banner-top12

Әдебиет images (4)

Қосқан уақыты Мамыр 15, 2014 | 996 рет оқылды | сайтқа қосқан shalqar

0

Қырықмылтық Жарылғап Байбарақұлы хақында

 

Жарылғап Байбарақұлы өлеңдерінде Отан сүю, туған жерге сағыныш, Атамекенге қайтуы, ағайындарымен көрісуі жайлы мұңды, қайғылы көріністер жырланған. Бір ұлының болмауы, ұрпағын жалғастыруға мүмкіншіліктің болмауы, ақын, жыршыны қатты алаңдатты. Иранға көшіп келуі, жолда қаншалықты машақат, қиындық көруі, халқының тағдыры оны бейжай қалдырмады. Халқының тең жартысы жолда, ауру, сырқаттан, көз жұмып, қаза табуы, құрдастарының басқа ұлттан әйел алуы өлең жолдарына арқау болған. Бала кезіндегі атқа мініп, апаларымен кең далада ойнап, күліп, еркелегені әлі ұмтылған жоқ…
Өкінішке орай, ажал амал бермей, 1990 жылы ақын дүние салды. Бір- екі жыл тағы Тәңір өмір бергенде, бәлкім апаларымен, ағайындарымен кездесіп, мұң-қайғысы азайып қалуы әбден мүмкін еді. Ақынның өлеңдеріндегі коммунистік жүйені сынға алып, қазақ халқына көрсеткен қасіретін баяндауы қатты жанға батады. Ел тыныш, ағайындарымен бірге бір ауылда ойнап жүрген кезде, коммунистік идеяға бағынған жандар, барлық мал-мүлкін тартып алып, бай ұлының жарлы кедейге айналуы қатты қанжылатады. Оның үстіне туған жерден айырылып, апалары бергі жақта, өзі арғы жақта қалып, өміріне өкінішті өзгеріс алып келді. Ақын өмір бойы кедейшілікте өмір сүрді.
Жарылғап Байбарақ ұлының өлеңдеріндегі иірімдерде қазақ елі тәуелсіздік алып, тағы бір рет болса да туған жеріне қайтып, туған жердің құмын иіскеп, сағынышын басуы, жүрекжарды қуанышы баяндалады. Жарылғап Байбарақұлының өлеңінде елді мекендердің атаулары, сол кездегі халықтың тұрмыс тіршілігі жалпы баяндалған.
Жинаушы Нияз ТОБЫШ ,
Ш. Есенов атындағы Каспий Мемлекеттік
Технологиялар және Инжиниринг Университетінің аға оқытушысы
Қырықмылтық Жарылқап Байбарақұлы

СӘЛЕМ

Жеріне біз Иранның келдік көшіп,
Мекендеп ұрпақ жайдық өніп-өсіп,
Туған жер қайғысымен сарғаямыз,
Көкіректі сағыныш оты тесіп.
Көңілім жабырқайды ылғи жасып,
Қабағым ашылмайды қайғы басып,
Бір көрсем отаным мен тумаларды,
Кетер ед қуаныштан көңілім тасып.
Ат шапқан баялышты құмайт белім,
Желпіген қоңыр майда самал желің.
Көзім жұмсам көңілімнен бір кетпейді,
Айнадай жарқыраған айдын көлің.
Кір жуып, кіндік кескен туған жерім.
Сағындым көргім келіп қайран елім.
Бір көрсем тіршілікте тарқар еді,
Іштегі мұз боп қатқан қайғы шерім.
САҒЫНЫШ ЖЫРЛАРЫ
Ел едік біз Иранды мекендеген,
Мұратқа жете алмадым жетем деген.
Көңілім осы кезде мұңайып жүр,
Дүниеден босқа өтіп кетем деген.
Ойнатқан құстай баулып кішкентайдан,
Айналып бір соқпадым туған жайға.
Сағынып осы жерден арман етем
Аяулы ардақтаған апам қайда?
Отаным, арқа сүйер асқар таусың,
Хат жазсам, естілер ме менің даусым.
Алыстан жүрсек тағы біз тілектес,
Бәрімізге нұр құйып бақыт жаусын.
Жеріне біз Иранның келдік көшіп,
Мекен ғып ұрпак жайдық өніп-өсіп.
Кеудеңнен сағыныштың шықпайды екен,
Уақыт кеткенімен желдей есіп.
Көшіп, қонып жүруші ед біздің Адай,
Жел аударған қаңбақтай тағдырым-ай.
Өз еліңнен алыстап кеткеннен соң,
Туған жерге жүреміз қарай-қарай.
Қайғы шер көңіліңді тербетеді,
Көзден жас ауық-ауық көлдетеді.
Білерсің шетте жүрсең ел қадірін,
Өз еліне адамның не жетеді.
Даңқты қазақ деген халқым еді,
Нұр болып басымда бақ балқып еді.
Ат қосып жиын тойға барғанымда,
Көнілім сонда шіркін шалқып еді.
Бір туған апа-інім бұл да қалған,
Береді кімге опа дүние жалған.
Бір туған тумаластан тірі айрылып,
Шер болып көкірекке байланды арман.
Қаптаған қалың қазақ елдерім-ай,
Ат шапқан баялышты белдерім-ай.
Ат мініп тойға барып алшаңдаған,
Басымнан өтіп кетті дәуренім-ай.

