banner-top12

Әдебиет no image

Қосқан уақыты Мамыр 18, 2011 | 1  635 рет оқылды | сайтқа қосқан shalqar

0

Қыран туралы хикая

Жақыпбаев Төлеубек

 

Осы бір тұңғыш кітабымды

есімнен мәңгі кетпес марқұм

Манап ағайымның жарқын бей-

несіне арнаймын!

 

АВТОР

 

 

«Қыран туралы хикая» Төлеубек Жақыпбаевтың  алғашқы кітабы.  Бірақ жинақта едәуір ысылып, ересек тартқан қаламның ізі сайрап тұр. Жас жазушы қазақтың ескілі-жаңалы ауылының өмірін жақсы біледі. Кітаптағы кейбір әңгімелер жоңғар қазақтарының тұрмысынан алынған. әсіресе, аңшылық, саятшылық өнеріне келгенде автордың қолы жүрдек, құлашы жазыла  түседі. Жинақ оқушыны шұрайлы тілімен де сүйсіндіреді. Осы бір тұңғыш кітабымды есімнен мәңгі кетпес

марқұм Манап ағайымның жарқын бейнесіне  арнаймын!

 

 

ҚЫРАН ТУРАЛЫ ХИКАЯ

 

Шілденің бас кезі. Ала қарлы тау басынан андыздай шыққан бұлақ ұласа күшейіп, жалдас тағыдай шулап, төмен қарай жөңкіп барады. Кейде азынап, кейде еңірейді. Қожыр-қожыр қой тастарға соғып тік шапшығанда, мойнына арқан түскен арда-асау құлынды еске салып, етпетінен түседі. Тағы тулап, тағы зулайды. Барған сайын бүктетіліп долылыққа басады. Тақ бір нәрседен кенде қалғандай бірін-бірі құтырына қуып барады. Осы сәтте жолына көлденең тұрса, құдайдың өзін де шалқасынан түсіріп кетер түрі бар. Тек сонау көр шатқалда өзінен он есе қатты өкіріп жатқан баба туысы долы өзеннің мойнынан құшып, оның желігін онан сайын қоздыра түседі.

Осынау таудың бауырында көкорай шалғын балауса өсіп, жұпар атқан гүлден бал арасы ләззат алып жүрсе, басында қытымыр мінез қыс тұрғандай. Анау бір шоқтығы зәулім жаралған кер тастарда тау ешкінің лағы ойнайды. Оны мұрты тебендей, көзі қып-қызыл қаблан аңдулы. Лақ сәл бөктерге түссе тұяғын тарбита жайып, құз тастан ұшып келіп бүре кетпекші. Қарашұбар жыртқыш аузын арандай ашып, сабырсыздана есінейді. Ұзын сабау  құйрығын қайта-қайта шиыршықтап, сояудай тұяқтарын ашып-жұмып, жұмсақ денеге құшырлана салып жіберуге ынығады. Жырта қарыс қап-қара езуінен сілекейі шұбырап, қыржың-қыржың етіп, зұлымдықтың сонша зор тұлғасын елестетеді.

Сөйтіп бұл тауда өкірген өзеннің, сарқыраған бұлақтың тағы үні, — табиғаттың тас кемірген кеще жанжалынан басқа, адамзаттың өмір тіршілігінен дерек те жоқ. Тек сонау зеңгір көкте түндіктей қалқып, қыран айналып жүр. Онан әріректе қаңғырып аспан кезген ақша бұлттар қай жаққа кетерін білмей мең-зең.

Ала қарға өрлеген құздардың бетінде ақ саңырау көрінеді. Ол қыранның ұясы. Бас айланбай жоғарғы жағынан үңілсе, қарауытқан ұяның қақ ортасында шыныдай жалқы жұмыртқа жатыр. Үлкендігі үй орнындай ұяда жылда әкелген аң, құстың сүйегі ақ көңке болып үйілген. Алуан түрлі жіліктер, қабырғалар, жамбастар, омыртқалар көрінеді. Көкқұтан мен қарабайырдың тұмсықтары да қурап қалған.

Тамызда бір күні осы ұяға шықсаңыз: басы бақырдай, көзі шүңірек, қан шегір, езуі жырта қарыс, барбаң аяқ, шомбал жұдырықты, ақ түбіт, сары ауыз балапан отырады. Мінезі сондай қыңыр, шәлкес те шапыраш шіркін. Бетіңе шақшия қарайды ол. Жұдырығын түйіп: «алып тастайын ба» дегендей, әлден күш көрсетеді. Жұтып жіберейін бе дегендей, аузын арандай ашады. Қыран осынау жалғыз ұрпағы үшін жиһаннан шабыт іздеп Тянь-Шань, Сарытау, Алатау, Памир кетеді. Таңертең кеткеннен қанатынан жел соқтырып, кешке оралады. Қыран бұл жалғызын қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай, тұяқтыға шаптырмай, ерке де еркін, алғыр да ақылды етіп, зекірмей, зерделі өсіреді. Осы балапан ұяда бірде жомарт, дарқан көңілмен отырса, бірде қабағынан қар жауып, ауыр зілмен отырады.

Оның табиғатында үнемі рең бұзбай жарқылдау деген — ойсыздықтың, ессіздіктің белгісі. Анау арқырап жатқан асау өзенге, зәулім шыңдар мен қарағайлы шатқалдарға, аспанда ұшып, жерде жүрген ірілі-уақты аң, құстарға ұяда отырып шүңірейе қарайды. Кім білсін, жас балапан не ойлайтынын. Әйтеуір түксиген қабағынан қаталдықты, өжеттікті, ешбір қимылды қалт жібермей бақылағышты аңғаруға болады.

Ол қорқу-қобалжу дегеннің не екенін атымен білмейді. Оның жүрегі ертектегі «Диюмен» алысуға шыдайды. Мейлі ол қанат қолын талқандап, пәрше-пәршесін шығарып кетсін, осылай етуге бар. Өлсе де жұлысып өледі. Болат тұяғын жауына қан шығара салып, қансырата бүріп, «мынау қыранның тұяғының таңбасы ғой» дейтіндей етіп, жауыздың денесінде жырым-жырым із қалдырып өледі. Ез өліммен емес, ер өлімімен өледі. Міне, ұясында жападан жалғыз тұнжырап отырған балапанның ыңғайынан осыны тануға болады.

 

 

* * *

 

Күндер өткен сайын ақ түбіттерін тастап, балтыр қанаттары бой тартып, есейіп келеді. Майысқақ тегеуіріні темірге ақ сары иір тұмсығы шеркес қанжарына ұқсап, сары сақтиян саусақтары бұп-бұжыр шегірен былғарыға айналып келеді. Мизамның аяқтарында айнымаған анасының өзі болатындай, тіпті онан да мелжемді болатындай түрі бар. Өйткені анадан туған дара, анасы мен атасының қаны бір өзінде ғой.

Анасы мұны әр күні жер бетіндегі түрлі жануарлардың әлеуеттерімен таныстырып отырады. Айтайық: арқардың қозықасын, маралдың бұзауын, тауешкінің лағын, қасқырдың бөлтірігін, жарымес жапалақтың өзін әкеліп береді.

Зерделі балапан бастапта бұлардың ожақ-бұжағына шығып «қандай жандар екенін көріп алайын, ержетіп сайысқа түсе қалғанда, нендей тұрпатты құралдары бар екен» дегендей, барбаң-барбаң етіп, зерттей бастайды. Қырағылықпен әбден тексеріп болған соң ғана «қол береді». «Қол» дегеніміз — тегеурінді аяқтары ғой. Оның амалы-ақ өкпеден бе, әлде тамақтан ба, яки тура бастан ба, бүре кетіп, қанатын сәл көтеріп қалады да, алып ұрады. Өмірі бет көріспеген жандармен ол тентек, міне, осылай «амандасады». Басында ойнағансып отырып, тұла бойын ашу кернейді. Қасқырдың күшігі ыр-ыр еткен сайын екілене бүріп, езе түседі. Мейлі оныңішіне қан толып жатсын, жұмысы болмайды. Әрі-беріден кейін шын ашу қысса ілмек тұмсықпен жарып та тастайды. Бүйтбегенде ше, «құс ұяда нені көрсе, ұшқанда соны алмай ма». Ол ешкімнен аяушылық күтпейді. Азулымен алысып, тұмсықтымен жұлысып, бірі өліп, бірі қалар майдандарда өмір сүреді.

Сондықтан ол ылғи енесі болып аспанда ұшуды арман етеді. Күндіз кешке дейін ұяда қанатын далбырлатып ойнайтыны да — сол енесі болғаны, анасына ұқсап бұл да ұшып жүргендегісі. Осындай қанатын қағып «жаттығу» жасауды — құсбегілер «кергу» дейді.

 

 

* * *

 

Тау басында әр жерде оймыш-оймыш, тоқымдай ғана қарлар қалды. Шашын жайып, бетін жыртып, екі езуінен көбігі аққан жынды әйелге ұқсайтын сонау шілдедегі долы өзен бұл күнде салқын парасаттылыққа түскен. Дегенмен қыран ұясы бар құз жартастың түбіндегі үлкен иірімге өкіре келіп құлап, күңіріне ағып жатыр. Бұрынғыдай емес, күн де салқын тартқан-ды. Жел соқса піскен балаусаның қалампыр иісі мен қой бүлдіргеннің қош иісі аңқиды. Жаз еркесі қыдырымпаз көбелектер де қалтыраңқы тартып, терең сайлардың табанын күн шуағы әбден қыздырмайынша ұша қоймайды.

«Сонау жылдар бала еді-ау. Енді адам болыпты» дегендей, аң-құстың әулеттері түгелдей жетіліп алған. Сонау жазда ін алдында сықсиып отырған күшіктер орман қызыл түлкі болып, сай-салада бейне бір қырмызы киінген қыздарша көлбеңдейді. Тау ешкінің сондағы шөкімдей лағы қазір серкеш болып тастан-тасқа секеңдейді. Денесін Тянь-Шанның көкжаңқа тастары сияқты жапырақ жүндер жапқан, сары шуда көкшіл қабағы түнерген қанды көз балапан ұядан бәрін көріп отырып, зығырданы қайнайды. Әттең, армандай бұлаңдап жүрген анау қызыл түлкіге қарай атқып кеп кетсе қайтер еді? Балдырған қанат солқылдап, сонау аждаһадай ақырған өзенге қарай құлдилай жөнелсе не болмақ? Денесі шымырлап кетті. Сескенбеске болар ма. «Сескену» деген жүректің әмірі ғой. Тегінде «Ер жүрек» дегенмен де, ол ет жүрек емес пе? Ер болу деген — есірік болу емес қой!

Күн батпай-ақ, төменде жатқан көр шатқал онан сайын үңірейіп мұң мен зар ма, ыза мен кек пе, айырып болмастай мол сарынға ұласып, баба көкірегіндей күңірене бастады. Батар күннің соңғы шұғыласы құз басындағы ұяға ғана жетіп қылпылдап тұрғанда, қанатымен жер соқтырып енесі де жетті. Бірдеңені дүрс еткізіп тастай беріп, ұяның шетіндегі сәкі тасқа барып отырды. Талайды көрген шүнгіл кәрі көзбен баласына барлай қарайды. Оның тәкаппар кескіні мен түнеріп отырған қабағынан «қалайда бір қиянқылыққа» әбден бекінгенін сезеді. «Ұшқың келіп отыр ғой, ә! Ұшасың! Ұшасың, ұланым… Сен тауық емессің. Сенің көзің ғаламды шолуға, қанатың аспанда самғауға жаралған. Болат тұмсық, қанды көз қарашығым…».

«Жоқ, енді дайын асты жеуім жетеді» дегендей, әкеліп тастаған аңы не екеніне де қарамай отырған балапан кенет қанаты қорбаң-қорбаң етіп, ұяның о жағына бір, бұ жағына бір шықты. Сонау қиырға қарап қылқың-қылқың етіп, «Ұшамын» дегендей ыңғай білдіреді. Тіпті ұяның шетіне ұмсына  еріп,  енесінің зәресін  ұшырды.

«Тоқтат! Қазір емес, ертең» дегендей, енесі қаһарлана «саңқ-саңқ» етті. Шынында ана көкірегін қаһар емес, «Айналайын, бүйтпесең менің ұрпағым боламысың. Қыңырын қарашы өзінің» деген ғажайып мақтаныш кернеп кеткен еді.

Анасын ілтипатқа алмайтын жан иесі болған ба? Кешкіл бас, сары шуда, кеудесі есіктей Тянь-Шанның кекшіл перзенті тау шыңынан асып бара жатқан батар күннің соңғы шұғыласына қарап отырып қалды.

* * *

Көк торғындай аспанда шытырадай жұлдыздар жанып тұр. Күз болып, таң да ұзарып қалған-ды. Таң деген мұндайда жылдай сарылады ғой. Қуаныш, күдік, өршіл көкіректе қабат асыр салады. Оңай ма, тұңғыш рет әлем жүзінде құлаш сермеу деген. Бұл деген жер бетінде бауырымен жорғалау емес қой. Тіпті суда да жүзу емес.

Сен ұшқанда, саған жұмыр жердің үстіндегі көз біткен тұтас қарайды. Ғажап қой! Мұнан өткен қандай ғажап бар? Өйткені сен де басқалар сияқты жер бетінде жаралған мақұлық едің ғой. Бірақ мынадай өнермен сені «мақұлық» деп кім айта алар. Иә, тегін мақұлық болмау керек. Бір кезде күн шығыс құланиектеп, жұлдыздар үркіп селдірей бастады. Алып болғанмен, шіркін, ол да бала ғой. Көк жүзінде ойнақтап асыр салып жүргенге ұқсап, неше алуан қорқынышты да, қызықты қиялдарға беріле отырып жас қыран ұйықтап кеткен.

Жер дүние ақ сәулеге кенеліп, таң аппақ атқан шақта мойнын қайырып, тұмсығын қанатының астына тығып ұйықтап отырған балапанын анасы түртіп оятты. Ол қанат құйрығын, кеудесін керіп-созып, дүр-дүр сілкініп ұйқысын ашты. Жем жеуге ұмтылып еді, анасы тиып тастады. Балапаны бір жегенде еліктің жарты етін бір-ақжейді. Сонда бұл дегеніңіз, ұшқанда мойынға осындай тас байлағанмен тең емес пе?

Әр қандай құстың кұйрық түбінде, тұмсығымен сықса шығатын майы болады. Анасы басталмаған сол майдан сығып алып, балапанның үстін жылтырата тарай бастады. Бұл — ұшқанда ауада үйкеліс болмасын дегені. Міне, табиғат баба қыранның аспанда еркін самғауы үшін осыған дейін қамтамасыз еткен екен. Сөйтіп, аядай ұядан айнадай әлемге құлаш ұрасың. Дайындық та бітті. Бұл кезде шыққан күн Хантәңірінің мәңгілік мұз тәжіне сап-сары алтын жалатып, оның тәкәппар басын ғаламнан асырып тұрды. Қыран сонау шыңға қонар-ау түбінде. Сонда…

Ақырып жатқан ақжал Текестің аңғарына әлі күн түсу қайда? Құз басындағы ұяға салқын леп, су иісі келіп тұрды.

Анасы «ұядан ұш» деген ыңғайды қашан білдірер екен дегендей, зор кеуде балапанның жүрегі тарс-тарс соғып, көкірегіне симай бара жатты. Бірақ, ентелеп отырған мұны топшысымен кейін қарай қағып қалып, ұядан өзі атқып кетті. Қанатын жай кағып ауаны мол қармап, сорғалап бара жатыр. Балапан қалт жібермей анасына қарады да отырды. Ол бара-бара осынау құздан үзіліп шыққан қара түйірдей болып, бір кезде жарқ етіп қонғандай болды.

Бұл —«міне, ұядан қалай ұшуды көрдің ғой» дегеннің белгісі еді. Анасы жайымен ұшып, айналып-айналып аспанға шықты. Құздың деңейіндей биікке жеткенде қайтадан ұяға қарай сорғалап келе жатты.

Ол алқынғанын басқандай, аз отырды да, «саңқ-саңқ» етті. Анасы мойынын қылқылдатып: «Ал» дегендей ыңғай білдірді. Тұла бойы шымыр-шымыр етіп анасының бетіне қарады. Сонан соң, сонау төменде жұлмалауға жан иесін таба алмай жартаспен жанжалдасып жатқан Текестің аңғарына үңілді. Шудаларын желкілдете жөнкіген тентек Текес осынау құздан құлап түскен жойқын тастарды өкіре талап жатыр.

Өңмеңдеп отырса да, үрейлене «саңқ-саңқ» етіп, анасына қарай бергенде ол иығымен қағып кеп жіберді. Екі дене, төрт қанат қарбаласа сартылдап, ауаны мол қамтып бара жатты. Текестің үстіне жетіп келгенде балапанның көзі төменге еріксіз түсіп кеткен еді, арнадағы жойқын тастарға ұрып, аспанға атылып жатқан ақжал толқындар айдаһар аранына ұқсап, ауыр дене арбалғандай төмен түсіп бара жатты. Осы сәтте күдіс күшті жота астынан көтеріп жіберді. Осы жота астынан қайта-қайта соқты. Құлдилауға жібермейтін кұдіреті бар екенін сезіп, ақыл-қайрат дарыды оның алып денесіне. Анасының мақсаты — құз-шатқалды осынау қиын таудан ұзап ұшып, аң-құсы мол анау жүндес тауға қону. Бұл тауға қар да кейін жауады, қыс та жай түседі. Ғасырлық алып қаракөк қарағайлар, жапырағы сарғайған бәйтеректер қысты тосып, кемеліне келген пенделердей ойланып тұрып алады. Мұнда ақ ауыз құлжа, қарагер арқар, бұғы мен марал, орман түлкі өмір сүреді. Қос қыранға керегі де осылар.

Тынық мұхиттан да жалпақ жатқан аспан мұхитын қалай тауыса алсын, ауыр дене төмен тартып, қос топшысы үзіліп кетердей. Балапан үрейлене саңқылдап жіберді. Анасы да «жеттік» дегендей саңк-саңқ етті. Сөйтті де қарағай мен бүргеннен аман сонау теріскейге қарай суырыла тартты. Ұшу бірінші рет болғанда, қону да бірінші рет болады ғой. Барлық жануарлар, әсіресе, құстар үшін бөкседен кеуде ауыр. Қонудың не екенін білмейтін балапан тап аяғы жерге тие бергенде тұмсығымен, ия кеудесімен жер сүзе келіп құласа не болмақ? Ауыр дене алып түсіп бара жатса да, балапан бар күшін салып, қос қанатын сермеп анасының қалай қонарынан көз жазбады. Анасы аспанда онша жазбаған құйрығын дәл қонарда кең жайып жіберіп, қанатын жия барыпқонды. «Құс қанатымен ұшып, құйрығымен қонады» деген міне, осы екен ғой.

Қалбалақтап келе жатқан балапанын қонарда кеудесінен тіреп қалу үшін қос топшысын қомдап, мұқият әзір отырды. Арқан бойы келіп қалғанда балапан түңліктей денесімен күн көзін бүркеп кетіп, күшті құйын туғызды. Қонды-ау әйтеуір. Қонды ғой. Анасы «айналайын, айналайын» дегендей, үлкен иір тұмсығымен өзінен әлде қайда үлкен балапанның үстін мәпелей тарап жатты.

Қыран балапаны ұшу өнеріне әбден жаттыққанша, көк жүзінде еркін самғауға келгенше, осы бір зеңгір таудан шығармады. Түнде бұлар қанаттылардан басқа, өрмелеушілердің ешқайсысы бара алмайтын жартасқа қонақтады. Егерде адыр-бұйрат, аласа тауларға барса, атты қазақтар тап бола кетіп, қанаты әлі қатая қоймаған балапанды оп-оңай ұстап алар еді. Сөйтіп, аспанның азат еркесі өмірлік тұтқынның тұғырында отырып, борсыған ет жер еді. Талай ұрпағынан осылай қапыда айрылған қыран елді мекенге соққан емес. Қабырға қайқаюмен қатайса, қанат қағумен қатаймай ма? Қыран балапанын ұшу өнері мен қону өнеріне әбден жаттықтырды. Тік шаншылып келе жатып қайқаң етіп қайта шығуды, ағып келе жатып, жалт бұрылуды, оқыс төңкеріліп кетіп, жарқ-жұрқ етіп қалуды, кейде сонау зеңгір аспанда қалықтап, ғалам жүзін көз жанарынан түгел өткізуді әбден үйретті. Тегінде қырандар үшін шекара, мемлекет, ана ел, мына ел дегендер керек пе? Жер шарын бәріміздікі деп айтуға олар әбден хақылы ғой.

Балапан әбден аяқтанып болған шақта табиғат қабағы күрең тартып, қыс ызғары білініп келе жатты. Өзен мен ойлы жердегі қамыстар басындағы ақ үкісінен айрылып, суық жел соққанда сыңсыған мұңлы бір үнгебасты. Адам да, табиғат та жұмысын аяқтап, бұрынғыдан да қатал шын оқиға күткендей бір күйде тұрды. Жас қыран ендігі жерде үйелмендей болып анасының соңынан еріп жүруді ақ көргендей. Дүниені өз бетімен шарлап, өздігінен өмір сүріп, қауіп-қатермен жекпе-жек айқасып, ащы-тұщыны өз таңдайымен татып, талайын сынауды арман етті. Алғашқы қарашаның қары жауып, қақтардың аязы ақпандай қысып, «Қар аппақ, түлкі қызыл» болған күні екеуден-екеу Хантәңірінің басында отырғанда осы ыңғайын танытты. Өмір мен тарихты, жер мен көкті, жақсылық пен жамандықты тұтас көрген ана шүңгіл қабақтың астындағы қан шегір көзімен балапанға ұзақ қарап отырды. Мүмкін қасиетті жан иесі мынаны ойлады ма екен: «Қанаттарың дыраудай, қабақтарың қыраудай, тегеурінің темірдей, тұмсығың қалмақы қанжардай, ержеттің өренім, ер жеттің. Шарла жиһанды, шарла…» Хантәңірінің қан басында жалғыз ұрпағымен мәңгі-бақи хош айтысқалы отырып, ана қыран оң аяғын көтеріп, шолақ жембасарын көрсетті. Мүмкін, бұл «қасқырға жолама» дегені болар.

«Хош бол, балапаным». «Хош бол, ана» дескендей,ұя басар — Алтайға, бала қыран — Алатау кетті. Орнында мелшиіп, мәңгі қозғалмайтын Хантәңір шоқысы қалды…

* * *

Неше күнгі соқыр тұман сәл сырылып, дүниенің іргесі кеңейіп келе жатты. Адыр, бұйрат, шатқал, тау көріне бастады. Тау беткейіндегі бұта, қарағандар аяз атаның келініндей бас иіп бағынып қалған. Тау мен тас, бұта біткен меңіреу кещелікке салынып, селк еткізер бір дыбыс күткендей мүлгіп тұр. Қаңтардың қыршаңқы аязы, тас екеш тастың да түсін қашырып, бозартып жіберген. Өзен бойында бұғанасы қатпаған боз талдар қақтармен тіктесе алмай шырт-шырт сынып, бұтақтары айырылыптүсіп жатыр. Апта бойы аузына түк түспеген кәрі қасқыр өлке бойын жорытып келді. Ең болмағанда қар үстінде жорғалап жүретін кішкентай қара тышқан да жолықпады. Осынау сақылдаған сары аязда мұрнынан құшақ-құшақ бу лақтырып, сұрапыл жортады. Тұла бойын қырау басып, бұрынғыдан да әрі жарбия түсіпті. Заулап келіп айналасына көз салып тұра қалғанда, басына сеңсең бөркін баса киген қарақшыны еске салады. Есіне қойдың май құйрығы мен жылы қаны түсіп кетті ме екен. Ұлып-ұлып жіберіп, тағы да адуындай жөнелді. Кенет тұра қалып, арс-арс етіп, өзін-өзі жұлып-жұлып қалып, тағы да адуындайды. Амал не, өлшеусіз жауыздықты таба алмай келе жатыр. Басы қауқиып, қалт тұра қалады: «Есімнен жаңылмасам, өзеннің батыс жағында малшылар бар емес пе еді!» Осыны ойлағанда ес-түсінен айрыла, сүріне-жығыла қасат қарды омбылай жортты. Ол өзен бойын тастап, қожыр-қожырқабырғалармен салды. Осы сәтте «Гу-гу, зу-зу» еткен дыбыс шалынды. Құлақ түріп тұра қалды. О, ғаламат! Аспан төрі сарылдап бөлініп келеді. Осынау мүлгіген дүниені дүр сілкіндірердей қаһарлы сарын долдана үдеп барады. Аспанға жалт қарағанда, қанатты қара тажал мойыны сораң-сораң етіп, сорғалап келеді екен. Қашып құтылуға мүмкін бе? Біреу өліп, біреу қалар қас майданға қарсы шапшып, тұра қалды. Шолақ құйрығын шиырып-шиырып қалып, ирең-ирең етіп, қояншығы ұстағандай сақылдап қоя берді. «Арс-арс» етіп аспанға ырғи бергенде, қаһарлы құйын соғып кеп жіберді. Қасқыр қыранды тарпа бассалды. Қапелімде аузына тиген жерден сап етіп лақтырды. Бірақ осы сәтте көзінен қызылды-жасылды от ойнап кетті. Мұның оң көзін болат тұяқпен жырта ағызып жіберген қыраннық жүктей тастың астына ұшып түскенін жақсы сезген зұлым өрге қарай қаша жөнелді. Аузында қалған бір уыс қанатты ызалана лақтырып жіберді.

О, ана! О, құдырет! Тегінде ана әмірі деген данышпанның әміріменбірдей ғой. Хантәңірінің басында отырып, қоштасарда анасы шолақ жембасарын неге көрсетті екен? Қасыреттің қара шапанын жамылған аспанның қаһарманы үзіліл кеткен оң топшысын сүйретіп, тауықша жорғалап бара жатты. Өлгенде де жайдақ жерде жатып өлгісі келмеді ме екен, салқылдап мүлде бос қалған қанатымен секі тастың үстіне келді. Осы тастың үстінде шөке түсіп жатты да, өлетінін сезді… Өлмейтін, өшпейтін не бар бұл ғаламда, хош айтып кетеді бір күні. «Сонда нені медеу қылып өлсем екен» дегендей, сонау жазда, ұяда отырған балапан даусымен саңқ-саңқ етті. Хантәңірінің басынан қош айтысып ұшқан күннен кейін жаратылыс берген қабылетін сынап көрді. Басқа емес, Гималайдың өзі адырдай көрінетін аспанның аса биігіне шығып, осынау жұмыр жерді көрді. Кей жерде бомбалар жарылып, әсем қала өртеніп, үйлерден адам балалары үркіп шығып жатқан, кей жерде бау-бақшалар жайқалып, көкорай балғын бәйшешек құлпырып тұрған елді көрді. Ал өз кәсібі аң алуға келгенде түлкі ғана емес, жалама жартастың бетінде тұрған таутекені сол қалпында іліп әкетіп қарсы бетке барып қонды. Бесті асаудай тулаған қарагер арқарларды қоянша бүктер еді. Иә, ол өзінің ғажайып жаралған жануар екеніне көзі мүлде жетті. Ауғанстан тауларында жүргенде неше күндей естен тандырған соқыр тұманға тап болды. Тіпті қайда кеткенін біле алмай бағдарынан айрылды. Бір ұшқан жерінде қайта-қайта ұшып жүре ме, қай жерге, қай тауға кеткенін біле алмай, ылғи тұманның үстімен ұшып, тек теңізден шыққандай қылтиып тұрған шоқыларға ғана қонып жүрді. Ал тұман ішіне сүңгу мүлде қауіпті еді. Онда сөз жоқ,құз жартастарға соғылатын болды. Бойын ашу кернеді. Мөлшері күн кешкіріп қалған мезгілде ме қалай еді, екі көзі жерді тесіп келе жатты. Тұман мүлде ыдырап, өзен-өлке еркін көрінді. Бойын қырау басып жалбиған, не екенін біліп болмастай, арқардан сәл аласалау аңды көзі шала кетті. Ойлану не керек, қанатымен аспанды азынатып, сорғалап қоя берді. Кімнің кім екенін айырар шамаға келгенде, көкке секіріп арсылдауынан мұның қасқыр екенін біле қойды.

«Алыс та атаңды жық, аясаң қоя бер». Тайқып кетерге болар ма. Өйтсе еселаң жау өмір-бақи мақтанып өтпей ме. Ысқырына сорғалап, онан сайын қаһарлана түсіп, аспанға құтырына шапшып тұрған қасқырға кеп қойып кетті. Қу шолақ өрге қарай атқып кеткенде, оң топшысымен тас соғып шыр ете түсті. Осыдан соң қан жуған қанатын сүйретіп, секі тастың басына келіп жатқаны осы ғой.

Қыранныңқаны қар үстінде жылып ағып, денесінен қайрат кетіп бара жатты. Уақиғаның немен тынғанын қарсы бетте түгел көріп отырған жапалақ келіп қонды да, ағып жатқан қанды жалап-жалап алып, «Қандай дәмді» дегендей, таңдайын тақ-тақ еткізді. Дүниеге бұтаның түбінде отырып, ұры көзбен қарайтын, түн дүниесінің жәдүгейі екі көзін жыпық-жыпық еткізіп қыранның бетіне қадады. Сонсоң доғал қанатымен жарбаң етіп аспанға көтерілді де, қыранның басынан олай қағып, былай қағып серуен құрды. «Құлан құдыққа жығылса, құлағында құрбақа ойнайды, есіл қыран қор болса, жарымес жапалақ қорлайды» деген осы екен ғой. Антұрған қона қалып, ағып жатқан қанды тағы да жалап, тағы да тамсанды. «Өлсеңші, қашан өлесің» дегендей, түкті қабағын ашып-жұмып, қыранға өзеурей қарады. Малғұнның осы сыйқы: аурудың кеудесінен қашан жаны шығады деп жұтына күтіп отырған молланы еске салар еді.

Осы кезде батыстан соққан желдің құдіретімен тұнып жатқан тұман бірін-бірі басып жаншып, зұлымат керуеніндей шығысқа қарай жөнкіп бара жатты. Аспан шайдай ашылып, қар жамылған қалың қарағайлы аңғал-саңғал тау кеңкиіп тұра қалды. Жер дүниені түгел кезген жиһанкездің де өлер де төрт қабырға, бір төбеденбасқаны көрмейтіні сияқты, қыран да Памирдің тар шатқалында жатып өлетін болды.

Жер бауырлап шөкесінен жатқан ол көзін ашып-жұмып, өзі көрген жер бетін көкірегінен нұр жайнатып өткізіп жатты. Көз алдынан Алатау өтті. Оның шілдедегі ару табиғаты көз алдында көк шымылдықтай көлбеңдеп тұрып алды. Әлемде дара туған Хантәңірі. Ғасырлар сарынын аңғартып, бабалар көкірегіндей күңіреніп жататын тентек Текесім…

Міне, үзіліп барады, о, дүние, қыран өлді ғой. Өлгенде нені медеу қылып өлер екен? Мүмкін адамзат асыл ұрпағын қыранға — осы бір ұлы жануарға теңейтін шығар. Бұдан өткен ғаламда қандай теңеме бар? Жан иесі артында осындай даңқ қалдырса! Үзіліп бара жатып көк аспанға сағынышпен бір қарады қыран. Оның көзінің жанарында фотоаппараттың соңғы кадрындай қарлы тау, қарағайлы қаптал, Памирдің тар шатқалы, мөп-мөлдір аспан қалды.

 

ҚАНСОНАРДА

Таң аппақ атқанда біз мөлшері қотан аумағындай шоқ қамысты бастаудың басына келдік. Алдыда келе жатқан Әлібек ағайым кенет із кесіп тұра қалды:

— Ә, алаяқ кеткен екенсің. Көрдің бе, — деді қардың бетін  қамшысымен нұсқап, — орман  қызыл,  қу шолақ, кәрі арланның өзі екен.

Мен мырс етіп күліп жібердім.

— Менің сөзіме күлесің бе? — деді Әлібек маған бүркітше қарап.

— Бейне түлкінің құйрығынан ұстап тұрғандай сөйлейсіз. «Орман қызыл», «қу шолақ», «арлан» оның үстіне «кәрә» екенін қайдан білдіңіз?

— Көресің, — деді ағайым қатуланып, — тек құдай бір дұрыс жерден томаға тартқызсын. Әй бұл сұмырай бізге бойын көрсетпес. Ылғи төбе-төбеден қарауылдап, кешке дейін қашумен отырар. «Қара батырым» сенімен бір қан майдан ашпай қала алмас. Ал бауырым, менің айтқаным келсін десек, бұл түлкіні қалайда алуымыз керек.

— Аға, мен сіздің әлгі төрт белгіні неге сүйеніп айтқаныңызды білгім келеді, — дедім тағы да мысқылдай түсіп.

— Жоқ, мен түлкіні алып, қолыңа ұстатып «рас па, өтірік пе?» деп сені жерге қаратқаннан кейін айтамын.

— Түлкі алдырмас, ала алмасаңыз қайтесіз?

— Ала аламын.

— Қарасын көруден қауіпсіне тұрып мұны неге сеніп айтасыз.

— Мұны бірінші құдайға, екінші қара төбел атымның қайратына, үшінші қара бүркіттің қанатына, төртінші өзімнің өнеріме сеніп айтамын.

Мен тағы да ағайымның кытығына тие сылқ-сылқ күлдім.

— Ойбай-ау, екі аяқты адам, төрт аяқты ат, қанатты құс, оның үстіне құдай қосылса бір түлкіні қоясыздар ма… Бірақ «иттің иесі болса, түлкінің тәңірісі бар» депті ғой. Құдекең түлкі жақ болып кетсе қайтесіз?

— Әй, енді сен құдайды қолжаулық қылайын дедің бе? Көп сөзді қой, кеттік, — деді ағайым.

— Кетсек, кеттік.

Қансонар. Қүн шытымыр аяз, аспан ашық. Бірақ күміс ұшқындар қылаулап тұр. Түлкінің жортқан ізімен біз де жортып келеміз. Ол тышқан аулап, бірде шыр айнала жортып жүріп алады. Мұндайда Әлібек ағам:

—Қарама оған,— деп тура тартады.

Тіпті бірер шақырымға дейін түлкінің ізін мүлде тастап, Қаратөбелмен қарды еседі де отырады.

— Із артта қалды,— деп мен наразы боламын.

— Саспа, күнім, із алдымыздан шығады әлі: ойламайсың ба, біз кезіккен шоқ қамыстан іңірде шыққан. Сонан таң атқанша жортса қайда бармайды.  Кемінде түстік жерге жортады. Бұл түлкінің түлкісі. Ертегіде айтылатын «қу түлкі» тап осы болады, бауырым. Біз оны айламызды асырып, уақытты ұтқанда ғана аламыз.

Не ғажап, Әлібек ағайымның айтқаны ылғи тура шығады. Тіпті екі-үш шақырым тастап қуғанда да, ізге айқаса түсеміз. Бұл кісі оған: «міне,айтпадым ба?» деп масаттанбайды да. «Мұны қойшы, таңданатын іс әлі алда» дегендей, тартат та отырады. Мен құла бестімен солқ-солқ желіп ерем де отырамын.

