында шығармашылық табыстар тілеймін.

Н. НҰРҒАЗИН,

        Қазақстан Республикасы Мәдениет

                             және ақпарат министрлігінің Ақпарат

   және мұрағат комитетінің төрағасы.  

      11 желтоқсан  2006 жыл

 

                        Құттықтау  тілек

                   Тойларыңыз құтты болсын!

Еларалық «Шалқар-2» газетіне 30 жыл толу байланысымен сіздерді шынайы, ыстық ықыласпен шын жүректен құттықтаймыз!  Тойларыңыз құтты болсын! Әр дайым жұлдыздарыңыз оңынан тусын.

Біз бұдан кейін қызмет барысын екі елдің ғылыми тәжрибесіне сүйене отырып,  достығымызды нығайтып, кәсіптік байланыстарды одан арман қоюластырып нұрлы болашаққа қол ұстасып бірге баратынымызға сенімдіміз.

Сіздерге шығармашылық табыс, зор денсаулық, мол бахыт, қажымас қайрат, мұқалмас жігер тілейміз.

ҚХР-ШУАР Қоғамдық ғылымдар саласындағылар Бірлестігі

12. 12. 2006ж.

 

ЕЛАРАЛЫҚ «ШАЛҚАР-2» ГАЗЕТІНЕ

Мейірімді, рақымды Алланың атынан

«Шалқар-2» сонау солақай идеологияның теріс ықпалының кезінде-ақ бабалар көксеген арнаны аңсап, араб әріпімен шығып, кейінгі ұрпаққа белгісіз жәйттерді түсіндіруге әрекет етіп, ата-баба тарихы  мен асыл дінімізді таныстыруға күш алып келді.

Басылым елімізде  ғана емес, шетте жүрген бауырларымыздың да сүйіп оқитын газеті.

«Шалқар-2» бүгінде жұртшылық жүрегіне жол тапқан танымал басылым. Газеттің қоғамдағы  ынтымақ пен ауызбірлік, ұлыстар арасындағы жарасымдылықты сақтауда атқарар рөлі зор бола бермек.

Құрметті «Шалқар-2» ұжымы, газеттеріңіздің отыз жылдық мерей тойымен құттықтай отырып, баршаңызға шығармашылық табыс, тынбай ізденіс, зор денсаулық тілейміз!

МҰХАММАД-ХУСЕЙН ҚАЖЫ АЛСАБЕКОВ,

Қазақстан мұсылмандары діни

басқармасының төрағасының

орынбасары, наиб мүфти

 

Құрметті Еларалық «Шалқар-2» газетінің ұжымы!

«Шалқар-2» газетінің әдебиет, мәдениет өрісіне қосқан үлесі ұшан-теңіз. Оның Қисын, қисындама ілімдік бағдары тарихии дамудың көшін бастап келеді, бастай бермек. Жетекші ісі алға баса берсін. Қартаймай орда бұзған  30ға толған  жасы құтты болсы

Омар Қаймолдин, мәдениет зерттеушісі, 100 жастан асқан зейнеткер.

2006 жыл, желтоқсан

 

Төл жазуымыз төрлесін!

Мен «Шалқар-2» газетінің (1976 жылы «Біздің Отан», 1990 жылы «Шалқар» деген атпен шығып тұрды) отыз жылдан бергі оқушыларының бірімін. Көзіме үйір, көңіліме ыстық сезілетін басылым. Ұлттық әліпбиімізбен – жүз жылдан асатын уақыт аралығындағы әдеби және мәдени мұраларымызды сары алтындай сақтаған төл жазуымызбен шығатын бұл газетке үкіметіміз және қазақпын деген әр азамат айрықша назар аударуға тиіс. Небәрі 28 әріпке қазақтың бай тілін сыйғызып шешен сөйлете білген Ахмет Байтұрсыновтай ғұлама ғалымға қайтіп шын жүрегіңнен шыққан алғысыңды арнамай тұра аласың! Бұл ұлттық мемлекетіміздің ең мықты тірегі дер едім. Егер қазақ мемлекетін құрып жатқанымыз рас болса, онда өзге емес, осы төл жазуымызға көшуіміз керек.