СҰРҚЫЛ ЗАМАН

Толғау

Сарыарқа, Сағыз, Жем мен сары даласы,
Маңғыстау – Балқаш таумен шекарасы.
Жайлаған құба дөңді Адай халкым,
Мекендеп қоныс қылған екі арасы.
Адайдың жүрген жері – астанасы,
Ат шапқан құба дөңде жас баласы.
Біздің ел жаз жайлайтын Сарыарқаны,
Келуші еді жаз жайласа елдің сәні.
Төрт түлік жөнге жүрмей, жөңкілетін,
Көбейіп есебі жоқ малдың саны.
Қысында қыстаушы едік Маңғыстауды
Қап-қара төбемізден бәле жауды!
Тап болып маңдайына сұрқыл заман,
Мекеннен атақоныс халқым ауды.
Арқаға барушы еді жоғарғы Адай,
Адастық тумалардан жоғалғандай.
Тумамды көрмегенді арман етем,
Қартайып сақал-шашым ағарғандай.
Қаласы біздің елдің – Қарақамыс,
Туған жер енді бізден қалады алыс.
Сағындым елу төрт жыл арманменен,
Жүзіне апалардың болмай таныс.
Қысында базар қылып Бесқаланы,
Баруға жауларынан жасқанады.
Қойға ұқсап қасқыр тиген тозғындатты,
Төбеден жасыл тастап астананы!
Жеріне біз Иранның келдік асып,
Таба алмай туған жерден баспананы.
Жайлаушы еді төменгі Адай үш түбекті,
Малдарын бағушы еді азды-көпті.
Басынан бақыт-дәулет ауған күні
Көп дәулет баяндамай, ұшты кетті!
Базары баратұғын Қаңбақты еді,
Байлары аты шыққан саңлақты еді.
Жазында ыссы жерге түйе байлап,
Аулының айналасы шаңдақты еді.
Баратын бір қаласы Кетік еді,
Дәулетке біздің Адай жетіп еді.
Қашырды берекесін – елдің сәнін,
Ұсталып басты адамдар кетіп еді!
Сырына біздің елдің жетік еді,
Бір пәле елге келіп жетіп еді.
Жөнелдік әр тарапқа бас сауғалап,
Қорлығы залымдардың өтіп еді!
Күзінде жәрмеңкеміз Көкжар еді,
Арасы біздің елге көп жер еді.
Сағынып елу төрт жыл байланды шер,
Тумамды енді қашан көз көреді?
Сағынып тумама айтқан сөздер еді,
Тілегін біреулердің тез береді.
Жазылса бұл дүниеде несіп болып,
Өлмесе, ақыр бір күн кез келеді.
Таусылмас, айта берсем, көңіл назы,
Той тойлап жүруші едік қысы-жазы.
Ат шауып айдын көлдің жағасында,
Шалпылдап суда жүзер үйрек-қазы.
Теңге алып, атпен шауып ойынпазы,
Басынан азайған күн елдің сазы.
Тап болдық кер заманның керіміне,
Әділдік патшамыздан болмай қазы.
Бір жалын елді келіп өртегеннен –
Иранға асып келдім ерте күннен.
Жазбаса маңдайыңа несіп қылып,
Жігітке қыз бермейді ел тегіннен.
Басты адам қойдай тізіп ұсталғасын,
Заманнан кемдік көріп, қыстанғасын,
Туған жер тума менен талақ қылдым.
Басыңа іс түскесін қыстанасың.
Айтайын Адай елдің жүрген жерін,
Сағындым көргім келіп, қайран елім!
Бір туған тумаларды көзім көріп,
Тарқатар күн болар ма іштің шерін?
Желпіген қоңыр майда самал желін,
Айнадай жарқыраушы еді айдын көлің.
Той тойлап көктемеде одағайлап,
Ат шапқан баялышты құмайт белім.
Сағыныш айдын көлдің көлеміндей,
Арманым асқар таудың сілеміндей.
Қайғымен қапа болып, тарыққанда –
Айтамын шер тарқатып өлеңімді.
Қайғы-шер палуандардың білегіндей,
Бір Алла, бермедің ғой тілегімді.
Толғасам осылайша жел сөзбенен,
Басамын біраз ғана жүрегімді…

( Толғау 1984 жылы жазылған. )