Күн түс болды. Түлкінің шаңы тұр ғой, маңын көргеміз жоқ. Мен әбден қажыдым. Ал Әлібек ағам қажығанды қойып қатулана түскен. Енді ол бұрыңғы бұлаңқұйрықты тастап қарды бұрқақтата жөнелді. Жануар Қаратөбел де иесіне ұқсап қатты буырқанып алған. Екі көзі от жанып, адуындап келеді. Қызыл адыр «үп» етіп жел соқпайтын жер. Ұлпа қарды боратып келеміз. Қаратөбел мен құла бесті танауларынан құшақ-құшақ бу лақтырды. Беталдымызда найзадай шаншылып Қарауылшоқы тұр. Мұны біреу бейне тап осы қызыл адырға хан сайлаған сияқты. Өйткені мұның басына шықсаңыз, күллі адыр жыра-жықпылына дейін көрініп аяқ астында қалады. Ал қазір түлкі бұрынғыдай тышқаншылауды қойған. Қашпаса да Қарауылшоқының басына суыт тартып барады.

Жан күйімен өзі ғана тілдесіп келе жатқан Әлібек ағам ат қарқынын бәсеңдете түсіп:

— Әмір, қатарыма кел, — деді. Әккі аңшы ең соңғы шешімін айтқысы келді білем. Қатарласа кеттім.

— Бұл алаяқ Қарауылшоқының басында жатып бізді көрді де, тап осы күні қашып бара жатыр. Иә… қолға түсер, не түспес. Бірақ аттарды да, өзімізді де аптықтырмайық. Сен бағана маған мұның: «орман қызыл», «қу шолақ», «кәрі», онан соң «арлан» екенін ізіне қарап қалай білдің дедің бе?

— Иә?

— Айталық, құнан мен аттың немесе байтал мен биенің қайсыларының тұяғы тік?

— Әрине, құнан мен байталдың тұяғы тік.

— Ендеше, тегінде күшік түлкі ізін қар бетіне мөрдей тік басады. Мынаны көрдің бе, міне, маймақ басқан. Бұл көп жортқандықтың белгісі. Ал көп жортқан түлкі кәртеймегенде қайтеді?

— Рас, аға.

Әлібек ағамның бетіне таңдана да, сүйсіне де қарап келем. Добалдай саусағымен қалай қамтып ұстаса да жарап тұрған тоқпақтай қара мұртын тістеп бір «мырс» етті де, бүркіт көзімен бір қарап өтті.

— Сен мені мұның «арлан екенін» қалай біле қойдың деп әжуалағың келді ғой, ә, қуым?

— Әрине, — деп күлдім.

— Ендеше, айтшы кәне, жеңгеңнің табаны жалпақ па, менің табаным жалпақ па?

— Ойбай-ау сіздің табаныңыз деген бураның табаны емес пе. Жеңгем байғұспен қайтып салыстыруға болады.

Ағайым рақат бір сезіммен қарқ-қарқ күліп алды.

— Дұрыс жауап айттың. Көрдің бе, мына ізді, доп-доғал, батпита басып барады. Қаншық түлкі ізін сүйір басады.

— Ақылға сияды…

— Ал енді бұл түлкінің «орман қызыл» екені «Қызыладыр» деген жалғыз сөзден-ақ мәлім. Айналаңа қарашы міне. Ылғи қызыл керіш, қызыл тобылғы, өңкей жосалы төбелер емес пе?

— Иә, иә.

— Ендеше, мұның түлкісі қалайша «орман қызыл» болмасқа?

— Кемеңгерсіз, аға, кемеңгерсіз…

— Көкіме, ақымақ. Кемеңгерлік қайда маған. Ал мұның «қу шолақ» болатын себебі адам да, аң да, кұс та, тіпті ағаш та қартайған сайын апшып, қысқарып, шолайып, бар жағынан құрдымдай береді. Міне, бұдан қысы-жазы кұйрығын жерге сүйретіп жүрген кәрі түлкі аман қала алмайды.

— Е, көз көріп, қол ұстамаған түлкіні не десек те жарасады ғой, — дедім.

Әлібек ағам күйіп кетті.

— Бұдан  кейін мұндай әңгімені айтармын атаңның басы.

Менің қу тілімнің кесірі жануар Қаратөбелдің санына қамшы боп тиіп, қарды бората шаба жөнелді Қарауылшоқының басына қарай. Мен де далбақтай жөнелдім. Бірақ ағайым артына қайрыла тұра қалып:

— Әй, енді мұны ізімен қуудың ешқандай да пайдасы жоқ. Дегенмен сен ізімен қу. Мен Қарауылшоқының басына тіке тарттым. Осының басын қанжығамда салпылдатпасам, Әлібек деген атым өшсін.

Осыны айтты да бұрынғы-бұрынғы ма, қарды онан әрмен боратып көсілте жөнелді.

Осындай адамның інісі болғаным үшін-ақ көкірегімді мақтаныш кернеп кетті. «Менің ағамдай кімнің ағасы бар, кәне? Айналайын, ағатайым, өнеріңнен де өзіңнен де…».

Түлкі дәлме-дәл Әлібек ағам айтқандай Қарауылшоқыға қарай еш бір бөгеліссіз тартып келеді. Тек қалың тобылғылы, қарағанды қолқатқа келгенде қар теуіп жатқан бір үйір шілдің үстінен түсіпті де, біреуін басып қалыпты. Қар үстіне жүнін бұрқырата шашып басына дейін түп-түгел жепті де, әрі қарай тағы жөнеліпті.

Кей жерде төбе-төбенің, онда да атырап түгел көрінердей биіктеу төбелердің басына шығып қарауыл қарап отырыпты. Тіпті кейбір биік төбелерде көп отырғаны сондай, көк табан із, құйымшақ таңның ап-айқын табы, бірер тал жүндері қалыпты.

«Мына кылығына қарағанда ой алғызбайды-ау…» көңілім күпті боп келеді.

Күн болса екентіге еңкейіп қалды. Құла бестіні қатты айдап, түлкінің ізімен жосылта тарттым. Екі көз Қарауылшоқының басында.

Арманым — мына қылығына қарағанда ағайым айтқан бар белгі түгел келетін, тек «Орман қызылдығына» ғана күманым бар осы түлкіні қолмен ұстап бір көру. Ағайымның  кім екенін білу.

Қарауылшоқының басына кара бүркітті, қара атты біздің батыр да шықты-ау, әне. Кірпік қақпай қаттым да қалдым. Томаға тартты. «Ал енді…». Бүркіт ұшпады. Ағайым басындағы тымағын алып «тез жет, тез жет» дегендей бұлғап-бұлғап жіберді.

Құланның жамбасына қамшыны мен де бастым, тізгін үшімен келемін. Қарауылшоқының етегіне де іліндім. Жоғарғы жағыма қарадым. Бірінің үстіне бірі шыққан өңкей дәу қаралар төніп тұр.

…Әлібек ағамның қасына келдім. Мұртына сүңгі мұз қатып, қап-қара болып түтігіп кеткен. Тап осы кезде қалжың айтса адамды қойып,құдайдың өзін қақ басқа тартып жіберетін түрі бар.

—Көрдің бе, міне,— деді дауысы осынау кешкі аяздан да күшті шығып,— бізді жер түптен көріп бір-ақырғыған. Біз ақымақ болғанда сен ізіменадуындайқуып, мен бұл шоқының басына бұдан шай қайнатымбұрын шығуым керек еді. Сонда ол тас төбесінен ұрғандай болатын еді. Біз ғой уақытты қайдағы далбаса аңшыларша оның ізімен салпақтаумен алдық. Ал енді әлдеде болса күн батпай бір томаға тартуға тырысайық,бауырым.

Әлібек ағам өзімен-өзі кеңес құрып тұр. Мен оның қасында тұрған қарақшы сияқтымын. Атырапқа көз саламын, сол түстікке керіліп Армантауы жатыр. Батыста сәукеледей шошайып Қызшоқысы көрінеді. Оның арғы жақ астында қалың жыныс — тоғайлы, қопалы Шалғай өзені бар.

—Бұл Армантауына қарай тарта ма, жоқ батысқа қарай Шалғайдың қопасы мен нуына тарта ма? Тау алысжатыр ғой. Оған созылмаса керек. Сірә, енді бізге бойынкөрсетпей түн қойнына кіріп кету үшін, бұл зымиян Шалғайға тартады. Сөз жоқ сөйтті. Ал күнім, мен күн батпай,ананы қопаға кіргізбей тұрып Қызылшоқыға жетейін. Әттең сол шоқының басынан біртомаға тартып, қарғыстай сарт ете түссем. Ала қыстай артына түссем де сені қанжығамда салақтатпай қоймаспын. Сен ізімен қу. Ізімен қуғанда реті бар.Тәжірибе алып қалдың. Ол төбеге шықты екен деп сен де шықпа. Беталысына қарай «осы жерден шығарсың-ау» деген мөлшермен ылғи жаттық жерлермен ұта қу. Ол зәлім бізді қазір де алыс бір төбенің басынан көріп тұр. Қанша дегенмен ол аң да, біз адамбыз. Ендеше біз одан айлалы да ақылды болуға тиіспіз. Мен әбден ұзап алғанша осы Қарауылшоқының басында тұр. Егер екеуміз бірдей жоғалып кетсек, «ә, артыма түскен екен» деп ойлайды да, бар өнерін салып қашады. Ол қазірде қашу үстінде, дегенмен бейғамсыды. Ал күнім, жолымыз болсын, мен жөнелдім.

Еңістен ыратөмен сүргектете жөнелді. Мен қала бердім. Осынау Қызыладырды көзбен тінтіп қарап тұрмын. Кешкі аяз тап бір шілденің шіліңгіріндегі сағымдай иреңдеп, Қызыладырдың тұла бойында тұтасжортып жүр.

«Қу түлкінің қай бағытта, қаншалық жерде кетіп бара жатқанын көретін әттең дүрбі болар ма еді. Дүрбі бар ғой бар. Амал не, құны астымдағы құла бестіден де қымбат».

Көріп тұрмын. Әлібек ағам көз ұшына ұзап кетті. «Әй енді жеткен шығар. Қарауылшоқының басында қақшиып қанша тұрамын».

Бірақ мен енді түлкінің ізімен қуғым келмеді. Күн еңкейіп барады. Ат болдырып, ағадан көз жазып аяз қыспағанда, қасқырлар қамауында қалардай үрей туды. Осыны ойлап үлгергенше Армантау жақтағы бір төбенің басынан көзіме болар-болмас бүрк еткен бу, елбең еткен бірдеңе көрініп кетті. «Қап, ала аяқ тауға қарай тартқан екен-ау. Қайран аға, теріс кетіп жігерің құм болатын болды ғой».

Әлібек ағама қарап едім, о, ғажап Шалғай бағытын кілт тастай салып, ылғи өзек, жылғалармен Армантауына қарай жосылтып барады. Ағамның осынша тапқырлығы үшін жүрегім елжіреп, көзіме жас келді.

Қызыладырдың тап Армантауына тіреген түбінде тік шаншылып Найзақара биігі тұр. Дәл басып біліп тұрмын. Әлібек ағамның мақсаты күн батпай осы биіктеп томаға тарту. Еңістен ыра төмен сүргектете жөнелдім. О, шіркін-ай, бүркіт пен түлкінің өлісіп, жұлысып, алма-кезек жығысып жатқанын көрер ме екем.

 

«Біреуі кек,  біреуі  жер тағысы,

Адам  үшін  батысып  кызыл қанға…».

 

Екі көзім Найзақараның басында. Екі етек екі жақта, далақ-далақ етіп, құланы аямай тепеп келем.

Кешкі аяздың қылауы батар күннің қызыл арайымен шағылысып, кебек алтын шашқандай жылт-жылт етеді.

Мүмкін бұл «қу шолақ арлан», «мұның алдында түсер құс жоқ» деп мақтайтын «Қарабатырдың» (бүркітін осылай атайды) аяғын шайнап тастап өз жөніне тартып отыратын шығар…

Найзақараның басына ертегінің алыбындай болып құс көтерген атты адам шықты-ау, әне. Ат тізгінін шорт тежеп тұра қалдым. Жүрегім тұлпардай тулап, кірпік қақпай қарап тұрмын. Тартты томағаны. Күллі әлем көз шарасына бір-ақ сиған жануар-ай, томағаны ала сала атқып кетті.

Қанатын долдана сілтеп-сілтеп жіберіп екпіндей түсті. Иесі Найзақараның басынан осынау кеште арыстанша ақырып, тіпті арсылдап тұр. Дауыс: «қырып жібер, жойып жібер, жұмарла, алқымда» деген мазмұнда естіледі. «Осындай қостаушың болса құс түгіл ақылды адам болсаң да  қандай  жаудан тайынармысың» деп  ойлаймын. Расында «Қарабатыр» иесіне арқаланып бұрынғыдан бетер жындана ұшты. Кемінде төрт шақырымдай жерде тұрған менің көзіме енді ол қанатты құс емес, бейне сабы бар қара тоқпақ сияқты зырқырады. Кенет атылып аспанға шықты да, қайтадан тік шаншылып, үзіліп бара жатқан күн шұғыласымен жарқ-жұрқ етті де жоқ болды.

Әне, Әлібек ағам да Найзақараның басынан құлай шапты. Ағайынды екеуміз қара бүркіт түсіп қалған сайға қарай ат қойдық.

Тап қазір «пайда-зиян», «өлер-тірілер» бұл бастан мүлде шыққан-ды. Ат өліп, аяқ сынып тоқтамаса, басқа еш нәрсеге қарамайтын аңшының делқұлы шабысымен айдап келемін. «О, шіркін ұмар-жұмар болып жатыр-ау осы күні».

 

Қар аппақ түлкі қызыл, бүркіт қара.

Ұқсайды қаса  сұлу шомылғанға.

 

Төбені — төбе, сайды — сай, қияны — қия, жыраны — жыра деп келе жатқан мен жоқ. Бәрі де тауда өскен тұлпар тұяқ жануар құла бестінің құдіретімен мидай жазыққа айналып кеткендей. Тоқтауға мүмкіншілік болмай қалып, су орған жарлардан ырғып кеткенде, ауытқып барып, әзер түзелемін. Бірақ бұған да қараған мен жоқ ұрып келемін.

Бейне бір делбеше тасыраңдап тұмсықтан шауып шыға келсем, Қаратөбел қаңтарулы тұр. Томағалы «Қарабатыр» саңқ-саңқ етіп тастың үстінде отыр. Жануардың дауысында ашу-ызаның сұрапыл сарыны бар.

Ағайым үстіндегі барқытпен тыстаған сеңсең ішікті жұлып тастаған, жотасынан буы бұрқырайды. Зірк-зірк етіп қызыл түлкіні қар үстіне соққылап жатыр.

— Үйіріңмен үш тоғыз. Үйіріңмен үш тоғыз…

— Майлансын, ағатай.

— Айтсын, айналайын. Мә, түлкің, тексер бәрін.

Түлкіні маған қарай лақтырып тастады. Аттан қарғып түсіп, түлкінің сирағына жармастым. Олай-бұлай аунатып көріп жатырмын. Таң қалыпӘлібек ағамның бетіне қарадым.

Өзінен басқа адам әзер көтеріп жүрердей ауыр қара сеңсең ішігін иығына жамылып, басында тақиясы ғана бар, тоқпақ қара мұртын масаттана ширатып, маған қарап жымиып тұр екен.

— Қалай, орман қызыл ма екен?

— Түлкі бұдан әрі қайтып қызыл болсын.

— Құйрығы қалай?

— Нағыз қу шолақ.

— Көрдің бе, еркек пе екен?

— Дау жоқ.

— Ал мен кіммін?

— Сіз Әлібек Атанбайұлысыз.

— Жоқ, мен ермін бе, еркекпін бе деймін?

— Ерлігіңізді ел біледі. Еркектігіңізді жеңешем біледі.

Ағайым осынау аязды кеште шатқал сайды басына көтере күлді.

— Жөн, жөн. Ақымақ неме, ағаңа әлі мойындағың келмейді, ә? Байла түлкіңді, көрдің бе қас қарайып кетіпті. Ал күнім, атқа мінейік.

— Үйге тартамыз ба?

— Үйі несі? Қолында жерге түспес мынадай қыраны бар Атанбайдың екі ұлы жалғыз түлкімен үйге қайтпақ. Біз бір апта салбурын құрамыз. Қызықтың көбі әлі алда. Ал сен мені бағана «кемеңгерсің» дедің ғой?

— Иә, дедім.

— Ендеше, біз қазір бір шайқайнатым жүреміз де, нағыз кемеңгердің үйіне барамыз. Әңгіменің көкесінсонда көресің.

 

 

* * *

 

Аяз күні ақшия туатын сары жұлдыз аспан төріне шақшия шығып алған. Оның маңынан шетсіз, шексіз көк торғынға қадаған алтын шытыралар шыпырлап келеді. Үлкен аңғар сай, тар шатқалдың сығырдаң болып қатып қалған жалғызаяқ жолымен соғып келеміз.

Сауырсыны төңкерген қазандай, мықыны абдыра сандықтай, мықты тірсекті, кеудесі есіктей, ағайым астындағы Қаратөбел ақ бурыл атқа айналған. Қаңтардың аязы өлшеусіз қытымырлыққа басып қысқан сайын жануар Қаратөбелдің қайраты қабындап, басын изеп тастап, ауыздықты қарш-қарш шайнап, пысқырына жортып келеді. Ол үстіндегі қатал иесін қабағат сезінетін сияқты. Қожасы тақымын сәл қысып қалса атқып кететіндей.

Қаратөбелдің үстінде отырған осынау батыр тұлғалы менің ағайымды өзіңізбен ақтарыла әңгімелессін десеңіз:

Жақсы ат, қыран бүркіт, түзу мылтық, жүйрік тазы, қасқыр, түлкі, алып қайрат, шешен домбыра, сұлу әйел туралы сөйлеңіз. Бұлардан басқаның бәріне: «ой, қойыңдаршы тәйірі, осы да сөз болып па», деп қолын бір-ақ сілтейді. Ал мыналар туралы сөз болғанда «па шіркін, уа дариға-ай, әңгіме осы емес пе, сөз емес пе» деп айызы қанып, сізді айналып-үйіріліп, масайрап шалқып отырады. Қолында қондырып келе жатқан осынау алып қара бүркіті мен қаратөбелді жалғыз баласы Қанат деп не қылайын, әйелі Зылиқадан кем көрер ме екен.

Міне, қанжығасына еңсеріле бұрылып, самбырлай сөйлеп келеді.

—Пай-пай, қу шолақ арлан екен.

Оның сөзін екі жақта төніп тұрған құз-жартастар да «арлан екен» деп, жаңғырыға қайталап жатыр.

—Мынау да мойны сораң-сораң етіп, тақ бір тажалдай сорғалап қоя берді. Тіпті қанатының ысқырған дауылынан түлкіні қойып, өзінше зәрең ұшатын. Антұрғанды түлкі дейтін емес, қасқыр дейтін. «Сен тілеген болсаң, мен сұраған» дегендей, сақ-сақ етіп, аспанға тік шапшып тұр. Тап арқан бойы төніп қалды. «Ойпыр-ай, айқас немен тынар екен» дегенде жүрегім шымыр-шымыр етті. Кірпік қағып та үлгергем жоқ, қара жойыт қанатымен қағып кеп жіберіп, жарқ-жұрқ болды да қалды. Жер қыя ғой, бірде мынау, бірде анау… өлісіп жатыр, жұлысып жатыр.

Өлер, тірілерді ойлау қайда, жардан төмен домалай шауып төпеп келем, бір кезде Қаратөбел кішігірім жүктей тастан қарғып кеп түскенде белім үзіліп кете жаздады. Жеттім-ау өлісіп жатқанқан майданға. Аттап құлай түсіп, жығыла-сүріне келіп, түлкінің артқы сыйрағына тиді қолым.

Айналайын-ай, обалы кәне… (қолындағы бүркітті қозғап қалып) әбден үстемдік құрып алған екен. Қызыл шегір көзі одан орман шоқ шашып алқымдап езіп жатыр. «Тегеурініме иленіп жата кетпей, менімен неге осынша жұлқыласасың» дегендей долданып алған. Жан бермек оңай ма екен. Әділетсізін қарашы өзінің.

Мені «қағушысың» деп сонау артта қалдырып, мына кызықтың бәрін өзі ғана көргеніне ішім күйіп, ағайым шабыттана айтқан сайын жылап жіберердей ызаланып келемін.

—Тұяқ дегендерің қу шолақтың басына шегедей сіңіп кетіпті. Жем көрсетсем қарамайды. «Жауыма ара түспексің бе, көрдің ғой жаңа мұның не істегенін?» дегендей бетіме шақшия қарайды антұрған. Пай-пай, ақмақтың ашуы-ай!

«Өзің ғана көрген қызықтың маған несі ләззәт» деп ағайымды қыжырынып әсте жаратпай келемін.

— Тұяғын қамшының сабымен сықырлата сүймеңдеп отырыпажыраттым-ау, әйтеуір.  Ой,  шіркін ердің кекшілі-ай. Жем көрсетсем ашуланып қарамай қойды. Әй, шірік, үндемейсің ғой сен, тоңып келесің бе, немене?

— Иә,— дедім қырсыға тіл қатып.

— Ал кеттік ендеше.

Қаратөбелдің арт жағына ұшқын мен қиыршық тас ұшқын жауып кетті.

— Біз бүгін бір қасиетті қарттың үйіне қонамыз дедім ғой саған. Көресің. Ой, ол кісі құстың құдайы ғой, — «құдайы ғой» дегенді құз-жартастар да қайталап жатыр. — Мына жойт қараны сол ата-қартқа бұйырса бүгін түні сынатамыз. Әңгімені қандай айтады ол кісі. Бір өзін бір заманның шежіресі дерсің.

— Шалдың аулына енді қанша қалды? — дедім сызданып.

— «Шалдың» демей «Атаның» десең аузың бармай ма?

— «Бабаның» десек те тез жетсек екен, — дедім қырсығым онан әрі қыстай түсіп.

— Сен өзің қиқарсың-ау, ә?

Үндемеймін. Ол Қаратөбелді тағы да айдап берді. Оның емшек тағалы аяғынан шақұр-шұқыр ұшқан тастармен, қиыршық қар қатты аязбен ажарланып, аңғар сайды басымызға көтерді. Суық боран соқтырып заулап келеміз.

Осынау Қаратөбел ат, алып қара бүркіт, батыр тұлғалы ағайым үшеуі бірінен-бірін айыруға мүлде болмайтын тұтас тұлға, бірге құйған ескерткіш сияқты көрінеді осынау түнде. Міне, түтін иісі білінді.

— Қарттың аулына келдік, білем, — деді ағайым еңсесін бұрынғыдан да тіктей түсіп.

Үндемеймін. Қайдан үндеймін, кешке дейін удай аш, оның үстіне қызықтан құр қалған адаммын. Міне, қазір ғой, тоңудан жылап жіберейін деп келем. Иттер де шулап қоя берді.

Осы кезде толған ай алтын табақтай болып сонау құздардың басынан қарап тұрды. Біз терезесінен шамы жарқырай жанып тұрған, ойқы-шойқы таудың тасынан қалаған үлкен үйдің алдындағы ат ағаштың түбіне апыр-топыр түсе қалдық. Үлкен қара төбет пен ала төбеттің қолтығына қайдағы бір  қаншырдай қатқан қаншықтар су бүркіп, бізге қарай айдап сап жүр. Тіпті алды-артымызға қарауға мұрса беретін емес. Аяз бен ашу әбден тырыстырған шекемді енді  мыналар шытынататын болды. Әншейін бір жөн-жосықсыз, ақымақтық арсыл. Айдың жарығында азуы ақшаңдап анық көрініп, барған сайын ішкерілеп келе жатқан қара төбетті қамшымен қақ бастан тартып жіберуге енді сілтей беріп едім, ағайым қолымнан сап ете түсті.

— Итпен таласпақсың ба? «Иесін сыйлағанның итіне сүйек сал» деген қайда. Келе сап итін қаңқылдату ұят емес пе?!

Осы кезде үйден біреу ата шығып, біздің қасымызға келді. Сәлем берді. Ай жарығында жас жігіт екені көрініп тұр.

— Інім, мына құсты қайда қондырамыз. Өзімнен бұрын осы бір жайлы орынға орналасса еді.

— Өзіңізбен бірге алып кіре беріңіз, аға. Үй кең, дайын тұғыр да бар.

— О, бәрекелді, бар бол, бауырым.

Жігіт сондай елпек, ылпылдап жұғысып тұр. Біз әуелі аюдың апанындай бұрма-бұрма далаңға кірдік. Жігіттің қолында өгіз қурайдың ішіне құйып жасаған тонмай шам бар. Бастап келеді. Бейне әулиелер мекенін тәуеп ете келген сопылардай «шырақшының» соңынан үн-түнсіз ілесудеміз. Далан әлі таусылар емес, шыпырлаған діңгектердің арасымен өтіп келеміз. Егер де осы даланмен түнде сыртқа шықсаңыз, иәки үйге кірсеңіз басыңызды әлденеше соғуға тура келетіндей. Бірақ әбден үйренген үй иелері тас қараңғы түнде шыпырлата керіп тастаған машина жіптің біріне соқпай ұша алатын жарқанат сияқты жаттыққан болар. Сонау түкпірден көкжасыл көздер жайнайды. Мұрынға мал қиының, сиыр демінің иісі келеді.

Біз үлкен даланды бітіріп, ерсілі-қарсылы қоржын үйдің даланына келіп кірдік. Күңгірлеген сөз естіледі, есіктің саңлауынан жарық көрінді.

— Ассалаумағалейкүм!

— Ағалейкүмүссәләм! Япырай құлазып отыр едім, төрлетіңдерші, шырақтарым. Бұл үйге қонақ келмегелі, ат ізін салмағалы қашан дерсің. Осынау таудың қуысына кім іздеп те келсін-ай.

Отырған үйіндісі шөккен нардай ақ бас қарт орнынан тұрып жатты. Үйдің іші айтқандай-ақ кең екен. Бұрыштағы қазан-пеш жақтан жылқы етінің сүрі иісі аңқиды. Арша толтырған пеш шатыр-шұтыр етіп еттің жанын қоярға жер таптырмай аласаттырып жатқан сияқты.

Қарт енді тұрып болды. Түкті қабақ, күректей ақсақал, қошқар тұмсық, дәу басты төбесі үй төбесіне әзер тимей тұр. Жасымнан құлағыма «құдай» мен пайғамбар есімін құйып өскен менің көзіме осы қарт өзім көрмеген құдайды не пайғамбарды елестетті. Және отырған жері де адамзаттан аулақ, солар мекендеуге тиіс жер сияқты көрінді. Жүрегімді зор бір тебіреніс билегендей кінәлі көзбен ағама қарадым. Қызыл шырайлы, шұжықтай жас келіншек:

— Отыра беріңіз, ата, көрпені мен саламын ғой, — деп бәйек болып еді, қарт:

— Жоқ балам, өзім салайын, — деп арбиған саусақтарын тарбита жайып, атан түйенің оралымындай ірі қимылмен көрпені жайып жатты.

Сеңсең ішік, түлкі тымақтардың қырауын қағып-сілкіп, қабырғадағы қазықтарға іліп, ағайым Әлібек тоқпақтай қара мұртының мұзын түсіріп болған соң, үлкен алақандарын  көкірегіне басып, қартқа тағзым  етті.

— Аман-есен отырсыз ба,  баба. Қайратыңыз қалай, қажымадыңыз ба?

— Оны менен несін сұрайсың, сексенге келгенде білесің өзің.

Біз төрге жайланып отырғаннан кейін айналасын аппақ сақал қоршаған, әлі де таңғажайып қызылшырайлы беті нұр жайнап қулана күлді.

— Мен Алтайдың Шірікқайың деген жерінде туыппын. Ол бұдан салт атпеп он күншілік жер ғой. Өлетін уақытым болып еді. Сірә, «періштелер» мені сол жерден іздеп жүрсе керек.

Ағайым қарқ-қарқ күліп:

—Ой қайран жарықтық-ай.  Біз сіздің жасыңызға келгенмен осылай қалжыңдауға күйіміз келер ме екен, — деді.

Сөйтті де қалың қара қасының астына қыранның көзіндей тұна біткен сұсты көздерімен үйдің ішіне енді барлай қарады. Бір кезде айналасын қызыл шымылдық қоршаған, бұл күнде сыры көшіп, сыйқы қашқан ағаш кереуеттің алдында астына құлжа терісін салып тәмпіштеу сары кемпір отыр. Алды жеті жаста дерлік, беттері күреңіте піскен тоқаш сияқты балалар әжесін қоршап алыпты.

Қиық қара көздерін ағайымның қоңқақ мұрны мен тоқпақ мұртынақадап қалған. Сірә, «мына мұрт, мына мұрын бізге бітсе не боп шығар еді» дегендей түрлері бар.

— Жә, мырза жөніңді айтшы маған? — деді  баба қарт ден қоя бұрылып.

— Атанбай деген құсбегінің баласымын. Әкем былтыр жазда қайтыс болды.

Қарт елең етіп еңсеріле бұрылды.

—Қарағым-ай, қарағым-ай. Дауысы қалтырап… Көкірегін кере күрсініп, кемсеңдеп бір кетті де, кенет, шартқатайып тақпақтай жөнелді:

Арғымақтың тұяғы,

Тасты  басса  кетілер.

Сазды басса жетілер,

Жақсы пенде басына,

Іс түскенде бекінер.  

Жаман пенде басына,  

Іс  түскенде  өкінер.

Аққу  ұшып  көлге кетті,

Сұңқар ұшып шөлге кетті.

Ол адасып кеткен жоқ,

Әркім  барар жерге кетті.

Тозбасты ұста соқпайды

Өлместі құдай жаратпайды, —

деген екен бабалар. Бәріміз өлеміз, әкеңнің «иманы»  болсын, балам. Атакемнің баласы, асылымның тұяғы екенсің ғой, қарағым. Келші, маңдайыңнан иіскейінші.

Өзі біреуге көңіл айтар әке болса да, әкесінің кім екеніне көзі енді жеткендей ағайым қатты тебіреніп, қатты сұрланып маңдайын тосты.

— Рахмет, әке,—деп көзіне жас алды.

— Сірә, Атаекемнің үлкені боларсың, шырағым.

— Иә,ата, үлкенімін. Төрт ағайындымыз. Ең «кенжеміз» мынау, мен еншім, бөлек адаммын,— деді қартқа, «мөлшерлейсіз ғой» дегендей емеуірін танытып… Сөйтті де Әлібек ағайым:

—Айналайын, айналайын,— деп тоқырайып отырған басымнан сипап қойды.

Қартмені ағамның қасынан тастамай баулып жүргеніне аса ризадидармен басын изеп, жымың-жымың етіп, маған енді нақтап қарады.

— Нешеде өзі?

— Он жетіде.

—Құстың да ұя басар — кенжесі осы сияқты саршакеледі,— деп қарт тағы да бір рахметті дидармен күлімдеп қойды. Ағайым менің қалақшадай тұлғама бір қарап, «Сарша» дегенді қуаттағандай мырс етіп қалып, жауырынымнан қақты.

—Қара шаңырақтың иесі, ең кенжемізосы, ата.

Ызадан қақ жарылып кете жаздап отырмын. Әлібек ағам «Қарашаңырақтың иесі… Кенжеміз…» деп біле тұрып бекер қопитады. Мен қайдағы «кенже» едім. Сексенге келіп өлген Атанбай екеуміздің арамызқаншалы жер. Мұны қарт мөлшерлемейді деп ойлай ма.

Әлде мені шыққан тегін, туған елін білмейтін даңғой деп ойлай ма екен. Мұның аты қорлау емегенде немене «Бірге туған әпкем Әсемнен туған жиенім, інім» десе дәрежем кеміп қалатын ба еді? Сонда менің ата-анамның есімін бұл дүниеден жоғалтпақ па?

«Жетім бала кекшіл» деген осы екен ғой. Есіме марқұмдар:  әкем мен шешем түсіп,  көзге келген жасты көкірекке қайта жұтып отырмын.

Алдымызға құрт-бауырсағы аралас мол дастарқан жайылды. Ортасын оя сарымай қойылып, шай құйылды.

— Алыңдар балалар, құс салып қырауытып келдіңдер ғой. Е, бұл дәурен өтті ғой басымыздан. Атаеке екеуміз талай бүркіт салысып, талай  олжабайласқан ерлер едік қой.

— Иә, ата, мен сізді әкемнен естігемін. Ол кісі құс жөнінен өзінен сізді білгір санаушы еді. Екеуіңіз қиыр рулардан болсаңыздар да бақыр сорпасын бірге ішіпсіздер. Айыпқа бұйырмаңыз,  «Сәлем берейік, дидарыңызды көрейік» деп келген жайымыз бар,— деді Әлібек.

— Рахмет шырақтарым, рахмет, — үстін жүк басқан нардай ырғалып, баба қарт сөйлеп кетті.

— Ұлыққа бағынып, байға жағынып көрген жан емеспін балаларым. Біреудің ала жібін аттап, біреуді кем тұтып даттап та көргем жоқ. Байлық пен мәнсәпті мен де, мені олар да керек етпедік. Осы күнге дейін біреуге-біреу сырт қарап келген жайымыз бар. Бірақтақымымнан бір жақсы ат, мойнымнан бір түзу мылтық, қолымнан бір қыран құс кеткен де емес. Өздерің өрлеп келген аңғардың аузында тоспамыз бар. Жаз болса соған егін салдық, қыс болса осынау сыры да мол, жыры да мол жалбыр таудан аң атып, құс салдық. Өмір осылай өтті. Бұл күнде нардай шөгіп жатқан жайымыз бар, балалар. Алыңдар қарақтарым. Жапырып жеңдер, қанып ішіңдер.

Қария осылай демегеннің өзінде де қып-қызыл күрең шайды, шай құмар ағайым ертектегі «Көл ұрттағыштай» тартып жатыр-ау. Дастархан да жиналды.

— Насыбай ататын өнерің бар ма, балам.

— Мінеки,— деп Әлібек тау текенің мүйізінен жасалған, сыртына нақыстап құйма қақкан сары ала шақшаны суырып тастай берді.

— Бәрекелді. «Атадан ұл туса игі еді, ата жолын қуса игі еді» деген осы да, — қарт насыбайды ерніне басып ұзақ отырды, — жә, енді мына батырдың жөнін айтшы.

— Сізге бұл да сәлем бере келді. Өзін сынатпақ ойы бар.

— Немен ұстадың? («Қолбала ма» деп сұраған жоқ. Түз бүркіт екенін біліп отыр).

— Шошқаның торайын жеп, тояттап отырған жерінде атпен қуып ұстадым, — деді ағайым.

«Қоян жеп отырғанда ұстамап па едік» дей жаздап ағайыма жалт қарадым. Ол шытынып қалды.