 Жағда Бабалық,

 этнограф-ғалым.

 

                         Шалқар-2 газетінің 30 жылдығына

Құрметті бауырластар:

Ең әуелі сіздерді келе жатқан мерекелеріңізбен, сосын еларалық ақпарат достық тілі болған «Шалқар-» газетінің 30-жылдық мерейтойымен қызу құттықтаймын.

Кезінде Мұхтар Әуезов: Ел мен елді, халық пен халықты теңестіретін нәрсе ғылым мен мәдениет, десе Ахмет Байтұрсынов: «Нашырға – мағарып жоқ халықтың көп етпей өзі де жоғалады», деп қазіргі «Шалқар-2» газеті қолданып келе жатқан араб әріпі үлгісіндегі әліппені дүниеге әкелген екен. Қазақтың ұлт ретінде тіпті мемелекет ретінде өмір сүріп отырғандығы сол бір ұлы бабаларымыз ірге тасын қалап кеткен қазақ ақпарат баспасөзінің, ғылым мен мәдениеттің арқасы болар деп қараймыз. Біз үшін қуанарлығы солар негізін қалап кеткен ұлттық мәдениетіміз бен мұрағатымызға соңғы ұрпақ соны тірлікпен мұрагерлік ете білді. Әрі дамытып әлемдік деңгейге көтере білді. Бұл күнде қазақ деген халықты Қазақстан деген мемлекетті бүкіл дүниежүзінде білмейтін пенде кемде-кем шығар. Әрине бұл күллі қазақ халқының ортақ мақтанышы.

Біз Қытайда тұратын қазақтар көзімізді де көкірегімізді де сол Ахмет Байтұрсынов емлесімен ашқан едік. Сол әріппен жарық көрген әдеби, ғылыми, саяси оқулықтармен оқып жетіліп, жоғары атақ биік мәртебеге жеткенбіз. Сол себепті сол әліппені ақындар:

– Бастан кештік тарихты не түрлі,

Талай ұрпақ сені оқып жетілді

Оттай ыстық көрінеді әр әрп

Бейне Ахмет Байтұрсынов секілді.

(Ш. Хамзақызы)

деп жырлап отыр. Бұл күнде сол әріппен жарық көрген мәдени, ғылыми еңбектердің құдіретімен және қазақ деген халықтың төл тілімен біз Қытайда мәдениетті ұлттың бірі есептеліп отырмыз. Қытайдағы халық құрылтайлары осы алты тілде жұмыс жүргізеді. Қытайдағы радио мен телевидения 18 сағат бойы қазақ тілінде сайрайды. Екі телеарна қазақ тілінде сарнап тұрады. (Мұндай қазақ тіліндегі арнаулы тілде арна Қазақстанда жоқ). Сол себепті біз Қытайда терезесі тең ұлттар қатарында аталамыз. Қытайда қазақ тілінде кітап шығаратын 7 баспа орны, 20 дан астам газет-журнал бар. Бұдан сырт Қазақ этнографиясы мен тарихынан сыр шертетін «Таңжарық» мұражайы, «Баспай» мұражайы, «Баркөл» этнографиялық мұражайы ашылып өз жұмысын бастады. Алдағы күндері Шәуешек қаласында Тарбағатай аймағының тарихи этнографиялық мұражайы ашылмақ. Өткен 2006 жылы Қытайда мәдени мұрағат жылы ретінде аталып өтті. Осы орайда туысқан ұйғыр халқының 12 мұқамы «Адамзаттың ауызекі айтылатын бейзаттық мәдени мұрағаты» деген атпен біріккен ұлттар ұйымының төріне шығарылып, әлемдік асыл мәдени мұрағаттарына өткендігін, сол қатарда халқының «Айтыс өнері» де «Адамзаттың ауызекі айтылатын бейзаттық мәдени мұрағаты» ретінде бүкіл Қытай мемлекеттік асыл мәдени мұрағаттың қатарына өткендігін мақтанышпен атауға болады. Осы мәдени мұрағат жылының дамуымен Қытайдың қазақтар жасайтын Іле, Тарбағатай, Алтай аймақтарында, ежелгі қазақы жайлауларда арт-артынан ақындар айтысы және басқа өнер жарыстары өткізіліп, ежелгі дала мәдениетінің тың тынысын паш етті және оны осы заманғы информациямен ұштастырды. Біздің елде осы заманның Біржаны мен Сарасы аталған Құрманбек пен Жамалханға «Халық ақыны» деген құрметті атақтар беріліп, темір тұлпар мінгізілді. Сол қатардағы Тарбағатай аймағының 17 ші реткі ақындар айтысы мен қазақы өнер жарысын сол түселге Баспайдың сонау 1950 жылдары Кореяға көмекке атаған соғыс аэропланын 200 ден астам қазақы киіз үймен аэроплан формасында өрнектеп шыққан қазақ үй мәдениетінің сән салтанатын мына қауымдастықтың Талғат Мамашев бастаған азаматтары да  өз көзімен көріп қайтқан болатын. Міне, осындай шеттегі қазақтардың тыныс-тіршілігін Қазақстанға таныстырып, Қазақстанның жаңалықтарын шеттегі қазақтарға жеткізіп араға дәнекер болып отырған еларалық газет – «Шалқар- 2» газетінің көп жылдық жұмысын еске аларлық болсақ, оның ұшан-теңіз жұмыс тындырғанын – 30 жылдан бері алаулаған алтын ізінен қазақтың шалқыған шалқар даласындай кең тынысты кемел жолынан, алдағы басып өтпек болған бай бағдарламасынан анық көруге болады.