ЖЕЛ АЙДАҒАН ҚАҢБАҚТАЙ …

Құба дөң – ата-бабам туған мекен,
Біздерді сол мекенде туған екен…
Ат мініп, азғантай күн тойға түсіп,
Беліме кемер деңмен буған екен.
Жауыздың құтыратын жыны ұстап,
Халқымды мекенінен қуған екен!
Біз кеттік жел айдаған қаңбаққа ұсап,
Жат болып, ел-тумадан болдық бөтен.
Ізімнен еркек перзент ермеген соң,
Мұңданып осы күнде арман етем.
Құба дөң құтымыз боп, туған мекен,
Көз жасы талайлардың жуған екен.
Бұрын да жеті жұртың жер аударып,
Талайдың жерден көңілі суыған екен.
Бір туған тумасынан тірі айрылып,
Талайды арман-қайғы буған екен.
Мың тоғыз жүз отыздың сары күзі –
Бұл-дағы елге келген науқан екен.
Қапсырып, қара аспанды тарылдырып,
Талайға қанды бұршақ жауған екен.
Тарихтың сызығына жеткен пенде –
Талай ел мекенінен ауған екен.
Құба дөң жеті жұрттан қалған екен,
Талайға арман-қайғы салған екен.
Адамзат тұрақ қылар баяны жоқ,
Қашаннан тұрлауы жоқ жалған екен.

АЛАСАТҚА АЙТҚАН СӨЗ …

Бардады базар қылып, әр қаланың
Ат жетпес айналасы сары даланың.
Ел, тума, жер-қонысты талақ қылдық,
Сойқаны елге жетіп Сары баланың.
Мың тоғыз жүз отыздың сойқан күзі,
Теп-тегіс солғын тартты елдің жүзі.
Басынан елдің бағы ауған күні –
Өрт шалды құба дөңнің жапан түзін.
Кешегі аласатқа айтқан сөзім –
Халқым-ау, тыңдар бүгін келді кезің.
Қалдырмай қатын-бала жер аударып,
Үй тонап, малды алғанда – бармын өзім!
Талпынып жаңа атқа мінген кезім,
Жыланды жатқан талай көрді көзім.
Ел-халық, тумаларын талақ қылып,
Нешелер болған жоқ па елден безім?
Келді де бір айдаһар аузын ашты,
Намадан жер жүзіне зәрін шашты!
Зардапқа тау күйініп, тастар жанып,
Тозғындап кәрі-жасы халқым қашты.
Бүгінде тумасынан тірі айрылған,
Жеріген ұясынан қарлығашпын.
Адасып алыс жерге біз кеткен соң,
Қадірі енді өтеді қарындастың.
Аз қазақ елден шыға қаша көштің,
Көрмеген неше белең жерден кештің.
Түн жүріп, күндіз жатып неше бір күн,
Иранға келіп қонып, жүгің шештің.
Тумасын өмір бойы бір көре алмай,
Сағынып аңсағанның өңмені өштің.
Келген соң, бұл Иранды мекен етіп,
Қоныстап, ұрпақ жайып, өніп-өстің.
Дәм айдап бұл Иранға біз келгелі,
Бірталай дәурен өтіп, жылдар кештің.
Адасып туған жерден кіндік кескен,
Туманы өмір бойы бір көре алмай,
Талайлар үміттерін үздік дескен.
Сағыныш дерт болып тұр жүрек тескен.
Айырған бірге туған тумасынан
Жауыздың зұлымдығы кетер ме естен?
ҚЫЗЫЛБАСТАН – ҚАТЫНЫ …
Айдады келмесіне ата-анасын,
Шулатып, жетім қылып қыз баласын.
Мал құрту, адам жұту, ойран болса –
Мекенде қалай тыныш жата аларсың?
Жерінен құба дөңнің дұға қаштың,
Аз қазақ жерден өрлеп, шыға қаштың.
Түйедей жерсінбеген ауып келіп,
Жеріне мекен еттің Қызылбастың.
Малды алып, ата-анасы айдап асқан,
Жүзінен қалғандардың сұры қашқан.
Қолында ішер асы болмаған соң,
Зарланды талай жетім жылап аштан.
Бір туған аға-іні, қарындастан,
Біздің ел асып келді айлық аштан.
Бұрынғы ата жолы бізден қалды,
Қатындар билік алды ұзын шаштан.
Тұқымы қара болар хабары жоқ,
Талайы қызылбасқа басын қосқан.
Енеңнің етегінен өнген күні
Несібе-ризығыңды солай шашқан.
Сендерге мен айтайын әуел бастан –
Халқыма тындайтұғын қостым дастан.
Біздің ел бұл Иранды мекендеді,
Салды енді қабатты үйін қызыл тастан.
Кешегі аласаттың заманында
Адасты ерлі-зайып басын қосқан.
Тілегі жас балдардың осы күнде,
Жол ашып, екі арадан, болса бостан!
Тұқымын біздің қазақ заялады –
Жас жігіт қатын алды Қызылбастан.
Өзіңе бұл да мәлім ерте бастан,
Маңдайға шашын қойды балғын жастан.
Кез келіп, қарсы келсең – сәлемі жоқ,
Тағылым-дәріс алыпты Кәмүнстан.
Қорегі жас балдардың шылым-настан,
Сөйлесе ұтылмайды жығылмастан.
Билікті қатын менен бала алғасын,
Ер құнын бітіретұғын ер азамат,
Сөздері тыңдалмады пайдаға асқан.
Билікті қатын менен бала алды,
Шығарып өздеріне жолдар салды.
Қол жуып, құда болмай құдасына,
Бұрынғы ата жолы бізден қалды.
Той деген ата салты бұрынғының,
Оң болар еткен ісі ырымдының.
Еркектен асып қатын, жол шығарып,
Той болса – бәрі барад бұрымдының.
Той болса, алдыменен, қатындар жүр,
Өзінің қылған ісін мақұлдап жүр.
Бұрынғы ата салтын жерге көміп,
Ел билеп, жұрт сұрауға жақындап жүр.
Байрақты аттан озып, алды байтал,
Қалмады қарттарың да ақыл айтар.
Тұрғанда ата-анасы билік алған –
Қорқамын бола ма деп түбі сайқал!
Ақылды, білікті адам сөзді байқар,
Әдепсіз болса балаң – жанды шайқар.
Еркектің қатты қорқар қайраты жоқ,
Қатындар билік алмай, енді қайтер?
Сөйлеймін өмірімше жалғыз тілді,
Парсыны бала-қатын – бәрі білді.
Соншама Хаққа тоба қылсам-дағы,
Бермеді тілегімді – жалғыз ұлды!
Кешегі жиырма бестің кербезінде,
Алмадым жамансынып талай тұлды.
Бес уақыт құбылаға қолын жайған
Бір Алла бос қояр ма біздей құлды?
Аллаға бір жазығым болған шығар,
Болмаса, неге мұндай мұңды қылды?
Ел билеп, жұрт сұрайтын болмасам да,
Шығып еді заманымда менің атым.
Басына іс түссе адам – қапылатын,
Түбінен алғым келмеді қатын атын.
Бұл күнде Алматыға қағаз жазып,
Шығып жүр осы күнде ақын атым.
Жастықта келіп еді лайқатым,
Келді ғой аяғынан талай қатын.
Үш жатып, төртінші күні қайтып кетті,
Білген соң, басын тартып, қайта алатын.
БІР АЛЛАНЫҢ ҚАЛАУЫ …