— «Дүниеде ерлер көп те емес қой. Дегенмен мұны да бір көрейік. Ана үйдегі өз биялайымды әкелші, балам.

Томағамен отырған бүркітті қолына қондырып, салмақтап көп отырды. Онан кейін босағада тұрған түлкінің жас терісін биялайға орап «ыр-ыр» деп қалып еді, бүркіт сықыр-сықыр еткізіп қысып жіберді.

— Әй, әйтентек. Тентексің-ау, ә? Сірә, мынажануардыкешкежақын    түлкіденашуландырыпайырғасың, балам. Олайетугеболмайды. Құстыңкөңіліқалады,жігеріжасиды. Тегіндеитпенқұсаңалғандаиесін қаттыарқатұтады. Қырандардыңайқайласаарқаланып, қайратықаулапкететінісодан.

— Ашуландырып айырғанымды қайдан білдіңіз, ата? — Жүресінен отырған ағайым саусақтарын сытырлатып қозғалақтай түсті. Мен де шай ішіп жадырап, енді құс сынаудың қызығына түсіп, ақ көңіл ағайыма деген кірбіңім тарқап кеткен. Қарттың аузына ағайынды екеуміз аңыра қарап отырмыз.

— Көрмейсің бе, кешке жақынғы ашуы есіне түсіп, ерегісе қысып отырғанын.

Тұғырға құсты қайта қондырып, толарсағын, топшысын тұтамдап, басын өлшеп көрді.

—Мұныңыз не ата?—дедім.

Қарт маған барлай қарады.

— Құсбегі болғысы келеді-ау, ә, мына Кенженің.

— Әрине ата, інімді баулап жүрмін, — деді ағайым өзінің де, менің де мәртебемді көтеріп.

— Айтайын, Атаекемнің Кенжесі екен ғой. Ұғып ал, қарғам. Толарсағын өлшегенім — қысу қайратын көргенім. Топшысын өлшегенім — ұшу қайратын көргенім. Басын өлшегенім — тұмсығымен ауаны жару қабілетін көргенім.

Алып қара бүркіттің қанатын жайып көрді де, қарт басын шайқады.

— Басыңызды неге шайқадыңыз? — деді ағайым орнынан тұрып кете жаздап.

— Күнәсіз пенде, мінсіз дүние бар ма, балам. Мұның да бір міні бар екен-ау.

— Қандай міні? — деп ағайым шыдамсыздана түсті.

— Тегінде аңның ең әуелі үрейін алып жіберетін — құстың екпіні ғой, балам. Мысалы, ысқырып келе жатқан оқтан кімнің жаны түршікпейді. Аспанда күшті дауыл тудыратын құстың қанаты емес пе. Ол үшін қанат үп-үшкір, жұқа болуы керек. Лашын мен сұңқардың қанаты пышақтай ғой. Олар ұшқанда аққу мен қаздың далбалақтап естері шығып кететіні — олардың қаралдысы мен қайраты емес, қанаттарының зуылы. Ал мына ердің қанаты доғал да қалың екен. Оқасы жоқ, бұл құс алмайды аң алады. Сондықтан бұл қос қанат палуан десіне қарай жаралған шығар. Енді томағасын алып көзін көрсек, ашу шақырмас па екен?

— Көріңіз ата, көріңіз. Ондай «білерлігі» бар мұның, ашу шақырмайды, — деп әлгі сын бейне өзіне айтылғандай-ақ, «қанаттың олқылығы көзбен толықпас па екен» дегендей ағайым қалбалақтап жатыр.

— Жарайсың ерім, жарайсың. Есірік болмай ер болмайды, ұрыспаса төбелес тумайды дегендей, екі көзің пәле іздеп шатынап тұр екен ғой.

Бұл құсқа берілген жоғарғы баға еді. Әлібек ағайым өзбасы ел-жұрт алдында ауыр сыннан өткендей «уһ» деді де, төрге барып отырғаннан кейін ерініне бір алақан насыбайды бірақ басып, құшырлана сүйсініп отырып алды. Асан қарт та өткен өмір, көшкен дәуірді көз алдына елестеткендей үнсіз отыр.

— Балам, балам, — деді қарт тебіреніп, — құсыңа да, өзіңе де риза болып отырмын. Мен ғұмырымның 50 жылын аң аулап, құс салумен өткізген адаммын. Осы жылда түнің үйде өтсе, күндізің далада өтті, кейде түндерің далада өтті.

Құсыңды әбден сынап көріп шықтым, зар күйінде екен. Бұл қылыш тұмсық, кешкіл бас өте күйшіл құс. Мұның күйін таппайынша, ашықтырмақ    түгіл, аштан өлтіруге дейін барсаң да алмайды. Ал қазір аю көрсетсең де не тайынсын. Құсбегі екенсің, балам.  Ойлаушы едім, дүниеден біз кеткен соң құс туралы сөз ертегіге айналатын шығар деп. Мұным қате екен. Шүкір, шүкір құдайға. Бар екенсіңдер ғой, балаларым. Мен мынаны (ұлын көрсетіп) көріп түңілуші едім. Бұл менің тоғыз ұлым өліп, ең соңғы тоқтаған ұлым. «Енді өлу тоқтасын, өзім де сабыр етіп тоқтайын» деп атын Тұяқ қойдым. Көріп отырсыңдар, тұрған бойы осы. Әйтеуір қару-қайрат, денесі бар, мінезі ауыр, — қарт жымыңдап күліп қойды, — ежелгі заман болса үстіне сауыт, басына дулыға кигізіп, қолына қара шашақ найза берсең, Тұяғым Қобыландыдан аумайын деп тұр.

Әлібек ағам қарттың сөзіне қарқ-қарқ күліп алды.

— Тегінде адам аңшы, әсіресе, құсбегі болу үшін: қағылез, зерек, қырағы, сезгір болуы керек. Басының еті қалың маубас адам құсбегі бола алмайды. Ондай бас тек соғысқа, шоқпарға жаралған. Былшылдатып қанша ұрсаң да, ол шіркінді аттан түсіре алмассың.

Е, шырақтарым-ай. Кейбір бала керіге кетіп туған, кейбір бала әкеге жетіп туған, кейбір бала әкеден өтіп туған. Әкеңе тартқан екенсің, балам, —  деп түйді қарт сөзінің ақырын.

Осы тұста өзі мен құсына берген қарттың бағасына айызы әбден қанып, барша мұратына жеткендей болған Әлібек ағам:

— Ата осыны қасқырға салсақ қайтеді? — деді қызынып.

— Алады. Тырп еткізбейді. Балам, сенің құсың қолға сирек түсетін аса мықты құс. — Әлібек қозғалақтап «айтпап па едім» дегендей маған бір қарап қойды.

— Бұл қалайша мықты туды дейсің ғой. Айтып берейін, балам. «Ерге жарай ат туады» дегендей, шабытына қарай құс туады. Айтайық: түлкілі, қоянды, кекілікті, шілді, ұларлы аласа таулардың құсы денесі шағын, ұшқыш та ықшам келеді.

Ал, өзендері өкіріп, шатқалдары үңірейіп, қапталдарын қалың қарағай жапқан, ақбас шыңдары аспанға иек артқан Алатау, Алтай, Тян-Шань, Памир сияқты ұлы таулардың құстары алып келеді. Себебі бұл таулардағы бұғы-марал, арқар-құлжа, тауешкі-таутеке, елік пен шошқа ғана. Бұларды алу үшін кұстың денесі қандай болу керек?

— Алып болу керек.

— Мен Алтайдың «ақ иығын», Сарытаудың «сасқалақ сарысын», Еренқабырғаның «еңселі қарасын», бәрін-бәрін салдым, ұлдарым. Сенің құсың Еренқабырғаның «Алатеке» деген ақбас шыңды, арқыраған өзенді қарабарқын қарағайлы жерінде туған. Мұны ата-анасы маралдың бұзауы, арқардың қозықасы, тауешкінің лағы, шошқаның торайымен баулыған. «Ата көрген оқ жонады, ана көрген тон пішеді», «құс ұяда нені көрсе ұшқанда соны алады» дегендей, бұл алатекелік жануар қасқырды қалай алмайды деп ойлайсыңдар?

— Әке, бұл бізге «алатекелік едім» деп айтқан жоқ қой. Қанатты құстың қайдан келіп, қайдан тұрғанын қалай білдіңіз? — деп Әлібек қарттың қытығына тие мырс-мырс күліп, оң жақ мұртын ширатты.

— Ие, ие Атаекемнің баласы. Бұл бізге олай деп отырған жоқ. Өйткені бұл тіл білмейді. Амал не, білген күнде: «шал дұрыс айтады» деген болар еді. — Қарт та кекетіп кеңк-кеңк күлді. Сөйтті де көзінен тағы да мысқыл ойнап: Мен мұның Атаекем сияқты әкелерін көргемін. Жануарларды талай жыл қолымда ұстап, талай рет қызығын көргемін. Ендеше өзің сияқты әкесіне тартып туған баланы кісі қалай танымайды деп ойлайсың?

— Ойбай, жеңілдім баба, жеңілдім. Кешіре көріңіз, ақылсыз ұлыңызды, — деп Әлібек қарқ-қарқ күліп, шын риза пиғылмен қарттың аяғына тақиясын тастады.

Біржола тұқыржылап тиып тасталған Әлібек ағам қара мұртын тістелеп, қалың қасын түксие түйіп, қатты ойланып отырып қалды. Бет-әлпетінде: «адаммен адамның арасы қайда жатыр. Мына кісінің қасында мен де құсбегімін деп жүрмін-ау, әйтеуір» дегендей нышан бар. Бір кезде жұлып алғандай:

— Ата, мұны ертең қасқырға өзіңіз саласыз, — деді.

— Сөйтейік, ата,— деп мен де жабыса кеттім. Өйткені маған қырғын қызық керек қой.

— Әкел насыбайыңды, әкелші қарағым… Насыбайды тап бір алақан қылып үлкен ерніне бір-ақ басып, аз отырып қалды.

— «Уағда — серт, мақтан — дерт» деген екен. Бұл маған «қасқыр алады дедің, кәне алғыз» дегендерің ғой, а?! — деп ақтық қайрат, ақыл-ойын салмақтағандай ырғала түсті.

— Жоқ, жоқ, киеңізге жолығайын, асыл ата! Мен бұл оймен айтып отырғам жоқ, — деп Әлібек ағам ақталып әлек болып еді, аяғын өзі түзетті:

— Рахмет балам, рахмет. Мені силағаның ғой бұл. Білем, білем. Атаекемнің орнындағы Кенже айтып отырған соң, мұны қабыл алмасам болмас, болмас. Аруақ ренжиді ғой. Қабыл алдым қарақтарым, қабыл алдым. Бүркіт енді казірден бастап менікі болады.

— Сіздікі, сіздікі, — дедік ағайынды екеуміз қатар жарысып.

— «Қабанбай қатты ауырып, өлім аузында жатыр» дегенді естіп, Әтеке жырақ ел шетінен тиіскенде:

Қубасым, қубасым,

Біліп ем сендей жылқы тумасын.

Қубас атқа ер салшы,

Құдай маған дем салшы,

Түске дейін кең салшы…» — деп, шіркін Қабанбай атып түрекелген екен, — деп

қарт орнынан ауыр қозғалып өлеңдете түрекелді.

Босағада отырған құстың қасына барып қолына қондырды да о жер, бұ жерін ұстап, бастан-аяқ қайта қарауға кірісті. Көріп, көріп отырып:

— Кешке жақынғы алған түлкісінен қызыл жегізіп пе едің? — деді Әлібекке еңсеріле бұрылып. Ал ағайым: «мұныңқайсысын айтсам пәледен құтылар екем?» дегендей қыпылықтап маған қарай қалды. Мен Әлағамның мына қылығына күліп жібере жаздап, «жегізіп едіңіз ғой» деген рай білдірдім. Қарт жауап күтіп қалған еді, ақыры Әлекең:

— Сан етінен аздап шоқытып едім, — деді әке алдындағы күнәлі баладай күмілжіп.

— О, бәлі дұрыс еткенсің, дегенде барып ағайым «Уһ» дегендей болды.

— «Ит иесі үшін, құс тамағы үшін алады» деген  мәтел дұрыс айтылған ғой, балам. Айталық, тазы жанын салып жүріп алғанмен түлкінің етін жей ме? Жемейді. Ал, мынау ше? Бұл өліп кете жаздайды. Тегінде құсты алдамай, алған аңның етінен татыру керек. Өстігенде ғана құстың талабы тасып, жігері асып отырады.

Қарт құсты армансыз зерттеп болды, білем:

— Бабыңдасың батырым, бабыңдасың. Тек құдай екеумізге ертең абырой берсін, — деп «Қарабатырды» мәпелей сипап тұғырға қондырды.

Бір ғажабы, қарт «құдайды» аузына алғанымен, оған бас иіп бағынбайтын тәрізді. Бұл кісі отыратын орынға үлкендігі атан өгіздің терісіндей ақбас қара аюдың терісі төселіпті. Мұны келгеннен бері аңғармаған аңғал ағам:

— Ойпыр-ау, мынаны өзіңіз аттыңыз ба? — деп таңырқады.

Қарт мұны жаратпай қалды ма, әлде Әлібектің аңқаулығын кінәлады    ма:

— Қызықсың-ау, балам. Маған мұны кім атып берді ғой дейсің, — деді тағы да нардың шөккенін еске сала отырып жатып. Сонан соң жашиық намазын оқып отырған кемпіріне жымың-жымың етіп қарап отырды да, бізге бұрылды.

— Қой кемпір, «у ішсек у ішіп, су ішсек су ішіп» дегендей, елу жыл өмірді бұл дүниеде бірге көрдік. Ендіне көрсекте о дүниеде де бірге көрейікдедім. Көрдіңдер ме, міне шошаңдап бір болмайды. Сондағы ойы тап бірқұдайдың құдағиы сияқты бұл қасқайып жұмақтыңтөрінде отырмақ та, есіктен жетім балаша жылтыңдапмен жүрмекпін. Менің үмітім: моллалар «құдай әділ»дейді. Неғұрлым әділ болсын, жаныммен жан бақаннанбасқажазығым жоқ, бұл шыққан төрге менде шығармын деп ойлаймын. Сонда осы аю терімді ала кетермін-ау, бәлем.

Сылқ-сылқ күліп біз жатырмыз. Қартты кемпірі оқты көзімен бір шолып өтті. Мұнымен де тыныш отырмай келініне:

—Балам, қазаныңды түсір. Бұған қарама. Мұныңекі иығында екі періштесі бар адам. Ал періштелер болса қазақша ет жеп, құрт ішпейді,«нұрмен қоректенеді»дейтін. Бол балам, Тұяқ құртыңды жылдамдаттез, жататынуақ болды.

Кемпір тағы да бір қарап өтті. Амал не, намаз үстінде сөйлеугеболмайды. Бізді күлсін деді ме, болмаса шын пікір, шын түсінігін айтуға ден қойды ма, қарт қулана көзін бір қысып, тағы сөйлеп кетті.

— Тегінде, қарақтарым, ойлап отырсаңдар намаз үшін уақыт, ораза үшін әл-ауқат керек. Сонда бұл екеуін орындау бай адамдардың міндеті. Тіпті де кедейлер мен аңшылардың міндеті емес. Айтайық, намаз оқып отырғанында тасырлатып арқар қашып бара жатса, мылтықты ала сап атып жібермей тұрарсың ба. Әйтпесе «әй, тұра тұр мен бесін оқып жатырмын» дегеніңе арқар   қарап тұрар ма?

— Өзіңді қойып, сен жақтан жел соқса иіс алып қашатын арқар қайдан    тұрсын, — деп Әлібек қарқ-қарқ күлді.

— Әне, ендеше мынаған не жоқ, — деп қарт кемпірін нұсқайды.

Осы кезде кемпір де намазын оқып болған еді, шалына тарпа бассалды.

— Құдайдың жүзін көрмессің, құдай біледі.

— Қанша намаз оқысаң да құдайдың жүзін қайта  сен көрмейсің, — дейді қарт.

— Мен неге көрмеймін? Отыз күнгі ораза, бес уақыт намазымды ада ғып жүрсем, — дейді шешей.

— Көңілін хаққа беріп бұл байғұс намаз оқып отыр-ау не қылса да десем. Есіл-дертің менде, мені тыңдауда отырыпты. Бәйбіше, құдай мен    емес тегінде, не десең соныңа көне беретін.

Үй іші болып ұласа күлдік.

— Ойпыр-ай, мына құдайдан безген кәрі сұмға дауа болмас, — деп сырт айналып кетті де, қасындағы арқар терісі бөстекте ұйықтап жатқан екі немересінің жалаңаш құйрығынан қақты.

 

 

 

* * *

 

Біз тамақ ішіп далаға шыққанда, Үркер жамбасқа түсіп, Темірқазыққа байлаулы «Ақсарыат» пен «Көксарыатқа» «Жетіқарақшы» баспа ғып таяп қалған екен. Жануар Қаратөбел бізді танып оқыранып қоя берді. Үзеңгілерді салдырлатып соншалық жойқын күшпен сілкінді. Құлабесті де оған ілесіп өзінше сілкінген болып жатыр.

Асан қарт баласына:

— Тұяқжан, мына жануарлар «суыдым» десіп жатыр ғой. Далаға жібермей, суарып, қораға шөп салып таста. Бұйырса таң сыза атқа қонып, Қасқырсайдың биігін күн шықпай алатын боламыз. Білесің бе, ертең алпыс жылдың аңшылығының ақырғы күні екенін. Атаекем балалары аттарыңа алаң болмаңдар, қарақтарым. Уа Тәңір, медет бер мен секілді кәрі құлыңа. Қасқырдан басым қадірлі шығар жаратқан.

Осыны айтып, Құдайға намаз оқығаннан да бетер мүнәжат етіп үңірейген тас үйдің бұрышын айналып бара жатты. Оның қарауыта дөңкиген сұмдық дәу тұлғасы қара бүркітке ертең қасқыр түгіл аю алдыратындай көрінді. Біз сеңсең ішігімізді жамылып, түлкі тымағымызды киіп қартты тосып тұрмыз. Алыстан, анау құзардан бейшара байғыз шақырады. Әлібек ағам осынау түнде алып тас мүсіндей болып тұрып калған. «Хеу-хе-хеу». Байғыз шақырады. Есіме байғыздың тұмсығында тесік жоқтығы туралы атам марқұмның айтып берген хикаясы түседі. Ол кісінің бұл құс туралы әңгімесі былай еді.

«Сүлеймен пайғамбардың ойына келгенін істеген әйелі болыпты. Ол бір күні ерігіп, Сүлейменге: «Менің істе дегенімнің бәрін істедіңіз, енді бір тілегім бар» дейді.

— «Айт» дейді әмірші.

— «Асты да, үсті де, айналасы түгел мамық құс жүнінен үй тұрғызып бер».

«Он сегіз мың ғаламның патшасы» Сүлейман пайғамбар «Хұп» дейді де, жер жүзіндегі құсты алдына шақыртып түп-түгел тұмсығынан тізгенде, жалғыз байғыз келмей қалады.

Сүлеймен пайғамбар қатты каһарланып «алып кел» деп қаршығаға бұйырады. Қаршыға келгенде, байғыз ол симайтын тастың жарығында жатады.

— Хан неше шақыртса келмей, сен ақымақ, неге жатырсың, шық бері, — дейді қаршыға.

— Ойланып жатырмын,— дейді байғыз.

— Не ойланып жатырсың?

— Ханның тілін алған, халық ақымақ па? Қатын тілін алған хан ақымақ па? Хан халықпен хан ба, қатынмен хан ба? Міне осыны ойлап бара алмай жатырмын. Осыны айтып барып ханнан жауабын әкеп бермей, тастан шықпаймын. Бәрібір мені бұл жарықтан ала алмайсың, — дейді байғыз.

Байғызды таппай өзі келгені үшін өлтіруге әмір бергенде, қаршыға байғыз сұрауларын айтуға мәжбүр болады. Сүлеймен:

— Барлық құс, азатсыңдар, — деп қатынды қылышпен қақ бөліп шауып тастаған екен. Міне, байғыздың тұмсығының тесігі жоқ, басының жалпақ болған себебі осы екен.

…Аттарды суарып болып, шөп қораға енгізіп әбден жайлап болған Тұяқ бізді шытырман діңгекті, мал қиының иісі аңқыған даланмен алып жүрді.

Біз үйге кіргенде май шам маздап жанып тұр. Төр алдына үш төсек қатар салыныпты. Бірге салынған төсек Әлібек ағам екеуміздікі, аю терісінің үстіне салған қойдай жастығы бар мамық төсек Асан қарттыкі. Келіні қандай ақылды әйел. Бізді «әңгімелесіп жатсын» деп қатар салған ғой.

— Ал шешінейік, Атаекем балалары. Бұл үйге ертең аттанып кететін сендер сияқты мен де бір қонақпын ғой. Біздей қонақ қона бермес, қонайық Тұяқтың үйіне, — деп етектей аппақ сақал қоршаған қызыл шырайлы жүзі нұрланып, көзінің арты жымыңдап ағайым екеуімізге бір сәт алма-кезек қарады да, өзіне-өзі бас изеп шешіне бастады.

Бұл үйдің кеңдігі сондай, қарттың ұлы мен келіні жатқан кереуетті қоршаған шымылдықтың қандай бұл екенібелгісіз, сонадайдан қарауытып көрінеді. Май шам ала көлеңкеленіп жанып тұр. Біз үшеуміз төр алдында, жертөсекте қатар жатырмыз.

— Балаларым, енді ұйықтамай-ақ қояйық. Өзі де аздан кейін атқа қонамыз. Сендерге бір әңгіме айтқым келіп жатыр, — деді қарт бізге қарай бейне бураша аунай жатып.

— Біздің де ұйқы ойымызда жоқ. Айтыңыз, Ата! Естіп кетейік, есімізге сақтап кетейік.

Әлібек ағам «ұғып алайық» дегендей басымнан еркелете сипап қойды.

— Е, е…

Қарт өзімен-өзі күңірене тілдескендей, біраз үнсіз қалды.

— Біздің онда тайға мініп жүрген бала күніміз, әнші-күйші Кәрібай қартты көзіммен көрдім. Кәріекең тамаша осы өнерімен бірге тамам елге күлдіргі, асқан қалжыңбас, жайдары жанымен де қадірлі еді. «Кәріекең айтыпты» деген әзіл-әңгіме ел ішіне көп тараған. Ол кісі сексен жасқа келіп, арыстай төрт ұлының алдында ажал аузында жатып та калжыңдап кетіпті. Ажал аузында жатып кім қалжың айта алды екен? Төрт ұлы абыройлы әке, есіл қартты қия алмай қатар еңкілдеп:

— Әке, сіз болсаңыз о дүниелік болып кетіп барасыз. Біз болсақ артыңызда қалып барамыз. Есіңіз барда бізге айтар не ақылыңыз, ақтық өсиетіңіз бар? — депті.

Сонда әл үстінде жатқан қарт жымық-жымың етіп, көзін ашып ұлдарына былай депті:

— Ақылды бала өсірдім десем, ақылсыз ба едіңдер түге. Сендерге айтатын не ақыл бар. Сендер қалың елдің ортасында қалып барасыңдар. Мен болсам өмірі көрмеген елге, көрмеген жерге кетіп барамын. Қайтып жүріп, қайтып тұруым керек. Қайта ақылдарың болсамаған айтыңдар…

Менің кемпірмен қалжыңым да сол Кәріекең сияқты ғой, қарақтарым. Әйтпесе мен құдаймен қалжыңдасып алжыды дейсіңдер ме. Алла адалпендесін кешіреді әмәндә. Менікі кемпірімді мазақтап, балаларым, сендерді күлдіру ғой, шырақтарым. Уа дәриға, тірлікте күлкіге жетер немене бар. Мен қажыған, қақшиған, қазымыр шал болсам қайтер едіңдер.

—Ғұмырыңыздың садағасы кетейік, асыл Ата. Ой қайран бабалар-ай. Не бір сабаз жандар өтіпті ғой, шіркін, — деді Әлібек ағам тебірене үн қатып.

Мен меңдетіп бара жатқан ұйқымен қарыса тыңдап жатып, ұйқтап кетіппін…

— Тұрыңдар қарақтарым, тұрыңдар, — деген дауыстан ояндық.

Біз өзіміздің ұйқтап кеткенімізді мойындап үн-түнсіз, апыл-ғұпыл киініп жатырмыз. Біз киініп, жуынып орынға отырғанда түннен қалған ет табақта жылытулы, астауға езілген құрт дайын тұр екен.

Тұяқ әлдеқашан тұрыпты да аттарды ерттеп, сақадай сай етіп қойған екен. Әйтеуір бір үн-түнсіз жан.

Қарт үндемейді. Үлкен ой, ауыр толғаныс бар. Зілдей басы онан әрі ауыр тартқандай қабағын түксие жауып алған. Соншалық тұнжыр да зейіл, ақтық қайратымен қаһары ақ бурадай тұлғасына қатар жиналған түрі бар.

Қарттың осынау сұсына мен түгіл Әлібек ағам да сөз қатудан именіп қаймыға қарайды. Бұрынғыша тоқпақтай қара мұртын маңғаздана ширатуды қойып, жолбарыстың қасындағы мысықтай бұғып қалған жайы бар.

— Ал, балалар, Аллаға сиынып аттанайық, — деп қарт орнынан мығым қайратпен қозғала бастады. Тұяқ та орнынан қарғып тұрып тіпті адамды қойып, атан өгізге жапсаң да көміліп кететіндей қасқыр ішікті атаның иығына жапты. Бұдан кейін ор түлкінің терісінен жасалған мақпал тымақты басына кигізді, алтын-күміс құйманы араластыра қаққан кіселі, оқшантайлы, алпыншақ-салпыншақты белбеуді қолына берді. Осы бір ата-баба киімін түгел киіп болған соң:

— Тұяқжан, өз балдағымды ердің алдына байла, өз биялайымды әкел, — деді қарт.

Іші киіз, сырты бұғы терісінен жасалған биялайды қолына киіп, шал босағада отырған қара бүркіттің жанына барды. Құстың жемсауын ұстап көріп, тұмсығын қысып аузын аштырды да, демін иіскеп көрді. Сірә, мұнысы кеше кешкі біз жегізген түлкінің жылы етін қалай үйірді екен, егер демі сасық болса нашар үйіргені, онда алып шықпау керек, қасқырға ұшпайды дегені-ау деп ойладым.

— Жарайсың қос қанатты батырым. Тек құдай екеумізге абырой, мәртебе берсін…

Бүркітті қолына қондырып алды.

— Ал аттанайық, күндерім.

Біз далаға шыққанда күншығыс құлан иектеп, қара көк аспанда жапа-жалғыз жарқырап шолпан қалыпты да самсаған сары қолдай сансыз жұлдыз жау тигендей жоқ болыпты. Төрт ат қабат ерттелген. Қаратөбелден үлкен жылқы болмас-ау деп ойлағаным неткен ағаттық еді. Ол қабырғасы бүтін бір жардай қоңыр ала аттың қасында тайға ұқсап қалыпты.

— Атты тарт, — деді Асан ата дауысы осы бір сақылдап тұрған таңғы аязда аса әмірлі шығып.

Піл жоталы, өгіз қабырғалы, тоң мойын қоқыр ала атты Тұяқ көлденең тартып тұра қалды.

— Иә, ханнан, иә мәннән, қолдай гөр, ата-бабам аруағы…

Тұяқ аттың саулығынан ұстап, Әлібек ағам қартты қолтығынан көтере берді. Соның өзінде қоңыр ала аттың тізесі бүгіліп, белі қайысып кетті. Дегенмен, алып жаралған жануар қайтадан өңкиген қалпына келді.

Асан қарт, қара бүркіт, коңыр ала ат үшеуінің тұтас жаралғандай тұлғасына құла бестіге мініп тұрып қарағанымда, өзімді есекке мінген ергежейлідей сезіндім.

 

 

* * *

 

Біз қыстаудың бас жағында үлкен қара күнгейдің бетіндегі жалғыз аяқ жолмен шұбап келеміз. Таң жарығы енді жерге түсіп, әлем алақандай көріне бастады.

Асан қарт туып өскен Құба деген осынау тау «ылғи алып тұлғалы адамдар жасауға лайықпын» дегендей тәкәббар кеудесін көкке қарай соза түскен тәрізді. Біз кеше түлкі қуған Қызыладыр, ондағы өзін «биікпін» деп тұратындай Қарауылшоқы, оны қойып, онан бергі кеуде таудың «ханымын» деп Қызыладырдың үстінен үңілген Найзақара биігі де аяқ астында қалыпты.

Біз Ботамойнақ кезеңіне шыққанда күншығыс қызыл арайланып, Құба тауының қарағайлы қапталдары айқындалып, серек-серек қарағайлар ақ теріскейде өрге қарай жапатармағай шабуыл жасап бара жатқан қара киімді әскерлердей көрінген шағы еді.

Дәл кезеңнің үстіне шыққанда қарт бізге бірдеңе айтайын дегендей, тізгінін тартқаны сол еді,  жануар қоңыр ала ат оқыранып тұра қалды да сызғыра бастады. «Зәріңді әбден сындыр» дегендей, қарт ердің қасын «тық-тық» қағып тұрды. Қатар тұра қалып мұны біздің аттарымыз да қостады. Біз болсақ «бар еркінен айрылған» бағынышты пенделерміз. Қазірге дейін бір ауыз сөз айтқан ешқайсымыз жоқ.

— Ал ұлдарым, мынау үңірейіп жатқан Қасқырсай болады. Мұны өмір-бақи, жазы-қысы қасқыр мекен етті. Иә, бұған некен-саяқ біздер келдік… Міне, көріп тұрсыңдар, үңірейген көр шатқал — қалың жыныс қарағай. Бұған атпен түсе алмайсыңдар, екі адам жаяу түсесіңдер. Ал мен, көріп тұрсыңдар ғой, анау биікті Айтқаншоқы дейді, соның басынан томаға тартам. Шоқының басына менің әбден шығып болғанымды көргеннен кейін, тас домалатасыңдар. Оған ешқандай белгі білінбегенде, мылтық атасыңдар. Маған қайсысың ересіңдер? — деді қарт.

— Мен Ата,    мен, — дедім, сонда да Әлібек ағама жалтаңдай қарап.

Аңшы мен құсбегінің өзімшілдігінде шек жоқ болса керек, Әлібек «бара ғой» демеді. Қара мұртын жымқыра тістеп, қағушыға Тұяқ екеумізді ыңғайлағандай тұрып қалды. Қағушының қызықты көруі-көрмеуі екі талай. Ал құс салушылар қандай уақиға болғанын бастан-аяқ көріп тұрады. Бұл жолы құстың түлкі алуын емес, ілуде бір болатын қасқырмен алысқанын көретін болып тұрмыз ғой. Төрелік қартта қалды.

— Қарағым, Тұяқжан! Атаекем балалары менің қасымда болсын. Өйткені құстарының қалай ұшып, қасқырға қалай түскенін көрмек керек қой. Бұл жөн. Қағушы сен бол, жалғызым. Атаекемнің үлкені берленкеңді бер Тұяққа.

Әлібек «жаяу солдат» ұзын қара берленкені мойнынан алып Тұяққа берді.

— Қасқыр қандай жақыннан қашса да қызығып атушы болма, балам. Біз мына жануардың өнерін көруге шықтық қой. Тегінде мергендік те өнер. Бірақ ол батырлық емес. Дәл көздесе қасқырды қатын да атады. Оқта ұят жоқ. Ол ғұламаға тиюден де ұялмайды. Аңның желігі деген қиын ба балам. Қызығып атып жіберуші болма. Тек құс қорқып, не бұзылып ұшпай, атаңның абыройын төккен шақта ғана ат. Сөйт, Тұяғым.

Тұяқ үн-түнсіз қала берді, біз тағы да жалғыз аяқ жолмен кеңкиіп тұрған Айтқаншоқының басына қарай тартып кеттік. Сонау-сонау төменде үңірейіп көр шатқал жатыр. Астыңғы жаққа қарасаң денең шымырлап, басың айналады. Қарамауға тырысасың. Егер ат аяғы оқыс тайып кетсе ат-матықмен домалап, сонау шатқалдан жемтік болып бір-ақ шығасың. Кейбір қиын жерлерден өткенде астымдағы құла бестінің буыны дір-дір етіп қорқып кетеді. Арқасында Асан қарт, алып қара бүркіт бар қоңыр ала аттың үйелмендей денесімен тіпті адуындап, еркінше жүріп келе жатқанына қайран қаласың.

— Ата! — деді таң сәріде атқа қонғаннан үнсіз келе жатқан Әлібек.

— Иә, қарағым.

— Сізден несін жасырайын, көңілімде үлкен бір қауіп келе жатыр.

— Қандай қауіп?

— Қасқыр қашты, бүркітіңіз ұшты, ерлікпен бе, ессіздікпен бе, барып қасқырға түсті дейік.

— Ал?

— Сонда… мінеки көріп келе жатырмыз, ну қарағай, тіп-тік теріскей, қыя жартас, қалың бүрген. Құсқа қасқырмен алысу үшін қолайлы жер керек қой. Азулы да, ашулы жыртқыш барын салып алысады…

— Барын салып алыспағанда аяйды ғой деп пе едің? Әуелі құстың пәре-пәресін шығарып жеп кетуге дейін барады.

—Ата-ау, сонда осы құстан айрылмақпын ба? Онда мен нені алданыш етемін.

Қарт атының басын кілт тартып, ақырып қалды:

— Сен өз сөзіңнің иесі, Атаекемнің баласысың ба, жоқ өзгенің баласысың ба? Құс менікі ме, кімдікі?

— Сіздікі ғой ата, сіздікі. Дегенмен… дегенім ғой ата, кәріленбеңізші, тақсыр!

— Менікі болса өле ме қайтеді, өзім білемін. Егер өлсе мына қоңыр ала атты аласың да қайтасың. Өлген құс — мен өлгенде салатын ақтығың болады.

Қарт дауысын қоңырлата сөйледі.

— Әйтпесе қауіптенбе, балам. Өлерін білуге, кімді алып, кімді қоярын барлауға келгенде, тегінде, бұл бізден ақылдырақ. Әуелі бұл көрінген аңға күші жетер-жетпесін байқайды. Қолдан ұшады екен «күшім жетеді, аламын» дегені. Ал, сіз ойлағандай «қолайсыз жерде» қасқырға бұл да түспейді. Атаекем баласы, қауіптенбе, қарағым…

…Өліп-талып Айтқаншоқының басына шықтық-ау, міне. Күн де осы сәт үш аттыға алтын шұғыласын әлем жүзінде бірінші рет шашып тұрғандай еді. Бейне күллі дүниенің жалғыз шоқтығына шығып тұрғандаймыз. Қылп еткен тіршілік көз алдыңнан қаға беріс қалар емес. Біз кеткеннен дыбыссыз отырған Тұяқ та енді көрді, білем. Кідірмей-ақ төменгі шатқалдан салдыр-гүлдір құлаған тастардың дыбысы естілді.