«Шалқар-2» газеті мен үшін айырықша ыстық. Алғаш рет атамекенге аттағанымда ол бізді Ақеділ анадай құшағына басып, ыстық ықылас танытқан болатын. Ол мұнан 17 жыл бұрын, 1989 жылдың күз еді. Осындағы ата-анамызды, туыстарымызды көруге зар болып жүрген үнімізді алғаш рет осы газет Қазақстандық оқырмандарға жеткізген болатын.

Жақын тұрып аралық алыстаған,

Туыс тұрып өзара барыспаған

Әудем жерге жетудің мұң болғаны-ай,

Шығып жатқан кездерде ғарыш қадам… деп кететін біздің көңіл толғауларымыз сол кезде талай адамды толғанысқа салғаны есімде. Академик Әбдуәлі Хайдаровтың сол кездегі  қазақ тілі қоғамының жиынында сол өлеңді ауызға алып тұрып, қолымды қысып құшағына басқаны, жазушылар одағы әйелдер жиынында Тұрсынхан Әбдірахманова апамыз бен ақын Зейнеп Ахметованың көзіне жас алып тұрып Шәмшабануды құшағына басқаны сол бізге атамекеннің алтын құшағындай  сезілген еді. Менің «Қаракекрей Қабанбай» атты кітабымды және басқа да бір қыдыру еңбектерімізді Қазақстанға таныстарған да осы газет. Мен ғана емес-ау басқа да шетелде тұратын қазақ зиялыларымен сол елдегі қандастардың өмірінде жоқшы болған осы газет… Міне осындай зарыққанның мұңын жеткізген, талыққанның жүгін жеткізген адасқанның алдына шам жаққан, жарылғанды жалғап жаңылғанды табыстарған сонымен бірге атамекенді ардақтап оның мәртебесін аспандатып отырған Шалқарға біздің айтар алғысымыз ақ тілегіміз көп ақ! Қытай өкметінің шетелдегі Қытайларға жасап отырған қамқорлығымен салыстырғанда Қазақ үкіметінің шетелдердегі қазақтарға жасап отырған қамқорлығы тым мардымсыз сезіледі. Соның бірі «Шалқар газетін әлі күнге дейін үкімет қамқорлығына алмағандығынан байқалады. Баяғы Совет Одағындағы заманда «Қазақ елі» журналын және Абайдың, Мұхтардың және басқа ақын жазушылардың шығармаларын араб әріпінде басылған нұсқаларын Қытайға апарып төгіп тастайтын, тіпті ол ауыл аудандарға дейін жеткізілетін. Біз Қазақстанды Совет Одағын ондағы ғылым мен мәдениеттің жетістіктерін сол басылымдар арқылы оқып білген болатынбыз. Қазақстанда заттық құрылысқа жұмсалып жатқан қаражатқа қайран қаласың, бірақ рухани құрылыстың қаражаты көңілді тоят таптыра алмай отыр. Отыз жасқа келген атпал азаматты жаңа қазтұрған баладай апыл тапыл басатын күйге түсіріп, Бірде тоқтап, бірде шығып, үпі-тәпі келе жатқаны да сол рухани құрылысқа мән бермеуден шығар деп межелейміз. Солай да бойда ұлттық намыс, қазақ деген қаны толық Жаңыл Әпетова бастаған «Шалқар-2» газетінің шағын ұжымының осы гезетті үзбей шығарып, оның отыз жылдығын тойлау және бұдан кейінгі жоба жоспарын жасау жолындағы қажыр қайратына қайран қаласың. Ұлы Қытай философы Кұң фузының  «Алыстағыны айналаңа топтай біл, жақындағыны жаныңа сүйеніш ете біл» деген бір дана тұжырымы бар. Осылай істесеңдер осал ұжым болмассыңдар, қуатты елу ел қатарына өтеміз деп жатқан Үкімет те, жандарыңда отырған Мамашев та қамқорлық қанатына алып, әлі-ақ шарықтатар деген тілектеміз.