Туған жерге айналып бара алмадым,
Тірлікте апа-тумам көре алмадым.
Жүзінде жалғаншының жалғыз барып,
Көрісіп, қолдың ұшын бере алмадым.
Халқыма қайта айналып оралмадым,
Басыма пайғамбар тәж оранғаным.
Түн болса, Құран оқып, қолды жайып,
Бір бала ақ ниетпен сұранғаным.
Бойымнан тарқаған жоқ бар арманым,
Қалауы болған шығар бір Алланың.
Соншама қолды жайып, жалбарсам да,
Құдайым, бір перзентке зар қылдың ғой.
ЖЕТІ ЖҰРТ КЕТКЕН …
Жауыздар елді билеп, еліргенде,
Елді жеп, емін-еркін кенелгенде.
Қараңғы түн ортасы болып еді –
Жол тартып, бұл Иранға жөнелгенде.
Жақсы сөз – ашатұғын көңіл кірін,
Жаман іс – дос көңіліне тиер қырын.
Біреудің қойнындағы жары кетіп,
Жауыздар алған жоқ па беттің нұрын?
Құба дөң қайыры жоқ мекен екен,
Жеті жұрт кеткен екен бізден бұрын.
ДАУСЫ ЖЕЛДЕЙ ГУЛЕГЕН!..
Адай деген халық едім
Даусы желдей гулеген.
Ішінен ерлер көп шықты
Дұшпанын шаншып түйреген!..
Бекет деген пір шықты
Астана жұртын билеген.
Кіреуке шапан жамылып,
Заманында танылып,
Байларым өтті би менен.
Қаріптер келсе – дем беріп,
Шалғысы жанға тимеген.
Құба дөңді мекендеп,
Алты мың алты жүз үйменен.
Мереке, жиын, айт пен той –
Байраққа атын сүйреген!
Адам бар ма, шіркін, кезінде
Бұл дүниені сүймеген!
Нешелер сұлу өткен жоқ,
Шыбықтай белі бұралып,
Жібектей шашы оралып,
Асылдан басқа кимеген.
Байдың ару қыздары
Алшаңдай басып аяғын,
Табаны жерге тимеген.
Бес жүз сомнан соқтырған
Өңіржиек, шашбауы
Сарыала алтын түймемен
Байларым өтті алшаңдап,
Жектіріп арба күймемен!
АШАМАЙҒА МІНДІМ ДЕ …