Қарап тұрмыз. Екі қасқыр қарағайдың шетіне адуындап шыға келді. Қарт құс басынан томағасын жұлып алды. Обырлана, шүңірейе қарап өтіп, қарттың қолын қатты теуіп, атқып кетті. Күшті сермеген қос қанаттың екпінінен туған құйын басымыздағы тымағымызды ұшырып кете жаздады.

Қап-қара түңілік сырқырап ағып барады. Екі қасқыр аспанға тік шапшып иреңдеп тұра қалды. Осы сәт «тарс» еткен мылтық дауысы естілді. Қасқырдың бірі дөңгеленіп қалды. Ағып бара жатқан құс тік атқып аспанға шығып, атқақтап тұрған қасқырға қарай өшіге шүйілді. «Ар-ұр» еткен дыбыс анық естіліп, ақ қар үстінде ажал мен тажал алысып жатты.

Біз Айтқаншоқының басынан құлай шауып келеміз. Қандай ғажап Асан қарт бейне ат құлағымен ойнаған азаматтай бұлқынып, құсқа қуат беріп айғайлап келеді.

—А, құдай, а, құдай… Медет бер, қайрат бер қанатты қаһарманыма!

Көріп келеміз, екі тағы өлісіп жатыр, жұлысып жатыр. Амал не, құста ғана емес, адамда да қос қанат болсашы, жете алмай келеміз. Үш аттың аяғымен қорым берге көшіп, тау бетінен домалап келе жатқандаймыз.

—Бүр, бүкте қанды ауыз зұлымды. Сықырлата салбасына болат тұяғыңды.

Қарт осылай ақырып, айғайлап, дәу перідей бүкіл тауды басына көтеріп келеді. «Қара батыр» қанатын еркінше жайып, қасқырдың үстінде әбден үстемдік құрып алғанын көріп келеміз. Қан майдан болып жатқан қарағайлы тепсеңге, апыр-топыр арпалыстың үстіне жетіп келдік. Қарт қоңыр ала аттан өлшеусіз адуындықпен қарғып түсіп, қынынан сары ала пышағын ала ұмтылды. Қара бүркіттің астында дөңгелене ырсылдап, тұмсықтан ноқталай салған тұяқтан аузын босата алмай жатқан көкжалдың артқы сирағынан ала түсіп, тақыр шаптан есіп жіберді. Ақ қардың үстін қызыл қан жауып кетті. Бүркіт аузын арандай ашып, «ыс-ыс» етіп долданып алған. Қасқырдың басы мен таңында қатып қалған аяғы тіріде ажырар емес. Қара шегір көзін қан жауып, кекжие шалқалап бүргенде тегеуіріндері сықыр-сықыр етіп, қасқырдың басына барған сайын сіңіп бара жатқандай.

—Қайтардың ғой, бабаңды мерт еткен, көңілімнен кетпес дерт еткен    кегімді. Жауызды жайраттың ғой, асыл жаралған жануарым,— деп қартжылап жіберіп, құсты айырып жатыр.

Әбден ажыратып алған соң, аузын арандай ашып, түтігіп шөлдеп кеткен «Қарабатырдың» аузына сықпа-сықпа қар тықты. Осы кезде Әлібек ағам:

— Жүз жаса, баба жүз жаса,— деп Асан атаныңяғын құшып жатты.

Екі қасқыр езулері ырсиып сұлап жатқан бұл шақта қара көк атты екі өкпеге тепкілеп Тұяқ та жеткен еді.

— Айналайын Тұяғым, балам, балам, — ұлының маңдайынан сүйіп жатыр, — қарғам, сен біреуін атып түсірмегенде, екеуі жабылып құсты жеп кететін еді.

— Жігіт екенсің, інім. Бір атқанда дөңгелетіп түсірдің-ау, айналайын. Егер бұлай етпеген күнде  сөз жоқ, жануарды жауызға жем ғып беріп, өмірі орны толмайтын өкінішпен қайтатын едік.

Әлібек ағамның Тұяққа деген алғысында шек жоқ еді.

—Алла аталарыңа абырой берді, ұлдарым. Бүркітім алған қасқырды өз қанжығама байлаңдар. Тұяқ атқан қасқырды Атаекемнің Кенжесі байлансын.

Әлібек пен Тұяқ бұл шақта екі касқырды таңынан іреп бітеу сойып үлгерген. Күн екінтіге еңкейіп кеткен еді. Қоңыр ала аттың үстіне қонған құдай тұлғалы қарт.

— Кұсымды қондырыңдар қолыма. Әперіңдер, асылымды, батырымды, — деп бүкіл тағдырына риза болған дарқан дауыспен ат үстінен әмір берді.

 

 

* * *

 

Біз Асан атаның үйіне келіп түскенде, тағы да сам жамырап аспанда шытырадай жұлдыздар жанып тұрған еді. Осы кезге дейін үндемей келген қарт, аттан түспестен тұрып Әлібек ағама қолындағы құсты ұсынды.

— Мә, қарағым, құсыңды ала ғой. Сен мені сыйласаң, сені құдай сыйласын. Рахмет, Атаекемнің балалары, асылымның тұяқтары. Әмісе ел-жұрт алдында абыройлы болыңдар. Менің сендерге берген батам осы.

— Әмин! Баба… дуалы аузыңыздың айтқаны келсін, — Әлібек ағамның дауысы дірілдеп кетті, — «Әкең өлсе өлсін, әкеңді көре қалған өлмесін», «жақсы әкенің аруағы — жаман баланы қырық жыл сүйрейді» деген осы екен ғой. Біз бұған қасқыр алдырсақ қайда жүр едік. Сіздің шарапатыңыздың арқасы ғой, баба. Енді Атанбай балалары бізге де, мына жануарға да бұдан артық қандай абырой болсын. Атағы рулы елге кетті деңізші. Енді күндік жерден мұны қалап, ақ қырау боп, ат өксітіп, «қаймал іңген», «қайсар атан», «ақ бас құндыз», «ақ жамбыларын» айтып жетті деңізші.

— Сөз бар ма. Біздің қазақ бір кіріссе өле кірісетін халық қой, балам. Бұларды қойып «құда қосқан құда болайық», «тәңір қосқан тамыр болайық» деп жармасар саған. Онда қайтесің?

Тұяқ екеуміз олардың шылбырын ұстап тұрмыз. Екеуі атағаштың қасында аттан түспей әлі самбырлап тұр.

—Не деседе, нелерін берседе, бермеспін-ау қос қанатты серігімді. Солай емес пе?— деп еді Әлібек.

— Олай емес, — деді қарт мүлде жаратпай, — олай емес, балам. «Ат өледі, құс қашады», «адам күні — адаммен» деген бабаларың. Тегінде адамнан артық қазына жоқ. Астамшылық жаман нәрсе. Адамы келіссе ешнәрсе аяма, балам.

— Ата түспейсіздер ме, — деді әбден шыдамы кеткен Тұяқ.

— Пәлі, мен әлі түспей тұр ма едім. Түсейін, түсейін. Ат үстінде енді қанша жүреді ғой дейсіңдер, қартқа ұрыспаңдар, қарақтарым.

— Ата қолтығыңыздан мен…

Әлібек бүркітін ердің қасына қондыра сап аттан қарғып түсті де, қарттың қолтығына жармасты. Дөй салмақ жер үстіне дүрс етті. Не ғажап, кеше түнде біздің үзеңгіге жармасып, аттың құйрығынан алып жаман ақымақтанған екі төбеттің бүгін үні шықпайды. Ит даладан келген иесіне еркелер болушы еді, бұл да жоқ.

—Тұяқ иттерің қайда кеткен?—дедім.

— Иә, айтсада олар қайда кеткен, — деді Тұяқ та менің сұрауымды қайталап.

— Шақыршы оларды, мына қасқыр терісіне қалай қарар екен? — деді Асан қарт та қызынып.

— Алыпсоқ, Алыпсоқ! Бөрбасар, Бөрбасар! — үн жоқ.

— Ау, жаңа біз таудан түсіп келе жатқанда иттер үріп еді ғой, — дейді Әлібек ағам да.

— Шөп қораның ішін қарашы. Тап сол сүмелектер мыналарды иісінен біліп зытып берді. Бөрбасарды жүрмесе мойнына жіп тағып, сүйреп әкел, — деді қарт ақырып. Тұяқ шылбырын шешіп алып, тас үйді айланып жүгіріп кетті. Көп кешікпей-ақ бірдеңені қырылдатып сүйреп келе жатты.

— Қайсысы? — деді қарт қараңғы түнде арыстанша ақырып.

— Бөрбасар… — Сүйретіп әкеп тастай берді.

— Шылбырды шығар, есін жисын.

Есін жиып тұра бергені сол еді, Тұяқ қасқырдың күлімсі исі мүңкіген терісін алдына лақтырып жібергенде, «қаңқ-құңқ» етіп қаша жөнелді.

— Әй, садағаң кетейін, балаларым-ай. «Жаман иттің атын Бөрбасар қояр» дегені осы екен ғой. Аяғы өлген қасқырдың терісінен қашты-ау қара    басқырлар. Таң атқан соң екеуін де атып таста.

— Апам болмайды ғой.

— Апаң болмай ма, онда оны да бірге атып таста.

Әлібек ағам шаттана қарқ-қарқ күліп жіберді.

— Әй айналайын, ата…

— Ал қарақтарым, аязда далада тұрып қалдық қой, үйге кірейік, — деді қарт аталық абзал дауыспен.

Тағыда ирек-ирек қараңғы далан. Қаптаған діңгек, мал қиының, сиыр демінің иісі… Үйге кіріп келдік.

— Уә, кемпір, «майлансын» де бізге.

— «Майлансын!» Қарағым, балаларым…

Кемпір көне әдетті сақтап, шалын емес, бізді меңзеп айтып жатыр.

— А, Тұяқжан, екеуінің терісін іл кәрі босағама. Көрсін кім екенімді. Бұл мені өлгенде ғана мойындайды.

Екі қасқыр құлақтары тікірейіп, қатарынан ілініп те қалды. «Қарабатыр» түндегі сол жақ босағадағы құтты тұғырына қондырылды. Тағы да жылқы сүрісінің иісі аңқып, қазан пеште шұрқылдап қайнап жатыр.

Тағы да Атамыздың көңіліндей кең дастарқан жайылып, көненің көзіндей кір шалған жез самауырын пұшық ақ шәйнекті құлынындай-ақ бауырына алып тұра қалды. Үндемейтін қызыл келіншек, қызыл күрең үнді шайын әуелі Асан атадан бастап құя бастады. «Ал енді Көлұрттағыш, сораптайтын шығарсың» деп шайқұмар ағама күлкім келіп отыр.

…Шай ішіп болып, дастарқан жиналғаннан кейін, қарт аяғын ақ бас аюдың терісінің үстіне көсіле түсті.

— Атаекем баласы, әкелші насыбайыңды.

Әлібек ағам көк ала шақшасын қалтасынан суырып алып қартқа ұстата берді. Қарт насыбайды ерніне басып көп отырды. Іштен тынып біз де отырмыз. Байқаймыз, үлкен бір хикая бастамақ. Тұғырда отырған томағалы бүркітті нұсқады.

— Ана отырған жануар қан майдан сап қасқыр алғанда, «кегімді қайтардың-ау» деп көзімнен неге жас шығып кетті дейсіңдер?

— Иә, ата, мен соны үйге келіп жайланған соң сұрайын деп едім, — деп Әлібек ағам да ұшатын құстай орнынан қозғалақтай түсті.

— Е, шырақтарым, ойлап отырсам, дүниеге кім келіп, кім кетпеді. Қаншама жан иесі жануар өтпеді. Иә, бәрінің де өз орны, керегі болғаны үшін келген шығар. Мұның ішінде жыртқыштар қанша, жылағандар қанша, бір құдайдың өзі білер. Қалайда еш қайсысы да мәңгі жасап кеткен жоқ.    Бірақта ғаламда дара туған жан иелері бар. Дүниеден олар кеткенде орнының үңірейіп тұратыны сондай, мың қарға жиылып бір қасқыр ала алмайтыны сияқты. Олардың өз ажалынан өлгеніне өкінбессің, қапыда қаза тапқан қасіретін айтсаңдаршы, қарақтарым-ай, — деп қарт көңілі босап көлдей ақ орамалымен көзін сүртті.

Аң-таң болып, аңырап біз отырмыз.

— Мұның әдеті, тап бір туған інісі өлгендей болат та отырад, — деп, быжырық етіп шешей бір қарады.

Қарт бұл сөзді мүлде естімегендей, көзінен орамалын алып, ерекше ширақ қимылмен қозғалақтап, тамағын ажарлана кенеді. Үнсіз-тілсіз отырған Тұяқ екеумізді де бір шолып өткенімен, баданадай көзі Әлібекке тоқтады.

— Балам! Мен өлген адаммын. Өлген адамның өлі құсын сен де бір көрші. Тұяқ, ана қарсы үйге шам жақшы.

Ағайым екеуміз «бұл не сұмдық» дегендей аңырая қарастық, Тұяқ қандай ылпың жігіт.

— Дайын болды ата,— деп лезде жетіп келді.

— Жүріңдер, Атаекем балалары, жүріңдер. Менің қыраным қандай екен, баға беріңдер.

Қарт зілқара алып денесін ырғай бастады. Осы күнге дейін таяқ ұстамаған, тағыда Әлібек ағам қолтығынан көтеріп әкетті. Байқаймын,қартқа жүру оңай, тұру қиын секілді.

—Қапыда кеткен қаһарманға сәлем берейік,— дедіАсан ата шам жағулы бөлмеге кіріп келе жатып.

Мен үйге кіріп келгенде үрейім ұшып кетті. Шыға қаша жаздап қасымда ағайым барлығы есіме түсті. Бұл көрініс маған өңдегідей емес, түстегідей көрінді. Түңіліктей қос қанатын жайып жіберіп, аузын арандай ашып, есіктей кеудесін екілене кере түскен, батпан аяқ, бақыр бас, тұғырда отырған алып бүркітті көргенде, қаршадай мен түгіл, қабырғалы Әлібек ағамның да зәресі ұшып кеткені хақ еді. «Қасқыр түгіл астыма арыстанды да бүктеп салып, миы аузына түскенше сықыр-сықыр қысар едім, амалым не, кетті ғой кегім…» дегендей, батпан аяғымен тұғырды қатты қысып алған. Қос қанатының астына жауында екі кісі қорғалағандай екен.

— Қорықпаңдар, жақындаңдар. Бұл өлі құс қой,ешкімге тимейді. Қайран ерді қапысыз көріңдер, көріп қалыңдар, қарақтарым. Өйткені мен өлгенсоң меніменбірге жерленеді ғой…

«Бұл не өзі, не ғажайып» дегендей, Әлібек ағам қартқа бір, құсқа бір қарайды.

— Марқұмның жанарынан дүние тайғалы 15 жыл болды. Мұны мен сендерден басқа еш пәндеге көрсеткен емеспін. Сендер асыл Атаекемнің ұрпағысыңдар ғой, — деді қарттың үні қалтырай шығып, — «Самұрық»    деген құсты естулерің бар ма еді?

— Бар, — деді Әлібек ағам құстан көзін ала алмай.

— Бұл сол. Иә… қазір бұл ішіне топан тыққан кеп қана. Қолыма түскен кездегі тұлғасын қаз-қалпында сақтау үшін бар өнерімді салдым, балаларым. Бұл үшін бейшараны еттен айыру керек болды. Дүниеде құс сою қиын екен. Терісін жыртпау, барлық еттен айырып, қаңқаны өзінде қалдыру, әсіресе, сыртқы май мен мидан ажырату — қаншалық машақатты іс болмады дейсіңдер. Сүйек пен терісін шірітпей сақтауға тұз бен сақар, қайнатқан қызыл тікеннің түбі, қараңдыз көмектесті. Терісін жұмсартып илеу үшін тұзды айран да жақтым.

Осы тұрысында: бас сүйегі, аяғы, омыртқасы ғана өзінікі. Шіркін, екі көзі қандай еді. Тап тостағандай қара шегір еді. Амал не көзін қалай сақтарсың, ағып кетті.

— Көзі тұр ғой Ата, қоңыр екен ғой, — деп қалдым.

— Ойби қарағым-ай, бұл қайдан өз көзі болсын, әншейін үңірейіп тұрмасын деп салып қойған тас маржан да.

— Баба, бұл өзі немене? Мен өз көзіме өзім сене алмай тұрмын. Екеуіңізді осы тауда қандай ат көтеріп жүрді? Түлкі деген бұл үшін тышқан ғой. Сонда қандай аңға салдыңыз мұны?

—Жоқ, балам, мен мұны бір рет те қолыма қондырған да, ешнәрсеге салған да емеспін. Менің қасіретім осында ғой. Арманым осында ғой.

—Ал, сонда бұл қолыңызға қалай түсті, бұл не өзі, айтсаңызшы,— деді сабырсызданған Әлібек ағам.

— Асықпа, айтам әлі. Алдымен қонақасы жеп тамақтанып алайық. Ас піскен шығар, жүріңдер, айналайын.

Біз де шықтық, шам сөндіріп іле Тұяқ та шықты. Ол үйге түнде біреу кіретіндей салдырлатып құлып салып жатты.

…Тамақ жеп болдық. Өткен түндегідей Асан ата, Әлібек ағам үшеуімізге    төрге төсек салынды. Тағы да өлеусіреп майшам жанып тұр.

Қарттың ұлы мен келіні жатқан шымылдық сонадайдан қарауытып көрінеді. Қарт әңгіме бастады.

 

 

 

* * *

 

Қарашаның алғашқы қары жауып, қыс қаһарына әбден мінген кезі еді. Неше күндей масыл боп басқан соқыр тұман енді айыға бастады. Берленкемді мойыныма асып Құбаның қойнауынан арқар қарауға шықтым. Тұман іргесі сәл шегінгенімен, осынау саңғал тауды әлі де еңсе көтертпей басып тұр. Күн кешке қарай айналғанда ғана дүниенің іргесі сырылып, қарсы беткейлер, қарағайлы қапталдар көріне бастады. Атымды отқа қойып, өзіміз бағана томаға тартқан Айтқаншоқының басында сыңар көз жаман дүрбімді салып отырмын.

Қай уақыт екені мәлімсіз, күн бұлыңғыр. Мөлшері кешке айланып барады. Құрқол қайту аңшы үшін ауыр жаза. Түк көрінбей, оқ шығармай қайту бұдан да ауыр. Сай-саланы тінтіп қарап отырмын. Бір кезде өзен жақтан тас-талқаны шығып қашып келе жатқан аңды көрдім. Қандай аң екені әлі белгісіз. Әйтеуір беталысы тура Айтқаншоқының басы — маған қарай салып келеді.

Берленкемдегі домалақ оқты алып, қазына оқпен ауыстырдым. Бұға түсіп етбеттеп дүрбімен қарап жатырмын. Келе жатқан қасқыр тажалдың тап өзі. Артынан қуған ешнәрсе жоқ, әйтеуір жанталасып қашып келеді. Оқ жетер жерге де ілікті-ау. Бірақ тоқтар түрі жоқ. Осынша арпалысып келе жатуына қарағанда жанына бір қысым келгені хақ. Тура келе жатқан бағытын тастай салып менің оң жағымды ала қапталдай тартты. Мүмкін мен жақтан сәл болса да жел тұрып, иіс сезді ме, кім білсін, «таяй түссін» деген ойымды өзгертіп кетті.

Қарауылды дәлдеп алып қатты ысқырып қалдым. Тұра қалды да, ауаны иіскеп-иіскеп жіберіп қашуға енді оқтайлана бергенде, басып салдым. Шықылтыр, тұманды кеште бүкіл тау күңіреніп азан-қазан болды. Алдымдағы дәрі түтіні айыға бере қарасам, зұлым неме теріскей бетте өз қапталын өзі талап, дөңгеленіп жатыр екен. «Мүмкін жанды жерінен тимей, тұра салып қаша жөнеле ме» деп қол жасаған домалақ оқпен және тартып жібердім, қимылсыз қалды.

Асықпай-саспай атыма мініп мен келгенде, қап-қара езуі ырсиып, қасқырдың жаны алдақашан шығып кетіпті. Мені таң қалдырған нәрсе сол: қасқырдың қашып келе жатқан өкше ізінен қан тамшылап отырыпты.

Атымнан қарғып түсіп, қасқырды қарай бергенімде-ақ, жартылай ағып салақтап тұрған оң көзін көрдім. Сойып жатуға уақыт қайда. Көк шұнақ зұлымның басын қанжығамда салақтатып, оқиға болған жерге апарар өкше ізбен қуа жөнелдім.

Жер қиын, кейде қасқыр жүрген жерден ат жүре алмайды. Мұндайда ізді тастап орағыта шығуға тура келеді. Қанның тамшылауы барған сайын молайып, Шалғай өзенінің шатқалына қарай алып келеді. «Тәңірім-ау, нендей сұмдықтың үстінен шығар екем» дегенде, тұла бойым түршігіп, кәрі жүрек дүпілдеп әкетіп барады. Қан енді тамшылауды қойып, сойғақтауға басты. Бұл майдан болған жерге таяп қалғанымның белгісі еді. Күн бұлыңғыр, Шалғай өзенінің шатқалы барған сайын үңірейіп, қарауытып барады. Көз байланбай, қанның буы суымай көріп қалу үшін, жердің қиынына да қарамай, жанды шүберекке түйіп атқа қамшыны басып келемін.

О, құдірет, Шалғай өзеніне үңілетін секі тасқа жетіп келіп астыңғы жағыма қарағанымда жүрегім жарылып кете жаздады. Аяқ жағы өзенге құлар құз-жартас болып кететін тектұрдың үстінде жотасы дөңкиіп түңіліктей қара бүркіт жатыр.

Құстың өлігі емес, туысқанымның өлігінін үстінен шыққандай аттан еңірей түсіп, қасат қарды омбылай, үстіне құладым.

— Қапыда қаза тауыпсың-ау, қайран қаһарманым-ай…

Шөке түсіп қомдап жатқан қанаттының астына қолымды салып жіберсем ып-ыстық, жануар әлгінде ғана жан тәсілім етіпті. Сала құлаш мойынын созып жіберіп, қарыстай тұмсығымен қар тіреп, бақырдай бастағы қара шегір көзбен аспанына ақтық рет бір қараған секілді.

Жануар Тянь-Шанның перзенті осы жылы ұядан ұшқан балапан екен. Неше күнгі тұманда шабыт көрінбеген, жемсауында ештеңе жоқ. Ана зұлыммен аштық жайлап келіп, ашумен айналысқан. Дариға-ай, қапы соққан.

— Екеуінің, айқасы қар үстінде сайрап жатыр. Тұман айығып келе жатқанда өзеннің батыс жағында кетіп бара жатқан қасқырды көргенде сорғалап қоя берген. Ал анау кенет аспаннан түсіп келе жатқан зуылды естіп, «ар» етіп өрге қарай атқып кетіпті де, оң топшысымен тас соғып түскен бүркітті қайрыла кеп бассалыпты. Алмастай азу құстың сау қалған сол қанатынан кеп алыпты. Ашулы да айлакер зұлым дөңгелене үйіріпті. Осы сәтте бүркіт те болат тұяғын қасқырдың басына салып үлгерген. Бастан салған аяқ бекерге кетпеген, оң көзді ағызып жырып түскен.

Ендігі шабуылға қасқырдың күйі келмей қаша жөнеліпті. Қайран жануар, өлгенде де жайдақ жерде жатып өлгісі келмеді ме екен, қан сорғалаған қанатын сүйретіп, секі тастың үстіне шығып шөкесінен жатыпты. Топшысына шөр болып қанды мұз қатыпты.

Еңірегенде етегім толып, өмірімде арман еткен асылдың тұқымын алдыма әзер өңгеріп, қас қарайғанда үйге қайттым.

 

 

 

* * *

 

Біз таңертең аттарды шөптеп, сулап, ерттеп, аттануға айналдық. Қарт ата төрдегі адалбақанда ілулі тұрған алтын-күміспен нақыстап жасатқан оқшантай кіселі белбеуін, күміс құймалы құстың балдағы мен бұғы терісі биялайын алып:

— Атаекемнің баласы, тірімде берген мұрам болсын, ал қарағым, — деп иегі кемсеңдеп ұсына берді Әлібек ағама. — Қош, қош сау болыңдар, бақытты болыңдар, ұрпақтарым. Әмісе құдай сендерге қуат берсін…

Біз ағамыз екеуміз үн-түнсіз, алдыңғы күні өрлеп келген аңғар сай, тар шатқалмен құлдап барамыз. Қолына үйелмендей қара бүркіт қондырған ағайымның тұрпатынан: «ұлылық пен кішіліктің, ерлік пен ездіктің арасы қанша жер…» дегенді анық аңғаруға болар еді. Шынында да менің көзіме Әлібек ағам қарттың қасында баладай, мына қара бүркіт өлі қыранның қасында қарғадай, Қаратөбел Қоңыр ала аттың қасында тайдай ғана боп көрінді.

ЛАШЫН

 

Қоңыр күз болып қалған. Жаздағы жасыл шөптің түсі сарғайып, табиғаттың көрінісі өзгерген кез.

Әкем екеуміз атқа мініп, Шалғай деген өзенді өрлеп келеміз. Қасымызда Маңқасқа деген ізшіл төбетіміз бар. Әкемнің мойнында қосауыз мылтық. Үйрек атпақпыз. Көк ала үйрек күздің күні қандай семіз.

Маңқасқаны мен жетелеп алғам. Әйтпесе ол өзен бойын аласұра шарлап, жабайы қабандардың үстінен шықса, арсылдап, үйректің бәрін үркітеді. Ал, оны ертіп жүргеніміз, атып жіберген үйрек қандай қалыңға, тіпті, суға түссін, тістеп алып келеді.

Біз үйрек болады-ау деген иірімдерді, мойнымызды соза байқап, тоқтап-тоқтап келеміз. Күздің қоңыр желі құрақтарды ақырын ғана тербеп қояды. Мұрныңа піскен жалбыздың тұщы иісі келеді. Аспан күлімсіреп тұр. Қамыстың ақ мамық үкілері өзен үстінде ұшып жүр. Қалың бүркеу талдың түбіне келгенде әкем сыбырлай сөйледі.

— Алдымызда үлкен иірім бар. Кәзір таңертеңгі сәскелік қой. Үйректер қаннен-қаперсіз жүзіп жүрген шығар. Мен түсіп ақырын бақылайын, — деп боз аттың шылбырын маған ұстатты. — Байқа, мылтық атылғанда үркіп, жұлып кетпесін.

Әкем мылтығын ұстап жүре беріп еді, аспаннан зу-зу, гу-гу еткен дыбыс шықты. Жүрегім дір етіп қарай қалдым. Екі көк ала үйрек біздің алдымыздағы иірімге қойып кетуге асығып келеді екен. Аспанның төрінен бірдеңе ағып келеді. Көзді ашып-жұмғандай да уақыт болғанжоқ, иірімге небәрі арқан бойы қалғанда үлкен көк ала үйректің жотасынан соғып жіберіп, тасқа тиген оқша зулап аспанға шықты. Үйрек тап сойылмен түсіргендей жалбырап кеп қолын қамыстың қасындағы алаңқайға топ ете түсті. Біз бұл шамада бүркеу талдың ішіне тығылып та үлгіргенбіз.

Пышақ қанат — кішкентай көк құс, түк болмағандай, өзі түкті істемегендей жайымен қалқып келді де, жалбырап жатқан үйректің кеудесіне қонды. Менің көзіме оның тұлғасы момақан балаға ұқсап кетті. Жаңағы тентек бұл емес сияқты. Қарашы, мүлде титімдей ғой.

Ол жан-жағына сақ қарап аз отырды да, үйректі жұла бастады. Әкем: «қозғалма да, үндеме» дегендей ым қақты. Екі көзім көк құста болып мен оның қасымнан қайда кетіп қалғанын да білмей қалдым. Әкем лезде екі ұзын шыбық кесіп әкелді де, қанжығасын суырып жалғай бастады. Бұдан кейін аттың құйрығынан қыл жұлып ап, тұзақ қып есті де, мөлшері алты метрдей шыбықтың басына байлады. «Түсінікті» дедім ішімнен.

Әбден аң алып әккі болған Маңқасқа бейшараға қарасам, үн шығарсам атып жіберерсін дегендей, әкеме жаутаң-жаутаң қарай береді. Мен оған қозғалма дегендей басымды шайқадым. Ол ақырын күрсініп қойды. Бейшараның бізге тілектестігі беп-белгілі.

Пәле шықса, аттардан шығады. Пысқырып жіберуі ақымақтанып тебісіп қалулары мүмкін ғой. Онда анау тұқыжандай жұлып жатқан кезеп құс зу етіп аспанға бір-ақ шықпай ма? Онда әкемнің бурыл шашы ду етіп ағарып кетер ме еді, қайтер еді. Өйткені, оның кәзіргі өңіне қарауға ешкім де батпастай. Бейне біреуге ту сырттан қапыда пышақ салуға әзірленген адамға ұқсайды.

Тырс еткен дыбыс болмасын дегендей, ақырғы рет ызғарлана қарап өтті де, жалаң аяқтанып алған біздің «командир» судың ішімен өрлей жөнелді.

Көкірегімде, жол бере гөр деп дірілдеген тілекпен бірге, «әй, қандай Алдаркөсе болсаңыз да маңайына жолата қоймас-ау» деген күдік те қабат арпалысулы.

Сірә, тұмсығы жып-жылы, дәмді төс етке тиді білем, көк құс әлгіндегіден де өлермендене жұлды. «Шіркіннің кірпияз тазасы-ай. Басқа құстардай жүн-пүнімен араластыра қылғымай, әбден пәкізелеп алып жегенін қарашы» деп ойлап тұрмын.

Әне, әкем көк құсқа не бәрі бес метрдей жердегі жардың астына жетті. Ақырын мойнын созып қарады. Сәл төмен еді, әрі қарай жылжи түсті. Көк құс өршелене жұлып жатыр. Шыбық сумаңдап оған қарай жылжып барады. «Ойпыр-ай, немен тынар екен!» Жүрегім лүпілдеп барады. Көзіме шыбық екеу болып кеткен сияқтанды. Әкемнің қолы дір-дір етіп тұрғандай көрінді. Қолы емес, жүрегі ғой дір қалтыраған. Әне, дөңгелек, ақ тұзақ дір-дір етіп көк құстың төбесінде тұр. Басын көтеріп қалды.

— Оһ, бітті!.. Далбыр-дұлбыр болды да қалды. Әкем жардың астынан қарғып шықты.

— А, құдай, а құдай,— деді жүрегі жарылып кете жаздап. Арс-ұрс етіпМаңқасқа да ата жөнелді.

Мен келгенде, әкемнің қолында екі көзі қарақаттай мөлдіреген, үлкендігі дала көкаршынындай ғана көк құс отыр еді.

— Бағымыз бар екен, күнім. Біз лашын ұстадық қой, — деді әкем балаша    қуанып. — Мұны атты қойып түйеге де бермейміз.

Мен қашанғы «бақыттылықтан» бұрын лашынды айналдырып қарай бердім. Сырты қара көк, бауыры сұр шұбар. Көк аяқ. Пышақтай өткір ілмек көк тұмсық. Екі көзінің алдында саусақпен тартқандай қос қара жолақ. Ең ғажабы аяғы мен қанаты екен. Қанатының үшкірлігі сұғып алар найзадай. Саусақтарының ұзындығы денесіне мүлде қайшы. Ұзындықтан қыз қолының саусағындай бұралып жатыр. Оның құдыреті де осы аяғы мен қанатында болса керек. Мен үйректің жотасын ұстап көріп едім, бейне шойын шармен ұрғандай күтір-күтір етеді.

— Дүниеде бұдан өжет, бұдан өткір құс кемде-кем. Мұның асылзаттылығы сол — ешқашан да жерде отырған құсты алмайды. Арманынан шығарып ұшып бара жатқанда жай оғындай тиеді. Жаңа көрдің ғой, құстың шу еркінен айырып, ес-ақылын алып жіберетін мұның қанатының зуылы.

— Осындай ғана денесімен өзінен үлкен үйректің жотасын қайтып құл    қылып жіберді? — деп сұрадым әкемнен.

— Мұның бұлшық еті сондай қатты. Соншалық жылдамдықпен келіп соққан соң үйректің жотасы құл болмағанда қайтеді. Қарашы құрыш қанат жануарды. Қандай сүйкімді. Ерлік пен қаһармандық дененің үлкен-кішілігіне қарамайды. Қарақұс қандай үлкен болғанымен қолынан не келеді? Ол, ит пен құстан қалған жемтікті жеп күнелтеді. Болсаң лашын бол, қарашығым. Өз ерлігің мен өз еңбегіңді мақтаныш ет, — деп еді сонда әкем.

Біз осы лашынды үш жыл салдық. Қолда отырып, күзді күні аспандағы қайтқан қаздарға ұшатын. А, дегенде теріс ұшып, бір кезде аспанның сонау шырқау биігінен зу-зу, гу-гу етіп келе жатады. Ал, сонан кейін түйіп өтіп, қайта шығып, қайта түйіліп сытырлатып түсіреді-ай дерсің. Берекесі кетіп, үрейі ұшқан қаздар аспанда құр қаңқылдап айнала ұшумен болады. Лашынға арқаларын әдейі тосатын сияқтанады. Аспаннан жалбырап түсіп жатқан қазды шауып жүріп, бауыздап ала бересін.

Оның бір ғажабы осы шайқас кезінде жерден айқай шығып, дабыл қағылса, тіпті еліріп кетеді. Аспанды тілгілеп жүрген найзағай дерсін… Біз шауып жеткенде, ол алқынып ең ақырғы қаздың кеудесінде отырады.

Түтігіп өліп кете ме деп әдейі алып жүретін құмырадан аузына су құямыз. Суға әбден қанып рахаттанып алған соң жайымен қаздың жүнін жұла бастайды. Моп-момақан. Бірақ, құйылған құрыш сияқты. Осы кезде, осынау кішкентай қаһарманды мойнынан құшқым келетін. Иә, ол ақырғанды, зекіргенді, жақсы көргенді білетін-ді.

Амал не, ол дүниенің көктемі жаңа шығып келе жатқанда, ауырып өліп қалды. Ол кезде емдеп жазатын дәрігер қайда… Мен үш күн жыладым. Несі бар, дүниеден асылдар мен ерлер кеткенде жылауға болады ғой.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

ДОЛЫ

 

Менің бір долы жеңгем болды. Тағдыр ондай әйелді ешқайсымызға кезіктірмесін, достарым. Ол тілдегенде адам түгіл құдайдың өзін зар еңірететін.

«Қу құдай», «құлдыр құдай», «соқыр құдай» деп құдай бейшараны тап бір өгей ұлындай құлақтан жұлқып, көзге шұқығанда, ара түсер қайрат жоқ, қарап тұрыпжылағың келетін.

Ол кезде үлкендер бізге: «қарағым, тегінде құдайдан құдіретті, еш нәрсе жоқ» деп үйрететін. Бірақ сонда сәби санамыз еріксіз бір нәрседен секем ала беруші еді. «Әй осы құдай жоқ-ау,бар болса Нұрқанды неге құртып жібермейді…» деп ойлайтынбыз.