Зейнолла Сәнік,

  Қытай Мемлекеттік Жазушылар одағының мүшесі, Қытай мемлекеттік фольклор қоғамының мүшесі, Қытай мемлекеттік сыйлығының иегері.

 

 

  Құрметті Еларалық «Шалқар-2» газетінің ұжымы!

  «Шалқар» газеті қылышынан қан тамған Қызыл империяның кезінде дүниеге келіп, сол кездің өзінде «әлемнің 28 елінде қазақтар бар» деп ұлтымызды түгендей бастады. Биыл басылымның 30 жылдығы. Осы 30 жыл ішінде «Шалқар» газеті ұлт мәселесін өз деңгейде көтере білді деп санаймыз. Әріптестерімізді атаулы мерейтойымен құттықтаймыз!

Ш. Паттеев, «Түркістан» халықаралық

саяси апталық газетінің

бас редакторы

 

   Құрметті Еларалық «Шалқар-2» газетінің ұжымы!

Қазақстандағы еларалық «Шалқар-2» газеті өз оқырмандарын тауып, айы оңынан туып отыр. Оқырмандарына 30 жыл бойы қызмет етіп келе жатқан бұл басылымның, көтеріп отырған жүгі өте қомақты. Оқырмандарыңыз көбейіп, таралым аймақтарыңыз кеңейе берсін. Біз тойларыңызға келе алмасақ та, ниетіміз сіздермен бірге.  30 жылдық мерейтойларыңыз құтты болсын.

Газет ұжымына үлкен табыс,зор денсаулық, шығармашылық табыстар тілейміз. Сенімділік пен қайсарлықты серік етіп, тек қана алға баса берсін!

Бесайдар Алашқызы Жатқанбаева,

   «Мирас» қазақ мәдени орталығының төрайымы

Алтай өлкесі, Қосағаш.

 

Құрметті Жаңыл Амантайқызы!

Сіз және Сіз арқылы қазақ журналистикасының дамуына салмақты үлесін қосып келе жатқан еларалық «Шалқар-2» газетінің еңбек ұжымын басылымның 30 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын.

Газеттің мемлекетімізде  жүргізіліп отырған саяси-экономикалық реформаларды қолдай  отырып, егемен еліміздің жетістіктерін  насихаттауда, сан-салалы проблемалар мен өзекті мәселелерге ерекше назар аударып, болашаққа болжау айтып келгені бәрімізге белгілі. Сонымен бірге газет қазақ халқының салт-дәстүрін, бай мәдени мұрасын, өнерін насихаттауда бірсыпыра жұмыстарды атқарып келді. «Шалқар-2» газетінің оқырман қауымы сондай-ақ елімізде ғана емес, көрші Қытай Халық Республикасында да таралатын араб жазуымен қазақ тілінде шығатын жалғыз қазақ басылымы екенін жақсы біледі.