Бес жаста атқа міндім, елді танып,
Еріксіз ашамайға қойды таңып.
“Шырақты атқа шауып үйретем – деп
Жетелеп апаларым алды барып.
“Апырмай, жығып тастап кете ме?” -деп,
Қарады шешелерім қайран қалып.
Апамыз тұра алмайды мүйізі қышып,
Жетелеп, атқа шапты алып-ұшып!
Апамыз қанша қатты шапса-дағы,
Жығылып қалғаным жоқ жерге түсіп!
Ораған ашамайға түрме белбеу,
Қызарып кеткен екен бұтым ісіп.
Есікте қарап тұрған шешелерім,
Қалыпты талай жерден бұтын қысып!
БЕТАШАР

Алқалаған әлеумет,
Аз ғана шыдап, сабыр ет.
Келіннің бетін ашуға,
Біздерге бердің бір мәулет.
Келіні келіп бет ашпақ,
Атамыз Әнес сахаба
Келе жатқан бұл сәулет.
Қолтығын сүйеп құрметтеп,
Екі абысын қасында,
Ибалық қылып әдеппен.
Ақ желегі басында,
Ұлықсат сұрап келін тұр,
Кірейін деп осында.
Жиналған жұртын көруге,
Сендерге сәлем беруге,
Келіншек келді, көріңіз.
Көргеннен кейін біздерге,
Отырып қалмай сіздер де,
Көрімдігін беріңіз.
Келіннің бетін ашатын,
Кемпірлер шашу шашатын-
Қашаннан жоба-жолымыз.
Бір көлдің, келін, аққуы,
Қайырлы болсын бұл қонған
Бұйрықты қоныс – көліңіз.
Тал шыбықтай бойлаған,
Тай-құлындай ойнаған,
Қалды ол жақта бұрынғы
Туып-өскен еліңіз.
Құтты келін атанып,
Ата-анаңнан бата алып,
Қадірлей берсін құрметтеп,
Келіп түскен жеріңіз.
Жастары бар, қарты бар,
Беташар деген салты бар.
Сол кәдесін істеуге
Келіп тұр, келін, жөніңіз.
Сол үшін айтқан сөзіме,
Таршылық қылмай, көне бер,
Иіліп сәлем бере бер,
Ауырмаса, егер, беліңіз.
Ажар қандай, түр қандай,
Келіндей шырай бар ма екен
Көргендер қарап тұрғандай?..
Келіншекті көруге
Сыртта жүрген құр қалмай-
Бәрің де бермен келіңдер.
Кешіріңдер, көпшілік,
Сөзде болса қатамыз.
Сатулы болып жүрмесін
Келінге берген батаңыз.
Атасы деген қай жақта
Кемедей болған жотаңыз?..
Ұлықсат қылып, бата бер,
Келіп тұрған мынау – ботаңыз!..
Ақсақалы ауылдың,
Жасы үлкен бәрінен
Төбедей болған төрдегі
Отырған анау атаңыз.
Атаңызға бір сәлем!
Тыңдасаң, келін, зейніңмен,
Айтылған сөзім – өнеге.
Қиын көрмей сөзімді,
Көп айтад деп бұл неге?..
Қынжылмай қызмет ете бер
Көп жасаған көнеге.
Ата-ана менен еріңе,
Сыйлы бол келген еліңе,
Айтып-айтпай немене.
Дәрежең бүгін артылып
Қолың жетті Кебеге.
Келінің келді дегенде –
Енеңнен қозды делебе.
Әйелде артық жаралған
Енеңе жанды теңеме.
Адассаң ақыл табатын
Жазулы кеңсе кенеге.
Қапыда өтсе дәуренің –
Қайта айналып келе ме?
Ықыластанып құрмет қыл
Ата менен енеңе.
Ерте тұрып, кеш жатып,
Әдептілікпен тіл қатып,
Ауырлап сөзін елеме.
Қатты сөз айтып бетіне,
Көкірегіңді кенеме.
Өтірігің бір шықса-
Халқың қайтып сене ме?
Сол кісілердің себебі
Ұрпақтан ұрпақ өсетін
Бел бала мен немере.
Батасын алсаң солардың –
Жоламас пәле денеңе.
Жасыңнан шықса жақсы атың –
Бір шығарсың төбеге.
Мына отырған енесі –
Қара жердің кемесі.
Тарықсаң айла табатын
Ақылдасар кеңесі.
Әйел де болса артық қой
Еркектен асқан денесі.
Келінің келді дегенде –
Жақындап көкке төбесі,
Қойнына сыймай қуаныш,
Жарыла жаздап көбесі.
Қуанбасқа болар ма
Қолына келсе Кебесі,
Енеңізге бір сәлем!
Айтылса әзіл-шын көріп,
Ұрысыңды сайлама.
Ыржаңдатып аузыңды
Нанды жеп, сағыз шайнама.
Үйде отырған кісінің
Жел жағынан шаңытып,
Малыңды қуып айдама.