Менің Нұрқан жеңгемнің де күйіп кететіні — құдайдың көзге көрінбей, тек сорлатып қана отыратыны сияқты. Егер қолына түсер болса, өзінің қара ешкісі сияқты тұмсығынан бақыртып отырып тістер еді-ау.

Егін алып жатқан кез. Бір күні іңірде кезекті ұрыс кезінде Нұрқанағайдың саусағынан тістеп айрылмай қалыпты. Ағай қанша әлуеттіболғанымен, ауылға «аттан» салуға мәжбүр болды. Дүрліге жетіп бардық, екеуі сіресіп тұр. «Жібер» деп жабыла жалындық, долы әйел естіген де жоқ. Бар мақсат екеуін жеңіл жолмен ажырату. Осы сәтте тілеуіңді бергір Кәрібай деген қаңғажақ шал: «Тұмсығын қысыңдар, тұмсығын қысыңдар»,— деп айқайламасы бар ма. Көрдіңіз бе, сасқанда ақыл табар ерлер қайда десеңізші. Осы шалға ағай Нұрқаннан ұрлап бір қап бидай бергенін анық білемін.

Міне осындай әйелдің қолына құдай түсе қалса, құлағын қыршып алмай қояды дейсіз бе.

Бұл, бұл ғана емес қой. Әлі есімде. Күн шаңқай түс. Әуе айналып жерге түседі. Түні бойы су суарған ағалар әбден титықтап келіп үйлерінде жатыр.

Біздің үйдің есігі түрулі. Шай ішіп отырмыз. Нұрқан қара ешкіні қораны айналдыра қуып жүр. Мөлшері саумақ болар. Ешкі деген пәле ыстыққа қандай шыдамды. Құйрығын шыбжыңдатып, өргіштеп, жүргіштеп кетеді.

Қара ешкі ойнақ салып қайқаңдай қашқанда Нұрқанды шеніне келтірер емес. Бірақ долы әйел алты айрығынан тер кетіп өршелене қуып жүр. Қарап тұрмын, екі кебіс екі жаққа ұшып кетті. Бұған қараған Нұрқан жоқ, ешкінің соңына мәсішең түсіп берді. Өкпесі күйіп өлгелі келе жатса да дауысы кісіней шығып:

— Қайқаңдаған қара қатын-ай. Қара ж… ай, — деп қара ешкіні тап бір абысынынан жаман тілдеп келеді. «Егерде қуғаны кара ешкі емес, қара ала ешкі болса қайтер еді» деп ойлап отырмын. Онда «қара ала қатын» демек қой.

Көз алдыңызға күйіп тұрған күн, қақшаңдай қашқан қара ешкі, аузынан көбік шашқан долы әйелді елестетіңізші…

Ауылды он айналдыра қуған шығар. Ешкі де, әйел де, аузын ашып қылжалақтап қалды. Дегенмен кесір кебісте екен. Нұрқан зор әйел болатын. Аяғы жеңілейіп, адымы ашыла түскен. Құйрыққа қолы әне жетіп, міне жетіпжүргенде қара ешкі жалт бұрылып, денелі әйел омақаса келіп түсті. Мен күлкіден ішегім қатып, құлап қаппын.

— Күлме,— деп зекірді әкем.

— Күлмегенде, жылаймыз ба?

Күлкім кілт тиылып, әкеме бұртия қарадым.

— Сорлылық пен жоқшылыққа ақылы, ары бар адам күлмейді. Көмектеседі.

Мен жерге кіріп кете жаздадым… Қуушы мен қашушыға көзімнің астымен қарап едім. Анау орнынан тұрып түзеліп үлгергенше, солығын баса қалған ешкі мүлде тыңайып алды. Бұрынғы бұрынғы ма, бар долылыққа енді басқан Нұрқан, ойпырай, өлермендене жүгірді. Шашы бейне құтырық әйелдей жалбырап кеткен. Өлер тірілерді опсымға ұмытқан. Бұрынғыдай сөз жоқ. Дауыс орнына ыңырсып қыңсылаған ба, әлде бір қиқылдап ішке қарай жұтқынған ба, әйтеуір адам естімеген бір дыбыс шығады.

Осы кезде қара ешкіге тыңнан қосылуға мен де жеткен едім.

— Жолама, жолама. Өзім ұстамасам өксігім басылмайды, — деп жан шошитын шарқая дауыспен айқай салды. Тұрып қалдым. Қолы құйрыққа әне жетіп, міне жетіп, емешесі құрып өліп жүр.

Бір кезде ешкінің бөксесін баса барып жығылды. Өкпесінің қақ айрылып кетердей күйге жеткеніне де қараған жоқ. Ешкіні шалқасынан салып қойып, кез-келген жерінен төмпештеді-ай келіп. Жұдырық ылғи шошайған сүйектерге тиіп қан қақсады білем. Бұған онан арман күйіп кеткен әйел ешкінің тұмсығынан тістеп қатты да қалды. Ешкінің жан дауысы шығып бақырған сайын айызы қанып, мүжи түседі-ау, мүжи түседі. Ақыры ешкіні жастанып жата кетті де, ышқынып еңірей бастады. Мен қасына келдім.

—Қойыңыз, жеңеше! Мұныңыз не, бала болдыңыз ба?

— Күнім-ау, маңдайға біткен жалғыз ғана ешкі осынша қашаған болған соң не дейсің, бұл құдайға? Қу құдайға не қылмысым болды екен осынша сорлы қылып жарататын? Жан бағып тұрған жалғыз ат бар еді, соқадан зорығып о да өлді, өзің білесің. Мен оны ағаң бейшарадан көріп, екеуміз жанжалдасып, ауыл болып әзер айырдыңдар. Білемін, бұл бейшара да қашайын деп қашпайды, әуелі мен қақтаймын, онан кейін марқа болған лағы қақтайды. Желіні жара, өзі зара болған бұл бейбақ қалай қашпасын?

— Шайлық сүтті біздің үйден неге алып тұрмайсыз.

— Өйби күнім-ай, өзіңде жоқ болғаннан кейін елге қарап емініп не қылайың.

— Біз «ел» емеспіз ғой, жеңеше. Туыспыз ғой.

— Рахмет жаным, туыстықты білген қаныңнан айналайын. Сен жассың ғой күнім… Үлкен абысын (шешемді айтады) он ешкі, екі бұзаулы сиыр сауып отырып, біздің осы күйді көрмей жүр ме. Үлкен аға (әкемді айтады) «ей бәйбіше, ана Сатидың үйін көрмей отырмысың, екі ешкі бер сауынға, шиеттей балалары бар» деген екен. Апаң: «Ойбай бермеймін, Нұрқанның қолының уы бар, ол екі ешкі тірі оралмайды» депті… Осыдан ары қорлық бола ма?

Нұрқан үн сала сыңсып, қыстыға еңіреді. Жаңа жығылғанда оң білегін жер сүріп кетіпті. Қан шып-шып шығып тұр. Қабырғам қайысып, жүрегім жылап кетті.

— Інітай, кейде ағаң кешке жақын егіннен келгенде шаңырақтан салбырап тұрсам деймін. Сонда өзім рақатқа бататындай болам да, балалар мен ана сорлыны сорлатып кететін сияқтымын. Олардың көзжасы мені олдүниеде де оңдырмайтындай тұрады.

Нұрқан әлі өксіп отыр, ешкіні мен ұстап тұрмын. Кан шыққан білегінсипап қояды. Ет қызуымен білмеген шығар, енді удай ашып отырған сияқты. Қандай матаданекені де мәлімсіз, әйтеуір, қысы-жазы киіп жүретін көйлегінің жеңімен көзінің ақтық жасын сүртті…

—Білегім мүлде талқандалып қалды ғой. Балалар таңа алмайды, таңып бер, күнім. Мына бейшараны сауайын тағы да. Тыпырлап өліп кетежаздайды.

Мен «құдайға» болсын, адамға болсын не десе де, не істесе де ақысы бар осынау жалбыр көйлекті, әйелдің қасында ешкі жетектеп бара жаттым.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

ДӘРИҒАШ

 

Май мейрамының кешінде сәнді киінген сейілшілердің ішінде Құлжа қаласының бағын аралап екі адам жүрді. Бұларға бұрылып қарамаған жан жоқ. Жігіт әлем-жәлем киінген, нағыз додабастың өзі. Аққұба өңіне қалың қара қасы қатпарлана төніп, түнеріп кеткендіктен, бұл жігіттің көзінің қандай екенін көру мүмкін емес еді. Ал, анау қасындағы келіншек қазақ ауылынан келген. Басында ақ жібек шәлі, үстінде оқалы қызыл плющ қынай бел камзолы, ақ бәтестен тіккен қос етек көйлегі бар. Әсіресе, бұлардың қасынан өткен қыздар «осы жақсы жігіттің әйелі мынау болды ма екен» дегендей, екеуіне кезек қарайды.

Келіншек мерекені күйеуімен бірге өткізу үшін жайлаудан қалаға арнайы келген Дәриғаш болатын. Жас жүрегі өмір, бақыт деген асқарға қарай неге алып ұшпасын! Ай жүзіне жарастық беріп, қиылып тұрған қарлығаш қанат қасы қандай әдемі! Көкірегін бір паңдық мерей кернеп те келеді. Кернесе несі бар, кімнен кем жаралыпты. Алатаудың алмасындай ағы — ақ, қызылы — қызыл, өңі қандай шырайлы! Сахараның самал желі тербеп өскен, тал бұраң бел денесі қандай әсем. Құстай қағылез, жетімдей кінәшіл көңілі неткен аяулы. Қуанғаны баладай, күншілдікті, жалғандықты білмейтін жаны қандай қасиетті.

Міне, енді Дәриғаш аңсап көрген асыл жарымен бірге келе жатыр. Ой шіркін-ай қайын атаның алдынан кесе көлденең өтпей, үлкен үйге сәлемсіз кірмей, өмірдің әр минутін қорынумен өткізіп жүргенде, осындай үлкен қаланың төріне шығып алып, ерімен бірге сайран салам деген ойында болып па еді. Жаны әлде бір бостандық дүниені аңсай беруші еді, сол осы екен ғой. Дәриғаш еріне енді барлап қарады: «сұмдық-ау, өзі тұнжырап келеді. Мұнысы не? Мейрам күні де түнере ме екен» Парктің жарық алаңына келгенде, шашын қайырған қызыл шырайлы жігіт бұлардың жолына тұра қалды:

— Ағажан, айыпқа бұйырмасаңыз, сіздерді түсіріп алайыншы! — деді қыздай қиылып. Осыдан басқа сөзге келмей фотоаппаратын көзіне тақай қойды.

— Сізге керегі мынау шығар, мені әурелемеңіз, жолдас, — деп жігітке ызғарлана қарап, өзі анадай жерге барып тұрды.

— Мұныңыз қалай, аға? Тұрыңыз, жеңгей екеуіңізді бірге түсіріп алайын.

— Айттым ғой мен сізге, қажет бола қалсам, 360 күн осы қаладамын. Жерден желкек тапқандай: «ойбай, осылай да осылай, қалаға кеп жүрген қазақ әйелі» деп журналдарыңа басатын шығарсыздар.

Жігіт фотоаппаратын бұрды да ызалана қарады:

— Жарайды… Ауылдан келген жеңгейдің өзін-ақ түсіріп аламын, — деді.

Дәриғаш ерінің көзінше жігітке телміре қарауға ұялып та кетті. Әйткенмен қарады. Бірдеңе шырт етіп, найзағай ұшқыны тәріздес өткір ұшқын жарық ете түсті.

— Рахмет жеңгей, ал қыдыра беріңіз. — Жігіт жүре берді де, кілт тоқтай қалды: — Сіз ашуланбаңызшы, мынаның біреуін почта арқылы жіберейін, қай жерде тұрасыздар?

— Теңдік көшесі, № 1 үйде…

Осы бір әйелдің ері болғанына адамзат алдында қылмыс жасап қойып, жауап берердей басы салбырап кетіпті. Шіркін осыдан он жыл бұрын қырдан оқуға келгендегі өз жағдайын ұмытып, енді Дәриға сынды аяулы жанның қасында жүруге арланып келе жатқан соң не лаж бар. Дәриғаш бір жігіттің қолтықтап келе жатқан қызын көрді де:

— Ананы қара, ананы, — дей беріп еді.

— Жап аузыңды, жабайы ақымақ!.. — деген ызалы үн естілді, тастай жұдырық бүйірін тесіп жібере жаздады. Ышқынып барып, қатты қыстығып, қара көзден моншақ жас қат-қат тамып кетті.

Бүйірін басқан Дәриғаш сенделіп, жұрттан оңаша жердегі орындыққа барып отырды да, қатты булығып өксіп ұзақ жылады. Жігіт бір теректің тасасында Дәриғашты көзбен ата қарап тұр.

Бір кезде ғана көкірегін қарс айыра күрсініп, Дәриғаш жан-жағына қарады. Күйеуі қасына келіп еді, көзінен жас тағы да парлап кетті. Жаңа ғана дүниеге сәбише талпынып, көңілі шарық ұрған бақытты адам ғайып болып, оның орнына қасіреттен арып-шаршаған әлсіз бейнесі қалғандай. Жүрек сыздатар мұңлы сипатпен шапағат, рахым іздегендей, күйеуіне жас мөлтілдеген қара көздерімен жаутаңдап қарады.

— Ел-жұртқа үлгі шашам деп жүрген адамсың ғой… — Бұдан арғысын айтуға тағы да шамасы келмей, көзінен жас парлай берді, парлай берді…

— Көзімді ашып, не көрсеттің? — деді ар жағын тағы айта алмай.

«Тез қайтарып жіберейін. Әлде кімдер сотқа арыз бергізуден де, әлгі сияқты «демократтар» өз басы мұндай трагедияның кейіпкері болмаған соң, қайдағы философияны соғып, газетке жазудан да қашпас…».

— Жарайды, Дәриғаш, бар қателік менде екен. Бұдан кейін әсте бұлай    болмас. — Елемес Дәриғашты киноға ертіп барды.

Осы оқиғаның боларын алдын ала-ақ жаны сезген-ді. Амал не, жатқан үйіндегі татар әйел көрнеу осындай масқарашылыққа жолдас етті: ол бағана күндіз Дәриғашты шай демдеуге шығарып жіберіп:

— Мұныңыз бек ұят іш, Еләмәс мырза. Елдашыңыз шундай матур адам. Узыләріңіз «әйәлләр тиңлигі» деп бек қақшайсыздар, ал сахарадан өз әйеліңіз килсә, ұяларға тұрасыз, мұныңыз, болми, — деген. Ұлына бұрыннан іш құса болып отырған Қасымхан қарт орнынан қалшылдай түрегелді:

— Дәриғаштан артық кімнің келіншегі бар, кәне, соныңды «мынау» деп көрсетші маған. Ұлым сенен көрмеген жақсылықты Дәриғашымнан көріп отырмын. Басқаны қойып, өрістен атымды әкеп берген күні бар айналайынның. Арлануын мұның. Аспаннан салбырап түскен жоқсың, сен мына менен туғансың. — Қарт осы араға келгенде, тіпті үдеп кетті, — сен әлде мені де әкем деуден арланатын шығарсың. Оттамай Дәриғашты қалаңның тойына апар. Көрсет! Көңілін көтер! Бәрін үйрет. Ат соғып шаршап келдім, ертең мені ертіп аралатасың.

— Сендерді қандай құдай желіктіріп келді осы қалаға, «келе көріңдер» деп мен қашан шақырып едім, — ызадан Елемес жылап жібере жаздады.

— А, шақырмадың ба? Солай де… — қарт шын қаһарланып, көзінен оқ ата қарап, Елеместің көзін тайдырып жіберді, — бір әйеліңді тәрбиелеп жақсы өмірге жеткізе алмаған сен кімге күн болмақсың. Саған ерегіскенде,    екі аттың бірін сатып, шілденің аяғына дейін жатамын осы қалада. Сенің қорлағаныңды, жақсылық еткен жандарды зарлатқаныңды айтып, ең жоғарғы ұлыққа дейін барамыз. Біздікін сөз емес, бізді адам емес, сендер оқымағандықтан, бұл қалай қорласа да жөн десе, ұлға да, ұлыққа да қош айтып бұл қаладан бір-ақ аттанамыз. Мен Дәриғашты саған қорлата алмаймын! — деп қарт ызаға шыдай алмай шығып кетті.

Қасымхан қарт бейнетті көп көрсе де, әлі күнге сақал-шашы көмірдей, тіп-тік адам еді. Бір сенген ісінен қайтпайтын жаралысынан қажырлы жан болатын. Мына айтқандарын істемей тынбайтынын Елемес әбден біледі. Амал жоқ. Дәриғаштың күйеуі болып, Май күні қала бағын аралауының мәні осылай болатын.

 

 

 

* * *

 

«Япырау, тағдырдың мойныңа қосақтап қойып қарап отырған пәлесінен қалай құтылу керек» деп жүргенде: «Қасымхан қарт кенет ауырып қайтыс болды» деген хабар келді қалаға. Елемес ауылға қарай тұра шапты. Келе сап қорғаушысынан айрылған Дәриғашты әрі үгіттеді, бері үгіттеді. Өзімен бірге қаладан шыққан «білімпаздарға» да үгіттетіп, қорқытып та көрді. Көнбеді. Дәриғашты сұлулығына қызығып таңдап алған өзі еді ғой. Енді мұны қазақтың ескі салтымен недесе де көтере беретін мойны жуан феодализмге жауыпты.

— Бұл іске мен емес, феодализм жауапты, феодализм, — деді сұқ қолын феодализмнің көзін шұқып алардай шошайтып. Дәриғаштың өмірін    феодализмнен де жаман қорлап, «әрі мәдениетті, әрі сұлу қатын» тауып алғанша ұзақ жыл сүйрегенін өзі ғана біледі. Ақыры болмағаннан кейін:

— Дәриғаш, мен сорлыны ая сен! Шапағат істе айналайын, — деп те жалынды Елемес. Дәриғаш көнбеді. Қалай көнсін? Терісіне симай қақ жарылардай болған Елемес, тілдеп-тілдеп жіберді де, қолын бір-ақ сілтеді:

— Ендеше, төркініңе қарай марш! Қырғызып ал, ал бар! — деді. Ең ақырғы қарысу деген болмаса, мұнымен өмір сүріп опа таба алмайтынын Дәриғаш та түсінген-ді.

 

 

* * *

 

Содан бері бірнеше жыл өтті. Уақыт сентябрьдің іші еді. Табиғат отыз беске келген азаматтың бет бейнесіне ұқсап, үлкен бір ойлылықпен манаурап тұрды. Таңертеңгі сағат тоғыздың кезі. Елемес өзі істейтін мекемеге келе жатыр. Пәтері қаланың шет жағында, әлі де сол татар әйелдің үйі. Бұның да бүгінгі бет әлпеті осынау күзді бейнелегендей сұсты еді. Таңертеңгі шақта көшеде адамдар да аз көрінеді.

Елемес ақырын ыңылдап, жүректің әуеніне беріліп келе жатыр. Әр жерден бір кезігіп қалған адамдардың да бет-жүзіне қараған жоқ. Басы махаббат дүниесін шарлап, қайдағы сұлу қыздар елестеп, тек аяғы бастап келеді. Кенеттен құлағы «тық-тық» басқан өкше дыбысын естіп қалды. Жалт қарап еді, расында да бір әйел келе жатыр. Не деген пішін, не деген тұлға! Ақ жібек шәлінің астындағы қарлығаш қанат қасын-ай! Көз дегенің ақ сұңқардың көзіндей жаудырап келеді. Денесі сүліктей, құлын мүше. Жерді тесіп жібергендей жігермен басады. Елеместің тәжірибелі көзі әйелді қас қаққанша толық тінтіп өтті.

Екі көзі жаудырап кеп қалды әйел. О, ғажап! Күлімсірейді… Неге ығысып жол бергенін де сезбеді. Портфелін қолтықтаған күйі бүрісіп тұрып қалды. Осы қалпын өзгертуге күйі де келмей, әйелдің сонынан сығалай қарады:

— Дәриғаш, тоқташы, Дәриғаш! — Әйел артына бұрылып қарамады, «Хош болыңыз» дегенді, таңертеңгі күн шұғыласымен мәнерлеген сүйріктей ақ саусақтарының нәзік қимылы арқылы білдіріп, қолын жоғары көтерді де, сол бетінде жүре берді.

Шақырсада мойын да бұрмағанына Елеместің намысы тұтанып, екі көзі оттай жанып тістенгенде, саусақтары алақанына батып кетті. Аямас жаулықпен қарап тұрып-тұрып, қолын сілкіп қалды:

— Бар, атаңа нәлет! — Орнынан ауыр қозғалып жүріп кетті. Дегенмен көңіліне бұлыңғыр күздің күніндей сұрғылт бір уайым түсті. Еңсесі езіліп, тіпті өзінің қайда бара жатқанын да аңғармады.

— Есің дұрыс па, ей ағайын! — деген дауыстан селк ете түсті. Машинамен қақтығысып қала жаздап, әзер үлгерді. «Әй, қойшы! Қолын тағы бір сілкіп қалды, — бір қатын ба менің тағдырымды белгілейтін. Әлгі бір қыз алып қашқан біреуді сықақтап жазған фельетоным шығып қалған шығар, онан да бүгінгі газетті көрейін».

Бұрынғы парасаттылығына қайта оралып, қабағын түйіңкіреп, бет әлпетін қатаң пішінге келтіріп, киоскіге келді.

— Қарындас, облыстық газеттің бүгінгі номерін берші! — Үшінші    беттің қақ ортасында, қазақтың ұлттық киімін малына киіп тұрған келіншекке қадалып қалыпты. Суреттің астынан «Дәриға Жақсылыққызы» деп басыпты газет. Көзіне газеттің барлық әрпі жыбырлап қозғалғандай болды…

Я, не деді екен — оқып көрейін, мықтаса: «Ойбай еңбек озаты болды, ананы істеді, мынаны істеді, қой өсірді, сиыр сауды» деген шығар. Мақаланы оқыған сайын тынысы тарыла берді.

Әңгіме адамгершілік жайлы болғандықтан, осыдан төрт жыл бұрынғы Дәриғаштың тағдыры мен өзінің арсыз әрекеттерін тілге тиек етіпті. «Сол Дәриғаш қазір аудандық комсомол комитетінің секретары, пленумға қалаға келді» деп жазыпты.

— Ай, оңбаған, сондағы журналист екен ғой, сол ғой — деп күрсінді Елемес.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

ШҰҒА

 

Сахара көрген біздің елдің бір «уһ» дейтін шағы қара қатқақ қар жауып, қаңтар айы туған, соғымның сойылып жатқан кезі еді. Кешке жақын ақ қыраулы ат мініп, алыстан қонақ келу қандай жақсы бұл кезде.

Қонақасыны жайлап беріп, атын шөпке қойған соң қонаққа әнші болса ән салғызып, күйші болса күй тартқызып, ең болмаса ертегі айттырмай қоймайтын еді біздің ауыл. Ұзақ түнге өнерпаздың өнерін тыңдайды. «Қозы мен Баянды», «Еңлік пен Кебекті», таңғажайып «Мың бір түн» хикаяларын кім тамсанып тыңдамасын. Қатпа тонды арқамызға жамылып алып, сол көптің ішінде біз де отырар едік. Бұл хикая-дастандардың шып-шырғасын шығармай жатқа алып қалған жігіттер басқа ауылға қонғанда өнерпаздың өзіндей соғып беретін. Сөйтіп, ауыздан-ауызға көшіп, қалың елге қанат жаяды. Ұрпақтан ұрпаққа да осылай тарайтын сияқты.

Сараң бай — «жомартқа», жалбыр жалшы — «серіге» айналғандай, туа да біткен араздық айжарымға болса да айыға тұрар бір мезгіл — сары жайлаудың үсті еді.

Ойлап көрсек, театры мен операсы жоқ, біздің елдің жан сергіте бой жазып, өмірге анық ой салатын кезі осы бір екі мезгіл екен.

Бұдан кейін ел басынан сайранды жаз да сырғып табиғат бабаның қабағы күреңіте түседі. Жаз бұлақтың бойында асыр салған балалар қатал әкенің айғайын естігенде, бет-бетімен қаша жөнілгенін кім көрмеген. Жайлау сары жұрт бола берген бір күні, астында қоңыр төбел құр аты бар, қырқылжың тартқан қоңыр күз салқын раймен ел аралап келе жатады. Осының ертеңінде-ақ «балапан басына, тұрымтай тұсына тартып» егін алып, пішен шабуға, қой қырқып, қора соғуға қоңыр таудың бұйратынан қалың ел үдере көшеді. Ол күндегі біздің елдің өмірі осылай еді.

 

 

* * *

 

Шыңжаң өлкесі. Уақыт мың да тоғыз жүз қырық бірінші жылдың жазы болатын. Алыста көк бұйра шымылдықтай көлбеген Майлы тауы көрінеді. Қазақ елінің Керей деген мол руы осы тауға қарай қаздай тізіліп келе жатты. Ел келгенде шілденің бәйшешегін жамылған Майлы тауы, ертең ұзатар қыздай құлпырып тұр екен. Күндік жерге төсін кере сұлаған кербез Майлының бөктеріне рулы ел үйіріле қонды.

Балаусасы балбырап, күміс бұлағы сылдырап, кешке айналса қоңыр самалы лүпіп тұрған осы тау Майлы десе майлы-ақ еді.

Өткен жыл ел етекке түскеннен кейін іргелері шалғайлап кеткен құдандалы ауылдар тумаға «өмірлі болсын», келінге «оң аяғымен келсін» айтып, біреуге-біреу ізгі тілек ізетін, сый-сыбаға құрметін білдіріп, дидарласа бастады. Сахараның шымылдығы ашылып, жаз-артистің өнерін көрер күн де туыпты қалың елге.

Майлының жонындағы жайлауға қонғалы екі-үш күндей болып қалған. Түс ауып бара жатқанда ат ентіктіріп, болыстың шабарманы жетті. «Тағы да бір тауқымет ала шапқан екен» деп шошып қалды жұрт. Шабарман атынан түспестен қораның ортасында тұрып:

— Үлкен-кіші, кәрі-жас, — деп саңқылдады. — Бүгін кешке Иманбатыр байдың ауылында театр болады. Соған бірің қалмай қатысасыңдар.

— Театр…

— Иә, театр.

— О не, алман-салықтың бірдегесі шығар тағы да, — деді әкем марқұм түнеріп.

— Не екенін өзім де білмеймін, қаладан «әртіс» деген адамдар келді болыстың ауылына. Алман емес, солар ойын көрсетпек секілді.

Бұл сияқты «адам естімеген» ғажайыпқа ауыл жиналып шабарманды қалай қоршап алмасын. Әкеміздің етегіне жармасып біз де тұрмыз.

— Немене, өзің қайта айтшы, шырағым. Ойын көрсетеді дедің бе?

— Мен қазақша сөйлеп тұрмын ғой, түк көрмегендей неге қоршап алдыңдар түге? Сонымен байдың ауылына түгің қалмай жиналыңдар. Онан кейінгі бір мәселе: қасқыр ішік, түлкі тымақ, қаптал шапан, саптама етік, оқалы камзол, кәмшат бөрік болса бересіңдер.

— Алман емей немене. Бұдан артық не алушы едіңдер! — деп жұрт шу ете қалды.

Шабарман «білгірлікке» салынып, мырыс етіп бір күлді де, мынаны айтты:

— Ой, шуламаңдар деймін. Бұл нәрселерді әлгі ойыншылар киеді. Ойын тарқаған соң өздерің аласыңдар.

— Өй тәуба-ай, ә.

Жұрт қарық-қарық күледі.

— Жарайды, шабарман қарағым. Мұндай тамаша болса бәріміз де барамыз, — деді әкем тұрып.

Апа-жеңгелер сандықтағы сәнді киімін алып, ағалар атқа жүгіріп, ауылымыз абыр-сабыр болды да қалды. Әкем «дені сау тірі адамға бәрі де табылады» деп білетін адам еді. Үйіміздегі жеті жанның ортасында екі-ақ жылқы бар, көшіп-қонғанда көршілердің артық-ауыс көліктеріне мінетінбіз.

Әп-сәттің арасында күн де батып, ел жүруге айналды. Әкем боз шолақты өзіне, мәстектеу кері құнанды маған ерттепті. Өзіме тете інім тым қияңқы бала еді, мен киініп жатқанда «ойынға мен де барам» деп ол да жиналып жатқан. Ауылдан аттанып, жүрерменге келгенде қиғылықты салмасын ба келіп.

— Сенің ақылың бар ғой, қарашығым. Кері құнанның басы бүтін сенікі екенін білесің. Осы сапарға мына ақымақ ініңе берсең қайтеді, — деді әкем. Өзім сияқты сегіз жасар баладан тартып, сексендегі шалға дейін аттанғалы жатқанда, «ақылды болам» деп ауылда қалу маған қайдан дарысын.

— Осыдан қалар болсам, ертеңнен тартып түйе бағуға шықпаймын, деп кесіп айттым.

Екеуміздің арамызда әкенің басы қатты. Біреуге күш жұмсамаса іс бітпеске айналды. Ақыры мен жеңгендей болып, кер құнанның үстіне қондым-ау, әйтеуір.

Майлының жұп-жұмыр күреңселі жотасы. Кешкі самалмен шалғынның салқын тартқан иісі бірге еседі. Дүрмекке ілесіп әлгі жабырқаулықты да ұмытып кеттім. Жолшыбай жайлаулардан өзіміз сияқты ойын көруге түп қопарылған ел біріне-бірі қосылып, күн бата қалың қол құрады. Ақсақалдар мен егделер тобы бір бөлек, әр рудың жігіт-желең, қыз-бозбаласы күрең жонда бас қосыпты. Ырғалаңдаған тұғыр аттарға күміс тұрмандар төгіле жарасып, кәмшат бөріктерінің қозалы үкілері еркелей бұлғаңдаған қарақат көз апайларымыз қандай көп еді. Осы қолдың көз тартатын көркі солар сияқты.

Жер қайыстыра келе жатқан жұрттың ішінен:

— Балалар, ән салыңдар. Сендердей күнімізде бұлай жүрсек кешкі аспанды дүр сілкіндірер едік, — деді  бір қария дауыстап. Осы-ақ екен, көк өрім қол ду көтерілді.

Асқақтай көтерілген «Бір бала» әні кешкі ауаның мол мұхитында тұп-тұнық сарынмен толқындай жөңкіп бара жатты.

Талдан таяқ жас бала, ақау,

таянбайды,

Бала бүркіт түлкіден

аянбайды.

Угай-ай, ән салшы-ай,

бір бала-ай.

Қос етек бұраң бел,

Қуалай соғар қоңыр жел.

— О, бәлі, жастарың ұзақ болсын қарақтарым. Біз де осындай болдық-ау бір кезде.

— Болдық қой,— деді қариялар желпініп.

 

* * *

 

Байдың ауылы Текше жұрт деген жайлауында отыр екен. Түйіп тастаған ер тоқымды аттар ас пен тойдағыдай шыпырлап тұр. Бір болыс ел бір-ақ жиналыпты. Көз байланып қалған шақ, біреуді-біреу біліп болмастай ию-қию.

— Адасып қаласың, қасымнан бір елі шығушы болма, — деген тапсырма алдым.

Аздан соң боз атқа мінген біреу атой салып, бай ордасының алдындағы төбеге шықты.

— Уа, халайық, ойын көруге жиналыңдар. Ойын сонау қолқатқа тігілген ауаша үйде болады, — деп боз жорғаны санға сүртіп жіберіп, сол жаққа қарай тарта жөнелді. Әкемнен:

— Бұл кім, — деп сұрағанымда:

— Болыс, — деді.

Жұрт толқыны болыс кеткен жаққа лап қойды. Ойын болатын жер ауылдан ауаша көк майсалы жыра екен. Жыраның ішінде жартылай тігілген бір үй, оған мінгесе тігілген бүтін бір үй тұр. Ойын басқарушылар үйдің іші жарты жағынан түгел көрінердей етіп, жұртты сайдың табанынан төбенің басына дейін отырғызып шықты. Төмендегі сахна бірінен-бірі биіктей отырғандарға өте жақсы көрінетін түрі бар. Қызыл шымылдық ұстаған сахнаның ішіндегі алаулай жанған фонардың сәулесінен басқа айнала тас қараңғы. Сахнаның ішінен «Баянауылды» скрипканың мұңлы ішегі сызылтып, үзілтіп тартып кетті. Делебесі қозып кеткен жұрт түгел дерлік қозғалақтап, салмақтарын тың жамбастарына ауыстырып жатты. Киімді бір сыдырғы кербез киетін, ән мен күйге жаны құмар әкемнің сері інісі бар еді. Қарасам, сол кісі тымағын жамбасқа баса салып, томағасын тартқан бүркіттей жұтынып отыр екен. Бір кезде шымылдықтың алдына қала азаматтарынша киінген отыздар шамасындағы қазақ жігіті шықты.

—Кұрметті ата-ана, апа-қарындас, құрбылар! Сіздердің шымылдық ашылған соң көретін пьесаларыңыздың аты «Шұға» — деді ол,—пьесамыздың мазмұны:ақыл, парасатты, сүйкімді сұлу көркімен өз кезінде «мен»деген жігіттердің назарын тартқан Есімбек байдың қызыШұға туралы. Шұғаның тағдыры немен тынарын ойынбарысында көресіздер,— деп әлгіжігіт шымылдықтыңаржағына сүңгіп кетті.

Кешікпей шымылдық та ашылды. Сәнді жасалған байдың үйі. Белінде кіселі белбеу, қасқыр ішік киген бордақы бай Есімбек жастықта шалқасынан жатыр. Жұрт ду күлді.

— Ой, мынау біздің Өркенбай ғой, бәтір-ау.

— Жоқ, біздің Өтеген қажының дәл өзі, — десіп әр рудың азаматтары өз еліндегі байлар мен кажыларына жорып жатыр.

Оқиға зорайып тартыс жиілеген үстіне жиілей түсті. Басқа дүниені ұмытқан жұрт назары аядай сахнаның үстіне төнді. Әр көңілді, әр жүректі «япырай қайтер екен», «немен бітер екен», «Шұғажан Әбішіне қосыла алар ма екен» деген сұрақ кернеп барады. Әбіш Шұғаны ала-алмасқа, тоң мойын Қарасай ырық бермеске айналды. Бір кезде араға айлакер Айнабай, парақор пристав келіп килікті. Кешікпей Әбіш тұтқынға алынды.

— Ой қайран, Әбіш-ай.

— Жолың болмағыр Айнабай мен пристав-ай.

— Бәрінен де ана Есімбек малғұнды айтсаңшы. Кеселдің бәрі сонан тарап жатыр ғой, — деген дауыстар естіледі.