Құрметті Жаңыл Амантайқызы! Сіз және Сіз басқарып отырған еңбек ұжымыңыз бұдан кейін де осы бағыттан таймай, үлкен творчестволық жетістіктерге қол жеткізіп, еліміздегі батыл, шыншыл, беделді басылымдардан болып қалуларыңызға тілектестік білдіреміз.

Республикалық «Ұйғыр авази»

газетінің бас редакторы  Ю.АЗАМАТОВ

 

МӘДЕНИ МҰРАМЫЗ, ҰЛТТЫҚ ШЕЖІРЕМІЗ

Осыдан тұп-тура 10 жыл бұрын «Шалқар» газетінің 20 жылдығына арнаулы нөмір шығардық. Шынын айту керек, сол тұста, кітапханалар жабылып, клубтар мен мәдениет үйлерінің қабырғалары қаусап жатқан  тұста, мектептерде мұғалімдердің беделіне нұқсан келтіріп, қара базарлар күнкөрістің көзіне айналып бара жатқан кезде қалам ұстаған қазақтар рухани дағдарысты қатты сезінген. Газет-журналдардың таралымы күрт төмендеген. «Қазақ елінің» қосымшасы болып айына екі-ақ рет жарық көретін «Шалқардың» да басына бұлт үйірілген тұс еді.

Қаншама қиындықтарға қарамастан, шағын ұжым «Шалқардың» мерекелік шығарылымына ынтамен атсалысты. ҚР Мемлекеттік хатшысы Әбіш Кекілбаевтың құттықтау жеделхатын, газеттің жанашыр оқырмандары мен ұлт зиялыларының лебіздерін дәтке қуат санадық.

Одан бері біраз уақыт өтті. «Шалқардың» мүлде жабылып қалмай, осы күнге жетуі үшін қазіргі ұжымның сіңіріп отырған зор еңбегін бағалау лазым.

Алдағы уақытта да төте жазумен газетке ұлттық мәдени мұрамызға қарағандай қамқорлық  қажет.

«Шалқардың» айы оңынан туа берсін!

Әділғазы ҚАЙЫРБЕКОВ,

С.Мұқанов пен Ғ.Мүсіреповтің әдеби-мемориалдық

Музей кешенінің директоры, филол.ғ.к.,

Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты

 

«Шалқарға» көңілім шалқар

Бұл газет ол кезде «Біздің Отан» деп аталатын. Қазақ журналистикасының жалғыз ұстаханасы – ҚазМУ-дің журналистика факультетінің 3-курсын тәмамдағаннан кейін өндірістік  тәжірибені осы басылымда өткіздім. Оған курстасым Сраил Смайылдың себі тиді. Ол осында жауапты хатшы қызметін атқаратын.

Газеттің шетелдердегі қазақтармен дәнекер болуы мені қатты қызықтырады. Өндірістік тәжірибе соңында тілші қызметіне алуын сұранып, апталық бас редакторы Уақап Қыдырханұлына өтініш жазып едім, қанағаттанарлық жауап алдым. Сөйтіп, 4-курстан бастап сабақ пен жұмысты қатар өргізуіме тура келді.

Осылайша «Шалқар» жаурналистік еңбек жолымның бастауында тұрған қадірлі  басылымның біріне айналды. Осында жазу өнерінің қыр-сырына қанып, апталықтың аға буын өкілдерінің шығармашылық  мектебінен тәлім-тәрбие жинақтадым. Тырнақ алды   туындыларым жарияланып, оқырман  ризалығына бөленген тәтті сезімге толы сәттерді бастан кештім. Ол күндер көңіл төрінде қаз-қалпында қатталып, жатталып тұр.

Шыққанына 30 жыл толған «Шалқарға» шартараптағы оқырмандарының шалқар ризалығына бөленіп, шарықтап «шырқай» беруін тілеймін.