Қонақ келсе үйіңе –
Шай-суыңды бере алмай,
Басыңа, келін, қайлама.
Жас басыңнан қатайып,
Сараң мінез ойлама.
Ойынның жөні осы деп –
Орынсыз күліп-ойнама.
Мына отырған қорбиып-
Келінге болған қайынаға.
Осы күнде жетіп жүр
Амал менен айлаға.
Мұнан артық ешкім жоқ
Бүл жердегі адамда
Мал табатын пайдаға.
Қайынағаңа құрмет қыл –
Бір күні жетер пайдаңа.
Қайынағаңа бір сәлем!
Қайдасыңдар, қанеки,
Келіншектің қайнысы?
Көрелікші түрлерін –
Қайнысы деген қай кісі?
Жеңгесіне қуанып,
Шашу қылып лақтырған
Мың теңге болды бәйгісі.
Бұл заманда жоқ шығар
Қайнысына тай кісі.
Жеңгесін сыйлап, құрметтер
Қайынның небір сыйлысы.
Қайнысына бір сәлем!
Қонақ келсе үйіңе –
Жылдамдатып шайың қой,
Астына көрпе төсей бер.
Бәрі сыншы бұл күнде,
Келмей жатып өсекке
Тағылып жүр нешейлер.
Мұнда да көп сыртыңнан
Жүгіртетін әр саққа
Тілі жүйрік шешендер.
Бір отырып көпірсе –
Ерте күнін кеш қылар.
Отырған жерден жол тауып,
Өз көңілін қош қылар.
Құлағы түрік, көзі ашық
Отырған осы жағалай
Абысын-ажын шешейлер.
Шешейлерге бір сәлем!
Енді келді кезегің,
Келіншектің бикеші.
Асылдан киім киініп,
Шашақтап шашбау түйініп,
Жібектен еді шүйкесі.
Жеңгесіне қуанып,
Құрыды қалмай жүйкесі.
Қуанғанның белгісі
Аузына сыймай үйкесі.
Бикешіңе бір сәлем!
Бар ма екен тағы айтылмай,
Қатардан қалған өзгеңіз?
Аты аталған кісілер,
Ұялмас жағын көздеңіз.
Беретіндерің бар болса –
Көп кідірмей, тездеңіз.
Қатардан неге қалдық деп,
Көңілі ренжіп жүрмесін
Отырған апай, жездеңіз.
Кел-кел, келін, керілмей,
Бойкүйез тартып, ерінбей.
Оларға да бір сәлем!
Жігіттің жолы болмайды
Жапырылып алдынан
Таудың тасы құламай.
Сыртымнан айтпай – көзіме айт
Айтылса сөзім ұнамай.
Сұлулаушы едім сөзімді
Сұғындап қаққан сынадай.
Мақсатына жетпесе –
Толқыған көңіл тына ма-ай?
Жыршының аты шықпайды
Халқы байқап, сынамай.
Ер мақсатқа жете алмас
Заманында бұламай.
Ер-тумаға қарамас
Заманы келсе бұлағай.
Отырсың ба сендер де
Шиыршық атып, шыдамай?
Жаңа келді кезегің,
Құдалар мен құдағай.
Ел сыйлаған құда мен,
Құдағайларға бір сәлем!
Аты аталмай, қатардан
Қалғандар бар ма, қарашы.
Жігіттің жолы ашылар,
Дұшпанның көңілі басылар
Алдында өссе ағасы.
Түгел тұрса төрт көзің –
Дұшпанның болмас дәмесі.
Қалтарыста қалмасын
Жиендер мен нағашы.
Өкпелей-тұғын түрі бар
Қатардан қалса, шамасы.
Оларға да бір сәлем!
Кербезденген жеңге көп
Ерте жатып, кеш тұрған.
Қызына ұрсып шаңқылдап,
Тұрса – сөзін жостырған.
Ауыздасқан жерлерде
Әркімдерді қашырған.
Бетінен алып ерінің,
Еңбегін әбден еш қылған,
Жағасынан алғандай,
Көрінер көзге күш қылған.
Осылардың ішінде
Бар ма екен сондай іс қылған?
Бар болса сондай жеңгелер –
Мінезін түзеп, жөнделер.
Оларға да бір сәлем!
Бір бүгіліп, бір тұрып,
Келін де әбден жалықты,
Жалықса да, кәделеп,
Тауысқан шығар халықты.
Ата-анаңнан қашақтап,
Бүгін көрдің жарықты.
Бір көлден ұшып бір көлге,
Жұлдызың бүгін жаныпты,
Осы отырған жиналып,
Жастар менен қария.
Қарияның ақылы –
Ұшан-теңіз дария.
Оларға да бір сәлем!
Қосылған екен келін де
Өзінің теңдес жарына.
Бастан-аяқ қалдырмай,
Еткіздім сәлем бәріңе.
Берген сәлемді ескермей,
Көрімдік беруді қош көрмей,
Кетпеңдер қарап жайыңа.