Жан жүрегі жаралы, нұрлы жүзін жаспен жуған Шұға «Баянауыл» әнін шерлене шырқап жүр. Сахнадан мұң мен зардың боранын үдеткен скрипка үні күшейіп барады. Әр жерден қапалы күрсінулер естіледі. Бұл күрсінгендер кімдер екен? Қара көзден жас қайнап, көкіректерін шер жайлап, сүйгендеріне бара алмай Қарасайларға қор болған қайран Шұғалар жоқ па еді, осы топтың ішінде. Бар болғанда көп еді, күрсінгендер солар ғой. Шұғаның осы тағдырын күні ертең өз бастарынан өткергелі отырған, барар жеріне наразы, қалың малдың құрығы түскен апаларымыз қарақат көздерінен жас моншағын мөлдіретіп сахнаға қарады да отырды. Бір кезде гүл ырғалған назды дәурен ғайыптың құсы болып бастан ұшып, тағдырдың жазуы ғой — жат жұбайдан ұл сүйдірген. Бұл күнде сол перзентін медеу ғып салқын тарта тоқтаған жеңгейлер күрсінбеген де не шара.

Өз бейнелеріне Есімбек пен Қарасайлар да, алааяқ Айнабайлар да қарасып отыр. Дәлін айтқанда, пьесада кімдер бар болса, көрермендердің ішінде әркім өз бейнелеріне қарап отыр. Ақыры Әбішке бара алмай қасіреттің уын ішкен қайран Шұға дүниеден қайтып, қаралы шымылдық жабылып бара жатты. Жұрт орнынан күрсіне тұрды. Үлкен айнаның алдынан тізіліп өткендей әркім өз өмірінің бейнесін көріп, жайлаудың қысқа таңы сарғайып атып келе жатқанда ауылға қайтты.

«Шұға» пьесасы шонжарларға ұнамай қалыпты. Отарбай деген біздің рудың бір байы кіжініп келе жатты.

— Мен бір діннің азбауына, халықтың тозбауына үлгі болар бірдеңе екен деп ойлап едім, өңкей бір ел арасына ірткі салуға шыққан әзәзілдер ғой мынауың. Ол қыз Қарасайдай жігітке бармағанда кімге бармақшы. Бұл не деген сұмдық. Қыздың атастырған жерінен бұзғанды, қойшыны қожайынға салып, кедейді байға қайрағанды жөн демек пе сонда!

Шұға туралы әңгіме сол күннің ертеңінен бастап, қай ауылға барсаң да ала жазға таусылмаған бір сүйікті хикаяға айналды. Шұғаның әнін қой баққан қойшылар, жылқы баққан жылқышылар, қыз-бозбала аузынан бір тастамайтын болды. Кейбір жігіттер актерлердін сөзін бастан-аяқ жаттап та алған. Біресе Есімбек бай, біресе қойшы бала Базарбай, Шұға, Әбдірахман болып, бар рольде бір өзі ойнайтындар шықты. — «Театр» деген «күлкілі» деген мағанаға ауысып, біреу бір күлдіргі сөз айтса:

— Жаным-ау, мынау бір театр ғой, — дейтін болды жұрт.

Артынан сұрастырсақ рольдерде ойнаушылар кілең ерлер. Шауешек қаласындағы гимназняның мұғалімдері мен оқушылары екен. Бірақ сонда осы пьесаның авторы кім, қайдан шыққан, өзінен-өзі болған табиғи бір нәрсе ме, бұл жағын ешкім де сұрамапты ғой. Ойнаушылар айтпапты да. «Театр» деген сөздің өзін тұңғыш естіген сәби ел оны адам жазатынын, адам болғанда талантты автордың қолынан шығатынын қайдан білсін!

Түңілігі тарс жабулы түнек дүниесінде, көшерін жел, қонарын сай білген қалың елдің тұңғыш сахнасына шұғыласын шашқан сол «Шұғаның» авторы — сүйікті Бейімбет екен ғой.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

ЖЕҢЕШЕМ

 

 

Жолаушы поезы қап-қара меңіреу түн қойнына қарай сүңгіп барады. Мен көпшілік вагонының үстіңгі сөресінде жатырмын. Жұрт тегіс ұйқыда. Сірә, мен ғана ояу шығармын. Пысылдаған демдер, тұрпайы қорылдар естіледі.

Көзімді жұмсам, көкірегіме сәуле беріп, өткен-кеткен күндер еске түседі…

 

 

* * *

 

Кәдімгі өзіміздің үй. Орта бойлы, аққұба келіншек бота көзі мөлдіреп, айна алдына барды. Жұп-жұмыр белін, тоқ балтырын көріп жатырмын. Кенет ол ақ маржан тістерін көрсетіп күліп жіберді.

— Көз майың таусылмай ма, Інітай (Ол мені осылай атайтын).

— Неменеге, жеңеше.

— Ой, қу. «Неменеге…». Жас бала біреуге сұқтана қарай ма екен. Сіз маған «біреусіз» бе, жеңеше.

Ол маған жас төгуге жаралғандай жаудыр көзін қадап үндемей қалды. Аздан соң мұңлы бір үн қатты.

— Сен ағаңа ұқсамашы, күнім…

Бетім өрттей жанып, жүрегім қатты-қатты қағып кетті. Ол сезе қойды.

— Көңіліңе ауыр алып қалдың ба? Мен сені ағаңа сатпаймын. Сенің жақсы жігіт болатыныңа сенемін, күнім. Кітапты көп оқитыныңа қуанамын,    мен әншейін, ағаңа…

Үні қалтырап сырт айналып кетті.

…Міне, біздің үйдің сондағы бақытты бір күні көз алдыма тағы елестеді… Жеңешем ап-арық апамның мойнына бар салмағын салып асыла кетті.

— Ойбай-ойбай, жаншыдың, жынды құрғыр!

— Апатай, ауыр ма екем? — Ол балаша мәз болды.

— Жеңіл екенсің, жынды неме. О, несі-ей, өгіздей болып асыла кеткені.

Жеңешем сақ-сақ күліп апамнын бетіне бетін басты.

— Күнім, апатайым, кешірші…

Апам үндемеді. Жеңешемнің, ойыны тағы тасып кетті.

— Кешіресің бе, деймін. Айт жылдам, әлде, тағы да ма.

Апамды жұлқылай бастады.

— Иә-иә, жынды құрғыр, — деп апам күлді.

— «Иә-иәңді» қой, «Кешірдім» де!

— Кешірдім, кешірдім.

— Жаңа жөні келді ғой.

Не ғажап! Көңілі тасып жүрген бір жан. Ол мұнымен де қоймай, тып-тыныш кітап оқып жатқан мені бассалды.

— Қоясың ба-ей, қу зәлім, жоқ па.

— Нені, жеңешетай. Ойбай-ау, нені қоямын.

— «Нені» деуін мұның. Біреу айна алдында жөнделіп жатса, кітап оқыған болып отырып, көзіңнің астымен қарауды.

— Оңбайын әдейі қарасам. Әншейін байқаусыз да көзім түсіп кетеді…

— Қарашы қуын!

Ол ап-арық тыртиған қабырғама кіп-кішкене күшті жұдырығын батырды-ай келіп.

— Араша, апатай, араша. Өліп барам. Жүгір-жүгір!

— Қойсаңшы енді, жынды шіркін. Ержеткен соң бұл да сені оңдырмайды ғой, — деп апам араға түсті.

— Иә-иә! Бұл өсуші ме еді. Өспейді!.. Уһ, дүние-ай, бір жадырап қалдым-ау, — деді тұрып бара жатып.

Ол жұмысына кеткен соң:

— Осынша ерке өсірген кім екен шіркінді. Жарқылдайды да жүреді. Зерігеді ғой бұл үйден. Ой, жалған дүние-ай. Біздің маңдайымызға симайды    ғой бұл, — деп күрсінер еді апам.

 

 

 

* * *

 

«Аға!

Сен жеңешемді қандай жәбірледің? Оның уыздай тамағынан сенің дөрекі саусағыңның таңбасын талай көрдім-ау. Ол соққыға жығылып жатқан күні, табақтай сары бетіңнен түгің шығып, таңертеңгі шайды түк болмағандай сіміріп отырар едің. Мен сені осы кезде жойып жібергім келетін. Амал не, кішкентай көкірегімді ыза, кек жарып кете жаздап, үй артына барып еңірейтінмін.

Бұл, бұл ма. Жеңешемнің қолаң шашынан жыртқыштай бүре кетіп, сүйрейтінің көз алдымнан қайтып кетер екен? Шырқырап кеп араға түскен апам екеумізді жаулық құрлы көрмей, екі жаққа теуіп жіберетінің есімнен қайтып кетер екен!

— Маған «қызбын» деп тидің ғой. Сөйтсем, сен үйіңде бала тапқан сайқал екенсің ғой, — деп тепкілеп едің сен оны.

Шіркін-ай, сен осындай қорлап, жәбірлегенде бірауыз былапыт сөз айтпады ғой. Ол сонда сенен түкте қорықпайтын. Не ғажап! Маған осы керек, осындай хайуанның тепкісі керек дегендей сыр білдіретін.

Иә, ол кемесі күйреп жағада қалған жалғыз теңізшідей, сондай бір бақытсыздыққа ұшырамаса, сені не қылар еді. Иә, сонда сен өзің қандай адам едің. Колхоздың кассасына қасқырша шауып, бес жылға айдалып келген зиянкес едің ғой. Содан кейін де қараңғы жолдан бір шықпаған, арсыз маскүнем, алаяқ саудагер емес пе едің. Біз сенің анау қара чемоданыңа не әкеліп салып, не алып кететініңді білмейтінбіз де. Оның кілті сенің бықсыққа толы көкірегіңнің кілті сияқты болатын».

…Жеңешем біздің үйде көп тұрмады. Біз ұлардай шулаған түннің бірінде көзден ғайып болды. Сол күні таңертең біздің үй өлік шыққандай үңірейіп тұрды. Апам сорлы жылауға дәрмені келмей «Аһ» ұрып қаусап қалды. Бұрыңғы көкірек ауруы күрт қабындап, күшейіп кетті. Оның көз жанарынан жалғанның жарық оты сөніп бара жатқан тәрізденді. Ұзаған жоқ. Осыдан он бес күн өткен соң-ақ дүние салды.

Иә, қайран апа! Саған бұдан ары жасаудың да керегі жоқ еді. Әке Отан соғысында қайтыс болды. Одан кейінгі көрген қызығың мынау болды. Мен ержетіп көсегеңді көгерткенше, жер тістеп бағатын едің. Сен омырауыңды қанша ашып, ақ сүтіңді қанша ағызсаң да анау өгейлігін істеді.

Апам жерленген күні түнде ағай екеуміз құты қашқан қонақ үйде бейуақытта жолыққан жолаушыдай үн-түнсіз бір түнедік. Таңертең өзіме тиіс киім кешегім мен жиған кітаптарымды буып-түйе бастадым. Интернат-пансионға бармақшымын. Кете алмай, көкірегім қан жылап, апамның жатаған темір кіреуетіне қарай бердім. Анау бейне сары жолбарыс сияқты бедірейіп төсегінде жатыр.

Дірілдеп-қалтырап тұрғанымда, есіме апамның жүзігі түсті. Оның кішкентай қобдишада жататынын білетінмін. Қобдиды ақтардым. Білезік, сәлкебай, алтын жақ, оқа-зер, түлкінің пұшпағы, құндыз терісінің қиындысы —ылғи көненің көздері—апамның келіншек кезіндегі мүліктері. Апам: «ісмер болғамын» дейтін. Мен онысын білмейтінмін. Несін жасырайын, мен апамның қызынан туған бала едім. Шешем менің «кесірімнен» қайтыс болыпты. Мұны өткен-кеткенді есіне алып, жылап отырып өзі айтқан. «Қызым айдай сұлу еді» дейтін. Мен сол сұлу апамды көргім келіп қатты зарығар едім…

Жүзік қобдидың ең түбіндегі бұрышта ақ шүберекке түюлі жатыр екен. Төрт бұрышты мөр сияқты. Үстінде арабша ойып жазылған жазуы бар. Мұны апам: «Қызым Айкүміске» деген сөз, деп түсіндіретін. Әкесі алтын-күмістің зергері болыпты. Қызының атын Айкүміс деп қойғаны да сонан болса керек. Екі көзімнен жас парлап:

— Аға, мынаны аламын, — дедім.

— Ала бер! — деді ол гүж етіп.

Мен буыншағымды арқалап шығып кеттім. Шіркін жеңешем қайда кеттің екен. Болмағанда он бес күн шыдай тұрсаң нетті. Өмірімде бір іздеп табармын. Бірақ қашан, қандай күйде кездесер екенбіз!

 

 

 

* * *

 

Жеңешем өткір мінезді, шадыман көңілді қыз екен кезінде. Өз ауылының Шолпаны — ән-думаны, ойын-сауықтың гүлі, ата менен ананың ақ ботасы болыпты.

…Уақыт июнь айының іші. Толған ай колхозды ауылға жомарт шұғыласын төгіп тұр. Бақа шулап, өзен сылдырап ағып жатыр. Табиғат маужырап, қалғып қалған Ауыл шырт ұйқыда. Шілік талдың арасынан қалтырап шыққан үн, шөпілдескен сүйіс естіледі.

— Маған сенбейсің бе, Шолпан.

— Неге, жаным, саған сенбегенде кімге сенейін. Тек әйтеуір ата-анам мен жұрт алдында…

— Міне, сенбегенің осы емес пе. Жарайды… Қош онда. Әлдекімнің кетуге айналған аяқ дүбірі естілді.

— Сенемін. Сендім, міне. Жаным, қорқытпашы мені…

—А, онда рахмет, Шолпанка.

Тағы да от-жалынды құшақтар, тағы да шөпілдескен сүйістер…

— Осы академиялық отпускам бітісімен, июль аяғында келіп алып кетем.

— Шын ба, жаным. Мен де сіздер сияқты астанада ойнап-күліп жүрер ме екем!

— Әй, колхозницам-ай. Көзбен көріп, қолмен ұстамасаңдар сенбейсіңдер-ау! Менің Алматыда «ДТ-54» тракторындай жездем бар. Әпкей: «Әйда, тарт» деп бір қалсын. Қанша масыл болсаң да қалай сүйрер екен. Ха! Ха!..

— Жоқ, Марат. Мен ешкімге де масыл болмаймын. Кісі арқасында күн көруді жаным жаратпайды. Сен мұны қалай айттың маған.

— Ну, Шолпашка, қойдым. Ешкімге жалынбасақ, тіпті жақсы.

Мен консерваторияға түсем, иә, Маратик.

— Шолпан! Мен сенің онда оқуыңды қызғанамын.

— Жаным менің…

— Шолпанка! Тыңдашы, қарашы. Қандай ғажап табиғат, неткен әсем дүние!

Айлы аспанда қаз бауыр бұлт қалқып барады. Өзен бір былдырлаған сәби үнмен сөйлеп жатқандай, махаббатты қошаметтеп жырлап жатқандай. Таяудағы көл жақтан қанатымен су сабалап, аққудың сыңқылдаған үні естіледі. Ай шұғыласы шілік талдың арасынан шашырай төгіліп тұр. Ой, дүние-ай, махаббаттың желіктері ғой бұлардың бәрі де. Бота көзден мөлдірей шыққан екі тамшы акша жүзде жылжып бара жатты.

— Маратик… Жаным… мен бір түрлі… Шалғынның жапырыла судырлаған сыбдыры естілді.

 

 

 

* * *

 

…Қыс өтті. Апрель айы туды. Жадырап дүниенің жазы шықты. Тұла бойы тұтас иіп дала жатыр. Арт жағына қара жал толқын тастап тракторлар барады. Аспанда қиқулаған тырналар. Жерде қара толқынның жалына жармасып, ұзақ қарғалар жүр. Тағы да күн батады. Колхозды ауылға желініне сүт теңдеп өңкей мама сиырлар келеді. Әрбір үйдің алдында күріп-күріп дыбыс естіледі.

Түн. Қою түн. Бағана басынан шырқалған ән мотор үнімен ұласады. Осындай түнде Арыстанбай қарттың үйі неге мұңды. Төр алдында қарт неге бүк түсіп жатыр? Балжан шешейдің алдындағы қызыл шақа нәресте неге сонша шырқырайды? Олқұрттай саусағын шөпілдете еміп, сәтке уанады. Тағы жылайды.

Бар аптада адам осынша қартаяды екен ғой. Балжан шешей қуыршақтай болып шөгіп кеткен. Нәрестенің кеудесінде жатқан қағазды бетіне басып, қарт денесі селк-селк етіп еңіреп отыр.

«Мамам мен папама хат!

Қос мамаңды сәби қолыммен қос қолдап ұстап емгемін, мама! Өмір мен бақыттың бетіне қарап талпына күлгемін, мама! «Аспандағы айды алып бер» деп сені әуреге салғамын, әке!

Күзгі таңға күзетшідей көз тігіп, зарығып мені көргенде атымды «Шолпан» қойыпсыңдар. Маған ғаламдағы ең жарық жұлдыздың атын қойғанша, жер жәндігінің атын неге қоймадыңдар екен? Онда мен мұндай масқараға тап болғанша, топырақ…

Қош, мама! Қош, папа! Әйтеуір тірі екенімді ұмытпассыңдар.

Бейшара қызың, Шолпан».

Поездың көпшілік вагонында екі тәулік бойы құсша қонақтап отырған қыз бір сәт ұйықтап кетті. Осыдан ол қанша сағат ұйықтағанын да білген жоқ. Жұрт тамақ ішетін столдын үстіне қос білегін маңдайына жастық қылып ұйықтай берді.

— Жолаушылар, Н. станциясына келдіңіздер, — деген дауыстан шошып    оянды. Ол оянғанда білегіндегі сумкасы жоқ болатын. Бетін басып еңіреп жіберді. Әлде кім оның қолтығынан демегендей болды.

— Сірә, айрылып қалғансыз ғой?

Сөйлеуге тілі келмей, әлде бір мейірімді жандардан шапағат іздегендей, табақбет сарының иығына басын сүйей берді.

— Сумкам, паспортым, аттестатым, ақшам… — деп егілді.

— Ой, әттеген-ай! Қарындас, қиын жағдайда қалған екенсің. Қайда бара жатыр едің?

— Алматыға бара жатқам. Енді маған бәрі бір…

— Болар іс, болған екен. Қайғырғанмен не шара. Менің үйім осыстанцияда. Кәзір түсемін. Көк тиынсыз қайда барасыз. Үйге жүріңіз, есіңізді жи. Әйтеуір «бәрі бір»болса, осында жұмыс істей тұрарсың. Бұл жақсы станция.

Ақыл-санадан айрылған бейшара қыз басы емес, аяғы бастағандай ере берді.

…Ол біздің үйде келін болып жүргелі он шақты күн өтті. Бір күні түскі шай үстінде:

—Оқуды жақсы бітірген едім. Бәрінен де аттестатыма ішім удай ашиды. Он жылдық өмірім зая кетті,—деп қамығып көзіне жас алды.

Менің арсыз ағайым шалқалай кеп күлмесі бар ма. Бейне жау түсірген бір жеңімпазша масаттанып, орнынан ырғала тұрып, құпия қара чемоданын ашып жатты.

—Сондағы сумкаң мынау емес пе еді. Ха! Ха!..Бауы қиылған жып-жылтыр қара сумканы тастайсалды.

Ол, сумканы ерекше жылпостығын көрсетпекші болып алып берген еді. Өзінің аса зұлым екенін әшкерелеп алғанын сезген де жоқ. Шолпанның өңі құп-қу болып, сумкаға бір, анаған бір қарай берді.

Өзінің кімге кез болғанын сонда ғана сезіп, анау кеткен соң төсекке жатып алып, іші-бауырын басып, солқылдап ұзақ жылады.

— Қоя ғой, күнім. Мұнда да қор болмассың. Ақ майымыз сенің аузыңда асылымыз сенің үстіңде болсын. Жей қойшы, құлыным, — деп апам    қолына конфет ұстатып әлек болды.

Адам қайғының үстінде де күледі екен ғой. Жылап жатқан Шолпан жымиып күлді.

— Қайран апа! Менің бұл қасіретімді конфет қайдан жұбатсын. Қояйын, қоймасқа шарам кәне. Сіздің осы ақ жүрегіңіз медеуім болсын. Кел, Інітай, апамның конфетін бөліп жейік, — деп жаспен буланған дидарын сумен жуып жаныма келді.

Бұл күнде бордай тозған біздің үй, шіркін-ай, жайнап қоя беріп еді-ау сонда.

…Заулап бара жатқан өмір ғой бұл. Сонан бері бес жыл өтіпті. Аттестатымды қолыма алып, оқуға қай қалаға тартсам екен деп жүргенде, күтпеген қуанышқа тап болдым. Газеттен жеңешемнің суретін көрдім. Оны көргенде түтіні өшкен біздің үй, ғазиз апам елестеді көзіме. Өзіме-өзім ие бола алмай интернаттың иен бөлмесінде жас толған жанарыммен қарап отырмын. Ол маған: «Жылама, күнім. Мен қазір бақыттымын» деген сияқтанады. Бақытты бол, айналайын жеңешем. Өңінде ондағыдан гөрі толысқандық, парасатты ана болғандық бар.

Несін жасырайын, көкірегімді бір ыстық жалын шарпып өтті. Тіпті мен оны ешкімге де қимайтын сияқтымын. Суретінің астына: «Алматы № 1 тігін фабрикасының озат тігіншісі, Коммунистік еңбек бригадасының мүшесі — Шолпан Арыстанбаева» деп жазыпты газет.

…Міне, мен сені іздеп келе жатырмын, жеңеше. Телеграммамды алуын алдың ғой. Мені қарсы алар ма екенсің?

Кім біледі. Менің көңілімде күдік бар. Адам деген өзгеріп отырады. Кешегі ақылдылық бүгін ақымақтық сияқтанады. Кешегі аш қарын бүгін тойынады. Кешегі жарадан із қалмайды. Тозбайтын, ескірмейтін нәрсе жоқ. Тек жақсылық тозбайды. Ал, ол біздің үйден өмірі көрмеген қорлықты көріп қашып құтылған адам ғой. Бар болғаны осы. Мен оның кімімін? Мен бұған жауап бере алмаймын.

Мейлі, жеңешем қарсы алмаған күнде де, мен Алматыға оқуға бара жатырмын ғой. Несіне қысылам…

Тепловоз бар күшімен айқайлап-айқайлап жіберді: келдік білем…

— Жолаушы азаматтар, Алматыға келдіңіздер. Үміт пен күдік қабат арпалысқан жүрегім аттай тулап, чемоданға жармаса бердім. Состав сом денесін бір солқ еткізді де, «уһ» дегендей тұрып қалды.

Келушілер, қарсы алушылар… Платформа адам нөпірімен қайнап кетті. Жалғыздық пен жарлылықтың көзге шұқитыны нақ осындайда екен ғой. Қауышқан құшаққа, сүйіскен ерінге қарап тұрмын қақшиып.

Ақ машина, көк машина, шахмат қабырғалы сұр машина, трамвай, троллейбус… Менен басқаның бәрін орталыққа қарай әкетіп жатыр. Платформа, перрон сиреп қалды. Осынау тас алаңда сүмірейіп жалғыз мен тұрмын.

Япырау… Жоқ, сол… Жеңешем ғой! Сәнмен киінген толық, бота көз, аққұба әйел, күлімсіреп келе жатыр.

Ай-шай жоқ, мойнымнан құшып жылап жіберді. Мен де еңіреп, егіліп кеттім. Өткен күн, зар шектірген уақыттар сүреңсіз бояуымен көз алдымнан өтіп жатыр, Бір кезде ғана ол иығымнан басын көтерді.

—Қой, күнім. Мен әйелмін ғой. Азамат адам жылайма екен? Қайта мені уатып, жұбатпайсың, ба? Кешіккемжоқ, дәл келдім. Бірақ кісі азайсын, екеуіміз қалайда өстіп жылаймыз ғой деп күтіп тұрдым,— деп жарқылдай күліп маңдайымнан сүйді.— Түу, Інітай, өзің қандай дәу жігіт боп кеткенсің. Ал апам қайда, неге келмеді? Мен тамағыма келіп қалған жасты қайта жұттым.

—Апам… апам… Міне, жеңеше.

Қалтамнан күміс жүзікті алып бердім. Ол теріс айналып кетті.Жауырыны селкілдеп ұзақ тұрды. Бір кезде ғана өзіне-өзі келіп көзін сүртті.

— Есіңде ме, Інітай, апамның маған конфет беретіні. — Екеуміз де күліп жібердік.

— Енді апаң да мен, әпкең де мен. Бар әңгімені барған соң айтармыз, үйде екеуімізді менің күйеуім, сеніңжездең күтіп отыр. Жүр, күнім, үйге барайық.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

КӨКЕ

 

 

Көз жанары тайған, құлағы да естмейтін, зор денелі ақ кемпірді: — Анам Айкүміс, — деп таныстырды жолдасым. Кемінде жетпіс жасқа келген шығарсың-ау, қайран ана. Бір кезде оқалы камзол, үкілі камшат бөрік киген Айкүміс атты қыз еді десе, кім сенер бұл күнде. Сенбейді ғой, сенбейді.

— Жеңешең Зейнеп. Мінезі тым қиын әйел. Бізге бұл кісіні көп жағдайда Зейне деп атауға тура келеді, — деді зайыбын меңзеп, — ал енді өздерің танысыңдар.

Қызыл шырайлы биязы әйел ұялыс тапқандай күлімсіреп:

— Қойсаңшы. Бұл кісіні балалармен теңестіресің бе, — деп еріне жарасымды наз тастады.

— Келіңіз Зейне, танысайық.

— Сізбен танысудың өзі ұят қой. Мен тіпті Насыр арқылы сіздің өмірбаяныңызға дейін білем, — деді Зейне.

— Рақмет онда.

— Мынау үлкенім Әзиза. Төртінші класта жақсыоқиды.

Жолдасымның өзінен аумаған: ұзын сирақ, әдемі қой көзді, қырмұрынды ақ қыз риза назарымен әкесіне жалт етті.

Осы кезде төрт-бес жаста ғана, дөңгеленген кекілі бар, тұмсығы  қоңқақтау қоңырқай бала «ендігі кезек менікі ғой» дегендей жалт-жалт етіп қарап тұрды.

— Бұл баланың жөн-жосығын өзінен сұраңыз, — деді жолдасым ырғақты үн қатып.

— Атыңды айтшы, күнім.

— Сейітәкпар Насырұлы. Сережа деуіңізге болады, — деді ол тап үлкен кісіше салмақтанып.

— Е, е, Сережа деген сен екенсің ғой… — әкесіне ала көзімен бір қарап өтті.

— Сережа деп кім атап жүр сені?

— Таня.

— Е, Таня де…

— Сережа, кел айналайын, танысайық. — Мен оның қоңырқай маңдайынан сүйдім.

— Мен де, — деді. Мен еңкейдім. Ол да жұп-жұмсақ ернімен бетімнен шөп еткізді.

— Енді сен бұл кісіні көке деуің керек. Ұзақ уақыт шетте жүріп келген папаңның інісі болады бұл кісі, — деп ұқтырды мамасы. «Рас па» дегендей жалтылдап маған қарады.

— Рас, күнім. Папаң екеуміз бірге туысқан жігітпіз.

— Көкем, көкем, — деді айналып, кішкене білегімен мойнымды қысып-кысып қойып, бетіме-бетін басты.

…Досымның үйінде жадырап, жайланып жүріп жаттым. Бір бөлмесін маған босатып берген. Зейне тіпті бұл бөлмені өзіндегі бір «асылдармен» безендіріп тастады. Әдемі Бұхар кілемі де менің тұсыма ілініп, кішкене хрусталь графин, қызыл күрең гүл құмыраға дейін менің столымның үстінде тұрды.

Сейітәкпар «Көкесінің» үстіне кірмеуге, тіпті бір қиын-қыстау жағдай бола қалған күнде есік қағып кіру туралы жарлық алды. Ол мұны көзі бадырайып, қылмысты істер жайлы үкімет заңын тыңдаған күнәкәрша тыңдады. «Мынау тым қаталдық қой, көке» дегендей маған қарап жалт-жалт етті. Менің тарапымнан да ондай бір жылылық байқай алмай ақырын күрсінді.

Зейне менің бөлмемнің қабырғасына каленьдарға дейін іліп болып:

— Ал, жігітім, келін кіргізу міндет сіздікі, — деді.

— Үй дайын болды, келе бер дейін бе?

— Тартынбасын. Тура әскерше басып келсін.

…Төрт бөлмелі үйде күндіз Айкүміс әжей мен Сережа деген мықтымыз қалады. Бала үшін әжесінен қамқоршы кім бар, әжесі үшін немересінен ыстық кім бар. Байқасақ, біз кеткеннен кейін дүниедегі ең тату-тәтті осы екі пенде де жаман қақтығысады екен. Қу бала әбден мезі қылған кезде:

— Әкеле ғой, құлыным. Сені ойнатпай не қылайын. Көшеде сайтанша шауып жүрген машинасы түскір басып кете ме деймін де. Таяқ пен кәлөшті әкеле ғой, қарашығым, — дейді екен әжесі.

— Қақпадағы құлыпты ашасыз ба? (Сейітәкпар ешқашан да «сен» деп сөйлеуді білмейтін).

— Ашайын, қарағым, ашайын. Ой, дүние-ай.

— «Құдай біледі» деңіз.

— Ту, мына бар болғырдың қылығы-ай.

Әжесі сөзінен тайып кетпесіне көзі жеткеннен кейін барып, қораның ішіндегі алма ағаштардың аржағындағы анау ала-боталардың арасына апарып тастаған таяқ пен галошты алып келетін көрінеді.

Бір күні түнгі кезекте болдым да, күндіз үйде едім. Өз столымда жазып отырмын. Сейітәкпар коридорда ары жүрді, бері жүрді. Біліп отырмын маған келгісі, менің қасымда болғысы, ананы-мынаны білгісі келеді. Есіктің жармасынан сығалап тұрғанын да сезіп отырмын. «Япыр-ау, бұл шынымен-ақ байқамай отыр ма» дегендей жеңіл-желпі жөтелістер жасап көрді. Үндемеймін, бұдан ештеңе өнбейді. Енді қатты жөтеліске басты. Маңайымда кісі жөтеліп тұрғанды қойып, тіпті шыбын ызыңы білінбегендей қағазға шүйіріле түсемін. Ақыры, төзімі жетпеді, білем, «тық-тық» еткізіп есік қақты.

— Бұл қайсысың, әй?

— Мен ғой, көке.

— Кір онда…

Кірерін кірді-ау, айналайын, өзін қоярға жер таба алмай сипақтап тұрып қалды. Жүрегім елжіреп-ақ отыр. Бірақ әңгімені осымен аяқтауға болар ма.

— Иә, неменеге келіп едің?

— Оқитын кітабыңыз бар ма, көке?

— Бар. Мә, әзірше мынаны оқи тұр.

Ол кітапты сыр берместен алып шығып кетті. Енді оның есігінен мен сығаладым.

Төр алдында етбеттей түсіп жатыр екен. Есікті ашып тұрған мені байқап қалып кабақты әлгіндегі менен де әрман түйе түсті.

— Е, Сейітәкпар, бұл кітапта не деген екен, — дедім жанына келіп.

— Айтпаймын.

— Айналайын, айтсаңшы, — деп көріп едім, бас шайқап жолатпады.

— Папаң мен мамаң сұраса да айтпағаның ба?

— Ешкімге де айтпаймын.

— Онда болмайды екен. Жүр онан да магазинненшоколад алып жейік.

Ол күліп жіберді. Бала үшін ең қиыны «р», «л», «ж» әріптері ғой. Сейітәкпар мұның біреуіне мүдірмей өзімізше тақылдайтын. Екеуміз көшеге қарай шығып келеміз.

— Сіз қызметтен келгенше сағынып жүрем ғой, көке. Таня екеуміз қарай-қарай әбден зарығамыз. Ал Таня сізді көрді болды, үйіне қарай қаша жөнеледі.

— Неге үйтеді, ә?

— «Ұялам» дейді.

— Ғажап екен.

— Ол айтады: сенің көкең көп, менің көкем жоқ, — дейді. Сіз оған да көке болсаңыз қайтеді,а, көке?!

— Сенен де көкелігім үшін айлық алып жүрген мен жоқ қой, болайын, — дедім. Танауы тарбиып бетіме жалт қарады.

— Шын ба, көке?

— Шын, Сережа.

— Онда мен…

Аяғын айтуға мұршасы болмай көршіміз Иван Матвеичтің қақпасына қарай жүгіре жөнелді. Бейне бөденеше құлдырап барып калиткаға қойып кетті де, жалт етіп бір қарап, әрі қарай жоқ болды.

Бұл июньнің іші ғой. Көшелерге жап-жасыл шымылдық құрылғандай. Ақ қайың оның ішінде тұрған жас келіндей. Тек әр жерден жалаңаш ақ балтырлары ғана көрінеді. Қорадан көшеге қарай асып түскен алма ағашы бұтағының ақ гүлін құмарта иіскеп тұрмын.

Әне, кішкентай үкі бас сары қыз бен менің коңырқайым екеуі есіктен шықты. «Көмбеге» (маған) қарай ұшып келеді. Дес бергенде екеуі қатар жетіп, Сейітәкпар оң аяғыма, Таня сол аяғыма кеп жармасты.

— Менің көкем.

— Мой, көке мой, — дейді Танюша кішкене білегімен балтырымды қысып-қысып қойып. Алдымен алтын шаш, сеп-семізше, аузы оймақтай Танюшканы, онан соң марқа қоңыр қозыдай Сейітәкпарды көтердім. Екеуі иығыма шығып алып, енді менің басыма таласты.

— Менің көкем.

— Көке мой.

Жүрегім екеуіңе де жетеді ғой, жандарым. Маған неге таласасыңдар? Бірақ «көке» емес, «әке» болудың да реті келіп еді. Сендердің зәулім әпкелерің де… Не ғажап, өзгені қойып өзіміз де түсінбейтін, әйтеуір махаббат пен бақытты қақпайлап жолатпайтын желкемізде бір қырсық бар, күндерім.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

КВАРТИРАНТ

 

 

Болат үйленген күннің ертеңінде қалалық тұрғын үйлер басқармасына барған.

— Ағажан! Оқу бітірдік, қызметке шықтық, тұрмыс құрдық, енді бізге үй керек.

— Құттықтаймыз шырағым, құттықтаймыз, бәрі де жақсы болған. Әлі үй де болады, бәрі де болады. Өтінішқалдырып, тізімге тіркел де, қызметіңді атқара бер. Кезегің келгенде өзіміз шақырып аламыз, — деді басқарма бастығы.

— Десе де, қанша күтер екем? — деп сұрады Болат.

— Үш жылға жетпес.

— Ұзақ қой…

— Сізге, әрине, ұзақ көрінеді. Өйткені сіз бір Болатты білесіз де, біз мың Болатты білеміз ғой, — деп бастық Болатты арқаға қағып әзілдей күлді. Бірақ бұл сөз оны жұбата алмады.

— Ағажан-ау, дәу-дәу үйлер салынып жатыр. Көшеде кетіп бара жатып құжынаған бөлмелерді көреміз. Соның кішкентай ғана бір бөлмесін бере салсаңыздар неге болмайды? — деп қайырмақтады Болат. Мұнсыз да жұмысы жетіп жатқан бастық шарт кетті.