Сақ Қайрат Өмірбайұлы, бір кездегі газет тілшісі, қазір әл-Фараби атындағы

Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетінің

Кафедра меңгерушісі

 

Құрметті Жаңыл Амантайқызы!

Қазақстандағы «Отан» қоғамының жанынан ашылған «Біздің Отан» газетінің алғашқы саны оқырман қолына тигелі де 30 жылдың жүзі болған екен. Дәуірлік үлкен өзгерістерге орай 1990 жылы «Отан» «Қазақстан» қоғамы болып, «Біздің Отан» «Шалқар» болып өзгертілді. Алғашында журналист, белгілі қоғам қайраткері Мұса Дінішев басқарған, кейіннен жазушы-журналист, дінтанушы Уақап Қыдырханұлы он жыл бойы басқарып отырды. Онан кейін халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты  ақын Әділғазы Қайырбеков редакторлық жасады. 1998 жылы қаржының тапшылығы және өзге де қиындықтарға байланысты газет жабылып қалуға  айналған тұста, Жаңыл Амантайқызы, Сіздің белсенділігіңіздің арқасында «Жанашыр» қорының жанынан «Шалқар-2» болып  шығу мүмкіндігіне ие болды.

Осылайша біраз тарихи дәуір баспалдақтарынан өткен  газетті сіздің басқарып шығарып келе жатқаныңызға да 8 жылға айналып барады. Газет ұлттық төл жазуымыздың, Ахмет Байтұрсынұлы әліпбиінің бірден-бір мұрагері бола отырып, өз жұмысын атқарып келеді. Газеттің онан өзге де 2 түрлі қажеттіліктен туғанын көзі қарақты оқырман білсе керек-ті. Оның бірі 50-60 жылдардағы қандас бауырларымыздың Отан  құшағына оралуы кезінде төте жазумен оқыған жүз мыңдаған оқырмандар назарда ұстаса, екіншіден – әлі де  болса шекара сыртында, туысқан республикалардағы өмір сүріп отырған ұлтымыздың үштен бірінің арман, мүддесі ескерілді. Кейінгі 90 жылдардың басынан басталған ұлы көштің кезінде «Шалқардың» 30 жылдық қажеттілігі тіпті де айқындала түсті.

«Шалқардың» 30 жылдық тарихына қарап отырсақ, Еліміздің әрқилы кезеңдерінің  бедерін тасқа түсіріп, кестелеп тарих қойнауына қалдырып отырған екен. Ол да өзге басылымдардың  басына түскен  ауыртпашылықтарды көрді. Өзге басылымдардың  ел егемендігі жолындағы атқарған міндетін атқарып, қазақ мемлекетінің дамуы мен  кемелденуіне көмектесіп келеді. Отанымызда болып жатқан өзгерісті алыстағы ағайындарға жеткізіп, тынысы мен жүрек қағысын білдірсе, алыстағы ағайындардың  атажұртқа деген арманы мен ақ тілегін, сағынышы мен сүйіспеншілігін жеткізіп отырды.

Газет ұлтымыздың төл  мәдениетін тереңінен толғап, ұмытылып бара жатқан тарихи мұраларды жұртқа жеткізді. Әдебиет деген ортақ  қазынамызды бір арнаға тоғыстырды. Тағдырлары әр алуан, тамыры бір, әлемнің түкпір-түкпіріне тәлкекке түсіп, тарыдай шашылған қазақ деген халықтың үнін жеткізіп, қара шаңырақта бас қосып бірігуі жолына жұмылдырып тер төгіп келеді.

Сіздердің басылымның тарихы – елдің тарихы, әр бетіндегі қалған із – өмір шежіресі. Алда да тәуелсіз мемлекетіміздің кемелденуі мен нығаюына күш қосып, өнімді еңбек ете беруіңізді тілейміз. Әманда ұлт рухы биік болсын, соның демеушілері мен жебеушілері көп болсын.

Құрметпен,                                                            Талаптан АХМЕТЖАН,

 Қазақстан Жазушылар одағы

Басқармасы Төрағасының орынбасары,

«Әдебиет айдыны» газетінің

Бас редакторы

 




Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to Top ↑