Айттың деп – айып етпес деп,
Жатырмын салып ойыңа.
Несібе айдап, кез келдім
Мерекелі тойыңа.
Кисең – киім жарасар
Талшыбықтай бойыңа,
Аз айтылды десеңіз –
Асықпай шыдап тұра тұр,
Әлі де сөзге қанасың.
Сөз естісең – тыңдай қал,
Ықыласыңмен құлақ сал.
Айтайын аздап насихат,
Келтіріп сөздің шамасын.
Сақтанбасаң әуелден,
Ат тағылса – қалмайды,
Ақ та болсаң – қарасың.
Орынсыз ойнап-күлем деп,
Өсек сөздің өзіңе
Жапсырып алма жаласын.
Бір ілінсең жалаға –
Оңайлықпен қалмайды,
Көп бәлеге қаласың.
Айтатын әлі сөзім бар,
Алсаң, келін, тілімді.
Сақтарсың түйіп жадыңа
Салмақты болсаң, білімді.
Ата-анаңды сыйламай,
Ұшырма бастан гүліңді,
Абысынменен айқасып,
Талай келін бүлінді.
Ақылы кемге айтқан сөз
Далаға кеткен шығын-ды.
Жас басыңнан суылдап,
Ата-ана менен жеңгеге,
Туған ел, төркін, өңгеге
Қыз күніңдегі еркелік
Болмасын енді бұрынғы.
Жеңілдік қылып желпініп,
Қашырма беттен нұрыңды.
Өзіңнен үлкен кісінің
Бетіне қарсы қарама.
Бедірейіп отырмай,
Бетіңді бұрып, панала.
Үйіңе кісі келгенде –
Шай-суыңды бере алмай,
Жүгіре шықпа далаға.
Даусыңды қатты шығарып,
Қарғап-сілеп, кейіме
Жаман сөз айтып балаға.
Баланың қайтса назары –
Ілінерсің жаман жалаға.
Сабыр қыл, келін, сыр бермей,
Аштық пенен тоғыңа.
Наразы болып қиналма
Кемтарлық көрген жоғыңа.
Ашқұрсақ қылып еріңді,
Өзің жеп қойма тамақтың
Дәмдісі түссе қолыңа.
Әңгімелессең біреумен –
Абайлап сөйле ақырын
Оңы менен солыңа.
Алдынан өтіп ордаңдап,
Келе жатқан үлкен кісінің
Кеселеп жүрме жолына.
Қабағыңды түйіп кіржиіп,
Ауылдастан қызғанып,
Ас-суыңды қорыма.
Сараңдық мінез үйреніп,
Жаланың түспе торына.
Тұруды ерте әдет қыл,
Ерініп жатпа төсекте.
Бойкүйезденген ұйқыны
Бойыңа үйір, дос етпе.
Өзің жатып ерініп,
Тұрсайшы деп еріңе
Ондай бәле көрсетпе.
Сақтанбасаң күтініп,
Жаңа түскен жас келін
Жақын болар өсекке.
Балалық күнді өткізіп,
Салтанатты сәнменен
Енді келдің есепке.
Ықыласыңмен тыңдай бер,
Артық болмас әлі де,
Айтылды біраз десек те.
Төсекке жатар уақытыңда
Бұрын жатпа еріңнен
Ата-анаңа құрмет қыл,
Әдеттен сақтан ерінген.
Жыл өткенше, жас келін,
Сынайды сені көрінген.
Сыр бермей кетсең екі-үш жыл –
Ісі жоқ жұрттың сенімен.
Ата-ана менен еріңе,
Бұл жақта келген еліңе
Қолайсыз мінез көрсетіп,
Айрылып жүрме сенімнен.
Ықыластанып құрмет қыл
Тәңірім қосқан еріңе.
Ерегесіп еріңнің,
Қарсы келме шебіне.
Көңілін тауып, хош етсең –
О да сыйлар сені де.
Бір жақтан үйге келгенде –
Көрпесін төсеп, көпшік қой
Отыратұғын жеріне.
Бір нәрсе десе күйеуің –
Алыста тұрып сөйлеме,
Кел жақындап шеніне.
Киінгенде байқап тұр
Жағасы менен жеңіне.
Бір жерге барсаң бас қосып,
Өзгеден бұрын ордаңдап,
Ол үйдің шықпа төріне.
Абысынменен айқасып,
Ауыздасып өшігіп,
Күшке тиме көріне.
Көстеңдеп көптің көзінше,
Кірісе кетпе біреудің
Отырған сөйлеп сөзіне.
Ибалық қылып, әдеппен
Келгенде сөйле кезіне.
Әзірлеп, қолға су құйдыр
Ас қайырса, тамақ ішіліп.
Аларсың алғыс әркімнен –
Үлкенге қылсаң кішілік.
Жасыңнан шығар жақсы атың
Көңілде болса кісілік.
Аңдығандарға – насихат,
Тыңдаса келін түсініп.
Ата-ене менен еріңе –
Қарсы келме шебіне
Жесе де сөзбен пісіріп.
Абыройың болар ма
Абысынменен айқассаң,
Орынсыз жерге ісініп.