— Сен енді басымды қатырма, айналайын. Қазақша сөзді қалайша ұқпайсың? Үй саған: «салын» дегенде салына кетіп, «беріл» дегенде беріле қалатын сиқыршының жұмысы емес қой. Әлден өз мүддеңді дәлелдегенде алдыңа жан салмайсың. Үй берудің қоғамдық ережесі бар. Сен мұны түсінуге тиіссің.

Міне, осыдан бері бұл мекемеге өкпелі болатын Болат. Қашан: «міне үйің, кешірегөр шырағым» дегенше, бармақшы емес.

…Болат таңертеңнен бастап кемінде жүз үйдің есігін қаққан шығар, кейбіреулер бір бөлмелі үйінің айлығына 30 сом сұрады. Бұған ыза болғаны соншалық:

— Сізді: «Қорқау деген осы» деп зоопаркке апарып қойса жөн шығар, — деп булықты.

Түс ауа терезе-есігін, шатыр карнизін жасыл сырмен бояп тастаған дәу үйдің ауласына кірді.

Көрген жерден-ақ жолбарыс жонды, қасқыр құлақ овчарка әлегі аспаннан келе ұмтылды. Жырта қарыс қап-қара езуінен сояудай тісі сақ-сақ етіп, құтырына арсылдады. Жап-жалпақ жотасын тарбита келіп жұлқынғанда, шынжырды үзіп кетердей болады. Сірә, иесінен басқаның бәрін «тонаушы» деп ұғатын түрі бар. «Қақ маңдайдан басып салар ма еді» деп, Болаттың зығырданы қайнады. Үйдің қоңырауын басып тұр.

«Ес кетіп, жан шыққанда» дейтін шамада үйдің ішкі ілгегі сылдырлады-ау, әйтеуір.

Көзінде қоңыр тас көзілдірігі бар, бурыл шашын кірпі етіп алдырған толық денелі адам, үстіне ала жібек халат киіпті. Мұрт орнына сұқ саусақты тушка батырып баса салғандай толық қара ноқат тұр. Осынау тас көзілдіріктің ар жағында қандай көз жатқанын кім білсін. Болаттың сол көзді көргісі келеді. Ал, ол көз жас жігіттің бас-аяғын тінткілеп барады. Бұл адамның әжім басқан бет-әлпеті дүниенің картасына ұқсас айғыз-айғыз екен. Өңінен бар нәрсеге енжарлықтың лебі еседі.

— Жігітім, не шаруаң бар?

— Пәтер іздеп жүр едім…

Осы сөзді тамағы кебірсіп, қалайша жаншылған үнмен айтқанын Болаттың өзі де аңғармады.

— Үйге кірейік.

Бұлар әуелі верандаға кіріп, коридордан өтті. Бұдан әрі екі бөлмеден өтіп, терезесі күнгей жақтағы үшінші бөлмеге кірді. Үйдің іші бұқар кілеммен орап тастаған. Үлкен шар айнаның қарсысындағы креслоны емін-еркін толтырып, қара помбарқыт көйлек киген аппақ семіз әйел отыр. Болатқа бас изеп жай амандасты. Барлық қимылында паңдық бар. Тоқпақтай білегінен алтын сағат шілбиіп көрінеді. Көзілдірікті адам әйелмен қатар тұрған креслоға көміле кетті. Оның тек төбесі ғана қылтияды.

Болат бұлардың қарсысындағы орындыққа бейне жауапкерше барып отырған. Ортада жасыл мақпал жамылған емен стол тұр.

Неге екені белгісіз, Болаттың бүйрегінен күлкі түртті. Өзін «Мың бір түндегі» Шаһризада мен Қаншаның алдында отырғандай сезінді. Көзілдірікті адам бір кезде ыңыранта сөз бастады:

— Жеңгең Мария деген кісі. Үйді пәтерге қою, яки қоймауды осы кісі басқарады.

«Сөйтемін» дегендей Мария сәл қозғалып, ишарат білдірді.

— Аты-жөніміз Мұқан Арғынбайұлы Арғынбаев делінді. Бұрын трескедейін барыпедік. Қазір… Жайазық-түлік магазинінің замдиректоры болып істейміз.

Әлгінде Болат ауладағы гараждан жасыл «Волганың» тұмсығын көріп қалған. «Иә ондай сорлы көрінбейсіз…» деп ойлап отыр.

—Кейде ашу шақырып кететін мінезім бар, шырағым. Нервім қажалған адаммын. Жыным ұстағандамына отырған алпамсадай ағаңды шөжедей қып, жұмыртқаның ішіне қуып тығамын. Солай емес пе, Мұхан?

—Да… да!

Болат Арғынбаевтың бетіне көз қырын тастап, күліп жібере жаздады. Көзіне жұмыртқадан шыға сап, зыр жүгіретін шөже елестеп кетті.

— Маған, шырағым, ең абзалы қарсы келмеу. Қарсыкелмесе болды,    артынан өзім жайылып сала беремін.Солай емес пе, Мұхан?

— Да-да… Мұның өзі, бауырым, нақ солай адам. Тілін ұға білсең болғаны.

Арғынбаев қатар отырған Марияның тізесіне ақырын ғана қолын қойды.

— Өзім бүгін грипп болып отырмын, тұмсығым бітіп… Әй Мұхан, әлгі иіскейтінімді әкелші.

Арғынбаев баладай лып ете түсті. Болат тағы күліп жібере жаздады. «Япыр-ай, мені не жын түртіп отыр…». Болат та енді өз жайынан сөз бастап:

— Апай, осында келсек жеті рет көшеміз, — дей беріп еді, Мария елең ете қалды.

— Әйелің нашар адам екен ғой.

— Апай-ау…

— Жеңгей де, шырағым.

— Жеңгей, көресіз ғой оны. Сондай мінезді, жоғарғы білімі… — Ар жағын айтқызуға мұршасын келтірмей кетті.

— Оныңды мақтамай-ақ қой, шырағым. Білімді болып, мені оқытпай-ақ қойсын. Өз біліміміз өзімізге жетіп жатыр. Осы күнгі жастардың әдеті — «әу» дегенде әйеліне қызғыш бола кететін. Бар пәле сендердің жоғары білімі бар қатындарыңнан шығады. Көріп жүрміз ғой сендерді.

Арғынбаевта ләм-мим жоқ еді, ол бір сәтте:

— Мәке-ау, жастардың бәрін бір шыбықпен айдауға болмайды ғой, — деп қалды.

— Ақылың өз басыңнан асып жатса, маған сыйлай жатарсың. Сен қоя тұр, шырағым. Екеуміз жұртқа жөн айтар шақ өтіп кеткен. Миың болса мен бұл балаға не айтып отырмын, соны ұқ, — деп Арғынбаевты біржола мүйіздеп қуып тастады.

Болат та қулықтан жарлы жігіт емес-ті. Ендігі жерде қарсы келіп қалудан қатты сақтанып, жол білетін Арғынбаевпен бірге жандай шауып отырудың пайдалылығын түсіне қойды.

— Неге екенін білмеймін, пәтерге тұрғызатын адамдар бізден айына 30 сом алып, ылғи май самса пісіріп жеуді ұнатады. Бұл кісілер көбінше қолында кіші қызы мен күшік күйеуі, бір қанден иті бар, семіз апайлар болып келеді.

Мария сылқылдай кеп күлді. Арғынбаев та аз шетінеп езу тартты:

— Ие, ие қайным, жаңа ұнадың. Өзің сөзді келістіре сөйлейтін жігіт екенсің. Сонан соң?

— Сонан соң бұл кісілер бізбен: кітап оқисыңдар, кеш жатасыңдар, жарық ысырап болды деп арпалысады. Егерде өзіне еліктеп, сіз де бір қанден күшік асырап, екі күшік есіктің алдында ойнап жатса, қандай мейірлене жымиып тұрар еді десеңізші.

Мария тағы да сықылықтай кеп күлді.

— Дұрыс-дұрыс, қайным. Күлмегелі тіпті көп болып еді, бір жадыратып тастадың ғой.

Арғынбаев пен Болаттың жаңа ғана найзағай ойнап, төпеп жіберген аспаны шайдай ашылды. «Қарсы келмесе, жайылып түсіп қалатыны рас екен» деп ойлады Болат.

— Тіпті кімің келсе, оның келіп, қона-түнеп жата берсін, қайным. Тек көрпе-жастық сұрамасаңдар болғаны. «Жоғары білімді» дедің бе, немене дедің, әйтеуір келіншегің жұмысымызға қараса жүрсін.

Болат:

— Пәтер ақыға 20 сом беріп тұрайын, — деп еді, Мария безер болды.

— Жоқ-жоқ, құдай сақтасын, түсің жылы бала екенсің… Көшіп келе бер.

 

 

 

* * *

 

Бұлардың жайланып тұра бастағанына бір шама күндер өтті. Бұрынғы көршілердей келген-кеткенмен, жатқан-тұрғанмен шынында арпалысқан ешкім жоқ. Бірақ, бүгін күтпеген оқиға басталды. Болат пен Зәурештің орындарынан тұрып жатқаны сол еді, көрші үйден айғай көтерілді.

— Сен миғұласың, азбансың. Ел өрлеп келе жатса, сен құлдырап келесің… Көрер ем әуселеңді, басқармадағы Әлжан ағам болмаса…

Аздан соң-ақ Мария есік ашты.

— Қайным, біздің үйге келіп кетші…

Болат үйге кіргенде Арғынбаев арыстанның алдындағы мысықтай боп, диванда газет оқып отыр екен. Марияның тұла бойы ашудан тырс-тырс етіп, креслоға әзер сиып отыр. Сонау күнгі салтанат пен қасиеттен жұрдай көрінеді.

— Сен шырағым, жақсы келдің, — деді ысқырынып. — «Абысын боп шыж-мыжың, ағайын боп сіз-бізің жоқ» дегендей, бар жазығым қанатымның астына алып паналатқаным ба? Анау жоғары білімді әйеліңнің мені адамсынбай бара жатқанын байқаймысың?

— Апай… жо, жеңгей, не жаздық біз, — Болат қайран қалды. — Айтыңызшы» не жазғанымызды?

— Айт демесең де айтқалы отырмын. Ең басындасөйлескенде не дескен едік? Мен не деп едім? Денсаулығым нашар адаммын, нервім қажалған жанмын дегенмін. Айтшы әй, сен де отыр едің ғой сонда?

— Да-да, солай делінген,— деді Арғынбаев.

— Әйеліңнің кейде еден жуа салғанда несі кетеді. Екеуің де жұлқындай    жас адамсыңдар, су әкелгенде бізге де бір шелек су әкеле салғанда нелерің шығады? Біз қанша су ішіп жатырмыз. Әйелің менсіз де таңертең ерте тұрады ғой. Біреу үлкен үй, біреу отау үй болып отырғанда, газге біздің шәугімді қоя салғанда қолынан бірдеңе ұстай ала ма? Үлкенді сыйлау, ибадат деген қайда? Бір шелек акті езіп, өзі білер деп, коридорға мен қойғалы қашан. Бөлмелерді ақтай салса не болмақ. Біз үйге қоюға кісі таба алмай, болмаса сендердің 20 сомдарыңа зәру болып қалдық па? Денім сау болса, осылардың бәрін өзім істеп тастамас па едім. Ойбай-ойбай, қу белім. Міне, шекем де ауыра жөнелді. Әй, әкелші әлгі иіскейтінімді…

Мария кінәні үйіп-төкті-ай келіп. Арғынбаев мыңқ етпей отыр. Оның қоңыр тас көзілдірігінің ар жағындағы көзінің қандай сипатта отырғанын да адам біліп болмастай.

Осы күннің ертесіне-ақ Мария қойған «талаптардың» бәрі жүзеге аса бастады. Кім біледі, мұның ақыры немен тынарын…

 

 

* * *

 

Бұл кезде сонау қыстағыдай емес, оңтүстіктен ескен жел көктемнің тынысын сездіреді. Адам жанына бір жылылық әкеліп тұр. Таңертең күн көтеріліп қалған шақта шөже торғайлар Арғынбаевтың сырлы үйінің төбесіне жиналады. Олар шыр-шыр етеді. Сірә, көктем туралы, мейрімділік туралы жырлағысы келе ме екен…

Күн жексенбі еді. Болат бүгін кезекшімін деп қызметіне кетті. Зәуреш екіқабат сияқты. Өңі таралып, дауысы мен күлкісіне нәзік сыңғыр ілінген, еріншектеп жата бергісі келеді. Болатты да реті келсе ешқайда шығарғысы жоқ. Бірақ оған айта алмай ұялады. Әйтеуір өзі ерке. Сонда да мектебіне барып, сабағын оқытып жүр. Міне, қазір өзі коридорда кір жуып отыр.

Мария, келіп, бір құшақ кірді тастай берді.

— Шырағым-ау, бүгін демалыс қой. Денсаулығыңа көңіл бөлсеңші.

— Кейде күнделікті кәсібіңнен басқа осындай жұмыспен шұғылдану да адамға бір демалыс екен, — деді Зәуреш жайдары жымиып.

— Ия, ия, шаруаңа ұқыпты екеніңді көріп жүрмін, — шырағым. Көшеге ағаң екеуміз машинамен болмаса, көп шықпаймыз ғой. Сонда да бәрін біліп отырамын. Өздеріңдей қыз-келіншектер бүгін «жексенбі» деп жосып жүрген шығар, құдай біледі. Сен өзіме қатты ұнайсың, шырағым. Ақыры кір жуып жатыр екенсін мыналарды да жуа сал. Ағаң екеуміздікі ғой, тілеуің құрғыр әлгі машинаға салсаң қыршып тастайды. Ойбай белім-белім… Шойтаңдап шыға жөнелді.

Күн кеш болып, ымырт үйірілді. Болат аулада самсап тұрған кірлерді көрді. Марияның түңіліктей-түңіліктей көйлектерін көріп, мырс ете қалды. «Тәуір-ақ жойқын әйел. Мынаның біреуі Зәурешке молынан екі көйлек шығар еді…».

Ол үйге кіргенде Зәуреш қозғала алмай төсекте жатқан.

— Не болды Зәуре? Ауырып жатырсың ба? Болаттың көзі бадырайып кетті. Зәуреш жылағанға ұқсайды.

— Кір жуып…

— Қорадағы кірдің бәрін сен жудың ба?

— Ия…

— Әліңді білмей кім жу деді саған? — деп Болат қатты зекіп қалды.

Бетімді көрсетпейін дегендей іргеге қарай аунап түскен Зәуреш солқылдап жылап жіберді.

Болаттың миы қайнап барады. Оның көзінен от жарқылдаған тәрізденді. Алқынып екі иінінен дем алып, бөлмені кезіп кетті.

— Бұл не деген қорлық. Су әкелдік, от жақтық, еденжудық. Мынаужұмысына біржола жегіп алды ғой… «Неткен зұлым едің. Өзің де анасың ғой. Екіқабат екенін көре тұрып… Аясаң болмай ма?..». Ентелеп есіктің тұтқасынан ұстай алды. Кілт ойланып қалды, қайта оралды. Зәурештің қасына отырып, жұбата бастады оны.

— Мен саған ұрысқаным жоқ қой, жаным. Марияның озбырлығына, оған қарай сенің момындығыңа күйіп кеттім. Үндемеудің де шегі бар ғой. Қалай қақпаласа солай бағына бермекпіз бе оған.

— Екі иығым көтертпей, кейіп жатсам, сен келіп…

— Менің өртеніп кеткенім сол ғой.

Болат келіншегін жұбатып, маңдайынан сүйіп жатқанда есік қағылды.

Бұл Мария еді.

— Шырақтарым, бүгін едендердің жуылатын күні еді ғой. Түн болып бара жатыр.

Болаттың аққұба жүзі сұрланып бір кетті де, ар-намыс шым-шытырық шимай салып өте шықты. Жүрегі қатты тулап маңдайынан тер бұрқ ете қалды.

— Шырақтарым, мен жауап күтіп тұрмын, сендерден, — деді Мария тамағын қыра түсіп.

Болаттың көзі Марияның өңменін тесіп өткендей.

— Сіз қараңызды батырыңызшы әрі қарай.

— Көрерміз, қарасын кім батырғанын. Мария есікті сарт еткізді.

Ертеңінде Болат машина әкеліп, шөкімдей жүгін шошайтып тиеп жатты. Тағы қандай «Жанашыр» тап боларын кім білсін.

 

 

 

 

«КЕНЖЕМ»…

 

 

Шілденің тас қараңғы түні. Тар шатқал. Зәулім құз жартастар сайға үңіліп тұр. Үңрейген аңғарды өрлеп келемін. Түнгі салқын ауамен қосылып қарағай шайырының, шай мен қалампыр шөптерінің исі аңқиды. Аспанда жамырап жұлдыздар жайнайды. Тау шегірткелері мен тәуіттер де тынбай шулайды. Бұл шуыл тыныштық бұзып тұрған жоқ, табиғаттың «бесік жыры» сияқты, бар ғаламды әлдилеп тәтті ұйқыға батыратындай, жанға жайлы әсер етеді.

Бозшолақ ат осындай қараңғы түнде лыпып келеді. Қатты аяңмен иегінің сақылдағаны, ноқта шығыршықтарының шылдырлағаны естіледі. Қамшы салғанды қойып, аяғыңды сәл қысып қалсаң ырғып кететіндей. «Ер қанаты — ат» деген осы екен ғой, қандай сүйкімді жануар! Кәзіргі көңіл-күйіме осындай жүріс керек еді-ау. Міне, соны тауып келесің, көңілімнің күй пернесін басып келесің, заула, заулай түс, жануарым.

Басыма неше алуан ой келеді. Сонау ес білген шағымнан бергі өмірімнің ізіне түсемін. Көзіме жеңгем елестейді. Бар сезімін паш етіп тұратын жаудыраған қара көздерін көріп келем осынау түнде: «Кенжем» дейтін дауысын естіп келемін, үні қандай шапағатты.

Сол жеңгейімді көрмегелі, міне, үш жыл болыпты. Ғажап жан ғой ол. Жеңге ғана емес, анам сияқты еді. Кішкентай жетімек мені азамат санатына қосқан да сол кісі. Көз алдымда балалық шақтың мына бір оқиғасы көлеңдеп тұра қалды.

Саржайлаудың үсті еді. Үйге жеңешемнің Садық деген бауыры келген. Былтыр мен оның үйіне барғанда маған көрсете қойған сыйы шамалы болатын. Келгеннен-ақ екеуміз мысық пен күшікше қарастық. Ол жеңешемді өзіне балап, шай ішкенде де тап ондай пенде бұл үйде жоқтай-ақ шынтақтай түсті. Кенже болғандықтан ба былғақтаған ерке екен тым. Ол кенже болса, мен де кенже, маған несін шалжақтайды?

Екеумізге конфетті тең беріп, басымыздан кезек сипап отырғанымен байқаймын ананың басында жеңешемнің қолы көп тұрып қала береді. Ішіме бір ұшқын түсіп кетті. Кім біледі қашан өртке айналарын…

Кешке жақын жеңешем суға кетті де, үйде Садық екеуміз қалдық. «Осыны есіреңдетпей оңашада бір нығарлап, тәубесіне келтіріп алсам қайтеді» деген ой келді басыма.

— Ей, бөспе, күресесің бе?

— Келе ғой, ши мойыным.

— Келсең кел, қара бақа.

Төр алдында тарпақ-тұрпақ бола кеттік. А, дегенде-ақ ішке кіріп кетіп, тұқыжыңдап бүріп барады. Пәленің табаны жерден жылжыр емес.

— Қоя бер дүлей неме, үстімді жыртатын болдың. Күреспеймін.

Қоя бергенім-ақ сол екен, көтеріп алып ұрды. Қолыма түсе кеткен қалқан құлағын бар долылықпен бұрап жібердім. Садық шыңғырып қалды. Не керек, екеуміз қораздай жұлысып жатқанда жеңешем келіп, әзер айырды. Ол да боқтау «өнеріне» жетік екен, құданың сиын мен де тартып жатырмын. Ашу үстінде оған атқан «оғымның» жеңешемді ала кетіп жатқанын қайдан білейін, ол жыландай піссе, мен шаяндай шағып жатырмын.

Етті екеуміз дүрдиісіп отырып жедік. Жатарда жеңешем мен Садық бір жатты да, Асқар ағам төр алдына, мен апамның ағаш кіреуетіне жаттым. Есіме ұзатылып кеткен есіл әпкелерім Зағипа мен Зағи түсіп, жүрегім қан жылаулы. Ішіме түскен кешке жақынғы ұшқын үдеп өртке айналды. Өртке емес-ау, дертке айналды. Қақ жарылып кетуге шақ-шақ жатырмын. Болмады. Боздап жібердім.

— Кенжетай, неге жыладың, қарашығым? — Жеңешем ұшып қасыма келді.

Көрпені басыма бүркеп алып, қолын қағыл жолатпаймын. Алқымымды бір дүлей күш буындыра сығып барады.

—Не болды, қалқам. Айтшы өзіме?!

Жоқ маған тіл қатуға болмайды. Менің көкірегімдегіні ешқандай тіл жеткізіп айта алмайды. Бірақ сезімтал жан түсіне қойды. Қарсылығымақарамай төсегіне көтеріп алып барды.

—Бірге жаттыққой Кенжем. Енді неге жылайсың?— деп мені құшақтай түседі.

Кезегінен өтіп кеткен іс қалпына қайтып келер ме. Келтірейін десең де көкірек шіркін көнер ме? Көкірек… көкірек… ғажапсың. Арман мен мұңның, ыза мен кектің қайнап тұрған қазанысың сен. Солқ-солқ етіп егіліп жатырмын.

Қаншама өгіз терілі болса да Асқар ағайым да жұқарды білем.

—Саған не жетті, жеті түнде еңіреп. Әпкесін сағынып келген екенбала.  Ал оған сен…— деп жекірдімаған.

«Енді сен қалып едің…». Мынау сөз мені онан әрмен буындырыпжіберді. «Бүйткенше апаммен бірге өлмеген екем…».

Мұндай қорлыққа көніп жатқанша шыға қашып қараңғы түнге сіңіп кетсем, өкіріп жатқан өзенге көзімді жұмып қойып кетсем, апамды іздеп табар ма екем… «Өйтпе — деді көкірегімнен бір есті үн, — әпкелеріңе тарт. Олар ағаңа ұқсап жекіре ме. Бағана Фатима өз бауырының басынан қалай сипаса, солай сипамай ма… Онан да сөйт байғұс». Сонда да кернеп кеткен кеселден еш нәрсе кеми қоймай, өксік атам.

— Әй, енді тоқтат, — деді ағайым жаңағыдан да қатты жекіп.

— Сенің нең бар мұнда. Жөніңе жата бермейсің бе тістенбей. — Жеңешем құпия бір қасіретпен күрсінді де, мені бауырына қыса түсті.

— Кенжетай, Кенжетайым, айтшы күнім, не істе дейсің маған?

— Ана аржағыңызда жатқан үйімнен кетсін.

— Қазір ме?

— Иә.

Жеңешем мырс етіп күліп жіберді.

— Күнім-ау, құданы түн ішінде бездіру жөн бе екен?

— Мұнымен құда болмаймын.

— Оның жөн ғой. Бірақ бұл байғұс мына түнде қайтіп кете алады. Мұның орнында өзің болсаң кете алар ма едің?

Басымда: «Рас, қорқынышты-ау» деген әділет ұшқыны жылт етті.

Таң атты. Аға қой өргізіп кеткен. Таңертеңгі шайды Садық екеуміз тағы да алакөздене ішіп отырмыз. «Ініңе қалайда ішін бұрып отырған шығар» деген күйінішпен жеңешеме көз тастап қоямын. Шай ішіп болдық.

— Тайыңды әкеліп, үйіңе қайт, күнім, — деді жеңешем Садыққа қарап. «Бәсе осылай болса керек…».

Садық орнынан сүйретіле тұрып, кереге басынан жүгенін алды да шығып кетті. Аздан соң арқандағы тайын әкеліп үй артында ерттеп жатты. Жеңешем Садықтың қоржынына сандықтан, кебежеден бірдеңелер алып салып жатыр.

Садық түнерген күйі үйге кірді, маған өткір қысық көзімен зәрлене қарады. Оның ызадан жылап жібергелі тұрғаны беп-белгілі еді. Сонда да «бөрі арығын білгізбейді…» дегендей, асықпай киінді. Тобылғы сапты кішкене қамшысын алды да, бейне үлкен кісіше сыздап үйден шықты. Жеңешеммен бірге мен де шықтым. Мақсатым — «Ә, бәлем қалай екен, тайдырдым ба?» деп оған жымың-жымың қарап тұру.

Жеңешем сауыры дөп-дөңгелек, жібек жалды, басы шақшадай етсіз, бақаны тіп-тік, көзі мөлдіреген мақпалдай қара тайға қоржынды бөктеріп жатыр. Садық тайына мінді.

— Маңдайыңды әкелші, жарығым, — деді жеңешем даусы дірілдел, інісі еңкейіп маңдайын тосты.

— Әкем мен шешеме, ауыл-аймаққа түгел сәлем айт. Садық екі көзі жасауырап басын изеді. Сөйтті де тайының басын шұғыл бұрып, еңіреп желе жөнелді. Тұла бойым дір ете түсті. Жеңешеме жалт қарап едім, көзінен жасы мөлтілдеп тұр екен…

«Мен не істедім. Ойпыр-ау не істедім? Садық ала жаздай осы үйде жатса болмас па еді. Екеуміз бүлдірген, қарақат, таңқурай, тошала теріп, ойнап-күліп жүрсек болмас па еді».

— Е-ей, Са-дық… тоқта, тоқташы…

— Е-ей, Са-дық!

Үкідей ұшып жүгіре жөнелдім. Садық тоқтамады. Тоқтағанды қойып артына қарамады да. Амалым не, үш қырқаны асқан соң өкпем күйіп еңіреп отыра кеттім.

Мен үйге келе алмадым. Үйден осынау қалың ағашты жапан тау жақсы көрінді. Бір бұтаның түбінде сілем құрып, ұйықтап кетіппін. Түс көріп жатырмын. Түсімде басым апамның тізесінде жатыр. Мамам менің маңдайымнан самал желдей алақанымен сипап қояды. Жаным терезе тауып еркелеп, аунап түсем, мені осынша зарықтырғанына өкпелеп, өксіп қоямын.

— Кенжетай, — деп еңіреп жіберді біреу. Көзімді ашып алсам жеңешем төніп тұр екен. Екі көзі бұлаудай. Мені іздемеген жер қоймай, тау-тасты шарлап әбден ұрынғаны көрініп тұр.

— Жүр, күнім, мұның не жетім балаша, — деді көзінің жасын сүртіп тұрып, — ел-жұрты, аға-жеңгесі бар бала жетім бола ма екен…

Мен асыл жеңгемнің жанына қаншалық жара салғанымды осы күнге дейін ұмытпаймын.

…Сол Садық екеуміз бұл күнде азаматпыз. Ол Зооветте, мен КазПИ-де оқимын. Кеше Алматыдан бір келдік. Садық аудандағы үйінде қалды да, мен таудағы өз үйіме тарттым.

Кенет ат тұяғы шымды басқандай болды. Екі жағымда төніп тұрған құздар жоғалып, түбек-түбек бақал талдар өскен кенге шықтым. Бұл —  Биесимас» деген жайлау.

Тұмсықтан мен де шыға келдім, иттер де дүрсе қоя берді. Бозшолақ анталаған иттерді жаратпай пысқырынып, басын шайқай тастап келеді. Ауылды көргенде, ойнақтай басатын аттың әдеті ғой, қос құлағын тіке қадап, адуындап келіп белдеуге тұра қалды.

Үлкен фонарь стол үстінде маздап тұр. Асқар ағам жастыққа шынтақтап шай ішіп жатыр екен. Жеңгем төрге көрпе төсеп жүр. «Түнделетіп келген мал мамандарының бірі болар» деп ойлаған сияқты, танымай тұрып қалды.

—Жарығым, Кенжетай ғой,— құшақтай алып, жылап жіберді. Босатпай қыса түсіп, солқылдап ұзақ тұрды. Қолтықтап әкеліп ағайдың жанына отырғызды.

Ол кісі:

— Қарғам, аман жүрсің бе? — деді.

— Бір жола келмей қойдың ғой. Үш жыл бойы ит үрсе далаға жүгірдім, — деп өксіді жеңгем. Көңілінде Алатаудай өкпесі жатқанын сезіп, өз көңілім де алай-дүлей болды.

— Ұдайы хат жазып тұрдым ғой, жеңеше, — деймін.

— Өзің келмеген соң ай маңдайың көз алдымнан бір кетпен…

— Қойсаңшы, әй, қайның аман келді ғой. Бұлар қуанса да жылайды, долданса да жылайды,— дейді ағай.

Жеңгем жылау аралас күле сөйлейді.

—Сен қоя тұршы, жарқыным, кенжеме деген сағынышымды көз жасыммен сарқайын,— деп жаулығының ұшымен жанарын сүрте түрегепкеліп тағы да маңдайымнан сүйді.

— Күнім, аман жүрсің бе? Жаман үйіңді ұмытып кете жаздадың ғой. Биыл келмесең, сол Алматыңа көшіп барушы едік.

— Онда мына мыңғырып жатқан қойларыңды қайтесіңдер? — деймін әзілдеп.

— Ағаң «қой оқуын» тауысты емес пе! Бұл білмегенне қалды дейсің? Қайда жұмсарын білмейді, ақша мол,жатысы мынау, бұрынғының болысысияқты,— деп сылқ-сылқ күледі жеңешем. Кеп-кеспелтек басы тоқырайып,жастыққа майкішең шынтақтап жатқан ағаға көзім түсіп, күліп жібережаздадым.

— Мені болыс дейсің, ылғи қымбатты иіс май бүркініп жүретініңді айтпайтын шығарсың, — деп ағай да жеңешемді шымшып жатыр.

— Рас па, жеңеше?

— Рас жаным, әлі жас емеспіз бе? — деп ағаға қарап қойып, шифон жаулығын сәндей тартты. Кенет орнынан ұшып тұрып кереуетке барды.

— Еркін тұра ғой, құлыншағым, кенжем келді, ағаң келді, көп-көп конфет әкелді.

Жеңешеме тартқан қара көзі мөлдіреп, ағайым сияқты қоңырқай жүзі дөңгеленіп, басын көтеріп алды. Өзі маған қарап күлімсіреп қояды. Жеңешемнің: «Сен біздің баламыз емессің, кенжемнің баласысың» деп ылғи мені құлағына құйып өсіргендігінен бе екен, әлде оның сәби жүрегі туысқандықты сезді ме, Еркінім бұтта штанның бар-жоғына қарамай, шолақ торғайдай құлдырап кеп бассалды.

— Кенжем-ау, Кенжем, — деп кішкене білегімен мойнымды қысып-қысып қояды.

— Ой, айналайын, мені сағындың ба?

— Сағындым ғой, — бетіме бетін басады.

Бұл сағыныш осынау сәби інімнің сағынышы ма екен, мынау жатқан сабаз ағамның сағынышы ма екен, асыл жеңешем, сенің сағынышың ба екен? Кім білген қадіріңді, шіркін туыс. Жүрегім қатты-қатты соғып, жанымның жойқын дариясы қыстығып бір кеткендей болды. Еркін — аға мен жеңгемнің кенжесі. Бұдан басқа жетіншіні биыл бітірген Ғайни, бастауышта оқып жүрген Кәмәл бар, олар да каникулда үйде екен. Нәзік те ізгі жаратылыстарынан ба, әлде жатырқай ма, екеуі ерекше бір ибадат сақтап қалған. Дегенмен, қуаныштың ұшқыны бөкеннің көзіндей әдемі қара көздерінен байқалады.

— Келіңдерші, күндерім!

Олар да әзер отыр екен, екеуі де қабат құлап маңдайларын тосты.

Осы түннен бастап Еркін өзін менің балам деп ұқты: аға мен жеңешеме бармай қойды.

— Алматыға алып кет мұныңды, мазамызды кетіріп болды өзі, — деп қояды жеңешем.

 

 

* * *

 

Еркін мені «Кенжем» дейді. Бұл анасының сөзі ғой. Жеңешем қойған «Кенжемді», ол «Әкем», «Атам» деген мағнада түсінетіндей. Ол үшін менің киген киімім, ең аяғы шұлығыма дейін әулиелер тұтынған киелі мүлік тәріздес. Ешкімді жолатпай шыжақтап жатқаны. Әсіресе өзімен тете Кәмалмен бәсеке талас, оған менің шайымды алып беруді де қимайды.

— Қой деймін, Кенжемнің шынысын өзім алып берем, — деп шайқақтатып, төгіп-шашып әуре болады.

Кеше екеуміз атқа мініп, жылқышылардан қымыз іштік, жолдан бүлдірген тердік. Бүгінгі күнді мен кітап оқуға, Еркін «сурет» салуға арнап отырмыз. Міне, екеуміз аласа столдың екі жағына отырып алып, іске кірісіп кеттік. Саржайлау, самал тау, жайдары күн, киіз үйдің шаңырағынан қарасаңыз, көшіп жүрген ақша бұлттар, лүпіп соққан майда жел, жаз гүлінің жұпар иісі іргеден аңқып тұр. Осы үйде талантты ақын отырса қандай өлең жазған болар еді! Бірақ біздің Еркін де ешқандай талантты суретшілерден кем шүйіліп жатқан жоқ. Кітаптың бір тарауын оқып болып, көзімнің астымен қарасам, бір қағазға текенің, ешкінің екінші қағазға қошқардың, үшінші қағазға бұқаның жобасын сызып тастаған екен. Мұрнын тартып қойып, енді бір үлкен «картинаға» кірісіп жатыр. Байқап отырмын, әуелі үш иттің жобасын салды (ауыздарын ырситып, құйрықтарын шошайтып сызды). Бұдан кейін мойнында мылтығы бар адамның нобайын келтірді, ендігілері, сірә қойлар-ау деймін, қоңыз сияқты ұсақ-ұсақ бірдеңелерді сызып болып, айғайлап жіберді.

— Міне, ата жайып тұр.

 

 

 

* * *

 

Жаздағы жасыл жапырақтар сарғыш тартып, өзен жағасына таңертең шық түсті. Жайлау сар жұрт болды. Қалған көңіл, өткен өмірдей бой, табиғат қабағы бір күйде тұрды. Менің де оқуға қайтар уақытым жетті. Алдымда қиын іс күтіп тұр. Бұл шіркін, ешқандай ақылмен де, ақшамен де шешілмейді. Тек алдаумен ғана шешіледі. Бірақ мен Еркінімді қалай алдамақпын!?

Жаны бір нәрсені сезгендей, Еркін бүгін үйге кірсем де, шықсам да қосарланып қалмай қойды. Киім-кешектерім мен кітаптарымды жинап жатырмын.

«Кенжем таудан аң аулайды, жаяу жүреді, жаңбыр жауады, аю қасқыр кезігеді» деп Еркіннің өресі жетпейтін пәлелерді жеңешем үйіп-төгіп жатыр. «Рас айта ма?» дегендей, жаутаңдап маған қарайды.

— Рас, жаным, жеңешем өтірік айтпайтын кісі.

Бірақ, осы сөзді айтқаныма өзім де қиналамын. Менің сөзім ол үшін, барлық шын сөздердің шыны емес пе! Бетіне қан жүгіріп, қара көзі тағы да жарқырап, қалың шөптің ішіндегі жалғыз қызыл гүлдей жайнап шыға келді.

Ұзаққа бармады бұл қуаныш. Мен барлық киімімді киініп, бозшолақтың шылбырын белдеуден шеше бастағанда-ақ қызылы азайып бозара бастады әлгі гүл. «Аңға шығатын адамның мойнында мылтығы болмай ма, мына кітаптарды қайтеді?» деген ой келіп тұрған сияқты Еркінге.

— Еркін, жаным, сау бол енді, ертең келемін, — дедім артыма қарауға батылым бармай, көңілім босап жүріп кеттім. Бірдеңе дүрс етіп құлап түсті бұл Еркін еді.

 

 

* * *

 

Сонан бері тағы төрт жыл өтіпті. Мен оқуымды бітіріп, Қазақстанның батыс аудандарының біріне мұғалім болып келдім. Заулап бара жатқан өмір ғой, жақында сол Еркінімнен хат алдым. Хатты жеңешемнің айтып отырып жаздырғаны көрініп тұр. «…Үй-үйленіп, жан-жанданған соң кеткенің бе, Кенжем? Бізге ештеңелеріңнің керегі жоқ, келіншегің екеуің жәй бір келіп кетсеңдер болмай ма?…».

Бұдан арғысын оқи алмадым, жас мөлтілдеген жеңешемнің қара көзі елестеп өтті. Көңілімде ұлан-асыр бір сезім бұлқынып-бұлқынып қалды. «Кенжем-ау, Кенжем» деген Еркіннің дауысын естігендеймін.

Барармын-ау, бірақ, «Кенжем» деген осынау ғажайып жылы сөзді Еркіннің аузынан енді ести алар ма екем!?

 

 

 

 

ӨСТІП ТЕ ӨЗГЕРЕДІ ЕКЕН…

 

 

Мый қайнаған шіліңгір. Бұдырсыз далада иреңдеген сағым бір жаққа қарай маңып бара жатқан жыландарды еске салады. Бірде-бір талы жоқ, өңкей момақан ақ тамдардан құралған қазақы селоға келгенде автобустан тоз-тозаламыз шығып түсе қалдық.

— Шыбын жанды өзімізге силап кеттің-ау, әйтеуір, — деді Әбен оқыралап бара жатқан сары ала өгіз сияқты автобустың артынан қарап тұрып.

«Осы селода бай тұратын досым бар. Шаруамыз біткенше сондажатамыз» деп келген ғой ол.

— Ал, «Байға» қарай тарттық па?

— Тарттық.

Біз төбесін төрт сайлап жапқан, тап әскери казарма дерлік, селоның шыған шетіндегі ақ төбедей үйге келіп кірдік. Үй іші дөңгелек столды ортаға алып, түскі шайда отыр екен.

— Пәлі, Әбен! Мынаны қараңдар. Қасқыр-ау, қаңғалақтап қайдан жүрсің.

— «Аюмен» адандасайын деп…

— Тауып кеттің сайтан, тауып кеттің.

Шой қара жігіт орнынан ырғалақтай тұрып жатты. «Жігіт» дейміз ғой, «Жігіт» дейміз. Күнім-ау, жіптіктей осы атама анау қарынмен қайтып үйлеседі.

«Аю» мен «Қасқыр» аймаласып болғаннан кейін ендігі назар маған ауған еді. Ол өзін жай ғана:

— Садық, — деп таныстырды. Ал, мені Әбен: «Бұл осылайда, осылай жігіт. Таланты тасып, өнері асып тұрған жігіт. Өлеңіңді өкіртеді, сөзіңді көпіртеді. Нағыз асау тұлпар, ақ сұңқар» дегенге дейін барып, ақыры:

— Досым Жолдыбай, — дегенге тоқтады-ау, әйтеуір. Біз салқын-самал    есіп тұрған сәнді бөлмеге келіп кірдік.

— Дала күйіп тұрған шығар, ә! — деді Садық ықылық атып.

— Күйіп тұрғанда қандай. Өздерің сияқты «жан иелеріне» қиын-ақ: Салқын сазға бауырын төсеп жаны қалмаса, — деп Әбен сақ-сақ күлді.

«Ардагер мен асау тұлпар…» үстімізге қызыл ала халат киіп орталық залға шықтық. Біздің отыра бергеніміз де сол еді, ішіне мандарин салған бір графин арақ тіпті ешкімнің көмегінсіз-ақ алдымызға «дік» ете түскендей болды. Бейне бізге қарап: «Ал ағалар, алып жіберейік» деп мойнын қылқындатып тұрған тәрізді. Әлгінде бізге сыпайы ғана амандасқан, тап-талдырмаш, тікше қара көзді, аққұба келіншек стол үстіне бір тарелка селетка әкеліп қойып жатты. Алдына қатармалы ақ шалғышын да байлап үлгерген. Аяқ-қолына көз ілеспестей лыпып тұр.

— Айтпақшы, мен Сізді бәйбішеммен таныстырмаппын ғой. Аты — Фатима. Кәсібі — мұғалима, — деді Садық.

«Мені сен таныстырушы едің ғой» дегендей Әбенге қарап едім, ол да қырсыға қалып:

— Жолдыбай деген жігіт осы, — дей салды.

— «Тіпті жолың болғыр осының жөн» болды деймін ішімнен.

— Ал, жолдастар, авгобус соғып қажып келгендеріңді айтпасаңдар да біліп отырмын. Кәне, мына пәледен алып жіберейік. Көздерің шырадай жанып, мүлде сергіп шыға келесіңдер.

— Біз шөлдеп отырмыз ғой, — деді Әбен тамсанып.

— Қой досым, мына жігітпен су жұтып танысқанымыз болмас. Ал, бұл шіркін шаршауыңмен бірге шөлдеуіңді де жойып жібереді. Енді істі бөгелтпе — Садық стаканды ала тұра келді.

Өз басым бір кесім балық жұтып жіберіп жаным қалды. Әбенге қарасам көзінен жас шығып кетіпті.

— Әй, мынауыңа су қоссаң не етті. Мен «Столичный»екен десем,—деп қылғынды.

— Зоотехник пен инспектордың өңешінің қайсысы мықты екенін білдің бе, — деп Садық ой рахаттана күлді, — ештеңе етпейді, досым. Ештеңе етпейді. «Басы қату болса, аяғы тату болады» деген. Енді бұл шіркіннің тәттілеріне қарай ойысамыз.

— Өңеш өнеріне келгенде, ылғи тірі қой қылғып үйренген саған қайтып тең келеміз, ант ұрған-ау, — деп, енді Әбен де қарқ-қарқ күлді.

Қалай дегенмен де әрбір қалжың, әрбір қақтығыстар тұсында қимыл-қозғалысы мен бет әлпетіндегі ырық бермес мен-мендіктен Садықтың өз өміріне мүлде риза екендігі байқалып отырды. Өз істерінің сәттіліктері мен өзгелердің сәтсіздіктеріне сүйсіне күлгенінен дарығандық па, әлде бір дарақылық па, бірдеңе аңғарылады.

Ол шытырлаған жада картаны стол үстіне атып ұрды.

—Кәне жігіттер, сызып жіберейік. Қомандировкашылардың қалтасы тоқ болады ғой, қалайда. Айлықтанаулақ «суточный», «квартплат» дегендер бар емес пе.

Карта «өнерінен» Әбен екеуміз де сауатсыз болып шықтық. Тіпті осынау «сызып жібергеннің» не екенін білсекші. Аңтарылып отырып қалдық.

—Ой, жігіт емес екенсіңдер ғой. Осы күнге дейін преферансты    білмегендерің бе,— деді Садық бізді мүлде қомсынып.

— А, а, жаңа түсінбедім бе. Әлгі… досыңның ба, жолдасыңның ба, қалтасын қағып алуды айтады екенсіңғой— Әбен орнынан мысқылдай қозғалақтады.

— Ей мешеу. Бұл ойынды күллі дүние ойнайды. Халықаралық ойын. Бізден гөрі басы жұмыс істейтін — ғалымдар мен профессорлар ойнайды,— деп Садық шынқызарақтап калды.

— Иә, — деді Әбен кішкентай қысық көзін сығырайта қалып — сіздердің осынау «өнерлеріңізден» бұл күнге дейін халықаралық байқау өтпей келгені өкінішті-ау, өзі!

— Француздар семіз әйелдердің де конкурсын өткізіпті. Оның қасында бұл ойыннан өткізсе несі бар?

— Әй, Сәке — деді Әбен ізгі бір үн қатып, — ғалымдар түгіл,  данышпандар ойнасын. Ұтыстың аты ұтыс. Тонап алудың аты, тонап алу. Қағып алудың аты, қағып алу. Преферансыңыз бұдан басқа түк емес.

— Сен сияқты қорқақтар, әрине осылай дәлелдейді, — Садық тырсылдап теріс айналды.

— Чернышевскийді дуэлге шақырғанда: «Мырзалар! Менің он екі метр жерден атысып өліп қалуға қабілетім жоқ еді» деген екен. Сол сияқты қалта қағысу «өнеріне» қабілетім жоқ еді, Садық мырза, — деп Әбен сылқ-сылқ күлгенде, бағанадан шай құйып үнсіз отырған Фатима жалт етті. «Қандай ақылды едіңіз» дегендей әдемі қара көзімен ерінің көзінше сүйсіне қарады Әбенге.

— Шайларыңыз суып кетті ғой. Ыстықтай ішсеңіздерші — деп сонша бір уылжыған ырғақпен үн қатты.

— «Көңілге түрлі ой салар, жақсы ән менен тәтті күй» депті ғой Абай аға. Онан да күй тартшы Сәке. Домбыраң қайда өзі, көрінбейді ғой, — деді Әбен араға түсе қалған кірбеңдікті достықтың самалымен желпе сөйлеп, — жөнелші «Сарыарқаны» дүбірлетіп.

Бірақ Сәке преферанстың ауруынан әлі де айыға алмай отыр екен.

— Сахнаға шығып жүрмегеннен кейін, не керек жапан түзде жалғыз шапқан жындыдай боп. Балалар сүйретіп жүріп құрттау деймін, соны.

Әбен орындықты сықырлата шалқайып, екі қолын кеудесіне айқастыра отырды.

— Солай де, Сәке!

— «Өнерді үйрен, үйрен де жирен» депті ғой бабамыз. Домбыраны тастап кеттік — деп әзілге шаптыра сөйледі.

— О, менің тіршілігімді көрмейсіңдер ме, — деді Садық кенет жадырай кетіп.

— Көрейік, көрейік.

Міне, енді біз «жұмақ» сынды, бірінен бірі асқан сәнді бөлмелерге саяхат жасай бастадық. «Жұмақтың» директоры Садық Марқабаев жолдас. Не дерсіз, бәрі де тонап алған нәрселер емес, заңды нәрселер. Өзіміздің Самарқант, Бұхар кілемдері ғана емес, парсының масаты кілемдерін жамылған қабырғалар, шар айналар, хрусталь, керамикалық ыдыстар, қызыл роза гүлдер, алтын жиек рамалар, классиктер салып кеткен ойлы қара ормандар, не керек, өңкей бір көз тұндырған дүниенің ортасында қалып қойдық.

«Өзің емес, осынау дүниелерді әйелің көрер ме еді» деп ойлайсың. Жоқ ойбай олай емес, онда сорың екен ғой. Мынаның бәрін сиқыршы емессің, табан астында қайдан тауып жібере аласың.

Шіркін әйелдер, бәрін де сендер үшін жасап, ақыл-ойымыздың бар құдіретін сендер үшін жұмсайды екенбіз ғой. Бізді қойшы, біз таба білгенмен ұқсата білеміз бе. Тегінде сіздер шетіңізден художник халықсыздар.

Сіздер, әйелдер… Қап қиялды бұзып жіберген-ай…

— Фатима, ай, Фатима!

— Әу.

— Мұнда кел. Мынау сенімен бірге тұрған кім еді?

— Он жылдықты бірге оқыған, Гүлжан ғой.

— «Өмір озып, сарғайып гүл де солды…» деп ыңылдады Әбен.

— Ал, ас үйіңе бара бер.

Енді біз жағалап екінші раманың алдына келдік.

—Мынау кім болды екен, ә?!

«Ай қабақ, алтын кірпік

қызыл ерін,

Кел десең неге аяйын

аттың терін…», —

деп Әбен тағы әндетті.

— Фатима, ай, Фатима!

— Не болды саған…

— Мұнда кел.

Кілемжолды зерлі башмағымен «тық-тық» басып келе жатқан аппақ аяқты, тәңірім-ау, қалай көріп тұрмын?

— Жігіттер мынау сұлудың жайын білгісі келіп тұр.

— Ә, — деп Фатима әдемі бір сыңқ етті, — бұл менімен ЖенПИ-ді бірге оқыған Ғайни ғой.

— «Ғайным-ау, дидарыңа болдым ғашық…» деп бастады Әбен.

— «Бұқаның өзі қартайса да, мұрны қартаймайды» деген осы-ау, соққан. Қоймайсың ба, енді ғашықтықты…

— Әй, мұндай зоотехникалық мақалыңды өзіңе қолдан. Отыз бесімде қартаятын жын соғып па мені. Солай емес пе, Фатимаш?

Фатима жымың етіп, бас изеді де бұрыла берді.

Ірілі-уақты суретпен толған үшінші раманың қасына келгенде бір сурет көзіме оттай басылды. Қарлығаш қанат қара мұрт, молынан қайырған шаш, сопақша бетпен қою қасты ашып тұр, сып-сида бой, қара костюм, ақ жаға, қара галстук. Өтіп кеткен студенттік өмірді еске салып, ішіңде ыстық толқын үйіреді.

Май айының іші еді, Алматыда  Жасөспірімдер театрында Қазақ жастарының концерті болды. Айтылмаған ән, билемеген би, тартылмаған күй қалды ма екен сол кеште. Осы жігітті мен, иә-иә, сол кеште көріп едім-ау.

— Жаңылмасам мен мына жігітті бұдан алты жыл бұрын Алматы да…

— Кәне столға жүріңіздер.

Иә бәрі де самсап тұр екен. «Бес бармақ» пен «Бес жұлдыз», ортадан оя орын алыпты. Қасиетті екеуіне ең алдымен қол беріп, үш өңештеп жол беріп болған соң:

— Сен әлгі жігітті Алматыдан көрдім дедің бе? — деді Әбен қысық көзі күлімдеп.

— Иә.

— Жоқ сен ол жігітті көріп отырған жоқсың. Осы кезде Садық қарқ-қарқ күліп жіберді.

— Жолдыбай-ау, ол мен емеспін бе?

— Шынымен-ақ, ана сурет сіз бе? Сіз болғаныңызба?! — деппін тап бір Африкадан әкелген ғажайып жануарға қарағандай.

— Осы, — деді табаққа тағы да тұздық құйып жатқан Фатима аса бір наразы үн қатып.

— Япыр-ай, спортпен неге шұғылданбап едіңіз?

— Расында шектен шығып барам, білем. Бұйырса,облысқасовещаниемен бір барғанда спорттың барлық құрылысын әкеліп, қысқақарсы қарынмен мықтап күресашпақпын,— деді Садық стаканға коньяктішүйілдетеқұйып жатып. Фатима оған жалт ете түсті.

— Теперь поздно…

 

 

 

 

 

ЕСІЛ ЕЛАҒАҢ-АЙ!

 

 

Бұл дүниеде бір дұспансыз адам болған ба еді. Естеріңізде ме, анау жылы осы күнгі Елағаңа Аямасов деген сыншы «Қырыпсал» деген сын жазды ғой. Ол «шу» дегенде-ақ шабуылға шығып, былай деп бастамап па еді:

«Сіздер, кейбір сыншылар Елемес Естемесовты «ақын» деп жүрсіздер ғой бұл күнде. Күлемін-ау күлемін. Япырай, ақынды тапқандарыңыз-ай! Ойбай-ау, бұл кісі әдебиет майданына келгелі жылқы жылы емес пе еді. Міне, биыл сиыр жылы болып отыр. Сонда неше жыл болды, есептей беріңіздер. Күндерім-ау, сонан бері қанша қағаз қор болып, қанша әріп сорламады? Бүйткенше Елемесовтың өлеңдерін басқан сол қағаздарды ақ кітап жасап, магазинге шығарып сатсақ еді ғой. Бұлай еткенде мемлекет пен мектептерге қаншама пайда келерін мен дәлелдеп қайтейін ағайындар. Амал не науатқа кеткен бір дүние де. «Елемесов өз дәуірінде үлес қосқан ақын» деп өңештемей-ақ қойыңыздар. Сонда желді күн тақыр қырманға қасқайып тұрып тастағанда, топанның арасынан жарыса барып түсе қалған екі буаз бидай құрлы екі сөйлемін білесіздер ме?».

Құдай өзі сақтасын, Елекең бұдан кейін Аямасов байғұсты «тап жауы»    дейміз ғой, жиһангерден де әрі жек көріп кетті. Тіпті басқа да бәле-қаза былай тұрсын, оның төбесінен ашық күнде найзағай ойнап, алабөтен жай түсуін тіледі. «Егінге түнде түскен доңыздай, қырыққанын қырқып, онан қалғанын тұмсығымен қопарып, бар еңбегімді отап кетті Аямасов» деп күйінді.

Бірақ бір ғажабы, Елекеңің бұдан кейін «сын» дегеніңізге төзіп бергені соншалық маса-сона мойнын қанша таласа да «мәу» демей, шалғысын шаба беретін көмпіс пішеншіге ұқсап кетті өзі. Бұған қарағанда «үш күннен соң адам көрге де үйір болады» деген мақал рас па деп қаласың.

Егерде алда-жалда сын айтыла қалса: «Естісең ақымақ сынын, өз күлкісін, қалпыңнан қатал салқын айныма тек» деген ғой Пушкин деп, кеңк-кеңк күліп қоя салуды шығарды. Ал өзі бұдан кейін өлеңі ме, балладасы ма, тіпті поэмасы ма, өкіртіп әрі қарай жаза беретін болды.

Рас, Аямасов айтқандай, Елекең әдебиет аулына сонау жылдары ақынның атын мініп өлеңдете келді. Кезінде әлгінде артық-кемді сындар да айтылды. Бірақ біздің бір қайран қалатынымыз, сол кездегі оқырман қауымның талғамы жас болды ма, әлде айтылған сын шынында да әділетсіз, яки әлсіз болды ма, әйтеуір, ағаш оқпен аю атқылағандай Елекең бой бермей кетті.

Бой бергені былай тұрсын, әбден қара үзіп алған ол: «Е, шырақтар-ай, ақын қойына мықты қойшыдай болса, сыншы деген аузына ай бойы түк түсіре алмай жүретін қасқыр сияқты халық қой» деп отырыстарда қарқ-қарқ күлетін болды.

Бірақ іс үнемі бұлай бола бермеді, «Шөлмек мың күн сынбайды, бір күн сынады» деген баба мақалы расқа шықты. Еңбектің қолжазбадан машинкаға басылғаны, машинкадан кітап боп шыққаны абройлы болып көрінетіні сияқты, Елекен ел санасынан әбден орын алып еркінсіп кеткенінен болды ма, әлде шынында да байқамай қалды ма? Бір күні газеттен ол кісінің мынадай өлеңін оқыдық:

Қараймын тауда теке,

кекілікке (?)

Өмірдің өткеніне өкініп

те. (?)

Өзімше елім үшін еңбек

еттім,

Жарандар, айтыңдаршы

өтірік пе?

Мынаны оқығанда талай жыл үні өшіп, аузын басып жүрген Аямасовқа не жорық. Ал енді біз көрсек те көрмеген, естісек те естімеген болып, сөзді Аямасовқа берейік.

— Шын-ақ, — деді ол кекете бір мырс етіп.

«Көркем сөзден жүген ұстаған Естемесов эстетикадан жұрдай, киіз нервілі кісі. Өзі айтқандай, «жарандар-ау, айтыңдаршы теке мен кекіліктің қандай қатынасы бар? «Екеуі де тауда жүруші еді ғой» демесеңіздер, тіпті бұлар зоологиялық жақтан да туысқандар емес қой. Мені тек осы екі жолға ғана тастай қатып жармасып отыр деп қалмаңыздар. Мұндай сілікпесі шыққан өлексе сөздерді Елемесов өлеңдерінің өн бойынан табуға болады. Аямай айтсақ: оның жазғандарын «өлең» деп атағанды қойып, — «қара сөз» деп айтудың өзі ысырапшылдық.

Өздеріңізге белгілі «Аямасов» — деген менің қалам атым. Әйтпесе менің фамилиям: «Ақиқатов» болатын. Ақиқаттың қашан да ащы болатыны белгілі. Естемесовтың жазғандары әдебиет тұлпарлары күндік жерге шығып кеткенде, астындағы мәстегін екі өкпеге тепкілеп, ай далада далбақтап келе жатқан даңғойды еске салады. Меніңше, әдебиет — сақалына қарай сыйлайтын ешкімнің де бағылан қозысының басы емес. Оқырманбайғұстарды да аяйық, ағайындар».

Осы сөзді бір жиналыста естігеннен кейін, «тағдырдың жазуына» мойын ұсынғандай Елекең күрт түсіп кетті. «Қаншама жау санап келгеніммен Аямасовтың айтқандарында жан бар-ау, — деп күбірледі ол оның сөзін күрсіне еске алып, — текенікі теке болсын. Ана қарғыс атқандарды қайдан тауып айттым екен? Ол неме анау сияқты көрнекті де емес қой. Тегі менен ақын шықпайды. Поэзияда енді менің не жұмысым бар. Тынысы мол, кең қолтық прозаға ауыстым…».

Ендігі жерде Елекең поэзияны істен шығара сөйледі. «Поэзияның тұнығы, тұнық. Бірақ құдық. Проза жатқан бір көл емес пе. Ойлайықшы: алақандай ғана аспан көріп, құдықта жатқан қандай? Көк теңізде көсілте жүзіп сайран салған қандай? Оның үстіне өлеңнің өзі өті жарылғалы тұрған нәзік емес пе? Ал айналайын проза, — деді Елағаң шабыттана түсіп, — анадай емес, омыртқасын опырып, қабырғасын қаусатып, шабыт-мабытыңсыз-ақ, қара құсша жұлқылай беруіңе көнетін неме».

Әу баста прозамен айналысқанда, осы кезде қаншама жерге барыпқалмас едім. Ақыл тапқанда бірін мініп, «бірін жетектеп» дегендей, екеуін бірге алып жүрген де жөн еді ғой. Енді міне, Аямасов айтқандай «мәстек» те емес, құла түзде жаяу қалғандай болып отырмын. Ойпыр-ай, ақын боламын деп өне бойы гауһардан үй салғандай… ой, тоқтай қал, «Гауһардан үй салғандай, ә!..». Күнім-ау, мынау прозаның өзі емес пе. Әй садағаң кетейін, проза. Міне, өстіп осыдан әрі қарай құралып жүре береді өзі».

Аяқ астынан ата жөнелген орман түлкі сияқты «Гауһардан үй салғандай» деген салауатты теңеме қойын дәптерге жып етіп жазыла қалды.

«Айтайық, прозаның әкесі роман ғой. Бола берсін. Ертек сияқты бір желі жасап ал да, помаладан үй салғандай, күндегісін күнде илектеп жий бер. Бір күніроман болат та шығады. Өзіңіз миға сап шайқап, түбіне жете байқап отырсаңыз, «жазушы» деген —«жалықпау» да, «ақын» деген «ала құйын» деген сөз емес пе? Осы екеуінің түп төркіні осылай емес еді деп кім дәлелдей алады?

О, шіркін, құдай қолдап бір роман жаза қойсаңыз, жарығым-ау, қаламақысы деген соғымыңа атан өгіз сойғанмен бірдей емес пе. Ал, онан соң қонағыңа ет ас, қуырдаққуыр, көже қыл, өзің біл. О, тәңір енді менен басқа емес, жазушы жаса…».

Осындай ақындықпен ақтық рет қош айтысып, ат құйрығын кесісер шақта, Елағаң «арттағыға сөз қалсын» үшін мынандай бір шумақ өлең жазуды лайық көрді:

Қолға алдым қалам найза

қайрап-қайрап,

Жазушы арғымағын міндім

жайдақ,

Алынбас прозаның қамалына,

Ат қойдым «Қаракерей

Қабанбайлап».

Расында, ашулы Елағаң прозаға жаудай тиісті. Еліктей орғып тұрған поэзия емес, қой сияқты момын проза қай жаққа қашарын білмей қалды. Қапыда кеп қақ ортадан киліккен Донкихоттай тас-талқанын шығарды. Етек-жеңі жинақы поэзиядай емес, прозаны қорғап қалудың өзі қиынға соқты, кімнің жау, кімнің ел екенін біле алмай, есі шыға үріккен шіркіндер қайыру бермей, сыншы байғұс өкпесі күйіп отыра кетті.

Не керек, Елағаң белгілі жазушы болды да кетті. Осы күні ол кісі прозаның басына әңгіртаяқ ойнатып алдына сап айдап жүр. Сіздер не десеңіздер, о деңіздер. Ал, менің білетінім Елағаң «жазушы».

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

АҒАЕКЕМНІҢ  ӘҢГІМЕСІ

 

 

Ағыбай қартты ауыл-аймақ түгел Ағаеке дер едік. Жарықтық «Ағаеке» десе дегендей еді-ау. Жау қабақ, қошқар тұмсық, серке сақал, атан сүйек адам болатын.

Әңгімесін тыңдап отырып күліп жібересің. Қосып жібереді-ау, қосып жібереді.

— Балалар, сендерге өтірік, маған шын ғой бұл күнде. Бұзаудың «Алла-ау»    дегенін    өз құлағыммен    естідім, — дегенде қайтып шыдарсың.

— Осыныңыз өтірік қой, Ағаеке, өтірік қой, — деп ду күлеміз.

Қарттың тас-талқаны шығып ашуланады.

— «Өзі ұры өзгені бөрі дейді» деген осы екен ғой. Өтірік айтып менің басыма не күн туыпты. Мен бұларға білгенімді білсінші, естімегендерін естісінші, десем. Ал, айтпадым ендеше, — деп көк майсаға, шынтақтап жата кетеді. Біз жата жалынамыз.

— Ағаеке! Мүмкін бұзау бір жағдайда «Алла-ау» десе деген шығар. Сендік енді.

— Садағаңыз  кетейік Ағаеке! Айтыңызшы бұзау жағдайда «Алла-ау» деп жүр? Осы кезде ашулана бас көтереді. Бұл енді өзінің де айтқысы келгені. «Ал аузымызға мықты болайық» дегендей ым қағысамыз.

— Күзгі кез. Қазақтың сары даласы. Кигіз үй, қарлы боран азынап тұр. Екі күндей енесі келмей белдеуде аш қатып, іш дегенің белге жабысып, бел бүкірейіп аспанға шығып, сілесі әбден қатқан сорлы бұзау ақыр аяғы «Алла-ау» демегенде не дейді?

— Рас-рас, Ағаеке.

— Әне рас болса сол,— дейді Ағаекең.

— Ағаеке тағы қандай сұмдықтарды көрдіңіз? — деп аузымыздан суымыз құрып сұранамыз.

— Көп қой шырақтарым, көргеніміз көп қой, — деп, ұшы-қиыры жоқ қара орманды меңзегендей көзін жұмып, басын изеп отырып қалады.

— Айтсаңызшы, Ағаеке! Айтсаңызшы, — деп арпалысамыз. Үн жоқ. Отырып-отырып:

— Баяғы да… — деп бір қалады.

«Иә, сәт» — дейміз дімімізді іштен алып.

— Тегінде, шырақтарым, естеріңде болсын. Әңгімеде өтірік, шын деген болмайды. Маған айтсын десеңдер. «Өтірік қой, өтірік», дегенді қойыңдар, — деп ескертеді.

— Иә, иә, Ағаеке.

— Ендеше, балаларым, бұл әнгімеміздің аты: «Айдалада жатқан шіләпшін» деп аталады.

Ел жайлаудың үстіндегі кез. Әркім уысты-құлақ астығымызды ту жайлаудаң барып күн-түн демей суырамыз да, маса-сонадан басы-көзіміз көнектей болып қайта қашамыз. Тақ бір тозаққа түсіп шыққандай, арсы-күрсі болып ауылға жетеміз.

Шілденің шіліңгір ыстығы, күн найза бойы көтерілгенде-ақ айнала алаулап жанып кетті. Астымда шудасы жер сүзген сары атаным бар, сары далада Асанқайғыша соғып келемін.

Ой тәуба-ай, өз көзіме өзім сенбедім, жалтырап анадай да бір шіләпшін жатыр. Ол кезде қазақ ауылы темір ыдысқа қандай зәру. Ей, шырақтарым-ай, біз кімге жем болмады дейсіңдер. Тісің жұлынғырлардың жеді ғой талайы. Алаяқ саудагерлер астарына мыс шәугім, қалайы ожау, қаңылтыр шіләпшін теңдеп келіп, қоралы қой айдап қайтатын.

«Періште алтын көріп жолдан тайыпты», су жаңа шіләпшінді кемпіріме апарып беріп бір қуандырам-ау» дегенде көзім тұнып кетті. Бұл далада өзімнен басқа пенде жоқ болса да, сары атанды борбайлап жіберіп тура ұмтылдым. Дүбірлете жететін ат емес, майпаңдата келіп түсе қалдым да, шіләпшіннің шетінен енді жармаса бергенімде, Алла сақтасын, әлгі шіләпшінім адам баласы естімеген ащы бір дауыс шығарып аспанға атқып кеткені, ар жағында не болғанын білмеймін.

Осыдан қанша жатқанымды бір құдайдың өзі біледі, бір кезде жаурынымды біреу қапсыра ұстап көтерді. Көзімді ашып қарасам, сары атан. «Айдағыр құйрығымен бір салып еткенге осынша мұрттай түскенің не, жүрейік» дегендей түксиді жануар. Сөйтсем, менің көргенім айдаһар екен. Түнімен жортқан, жүнсіз неме күн шыға бойы жылынып маужырап, ұйықтап кетсе керек. Ыстық күнде дөңгелене иіріліп жатқанда менің көзіме шіләпшін құсап көрініпті антұрған.

— Ойпыр-ау, Ағаеке-ау, мынадай сұмдықтан жүрегіңіз қайтып жарылып кетпеді? — дестік зәреміз ұшып.

— Ей, менің жүрегім жарылып кетсе, сендерге бұл әңгімені кім айтады. Ақымақсыңдар, — деп Ағаекем қисая кетті.

Ағаекемнің әңгімесіне тоймаймыз да жалынуды қоймаймыз. Бір ғажабы қасиетті марқұм бұлдануды, бәлденуді білмеуші еді. Қайта қалт жібермей тыңдап, шып-шырғасын шығармай ұғып алғаныңа риза болатын.

 

 

 

 

 

 

ҚЫЗЫЛЖАРҒА  ҚАРАЙ  ТАРТ…

 

 

Ағаекең екеуміз ауданға қарай құйғытып келеміз. Көк машина тас жолды жұтып жеп, ұшып келеді. Алдында ежірейе қарап отырған қарт кенет мырс етіп күліп жіберді.

— Неге күлдіңіз, Ағаеке?

— Е, шырағым күлкі көп қой. Көп… Ойлап отырсақ, басымыздан сан қилы істер өткен екен.

— Иә, иә… Айтсаңызшы, Ағаеке?

— Ауылға машина-трактор жаңа келген кез. Шоферлардан ол кезде жауап ала алмайсыз. Осы чинге қолжеткізуге менде құмарттым…

Бір күні колхозға су жаңа «Полутурка» келді. Колхоз бастығы шақырып алып:

— Ал, батырым колхоз қаржысымен бес ай оқып келдің, мынаны айда! — деді.

Маңдайымнан суық тер бұрқ ете түсті. Бес ай түгіл бес жыл оқиын, орысшадан дым сезбейтін мен байғұс не ұқты дейсің. Әйтеуір көп тетігі табанда, бір-екеуі қолда екенін байқап қайтқам.

Менің сорыма ауылдан атты жаяулы түгел қаптады. Себебі Ағаекеңнің машина айдағанын көрмек керек. Кірдім кабинаға, ұстадым рульді. Кілтін алуды білемін. Тақ бір домбыраның күй пернесін іздегендей аяғыммен табан темірлерді жағалата басып, біреуіне келгенде зіркіреп қоя берді антұрған. Қолым байқұс ананы бір, мынаны бір жұлқылап қарбалас жұмыс істеп жатқан-ды. Бір кезде асау дөненше атқып кетіп, ұра кеп жөнелді. «Қош» деуге тіл келмеді.

Амал не, асаудың құлағымен ойнайтын ер едік қой. О, құдірет тартатұғын тізгін жоқ, қу далада құтырықша заулап кетіп барамын. Құдай таупық беріп тоқтар ма екен деген ниетпен қолымдағы шаңырақтай қараны шалқая тартып, табанымды шірей түсем, тоқтағаны солонан сайын заулайды. Мойын бұруға мұрса жоқ. Ұшқан құсты ілердей боп ұшып келем. Ызадан жылап жібергім келеді. Амал не бұған да уақыт керек екен. Көзім байғұс бір сәтке туған далаға түсіп кетті. Ақ көде, қара қурай, бөрте жусан дөңгелеп бәрідағы қалып жатыр. О, сұмдық-ай, бір кезде құлағыма:

— Арқан керіңдер, арқан керіңдер!

— Ақымақ-ау арқаның не, арқаның… — деген дауыстар естілді. Мүмкін мен айнала шауып жүрмін де,    не олар төтеден қосылды.

— Бауырым Ағыбай-ау, Қызылжарға қарай тарт, Қызылжарға… дегені ғой бір дауыстың.

«О, садағаң кетейін бұл кім болды екен? Осыдан аман қалсам, аяғыңды құшып еңірермін-ау» деп келемін ішімнен.

Атқойдым «бауырымдап»

Қызылжарға.

Өйтпеске жарандар-ау,

лаж бар ма?..

Қызылжарға қошқарша кеп қойып қалатынымды жаным сезіп, көзімді тарс жұмып алдым. Ажалдын аузына қарай аңыратып келемін.

Бір кезде бірдеңе шақ ете түсті де, дүние астан-кестең аударылып кетті.

О, ғаламат! Көзімді ашсам басымда солқылдап әйелім отыр.

— Тірісің бе, Ағыбай-ау? — дейді. «Әрине» дегендей басымды изеймін.

Міне, сонан бері 30 жыл өтіпті. Өкінбеймін өткеніме, — дейді Ағаекең құлшынып, — бәлем, сондағы маған көнбеген көк машинаны, міне, ауыздықтап сен келесің зулатып.

 

«Жазушы» баспасы,

Алматы, 1969 ж.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 




Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to Top ↑