Отыра кетпей жүреңнен,
Бір тізерлеп отыр, бүгіліп.
Даусыңды қатты шығарма,
Ақырын сөйле, үгіліп,
Үйіңе келген кісінің
Қарай берме бетіне
Қайта-қайта үңіліп.
Табақтас болсаң біреумен –
Бұрын салма қолыңды,
Сабыр қыл сәл-пәл кідіріп…
Арасында екі үйдің,
Әдетін қылып баланың
Асығып жүрме жүгіріп.
Ибалық қылып әдеппен,
Атаның салған әдетпен
Жәйменен жүр мүдіріп.
Адамдардан ұялмай,
Жүреңнен қарсы отырма
Етегіңді түрініп.
Сүйрете басып аяқты,
Келінім, қалма сүрініп.
Ретсіз бекер ыржаңдап,
Орынсыз әзіл айтам деп –
Өсекке қалма ілініп.
Сездірмейін десең де,
Жасырынбас жаман ат,
Бір күні шығар білініп.
Жаман атың бір шықса
Ерің менен еліңнің
Көңілі қалар түңіліп.
Абыройың қалар ма
Орынсыз жерде таяқ жеп,
Бетің қалса тілініп.
Жас келін жадқа түйсін деп,
Ақылым айтып жатырмын
Құлағыңа сіңіріп.
Отырған көптің көзінше
Бір жеріңді қасыма.
Қопырап басың тұрмасын,
Ие бол самай шашыңа.
Өзіңе тартып, үйір қыл
Жас бала келсе қасыңа.
Жақынның бәрін бірдей көр,
Алалама жақсы-жаман деп,
Қарама кәрі-жасына.
Нағашы-жиен, қайным деп,
Осы менің ойным деп,
Мойнына кетпе асыла.
Мына бір әйел жақсы деп,
Абыройды білмейтін
Ақымақпен болма ашына.
Естіген сөзіңді жатқызбай,
Біреудің сөзін біреуге
Түрлендіріп тасыма.
Мырза келін болам деп,
Бере берме барыңды
Әркімге бір шашыла.
Бастаңғы қылсаң үйіңді –
Берекеті болмайды
Дүние-мүлік асыңа.
Ұрлап алма біреудің
Сабақты жібін жасырып.
Ұры келін атанба
Бетіңнің арын қашырып.
Аштан келген кісідей –
Шайнама тамақ асығып.
Ақысы кеткен кісідей –
Сөйлеме қатты ашынып.
Үйіңнің ішін жинап қой,
Жатпасын жайрап, шашылып.
Берекетін кетірме
Күйеуіңнің тапқанын
Төркініңе асырып.
Жақын болса ауыл арасы –
Жаяу жүр, мінбе көлікке,
Жалғыз өзің қыдырма,
Ерт біреуді серікке.
Я әйел болсын, я бала –
Қасыңа жігіт ерітпе.
Жігітке жолдас болам деп –
Шалдығып жүрме дертке.
Сезіп қалса күйеуің –
Өміріңді өксітіп,
Кез боларсың өртке.
Абыройың төгілмес –
Қиянатты қылмайтын
Жолдас болсаң діні берікке.
Өлеңдетіп, ән салып,
Қыз күніңді еске алып,
Делебең қозып, ерікпе.
Ойын-той болса барам деп,
Не деп бармай қалам деп,
Орынсыз жерге желікпе.
Жұбайың жауап бермесе,
Барғанды мақұл көрмесе
Орынсыз босқа демікпе.
Білгеннің алмай ақылын,
Әдепсіз келін атанып,
Бағыңды бастан кемітпе.
Арасында екі үйдің
Жалаң аяқ жортақтап,
Әдетін қылма баланың.
Келмейді қайтып қуғанмен –
Қыз күндегі заманың.
Төңірегіңде тыңшы көп.
Жабылуы оңай жаланың.
Жеңілдік қылып желпінсең –
Көрмейді жақсы ағайын.
Ақылымды айтып жатырмын
Қалдырмай сөздің тамамын.
Айтпадың маған демессің,
Білмейтін жас емессің –
Бәрінен бар ғой хабарың.
Сөзден тағылым алмасаң,
Сөзіме құлақ, салмасаң –
Өзіңнің онда жаманың.
Жүрсең жолың жөн болып,
Оңына шықсын самалың.
Ұрпақ жайып, көбейіп.
Басыңда тұрсын қамалың.
Білгенге сөзім – насихат,
Ықыласпен келін тыңдаса.
Түсінбей, босқа терлетіп,
Еңбегімді еш қылмаса.
Құлақтың құрышы қанғандай
Сөз жүйесін келтірер
Бұл ақының шындаса.
Ер мақсатқа жете алмайд –
Толқыған көңіл тынбаса.
Бұл сөздің болды аяғы,
Айтатын менің алғысым –
Ұрпақтап, келін, мың жаса!..
Жұмыла жұртқа бір сәлем!

 




Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to Top ↑